Үй тіршілігі, ас үй жұмысы, бала тәрбиесі, ата-енеге қызмет ету, қонақ күту, жұбайын жұмысқа шығарып салу, күтіп алу сияқты міндеттер әйелдердің мойнында деп есептейтіндер, осындай көзқарасты ұстанатындар көп. Әсіресе, дәстүрлі қазақ отбасыларында. Дегенмен керісінше осы аталған жұмыстардың бәрін өз мойнына алған ер азаматтар да бар. Баласының жөргегін ауыстырып, оның күтімін жасайтын, үй тазалап, әйелін жұмыстан күтіп алатын ерлер мұны міндет емес, сүйіктісіне қолдау деп біледі. Осы тұста Stan.kz тілшісі отбасы ошақ қасында отырған отағасылар оқиғасын баяндайды. 

Фото Getty Images

Күйеуіме “бала қарай алады екенсің ғой, мен жұмыс істейін” дедім…

Шымкент қаласының тұрғыны Гүлнұр Смайылқызы жұбайы Бақытжанмен отасқанына 24 жыл болған. Бүгінде төрт перзентті тәрбиелеп отыр. 45 жастағы келіншек күйеуінің алғашқы бес жылдықта үйде отырғанын жасырмайды.

“2000 жылдан бастап күйеуім үй шаруасымен айналыса бастады. Ол кездері жұмыссыздық уақыты еді. Мен университеттерде сабақ бердім. Екінші қызымды босанғаннан кейін бірден жұмысқа шықтым. Бұл кезде жұбайымды балаларға қарай алады деп мүлде ойламаппын. Өйткені тұңғышымыз дүниеге келгенде анамыз қарасқан. Сөйтіп бір күні жұмыстан келсем қызымызды бесігіне бөлеп, тербетіп отыр екен. Сол кездегі сезімімді айтып жеткізе алмаймын, әлі көз алдымда. Сосын мен “сен балаға қарай алады екенсің ғой, онда мен жұмыс істей берейін. Сен үйде қызымызға қарайсың ба”,- дедім. Ол да қарсы болмады”, – деп еске алды шымкенттік тұрғын. 

Гүлнұр күйеуінің қандай болған бергенін есіне алды. Айтуынша, үйдің тазалығына аса мән беріп, қолынан келетін тамақ істеп, жұмысынан күтіп алатын болған.

“Таңертең қызымды емізіп кететінмін. Ал күндіз сәбиіміз арнайы сүт езбесін ішетін. Күйеуім мен жоқта қызыма уақытылы тамағын берді. Ал өзімізге көбіне картоп пен жұмыртқа дайындайтын. Қолынан осыларды қуырып, қайнату келетін. Жалпы күйеуім тазалықты жақсы көреді. Баланың кір киімдерін жуғыш машинаға салатынбыз. Ал үй жинауға келгенде шаңсорғышпен жинастырып қоятын. Біз тазалыққа бірінші мән береміз. Сондықтан кім үйде болады, сол үйді жинап қоятын”, – деп қосты Бақытжанның жұбайы. 

“Үйде отырғанына көршілерден қысылып, намыстанатын”…

Гүлнұр ата-анасы мен жақындарының бұған оғаш қарамағынын алға тартты. Алайда жұбайының сол кездері үйде отырғанына намыстанған сәттері де болған екен. 

“Былай қарасам, көршілердің бәрі өзімізбен жасты болғандықтан жұбайым ұялатын еді. “Неге үйде баламен отыр” деп ойлай ма деп қысылатын. Бірақ “қойшы, осы қызымды қарамағанда не істеймін” деп үлкен қызымды балабақшасына апарып-әкеліп, кіші қызыма қарады. Кейде, әрине, намыстанып, жұмыс қарауға ниеттенген кездері болды. Сондай кезде мен “онда анамызды шақырайын сен жұмыс іздеп кел” деп қолдайтынмын”, – деді Гүлнұр. 

Бақытжан осыдан соң 15 күндей көмір сатумен айналысқан екен. Алайда бұл кәсібі кіріске қарағанда шығыны көп болып қайта үйде отыруына тура келген. 

“Екі жастың бір-біріне қолдауы болса ғана отбасы болады. Мәселен, мен жұмысымды тастап “сен асыра” десем ол қол қусырып отырмайды. Алайда жұмыс табылады ма, табылмайды ма белгісіз. Сондықтан кімге жұмыс шығып тұр істей бергені жөн деп ойлаймын. Мысалы, күйеуім де бала-шағаға жақсы қарады. Бесіктеріне салып, тербетіп, тәрбиесін берді”, – деп қосты Гүлнұр.

Бүгінде Бақытжан мен Гүлнұрдың кішкентайлары өскен, мектепке барады. Ал кезінде үйде отырып, оларды баққан отағасы бүгінде жиһаз шығаратын цехы бар жеке кәсіпкерге айналған.

“Бәрі қолдаудың арқасында. Отбасы болғасын әрқашан бір-біріңді түсінген жөн. Басында бір бөлмелі пәтерде тұрып, қазір төрт бөлмелі үйге көштік. Жұбайым үйде отырып бала қарағаннан басқалардан артта қалған жоқ. Қазір кәсіпкер. Меніңше, мұның бәрі сыйластықтың арқасы. Отбасы болғасын түрлі қиындықтар да кезігіп тұрады. Ал ең бастысы сондай кезде ерлі-зайыптылардың бір-бірін демеуі өте маңызды”, – деп қорытты Гүлнұр. 

Фото жасанды инттелект арқылы жасалған

Жездем тамақ істеп, ыдыс жуады, балаларға қарайды…

Раушан есімді ару редакциямызға әпкесінің ерекше отбасы туралы айтып берді. Ақтөбелік бойжеткеннің айтуынша, әпкесі Сәуле мен жездесі Қайраттың шаңырақ құрғандарына 21 жыл болған.

“Әпкем мен жездемнің төрт баласы бар. Әпкем – заңгер. Ол жеке нотариус ретінде кеңсе ашып, жұмысқа шыққаннан бастап жездем үй шаруасын мойнына алды. Шынымды айтсам, осы уақытқа дейін жездемнің киініп, жұмысқа барғанын мүлде көрмеппін. Әпкем таңертең кетіп, кешке келеді. Сол уақытта жездем кіші екі баласына қарап, үй шаруасымен айналысады. Ыдыс жуады, балаларымен бірлесіп үй жинайды және кез келген тамақты дайындай алады. Ал әпкем үй тазалығына араласпайды. Оның мінезі қаталдау. Егер жұмыстан оралғанында үйде бәрі дайын тұрмаса балаларына ұрысып “менің келгенімді күтіп отырасыңдар ма” деп бір сілкіп алады. Содан кейін бәрі қорыққандарынан тірлік істеп кететін. Сол үшін аналары келетін уақытта кешке қарай кәдімгідей дайындық басталады”, – деді Раушан.

Бойжеткен әпкесі Сәуленің үйіне қонаққа барған кезде әрқашан жездесі Қайрат дастархан дайындап күтіп алатынын алға тартты.

“Бірде мынадай оқиға болды. Біз олардың үйіне қонаққа барғанбыз. Мен кішкентай сіңлімді ертіп апардым. Ол жездемнің кіші қызымен ойнай бастады. Сол кезде жездемнің қызы “отбасы болып ойнайық: мен анасы, сен әкесі боласың. Мама жұмысқа барады, ал сен әкесі үй шаруасын жасайсың”, — деді. Сол кездегі сіңлімнің ренжігені есімде. Ол “жұмысқа ана емес, әке барады емес пе, аналар үй шаруасымен айналысады”, – деп қарсыласқан. Біз олардың ұрсысын көріп бір күліп алдық. Бала үйде не көрсе соны жасайтыны рас екен. Алайда қазір жездемнің үлкен ұлы үйленген, жұмыс істейді. Ал оның жұбайы үй тіршілігімен айналысады”, – деп қосты ару. 

Раушан жездесінің үйде отырғанын қайын ағасы жақтырмайтынын да тілге тиек етті. 

“Әпкем жездеме “үйде отыр” деген емес. Бұл оның өз таңдауы. Ол ғимараттарды жалға берумен айналысатындықтан қолы бос болғасын балаларға қарап, үй шаруасымен шұғылданады. Олар үшін бұл норма. Бастысы өздеріне ыңғайлы. Әрине, туысқандар арасында жездемнің үйде отырғанын жақтырмайтындар да бар. Мысалы, қайын ағасы “неге үйде отырады” деп кішкене сынмен қарайды. Дегенмен бастысы, оларға ұнаса болды”, – деп қорытты Раушан. 


Автор: Гульжан Оразбаева

Гульжан — исследовательница жизни и достижений знаменитых личностей Казахстана. Ее статьи позволяют читателям взглянуть на страну через призму вкладов ее ярких представителей.