Дәрілер мен букмекерлік компаниялардың жарнамасына тыйым салу жобасынан соң қазақстандық медиа нарықтың дамуы тұралап қалуы мүмкін. Қазақстанның жетекші телеарналары кіретін Орталық Азия жарнама қауымдастығының мүшелері президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жазды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттiгi 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған үндеуге Орталық Азия жарнама қауымдастығының барлық мүшелері қол қойды. Бұл ұйымға еліміздің ірі телеарналары – КТК, Еуразия бірінші арнасы және т.б кіреді. Медиа-индустрия өкілдері букмекерлік компаниялар мен рецептсіз сатылатын дәрі-дәрмектерді жарнамалауға ішінара ғана шектеулер енгізуді ұсынып отыр, өйткені жарнамаға толық тыйым салу миллиардтаған доллар шығынға әкеледі. Бұқаралық ақпарат құралдары нарығының табысы үштен біріне қысқарады. Қызықты, сапалы тележобаларды шығаруға ақша болмайды.

“Олар енгізгісі келетін шектеулер, біздің ойымызша, қоғамға пайдалылық тұрғысынан мүлдем дұрыс бағаланбайды. Сондықтан біз сарапшылар мен медиа саласының мамандарын талқылауға шақырғымыз келеді. Шектеулердің пайдасын және олардың келтіретін зиянын таразылау керек”, – деді Орталық Азия жарнама қауымдастығының атқарушы директоры Анна Тюткова. 

Сарапшылар жасөспірімдерге әсер етпеу үшін түнде жарнамаға толық тыйым салуды ұсынып отыр. Табысқа бірден кенелу  немесе емделіп кету ақпараттарды шығармауды сұрайды.

“Бұл тұтыну көлеміне әсер ете ме? Жоқ, бұл қайта мән беруге әсер етеді. Олар фармацевттердің жарнамасына тыйым салуды айтуда. Фармацевтердің теледидарға жұмсаған осыншама ақшасы қайда кетеді? Енді олар интернетке жарнама береді немесе дәріханаға орналастырады. Дәріханадан теледидарда талай рет тексерілген, денсаулық сақтау министрлігі мен тиісті ведомстволар тексерген жарнаманы көрмейсіз. Ал сатушы "бұл дәрі жақсы, ал бұл жақсы емес" дейді. Дәрігерлердің өзі “жаман ба, жақсы ма, айту қиын” дей салады”, – деді "VI Kazakhstan" ЖШС бас директоры Илмурад Жұмаев. 

CARA сараптамалық кеңесінің мәліметі бойынша, букмекерлік компаниялар мен рецептсіз сатылатын дәрі-дәрмектерді жарнамалауға толық тыйым салынған жағдайда нарық жылына 25 миллиард теңгеге дейін шығынға ұшырайды. Бұл сөзсіз бүкіл медиа нарықтың тоқырауына әкеледі. 


Автор: Даулет Байгонусов

Даулет — природовед и путешественник. Его увлечение природой Казахстана и исследования вносят неповторимый вклад в наше издание.