Abstract graphic steppe view drawn in the technique of rough brush. Vector landscape in calm colors

Тәуелділік жай ғана демалу мен босаңсудан басталады, бірақ аяғы ауыр дертке шалдықтырады. Атап айтсақ, ішімдікке, есірткіге деген әуестік және ойынқұмарлық. Қоғам дертіне айналған лудомания талай тағдырды ойран етті. Stan.kz тілшісі құмар ойынның құрбаны болған кейіпкерлермен сұхбаттасып көрді. 

©instagram.com/eravais/bekzat.maratovich

Алматылық Бекзат Байсафаров есірткі қолданып жүріп, қалай құмар ойынның құрбанына айналғанын айтып берді. Оның әкесі дәрігер, анасы орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызмет етеді. Мектепте озат, үлгерімі жақсы оқушы болса да, оның тура жолдан таюына аталғандардың ешқайсысы бөгет бола алмаған.

“Алматы қаласындағы О. Жәутіков атындағы физика-математика орта мектеп-интернатына түсуге дайындалып жүргенмін. Ол жаққа түсе алмай, орындардың сатып алынатынын білгенде үкіметтен, елдегі білім жүйесінен қатты көңілім қалды. Сөйтіп қырсығып оқымаймын деп шештім. Ілініп-салынып жүріп Нархоз универсиетінде оқып, финансисит мамандығын алып шықтым. 2010-2011 жылдары есірткі қолдана бастадым. Сол кездері өлең жазып, рэппен айналысып жүргенмін. “Барлық рэп орындаушы шөп шегу керек” деген ойда болдым. Уақыт өте мені есірткіге тәуелді бола бастадым. Сөйтіп досым екеуіміз Алматыға жолға шыққанда мені есірткімен ұстап алды. Достарым 200 мың теңге беріп, мені арашалап қалды. Бірақ бір айдың ішінде алған ақшамды қайтару керек болды. Ақшаны біреуден алып, екіншісіне қарыз боламын. Сөйтіп жүрсем де жұмыс істеп, ақша табу туралы ойламаппын. Бірде туған інім келіп әлеуметтік желіде ұтысқа ақша тігуге болатынын айтты”, – дейді Бекзат.

Құмар ойынға тәуелді адамдардың бір ерекше қасиеті бар. Олар өзге адамдарға сене алмайды. Ондай адамдар тек өзіне және өз ақылына ғана сенеді. 

Бекзатты інісінің бұл ойы қызықтырып, ол бұл жүйені жан-жақты зерттеп, ұтысқа салған ақшаны еселеудің жолын қарастыра бастайды. Сөйтіп алғаш рет бір түнде 36 мың теңге ұтқан. Айтуынша, бұл сома күннен-күнге өсе беріпті. Осылайша бір айда 1 миллион теңгеге дейін табыс тапқан. Бірақ ақшаны есірткі алып, қыздармен көңіл көтеруге жұмсаған. 

“2012-2013 жылдан бастап құмаройынға қызыға бастадым. Мен ойынқұмарлықтан гөрі әр нәрседен ләззат алғанды жақсы көретін адаммын. Иә, мен қолданған әдіс расымен ұтыс әкелді. Бірақ уақыт өте адам шыдамсызданып, сабыры кеткенде құмарлыққа салынады. Мен өзім жұмыс істеген, кездестірген ойынқұмар адамдар оның қатарында мен де бармын, өзін өте ақылды санайды. Бірақ істеген істері ақылды адамның әрекеттеріне ұқсамайды. Олардың қателігі де осында. Адам мектеп пен жоғарғы оқу орнын қосқанда 15 жыл білім алады. Сөйте тұра өзін біршама ғасыр бұрын пайда болған құмар ойынның жүйесінен ақылдымын деп санап, оған қарсы шығады. Оның артында бұл жүйені ойлап тауып, құраған қаншама данышпан адамдардың еңбегі жатыр”, – дейді Бекзат.

Құмарлық – адамды тәкаппар, сараң, қызба мінезді, арсыз болуға итермелейтін күш. Азарт – адамның шын бет-бейнесін көрсетуге кедергі болатын дүние.

Ойынқұмарлық кейіпкерді өмірде істемеген, тіпті ойына да алмаған әрекетке баруға мәжүр еткен. Бекзаттың айтуынша, ата-анасынан жырақта жүруі де дұрыс жолдан таюына себеп болған.

“Белгілі бір дүниеге деген құмарлықтан кейін тәуелділік сезімінің болуы заңдылық. Сол себепті адамдар өзін-өзі тоқтата алмай жатады. Мен ойынқұмарлыққа бас сұқпас бұрын үйде әлденені іздеп жүріп бір бума ақшаны көріп қаламын. Бұл жағдай бірнеше рет қайталанады. Бірақ мен ол ақшаға ешқашан тиіскен емеспін. Ойын ойнап, қарызға белшеден батқанда сол ақшаны ешкімге айтпай, ұрлап кеттім. Сол ақшаны ұрлап кеткенде әбден мазам кетті. Еш себепсіз бойыңды үрей билейді. Уақыт өте келе сол қорқынышқа үйреніп қаласың және оны іздейсің. Қорқыныш сезімін бастан өткергің келеді. Жаман жолға түсуіме сол уақытқа дейін үлгілі, тәртіпті бала болуым әсер еткен шығар деп ойлаймын. Өйткені ата-анамның менімен мақтанғанын қалайтынмын. Мүмкін өзіме назар аудартқым келген болар. Оқуға кеткен соң әке-шешемнен жырақта жүрдім, өзім би, өзім қожа болдым”, – дейді кейіпкер.

Бекзат 6 жылын құмар ойынмен өткізген. Ол құмар ойынға тәуелді адамның бір күні қалай өтетінін айтып берді. 

“Көбіне түс кезінде ұйқыдан тұрасың. Көзіңді ашқандағы ең бірінші “Ақшаны қайдан тапсам болады?”. Ұйқыдан өмір сүргің келмей, қорқынышпен оянасың. Қарызға ақша беретін адам іздеп, телефонда сақталған адамдардың тізімін ақтарасың. Бірақ біреуді алдасаң да, ақша табудың жолын табасың. Ақша тапқан соң ойынға тігесің. Ойынқұмар адам кейде ремиссияда болады. Мысалы, ақша болмай қалады, жақындары қарызын төлейді. Сол кезде оны ұяты мазалап, істегеніне өкінеді. Өзін кәнілі сезініп, ұяты мазалағаннан кейін бұл сезімдерден арылғанша ойын ойнамайды. Ремиссиядан кейін ойнағанның өзінде құмарлыққа емес, ақылға салып ойнайды. Мен осылай жүріп 6 жыл ойынқұмарлыққа тәуелді болдым”, – дейді кейіпкер өткенді еске алып.

  • "Ойынхана қаланың артықшылығы": Облыс әкімі Қонаевтағы казинолар қала шетіне көшірілмейтінін айтты
  • Қазақстанда 25 жасқа толмағандардың құмар ойын ойнауына тыйым салу ұсынылды

“Ата-анама ойынқұмар екенімді өзім айттым”

Ұлының былыққа батқанын әке-шеше баласының өз аузынан естіген. Алайда әкесі баласының құмар ойынның құрбанына айналғанына сене алмаған.

“Болған жағдайды әке-шешеме айтуға мәжбүр болдым. Ойынға тәуелді болмай тұрып бір қызбен кездесіп жүргенмін. Ол букмекерлік кеңседе жұмыс істейтін. Сөйтіп ол менің орныма ақша тікті. Нәтижесінде мен оған шамамен 800 мың теңге қарыз болдым. Оған көмектесуге міндетті екенімді түсініп, ата-анама барлығын айтуға мәжбүр болдым. Алғашында олар сенген жоқ. Соңында анам менімен бірге барып, қарызымды жапты. Бұл менің жақсы көретін қызым мен ата-анамның алдында алғаш рет жер болған сәтім еді. Ондай сәттер жиі болды. Өз үйіме терезеден ұрланып кіруім, ата-анамның мені өз үйімде жалғыз қалдыра алмауы, мені үйге кіргізбеген соң отын қоймада ұйықтауым, аштықтан үйге кірудің амалын жасау… Мұның барлығы мен үшін өте ұят нәрсе. Бірақ мен мұндай дәрежеге дейін құлдырамағанда тәуелділіктен арылуым екіталай еді”, – дейді Бекзат Маратұлы.

Ол тәуелділіктің кесірінен бірнеше рет өзіне қол салмақ болғанын да жасырмады. Бірақ қанша оқталса да батылы жетпеген. 

“Мен өте қорқақ адаммын. Қазір ойлап қарасам, өзімді тығырыққа тіреу үшін өмірмен қош айтыспақ болыппын. Адам тығырыққа тірелгенде оның миы белсенді жұмыс істеп, шешім іздеуге тырысады. Мен осылайша тығырықтан шығудың амалын жасадым. Менің ойымша, адам өзіне қол жұмсау үшін өте мықты болу керек. Менде ондай батылдық жоқ”, – дейді кейіпкер.

Бекзат тәуелділіктен өз бетінше арылуыға тырысқан. Алайда оның нәтижесі ұзаққа созылмады. 

“Бүгін емес, ертең ойнаймын” деп өзімді бір ай алдап жүрдім. Бір айдан соң шыдамай қайта әдетіме бастым. Өзімнің араласып жүрген таныстарыммен байланысымды үздім, телефон ұстамадым, спорттық бағдарламалар көретін болдым. Өзім үшін қауіпсіз орта жасауға тырыстым. Бірақ өзімді алдап жүргендей болдым. Тіпті әкем менің қарыздарымды жапқан кезде де міндетті түрде айтпай, жасырып қалатын бір болмашы берешек болады. Ол қарыз – тағы да ойнаудың сылтауы. Біреу қарызын сұрағанда қайтару керек деген оймен тағы да ойнайсың”, – деп ағынан жарылды кейіпкер. 

“Анам мені имамдар мен бақсы-балгерлерге апарды”

Бекзатты анасы имамдарға апарып, емдеуге тырысқан. Бірақ мұнысы бекершілік болып шықты.

“Анам имамдарға барып көруді ұсынды. Сөйтіп имамдардан бөлек, бақсы-балгерлерге бардық. Қазақ ырымшыл ғой. Әке-шешем ем-шараның бұл түрі көмектеседі деп ойлады. Бірақ мен бұған қарсы болдым. Имамға барып, емделуге ниетім де, ойым да болмады. Ойынқұмар адамдардың бір ерекшелігі олар ақылға сыймайтын дүниелерге сенбейді. Сену үшін оларға қандай да бір дәлел керек. Нәтижесінде ата-анамның бұл ойынан түк шықпады, имамдар көмектесе алмады”, – дейді Бекзат Байсафаров.

Кейіпкерімізді оңалту орталығына анасы жетектеп апарған. Алайда ол орталыққа тәуелділіктен арылу үшін емес, қарызын сұрап келушілерден құтылу үшін барады. Араға екі ай салып қарызын сұрап жүргендер Бекзатты орталықтан тауып алады. Полиция алаяқтық бойынша қылмыстық іс қозғаған екен. 

“Мен өзімнің түрмеге отыратынымды білдім. Өйткені мен қаншама адамнан қарыз алдым. Бірақ бәрі оңынан шешіліп, бостандық берілді. Орталыққа қайта оралғаныма қатты қуандым. Бұл жолы менің бар ойым тәуелділіктен арылу еді. 6 ай ем алдым. Сол уақыт ішінде көп нәрсе түйдім. Қазір тура жолдан тайып кетпес үшін тұрақты түрде психотерапевтке, анонимді топтарға барамын және менікіндей тәуелділігі бар адамдармен жұмыс істеймін. Ашуланғанда жақсылық жасаймын, әлдекімге ренжісем кешіруге тырысамын. Мұны да мен ем барысында үйрендім”, – дейді Бекзат. 

“Ойынқұмарлықтан бас тартқаныма 5 жылдан асты”

Бекзат Байсафаров бүгінде психолог мамандығы бойынша оқу орнын аяқтап, оңалту орталығында құмар ойынға тәуелділігі бар жандарға көмектесіп жүр.

“Ойынқұмар адамдар тұрақсыз болады. Мен көп жерде жұмыс істедім. Бірақ бір жылдан артық тұрақтай алмадым. Өзімді ең бірінші тұрақтылыққа үйреттім. Екіншіден, аз ақшаны қанағат тұтуды әдетке айналдырдым. Оңалту орталығында психолог, консультанттың жалақысы көп емес. Бастысы қажеттілігіме жетсе болғаны. Ойыннан, есірткі мен ішімдіктен бас тартқаныма 5 жылдан асты. Психолог мамандығы бойынша оқу орнын тәмамдап, қазір тәуелділігі бар науқастарға және олардың жақындарына көмектесіп жүрмін. Отбасы құрдым, қызым бар. Кезінде мен қанша адамның көз жасына қалдым, жылаттым, алдап кеттім?! Бірақ қазір өзім сияқты адамдарға көмектесіп, сауапты іспен айналысып жүрмін. Қазіргі менің айналысып жүрген ісімді келіншегім құптайды. Менімен мақтан тұрып, барынша қолдау көрсетеді”, – дейді Бекзат.

“Өткен өмірім туралы әйелім жақында білді”

Кейіпкеріміздің отбасы құрғанына 5 жылдан асты. Ол әйеліне өткен өмірі туралы қалай айтқанын баяндап берді. 

“2018 жылы қараша айында әйеліммен шаңырақ көтердім. Екеуіміз үйленеміз деп шешім қабылдағанда мен оған бұрын ойынға тәуелді болғанымды айттым. Сол кезде ол “Өткеніңіз маңызды емес. Бастысы бүгінде тәуелділіктен арылғаныңыз” деді. Бірақ тәуелділіктің кесірінен ұрлық жасағанымды, өтірік айтып, қандай алаяқтыққа барғанымды ашып айтпадым. Болған жағдайдың барлығын келіншегім осыдан бір жыл бұрын менің сұхбатымнан білді. Сол кезде ол қатты таңғалды”, – дейді Бекзат Байсафаров.

Кейіпкеріміз құмар ойынға тәуелді адамның қарыздары тек сол адамның жауапкершілігінде екенін айтып, лудомандарға және олардың жақындарына кеңес берді. 

“Жақыңыз ойынға тәуелді болса, бірден  маманмен сөйлесіп, емтетіңіз. Дер кезінде әрекет емдету қажеті. Өйткені әдетте, адамдар жақынын ондай жаман нәрселерге қимай, өзі үшін ақтап алып, болған жағдайға өзін кінәлап жатады. Ерте ме, кеш пе қанша жасырғанымен айналадағы адамдар ол туралы біледі. Ол адамның қарыздарын жабуға көмектеспеңіздер. Амалын тауып өзі құтылсын. Оның қарызын жапқаннан пайда жоқ. Берешектен құтылған соң ол өзін жұтып жібере жаздаған құрдымға өз аяғымен қайта барады. Ойынға тәуелді адам алдымен өзіне адал болу керек және басқа адамдарға сенуді үйренгені жөн.  “Ауруын жасырған өледі” демекші жақындарынан көмек сұрап, өзінің мәселесін жасырмай айтуы керек. Өзі айтпаса, кейбір жағдайлар мәжбүрлейді”, – деп білгенімен бөлісті Бекзат Байсафаров.

 

 
 

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

 
 
 

 
 

 
 
 

 
 

Публикация от Психолог Бекзат Маратович (@bekzat.maratovich)

“12 жасымда жақыным букмекерлік кеңсеге ертіп келді”

15 жыл құмаройынға тәуелді болған Ерік Жанділдә есімді азамат та өз оқиғасын айтып берді. Еріктің айтуынша, 12 жасында оны жақындарының бірі букмекерлік кеңсеге ертіп алып келген екен. 

“Ұтыс тігіп, ақша табуға болатынын 12 жасымда білдім. Жақын адамдарымның бірі мені букмекерлік кеңсеге алып келіп, осы жақтан ақша таба алатынымды, мұнда салық салынбайтынын айтты. Сонда 12 жастағы мен ұсақ-түйек қажетті заттарымды алу үшін осы жерден ақша табу керегін түсіндім. Өзім футболдың жанкүйерімін. Сол кезде Нидерланды Еуро-2008-де жеңіске жетеді деп алғаш рет 100 доллар тіктім. Ұтысқа ақша тіккендегі сезім мен бойымды билеген адреналин маған ұнап қалды. Мен кішкентай кезімнен қызуқанды едім, жеңілу дегенді білмейтінмін. Әке-шешем тамаққа деп берген ақшаны жинап, апта соңында букмекерлік кеңсеге барып, ұтысқа тігетінмін. Футболға деген қызығушылық, онлайн ұтысқа ұласты”, — дейді Ерік Жанділдә. 

Ол ұтыс арқылы ақша таба алатынына сеніп, жоғарғы оқу орнына да түспейді. Әкімші, сатушы-кеңесші болып жұмыс істеп, бар жалақысын ойынға салып жүреді. Ойынға тәуелді болып жүріп денсаулығы сыр берге Еріктің оң көзі мүлде көрмей қалады.

“Біз эмоция үшін ұтысқа ақша тігеміз. Бұл есірткіге тәуелділік сияқты. Ақша тіккенде сондай керемет сезімде боласың, көңіл-күйің көтеріледі. Ұтыста жеңсең өзіңді патша секілді сезінесің. Ал ойнамасаң өмір қызықсыз болып көрінетін. Тіпті ойнамай қойсаң алғашқы күндері қатты күйзеліске түсесің. Мен өзімді ұстай алмайтынымды түсініп, бар ақшамды анама беріп қойдым. Өйткені сол кездің өзінде менің үлкен сомада қарыздарым мен несиелерім бар еді. Уақыт өте мазам кетіп, ұйқым бұзылды, істеген істеріме өкіндім. Соңғы рет ұтысқа ақша тіккің келеді, бірақ өзіңді барынша шектейсің. Осылайша өзіңмен өзің күресесің”, – дейді кейіпкер.

“Қарызым 10 миллион теңгеден асты”

10 миллион теңгеден астам берешегі бар Ерік тәуелділіктің кесірінен  қандай күйге түскенін баяндады.

“Қатты қалжырадым, жас болсам да көзімде от болмады, ылғи шаршап жүретінмін, артық салмақ қостым, денсаулығым сыр берді, алға қойған арман-мақсатым да болмады. Сол сәтте ұтысқа қомақты қаража тігу туралы ой келді. Сөйтіп 2018 жылы менің микроқаржыдан, адамдардан алған қарыздарым, несием мен ломбардтан алған қарызым 10 миллион теңгеден асты. Күнде коллекторлар хабарласып, қарызын сұрайтын. Жұмысымда да түрлі мәселелер туындады”, – дейді ол.

Ерік Жанділдәнің айтуынша, оның ең үлкен қарызы 10 миллион теңге, одан бөлек адамдардан алған берешектері мен несиелері болған. Қарызын жабу үшін ол анасының пәтерін сатып жібермек болғанын да жасырмады. 

“Менің ең үлкен ұтысым – 8 миллион теңге. Сол кезде барлық қарызымды жауып тастауыма болатын еді. Бірақ ақшаны шешіп алмастан қайта ұтысқа салдым. Сөйтіп екі апта ішінде ол ақшадан да айырылдым. Сол кезде мені өз-өзіме қол салу туралы ойлар мазалады. 

“Бірде мынадай жағдай болды. Анам еден жуып, қосымша жұмыс істеп жүрген. Үйге келіп, 4 сағат еден жуып жүріп тапқан 5 мың теңгені менің қолыма ұстатты. Ал мен екі сағат ішінде 200 мың теңгені ойынға салып, жоқ қылдым. Сол кезде анамның алдында өзімді кінәлі сезіндім, қатты ұялдым. Ойынға тәуелді болып жүргенде отбасымызбен қара су мен қара нанға зар болатындай күйге жеттік. Үйде жерге ас таппай отырғанымызды біле тұра, 200-300 мың теңгені еш ойланбастан ұтысқа тігетінмін. Сыйлыққа деген ақшаны да еселеймін деп, ұттырып алған сәттер көп болды”, – дейді кейіпкер. 

“Әкем мен шешеме қарыздарымды жабуға көмектеспегені үшін ризамын”

Еріктің айтуынша, ата-анам оның  ұтысқа ақша тігіп жүргенімді бастапқы кезден-ақ білген. Бірақ оның соншалықты қауіпті нәрсе екенінен хабарсыз болған.

“Мен еш жасырмастан ұтысқа деп ақша сұрайтынмын. Алайда олар ұтысқа ақша тігудің не екенін, оның соңы тәуелділік пен лудоманияға әкеліп соғатынын түсінбеді. Арада 5-6 жыл уақыт өткенде олар менің ойынға тәуелді, ауру екенімді білді. Себебі үйге қарызын сұрап келетін адамдар көбейді. Әкем мен шешеме менің қарыздарымды жабуға көмектеспегені үшін ризамын. Әкем өз мәселемді өзім шешуге итермелеп, тек рухани тұрғыдан қолдау көрсететінін, яғни жақсы психотерапевт маман жалдап, емделуге көмектесетінін айтты. Егер олар менің қарызымды жауып бергенде мен әлі сол құрдымнан шыға алмай, ойнап жүре беретін едім. Тәуелділіктің кесірінен көп достарымды жоғалттым. Жанымда ең жақын деген 2-3 досым ғана қалды”, – дейді Ерік.

Ойынқұмарлықтың салдары:

  • Ойынға 15 жылымды сарп еттім;
  • Жоғарғы білімім жоқ, тоқырауға түстім;
  • Ортам бұзылды;
  • Қалай өмір сүру керегін білмедім;
  • Барлығына өтірік айтып, алдадым;
  • Жеке өмірім болмады, жалғыз қалдым;
  • Сатушы-кеңесші болып жұмыс істеп, айына 150 мың теңге жалақы алдым;
  • Оң көзімнен айырылдым;

“Ең қиыны өзіңнің лудоман екеніңді мойындау”

Кейіпкеріміз өмірде мүмкін емес және шешімі жоқ дүниелердің болмайтынын дәлелдеді. Ерік өзін бұл құрдымнан қалай шыққанын және оған кім көмектескенін баяндады.

“Менің Тимур есімді сыныптасым бар, екеуіміз мектеп кезінен доспыз. Мен Тимурды үлгі тұтатынмын. Екеуіміз жақсы дос болдық, бірақ ол мүлдем басқа өмірді таңдады. Тимур 19 жасында Канададағы университетке оқуға түсіп, шетелге кетеді. Ол оқуға кеткен соң біз хабарласып тұрдық, 4 жыл байналысымызды үзбедік. Бастапқыда мен оған лудоман болып кеткенімді, қарызымды өтей алмай жүрген қарыздарым барын айта алмадым. Ойынды тастағанымды айтып, оны ұзақ уақыт алдап жүрдім. Ең қиыны өзіңнің ойынға тәуелді екеніңді мойындау”, – деп ағынан жарылды кейіпкер.

Ол араға 5 жыл салып, досына бар шындықты жайып салады. Өзінің құрдымда жүргенін, адамдардан алған үлкен қарыздары барын, сондай-ақ көмек керегін мойындаған

“Тимурдан көмек сұрап, ойынға тәуелді болғым келмейтінін айттым. Ол менімен жұмыс істеуді бастап кетті. Оған “қарыздарымды жауып берші” деп ишара білдірген кездерім де болды. Бірақ ол маған үзілді-кесілді “жоқ” деп жауап берді. Ал менің бар ойым, оңай ақша табу болды. Жұмыс істеп, дамығым келмеді, адамдарды оңай алдай саламын, кітап оқымаймын, спортпен де айналыспадым. Екеуіміз видео арқылы сағаттап әңгімелесеміз. Тимурдың айтқандарын бар ынтаммен тыңдап, ұғып алуға тырыстым. Ол маған қарыздан қалай құтылудың жолдарын айтып, қаржылық сауаттылықтан сабақ берді”, – дейді Ерік.

Сол кезде ол маған ең басты сөздерді айтты.

“Өзіңді құрбан етіп көрсетуді қой. Нені өзгерткің келсе де, ешқашан кеш емес. Күн сайын сенің алдыңда таңдау тұрады: газдалған сусын ба әлде су ма, кітап оқисың ба әлде достарыңмен кездесіп, уақыт өткізесің бе, таңертең тұрып жүгіресің бе әлде түске дейін ұйықтайсың ба? Дұрыс таңдау жаса, сонда өмірің де жақсы жаққа өзгереді. 

Еріктің өз тәуелділігін мойындау жолында жасаған ең үлкен қадамы – YouTube желісіде өзінің лудоман екенін айтып, өз оқиғасын бөлісуі. Осылайша кейіпкеріміз көпшіліктен қолдау тауып, өзінің өмірлік миссиясын анықтады. 

“Басқалар менің қателігімді қайталамасын деген мақсатта жақсы жаққа өзгеріп, кітап оқып, спортпен айналыса бастадым. Бос уақытым болса ойынға кетіп қалатындай болдым. Сол себепті үйге қалжырап келіп, ұйқыға жататындай жұмыс істеуге көштім. Қолыма түскен ақшаны анама бердім, букмекерлік кеңселердегі аккаунттарымды бұғаттап тастадым, ешкімге өтірік айтпауға бел байладым, қарыздарымды мойындап, 5 жыл ішінде өтеймін деп шештім. Сөйтіп қарыздарды ойламай, ел қатарлы өмір сүре бастадым. Бұл маған қатты көмектесті”, – дейді кейіпкер.

Лудоманның қателігі

“Ұтысқа ақша тігу арқылы табыс табу мүмкін емес. Ол жай ғана көңіл көтеру, уақыт өткізу. Бірақ ойынқұмар адам оны табыс көзі деп ойлайды. Қазір мен өзім сияқты адамдарға тәуелділіктен арылуға көмектесемін. 5 жылда 10 мыңға жуық адамдармен сөйлесіп, көбіне көмектестім деп айта аламын. Егер нәтиже шығара алмаса, адамдарға көмектесе алмасам бұл іспен айналыспас едім. Мүмкін емес дүние жоқ”, – дейді Ерік Жанділдә. 

 

 
 

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

 
 
 

 
 

 
 
 

 
 

Публикация от Ерик Жандильда | Голос Лудоманов | Ставки Зло (@eravais)

Бұған дейін актер Еркебұлан Тоқтар құмар ойынға тәуелділігі бар жандарға кеңес берген еді.


Автор: Гульжан Оразбаева

Гульжан — исследовательница жизни и достижений знаменитых личностей Казахстана. Ее статьи позволяют читателям взглянуть на страну через призму вкладов ее ярких представителей.