Ақтөбе облысының әлеуетін арттыру үшін баламалы электр энергиясын өндіру жобалары іске асырылады. Биыл "Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын" тасжолының Ақтөбе қаласынан бастап Жазық стансасына дейінгі аралығы екі учаскеге бөлініп салынады. Кәріз суын тазарту құрылысына 53,5 млрд теңге Еуропалық қайта құру және даму банкі арқылы бөлінеді. Ал Көкжиде кен орнындағы мұнай өндіру ісі 2030 жылға дейін толық тоқтатылады. Облыс орталығында заманауи театр, халықаралық талапқа сай стадион салынады. Ақтөбе қаласының бас жоспары екі айда бекітіледі. Бұл туралы облыс әкімі Асхат Шахаров Kazinform тілшісіне берген сұхбатында айтты.

Фото: Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі

–  Ақтөбе әлеуеті жоғары өңірлердің бірі деп жиі айтамыз. Мұнда әр саланың өз даму жолы, көрсеткіші бар. Асхат Берлешұлы, еліміздің батысындағы ірі мегаполисті одан әрі өркендетуге арналған жоспарыңызбен бөліссеңіз…

–  Өңірімізге Президент Қасым-Жомарт Тоқаев келіп, бірқатар тапсырма берді. Әлеуеті мол салаларды да атап өтті. Жұмыс көп, атқарылар іс ауқымды. Біріншіден, инвестиция тарту. Ол үшін қуат көзі жеткілікті болуы керек. Баламалы қуат көзін өндіру бағытында инвесторлар 500 МВт болатын бірнеше жобаны ұсынып жатыр. Қазір маңыздысы осы бағыттағы шаруа болып тұр.

Екіншіден, экономика дамуы үшін жол мәселесін шешуіміз керек. Мемлекет басшысы осы бағытта да нақты тапсырма берді. Қазір "Ақтөбе-Қарабұлақ-Ұлғайсын" жолы 7 учаскеге бөлінді. Екі учаскенің бірінде мемлекеттік сатып алу рәсімі өтті, екіншісінің құжаты жақында дайын болады. Алғашқы 56 шақырымы, яғни Ақтөбе қаласына кіреберістен Жазық стансасына дейінгі аралықта бірінші деңгейлі, төрт жолақты жол құрылысы басталады. Ал өзге бесеуіне жобалық-сметалық құжатты дайындауды келер жылға жоспарлап отырмыз. Бұл – транзиттік көлік көп жүретін тасжол. Жаз айларында тәулігіне 16 мыңға жуық жеңіл және жүк көлігі өтсе, қыста бұл жол 8-9 мың көлікке қызмет көрсетеді. Соңғы жылдары жүктеменің бес есе өскенін көріп отырмыз. Сондықтан жаңа жол толық салынып біткенше ескісіне жөндеу жүргізілді. Көлік министрлігі былтыр миллиард теңге бөлді, биыл тағы миллиард теңге берсе, екі миллиард теңгеге 40 шақырым жөнделеді. Сонымен бірге жалпы ұзындығы 259 шақырым болатын "Қандыағаш-Шалқар" тас жолының да құрылысы басталды. Былтыр 20 шақырымы жөнделсе, 2024 жылы Көлік министрлігінің қолдауымен тағы 75 шақырымын салуды жоспарланып отыр. Тек Шалқардан емес, Қандыағаш қаласынан басталып, екі жақта қатар құрылыс жүргізіледі. Себебі Жұрынға дейінгі бағыттың жағдайы өте нашар.

–  Өзіңіз айтқандай, жыл соңына таман өңірге келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше бағыттағы жұмыспен танысты. Өндірісті де, шағын және орта бизнесті де бағамдады. Былтыр осы саланың даму көрсеткіштері оң нәтиже көрсетті ме?

– Жыл сайын өңірге триллион теңге инвестиция тарту керек деген нақты межеміз бар. Ең бірінші импортты отандық өнімге алмастыруға басымдық беріп отырмыз. Құрылыс материалы да, мал азығы да, азық-түлік те қамтылады. Инвесторлар Ақтөбеге қызығады. Бүгінде Ақтөбе облысының өнеркәсіп саласында 27 ірі, 45 орта және белсенді жұмыс істейтін 486 шағын субъекті бар. Былтыр 18 инвестициялық жоба аясында 900-ге жуық жұмыс орны ашылды. Бұл бағыттағы жұмыста сан емес, сапа маңызды екенін ұмытпайық. Атап айтар болсам, ERG компаниясы Дөң тау-кен байыту комбинатында шламдарды қайта өңдеу фабрикасын іске қосты. Бұл дегеніміз – жарты ғасырға жуық уақыт бойы жиналған тау-кен қалдығын жаратуға, сөйтіп экологиялық мәселені шешуге мүмкіндік берген инвестициялық жоба.

Сонымен бірге ішкі нарықты мұнай жабдықтарымен қамтитын мобильді бұрғылау қондырғыларын өндіру зауыты жұмысын бастады. Ал Жаңа Әлжан комбинатында мал азығы, яғни құрама жем шығарыла бастады. БұлАқтөбенің ғана емес, Батыс Қазақстан өңірлерінің сұранысын қамтуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге ERG, CNPC-Ақтөбемұнайгаз және Ақтөбе мыс компаниялары құны 200 млрд теңгеден астам қаржы бөліп, кәсіпорындарында жаңғырту және кеңейту жұмыстарын жүргізді.

Ал шағын және орта бизнеске келер болсақ, Ақтөбе өңірлер бөлінісінде үздіктер қатарында тұр. Былтыр 4 мыңға жуық адам мемлекеттік бағдарламалардың шапағатын көрді. Кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы Ұлттық жоба шеңберінде1637 адам, "Ауыл аманаты" жобасы аясында 1655 адам қолдауға ие болды. Барлығы 600-ге жуық көпбалалы отбасына 400 АЕК көлемінде қайтарымсыз грант берілді.

Тағы бір ерекшелікті атап өту керек. Өзіміздің өңірлік бағдарлама да іске асты. Хромтау ауданындағы ірі кәсіпорындардың айналасында шағын және орта бизнесті дамыту үшін 1 млрд теңгеге 53 жоба мақұлданды. Нәтижесінде ШОБ субъектілерінің саны 6,8% өсіп, 96,5 мыңға жетті. Қазір осы салада 181,5 мың адам еңбек етіп жүр.

–  Ақтөбенің бірнеше ауданы егін шаруашылығы, ал басым бөлігі мал шаруашылығына бейім. Қазір аудан-ауылды аралап, жайылымдағы төрт түлікті көріп жүрсіз. Шаруалармен де кездестіңіз. Олар жиі көтеретін мәселені айтсаңыз.. Шешу жолы қарастырылды ма?

– Өңірде бұл сала да жақсы дамып келеді. Былтыр ауыл шаруашылығын қолдау мақсатында 14,5 млрд теңге қаржы қарастырылды. Президент өз Жолдауында және өңірімізге жұмыс сапарында "Ауыл аманаты" жобасының маңызын айқындап, мемлекеттің шаруаларға, шағын және орта бизнеске барынша қолдау көрсететінін атап өткені белгілі. Жоба аясында 2023-2024 жылдары республикалық бюджеттен 19 млрд теңге бөлінді. Бүгінгі күннің өзінде 8 млрд теңгеге 1734 жоба мақұлданды. Нәтижесінде шағын шаруашылықтар 219 мыңнан астам құс алды, 210 гектарға көкөніс егіп, 97 шағын жылыжай салынды. Бұдан бөлек 142 шағын сүт өңдеу, 75 ет өңдеу, 123 кондитер мен наубайхана жұмысын бастады. Мыңнан астам адам жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, 1210 жаңа жұмыс орны құрылды.

Расымен де тағайындалған соң 12 ауданды аралап, проблемалық сұрақтарды көтеріп, ашық диалог құрдым. Әр аудандағы шаруашылықтарды қарап шығып, оны жүргізіп отырған шаруалардың талап-тілегін тыңдадым. Қазіргі кезде мал шаруашылығының барлық саласында өсім бар. Дегенмен қой шаруашылығын дамыту кезіндегі кедергі мен кемшін тұсымызды айта кету керек. Қой жүнін кәдеге жарату үшін ауқымды жұмыс жүргізілген. Енді өңірде құрылыс материалы шығарылады. Қазір қабылдау жүріп жатыр. Ал мал терісін кәдеге жарату ісіне келер болсақ, Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы инвестор іздестіріп жатыр. Алдағы уақытта бұл іс те шешімін табады деген сенімдеміз. Сонымен бірге шаруалар мал азығы шығындарын өтеуге қолдау сұрады. Жергілікті бюджеттен қосымша 2,9 млрд теңге бөлінді. Жалпы мемлекеттік қолдаулардың нәтижесінде 2023 жылдың 11 айында 424 млрд теңгенің өнімі өндірілді.

– Енді тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына келсек. Біз жайлы өмір сүру үшін жарық, су, газ секілді күнделікті қажеттіліктің қолжетімді болғанын қалаймыз. Облыс халқын осы қажеттіліктермен қамту жайына тоқталсаңыз…

–  Президент 2025 жылға дейін барлық ауылды ауыз сумен қамтуды тапсырды. Облыстағы 320 елді мекеннің 283-і орталықтандырылған ауыз су жүйесін қолданады. Тағы 37 елді мекен ұңғыманы пайдаланады. Былтыр Байғанин ауданының Алтай батыр, Қобданың Жарсай, Жарық, Жаңаталап, Ойылдың Шұбаршы ауылдарына орталықтандырылған су желісі жүргізілді. Онда 2285 адам тұрады. Сонымен қатар 13 ауылға кешенді блок модуль орнатылды. Бұдан бөлек 3 ауылдың орталықтандырылған су желісі қайта жаңғыртылып, реконструкциялау жұмысы жүргізілді. Биыл 37 ауылдың 15-іне орталық су жүйесі жүргізіледі. Ырғыздың Дүкен, Қобданың Көк-үйіне кешенді блок модуль қондырылады. Сөйтіп өңірдегі 926 мың адам (99,8%), яғни 300 елді мекен (93,7%) сумен қамтылады. Ақтөбе қаласы аумағындағы тұрғын алаптарында мәселе бар екенін жасырмаймыз. Оны шешу үшін Сарыбұлақ және Моисеев су тоғанын пайдаланамыз. Мұндағы суқоры 50 жылға жетеді. Шамамен 45-60 шақырымнан тарту керек болады. Қазіргі кезде жерасты суының қоры сараптамадан өткізілді, Үкіметке құрылыс жұмысы үшін сұраныс жасалды. Биыл жұмысты бастауды жоспарлап отырмыз.

– Бізде су қоры жеткілікті ме?

–  Қала ішінде су қоры жеткіліксіз. Мәселе Сарыбұлақ-Моисеев су тоғаны арқылы шешіледі. Сонымен бірге "Көкжиде" бар. Мұндағы мұнай-газ өндіру жұмыстары 2030 жылға дейін толық тоқтатылады. Қазір мұнда 5 компания бар. Биылдың өзінде 200-ден астам ұңғыманың тең жарысы тоқтатылады. Жұмыс кезең-кезеңімен іске асырылады.

 – Газбен қамту жұмысына ойыссақ…

–  Былтыр халық саны 6,8 мыңнан асатын 16 ауыл (Әйтеке би ауданының Құмқұдық, Ырғыздың Нұра, Аманкөл, Ойылдың Екпетал, Қарғалының Әлімбет, Мәртөктің Қаратаусай, Байтурасай, Қарабұлақ, Мұғалжардың Мұғалжар, Жаркемер, Жаңатұрмыс, Хромтаудың Құдықсай, Қарлау, Қобданың Бұлақ, Қосөткел және Шалқардың Есет батыр ауылдары) газдандырылды. Сөйтіп 320 елді мекеннің 168-і газбен жабдықталды, яғни 886 мыңнан астам тұрғын көгілдір отынның игілігін көріп отыр деген сөз. Сонымен бірге 2024 жылы халық саны 2,8 мың адам болатын 7 ауылға (Байғаниннің Қораши, Ырғыздың Жарма, Мәртөктің Ақмолассай, Байнассай, Мұғалжардың Жарық, Темірдің Алтықарасу, Еңбекші ауылдары) газ беріледі. Нәтижесінде облысты газбен қамту 95,8% жетеді. Бұдан басқа 27 ауылды газдандыру үшін 21,3 млрд теңгеден астам соммаға 21 жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Жалпы Ақтөбе қаласының көп бөлігін, іргелес елдімекендер мен өнеркәсіп объектілеріне үздіксіз газ беру үшін "Бұқара-Орал" магистралды газ құбырының үшінші тізбегі салынып жатыр. Құны – 43,4 млрд теңге. Биыл күзде құрылыс жұмысы аяқталып, қолданысқа беріледі.

— Облыс орталығы, яғни Ақтөбе қаласы туралы айтсақ. Өзіңіз басқардыңыз, проблемалық сұрақтарды бүге-шігесіне дейін білесіз. Қаланы жағымсыз иістен арылтатын күн қашан туады?

— Ең біріншіден шамамен екі айда Ақтөбе қаласының бас жоспары бекітіледі. Соңғы рет 2015 жылы үлкен өзгертулер енгізілген. Ал 2017-2018 жылдары біраз жер телімі беріліп, қала аумағы қайта үлкейді. Бұл жоспар қаланың нақты даму жолы болады. Қала, оның аумағындағы тұрғын алаптары, әлеуметтік нысандар құрылысы мен инфрақұрылым бәрі-бәрі жан-жақты қамтылады. Қаладағы жағымсыз иіс сұрағына келер болсақ, Жол картасы әзірленді. Оны дайындауға азаматтық қоғам өкілдері, тәуелсіз сарапшылар мен мемлекеттік орган өкілдері тартылды. Құжат өзекті экологиялық мәселелерді қамтиды, бұл бағыт бойынша алдағы үш жылда тиімді шаралар қабылданады. Тозығы жеткен кәріздік тазарту құрылыстарының орнына жаңадан тазарту қондырғылары салынады. Жалпы құны 53,5 млрд теңге болатын жобаны Еуропалық қайта құру және даму банкі қаржыландырады. Бүгінде жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алынды. Құрылыс-монтаждау жұмыстары биыл басталады.

Қоқыс полигоны мәселесі түбегейлі шешімін тапты ма? Аумақты түгел құммен көміп тастау бықсып жанудан қорғай ма?

— Қаладағы ескі қоқыс полигонының мәселесі ақтөбеліктерге жақсы таныс. Бұл полигон 2007 жылдан бері тұрмыстық қатты қалдықты қабылдап келді. 17 жыл бойы жиналған қоқыс 20 метр тереңдікке кеткен. Одан түзілетін метан газы тұтанып, соңғы жылдары, әсіресе жаз айларында полигонда жиі өрт болды. Біз былтыр 42 гектар аумақ топырақпен көміп, метан газы сыртқа шығатындай етіп, 74 дана құбыр орнаттық. Бұл шаралар қоқыстың бықсып, жануын болдырмауы тиіс. Қазіргі таңда қоқыс 18 гектар жерге салынған жаңа полигонға тасымалданып жатыр.

– Ақтөбе қаласын көгалдандыру, жасыл желекке бөлеу үшін жыл сайын көшет егіп, көп акция жасалады. Бірақ әлі де шаһар іші жұтаң көрініп тұр. Бізде жасыл аймақ, демалыс саябағы бола ма?

–  Жасыл аймақ қалыптастыру, демалыс саябақтарының қатарын көбейту мәселесі күн тәртібінде тұр. Өзіңіз де көрген боларсыз, қала орталығындағы бірнеше субұрқақ істен шыққан. Оларға жөндеу жұмыстары жасалып жатыр. Қазір Ақтөбе қаласын кешенді көгалдандыру үшін бес жылдық жоба әзірлеу жоспарланды. Бұл мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде іске асады. Оған қаладағы 18 саябақ пен гүлзарға суару жүйелерін орнату, көпжылдық және біржылдық гүл отырғызу және күту, жылына 5 мың ағаш отырғызу, сондай-ақ 45 мыңнан астам ағашты жасарту, кесу және суару жұмыстары кіреді. Жоба сараптамадан өтіп жатыр. Бір жылдық шығыны шамамен 1,6 млрд теңгені құрайды. Қазіргі таңда бюджеттен 921 млн теге қарастырылды.

— Ауқымды құрылыс тақырыбына қайта оралсақ… Мемлекет басшысы облысқа сапарында театр салуға тапсырма бергенін білеміз. Қазір осы бағыттағы жұмыс қалай жүріп жатыр? Өңірде тағы қандай ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізіледі?

— Президент Ақтөбеге жұмыс сапарында Т. Ахтанов пен Қ. Шаңғытбаевтың ескерткішіне барып, тағзым етті. Кейін облыстық драма театр ғимаратын аралап, өнер саласының майталмандарымен кездесті. Ғимараттың тозғанын көріп, жаңа театр салуды тапсырды. Президенттің тапсырмасы бойынша жұмыс тобы құрылды. Оның құрамында облыстық драма театр басшылығы, белгілі өнер қайраткерлері, ардагер сәулетшілер және қаладағы сәулет құрылысымен айналысатын мамандар бар. Ақтөбе қаласының әкімдігі жер мәселесін шешуге кіріссе, жұмыс тобы театр жобасымен айналысып жатыр. Жақын күндері бір тоқтамға келіп, көпшілікке жаңа театрдың қандай болатынын, қайда орналасатынын хабарлаймыз. Биыл құрылыс жұмыстары басталып, келер жылы қолданысқа беріледі. Бұдан өзге облыс орталығында Орталық стадион салу мәселесін қарастырып жатырмыз. Театр салуға шамамен 10-15 млрд теңге жұмсалады. Ал 30 мың орындық әрі UEFA талаптарына сай стадион құрылысы үшін 50-70 млрд теңге инвестиция қажет болады. Қазіргі кезде 5-6 инвестор ниет білдірді. Бастысы – бюджетке салмақ түсірмеу. Ойымыз футболды одан әрі дамыту ғой. Қала өскенде сұраныстың артатыны заңдылық. Тіпті 50 мың билетке дейін сұраныс болған кез де кездеседі. Стадион шамамен 30 мыңдық болса, барлық жанкүйер сүйікті команданы қолдауға мүмкіндік алады. Билет бағасында көп өзгеріс болмайды деп есептейміз, себебі инвестор қызмет көрсету саласын қатар алып жүреді. VIP кабиналар да ұсынылады. Мүгедектігі бар адамдардың футбол көруіне жағдай жасалады. Бәрін жан-жақты ойластырып, ұтымды шешім қабылдаймыз. Тек "Ақтөбе" ФК ойындарын емес, түрлі халықаралық жарыстарды осында өткізгіміз келеді.

— Әнші Димаш Құдайберген – қазақ мақтанышы әрі Ақтөбенің тумасы. Жыл сайын жанкүйерлері туған жеріне келіп, танысып кетеді. Бұл туризмді дамытудың бір жолы екені анық. Қандай турмаршрут ұсынылады?

— Өңірде туризмді дамыту мақсатында ашылған "Visit Aktobe" орталығы жұмыс істейді. Былтыр жыл соңында Ақтөбе облысының делегациясы көшпелі Road Show іс-шарасы аясында ҚХР (Пекин және Шанхай), сондай-ақ Корея Республикасының Сеул қалаларына барды. Бұл шараның басты тақырыбы Dimash Tour таныстырылымы болды. Шара барысында делегация өкілдері Ақтөбе облысының туристік мүмкіндіктерін, әсіресе танымал орындаушы Димаш Құдайбергеновтің шығармашылығы мен өміріне қатысты турларды насихаттады. Dimash Tour Ақтөбеде туризм индустриясының дамуына айырықша ықпал етеді. Мейрамханалар, қонақ үйлер және дүкендер туристер ағынының артуынан зор пайда көре алады. Бұл өз кезегінде аймақтың экономикалық дамуына септігін тигізуі мүмкін.

Қазіргі кезде көпшілікті Димаш Құдайбергеннің өмір тарихы қызықтырады. Өзіңіз айтқандай, шетелдік жанкүйерлері Ақтөбеге келеді, соның ішінде білім алған мектебі мен музыкалық колледжге барады. Жыл сайын Швейцария, Канада, Норвегия, Ұлыбритания, Қытай және т.б. елдерден 100-ден астам турист келеді. Олар үшін өңірді танымал етуге бағытталатын экскурсиялар арнайы ұйымдастырылады. Ал Димаш Құдайбергеннің өзіне келер болсақ, біз оны қабылдауға дайын болуымыз керек. Ол шығатын алаңға жағдай жасауымыз қажет.

Сондай-ақ Ақтөбе облысы бойынша туризмнің бірнеше саласы дамыған. Экологиялық туризм бойынша 12 маршрут бар. Олардың ішінде Ақтолағай борлы таулары, Аққұм құмдары (Байғанин ауданы), Қарғалы су қоймасы, Қасқыр сарқырамасы, Мылқау ауыл (Қарғалы ауданы), Аққайың орманы (Мәртөк ауданы), Орқаш табиғи қорығы (Мұғалжар ауданы), Барқын құмдары (Ойыл ауданы), Ырғыз-Торғай табиғи резерваты (Ырғыз ауданы) туристік объектілері өңір тұрғындары мен қонақтары арасында танымал. Облыс бойынша қасиетті саналатын тарихи-мәдени ескерткіштерге арналған туристік маршруттар да ұйымдастырылған. Сонымен қатар өндірістік туризм дамып келеді. Ақтөбе ферроқорытпа зауыты мен "АЙС" сүт компаниясы осы бағытқа икемді.

— Сіз мемлекеттік қызметкер ғана емес, кәсіби спортшысыз. Осы салада қай бағытқа басымдық беру керек деп есептейсіз? Өңірде спорттың қай түрін дамытқан жөн?

— Бірінші кезекте олимпиадалық спорт түрлерін дамытуға күш салынады. Біздің өңірге тән, біздің спортшылардың табиғатына келетін спорт түрлері бар. Олар: футбол, дзюдо, жүзу, грек-рим күресі, еркін күрес, бокс, таэквондо WT, волейбол және үстел теннисі. Сонымен қатар, әрине өзіміздің ұлттық спорт түрлеріне және олимпиадалық емес бұқаралық кең дамыған спорт түрлеріне басымдылық беріледі. Бұқаралық спорт түрлерін атап айтсақ, шахмат, самбо, футзал, каратэ, таеквондо, президенттік көпсайыс және т.б. спорт түрлері бар.

— Өзіңіз қазір спортпен шұғылданып жүрсіз бе?

— Бастаймын. Алғаш келген кезде проблемалық сұрақтарды қалай шешемін деген ой болды. Төрт ай бойы ден қойып, жан-жақты талқылау жүргіздік. Жаттығу да маңызды екенін түсінемін. Себебі спортшы болған соң, біздің жүрегіміз басқаша жұмыс істейді, күніне 7-8 сағат жаттығу өткізетінбіз. Кейін күн тәртібі өзгерді. Ол жүрекке кері әсерін тигізеді, салмақ түсіреді.

— Проблемалық сұрақтар демекші, аудандарды аралағанда құрылысы аяқталмаған көп әлеуметтік нысан болды. Биыл сол нысандар іске қосыла ма?

— Аудан, ауылдардағы проблемалық сұрақтардың бәрін биылғы жоспарға енгіздік. Оған қосымша бірнеше жоба ұсынылды. Әсіресе кіреберіс жолдар салу назарда болады. Көп аудан, ауылда 20-30 шақырымдық жол қалып қойған екен. Аудандардағы жолдарды жөндеуге биыл 26 миллиард теңге бөлінді. Шешілмейді, қиын деген мәселе жоқ. Қазір кейбір жобаның жобалық-сметалық құжатын қайта әзірлеп жатырмыз.


Автор: Гульжан Оразбаева

Гульжан — исследовательница жизни и достижений знаменитых личностей Казахстана. Ее статьи позволяют читателям взглянуть на страну через призму вкладов ее ярких представителей.