Көне заманның кемеңгер ойшылы Саллюстийден жеткен бір сөз былай деп сыр шертеді



жүктеу 81.11 Kb.
Дата18.09.2017
өлшемі81.11 Kb.

ОЙШЫЛДЫҢ МӘҢГІ КӨКТЕМІ

Көне заманның кемеңгер ойшылы Саллюстийден жеткен бір сөз былай деп сыр шертеді:

«Өмір сүруге және өмірдің рахатын көруге лайықты бір адам бар. Ол өзінің алдына ізгі мақсат қойып, соның жолында өнегелі іс тындыратын немесе тереңнен ой толғап, артына сөз қалдыратын адам. Ал әркімнің нақты қандай қызметпен шұғылданатынын торабы тоқсан түрлі табиғаттың өзі айтып береді». Соңына өшпестей ойлы сөз қалдырған сондай асыл азаматтың бірі – Ақылбек Келбұғанов еді. «Егер Ақылбек қазір тірі болғанда, Қазақ елінің ең бірегей философтарының бірі болар еді», – деп ұстазымыз, философия ғылымдарының докторы, профессор Бекет Нұржановтың айтқаны біздің есімізде қалыпты.

Келбұғанов Ақылбек Жолмұхамбетұлы 1951 жылы 7 наурызда Семей облысы, Аягөз қаласында дүниеге келген. Әкесі Жолмұхамбет Келбұғанов Ұлы Отан соғысының ардагері, анасы – Кәмәрия Шәкәрімқызы үлкен отбасының ұйытқысы болыпты. Отбасында тоғыз ағайынды, әпкесі және жеті аға-інісі болған.

Ақылбек 1968 жылы Аягөз қаласындағы №243 орта мектепті күміс медальмен бітіреді. Мектепте, әсіресе, тарих, философия, әдебиетті сүйіп оқиды, көңілге тоқығандарын жазып-сызуға дағдыланады. 10-сыныпта татардың ұлы ақыны Мұса Жәлел шығармашылығы туралы баяндама жасап, соңын поэзияға ұластырыпты. Оның бұл қадамына «Өлең мені еркіндікке үйреткен» деген татар ақынының ұстанымы рухани ықпалын тигізгені байқалады.

Ой, сана – танымның белсенді элементтері. Тарихи сана деген – тарихи-философиялық білім сүзгіден өтіп, адам санасында жинақталған ой-пікір. Ал тарихи сана адамдарды алға жетелейді, өзін және ұлтын танып-білуге ықпал етіп отыратын тұрақты құрал. Ұлтын сүюге ынтықтық оны «Ұлы Қазан төңкерісіне» 50 жыл толуына орай ұйымдастырылған туған өлкені тану тақырыбындағы ұзақ мерзімді саяхат құрамында болуға нәсіп етеді. Экспедициялық топтың жұмысы Қазақстан Ғылым академиясы тарапынан өте жақсы бағаланады. 1968 жылы мектепті үздік бітірген Ақылбек Келбұғановқа аудандық партия комитеті мен аудандық комсомолы ұйымы П. Лумумба атындағы Мәскеу халықтар достығы универ­ситетіне оқуға жолдама береді. Алайда, Ақылбек 1968 жылы М.С. Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университеті (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті) тарих факультетінің «философия» мамандығы бойынша емтихан тапсырып, оқуға қабылданады. 17 жасар болашақ қазақ философы топтағы ең жас студент атанады. Белсенді студент Ақылбек Келбұғанов 1972 жылы Бакуде өткен Бүкілодақтық ғылыми-студенттік конференцияға қатысады. 1973 жылы ұстазы Ағын Қасымжановтың жетекшілігімен «Бейнелеу үдерісінде диалектиканы қолдану» атты дипломдық жұмысын қорғап шығады. Студенттік кезінен өзінің ғылым мен білімге бейімділігін танытқан ол «Философ, философия оқытушысы, қоғамтану маманы» ретінде оқуын үздік бітірген соң, 1973 жылы КСРО философтар қауымдастығының Қазақстан бөліміне мүшелікке қабылданады.

Алғашқы еңбек жолын 1973 жылы Қазақстан Ғылым академиясының Философия және құқық институтында лаборант, кіші ғылыми қызметкер ретінде бастайды. 1977 жылы Ағын Қасымжанов, Күләш Сатыбалдинамен бірге «Танымдағы шеңберлер» атты ұжымдық монографиясын жариялайды. 1976–1977 жылдар аралығында С.М. Киров атындағы ҚазМУ-дің философия және логика тарихы кафедрасына тәлімгер ретінде қабылданып, «Диалекти­каның пайда болу мәселелері ойлау формалары» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғайды. Философия және экономика факультетінің төменгі курстарына «Шетелдік марксизмге дейінгі философия тарихы» курсынан дәрістер оқиды. 1978 жылы аға оқытушы, Университет жас ғалымдар кеңесінің мүшесі, факультет жас ғалымдар кеңесінің жетекшісі болады.

1981 жылы ұстазы Ағын Қасымжановпен бірге «Ойлау мәдениеті туралы» атты кітабын жарыққа шығарып, доцент ғылыми атағына ие болады. Педагогқа оның тәжірибелік жұмысында философиялық ойлау мәдениетіне ие болудың маңызы зор. Оның маңыздылығы – аспектісінде болашақ тұлға қалыптастырудың ойлы мұраты жатыр. Оны еске сақтауды жад дейді. Ойлаудың да түрлі деңгейлері бар: ситуациялық ойлау деңгейі, ақылға қонымды ойлау деңгейі және ақыр соңында зерделі ойлау. Егер, бірінші және екінші деңгейін меңгеруде формалды логика мен психология бұл қабілетті дағдыландыру жөнінде нақты ұсыныстар бере алса, үшінші деңгейде жағдай әлдеқайда күрделі. Бұл деңгей адамның ақыл-санасының ең жоғары шарықтау шегімен түйіседі.

Сократ заманынан философияның негізгі міндеттерінің бірі проблемалар қою және шешу арқылы ойлау өнеріне үйрету көздейді. Түптеп келгенде, оған мұндай тәртіппен қарау – кез келген басқа да пән үшін заңдылық. Ағын Қасымжанов пен Ақылбек Келбұғановтың кітабы дәл осыған төтеп беретін проблемалық стильде жазылған бірден-бір еңбек болып табылады.

Ол «Білім» қоғамы Республикалық ұйымы аясындағы ғылыми-әдістемелік кеңестің мүшесі, «Білім» қоғамы Алматы ұйымының ревизиялық комиссия мүшесі, Университет Жас ғалымдар кеңесі төрағасының орынбасары қоғамдық жұмыстарын атқара жүріп, талай жасқа көмегін көрсете білді. 1981 жылдың 16 тамызы мен 1982 жылдың 14 мамыры аралығында Ақылбек тоғыз ай АҚШ-тың Колледж Парк қаласында орналасқан Мериленд университетінде ғылыми тағылымдамадан өтеді. Мериленд университетінде ғылыми тағылымдамада болған кезінде американдық газетке сұхбат беріп: «Менің философия тарихындағы міндетім – Батыс философиясының көптеген модификацияларын дәйектеу. Бұрын мен ежелгі, ортағасырлық және қазіргі заманғы философия тарихы курстарынан дәрістер оқыдым. АҚШ-қа келгелі американдық философияның дамуына байланысты ізденістер жүргізіп келемін. Еліме оралған кезде қазіргі заманғы американдық философияны зерттеймін», – деп атап көрсетеді.

Ол өз дәрістерінде ұлтымыздың ойлау жүйесіне анализ, синтез арқылы сараптан өткізілген логикалық тұжырым жасайды. Ұлттық философия дегеніміз – халықтың болмыс, тірлігінің айнасы, өмірінің өшпейтін ізі, ата-бабаларымыздың ұрпағына қалдырған өсиеті, естіге қалдырған естелігі, келешекке тағзым қағидасы. Ақылбек сыртта жүріп, халқының осы қағидасын түсіндіруден тайынбайды. Түйсігі бар адамға өз Отаның, өз еліңнен артық не бар! Ол үшін бақыт та, құрмет те осы. Ұлтына, жұртына адал қызмет ету ізгі ниеттен дегенді де біз осы ойдан іздегеніміз абзал.

Осы ғылыми іс-сапар туралы оның туған әпкесі Ләйлә Келбұғанова: «Ақылбек шетелге барған сапарында, философияға, білім, полиграфия салаларына қажетті кітаптарды өзімен бірге әкеліп жүрді.Соңғы сапарында Америкадан өзімен бірге әкеле жатқан құнды 57 кітапты КСРО кедені «өте құпия кітаптар» деген сылтаумен өткізбей қойыпты. Сол кезде Ақылбегім ол кітаптардың өзінің жеке басына берілмейтінін сезген соң, оларды Мәскеудегі Ленин атындағы кітапханаға емес, Қазақстанға, Қазақ Мемлекеттік университетінің ғылыми кітапханасына жолдауды табандап тұрып, талап еткен көрінеді. Алайда, кеден қызметкерлері, неге екені белгісіз, кітаптарды Алматыдағы Пушкин атындағы ғылыми-көпшілік кітапханасына жібереді. Алматыға келгеннен кейін, Ақылбек өзі жолдаған сол кітаптарға, ерекше рұқсатпен әрең қолы жетіп жүрді», – дейді.

Ақылбек Келбұғанов туралы шәкірті, философия ғылымдарының кандидаты, университеміздің доценті, елімізге белгілі киносыншы Олег Борецкий былай деп еске алады: Менің жолым болды. Жағдайымыздың осылайша тоғысуымен біздің кураторымыз Ақылбек Келбұғановтың ықпалы (біздің Алёшамыз, біз солай атайтынбыз) болды. Он жеті жасқа енді келген біз үшін мұнда тұрған еш ерекшелік жоқ сияқты еді, бірақ уақыт өте келе біз бәріміздің жолымыз болғанын түсіндік. Қасымжанов пен Келбұғанов бізге философияны тереңнен және нағыз мағынасында: ойлау туралы ғылым ретінде ашып берді. Ойлау мәдениеті өмір сүру үшін және жаңа дүние жасап шығару үшін оны түпкілікті меңгеру дұрыс болатынын көрсетіп берді».

Ақылбек Келбұғанов 1985-1986 оқу жылында философия және экономика факультеті деканының шетелдік студенттер бойынша орынбасары қызметімен қатар факультет деканы міндетін атқарды. 1983 жылы КСРО Жоғарғы аттестациялық комиссиясы доцент ғылыми дәрежесін берді. Америкада өткен ғылыми тағылым­дамадан соң студенттерге «Символикалық логика», «Неміс классикалық философиясы», «Қазіргі буржуазиялық философияға сын» оқу курстарын өткізді. Мамандығы бойынша «Философия тарихындағы ойлау мәдениеті мәселесі» тақырыбында докторлық диссертация жұмы­сының тақырыбын да бекіткен еді. Бірақ, ол осы жолдағы арманына жете алмады. Енді Ақылбек Келбұғанов тақырыбының шығармашылығы негізінде оны мақсат-мұратына жеткізу – қазіргі жас философ ғалымдарға қалған аманат. Қазақ философиясы топырағында «ойлау мәдениеті» тақырыбында із қалдырған Ағын Қасымжанов пен Ақылбек Келбұғановтың аталмыш еңбектері жалғастығының өзектілігі мен маңыздылығы қазіргі жаһандық заманда артып отыр.

Ақылбек Келбұғанов 1981 жылы жоғары ғылыми-өндірістік көрсеткіштері мен қоғамдық жұмыстары үшін ОК БЛКЖО-ның «Бес жылдықтың жас гвардияшысы» қола белгісімен, 1983–1984 жылдары Білім министрлігінің Құрмет грамоталарымен, ҚазМУ-ге 50 жыл толуына орай Құрмет грамотасымен, «Білім» қоғамы Республикалық ұйымының Құрмет грамотасымен марапатталды. 1981 – 1986 жылдар аралығында докторлық диссертация қорғау бойынша арнайы кеңестің ғалым хатшысы болды.

Жас қазақ философы 1986 жылы шет елге педагоги­калық жұмысқа шақыру алып, отбасымен 3 жыл Эфиопия астанасы Аддис-Абеба қаласында еңбек етті. Эфиопияның жоғары партия мектебінде философия, мәдениет тарихы, логика, әлеуметтік психология мен педагогика, мемлекет және құқық теориясы пәндерінен дәрістер оқыды.

Адамның ойлағаны бола берген бе? Тумысынан адал, туған елінің шынайы патриоты қазақ ойшылы Келбұғанов Ақылбек Жолмұхамбетұлы 1987 жылы 27 сәуірде Эфиопия астанасы Аддис-Абеба қаласында жол-көлік апатына ұшырайды. Барлығы аяқ астынан болады. Ол жүргізген көліктің дөңгелегі ыстықтан балқыған асфальтке жабысып, бағанаға барып соғылады. Емханаға жедел жеткізілген бойда алғашқы көмек көрсетіледі. Екі рет ота жасалады. Дегенмен, Аддис-Абеба дәрігерлерінің емі шипа болмай, ұшақпен Мәскеуге жөнелтіледі. Мұны естіген бойда адал досы Бекет Нұржанов Мәскеу қаласына университет ұжымы атынан самолетпен ұшып барады. Ағасы Төлеукен мен әпкесі Ләйлә да барады. Әйткенмен, 1987 жылы 25 мамырда ол небәрі 36 жасында дүниеден озады. Соңында аяулы жары Мәдина, қызы Әлия, ұлы Жолмұхамбет қалады.

Жаратылыстан дарыған жан тазалығын, ақылы мен жүрегін бірдей ұстаған қазақ философының қамшының сабындай ғұмыры мән мен маңызға толы еді.

Ақылбек Келбұғанов қатарластарының арасынан эрудициясы, өзінің білімпаздығымен ерекше көзге түсті. Өз ортасында ерте мойындалды. Аға буын Ақылбектен ерекше үміт күтті. Оның соңына жастар көптеп ілесті. Адамгершілігі жоғары болды. Оны, әсіресе, студенттер ерекше жақсы көрді. Ұстазды ақтық сапарға шығарып салғанда ҚазҰУ қалашығы, Алматы көшелері адамдарға толып кетіпті. Оның кубалық шәкірті Хорхе Ақылбек Келбұғанов қайтыс болғаннан кейін өмірге келген тұңғышының есімін оның құрметіне Алеша деп қойыпты.

Ол қайтыс болғаннан кейін оның әріптестері, достары, шәкірттері тарапынан оны мәңгілік есте қалдыру мақсатында бірнеше ұсыныстар болды. Олар біріншіден, оның жарияланған және жарияланбаған еңбектерін жинақтап кітап етіп шығару, университетте тұрақты түрде ғылыми оқулар ұйымдастыру, Ақылбек Келбұғанов атындағы стипендия тағайындау, өмір жолы, еңбектері және Америкадан әкелген кітаптары негізінде Ұлттық кітапханада кітаптар көрмесін өткізу, Келбұғанов оқулары еңбектерінің жинағын шығару, ғылыми еңбектерін жинақтап, қазақ тіліне аудару, Алматы қаласынан Ақылбек Келбұғановқа көше атын беру,Ұлттық университетте оның есіміндегі аудитория ашу. Әрине, бұл іске бастамашылық танытатындар қазірдің өзінде дайын.

2015 жылы Ақылбек Келбұғановтың отбасы өз аттарынан шәкіртақы тағайындады. Қазақ халқының философиялық мұрасы атты 20 томдықтың бір томында «Танымдағы шеңберлер» еңбегінен қазақ тіліне аударылған үзіндісі жарияланды. Әрине, бұлар аз.

Биыл университет деңгейінде ұстазымыз Ағын Қасымжановтың 85 жылдық мерейтойы аталып өткелі отыр. Егер оның шәкірті Ақылбек Келбұғанов тірі болғанда биыл ол да 65 жасқа толар еді. Осы орайда, тіршілігінде жұбы жазылмаған ұстаз бен шәкірт мерейтойы бірге тойланса, шығарма­шылықтары үндестік тапса деген үміт пен ниетіміз бар. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің баспасынан «Өнегелі өмір» сериясынан Ақылбек Келбұғановқа арналған кітабын әзірлеу, шығармаларының жинағын жарыққа шығаруды қолға алатын, университетіміздің кең, жарық аудиторияларының біріне ойшыл есімін беретін кез келді деп ойлаймыз.

Ойшылдың мәңгі көктемі. Ақылбек Келбұғанов ұлы бабамыз, адамзаттың екінші ұстазы атанған, ғұлама-ойшыл, философ Әбу Насыр әл-Фараби туралы жазған мақалаларының бірінің тақырыбын осылай атапты. Иә, философия ғылымына құнттап құнар құйған танымы мен талғамы биік ойшылдың мәңгі көктемін біз де көктем айында өзіне қайырдық.

 

Әсет ҚҰРАНБЕК,



философия ғылымдарының кандидаты,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің аға оқытушысы.

 

Самат ҚАЙРАТҰЛЫ,

философия магистрі, әл-Фараби орталығының қызметкері.

Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет