Дубайда Голландия билігінің өтініші бойынша мәскеулік "Спартак" футбол клубының футболшысы Квинси Промес қамауға алынды. Нидерланды оны экстрадициялауды талап етеді, өйткені спортшы бұл елде 1,3 мың келі кокаин контрабандасы үшін алты жылға сотталған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: BBC

32 жастағы Проместі қамауға алу туралы халықаралық ордер шығарылды. Ақпан айының соңында Промес жаттығудан кейін басқа "Спартак" футболшыларымен бірге Дубайдан Ресейге ұшпақ болған кезде шекарада ұсталды.

Ресейлік журналистердің хабарлауынша, қамауға алуға футболшының Дубайда көлігіне мініп, оқиға орнынан қашып кеткен жол апаты себеп болған. Содан бері ол Дубайдағы сәнді қонақүйлердің бірінде тұрып, ресми түрде үй қамауында отырған.

Нидерландының NL Times газеті оны әуежайда ұстағаннан кейін Голландия билігі оны экстрадициялау мүмкіндігін қарастыра бастағанын, бірақ Промеске түрмеден шығуға рұқсат етілгенін айтады. Футболшы "әлеуметтік желідегі парақшасында Дубайдағы әдемі өмірін көрсететін фотолар мен бейнелер жариялаған".

"Ққамауға алынған ер адам Дубайда сән-салтанатпен тұрған. Алайда ол екі ел билігінің ынтымақтастығы арқасында ұсталды", — деп жазды NL Times.

Квинси Промес деген кім

Промес Нидерландыда туып-өскен, 2014 жылдан 2018 жылға дейін Мәскеудің "Спартак" командасында ойнаған. 2017 жылы Ресейде жылдың үздік футболшысы және Ресей футбол чемпионатының үздік бомбардирі атанған.

Кейінірек ол испандық "Севильяда" ойнады, 2019 жылы ол жерден Амстердамның "Аякс" командасына ауысты (трансфер құны 15 миллион еуро болды).

Сондай-ақ ол Нидерланды құрамасы сапында 50 матчқа қатысты. Ол аталған командамен 2020 жылы Еуропа чемпионатында ойнап, 1/8 финалға дейін жеткен.

2020 жылдың желтоқсанында Промес Амстердамда отбасылық кеште немере ағасын пышақтады деген айыппен қамауға алынды.

Фото: BBC

NL Times басылымының жазуынша, ол сотты күтпей сол жылы Нидерландыдан Ресейге кетіп қалған. Онда ол қайтадан "Спартак" құрамына футболшы болып барған.

2023 жылдың маусымында Промес бұл іс бойынша сырттай 1,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Футболшы өз кінәсін мойындамай, сот шешіміне апелляциялық шағым түсірген.

Кокаин контрабандасы ісі

Пышақтауға қатысты іс бойынша үкім шыққаннан кейін бір ай өткен соң, Голландия прокурорлары Проместің де үлкен көлемдегі кокаин контрабандасы деген күдікке ілінгенін хабарлады. Осы жылдың ақпан айында Амстердам аудандық соты оны осы қылмысқа кінәлі деп тауып, алты жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарған.

Сот шешімінде Промес басқа айыпталушымен бірге Бельгияның Антверпен порты арқылы Нидерландыға кемемен 1363 келі кокаин тасымалдағаны көрсетілген. Есірткілер кеме бортындағы контейнерлерде орналасқан тұз пакеттеріне жасырылған.

Кейінірек кокаин жөнелтілімін Голландияның құқық қорғау органдары жартылай ұстады.

"Ол өзін Ресейде де, шетелде де қол жетпейтін адам деп санайтын шығар", — деп жазды NL Times.

Нидерланды Проместі Ресейден экстрадициялау әрекеті сәтсіз аяқталды және есірткі контрабандасы ісі бойынша үкім шыққаннан кейін Амстердам аудандық соты оны қамауға алуға халықаралық ордер берді.

Проместің адвокаттарының айтуынша, футболшыны экстрадициялау туралы шешімді енді Дубайдағы судья қабылдайды. 

"Жалпы, экстрадициялау процедурасы өте ұзақ уақытқа созылып, көптеген ресми қадамдар мен талаптарды қамтуы мүмкін", — деп жазады ойыншының мүдделерін білдіретін Cleerdin & Hamer.

2021 жылы Нидерланды мен БАӘ экстрадициялау туралы келісімге қол қойды. Осыдан бірнеше күн өткен соң атақты мафия басшысы Ридуан Таги Гаагаға экстрадицияланды.


Автор: Айгерим Жумабаева

Айгерим — опытный редактор с богатым опытом в изучении и письме о культуре и истории. Ее страсть к языкам и письму помогает создавать увлекательные тексты.