Ұлттық экономиканың БӘсекеге қабілеттілігінің теориялық аспектері мәселелері



жүктеу 117.04 Kb.
Дата20.12.2018
өлшемі117.04 Kb.

ӘОЖ 330.580

ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКАНЫҢ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІГІНІҢ

ТЕОРИЯЛЫҚ АСПЕКТЕРІ МӘСЕЛЕЛЕРІ
С.Р. Нарматов

Л.И. Молдатаева

М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Тараз

Мақалада «Экономикалық теория» ғылымының қазіргі таңдағы өзекті теориялық мәселесі қарастырылған. Авторлар ұлттық экономи-каның бәсекеге қабілеттілігінің методологиясын қарастыра отырып, альтернативті көзқарастарды талдап, мәселе төңірегінде өз пікірлерін ортаға салады. Мақала экономикалық ғылымның методологиясын игеруші оқырмандар мен магистранттарға арналған.

Түйінді сөздер: экономикалық теория, ұлттық экономика, альтернативті көзқарас, методология.
Нарықтық экономиканың артықшылығы оның шаруашылық механизмінде «көрінбейтін қол» деп аталатын баға, пайда, бәсеке күресі, өндіріс шығындары, сұраным мен ұсыным түріндегі шаруашылық тұтқаларының тиімділігімен байла-нысты. Еркін нарықтық кеңістікте бұл экономикалық тұтқалар экономиканы өздігі-нен тәп-тәуір реттеп, экономикалық пропорцияларды оптимальді қалыптастырып, қажетті ресурстарды оңтайлы үлестіріп отырады.

Осы тұтқалардың арасында бәсеке күресінің орны ерекше. Бәсеке күресі бүтін-дей экономикаға және әрбір жекеленген шаруашылықтарға қуатты импульс беріп, алға жетелеп отырады. Сондықтан бәсекеге жалпы қабілеттілігі, әсіресе өндіріліп жатқан өнімінің бәсекеге қабілеттілігі жоқ экономика тиімді дами алмайды, ал оның дамуы тұрақты бола алмайды. Бұл - теория мен тәжірибенің әліппесіндегі аксиома.

Ал бәсекеге қабілеттілік субъективті, мақсатты іс-әрекеттердің нәтижесінде қалыптастырылып отырады.

Теориялық талдауда бүкіл экономиканың және жекеленген шауашылықтардың (фирмалардың) бәсекеге қабілеттілігі бөлек талданады. Біз осы мақалада ел эконо-микасының бәсекеге қабілеттілігі мәселесі төңірегінде өз ойларымызды ортаға салып отырмыз.

Әдетте қарапайым ой деңгейінде бәсеке жекеленген шаруашылықтардың немесе елдердің экономикаларының өзара жарысы түрінде түсініледі. Бірақ бәсекенің мәні одан анағұрлым терең және мазмұны құрамды. Бәсеке күресі - ол негізінен алғанда өмір мен өлім мәселесі шешілетін арпалыс, яғни аман қалу, нарықтық кеңістікте өз орнын сақтап қалу, бәсекелестерін нарықтан ығыстыру үшін арпалыс. Бәсеке күресінен ұтылуға болмайды, өйткені ұтылысқа орын бергендер меншігінен айырылады, нарықты тастап кетуге, жалдамалы жұмысшылар қатарына қосылуға мәжүр болады. Сондықтан бәсекенің ерекше қасиеті - ол шаруашылық иелерін жанталастырып қызмет атқаруға, оларды өздерінің барлық мүмкіншіліктерін іске асыруға мәжбүрлеп отырады. Сондықтан бәсеке экономикалық прогрессті объективті қамтамасыз етіп отырады.

Қазіргі заманғы мәселелердің ішінде ел экономикасының бәсекеге қабілетті-лігін қалыптастыру теория мен қоғамдық тәжірибенің аса маңызды мәселесі болып табылады. Халықаралық ұйымдар (Әлемдік экономикалық форум; ОЭСР, ЮКТАД, ЮНИДО, Дүниежүзілік банк), мемлекеттік органдар, ғалымдар, корпорациялар мен аймақтық және салалық ассоциациялар түріндегі корпоративті бірлестіктер бәсекеге қабілеттілікті арттыру мәселелерімен үнемі шұғылданып келеді. Ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыру тек ұлттық экономикада ғана емес, барлық халық-аралық экономикалық интеграцияларда да басты назарда ұсталады. Өйткені, бәсекеге қабілеттілік прогресс пен экономикалық өсудің тірегі, сондықтан оны қолдап отыратын, нығайтатын барлық инфрақұрылымдарды қамтамасыз ету қажет. Егер елдің бәсекеге қабілеттілігі жоқ немесе нашар болса, онда ол елді дамыған деп айтуға негіз болмайды, оның әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрақты бола алмайды.

Қазіргі статистикаға үңілсек, әлемдегі 200-ден астам елдің ішінде ¼ ғана (53 мемлекеттің) нағыз бәсекеге қабілеттілігі бар екен. Осы елдер «дамыған мемлекет-тер» деп аталады, олардың үлесіне әлемдік өндірістің, сауда мен инвестицияның 95% тиеселі. Ал басқа жүздеген мемлекеттер ғасырлар бойы ашаршылық пен кедейшілікті ауыздықтай алмай келеді.

Экономикалық ғылым өкілдері елдің бәсекеге қабілеттілігі туралы әрқалай көзқарастар ұсынады. Мысалы, Интернет Укипедиясында келесі анықтама берілген: Ұлттық бәсекеге қабілеттілік - көп мағыналы термин, ол көп жағдайды білдіреді:

- экономикалық өсудің биік қарқынын қамтамасыз етудегі елдің қабілеттілігін;

- осы елдегі өндіріс факторларының өнімділігінің деңгейін;

- осы ел компанияларының белгілі бір халықаралық нарықтарда бәсекелесе алу қабілетін.

Америкалық ғалымдар М.Эрлих пен Дж.Хайн осыдан 40 жыл бұрын «елдің бәсекеге қабілеттілігі сол мемлекет өз тауарларын сата алу қабілетімен анықталады» деген пікірді ұсынған. Бәсеке теориясының аса көрнекті маманы М.Портер «мемлекетке байланысты айтылатын бәсекеге қабілеттілік ұғымы анық емес, тіпті бәсекеге қабілетті ел деп кімді айтуға болады?» - дейді. Сұрақты осылай көлденеңі-нен қойып, осы сұраққа былай деп жауап қайырады: «ел деңгейіндегі бәсекеге қабілеттілік концепциясы (тұжырнамасы - біздің курсив) ресурстарды қолданудың жемістілігіне негізделуі тиісті» [1]. Майкл Портер мемлекеттердің бәсекеге қабілет-тілігін анықтау бағытында көп тер төкті. Ол өзінің теориясында бәсекеге қабілеттілік ұғымын мемлекетке де, жекеленген фирмалар мен кәсіпорындарға да байланысты қарастырды. Ресми халықаралық экономикалық ұйымдардың ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігі туралы анықтамалары М.Портердің анықтамасымен үндестік танытады.

Америкалық ғалымдар Д.Доллар мен Э.Вульф жоғары технологиялардың еңбек өнімділігі негізінде халықаралық саудада, биік табыстар мен жоғары жалақыға қол жеткізген елді бәсекеге қабілетті ел деп айтуға болады дейді. Ал америкалық басқа ғалым М Данн ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігі оның бейімділігінен, яғни құрылымдық өзгерістерді алдын ала байқай алу және соларға бейімделе алу қабілеттілігінен көрініс табады дейді [2].

Белгілі экономист Пол Кругман «ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігі» ұғымының мазмұны ресурстардың өнімділігіне тірелгеніне қарамастан, экономика-лық саясатта бұл ұғымды пайдалану қателік, келесі себептермен байланысты тіпті қауіпті деп есептейді:

- назарды елдің бәсекеге қабілеттілігіне шоғырландыру кезінде кездесіп қалуы мүмкін қиыншылықтардың басым көпшілігі ішкі факторлармен байланысты екендігі ескерілмейді;

- бәсекелес мемлекеттердің образы эмоционалдық деңгейде халықаралық сауда теориясының тұжырымдарын талқандайды (ел байлығы халықаралық маман-дандыру мен салыстырмалы артықшылықты пайдалануды). Демек, «ұлттық эконо-миканың бәсекеге қабілеттілігі» тұжырнамасын қолдау протекционизм мен сауда «соғысына» алып келеді;

- коммерциялық фирманың орнына мемлекетке байланысты «бәсекеге қабілет-тілік» ұғымын қолдану метафора болып табылады, себебі фирмаға қарағанда мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігінің өлшемі жоқ және банкрот болған жағдайда ол фирма сияқты жойылмайды;

- халықаралық бәсекеге қабілеттікке акцент жасау ұлттық экономиканың өнімділігі шамалы салаларын қолдау жасауға алып келуі мүмкін және де өз кезегімен оның өмірлік стандарттарының төмендеуіне соқтыруы мүмкін.

Өзінің талдауларын қорыта отырып, П.Кругман былай дейді:

«Өкінішке орай, жақсы экономикалық саясат құрастыру мақсатында бәсекеге қабілеттілік риторикасын қолданатын экономистер оның орнына нашар идеялар мүддесінде өздеріне сенімді пайдаланды... Сондықтан шындықты айтайық: бәсекеге қабілеттілік ұғымы ұлттық экономикаға байланысты айтылғанда мәні мен мағынасы жоқ сөз» [3].

П.Кругманның айтқандарымен келісуге болмайды. Экономиканың бәсекеге қабілеттілігінің өлшемдері бар, сол өлшемдер негізінде халықаралық экономикалық ұйымдар елдердің бәсекеге қабілеттілігі мен ақуаттылығы рейтингсін жасап жүр. Экономиканың бәсекеге қабілеттілігінің материалдық және материалдық емес, өндірістік және өндірістік емес көптеген критерийлері бар. Мысалы Әлемдік Давос экономикалық форумы 330 критерийді басшылыққа алады.

Экономиканың бәсекеге қабілеттілігі технико-экономикалық және коммерция-лық көрсеткіштерден басқа, ең бастысы, әлеуметтік-экономикалық сипаттамалары-мен анықталады. Әрине, біз негізгі болып есептелетін технико-экономикалық және коммерциялық көрсеткіштерді есептен мүлдем алып тастаудан аулақпыз. Сөзсіз, ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігі оның өндірістік аппаратының сапасы-мен, технологияларының сипатымен, жұмысшы күшінің сапасымен және тағы басқа технико-экономикалық көрсеткіштерімен анықталады. Дегенмен, ұлттық экономика-ның бәсекеге қабілеттілігі негізінен алғанда экономикалық саясаттың ғылыми деңгейімен, сауаттылығымен, қалыптасқан нақты жағдайды және асқақ мақсаттарды дәл шеңберлеп, болашақты дұрыс бағалай алатын, халықты сол биік мақсаттарға жұмылдыра алатын, ғылыми негізделген қысқа және ұзақ мерзімді Стратегия қалып-тастыра алатын басқарушы органдардың қабілеттілігімен анықталатынын ұмытпаған жөн. Басқарушы билік ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігінің қайнар көз-дерін дәл анықтауы тиісті. Мысалы, Қазақстан Республикасында оның қайнар көздері ретінде төмендегі факторлар ескерілді (бәсекеге қабілеттілік артықшылықтары), елдің географиялық орналасуы, табиғи ресурстардың бай қорының болуы, оларға халықаралық бағалардың қолайлы қалыптасуы, пәрменді дипломатиялық әрекеттер арқылы халықаралық қатынастар жүйесіне кіру, әлемдік нарыққа интеграциялану, экономикаға молынан сыртқы және ішкі инвестицияларды тарту және т.б. Уақыт біздің елдің бағыты мен қадамдарының дұрыс екендігін дәлелдеді. Осы аталған факторларды ұтымды пайдаланудың нәтижесінде еліміз қысқа мерзім аралығында әлемнің 50 неғұрлым бәсекеге қабілетті елдерінің қатарына ресми қосылды [4].

Әрбір елдің бәсекеге қабілеттілігінің артықшылықтары болады. Сол артықшы-лықтарды төрт топқа бөлуге болады:

1. Ресурстық артықшылықтар;

2. Технологиялық артықшылықтар;

3. Құрылымдық артықшылықтар;

4. Мемлекеттік экономикалық саясаттың тиімділігіндегі артықшылықтар.

Ресурстық бәсекелестік артықшылықтардың негізінде экономиканың өндіріс-тік факторлармен қамтамасыз етілуі және оларды қолдану тиімділігі дәрежесі артық-шылықтары жатады (яғни табиғи ресурстармен, еңбек ресурстарымен, жер және капиталмен).

Технологиялық артықшылықтарға бір немесе бірнеше салаларда, тіпті бүкіл елдің технологиялық лидерлігін қамтамасыз ететін бәекелестік артықшылықтардың білім ресурстары, технологиялық ресурс, инвестициялық ресурс сияқты факторлары жатқызылады.

Құрылымдық артықшылықтарға заманауи ҒТП-ң талаптарына, интеграциялау және диверсификациялау (әртүрлендіру) принциптері негізінде тиімді ұйымдастыру құрылымдары қалыптастырылған, өндірістік процесс ұтымды ұйымдастырылған экономиканың прогрессивті құрылымы жатады.

Мемлекеттік экономикалық саясаттың тиімділігіндегі артықшылықтарға келе-тін болсақ, Малайзияның, Оңтүстік Кореяның, Қытайдың, Мексиканың, Индияның, Канаданың, әрине Қазақстанның тәжірибесі мемлекеттік экономикалық саясаттың орасан зор әлеуеті бар екендігін дәлелдеді. Әсіресе Қытай мен Қазақстан Респуб-ликасының әлемдік дағдарыс жағдайының өзінде басқаларға қарағанда салыстыр-малы биік қарқынмен дамуы дәлел бола алады. Мысалы, Қытай Халықтық Респуб-ликасы әлемдік дамуда рекорд жасады, 1978 жылдан бері бұл елдің экономикасы оңды экономикалық өсумен сипатталуда. Оған дейін әлемнің ешбір елі мұндай ұзақ мерзімді оңды экономикалық өсуді қамтамасыз ете алған емес. Біздің ойымызша, Қазақстан Республикасы да ұзақ мерзімді оңды экономикалық өсуді қамтамасыз етеді деп айтуға толық негіз бар. Ол негіз - «Қазақстан-2050» Стратегиясымен және басқарушы элита мен бүкіл халықтың осы стратегияны табанды жүзеге асыруға деген құлшынысы. Біздің елде сауатты жасалған ұзақ мерзімді стратегияны жүзеге асырудың өнегелі тәжірибесі бар. 1997 жылы «Қазақстан-2030» Стратегиясы қабыл-данған кезде, таяу және алыс көршілеріміз оның орындаулуына үлкен күмән білдірген еді. Табанды жүзеге асырудың және халықтың қажырлы еңбегінің негізінде «Қазақстан-2030» стратегиясының көптеген негізгі көрсеткіштері мерзімінен бұрын орындалды. Міне, сондықтан еліміз жаңа, бұрынғыдан да биік мақсаттар шеңберлен-ген «Қазақстан-2050» Стратегиясын қабылдап, оны табанды жүзеге асыруға кірісіп кетті. Еліміздің мақсаты - экономикалық қуатты және әлемдік бәсекеге неғұрлым қабілетті 30 елдің қатарына қосылу. Елбасы Н.Ә.Назарбаев осы міндетті орындау үшін еліміз экономикасын терең диверсификациялап, жаңа технологиялық негізде бүкіл экономиканы жаңғырту, ол үшін ғылым мен техниканы пәрменді дамыту, инвестициялардың басым бөлігін өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағыттау, сол арқылы ІЖӨ-гі өңдеу салаларының өнімінің үлесін 50%-ға дейін арттыру, экономикаға жаңа техникалық жабдық пен технологияларлы ендіру негізінде еңбек өнімділігін еселендіріп арттыруға, яғни қазіргі 24,5 мың доллардан 126 мың долларға дейін өсіру міндеттерін шеңберлеп берді [5]

М.Портер экономика жекеленген компания немесе адам сияқты белгілі бір сфераға мамандануы мүмкін деп есептеді, мысалы, халық тұтынатын тауарларды өндіруге, немесе арнайы микрочиптерді өндіруге, немесе т.с.с. Экономика диверси-фикациялануы немесе белгілі бір сфераға шоғырлануы да мүмкін. М.Портердің пікірі бойынша, бәсекеге қабілеттіліктің 4 сатысын ажыратуға болады:

- факторлармен анықталатын саты;

- инвестициялармен анықталатын саты;

- инновациялармен анықталатын саты;

- байлық сатысы [6].

М.Портердің осындай көзқарасына сәйкес мемлекеттер бәсекеге қабілеттілік-тің осы сатыларынан өтуі мүмкін және мемлекеттердің жетістіктері осы сатылардан қалай өткендігіне тәуелді.

Ресей ғалымы В.Кушлин бәсекеге қабілеттіліктің үш деңгейі бар деп дұрыс пайымдап отыр:

- микродеңгей, яғни жекеленген кәспорындардың деңгейі (өнімдер мен қыз-меттердің нақты түрлері);

- мезодеңгей, яғни салалардың, корпоративті бірлестіктердің, салалық кешен-дердің деңгейі;

- макродеңгей, яғни жекеленген елдердің ұлттық шаруашылықтары [7].

Микродеңгей - ол бәсеке күресінің соңғы сатысында нәтижелері көрініс таба-тын қарапайым деңгей.

Мезодеңгей - белгілі бір нақты тауарлардың бәсекеге қабілеттлігі қалыптаса-тын сфера. Ол жаңа технологияларды және шаруашылық процестерін ұйымдас-тырудың жетік формалары мен тәсілдерін және басқа факторларды ендірумен байланысты.

Макродеңгей - ол фирмалардың максималды тиімді қызмет атқаруына, олар-дың оңды динамикасы мен әлеуметтік тұрақтылығына жағдай жасайтын, кәсіпорын-дар мен фирмалардың, олардың корпоративті бірлестіктерінің, салалық кешендердің бәсекеге қабілеттілігін қалыптастыратын, олардың өзара әрекеттесуі мен мемлекеттік және қоғамдық институттармен әрекетесуін қамтамасыз ететін негіз.

Біздің еліміздің экономикалық бәсекеге қабілеттілігін алдыңғы қатарлы 30 елдің деңгейіне дейін көтеру үшін экономиканың бәсекеге қабілеттілігінің барлық факторларын пайдалануымыз керек. Ондай қанша фактор бар, дәл санап беру қиын шаруа. Кейбір авторлар олардың саны 192 деп жорамал айтады. Ал Әлемдік эконо-микалық форум 330 көрсеткіштерді басшылыққа алады, оларды келесі жиынтық топтарға ажыратады:

- елдің жиынтық қуаты (экономикалық әлеуеті);

- интернационализация - халықаралық қатынастарға, әлемдік саудаға және инвестициялық ағымдарға қатысу дәрежесі;

- үкімет - мемлекеттің ынталандырушы ролі;

- қаржы - капитал нарығының қызмет атқаруы және қаржылық қызметтердің сапасы;

- инфрақұрылым - бизнестің базалық қажеттіліктеріне ресурстардың сәйкес-тілігі;

- басқару, инновациялар, пайдалылық, өзгермелі жағдайларға бейімділік;

- ғылым мен технология - Ғылыми-ізденіс және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың (ҒІТКЖ- НИОКР) әлеуеті мен нәтижелілігі;

- адамдар - еңбек ресурстарының саны мен сапасы.

Еліміздің экономикасының бәсекеге қабілеттілігі осы аталған факторлардың өзара әрекеттесуі, ұйымдастыру қабілеті мен экономиканың қызмет атқаруы тиімді-лігімен анықталады.


Әдебиет
1 Эксперт. - 2006. - №48.

2 Бизнес и Власть. - 2007. - №1.

3 Интернет. Википедия.

4 Назарбаев Н. «Қазақстандық жол - 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ». Елбасының 2014 Жолдауы.

5 Сол жерде.

6 Портер М. Конкуренция. - Спб., 2001. - 176 б.

7 Кушлин В. Движущие силы эволюции национальной экономики // Экономист. - 2003. - №8.

ПРОБЛЕМЫ КОНКУРЕНТОСПОСОБНОЙ НАЦИОНАЛЬНОЙ

ЭКОНОМИКИ В ТЕОРЕТИЧЕСКОМ АСПЕКТЕ
С.Р. Нарматов

Л.И. Молдатаева

Таразский государственный университет им. М.Х. Дулати, Тараз
В статье рассмотрена современная актуальная проблема научной дисциплины «Экономическая теория». Авторы, рассматривая методологию конкурентоспособ-ности национальной экономики, сделали экскурс по альтернативным точкам зрений, предложили свою позицию по рассматриваемой проблеме. Статья предназначена для широкого круга читателей и магистрантов, интересующихся методологией экономи-ческой науки.
Ключевые слова: экономическая теория, национальная экономика, альтер-нативная точка зрения, методология.

NATIONAL COMPETITIVE CHALLENGES

ECONOMY THEORETICAL ASPECTS
S.R. Narmatov

L.I. Moldataeva



Taraz state university of a name of M.Kh. Dulati, Taraz
In article the modern actual problem of scientific discipline "Ekonomichesk the theory" is considered. Authors, considering methodology of competitiveness of national economy, made digression on alternative points of view, offered the position on a considered problem. Article is intended for laymen and the undergraduates who are interested in methodology of economic science.
Keywords: ekonomichesk the theory, national economy, an alternative point of view, the methodology.
Каталог: rus -> all.doc -> Vest 2014-1
Vest 2014-1 -> Электронды оқыту технологиясының МҮмкіндіктері
Vest 2014-1 -> Текстильным материалам
Vest 2014-1 -> Аса-талас өзендері алабында суармалы жерлердің экология-мелиоративтік жағдайы
Vest 2014-1 -> Қытай және жаһандық басқарудың негізгі мәселелері
Vest 2014-1 -> Әож 37. 013. 41/. 77 ТӘрбиенің жеке тұЛҒа дамуындағы мәНІ
Vest 2014-1 -> М. Х. Дулати мұрасы қазақ Ғалымдарының зерттеу нысанында
Vest 2014-1 -> Шайынды суларды тазартуда су өсімдіктерін пайдалану мүмкіндігін зерттеу


Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет