Ұлттық табиғи саябақтар



жүктеу 250.85 Kb.
Дата15.09.2017
өлшемі250.85 Kb.

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министірлігі

А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті

Экология кафедрасы



Ұлттық табиғи саябақтар
Ерекше қорғалатын аумақтар пәнінен әдістемелік нұсқау

Қостанай, 2012

Құрастырушы:

Хасанова Айгуль Исахмедовна экология кафедрасының аға оқытушысы


Рецензенттер:

Блисов Т.М. экология кафедрасының доценті, а.ш.ғ. қ.

Жокушева З.Г. экология кафедрасының аға оқытушысы
Хасанова А.И.

Ерекше қорғалатын аумақтар пәнінен әдістемелік нұсқау

Костанай, А.Байтурсынов атындағы ҚМУ. 2012,- 18б..

5В060800 - Экология мамандықтары бойынша оқитын студенттерге арналған


Әдістемелік нұсқауда ерекше экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық құндылығы бар Мемлекеттiк ұлттық табиғи парктер туралы мәліметтер, анықтамалар және парктерді сақтау жөніндегі іс –шаралар қарастырылған.


Аграрлы- биологиялық факультеттін оқу-әдістемелік кеңесімен

__ __ 2012 ж. мақұлданған хаттамасы №

Мазмұны


Кіріспе...............................................................................................................4

  1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар...................................................5

2 Ұлттық табиғи саябақтар..............................................................................6

3 Мемлекеттiк ұлттық табиғи парктер  пайдалану режимі..........................7

4 Мемлекеттiк ұлттық табиғи парктердiң туристiк

және рекреациялық қызметiнiң ерекшелiктерi..............................................8

5 Елімізде гі ұлттық табиғи саябақтар.........................................................10

Қолданылған эдебиеттер тізімі......................................................................16

Кіріспе
Адам мен табиғат қарым қатынасы өте күрделі. Бір жағынан адам табиғат қорларын тұтынушы болса,екінші жағынан, өзі өзгерткен ортада өмір сүріп, ондағы кері өзгерістердің зардабын таратушы ретінде саналады. Бұдан адам қоғамының табиғаттан тыс өмір сүре алмайтыны белгілі. Адам мен ортаның динамикалық бірлігі неғұрлым жоғары болса, әлеуметтік-экономикалық дамудың табиғи негізі соғұрлым оңтайлы.


Ұсынылған әдебиеттер

1.Оспанова Г.С., Бозштаева Г.Т.Экология оқулық Алматы: Экономика,2002ж. -405 бет.

2. Жатқанбаев Ж.Ж. Экология негіздері. Оқулық Алматы Зият 2003ж. -212 бет.



3. Ақбасова А.Ж. Саинова Г.Ә. Экология оқу құралы –Алматы: Бастау -2003ж. 292 бет.

4. Қазақстан Республикасының 2004-2015 жылдарға арналған экологиялық қауiпсiздiгi тұжырымдамасы

5. Қазақстан Республикасы 2006 ж. 7 шілдесінде қабылданған «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы Заң.

6. Брагина Т.М. Особо охраняемые природные территории Казахстана, Костанайский Дом печати, 2007г.



1 Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар

Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар – қоршаған табиғи ортаны қорғауға байланысты мемлекет және жеке адамдар тарапынан арнайы бөлініп қорғауға алынған жер телімдері мен су айдындарының жеке бөлімдері. Қазіргі кезде дүние жүзінде Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың саны 13 мыңнан асты, бұл Жер бетінің 8,5 %-ына тең. Халықар. жіктеу бойынша Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар 10 топқа бөлінеді:

1. Қатаң түрде қорғалатын табиғи резерваттар;

2. Ұлттық саябақтар;

3. Табиғат ескерткіштері мен табиғаттың ерекше көрікті нысандары;

4. Табиғат қорғауға арналған резерваттар;

5. Қорғалатын ландшафтылар;

6. Табиғат ресурстарын сақтауға арналған резерваттар;

7.Антропол. резерваттар (адамның іс-әрекеттерімен жасалған нысандарды қорғау);

8. Жергілікті жердің өзіне тән табиғаты қорғалатын және түрлі мақсатта пайдаланатын аумақтар;

9. Биосфералық резерваттар;

10. Бүкіләлемдік маңызы бар тарихи және табиғи орындар.
Қазақстан Республикасы 2006 ж. 7 шілдесінде қабылданған «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Заңының 4-тарауының 4-бабында респ. маңызы бар Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы түрлері: мемлекеттік табиғи қорықтар; мемлекеттік ұлттық табиғи саябақтар; мемл. табиғи резерваттар; мемлекеттік зоология саябақтар; мемлекеттік ботаникалық саябақтар; мемлекеттік дендрол. саябақтар; мемлекеттік табиғат ескерткіштері; мемлекеттік табиғи қорықшалар; мемлекеттік қорықтық аймақтар. Қазақстан бойынша Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға: 10 мемлекеттік қорықтар, 10 мемлекеттік ұлттық саябақтар; 3 табиғи резерваттар; 49 табиғи қорықшалар, 127 геологиялық табиғи-қорықтық қор, 5 қорықтық аймақ, 6 ботаникалық және 3 зоологиялық бақтар, 26 мемлекеттік табиғат ескерткіштері, 2 ірі резерват (Семей, Ертіс орманы) бар. Бұлардың жалпы аум. 2 млн. га-дан астам. Бұл көрсеткіш республиканың жалпы жер аум-ның 8%-ына тең. Халықар. стандарт бойынша әрбір мемлекеттің жалпы жер аумағының 10 – 12%-ы Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға бөлінуі тиіс. Мыс., мұндай көрсеткіш Германияда 31,5%, АҚШ-та 15,8%, Жапонияда 14%, т.б. 2008 ж. Дүниежүзілік мұралар комитетінің 32-сессиясының шешімімен ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік табиғи мұралар тізіміне, Орт. Азия мен Қазақстан бойынша алғаш рет Қорғалжын қорығы мен Наурызым қорығы енгізілді.

2 Ұлттық табиғи саябақтар
Қазақстан Республикасы «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» зан бойынша 8--тарау. мемлекеттiк ұлттық табиғи парктер және мемлекеттiк өмiрлiк табиғи парктер деп Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың бір түрі ретінде анықтамалар берілген. Занның баптарындағы анықтамаларды қарастыры отырып табиғи парктердін құрылуы және сол парктердде іс – шараларды жасау жолдарын анықтауға мүмкіндік бар.

44-бап. мемлекеттiк ұлттық табиғи парктер ұғымы және  олардың негiзгi қызметi

1. мемлекеттiк ұлттық табиғи парк - ерекше экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық құндылығы бар мемлекеттiк табиғи-қорық қорының бiрегей табиғи кешендерi мен объектiлерiнiң биологиялық және ландшафтық саналуандығын сақтауға, оларды табиғат қорғау, экологиялық-ағартушылық, ғылыми, туристiк және рекреациялық мақсаттарда пайдалануға арналған табиғат қорғау және ғылыми мекеме мәртебесi бар ерекше қорғалатын табиғи аумақ. 2. мемлекеттiк ұлттық табиғи парктердiң негiзгi қызметiне       1) мемлекеттiк табиғи-қорық қорының табиғи кешендерiн, бiрегей және эталондық табиғи учаскелерiн, объектiлерiн, табиғи және тарихи-мәдени мұраны сақтау; 2) мемлекеттiк ұлттық табиғи парк пен оның күзет аймағының күзет режимiн қамтамасыз ету; 3) экологиялық ағартушылық       4) биологиялық саналуандықты сақтаудың ғылыми әдiстерiн әзiрлеу;       5) табиғат жылнамасы бағдарламасы бойынша экологиялық жүйелер мен жекелеген табиғи объектiлердiң мониторингiн жүргiзу;       6) мемлекеттiк табиғи-қорық қорының бүлiнген табиғи кешендерiн, объектiлерiн, табиғи және тарихи-мәдени мұра объектiлерiн қалпына келтiру;       7) мемлекеттiк ұлттық табиғи парк пен оның күзет аймағының аумағын экологиялық-ағартушылық, ғылыми, рекреациялық, туристiк және шектеулi шаруашылық мақсаттарда пайдалануды реттеу жатады.

2-бөлiм. ерекше қорғалатын табиғи аумақтардыңжекелеген түрлерiн, мемлекеттiк табиғи-қорық қоры объектiлерiн және экологиялық желiге енетiн қорғалатынтабиғи аумақтарды ұйымдастырудың, қорғаудың және олардыңқызmetihiң ерекшелiктерi

3 Мемлекеттiк ұлттық табиғи парктер  пайдалану режимi
45-бап. мемлекеттiк ұлттық табиғи парктер аумағын   аймақтарға бөлу, оны күзету және пайдалану режимi

      1. мемлекеттiк ұлттық табиғи парктер аумағы:       1) қорық режимi;       2) экологиялық тұрақтандыру;       3) туристiк және рекреациялық қызмет;       4) шектеулi шаруашылық қызмет аймақтарына бөлiнедi.       2. қорық режимi аймағында кез келген шаруашылық қызметке және мемлекеттiк ұлттық табиғи парк аумағын рекреациялық мақсатта пайдалануға тыйым салынады және осы заңның 40-бабының 1-тармағында аталған мемлекеттiк табиғи қорық режимiнiң түрлерiне сәйкес келетiн қорықтық күзет режимi белгiленедi.       3. реттелмелi экологиялық туризмдi және мемлекеттiк табиғи-қорық қорының бүлiнген табиғи кешендерi мен объектiлерiн қалпына келтiру жөнiнде iс-шаралар жүргiзудi қоспағанда, экологиялық тұрақтандыру аймағында шаруашылық және рекреациялық қызметке тыйым салынып, қорықтық күзет режимi белгiленедi.       4. туристiк және рекреациялық қызмет аймағы мемлекеттiк ұлттық табиғи паркке келушiлердiң реттелмелi қысқа мерзiмдi демалысы мен ұзақ мерзiмдi демалысы учаскелерiне бөлiнедi.       туристiк және рекреациялық қызмет аймағында мемлекеттiк табиғи-қорық қорының табиғи кешендерi мен объектiлерiн сақтауды қамтамасыз ететiн тапсырыстық күзет режимi белгiленедi, оның аумағында реттелмелi туристiк және рекреациялық пайдалануға (аң аулаудан басқа), соның iшiнде рекреациялық жүктемелер нормаларын ескере отырып туристiк маршруттар, соқпақтар, демалу алаңқайлары мен тамашалау алаңдарын құруды ұйымдастыруға жол берiледi       5. шектеулi шаруашылық қызмет аймағында әкiмшiлiк-шаруашылық мақсаттағы объектiлер орналастырылады, әуесқойлық (спорттық) аң аулау мен балық аулауды ұйымдастыруды қоса алғанда, мемлекеттiк ұлттық табиғи парктi күзету және оның жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету, оған келушiлерге қызмет көрсету үшiн қажеттi шаруашылық қызмет жүргiзiледi, рекреациялық орталықтар, қонақ үйлер, кемпингтер, мұражайлар және туристерге қызмет көрсетудiң басқа да объектiлерiн салу және оларды пайдалану жүзеге асырылады.       6. мемлекеттiк ұлттық табиғи парктiң барлық аймақтарында оны басқару жоспарында көзделген күзету, қорғау және қалпына келтiру iс-шаралары жүргiзiледi.       7. мемлекеттiк ұлттық табиғи парктерде ғылыми және экологиялық-ағартушылық қызмет осы заңның 41 және 42-баптарында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.


4 Мемлекеттiк ұлттық табиғи парктердiң туристiк               және рекреациялық қызметiнiң ерекшелiктерi
46-бап. мемлекеттiк ұлттық табиғи парктердiң туристiк               және рекреациялық қызметiнiң ерекшелiктерi

1. мемлекеттiк ұлттық табиғи парктердiң аумақтарында реттелмелi туризм мен рекреацияны туристiк операторлық қызметке лицензиясы болған жағдайда уәкiлеттi орган бекiтетiн ережелерге сәйкес 1) тiкелей мемлекеттiк ұлттық табиғи парктер;       2) заңды тұлғалар табиғат қорғау мекемесi беретiн рұқсаттың және (немесе) реттелмелi туризм мен рекреацияны қамтамасыз ету жөнiндегi қызметтi жүзеге асыруға мемлекеттiк ұлттық табиғи парктермен жасалатын шарттардың негiзiнде жүзеге асырады. аталған рұқсаттар және (немесе) шарттар қарауында мемлекеттiк ұлттық табиғи парктер бар мемлекеттiк органдармен келiсiлуге тиiс.       2. реттелмелi туризм мен рекреацияны қамтамасыз ету үшiн мемлекеттiк ұлттық табиғи парктер инфрақұрылымды дамытудың бас жоспарына сәйкес жалға алу шартының негiзiнде туристiк, рекреациялық және шектеулi шаруашылық қызмет аймақтарында жеке және заңды тұлғаларға қазiргi инфрақұрылымымен де, сондай-ақ жаңасының құрылысын салу үшiн де жер учаскелерiн бере алады.       жер учаскесiн жалға алу шарты қазақстан республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттiк тiркелуге жатады.  3. мемлекеттiк ұлттық табиғи парктер аумағында реттелмелi туризм мен рекреацияны жүзеге асыру үшiн жер учаскелерiн жалға беру тәртiбi қазақстан республикасының yкiметi бекiтетiн ережелермен айқындалады.


 47-бап. мемлекеттiк ұлттық табиғи парктердiң шектеулi шаруашылық қызметiнiң ерекшелiктерi

      1. шектеулi шаруашылық қызметi аймағында мемлекеттiк ұлттық табиғи парктер мынадай қызмет түрлерiне рұқсат етедi: 1) жанама орман пайдалану (шектеулi мал жаю, марал өсiру, шөп шабу, саңырауқұлақтарды, жемiстер мен жидектердi әуесқойлық мақсатта жинау); 2) шектеулi дәстүрлi пайдалану алаңдарында ағаш және бұта тұқымдарының екпе материалдарын, дәрi-дәрмектiк шөптер және басқа да өсiмдiктер өсiру;       3) өтпелi ағаш кесудi қоспағанда, санитарлық мақсатта ағаш кесудi, күтiм жасау мақсатында ағаш кесудi жүргiзу және бұл ретте алынған сүректi өңдеу;       4) кәдесыйлар, шағын және халықтық кәсiпшiлiктер өнiмдерiн өндiру;       5) балық шабақтарын және тауарлы балықтың байырғы түрлерiн өсiру;       6) жылжымалы бал ара павильондарын пайдалана отырып, көшпелi бал ара шаруашылығы;       7) әуесқойлық (спорттық) аң аулау мен балық аулау.       2. мемлекеттiк ұлттық табиғи парктердiң шектеулi шаруашылық қызметi мемлекеттiк табиғи-қорық қорының объектiлерiн сақтау мен қалпына келтiрудi ескере отырып және өздерiнiң қарауындағы мемлекеттiк органдардың тиiстi рұқсаттары бойынша жүзеге асырылады.


48-бап. мемлекеттiк ұлттық табиғи парктердiң күзет аймақтарының режимi

      1. мемлекеттiк ұлттық табиғи парктiң күзет аймағында:       1) жер пайдаланушылардың табиғи ресурстарды тұрақты пайдалануды қамтамасыз ететiн дәстүрлi шаруашылық қызметiнiң негiзгi түрлерiне рұқсат етiледi;       2) осы заңның 43-бабының 1-3-тармақтарында белгiленген мемлекеттiк ұлттық табиғи парктiң экологиялық жүйелерiне терiс әсер ететiн табиғат пайдалану мен шаруашылық қызметтiң түрлерiне тыйым салынады немесе шектеу қойылады.       2. мемлекеттiк ұлттық табиғи парктiң күзет аймағындағы жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың шаруашылық қызметiне шектеу қою осы заңға сәйкес облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) атқарушы органдарының шешiмдерiмен белгiленедi.


      49-бап. мемлекеттiк өңiрлiк табиғи парктер

      мемлекеттiк өңiрлiк табиғи парк мемлекеттiк ұлттық табиғи парк үшiн белгiленген режимi бар, сондай мақсаттарды алға қоятын және сондай мiндеттердi орындайтын, бiрақ табиғат қорғау және ғылыми мекеме мәртебесiне ие жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумаққа жататын мемлекеттiк ұлттық табиғи парктiң нұсқасы болып табылады.

Ұлттық табиғи саябақтарда табиғат қорғау жұмыстарымен бірге табиғат қорғауды насихаттау, экологиялық білім мен тәрбие беру, туризмді үгіттеу жұмыстары қоса жүргізіледі.
5 Елімізде гі ұлттық табиғи саябақтар
Елімізде 12 ұлттық табиғи саябақ ұйымдастырылған.

1. «Алтынемел»

2. Баянауыл

3. «Бурабай»

4. «Бұйратау»

5. Жоңғар Алатауы

6. Катонқарағай

7. «Көкшетау»

8. «Көлсай көлдері»

9. Қарқаралы

10. Сайрам-Өгем

11. Шарын

12.ІлеАлатауы



Ұлттық табиғи саябақтар көбіне табиғаттың көрікті жерлерінде ұйымдастырылып, шаруашылық жұмыстарды табиғат қорғау жұмыстарымен үйлесімді жүргізуге ерекше мән беріледі.

Елімізде соңғы жылдары Шарын (2004 ж.), Сайрам-Өгем (2006 ж.) және Көлсай көлдері (2007 ж.) ұлттық табиғи саябақтары ұйымдастырылды. Алдағы уақытта елімізде тағы да 5 ұлттық табиғи саябақ (Жоңғар Алатауы, Ақсу-Лепсі, Бұйратау, Зайсан, Ақжайлау) ұйымдастыру қарастырылуда.


Қазақстанда шөл, шөлейт және тау экожүйелерінің ұлан-ғайыр территориясын алып жатқан алғашқы 5 мемлекеттік ұлттық табиғи парк құрылған;

.1 - «Алтынемел», 2 «Баянауыл», 3 «Іле Алатауы», 4 «Көкше-тау» 5 «Қарқаралы» ұлттық парктері. Қорықтардан айырмашылығы - олардың территориясында қоршаған ортаны қорғау шараларын жүзеге асырумен қатар, табиғаттың кейбір түрлерін пайдалануға және экологиялық туризммен айналысуға рұқсат етілген Қазіргі кезде Қазақстанда ерекше қорғауға алынған территория өсімдіктері мен жануарлар дүниесін тізімдеп, түгендеу жұмыстары аяқталды. Қазақстанда 835 түрлі омыртқалы жануарлар мекендейді, олардың 22-сі республиканың Қызыл кітабына енгізілген. Еліміздегі 500 түрлі құстың 346-сы қорықтарда ұя салып, тіршілік етеді. Қазақстан флорасында жоғары өсімдіктердің 6000-ға жуық түрі бар. Олардың сирек кездесетін 400-дейі Қазақстанның Қызыл кітабына тіркелген.Қорықтарда табиғаттың өзгеру, даму процестерін сипаттайтын ғылыми-зерттеу жұмысы тұрақты жүргізіледі, «Табиғат жылнамасы» бақылауы өткізіліп түрады. Табиғи тепе-теңдік пен барлық жанды нәрсеге қолайлы ортаны сақтап, өзара бір-біріне ықпал .ету жүйесін қалыптастыру үшін, басқа да табиғи түрлермен толықтырып отырмаса, ауыл шаруашылығы алқаптары мен өндірістік кешендердің қоршауында қалған қорықтарға бірте-бірте жойылып кету қаупі туады. Ерекше қорғауға алынған табиғи территория жүйесін кеңейте түсу Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі үзақ мерзімді «Экология және табиғи ресурстар» стратегиясы маңызды міндеттерінің бірінен саналады. Республикада табиғат қорғаудың алдыңғы қатарлы және қолайлы жүйесіне жол ашатын биосфералық резерваттар құру үшін арнайы 15 аймақ бөлінген. Бұл Қазақстанның көрікті де көркем табиғатын қорғап, көздің қара-шығындай сақтауға зор мүмкіндік туғызады. Ал олардың қызметінің экологиялық және әлеуметтік-экономикалық тиімділігі шаруашылық іс-шараларын тоқтату шығынынан жүздеген есе асып түседі. Табиғатқа қажеттілікті өтеу объектісі емес, жанды нәрсе атаулының біртұтас тіршілік ортасы ретінде қарайтын мезгіл жетті. Бұл жайында заманымыздың ғұлама ғалымы Жан Дорст былай деп жазған болатын: «Адам бойында жабайы табиғатты сақтау үшін ұмтылуға қажетті объективті себептер жетіп артылады. Алайда, түптеп келгенде, табиғатты тек сүйіспеншілік қана құтқара алады. Адам бұл дүниеде сұлулықсыз өмір сүре алмайтындықтан, қоршаған ортаны сәл де болса сүйіп, қастерлей білген жағдайда ғана, табиғат өзіне төнген қауіп-қатерден құтылады».



2. Ғасырлар жырындағандай қарт Ертіс. Ертегі және аңызга бөленген өзен. Ол өз бастауын Монғол таулары тармағынан алып, ғаламшарда ирек-ирек көгілдір жолақтай болып ағады. Мұнда оны Қара Ертіс деп атайды. Қара аталуы оның түсіне байланысты. Оның жасаған жақсы істерінің мөлшерімен шендесе алатын өзендер көп емес. Ол 4 мемлекетті бір-бірімен байланыстырады. Картада ол көптеген өзендер мен бұлақтардан нәр алып, сосын сол нәрімен сусыз даланың шөлін қандыратын өсімдіктің қуатты тамырына ұқсас болып көрінеді. Өзендср құдіретті Ертіспен жолығуға асыққан сүлу бойжеткен тәрізді таудан жазық кеңістікке қарай құлдырап, зулай ағып, шапшаң жетуге ұмтылады. Алайда өзендердің барлығы бұлай жасай алмайды. Олардың көпшілігі жолдан шатасып, ыстық даланың құшағына тап болады. Сөйтіп Ертіс сұлуды сарғая сағынып, бір тамшы жасы қалғанша жылай-жылай солып, кеуіп кетеді Ертіс бұл жерлерден жақсы қорғаушы болып өтеді. Адамдар оған сүйіспеншілікпен, үмітпен және құрметпен қарайды. Мұны оның кіші бауырлары мен қарындастары-өзендер, шағын өзендер, бұлақтар да түсінеді. Сондықтан да олар Ертіске өз суын жомарттықпен табыс етеді. Маңайдағы тіршілік оның осы жандандыратын ылғалына тәуелді. Осы жомарттығына орай, халық оны қадірлеп, Ертіс-әке дейді. Ол тәкаппар, қүдіретті, уақыт жағынан қарт, бірақ жаны мәңгі жас ол мифтік Геракл тәрізді тіршілік үшін күреседі, жағасына келген жанның әрқайсысымен тіл қатысады. Аңыз-өзең, еңбекқор-өзен, емші-өзен ағып жатыр

2.2 Батырлар өлкесі Шығыс Казақстан - алып тау бұйраттарының; көгілдір өзендер мен көлдердің о шеті мен бұл шетіне тек ұшқыр Тұлпар ғана жете алатын шетсіз де шексіз гүлденген дала. Мұндай жерде тек батырлар туып, өмір сүреді. Ел басына күн туғанда солар көмекке келді. Олар туралы халық есіндекептеген әпсаналар мен аныздар сақталған, көптеген орындарды халық ең жаксы ұлдарының есімдерімен байланыстырады. Ержүрек жігіттер Қара-керей Кабанбай, Канжығалы Бөгембай, олардыц сенімді серіктері - Шыңқожа, Көкжал Барақ, Қошқарбай, Баян және де басқа батырлар халық есінде мәңгі сақталып қалды. Батырлар Алмалы көлі маңындағы Барлық тауынан бастау алатын ыстық қайнарға жараларын емдеу үшін талай рет аялдаған екен. Бүл өлке Боранбайды да, Абылай хан батырларын да біледі, олардың көпшілігі көз жүмып, осы жерде мәңгі қалыпты. Шыңғыстау таулары бұлыңғырланған түйе өркештеріндей тізбектеле созылған. Онша биік болмағанмен де үш ұлының - Абайдың, Шәкәрім мен Мұхтардың есімдерін дүние жүзіне паш етіп, аспанға    көтерді. Қазір көптеген құрылықтар мен халықтарға   әйгілі қазақтың жазба әдебиетінің қуатты ағыны мөп-мөлдір таза бастаудан, осы таулардан, осы жерден   туындады. Фашизммен күрес жылдары осы жерден мындаған батырлар майданға аттанып, өз елін ғана емес, бүкіл дүниежүзін сақтап қалды. Мереке күндері батырлар алаңға шығады, олардың жауынгерлік соғыста болғандарының да, тылда жеңіске жеткендерінің де омыраул-арыңдағы марапаттары алтындай жалтырайды. Алайда ең қымбат алтын - олардың жомарт та ақ жарқын жү-регі. Бүгінде жаңа батырлар жаңа елде жақсы істерді жүзеге асыруда, астық өсіріп, кен шығаруда, металл балқытып, ұшақтар мен пойыздар жүргізуде, үйлер салуда. Жаңа өмір құрылысын жасауда. 2.3 Марстық ғаламшарда Марстың от шарпыған ғаламшарында болып, онда тіршіліктің бар-жоғын білгініз келе ме? Калауыңыз болса, ол да қолдан келеді. Зайсан қазаншұнқырына барып, шөлге қарай бұрылыңыз. Сіз жалындаған Қиын Құрыш шоқыларынан атқылаған ұшқындарды алыстан-ақ көресіз. Гипстің шоғырланған үлкен салқымы Күнмен астасып, оған шағылысқан шанышқылы жебелерін жолдайды. Көз алдыңызға аққан жұддыздар оттай қызыл шоқыларға түсіп, жанып жатқандай көрініс келеді. Қиын Құрыш – біздің жеріміздегі жалыңдаған ғаламшар. Отты Марс! Ғарыштық көрініс шоқылар күмбездер, мұнараша және күзет орны, киіз үйлер, бүлінген орлар мен ежелгі қорғандардың үйінділері. Бұл марстық көріністі ғасырлар бойғы жаңбыр, қар, жел мүсіндеп жасады. Жел мен уақыт қана шетсіз де шексіз бұл шытырманды, шұңқырларды және үңгіршектерді, қуыстар мен тар дәліздерді аралай алар еді. Соңдықтан біздің ғаламшарымызда кенеттен өткен кездерден аң кесірткелер немесе зілдер, ертегілерден немесе қияли романдардан ғажайып мақұлық пайда бола қалса, таңдануға болмайтын сияқты. «Марстық алқап» - табиғат ғажаптарының бірден бірі емес. Қалба жотасы, Арқат, Шыңғыстау тауларында, Лениногор маңайында «жаны бар» ғажап тау көріністері баршылық. Осындай ғажап мүйістің бірі «тастар тынымбағы» болып табылады. Оның суреттерінің ғажаптығы мен айқындылығы әйгілі «Краснояр бағандарынан» асып түседі. Ғаламшар тіршілігі көзді ашып-жұмғанша, балалардың «Тымпи!» ойыны тәрізді, «тасқа айналған» сияқты! Сөйтіп, сиқырын қайтаратын құтқарушысын күтіп, сол күйінде ұзақ ғасырларға қатып қала берген 2.4 Күміс қоңыраулар көлі. Аты аңызға айналған мәңгі де түрленгіш Зайсаным! Ол аспан сәулесі түскен айна астында сергек ұйқыда жатыр. Ұшудан қалжыраған кішкене ғана маса суға құлап түсіп, бір сілкінеді де, судың нәзік айдынымен толқындана дөңгеленеді. Ауа райының құбылуымен бірге Зайсан да өршеленіп, жұлқынады. Азуы арсиған толқындар жағадағы жарға сұр қасқырдың қапшығындай тап береді. Ондай кезде ол өте қауіпті! Мұнда жиі соғатын жел екпінімен шөлді өртеп, жағалаудағы қамыстар мен сансыз құстардың қиқуымен құлақ тұндырады. Жусан иісті, ащы, жұпар, хош иісті желдер соғады. Жұлқына соғатын немссе баяу да майда леппен толқындата соғатын таза желдер де болады. Осы толған дауыстың барлыгы - бақыт немесе қайғы, махаббат немесе айрылысу туралы, тіршілік туралы жырлайтын ұян да албырт дала тұрғынының үнін бейнелейтін домбыра сазы. Мұндағы мәңгілік ғасырлар бойы нығая түскен. Жағадағы кеңістік елсіздікті және тыныққан керуенге қосылған азан-қазан дауысты, құландардың дүбірін, тұзат тұяғының бұрқыратқан шаңын және қос өркешті түйелердің маңғазданған аяқ алысын, қарақұйрықтардың зорыға тыныс алуын және аш барыстың ақыруын ұмыта қойған жоқ. Ал таң сәрідегі жұлдызбен бірге күннің жалындап атуы мен батуы кезіндегі қайраң үстіндегі тірі бағана тәрізденіп, үйіріле билеген масалар гуілі үдей түседі. Республиканың шығыс бөлігіндегі көлдерді қарлы таулар, тайгалық ормандар және сары дала қоршап жатыр Түн сайын «су астынан қоңырау сыңғыры естіледі» деген аңыз түн ортасында жандана түседі Зайсанның Күміс Қоңыраулар көлі аталуы да содан екен. Тағы да тынымсыз жел, мәңгілік Күн, масалар гуілі. Түн ортасындағы көл суы астындағы қоңырау сыңғыры туралы аңыз өлмей, жасай береді. .5 Жердің алтын бесігі. Әйгілі «Беловодье» жері - Белухадан қарт Ертіске дейінгі Оңтүстік және Батыс Алтай аралығынан күмістей сылдыраған, суы мөлдір екі өзен ағып өтеді. Бұқтырма мен Нарым алқаптарының нендей ерекшелігі бар? Неліктен бұл жер «Жердің алтын кіндігі» деп есептеледі? Бір қарағанда, алқаптың еш ерекшелігі жоқ сияқты: кең-байтақ, орман және қарлы биік жоталар. Алқаптарда өзендерді бойлай ел жайлаған. Орманда аң-құс тіршілік етеді, төңіректе биік те балғын шөптер өседі. Мұнда тек күн биік таулар арасынан арайлап атады. Самырсынды ормандар мен шатқалдарда мұнартқан қараңғылық сейіле бастаса, Хрусталь тауы күннің алтын шұғыласына оралып та үлгірген. Ормандарда қанатты достар әлі ұйқы құшағында болса, Бүркітаулау шыңында - қырандар ұялайтын орында – мәңгілік қар сәлдесі алтын нұрға бөленіп те үлгірген. Үшкүнгейдің үш өркешті шыңдары үш шырағданның жанған отындай көз шағылыстырады, ал алқапта әйелдер ауладан малды жайылымға айдап жүр. Таң сәрідегі алтындай қар кескіні сап-сары, янтарь түсті алтай балын өзендей ағызатын алқап шалғынының тасқын суында айқын көрінеді. Алтындай құлпырған астық Жер-Анаға бас игендей жайқалады. Ал күзде бұл өлке елімізге сары алтындай астық өзенін ағызады. Жұмсақ алтынды, маңғаз бұлғын да, алтын мүйізді маралдар да осында жайылуда. Хариус балығы суы таза, мөлдір ысырмада жалған қауырсындарымен жалт-жұлт етеді. Аспанда «халзандар» - алтын жалды қарт қырандар қалықтап жүр. Ал кендер мен алтыны бар өзендерден жоғары сапалы нағыз Алтай алтыны шығарылуда. Бірақ өлкенің ең үлкен байлығы, оның алтын қоры - қолынан бәрі келетін адамдар Алтын, алтын, қайда барсаң да алтын. Ақындар алтын сөздерден өлең шығарады, домбыра да өмір, тау, қырандар, сүйіктілер туралы үн қатады. Осылардың барлығында да «алтындай», «алтыным», «алтыным-асылым» сөздері жиі қайталанады Шығыс Қазақстан Әдетте, Шығыс Қазақстан - Жоғары Ертіс өңірі дегенде, көз алдымызға ең алдымен, беткейлердегі қарақорым орманымен, одан әрі қарлы мұзарттары мен мұнарлана көз тартқан, самала шыңдары жан-жақтан еңселене бой көтерген, заңғарлығы бір-бірінен асып түсетін ғажайып таулы өлке елестейді. Асқарлары көк аспанмен таласқан ертегідей бұл өңір кімді болса да әсемдігімен, мөлдірлігімен сөзбен айтып жеткізе алмастай әсер қалдырады, өзіне ғана тән қайталанбас сұлулық әлемімен рахатты нұрлы сезімге бөлейді Әсем тау алқаптарынан құлдиға қарай сыңғырлай аққан тұнық та таза бұлақтар мен өзендер бастау алады. Маңайды сәнге бөлеген қылқанды, жапырақты ормандар, жидек бұталары, сан алуан өсімдіктер, қарағай, тобылғылар тынысы кәусар ауаға қосылып, адамның бойын сергітерлік жұпар иіс шашады Қымбатты оқырман! Сен де оны көр, қызықта, серуенде! Өйткені бұл сенің алыстан үмітті арманыңдай аңсап, күшті магниттей өзіне тартқан ертегі елің оңтүстік-батыс Алтай - Қазақстан Алтайы! Мәңгі қар мен мұз құрсанған зеңгір таулар шыңдарының ең кербезі, ең сұлуы, ең биігі, ең тәкаппары, теңіз деңгейінен 4506 метр биіктікте асқақтаған қос өркешті, ақ сәлделі Мұзтау да осында. Өр Алтайдың мұзартынан жаралып, төсінен нәр алған төл перзенті - Ертіс. Оның ұлы мұхитқа жетіп құяр сапары да осы таулы өлкеден басталады. Кербез де сылқым, салмақты да сабырлы, жойқын күш иесі осы дарияның арнасын тасқынды толқындарымен толтыруға асыққан Бұқтырма, Тұрғысын, Калжыр, Күршім, Нарын, Үлбі, Уба, Шульба, Қызылсу, Ұлан, Сібе, Мұқыр, Шаған сияқты жүздеген үлкенді-кішілі тау өзендері де бұл  өңірді аймалап өтеді. Олар өздерін жарық дүниеге әкеліп, алыс сапарға баласын шығарып салып тұрған мейірімді аналарындай елжірей қалған кеуделі шыңдар мен орманды алқапқа қимас көзбен қарайды. Жоғарыдан сарқырай аққан өзендер осы өңірден ұзатылып бара жатқан арудың ата-анасымен, ел-жүртымен қоштасқанындай терең тебіреніспен, нәзік сезімді үнмен баяу сыңсиды. Бір сәт тынышталып, табиғат күйін тыңдаңызшы, ол ақын болып жырлайды, бұлбұл болып сайрайды, күйшілердей күй төгеді бір нәзік. Сен одан сұлулықтың тамаша тәкаппарлығын өз перзентінің туған өңір, өскен өлкеге, ата-анаға деген шексіз махаббатының қүдіретін сезінесің, одан бойыңа қуат аласың да, өмірге деген құштарлығың одан сайын арта түседі. Егер сен табиғат ғаламатының сырлы үніне құлақ түрген әуесқой болсаң, онда алыстан қызықтырып, өзіне шақырған ақбас шыңды көгілдір тауларға - менің сүйетін Алтайыма саятта, кеудесін түйе шудалы бұйра бұлттар легі көмкерген заңғар таулардың басына шық, сол биіктерден айналаңа бір сәт көз жүгірт, арманды өлке - Алтаймен осылайша дидарлас. Кең байтақ Қазақстанның шығысына - Алтайға саяхат мұнымен шектеліп қалмас, неге десеңіз, қарт Ертістің оң қапталында Холзун, Уба, Иванов, Қатын, Нарын, Күршім тау жоталары иық тіресе шоғырланып жатыр. Ал ұлы өзеннің сол жағалауында да бір қиыры Жоңғар қақпасына, Алакөл мен Балқанға дейінгі үлан-ғайыр алқапта Қалба, Сауыр, Сайқан, Тарбағатай, Шыңғыстау, Шұбартау сілемдері, шетсіз-шексіз сары далалы өңір кең көсілген.    Бабаларымыздың мыңдаған жылдар бойы кора-қора қой өргізіп, үйір-үйір жылқы айдаған ежелгі атақонысы, кең жайлауы болған қасиетті Сарыарқа да осы өңірден басталады. Бұл байтақ аймақтың айдынынан үйрек-қаз. үзілмеген Зайсан, Марқакөл, Сібе, Дулығалы, Алакөлдей көлдері, адам қолымен дүниеге келген Ертіс, Бұқтырма, қоймалары, олардағы қуатты су-электр станциялары, Алтай аңы мен құсы, жануарлар дүниесі туралы әңгіме өзінше бөлек дүние. Алтайда жомарт табиғат қазынасы қаншалықты қисапсыз мол болғанымен, ол шектеусіз де емес. Ғылым мен техника дамыған қазіргі заманда қоршаған табиғатпен жарасымды қатынас жасау, оған аялы қамқорлық ауадай қажет. Кадірменді оқырман! Тағы бір сәт Алтай өңірінің тарихына да ой жүгіртіп көрелік. Бұл ғажап өлкенің таулы ормандары, сарқырап аққан өзендері, жайқалған құнарлы жайылымдары, жортқан аңы мен ұшқан құстары, жер қойнауындағы алтын, күміс, мыс, қалайы, мырыш, тағы басқа да қазба байлықтары адам баласын ежелден-ақ өзіне тартқан. Мұны алғашқы адамның мекен-жайлары, қола дәуіріндегі кен шығару орындары, тастарға салынған өрнек-бедерлері, тас суреттер мен таңба белгілері дәлелдеп отыр. Бұл кескіндер (Қалба, Шыңғыстау, Тарбағатай тауларында) ертеде аң аулап, мал баққан елдердің бейнелеу өнері мен алғашқы жазу түрлері (пиктограмма, идеограмма) туралы аса маңызды, құнды деректер береді. Жоғары Ертіс өңірінің кейбір жерлеріндегі, Сарыарқадағы, Шұбартаудың Арсалаң қойнауындағы, Тарбағатай, Қалба жоталарындағы тасқа қашалған тамаша кескінді бейнелер біздің заманымызға дейінгі бірінші мыңжылдықта осы өңірді мекендеген көшпелі тайпалардың тіршілігі, ұғымы, алғашқы жазу түрлері жөнінде жан-жақты хабардар етеді Қазақстанның Шығыс аймағы Алтайдың Түркі қағандығының байрақ көтерген мемлекеттігінің алғашқы орталығы болғаны тарихи дәлелденгені ақиқат. Бұл жер ежелгі ата-бабаламыздың көне мәдениетінің қасиетті бесігі де. Мүны Ертіс бойынан табылған руникалық ойма жазулар да растай түседі. Казір Ленинградтағы (Санкт-Петербург) мемлекеттік Эрмитаждың ертедегі Шығыс бөлімінің көрмесінде тұрған гүлмен көмкерілген қола айнадағы руникалық жазудың да өзіндік сыры мол. Оны 1935 жылы Қазақстанды зерттеу қоғамының экспедициясы облысымыздың Үржар ауданынан әкелген болатын. Бұл жазудың жұмбағын арада көп жылдар өткеннен кейін белгілі түркітанушы ғалым, филология ғылымының докторы, профессор жерлесіміз Алтай Сәрсенұлы Аманжолов «Ер азамат, шарап (ішу)- мезгілсіз өлу» деген қағида, үрпақтан-үрпаққа мирас болар өнерлі өсиет деп шешті. Көне жазу мәдениетінің үлгілері Шығыс Казақстан облысының Шемонаиха ауданынан, Ертістің оң жағалауындағы ескі қорымнан 1969 жылы, жартас жазулары Жарма ауданынан 1983 жылы, Марқакөл ауданынан 1985 жылы, сондай-ақ жазуы бар төртбұрышты тас мөр Күршім ауданынан табылған. VІІІ-ХШ ғасырлар аралығында Ертістің жоғары сағасындағы кең алқапта Найман тайпаларының мемлекеті қалыптасты. Хандықта іс қағаздары жүргізілгені, құжаттар мөрмен бекітіліп отырылғаны белгілі. Бүкіл алемнің жартысын ат тұяғымен дүбірлете таптап өткен Шыңғысханның қаһарлы қолының бетін алғаш қайтарып, оларды Ертістің сол қапталындағы өңірге жібермей, 20 жыл бойы жолын бөгеген айбарлы күш иесі де Найман үлыстарының соңғы ханы Күшлік бүкіл ұлтымыздың мақтанышы емес пе?! Ұлы жиһангар жазу мәдениетін де наймандардан алғаны, «Монғолдың құпия шежіресі» сол Найман жазуы бойынша хатқа түсірілгені тарихи шындық. Қазақ халқының басына қисапсыз қайғы-қасірет әкелген Жоңғар шапқыншылығы, әсіресе, 1723 жылғы қырғын «Ақтабан шұбырынды алқакөл сұлама» заманы деп аталып кеткені малім. Сол бір қиын - қыстау уақытта жат жұрттықтарға қарсы күресте халықтың басын құраған Абылай ханның қасынан Дарабоз, Ханбат атанған Қаракерей найман батыры Қабанбай да табыла білді. Ол керей Жәнібеқ бура Қонақбай, найман рулары Байжігіт Дәулетбай, Көкжарлы, Көкжал Барақ, Сарыжомарт Танаш, Терістаңбалы Жарылғап, Сати, Баян, Бура Кошқарбай, Тілес, Матай Бекжан сияқты батырлармен бас қосып, Калба жоталарын, Ертіс бойын, Тарбағатай жерін қалмақтан азат етіп, жауды Алтай тауларынан асыра қуып тастағаны белгілі. Тарбағатай бөктерінде, Шорға даласында жаумен шайқасқан 80 күндік Шорға шайқасы да, Аягөз маңындағы Ақшәулі ұрыстары да - бабалар ерлігінің ұмытылма үлгісі. Шетсіз-шексіз қазақ даласының бір қиырын алып жатқан Алтай өңірінің әр төбесі, әр тасы, әр қойнауы халық шежіресінің, халық тарихының үнсіз куәгері. Даланың Ромео мен Джульеттасы атанған Козы Көрпеш-Баян сұлу сияқты кіршіксіз махаббат иелері де осы жусанды дала төсінде өмір кешті. Қара күш пен зұлымдық атаулыға қарсы халықтың арманда өткен қыршын ғашықтарға арнап түрғызған ескерткіші еңселі бой көтеріп, Аягөз жағасында күні бүгінге дейін тұр. Қасіретті шерге толы Қалқаман-Мамыр, Еңлік-Кебек оқиғалары да осы Шыңғыстау бөктерінде болған. Атамекенін, ел-жүртын жанындай сүйген, халқы үшін асыл жанын пида еткен батырларын бұл өңірде мәңгілік есте сақтап, ерліктерін дәріптеген, аңыз-әңгімелер мен дастаңдарында мадақтап жырлаған. Сондай ғажап, әдемі аңыздардың бірі - Толағай батыр туралы әңгімелер. Шорға дала-сының қиыр шығысында, Зайсан көлінің күнгей бетінде Маңырақ, Тарбағатай жоталарымен иық тіресе өр кеуделі Толағай тауы жатыр. Халық аңызына жүгінсек, бұл өңірді қадім замандарда бүкіл аймақты күйзелткен қуаңшылық жайлап, алты ай жазда аспанына тоқымдай бұлт үйірілмепті, бір тамшы жаңбыр жаумай, мал-жан адам айтқысыз шөлден қырыла бастапты. Бұл қасіреттен құтылу айласын ешкім таба алмапты. Сол кезде Карамерген аңшының Толағай деген алып баласы асқарлары аспанмен таласқан Алтай тауларына барып, оның үлкен бөлігін орман-тауы, өзен - көлі мен бөктерін жайлаған аң-құсымен қоса арқасына кетеріп алып, Шорға даласына таяп қалған сәтте тау кетеріп шаршаған алыптың аяғы тайып құлап, өзін тау басып қалыпты, содан бері жыл сайын бұл жерден жаңбыр үзілмейтін болыпты, таудың Толағай аталуы содан екен дейді халық аңызы. Алтай өңірі халықтарының бай рухани мәдени ерісінің айғағы ретінде қаһарлы жиһангер Шыңғысханның замандасы, ұлы бабамыз Кетбұға абыздың  «Ақсақ құланы», найманның Каракерей, Төртуыл, Садыр, Матай сияқты іргелі тайпаларының төл атасы Телегетайдың күйлері, сондай-ақ халық зердесінде сақталған «Балжіңгер», «Бозайғыр» күйлері ғасырлар қойнауларынан бүгінге дейін жетіп отыр. Ертіс бойын үзына жайлаған Семей, Өскемен аймағы — аттары алемге жайылған асыл азаматтарымен де даңқы шыққан қасиетті мекен. Бұл даланың боз жусанды алқабында бір кезде Сібірде айдауда жүрген поляк революционері Адольф Янушкевич, халқымыздың даңқын әлемге жайған Шоқан Уалихановтың мұраттас достары П. Н. Потанин, Ф. М. Достоевский, белгілі орыс ғалымдары В.-А. Обручев, П. П. Семенов-Тянь-Шанский, А. Н. Белослюдцев болып, даланың ақжарқын қонақжай халқына терең ризашылығын білдірген. Бұл - ұлы Абайдай кемеңгер ойшылды, оның інісі атақты ақын Шәкәрім Құдайбердіұлын, «Абай жолы» эпопеясымен аты бүкіл әлемге мәшһүр болған ұлы қаламгер Мүхтар Әуезовты, Алашорда партиясының басшылары Әлихан Бөкейхановты, Райымжан Мәрсековты дүниеге әкелген жер. Бір сөзбен айтқанда, бұл өлке - егеменділікке бет алған Қазақстан Республикасының өзіндік экономикалық, әлеуметтіқ мәдени даму тарихы бар ежелден белгілі ірі аймақтарының бірі. Мұнда әрбір қаламен, аудан орталығымен қолайлы байланыс, су, әуе жолдары, асфальтталған тас жолдар, темір жолдар жүйесі жолға қойылған. Емдік қасиеті бар, суы шипалы Рахман қайнары, Барлық Арасан, Уба, Лениногор сияқты санаторий-курорттары, демалыс үйлері бар. Жетпістен астам ұлт өкілдерінен тұратын жергілікті халық, ризықты еңбегімен, сыйласты тұрмысымен 2030 жылдың «Азия барысына» үміттене қарай өмір сүріп жатыр. Табиғат кербездігін жиып тұрған, Мол байлық өн бойына сыйып тұрған, Алтайым, шын бақыттың мекенісің, Әр күнің шежірелі күй ұқтырған. деп жырлайды ақын жүрегі. Қымбатты оқырман, сен де осы түрлі-түсті фотосуреттермен көркем бе-зендірілген кітап-альбомды қолыңа ұстай отырып, кербез Алтай ғажайыпта-рын тамашала, одан бойыңа нәзік сезім, өршіл қуат ал, олардың қайталанбас сұлулық құдіретін жан сарайыңа сақтай біл.

Бақылау сұрақтары:

1 Ерекше қорғалатың аумақтар құру принциптері қандай?

2 Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың қандай түрлерін білесіздер?

3 Қорықтарда мемлекеттiк басқару және бақылау жұмыстары қалай жүргізіледі?

4 Қорықтардың қорықшылардаң қандай айырмашылығы бар?

5. Қазақстанда неше қорық бар?

6. Алғашқы Қазақстанда құрылған қорық қандай?

7. Биосфералық резерваттар деген не?

8. Ұлттық табиғи саябақтар қандай мақсатпен құрылған?


Қолданылған эдебиеттер тізімі.

1.Оспанова Г.С., Бозштаева Г.Т.Экология оқулық Алматы: Экономика,2002ж. -405 бет.

2. Жатқанбаев Ж.Ж. Экология негіздері. Оқулық Алматы Зият 2003ж. -212 бет.

3. Ақбасова А.Ж. Саинова Г.Ә. Экология оқу құралы –Алматы: Бастау -2003ж. 292 бет.

4. Қазақстан Республикасының 2004-2015 жылдарға арналған экологиялық қауiпсiздiгi тұжырымдамасы

5. Қазақстан Республикасы 2006 ж. 7 шілдесінде қабылданған «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы Заң.

6. Брагина Т.М. Особо охраняемые природные территории Казахстана, Костанайский Дом печати,






Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет