Орал тұрғынына жол апатынан кейін жасөспірім қыз мүгедек болып қалғаны үшін жаңа үкім шықты. Апелляциялық шағым облыстық сотта қаралды. Ер адамның жазасы шартты жазадан ауыстырылып, моральдық шығынның өтемі екі есеге өсті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Astana арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Бұған дейін Оралда жаяу жүргіншілер өткелінде Қарақат есімді қызды ер адам қағып кетті. Салдарынан оның миы зақымдалып, қол-аяғы бірнеше жерінен сынған. Алайда 31 қаңтарда бірінші инстанциядағы сот апатқа кінәлі азаматты бір жарым жылға бас бостандығынан шектеу жазасына кесті. Мұндай шешім шығаруға оның жұмыс орнындағы мінез-құлығы мен бұрын сотталмаған екені әсер етіпті.

Мұндай жеңіл жазаға қыздың анасы келіспеген. Оның үстіне жол апаты кезінде жүргізуші есірткі қабылдаған. Ал енді жаңа үкім жарияланды.

“Қауіпсіздігі ең төмен қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтеп, 10 жыл көлік құралын басқару құқығынан айыра отырып, 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Ал өндірілген моральдық шығын көлемін 10 миллион теңгеге дейін көтерілсін”, – деп мәлімдеді Батыс Қазақстан облыстық сотының судьясы Айвар Бижанов. 

Жол апатынан кейін Қарақат алты айдан бері дәрменсіз күйде. Қыз қозғалмайды және сөйлемейді. Ол ұйықтау үшін дәрі қабылдауға мәжбүр.

“Әділетті шешім шығарған облыстық сотқа алғысымыз шексіз. Адам көлік тізгініне отырғанда жауапты болуы керек. Қазір біз үшін ең бастысы – Қарақаттың жазылып кеткені”, – деді жәбірленушінің анасы Дина Мусина.


Автор: Жанара Кенжебекова

Жанара — исследовательница культуры и традиций. Ее статьи поднимают важные темы многообразия культур Казахстана.