Премьер-министр Олжас Бектенов үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев берген тапсырмаларды іске асыру мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: primeminister.kz

"Қаржы министрлігі 10 күн ішінде республикалық бюджетке және бір ай ішінде жергілікті бюджеттердің барлығына ревизия жүргізіп, аса маңызы жоқ шығыстарды айтарлықтай қысқартуға тиіс. Ешкім де ақшаны орынсыз шашпауы керек", — деді үкімет басшысы. 

Сондай-ақ премьер-министр өнеркәсіптік дамуға жаңа серпін беру үшін бірқатар нақты міндеттерді белгілеп, бірінші вице-премьер Роман Склярға 10 күн ішінде барлық ірі өнеркәсіп кәсіпорны иелерімен, бірінші кезекте өндіруші салалардағы кәсіпорындармен келіссөз жүргізуді тапсырды. 

"Біз батыл әрекет ететін үкімет боламыз. Бізге өсу қарқынын тиімді ұлғайту, экономиканы әртараптандыруды белсендірек жүргізу, инвестиция тарту және барлық міндеттерді шешу үшін жеткілікті өкілеттік берілді", — деді Олжас Бектенов.

Сонымен қатар ол салық кодексін толықтай қайта жазу керегін атап өтті. 

“Сарапшылар мен бизнес-қауымдастықтың пікірін ескеру қажет. Салық кодексі кәсіпкерлердің белсенділігін арттыру, бизнесті дамытуға мотивация болу керек, керісінше емес”, – деді премьер-министр. 

Отырыс барысында үкімет басшысы цифрлық трансформацияны жүргізу, көлік және ауыл шаруашылығы салаларын дамыту, "Жайлы мектеп" және "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобаларын іске асыру, сондай-ақ азаматтарды әлеуметтік қолдау, мемлекеттік сатып алу және мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін реформалау жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Оның айтуынша, формализм мен бюрократиялық сарсаңға салуды толығымен жоя отырып, стереотиптерден арылу қажет.

"Министрлер өз бетінше шешім қабылдай білуге тиіс, салалық мәселелерді өз деңгейінде жедел шешуі қажет. Жұмыс қарқыны жоғары, талап қатаң болатынын әркім түсінуі тиіс", — деп қорытындылады сөзін премьер-министр.

Айта кетейік, бұған дейін жаңа премьер-министр МӘМС жүйесін реформалауды тапсырған еді. 


Автор: Гульжан Оразбаева

Гульжан — исследовательница жизни и достижений знаменитых личностей Казахстана. Ее статьи позволяют читателям взглянуть на страну через призму вкладов ее ярких представителей.