Латын әліпбиі туралы мәселе өркениет талабы



жүктеу 92.46 Kb.
Дата23.02.2018
өлшемі92.46 Kb.

ЛАТЫН ӘЛІПБИІ ТУРАЛЫ МӘСЕЛЕ - ӨРКЕНИЕТ ТАЛАБЫ

Қанша уақыт өтсе де ескірмеген Кабуснамада: «Егер мәрттік пен жомарттық жолында жүрмек болсаң, әр уақытта үш нәрседен сақтанғайсың: көзді – жаман назардан, қолды – жаман істен, тілді – жаман сөзден» делінген. Көз, қол және тіл. Бұған қарап, тіл – адамзат тірегі, тіл – құбылыс, тіл – ауадай аса қажет дүние екенін түсінесіз. Тағы тіл – тозбайды. Осы орайда, қазақ тілі – ұлттың рухани байлығы, атадан балаға, ұрпақтан-ұрпаққа мирас боп қалып отырған асыл мұра. Мағжан Жұмабаев: «Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмақ емес, бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмыс тіршілігі, мінезі айқын көрініп тұрады», – деген сөзіне бір нәрсе алып қосу артықтау. Сонау бір ғасырдағы: «Қазақты Қазақ еткен мейірімді тілі» өлшемі – өскелең ұрпаққа үлгі. Қазақ тілі – қазына, қазақ тілі – көңілдің көлі. Тіліміздің шырыны – бабалар өсиеті. Ал, өсиет өміршең болғандықтан да, «суға салса батпайтын, отқа салса жанбайтын», қатты ағысқа ақпайтын, мәңгілік мән-мағынасын, бояуын сақтайтын, ойлы адам сүйсіне жаттайын дүние. Қарын – тоқ, киім – бүтін, ұйқы – тыныш заманда өмір сүріп отырғанымызбен, рух, жігер, қажыр-қайрат, ар-ождан, намыс жетіңкіремей жүргені де ақиқат. Ұлт Тәуелсіздігінің ең басты белгісі – ана тілі. Демек, тілі мен мәдениетін жоғалтқан ел өз алдына мемлекет боп өмір сүре алмақ емес. Жалпақ Жаһанды мекен еткен дүйім ұлт-ұлыс үшін ең қымбат нәрсе – тіл болғандықтан, оны сақтап қалу, ол үшін күресу Ғазірейілдің адам алдына келгендегі соңғы сәтіндей өте маңызды да, мазмұнды болмақ. Бір жас жігіт Ж.Аймауытовтан тіл жөнінде сұрағанында алысқа қарап отырған күйі: «Ана тілі – жүректің терең сырларын, басынан кешкен дәуірлерін, қысқасы жанның барлық толқындарын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, сақтап отыратын қазына» – деп толғана жауап қатқан екен. Бүгіндері, XXI ғасырда тіл тек «қарым-қатынас құралы» ғана емес, ол адам тыныс-тіршілігінің маңызды бөлшегіне, компонентіне айналған. Өйткені, ол мәдениет пен мәдениетті, өркениет пен өркениетті байланыстырып тұратын алтын көпір. Ғұмырында бәзбіреу орынсыз айтылған жалғыз ауыз сөзінен опық жеп, әлгі өкініші өмірбақи өзегін өртесе, енді біреу тауып айтқан бір ғана сөзі оны бақытты еткен ғажап сәттер аз емес. Тауды жарып аққан бұлақтың тұнығын да, ана сүтінің иісін де, сұлудың жымиысын да, жұмақтың жұпарын да, зеңгір Көктің көз тоймас ғажабын да, киелі де қасиетті жердің белгі-таңбалары мен санадағы сөз-сөйлем күйінде қалыптана құйылған ой ағысын да өз тіліңнің табиғаты негізінде ұғып, өз тіліңнің жаратылысы арқылы тани алудан асқан қуаныш болмауға тиіс. XI ғасырда Қашқари аузымен айтылған «тәрбие басы – тіл» ұғымы өз өзектілігін әлі де жойған жоқ. Біздер, түркілер, соның ішінде қазақ та бірнеше жазу түрін бастан өткерген халықпыз. Сонау көнетүркілік – руна, сына жазуынан бастап, манихей, соғды, ұйғыр жазбаларын айтпағанның өзінде соңғы 100 жылдың ішінде араб, латын, кирилл қаріптерін тұтынып келдік. Міне, бүгін тағы да алдымызда латын жазуына көшу міндеті тұр. Жаңа жазуға көшудің жағымды да жақсы тұстары аз айтылып жүрген жоқ. Қолданыстағы жазуымызды латын жазуына ауыстырудың қаншалықты мән-маңызы терең екендігі, оның ұтымды жақтары, қазіргі ағылшынтілді ұрпақтың бұл жазуды ешбір жатырқамайтыны жеткілікті айтылып жатыр. Латын әліпбиіне көшу қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін көтере түседі деп күтілуде. Сонымен қатар, осынау жазу түріне екінші рет қайырыла оралуымыздың да ұтымды жақтары бар екенін ескеруіміз керек. Өйткені, 1929 жылы тұңғыш рет осы бір жазу түріне ауысу кезінде әлгі әліпбидің төл тіліміздің табиғатына, даму заңдылығына, фонетикалық жүйесі һәм грамматикалық құрылысына лайықталу, жақындата түсу жағы нағыз ел жанашырларының тарапынан жан-жақты, әрі терең талданып берілген-тін. Кейін еделдете-жеделдете кирилл қарпіне өткенде бұрнағыда ескерілмей, елеусіздеу қалған осындай олқылықтардың орнын толтырудың сәті енді ғана түсіп тұрғаны да ақиқат. Себебі, көбіне-көп тілші-ғалымдарымыз латынға көшудің басты жетістігі ретінде кирилл жазуы арқылы келген тіліміздегі орыс тілі заңдылықтарынан құтылатындығымызды қуана-қуана айтып жүр.

Шынтуайтына келгенде, біздің жазу ережелерімізді орыстандырған кирилл жазуын қабылдаудың салдары емес, керісінше кирилл жазуын барынша қазақыландыра қабылдай алмауымыздан болып отыр дегім келеді. Олай болса, біз латынға қайта соққанда, ол жазуды қазақыландыра отырып қабылдамасақ, жазуды ауыстырғаннан ешқандай пайда жоқ екенін түсінуіміз керек секілді. Бұған қоса, ең бір көңіл қуантарлығы – латын әліпбиіне көшу арқылы Тәуелсіз Қазақ елінің Түбі бір Түрік әлемімен байланысы артып, қарым-қатынасы күшейе түседі деген зор үміт-дәменің де бар екенін мойындауымыз қажет-ақ. Тағы, шетелде тұратын қандас-бауырларымыз үшін өз Отанымен қарым-қатынас жасауы да жеңілдер еді деген ойлар да жиі-жиі айтылып келеді. Ешбір талас туғыза қоймайтын тағы бір дәлеліміз, ақпарат және телекоммуникация саласындағы қолжетімділік арта түседі. Бұл арада, ең бастысы – латын қарпін тұтыну дегеніміз ағылшын әліпбиінің негізі екендігін ескергеніміз жөн. Ал, ағылшын тілі болса, ол ең ірі халықаралық тіл болып саналатынын айтудың өзі артық шығар, сірә. Жаһан халқының басым бөлігі латын әрпін қолданып жүргені белгілі. Деректерге сүйене айтар болсақ, Жер-жүзіндегі адам санының үштен екі бөлігі аталмыш жазуды пайдаланады екен. Тіпті, қытай, жапон, корей халықтары латын әліпбиінің барлық мүмкіндік-артықшылықтарын ескере келе, өз жазуларына лайықталған қосалқы қорын дайындап, қолданысқа енгіздіріп те жібергенін естіп жүрміз. Міне, қарап отырсақ, латынға ауысудың артықшылықтары мен кемшіліктерін қатар қойып таразылаған сайын ұтымды, мықты, оңтайлы тұстарының басымдау екенін байқаймыз. Дегенмен де, жоғалтарымыз да аздау еместей көрінеді, маған. Расында да, тауарих-тарихы сан ғасырды қамти түскен төл жазба-жазуы бар ұлт-ұлыстың өркениеттің қақ төрінен орын алып отырғанын да көз көріп жүр. Айталық, Әлемде дамыған әрі өркениетті елге айналып үлгерген Ұлыбритания, Қытай, Корея, Жапония сықылды елдердің қай-қайсысының да жазу тарихы қаншалаған жылдарды қамтиды. Демек, қазіргі өскелең ұрпақ өз елінің неше мың жылдық жазба құндылықтарымен сусындап өскен өрендердің өкілдері. Сол себепті, бұл елдердің рухани тұғыры мығым да орнықты. Ал, өзге елдің жазу үлгісін пайдаланатын елдердің сол елдің мәдени әсеріне, «мәдени ассимиляцияға» ұшырау қаупінің бар екенін тілші-ғалымдар, мәдениеттанушылар, әлеуметтанушылар, қаламгерлер, философтар жоққа шығармауда. Ондай маңызды дүниені қаперге алмасақ, бастан өткен қателіктерден сабақ алмасақ, тағы да ұтыларымыз анық. Академик Л.В.Щерба: «Тіл – қарым-қатынас жасауда әлеуметтік сыпаты басым қоғамды біріктіруші ірі құбылыс» екендігін тілге тиек етіп, «жазудың маңыздылығы одан да жоғары» болатындығын ерекше ескерткен-ді [1, 33]. Бұл сөзімізге дәлелді көптеп келтіре аламыз. Мәселен, бірін-бірі түсіне бермейтін қытайлардың ортақ тілі емес, ортақ жазуы біртұтас ел есебінде тұтастырып, бірегейлендіріп отыр.

Кезінде, сонау бір 1926 жылғы Әзірбайжан астанасы – Баку шаһар-кентінде өткен Түркология сьездінің өзінде татар ғалымы Ғалымжан Шараф: «Араб жазуынан латын жазуына ауысудағы басты қатер – араб жазуындағы мәдени құндылықтарымыздан қол үзіп қалу қаупі бар» екендігін айтқан екен [2, 30]. Ғұлама ғалымның айтқан қаупінің орынды екендігін уақыт таразысы дәлеледеп те берді емес?! Бүгінде бірнеше ғасыр қолданылған араб жазуымен хатқа түскен жәдігерлердің барлығы дерлік көпшілік оқылу мүмкіндігінен айырылып, тек архив-мұрағат жағалаған аздаған доктор, профессор, академиктердің ғана рухани меншігіне айналғанының куәсі болып отырмыз. Ең қиыны сонда – еліміздің даму тарихындағы XX ғасыр қорындағы кирилл жазуымен дүниеге келген миллиондаған жазбаларымыз да болашақ ұрпақ үшін беймәлім болып қалайын деп тұр. Әліпбиді ауыстырумен қоса, сөз жоқ, мәдениет пен ғылымның түрлі салаларындағы қол жеткізген жетістіктеріміздің құндылығы көлеңкеде қалып қоюы әбден мүмкін. Әрбір жазу ауысуымен бірге, сол ауысып, ұмытылған ескі жазумен бірге ұлтымыздың әлгіндей мәдени мұраларымыз да бірге көңілден көшіп, арғымақ-уақыт алға озған сайын ұмытыла бастайтыны айтпаса да анық нәрсе.

Ендеше, бұл жолы жазуымызды ауыстыра отырып, сол құндылықтарымызды сақтап қалудың жаңа жолдарын қарастыруымыз қажет. Мәселенки, Совет өкіметі кезінде араб жазуынан латынға, соңыра кирилл жазуына көшуде біз өте үлкен қателіктерге жол бердік деп ойлаймын. Жаңа жазуға ауысу арқылы біз – қазақтар, жалпы түркі жұрты ескі жазуды ұмыттық. Біз жазуға ауысу арқылы сана да ауысатынын ескермедік. Соның негізінде тарихи тамырымызға балта шабылды. Бұл – ащы шындық. Тарихтан да көп дүние үйреніп, сабақ алсақ екен. Бұл қателіктің орны оңайлықпен толмасы белгілі. Демек, осынау қателігімізден қорытынды шығаруымыз керек. Енді не істемек керек?! Біз, енді, советтік-тоталитарлық дәуірдегі қол жеткізлген құндылықтарымыздың келесі ұрпақ үшін жұмбаққа, құпия-сырға айналмауының алдын алуымыз қажет. Ол үшін, жаңа жазуды қабылдай отырып, ескі жазуды да ұмытпауға барынша күш салсақ екен, шіркін. Біздіңше, бұл – ұлт үшін, қазақ ұлты үшін үлкен меже!.. Бұл тұстан жаңылып, сүрінуге қақымыз жоқ. Қазіргі жаңа технологиялар мен ақпараттық замандағы адамбаласының даму деңгейінде 2-3 жазу тарихын меңгеріп шығу аса бір қиындық келтірмейтін шығар деген ойдамыз. Оған бүгінгі білімді, білікті, жан-жақты кісілер үшін толық мүмкіндік бар және бүкіл жағдай жасалған. Еліміз үш тілде білім беруді қолға алып отыр. Ендеше, келешек орыс тілінде жүргізілетін пәндер үшін де кирилл әрпі сақталатыны сөзсіз. Өтпелі кезеңде бұл заңды болып көрінгенімен, келешек 50-60 жылдан соң, тіпті, бір ғасырдан кейін не боларын да ойлап қойғанымыз жөн. Яғни, заман ағымының өзі бізді латын жазуына ауыса отырып, кирилл жазуынан да, араб жазуының жұмбаққа айналдырып алмау қажеттігін көрсетіп отырғандай. Болашақ қазақ жастары латын қарпін қолдана отыра, кирилл, тіпті араб жазуын да толық оқи алу қабілетін сақтап қалса, нұр үстіне нұр болар еді.



Таяуда ғана, Елбасы – Н.Ә.Назарбаев мемлекеттік тілді латын жазуына көшіру жөнінде құрылған жұмыс тобының мүшелерімен кездескенін білесіздер. Топ жетекшілері Мемлекет басшысына қоғамдық талқылау барысында келіп түскен ұсыныстарды ескере отырып әзірленген әліпби жобасын таныстырды. Су жаңа әліпбидің екі нұсқасын көрдік. Екеуінің ортақ тұсы – бәрі таза латын алфавитіне негізделген. Айырмашылығы бірі апостроф, үтір, ноқаттар қолданса, бірі дифграфтар арқылы жазбақ. Бірінші филологтарға, тілшілерге ыңғайлы, екіншісі программистерге қолайлы. Бірақ екеуі де қаймана қазаққа ыңғайлы емес. Қазақ әліпбиінің Парламент ұсынған нұсқасының артықшылығы – компьютерде қолдануға жеңілдеу. Ал, ең басты кемшілігі – «бір дыбыс – бір әріп» ұстанымы сақталмағандығы. Соңғы нұсқа сәл тәуірлеу сықылды. Бірақ апострофтардың көптігі көз сүріндіреді. Егер мүмкіндік болса, диграфты да, тырнақша мен апострофты да азайтқан жөн. Өйткені, қазақтың біртуар азаматы, Алаш қайраткері, жазушы, ақын, ұлы ғалым Ахмет Байтұрсынұлы өсиет еткен «алты талапқа» сай болуымен ерекшеленетін жоба әзірше ұсынылмай отыр. Біздіңше, тіл бәріне ұғынықты болуы керек. Әлемге өз үстемдігін жүргізіп отырған «Қызыл айдаһар» – Қытайда елу мың иероглиф бар, ал жапон алфавиті хирагана және катакана болып екіге бөлінеді. Хирагана қытай иероглифтерінің бәрін сіңірген. Катакана жаңадан келетін кірме сөздерді жазуға арналған. Бұдан шығатын қорытынды, латын әрпіне көшер кезде ұлттың ұғымына сәйкес келмейтін немесе түсінуге, жазуға қиын түсетін жерлеріне сақ болған жөн. Латынға көшу тек қана латын әрпін қолдану керек деген сөз емес. Барлық дыбыстарды 27 әріпке сыйғызу – зорлық. Бәрібір қосымша әріптер енгізілу керек. Біздіңше, латын алфавитіне негізделген қазақ алфавитінде елдің төл дыбыстарына үстемдік берілуі тиіс. Біз кириллицадан көп зиян шектік деп кім айта алады?! Ешкім!.. Кирилицаға негізделген қазақ қарпінде жазылған орасан зор әдебиет, ғылыми еңбек, тарихи, мәдени мұра бар. Қазақ классиктерінің барлығы дерлік (хакім Абайдан бөлек) кириллицада жазғанын білеміз. Біз кирилицаға рахмет айта отыра, оның да тиімді жағын «арсеналға» алғанымыз дұрыс деп санаймын. Бұл бағытта 1930-шы жылдары қазақ зиялы-оқығандары жасаған, түзген латын-кирилицаға негізделген қазақ әріптерін де жаңғыртқанымыз жөн. Бұнда кейбір ағылшын дыбыстары, мысалы «w» сыртта қалғандай көрінуі бек мүмкін. Дегенмен де, бұған біз қатты қапаланбауымыз керек. Біздің мәселе, қазақ дыбыстарына латын әріптерімен бірге өрнектей өру ғана. Артық әріптер қазақ әліпбиіне кедергі келтірмейді. Керісінше қазақ алфавитінде ағылшынша жазуға мүмкіндік туғызады. Бұл қаріптің артықшылығы шрифтты бір-ақ рет ауыстырасыз. Мәселен, қазақ клавиатурасында қазақ тілінде өлең жаздыңыз. Сонан соң қиялыңызға математика келе қалды, сол шрифте формулалар жаздыңыз. Біраздын соң ағылшын тіліңде ой келе қалды делік, онда да шрифті ауыстырып әуре болмайсыз. Шабытытыңызға шабыт қосылып, тап-таза шығармашылықпен айналысасыз. Клавиатура сіздің астыңыздағы атыңызға емес, қанатты Пыраққа айналады. Себебі, бұл алфавит ағылшын алфавитімен жақсы ұйқасқан. Бұл клавиатурада қазақша да, ағылшынша да емін-еркін жаза бересіз. Латын әріптерін сол күйі қалдырып, қазақтың төл әріптерін клавиатураға қоссақ, біз ұтылмаймыз деп ойлаймын. Дыбыс үндестігін бір әріпті ағылшын дыбыстарына жақындатқанды жөн көремін. Қос әріппен өрнектелетін дыбыстардан аулақ болғанымыз дұрыс. Апострофтың көп болуы адамды шаршатып, мезі етеді. Бұндай дыбыстарды өзіміздің үйреншікті әріптерімізбен белгілеген орынды-ақ. Әріптердің патшасы кириллица ма, жоқ әлде латын ба, бұл сұрақ бізді мазаламауы керек. Бұл арада кезіндегі ұлы көшбасшы, реформатор Дэн Сяопиннің мысықтар турасындағы қанатты сөзі ойға оралады. «Мысық қара ма, ақ па маңызды емес. Маңыздысы – мысық тышқан аулай алады ма, жоқ аулай алмайды ма?» [3, 77]. Сонда қазақ клавиатурысымен қазақша да, ағылшынша да жазуға болады. Сонда ғана ғылым, күш-қайрат, жігер, қиял, шабыт және тіл құдіреті дейтін ұстынды ұғымдар ортақ үйлесім тауып, ұйқаса кетпек.

Бұндағы әңгіме қос жазу түрі қатар сақталатын өтпелі кезең жайында емес. Уақыт алға оза берер, жылдар өтер, ғасырлар көшін тоқтатпас. Алайда, Біз сол келесі ғасырдағы ұрпақтың өткеннен мақұрым қалмауын бүгіннен бастап ойлауымыз қажет. Сол үшін келешекте мектеп бағдарламасына жазу тарихын мектептен бастап оқытуға арнайы көңіл бөлу ісі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын таба түсетін игі дәстүрге ұласатындай жағдай жасалынса деген тілек бар. Ғалымдарымызға терең ойласатын нәрсе аз емес. Бұл жолы латын жазуына бейімделген жаңа әліпби жасау қазақ ғалымдарының тарихи әрі лингвистикалық біліктіліктілігін байқататын нағыз сынақ болғалы тұр. Олай болса, үлкен «құрбандыққа» бара отырып таңдалып алынған әліпбиіміз қоғам, ұлт, ел санасында оңай қабылданып қана қоймай, оның нәтижесі жаңа заман жұртының санасын жаңғыртуда шын мәнінде секіріс болғандығын толыққанды ақтай алатындай жол табуымыз керек-ақ. Сонда ғана Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқан «Мәңгілік Елге» [4, 3-4 б] айналамыз!.. Бәрі – өз қолымызда...



ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:

1. Щерба Л. Языковая система и речевая деятельность // Ленинград: –Мир, 1974, 33 с.

2. Шараф Г. «Тюркология и язык», Первый Всесоюзный тюркологический сьезд // Баку, 1988. 30 с.

3. Панцов А. Дэн Сяопин // Москва.: Молодая гвардия, 2013. 77 с.



4. Назарбаев Н. Мәңгілік болашаққа жол салдық // Ана тілі, 2013, №17, 3-4 б.

Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет