Нұргүл Бекова үш баланың анасы, шағын дүкен иесі. Біз оны сөзге тартып, үй маңында дүкен ашудың қиын тұстары, сауда саласында бизнесті бастаудың қыр-сыры, жұмыс пен отбасын қатар алып жүру жайлы әңгімелестік.

– Жеке кәсіппен айналысуыңызға не түрткі болды?

Осыдан бес жыл бұрын кәсіпкерлікпен айналысу ойы туындады. Әйел болған соң, киім-кешек дүкенін немесе сұлулық салонын ашуды көздедім, алайда жолдасыммен ақылдаса келе, азық-түлік дүкенін ашқан дұрыс деп шештім. Себебі тамаққа деген сұраныс әрдайым жоғары.

Жолдасым дүниеден өткенде, бұл істі өз қолыма алдым: күйеуімнің достарымен бірігіп, ғимаратты жөндедім, керек жабдықтарды сатып алдым. Бірақ тауарға ақшам жетпей қалды.

Сол кезде Solva-ға хабарластым. Ұнағаны өтініш онлайн дереу қабылданады,  бұл өте ыңғайлы. Анықтамаларды жинап кеңсеге барудың қажеті жоқ. Құжаттарым әп-сәтте тексеріліп, өтінішім қабылданғаннан кейін, тауар сатып алуға мүмкіндік алдым.

– Кәсіпкерлік жолында қандай қиындықтар туындады?

Пандемия кезінде дүкендердің көбі жабылып қалса да, біз дүкеніміз орналасқан үйдің тұрғындарын азық-түлікпен қамтамасыз етуді тоқтатпадық. Қаңтар оқиғасы кезінде де жұмысты жалғастырдық: дүкенге тауарды өзім тасып жүрдім. Жағдай қиын болғанымен, адамдар келуін тоқтатпады. Сол себепті саудамызды тастап кете алмадық.

Көпшілік үй маңайындағы дүкенді ұстап тұру еш қиын емес деп ойлайды, солай ма?

Бұл кәсіпті жүргізу көпшілік ойлағандай оңай емес. Кейбір жағдайларда табандылық,  қаталдық,  талапшылдық таныту керек. Өзіңді алдауға жол бермеген абзал. Кабинетте отырып атқаратын жұмыс емес, тауар тасимыз, оны орындарына жайғастырамыз, дүкенді жуып жинаймыз. Кейде тауар тасудан жалығып, қарыздарды жабудан шаршаған кездерім де болып тұрады. Дегенмен клиенттеріммен тілдескенде, балаларымның тамақтары тоқ, киімдері бүтін екенін көргенде шаршағаным басылады. Бұл маған жеке кәсіп ашу дұрыс шешім болғанын дәлелдейді. Тыңбай еңбек ету керек, табыс – әрекет жасағанның қолында.

Бұған қоса, дүкенді жалға алу, электр мен коммуналдық қызмет төлемі, қоқыс шығару ақысы тұрғын үй пәтерлеріне қарағанда әлдеқайда жоғары екенін атап айту керек.

Сонымен қатар кәсіпті адал жүргізіп, заңды бұзбау үшін салық бойынша енгізілетін жаңа ережелерді үнемі қадағалап, зерттеу қажет.

Дүкен ашуға ыңғайлы ғимаратты қалай таңдаған жөн?

Дүкенді жер үйлердің маңайында емес, тұрғын үй кешендері, көпқабатты үйлердің жанынан ашқан дұрыс. Аталған жерлерде сауда орындары көп болғанымен, әрқайсысының өз сатып алушысы болады. Жақын маңда супермаркет желісі болса да, адамдар ұсақ-түйекті бәрібір үйдің қасындағы дүкендерден сатып алады. Жер үй жақта дүкен ашу табыс әкелмейді. Себебі тұрғын саны аз. Салыстыратын болсақ, қарапайым бес қабатты үйдің өзінде адам саны айтарлықтай көп болады.

– Ғимаратты іске қосу үшін қандай әрекет ету керек?

Бастапқыда біз таңдаған орын кеңсе болатын, оны дүкенге бейімдеп, жабдықтадық. Бұған қоса баспалдақтар мен терезелерді жөндедік. Содан кейін дүкенге керек-жарақты, тоңазытқыштарды әкелдік. Алғашқы кезде тауар беретіндердің тоңазытқыштарын қолданған жөн. Ісіңіз табыс бере бастаған кезде өз жабдықтарыңызды сатып алған дұрыс. Ешкімге тәуелді болмайсыз, қалаған тауарыңызды тоңазытқышқа сала аласыз. Әйтпесе, тауар жеткізушілерден алған жабдықтардың ішінде тек солардан сатып алынған өнім тұруы шарт.

Тауарды сатып алғанда және дүкенге қандай өнім керектігін анықтағанда нені білген абзал?

Мысалы, сүт өнімдері сияқты тез бұзылатын тауарды шектеулі көлемде алған дұрыс. Бастапқыда клиенттердің сұранысына қарай әртүрлі тауарларды аз көлемде сатып алып, қайсысы өтімді болатынын жіті бақылаған жөн. Өнімді қайтару немесе ауыстыру мәселесі жайлы тауар жеткізушілерімен алдын ала келісіп алу қажет. Бұл мерзімі өтіп кеткен тауарды ауыстыру үшін ыңғайлы.

Алғашқыда су, нан, темекі, сүт сияқты ең қажетті тауарды сатудан бастаған дұрыс. Дүкеніміз орналасқан ғимаратта кеңселер көп болғандықтан, біз ыстық тағамдарды да сатамыз. Егер де дүкен тұрғын үйде орналасқан болса, онда ыстық тамақ өтпейді. Себебі әркім өз үйінде тамақ жасайды.

Тез бұзылатын тауардың үстеме бағасы жоғары болмауы тиіс: мұндай өнім тез сатылуы керек. Мысалы, жаңа піскен нан өнімдері ертең балғындығын жоғалтады.

Дәл жаныңызда орналасқан бірнеше дүкенмен қалай бәсекелесуге болады?

Өзгелерден ерекшелену керек. Жаныңыздағы бәсекелестерде жоқ тауарды сату қажет. Мысалы, бізде дайын ыстық тамақ, жаңа піскен нан өнімдерін сатып ала аласыз. Мақсатыңыз – баю емес, клиенттердің көңілінен шығу. Сатып алушылардың тілін табыңыз, келген сайын көтеріңкі көңіл күй сыйлаңыз, ұтылмайсыз.

Бизнесіңіз қашаннан бастап табыс әкеле бастады?

Шамамен бір жылдан кейін. 3-6 айда түскен қаражатты арттыра алсаңыз, ары қарай табыс түсе бастайды.

Қызметкерлеріңіз бар ма? Дүкенге персонал табу қиын ба?

Дүкенде төрт адам жұмыс істейді: мен, анам және екі сатушы. Анам да өзім сияқты бухгалтер, есеп-қисаппен көмектеседі. Дүкенді өзіміз жуып жинаймыз.

Қызметкерлерді жұмысқа алу – өте күрделі мәселе, сатушыларды негізінен OLX арқылы іздейміз, бес жылдың ішінде көбін ауыстырдық. Алдайтындармен де, адамдармен дөрекі сөйлесетіндермен де бірден қоштасамыз. Жұмысқа аларда оның  жұмысты қаншалықты жиі ауыстыратынына мән беріңіз.

Үш баланың анасысыз. Бизнес пен отбасын қалай қатар алып жүрсіз?

“Жұмыс жұмыс” деп отбасыға көңіл бөлмеуге болмайды. Демалыс күндерімді әрдайым балаларыммен өткіземін. Қызметкерлерім, анашым бұл жағдайда маған түсіністікпен қарап, қолдап отырады. Жеке кәсіпте қолдау көрсететін көмекшілеріңіз болмаса, қиналып қаласыз.

Жеке ісін бастағысы келетіндерге қандай кеңес бересіз?

Ең бастысы қандай іспен айналысатыныңызды анықтап алған жөн. Егер жеке кәсіппен айналысамын десеңіз, өзіңізге өзіңіз шектеу қоймаңыз, өйткені дәл қазір бизнесті ашуға көптеген мүмкіндіктер қарастырылған. Одан еш нәрсе шықпаса, мұңаймаңыз: бұл – тәжірибе. Өз күшіңізді басқа бір істе сынап көріңіз.

Басқа кәсіпкерлер жайында оқу

Solva-дан бизнесті дамыту үшін қаржыландыруды қалай алуға болатынын біліңіз


Автор: Айгерим Жумабаева

Айгерим — опытный редактор с богатым опытом в изучении и письме о культуре и истории. Ее страсть к языкам и письму помогает создавать увлекательные тексты.