Әйелі Салтанат Нүкенованы ұрып-өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі алқабилердің қатысуымен өтеді. Заңгерлердің бірі қоғамның назарында болуы тиіс істе алқабилер болуы керек десе, басқа тарап алқабилердің қатысуынсыз тек тәжірибелі судьяның шешімімен қаралғанын қалайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Алқабилер – жасы 25-тен асқан Қазақстан азаматтары. Оларға бірнеше талап қойылады. Алқаби мүшесі сотталмаған, есі сау, заң саласында жұмыс істемейтін адам болуы тиіс. Олар судьяға шешім шығаруға көмектеседі.

“Өлген адамды қайтара алмаймыз” деп салғырт қарайды

Желі белсендісі, "Қорғаудағы балалар" қорының басшысы Жанна Ахметова Facebook-парақшасында Бишімбаевтың соты алқабилердің қатысуымен өткеніне қарсы екенін айтты. Айтуынша, алқабилер заң саласына қатысы жоқ кез келген тұлғалар және олардың ойын өзгерту оңайға соғады. 

“Бұл – кездейсоқ таңдалған қазақстандық азаматтар. Олармен байланысқа шығуға болады. Бұл жұмысы үшін оларға, әрине, оларға тиын-тебен төленеді, оларды ешкім бақыламайды. Әрине, заң мен ережелер бар, бірақ біздің елде заңға кім құлақ асып жатыр?

150 мың жалақы алатын медбикені елестетіп көріңізші. Оның шамасы біздің денсаулық сақтау министріміз айтқан сөмкенің жартысын немесе көйлектің бір матасын алуға ғана жетеді. Медбике мұны үш баласына бір ай тамақ бермей, сол ақшаны жинаса ғана алуы мүмкін! Енді ол алқаби болып тағайындалған кезде оған "міне, үш миллионды ал, балаларыңды дұрыс тамақтандыр" дейді. Ол қандай шешім қабылдайды деп ойлайсыздар?”, – деді Ахметова.

2024 жылғы Қазақстан қалаларына арналған ораза кестесі жарияланды

Айтуынша, біздің қоғамда “өлген адамды, бәрібір қайтара алмаймыз” деп жылы жабу бар.

“Мысалы, ата-аналарының абайсыздығынан қайтыс болған балалардың ата-аналарына түсіністікпен, тым мейіріммен қарайды. Өрт кезінде қаза тапқан, қоқыс шұңқырларына батып кеткен немесе көп қабатты терезелерден құлаған кезде “ата-ана онсыз да қиналып жүр, тиіспейік, балаларды қайтара алмаймыз” деп өзімсінеді. Жағдайы төмен медбике тірі адам тіршілігін жасайды, өлген адамды қайтара алмаймыз деп, шешімге салғырт қарай салады. Ал өзгелердің не ойлайтыны оны алаңдатпайды”, – деді ол. 

Осылайша Жанна Ахметова резонансты істерді білікті судьяның өзі қарағанын қолдайды. 

“Алқабилер – халықтың адамдары”

Ал адвокат Альбина Бақтиярқызы, керісінше, резонансты істерде алқабилердің болғанын құп көреді. Айтуынша, халық осындай шулы істерді бақылап отыруы тиіс және солай араласқан кезде әділетсіздіктің алдын алады.

“Алқабилет соты” атты арнайы заң бар, олар арнайы мәртебеге ие. Олар “сатылып кетсе” немесе қате шешім шығарса, ол үшін жауапкершілік бар. Сондықтан олардың бәрін біліксіз немесе қате шешім шығарады деп айту дұрыс емес, әр жағдайды жеке қарастыруымыз керек. Алқаби сот барысында сұрақ қойып, дәлелдемелермен танысып, зерттей алады. Алқабилер – халықтың адамдары, демек оларға сену керек”, – деді Бақтиярқызы. 

Сөзінше, қылмыстық кодексте алқабилерге ықпал етуге болмайды деген арнайы бап та бар және алқабилердің бір-бірімен өзара таныс болуына және сотқа қатысушы басқа адамдардың алқабилермен қарым-қатынас жасауына тыйым салынады.

“Қоғамдағы сексисттік көзқарастағы адамдар істі күрделендіреді”

Заңгер Дайана Дүйсенбекова да алқабилердің сотта әділеттілікті қамтамасыз ететініне сенімді. Алайда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты істерде, соның ішінде экс-министр Бишімбаевтың ісінде алқабилердің болғанына теріс көзқараспен қарайды.

“Құқықтық нормаларды ескере отырып, алқабилердің шешімі эмоцияға негізделеді және оларды сатып алуға болады деген пікір абсолютты дұрыс деп ойламаймын. Себебі оның бәрі заңмен реттеледі. Бірақ қарапайым халықтың құқықтық сауаттылығының төмен екенін ескере отырып, мұндай істе бейтарап болады деп айту қиын. Сондай-ақ сексисттік көзқарастағы адамдардың көп болуы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты проблемаларды шешуді күрделендіреді”, – деді Дүйсенбекова.

Сөзінше, бұл істе нақтылық пен кәсібилік маңызды. 

“Қуандық Бишімбаевқа қатысты түрлі ақпараттық шабуылды, кей блогерлерге әсер еткенін көрдік. Ол экс-шенеунік болғандықтан, алқабилерге төнетін қысым бәрібір де болады деген пікірдемін. Аса ауыр қатыгездікпен әйелін өлтірді деген күдікке ілінгендіктен, бұл істі тек профессионал судья қарау керек деп ойлаймын, яғни тек осы іс алқабилерсіз өткені  дұрыс”, – деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен ұсталған. Кейіннен қылмысты жасырды деген айыппен Салтанат Нүкенова көз жұмған мейрамхананың директоры да тұтқындалды.

Бұған дейін Салтанат Нүкенованың жақындары оның отбасылық өмірі туралы айтып бергені туралы жазылған. 26 ақпанда оның ісі сотқа жіберілді.


Автор: Ербол Нурланов

Ербол — талантливый фотограф, зафиксировавший красоту природы и городской жизни Казахстана. Его работы придают нашим материалам визуальное великолепие.