Қарағандының қорғаншылық және қамқоршылық бөлімі баланы суық күні бірге тұрғын үйдің кіреберісінің жанында көшеге тастап кеткен 22 жастағы анасына қайтаруы мүмкін екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Патриот Telegram-арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Қазіргі таңда суық күні өз сәбиін далаға тастаған 22 жастағы келіншекке қатысты тергеу жүргізіліп жатыр.

"Нәрестенің 22 жастағы анасының психикалық жағдайына қатысты сараптама жүргізілуде. Егер оның сол кезде өз-өзін ұстай алмай немесе күшті психотроптық дәрі ішкені, баладан құтылсын деп біреу қандай да бір қысым жасағаны анықталса, онда баланы оған қайтаруға болады. Немесе оның ата-ана құқығын шектей алады. Әзірге оның әрекетіне құқықтық баға берілген жоқ. Ал сәбиді әдейі тастап кетіп, баланы көргісі келмей, өсіргісі келмесе, онда оған сәби берілмейді. Ол нәрестелер үйіне ауыстырылады. Есейген соң балалар үйіне ауыстырылады", – деп хабарлады Қарағанды ​​қалалық білім бөлімінің қорғаншылық және қамқоршылық бөлімі.

Балаға жетім немесе бас тартылған бала мәртебесі берілсе, оны басқа азаматтар асырап ала алады. Ал әзірге оған ондай мәртебе берілмегендіктен, оны асырап алуға болатын үміткер ретінде қарастыруға болмайды. 

2 апталық бала қазір балалар ауруханасында.

22 жастағы келіншек пен 29 жастағы ер адамға қатысты "балаға қауіп төндіру" бабы бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр.

Ер адамның өз отбасысы, балалары бар екен. Ол 22 жастағы қызбен сырттан көңіл қосып жүріпті. 

Еске сала кетейік, 24 ақпан күні кешкі сағат 10:00-да Қарағандыда көпқабатты үйдің кіреберісі маңында жерде көрпеге оралған сәби табылған еді. Полиция 28 ақпанда сәбидің 22 жастағы анасы мен 29 жастағы әкесін ұстағанын хабарлады. Кейін баланы тастаған көңілдестер туралы деректер пайда болды. 


Автор: Даулет Байгонусов

Даулет — природовед и путешественник. Его увлечение природой Казахстана и исследования вносят неповторимый вклад в наше издание.