Digital Almaty 2024 форумы әлемнің түкпір-түкпірінен цифрлық даму саласындағы үздік жобаларды жинап, олардың көрмесін ұйымдастырды. Шетелден келген қонақтар өзара тәжірибе алмасып қазақстандық әріптестерінің қай бағытта үздік атанғанын айтып берді.

Ресей цифрлық даму министрі Максут Шадаев қазақстандық әріптестерінің әсіресе биометриялық тексеру жүйесін қолдануда алға озғанын атап өтіп, болашақта осы жүйені Ресейге көшіріп алуды жоспарлайтынын айтты.

“Қазақстанда цифрлық ID жүйесі жоғары деңгейде дамыған. Паспорт жүйесі толыққанды биометриялық тексеруге өткен цифрлық карталар бар. Осы жағынан Қазақстанда биометрия терең еніп кеткен. Сондай-ақ оны өзге де секторларда қолданып келеді. Мәселен, банк секторындағы үздік үлгісін көріп отырмыз. Болашақта өз ерекшеліктерімізге сай өзгертіп, осы жүйені көшіріп алуды жоспарлап отырмыз", – деді Ресей министрі.

Беларусь делегациясымен бірген келген Белтелеком компаниясының өкілі Елена Слабко Қазақстандағы телекоммуникация компанияларымен келісімге келудің орайы туғанын айтады.

"Форумның бізге берген басты мүмкіндігі өзіміздің қазақстандық әріптестерімізбен кездесіп, олардың 5G технологиясын енгізу саласындағы тәжірибесімен танысу болды. Қазіргі таңда Қазақстан осы бағытта үздік жобалар жасап келеді", — деді ол.

Бұдан бөлек, ол Қазақстандағы цифрлық үкіметтің бірнеше жыл ішінде дамып кеткеніне таңғалғанын айтады. Беларусьтің қазір қазақстандық тәжірибеге мұқият қарап отырғанын атап өтті.

Қазақстандағы цифрлық үкімет жобасының артықшылықтарын Тәжікстан Республикасы үкіметі жанындағы байланыс қызметі басшысының орынбасары Илхомджон Атоев та атап өтті. Оның айтуынша, 2023 жылдан бері Қазақстанның цифрлық даму министрлігі Тәжікстанға электронды үкімет жобасын жүзеге асыру бойынша көмек көрсетіп келеді. Тәжік тарапы осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыруға мүдделі екенін айтты.

Форум барысында Қырғызстан мен Қазақстан арасында цифрлық даму саласында өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Қырғызстан цифрлық даму министрі Нурия Кутнаев екі ел арасында цифрлық қолтаңбаларды өзара жүйелеу керек екенін атап өтті. Осылайша екі ел азаматтарының құжат алу процесстері жеңілдейтінін айтады.

Қырғызстаннан келген делегация мүшесі MyStory стартапының CEO директоры Айтемір Мудинов Digital Almaty форумына екінші рет қатысып отырғанын сөз етті. Ол былтырғы форумнан кейін жаңа жоба бастауға шабыт алып қайтқан. Биылдан бастап жасанды интеллект көмегімен жазылатын MyStory ертегілерін жарыққа шығара бастаған.

"Былтыр осы форумға келіп, жасанды интеллект туралы көп естігеннен кейін оның көмегімен жоба жасап көргім келді. Осы жобаны биыл форумда таныстырып отырмын. Бұл балаларға психологиялық қолдау көрсетуге арналған ертегі кітаптар жинағы. Оны кез келген тілде шығаруға болады. Егер тапсырыс берсеңіз, сіздің жеке оқиғаңызды жасанды интеллект көмегімен баяндап, қалаған тіліңізге аударып, кітап түрінде шығарып береміз", — деді ол.

1-3 ақпан аралығында Алматыда "Digital Almaty 2024: X индустриясы – болашақтың цифрлық эволюция" дәстүрлі форумы өтіп жатыр. Оған алыс-жақын шетелдің ресми өкілдерімен қатар, шетелдік және қазақстандық компаниялар қатысуда. Делегаттар Ресей, Қытай, Үндістан, Сингапур, Того және өзге де елдерден келген. Форум барысында шетелдік және қазақстандық әртүрлі бағыттағы компаниялардың көрмесіне келіп, олардың жобаларымен танысуға болады.


Автор: Гульжан Оразбаева

Гульжан — исследовательница жизни и достижений знаменитых личностей Казахстана. Ее статьи позволяют читателям взглянуть на страну через призму вкладов ее ярких представителей.