2023 жылы жылқыны субсидиялауға бюджеттен бар болғаны  52,9 миллон теңге бөлінген, бұл шошқадан 40 есеге аз. Осылай деп мәлімдеген мәжіліс депутаты Қазыбек Иса жылқыға субсидия беріліп, етін мемлекеттік сатып алу тізіміне енгізу қажеттігін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: krasivosti.pro

"Ақ жол" фракциясы атынан үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа сауал жолдаған депутат қыс мезгіліндегі жылқының қиын жағдайын айтты.  

"Жылқы малы қыстан  аман шыға ма? Биылғы қалың қар, қатты қыс мал шаруашылығына оңай тиіп жатқан жоқ. Бұл әсіресе, қазақ  "ер қанаты"  деп бағалаған  жылқы малына аса ауыр тиюде,- дейді Қазыбек Иса.

Депутат сөзінше, еліміздің солтүстік өңірлерінде жем-шөп таусылып, далада қардың беті жаппай мұз құрсанып, жылқылар тебіндей алмай, толықтай қолға қараған, өлім-жітім көп деген ақпараттар келіп жатыр. Айтуынша, шаруаларға онсыз да жем-шөбі жоқ, жөнді субсидия  берілмейтін жылқы малынан айырылып қалу қаупі туындап отыр. Өйткені, жем-шөбі таусылған фермерлер де, қорадағы малына қараған ауыл адамдары да жылқыны арзан бағада болса да, соғым орнына жаппай сатып жатыр. 

"Ақмола облысының  бірнеше ауданында жылқы басының азайып бара жатқанын айтып, дабыл қаққандар көп. Зеренді ауданындағы Ақадыр, Васильков, Заречный, Шағалалы сияқты ондаған ауылда жұрт  жем-шөп таппай, қиналып отыр. Ақкөл ауданының малшыларының жағдайы да мәз емес. Шөптің бағасы тым шарықтап кетіп, бір орамы 20 мың теңгеге дейін жетті дейді. Бұған басты себеп – жайылым және шабындық жерлердің тапшылығы. Тіпті, жайылым жерінен мүлдем айырылып қалған көптеген ауылдарда (Зеренді ауданындағы Ақадыр, Айғыржал, Ортақ, Қошқарбай, Раздольный, Күсеп, Первомайский)  жылқылар қолға қарап тұр. Егінді  елдің іргесіне дейін егіп тастаған. Жанармай құны 300 теңгеден асып, аспандап кеткен”,-деп мәлімдеді депутаттық сауалында. 

Қазыбек Иса көптеген ауыл тұрғындары көтерем болып жатқан көп жылқысы көктемге жетпей қалуы мүмкін деп дабыл қағып жатқанын жеткізді.Осы орайда депутат мәселеге қатысты бірнеше ұсынысын айтты. 

  • Үкімет пен құзырлы министрлік, ведомстволар,  әкімдіктер   қазаққа қадірі артық жылқы малын аман алып қалу үшін арнайы "Жол картасын" жасауы қажет.
  • Бүгіндегі ең үлкен мәселенің бірі — шаруалар бейнеттеніп өсірген жылқысын лайықты бағасына сата алмауы. Сондықтан жылқы етін мемлекеттік сатып алу тізіміне міндетті түрде енгізу қажет. Тағамын таңдап ішер хан-сұлтандар мен  батырлардың сүйікті асы болған,  жеңіл қорытылуы мен  денсаулыққа пайдасы ғылыми  дәлелденген  текті жануар жылқы еті  тауық пен шошқа етінен кем болғаны ма?!. 
  • Үкімет  жылқыға субсидия беру мәселесін қайта қарауы тиіс. 
  • Жайылым мәселесі үшін мемлекеттік комиссия құрылып, жердің қаншалықты, қалай жаратылып жатқанын түпкілікті тексеріп, нақты шешу керек!
  • Сөз соңында Қазыбек Иса мал шаруашылығында құс тұқымдарына да, тіпті шошқаға да  субсидия бар, ал төрт түліктің төресі жылқыға мардымды субсидия жоқ екенін айтты.  

    “Республикалық бюджеттен 2023 жылы — жылқыға бар болғаны  52,9 миллион теңге бөлінсе, шошқаға — 2,1 миллиард теңге бөлінген. Яғни, шошқаға бөлінген қаржы жылқыдан 40 еседей көп… Еліміздің басым бөлігі жемейтін шошқа етіне деген соншалықты ерекше қамқорлықтың сыры неде?” ,- деді ол мәжілістің жалпы отырысында. 

    Депутат 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген өзгерістерге сәйкес, енді мал шаруашылығын субсидиялау төтенше жағдай жарияланған немесе гидрометеорологиялық қызмет растаған өңірде ғана және мал азығын дайындауға  теріс әсер еткен ауа райының қалыптан тыс жағдайлары болған кезде ғана берілетінін айтты.

    “Сонда қалай, шаруалар субсидия алу үшін ауа-райы қашан бұзылады деп аспанға қарап отыруы қажет пе, премьер Смайылов мырза? Бұл шарттар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау және шаруаларды өздерінің мал азығын дайындауға  ынталандыру мақсатында енгізілген екен. Бұлай жемқорлықты желеу етіп, үкіметтің субсидияны тоқтатып қоюның  кесірі өте ауыр болатынын ескертеміз. Бұл "Мәсісін жамау үшін кебісін кесіп алыпты" дегендей, кері кеткен мәселе болғалы тұр. Жемқорлықты жою керек, әрине. Ол құзыретті органдардың ісі”,- деп сөзін қортындылады ол. 


    Автор: Ербол Нурланов

    Ербол — талантливый фотограф, зафиксировавший красоту природы и городской жизни Казахстана. Его работы придают нашим материалам визуальное великолепие.