Израиль Палестина мемлекетін ресми түрде мойындамайтынын мәлімдеді. Бұл Таяу Шығыстағы жағдайды ушықтырған. Сонымен қатар Ресейдің орбитаға шығаратын ядролық қару жасап жатқаны белгілі болды. Аптаның соңында Армения ҰҚШҰ өз міндеттерін орындамағын үшін ұйымнан шығып кетті. Осы аптада әлемде қандай өзгерістер болды? Stan.kz тілшісі соңғы саяси жаңалықтарға апталық шолу ұсынады. 

Армения ОДКБ-дан шығып кетті

Ұйым Ереванға қатысты өз функцияларын орындамады, деп есептейді Никол Пашинян.

Армения премьер-министрінің айтуынша, Ереванға қатысты Ұжымдық қауіпсіздік шарты, әсіресе, 2021-2022 жылдары орындалмаған және бұл назарсыз қалдыратын мәселе емес. Арменияның келісімге қатысуы тоқтатылды.

Ақпан айының басында The Daily Telegraph басылымына берген сұхбатында Пашинян Арменияның ҰҚШҰ-ға мүшелігін қайта қарастыруы мүмкін екенін мойындады. 2023 жылы ел ұйым аясындағы бірқатар іс-шараларға, атап айтқанда екі оқу-жаттығуға және қарашада Минскіде өткен саммитке қатысқан жоқ.

Фото: Primeminister.am

Қазір Армения ұйым Таулы Қарабахтағы оқиғалар кезінде өз міндеттерін орындамады деп айыптап отыр. 

Ресей мен Арменияның қарым-қатынасы 2023 жылы айтарлықтай нашарлай бастаған. Мәскеу Арменияны Владимир Путинді тұтқындауға ордер берген Халықаралық қылмыстық сотқа қосылғаны үшін қатты сынаған. Сондай-ақ Пашинянның әйелі Анна Акопянның Киевке сапары және Арменияның АҚШ-пен бірге өткізген әскери жаттығулары екі ел арасында мәселе туындатты. Ереван Ресейді Таулы Қарабақта тиісті қолдау көрсетпегені үшін сынға алған.

Армения аумағындағы ресейлік әскери база жабыла ма?

Армения премьер-министрі бұл мәселенің күн тәртібінде жоқ екенін айтты. Әзірге Ресей әскери базаларының жабылып, жабылмауы туралы нақты ақпарат жоқ. 

Арменияның солтүстігінде Гюмриде Мәскеу мен Ереван арасындағы 1995 жылғы мемлекетаралық келісімге сәйкес ТМД Әуе қорғанысы біріккен жүйесі аясында жауынгерлік кезекшілікте тұрған Ресейдің 102-әскери базасы орналастырылған. 2010 жылы тараптар келісімді 2044 жылға дейін ұзартқан еді. 

Фото: ҰҚШҰ

ҰҚШҰ Арменияның мүшелікті тоқтату туралы өтініші түспегенін мәлімдеді

ҰҚШҰ хатшылығы Армениядан ұйымдағы мүшелігін тоқтату туралы өтініш түспегенін хабарлады. 

"Бүгінге дейін ҰҚШҰ хатшылығына Ереваннан ҰҚШҰ мүшелігін тоқтату туралы мәлімдеме түскен жоқ. Армения Республикасының кейінгі уақытта ұйым өткізген бірқатар іс-шараларға қатыспауы ескеріледі", – деді хатшылық.

Бүгінде ұйымға алты мемлекет мүшелік етеді. Олар: Ресей, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан.

Еске салсақ, ҰҚШҰ әскері елемізге қаңтар оқиғалары кезінде кіргізілген. 

Түркияның бесінші буын KAAN жасырын-жойғышы алғаш рет сынақтан өтті

Түркия президенті әкімшілігінің байланыс басқармасы KAAN ұшағының алғашқы рейсін сәтті аяқтағанын растады.

Алғашқы сынақ Анкара маңындағы Мүртед әуе базасында өткізілді. Әскери ұшақ қысқа сынақтан кейін базаға оралған. Жауынгерлік көлікті Барбарос Демирбаш басқарды.

KAAN ұшағы арқылы Түркия бесінші буын ұшақтарын шығаратын бес елдің бірі болмақ.

Фото: Anadolu Ajansı

KAAN жауынгерлік ұшағының қандай артықшылығы бар?

Жаңа буын қаруларының интеграциясының арқасында KAAN дыбыстан жоғары жылдамдықпен дәл соққылар жасай алады. Ал жасанды интеллект жүйелері мен нейрондық желілерді қолдау ұшақты қосымша қуатпен қамтамасыз етеді.

KAAN бағдарламасы аясында Түркияда найзағай жағдайында борттық жабдықты сынауға, сондай-ақ радиолокациялық бақылау аймағында ұшақтың көрінуін сынауға арналған әлемдегі санаулы ірі ұшу сынақ орталықтарының бірі құрылады. Сондай-ақ ұшақтың ауа ағынымен әрекеттесуін сынау үшін жел туннельдері салынбақ. Мұның бәрі сынақ деректерін өңдеу мүмкіндіктерін кеңейтетін көрінеді.

Фото: SavunmaSanayiST

Түркияның ең маңызды технологиялық жобасы саналатын KAAN ұлттық жауынгерлік ұшағын Turkish Aerospace Industries (TAI) компаниясы жасаған.

Бесінші буындағы ұшақ түрік әуе күштері қызмет ететін F-16 жойғыштарын алмастырмақ. Бұл жоба 2030 жылдары толық іске қосылады деп жоспарланып отыр. 

KAAN жасырын-жойғышын жасау жобасы 2016 жылы басталды. Бағдарламаның құны 10 миллиард долларға бағаланады. Түрік әуе күштері 2028 жылы алғашқы бесінші буын ұшақтары қолдана бастайды деп жоспарлап отыр.

Израиль Палестина мемлекетін мойындаудан бас тартты

Израиль үкіметі жексенбі күні Палестина мемлекетін біржақты мойындаудан бас тартқан декларацияны мақұлдады.

"Израиль палестиналықтармен тұрақты келісімге келу туралы халықаралық диктаттарды үзілді-кесілді қабылдамайды. Келісім болған күннің өзінде тек екі жақты келіссөздер арқылы жүзеге асырылады", – делінген министрлер кабинетінің шешімінде.

Yкімет отырысының алдында Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху "Израильге біржақты түрде Палестина мемлекетін таңу үшін" халықаралық қысымды қабылдамайтын декларацияны ұсынатынын айтты.

Фото: AFP

"Израиль Палестина мемлекетін біржақты тануға қарсы тұруды жалғастырады", –  делінген министрлер кабинетінің шешімінде.

"Вашингтон пост" газетінің хабарлауынша, АҚШ пен бірқатар араб елдері Израиль мен Палестина арасындағы ұзақ мерзімді бейбітшілік жоспарын аяқтауда. Жоспар Палестина мемлекетін құрудың нақты уақыт кестесін қамтиды, ол келесі бірнеше аптаның ішінде жарияланады деген ақпар бар.

АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен сенбі күні Израильдің палестиналықтармен бейбітшілікке қол жеткізуге үлкен мүмкіндігі бар екенін айтып, Палестина мемлекетін құрудың шұғыл қажеттілікке айналғанын мәлімдеді.

Палестиналықтар Газа секторы мен Батыс жағалауда астанасы Шығыс Иерусалим болатын тәуелсіз мемлекет құруға үмітті.

БҰҰ: Екі мемлекет шешімінен бас тарту жаһандық бейбітшілікке қауіп төндіреді

Біріккен Ұлттар Ұйымының басшысы Израильге премьер-министр Биньямин Нетаньяхудың екі мемлекет шешімнен бас тартуы жаһандық бейбітшілікке қауіп төндіретінін, экстремистерді жігерлендіріп, қақтығысты ұзартатынын ескертті.

Бас хатшы Антониу Гутерриш БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің министрлер отырысында "Палестина халқының өзінің толық тәуелсіз мемлекетін құру құқығын барлығы мойындауы керек” деп мәлімдеді.

Гутерриш сонымен қатар Ливан, Йемен, Сирия, Ирак және Пәкістанға назар аударып, қақтығыстың аймақтық шиеленісу қаупі барын ескерткен.

Нетаньяхудың соғыстан кейінгі кез келген сценарийде Палестина мемлекетінен бас тартуы Израильдің ең жақын одақтасы Америка Құрама Штаттарымен үлкен келіспеушілік тудырды.

Израильдің БҰҰ Елші Гилад Эрдан Қауіпсіздік кеңесін Иранның әрекеттерін тоқтауға шақырды. Эрдан кеңес отырысына Иран сыртқы істер министрінің қатысуын қатаң сынға алып, бұл елдің Хамасқа, Ливандағы Хезболла содырларына және Йемендегі хусит содырларына қару-жарақ беріп жатқанын, "жақында бұл әрекеттердің ядролық қолшатыр астында жүзеге асырылатынын" айтты.

Фото: Reuters

БҰҰ Газадағы атысты тоқтату резолюциясын ұсынды

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Газадағы атысты тоқтату резолюциясына дауыс беруі мүмкін екеніні белгілі болды. Ұсынысты ортаға салған Алжир ұйымның 15 мүшесін Израиль мен Хамас арасындағы соғыста дереу гуманитарлық атысты тоқтатуды талап етуге шақырды.

Америка Құрама Штаттары вето құқығын қолданатынын ашық айтты.

Қарардың түпнұсқа жобасын екі аптадан астам уақыт бұрын ұсынылған. Бірақ АҚШ-тың БҰҰ-дағы елшісі Линда Томас-Гринфилд бұл мәтін соғысты тоқтату үшін жүргізілетін келіссөздерге қауіп төндіруі мүмкін дейді.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарын қабылдау үшін Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелері – АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Қытай және Ресейдің кемінде тоғыз дауыс жинауы керек. Оған қоса мемлекеттердің ешқайсысы вето құқығын қолданбауы керек.

"Америка Құрама Штаттары бұл қарар жобасы бойынша әрекет етуді қолдамайды. Егер жоба дауысқа қойылғанның өзінде мақұлданбайды", – деді Томас-Гринфилд мәлімдемеде.

Ресейдің ғарышта ядролық қару орналастыруы

АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Мюнхен қауіпсіздік конференциясы кезінде Қытай және Үндістан сыртқы істер министрлерімен Ресейдің ғарышта ядролық қаруды орналастыру мүмкіндігі туралы сөйлесті. 

Блинкен келіссөздер барысында Ресейді бұл әрекетті жасамауға Қытай мен Үндістан көндіре алатынын айтты.

Фото: Reuters

Мемлекеттік департамент басшысының айтуынша, ғарышта ядролық қаруды қолдану үлкен апатқа әкеледі. Сондай-ақ америкалық қана емес, Қытай мен Үндістан спутниктерінің жойылуына әкелуі мүмкін.

Осы аптада АҚШ Ресейдің жерсерікке қарсы қару жасап жатқанын мәлімдеді.

Бұл қандай қару?

АҚШ шенеуніктері мен тәуелсіз сарапшылардың айтуынша, ғарыштағы болжамды ядролық жарылыс жаһандық байланыс жүйелерін бұзып, апаттық қызметтен бастап ұялы байланысқа дейін генераторлар мен сорғыларды реттеуге дейін үзіліс тудырады.

Бұған қоса, олар жарылыс қоқыстары Жердің төмен орбитасына шашылып, навигацияны қиындататынын айтады. Тіпті мүмкін Интернет байланысы үшін пайдаланылатын Starlink спутниктерінен бастап шпиондық спутниктерге дейін әсер етеді.

Ресей ядролық қаруды орбитаға шығаратын болса да, қаруды жармайды дейді сарапшылар. Ядролық қару орбитаға жіберіліп, біртіндеп әсер ету құралына айналады дейді олар. Осыдайша Ресей өзіне жасалған қандайда бір қысым келінде адамдарға физикалық қысым көрсетпей ақ әлем экономикасына әсер ете алады. Путин адамдарға емес, жабдыққа қауіп төндіру арқылы жағдайды өз бақылауына алады дейді сарапшылар.

Испанияда Ми-8 тікұшағын ұрлап, Украинаға әкелген ресейлік ұшқыштың мәйіті табылды

2023 жылдың тамызында Ми-8 әскери тікұшағын ұрлап Украинаға ұшып кеткен ресейлік ұшқыш Максим Кузьминов Испанияда өлі табылды. 

Испандық ақпарат құралдарының хабарлауынша, кісі өлтіру оқиғасы 13 ақпанда Аликантедегі Ла Вильяджойоса қаласында болған. Оның денесінде оқ жарақаттары болыпты.

Жәбірленуші бірнеше оқ жарақатын алған. Артынша оқ атылған көлік мәйітті басып өткен.

Фото: Getty Images

Жергілікті полиция өлтірілген ер адамның жеке басын анықтау үшін қосымша тергеу жүргізуді тапсырды. Мәйіттің 33 жастағы украиндық азаматқа тиесілі екенін БАҚ жазған. Ал Кузьминов 28 жаста. Бұл қорытынды табылған құжаттарға негізделген, олар "шындыққа сәйкес келмейді" деп мәлімдеді дереккөз.

Украинаның барлау қызметінің өкілі Андрей Юсов БАҚ-қа берген түсініктемесінде Кузьминовтың өлімін растады, бірақ оның қандай жағдайда көз жұмғаны туралы ақпарат бермеген.

Ресей: Кузьминовты ликведациялау уақыт мәселесі

Тікұшақты ұрлау операциясы аяқталғаннан кейін Кузьминов сұхбат берген болатын. Көп ұзамай ресейлік барлау комитеті ресейліктердің әрекетіне жауап берді. Олар ұшқышты "ликвидациялау” туралы бұйрықтың бар екенін мәлімдеді.

Кузьминоваты ликвидациялау "уақыт мәселесі” деп мәлімдеді олар. 

“Бұл мәселе сот арқылы шешілмейді, менің ойымша, ол тірі қалмайды", – деп мәлімдеген болатын ресейлік барлау офицері.

Ұшқышты сатқын деп атап, Ресей заңының ең қатал жазасы қолданылатынын мәлімдеген.

Еуропалық Одақ Ресейге қарсы санкцияларын 2025 жылдың 24 ақпанына дейін ұзартты

"2022 жылғы № 266 шешімге сәйкес шектеу шаралары тағы 12 айға, 2025 жылдың 24 ақпанына дейін ұзартылсын", – делінген хабарламада.

Донецк және Луганск халық республикаларының, сондай-ақ Херсон және Запорожье облыстарының Ресейге кіруіне байланысты салынған санкциялар байланысты шектеулер жалғаспақ.

"ЕО қабылдаған барлық шараны бүгінге дейін сақтап, қажет болған жағдайда қосымша шараларды қабылдаған жөн", – делінген хабарламада.

Фото: pixabay.com

Қаңтар айының ортасында Еуроодақ Ресейге қарсы санкциялардың 13-пакетін талқылауды бастаған еді. Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, 24 ақпанға дейін қабылданады деп жоспарланған шектеулер 17 қаңтарда қауымдастық елдері елшілерінің кездесуінде талқыланды. Олар санкциялық тізімдерді кеңейту, қосымша сауда шектеулері, сондай-ақ шектеулерді айналып өтумен күресу шараларын талқылады. Артынша ЕО өкілі Еуроодақтың Украинадағы арнайы әскери операция басталғанына екі жыл толғанда Ресейге қарсы жаңа санкциялар енгізуге ниетті екенін растады.

Сол күні Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Лейен ЕО жақын күндері блокталған ресейлік активтерден түскен пайданы тәркілеу және кейіннен Украинаға аудару шараларын қабылдайтынын айтты. 12 ақпанда Еуропалық Одақ Кеңесі Ресей Банкінің депозитарийлердегі бұғатталған активтерінен түсетін пайданы бөлек есепке алу және сақтауға арналған резолюцияны мақұлдады. Бұл ретте депозитарийлердің өздеріне алынған таза пайдаға билік етуге тыйым салынды. Жалпы алғанда ЕО және Австралия Ресей Орталық банкінің шамамен 260 миллиард еуро болатын қолма-қол ақша мен құнды қағаздар түріндегі активтеріне тосқауыл қойған. 

Ақпанның ортасында Financial Times Венгрияның Ресейге қарсы еуропалық санкциялардың жаңа, 13-пакетін қабылдауға тосқауыл қойғанын хабарлады. Алайда 19 ақпанда Венгрия жаңа санкциялар пакетіне қарсылықтарын қайтарып алды.

Ресей билігі санкцияларды алып тастауды талап етіп, оларды айналып өтуді үйренгендерін ескертеді.

"Біз санкцияларға бейімделдік, санкциялық тәуекелдерге қарсы тұруды үйрендік", – деп түсіндірген Дмитрий Песков өткен жылдың қарашасында.

Ұлыбритания Түркия, БАӘ және Швейцария кеме компанияларына санкция салды

Ұлыбритания энергетика саласында бизнес жүргізу арқылы Ресей үкіметінің қолдауын пайдаланғаны үшін төрт кеме компаниясына санкция салды.

Жарияланған тізімде түрікиялық Active Denizcilik Ve Gemi Isletmeciligi Anonim Sirketi және Beks Ship Management And Trading акционерлік қоғамы, сондай-ақ БАӘ-ден Fractal Marine Dmcc және швейцариялық Paramount Energy & Commodities SA компаниялары. Ал БАӘ-де орналасқан Paramount Energy & Commodities Dmcc қараша айынан бері Ұлыбританияның санкциялар тізімінде.

Сондай-ақ Paramount Energy & Commodities SA компаниясымен байланысы бар Голландия азаматы Нилс Оскар Троост санкцияларға ұшырады.

"Мұнай трейдері Нилс Трост және оның Paramount Energy & Commodities SA компаниясы және БАӘ-де орналасқан Paramount Energy & Commodities DMCC компаниялары ресейлік мұнайдың кедергісіз саудасын қамтамассыз етіп отыр. Fractal Marine DMCC, Beks Ship Management және Active Shipping Ресей энергетикалық секторында көлеңкелі флот құрамында жұмыс істейді", – делінген баспасөз хабарламасында.

Көлік саласында екі жүк тасымалдау компаниясы да Ұлыбританияның санкцияларына ұшырады. Сонымен қатар Ресейдің Azia Shipping және Ibex Shipping INC омпанияларына да санкция салынды. Баспасөз хабарламасында айтылғандай, олар КХДР-дан Ресейге қару-жарақ тасымалдауға қатысқан.


Автор: Айгерим Жумабаева

Айгерим — опытный редактор с богатым опытом в изучении и письме о культуре и истории. Ее страсть к языкам и письму помогает создавать увлекательные тексты.