М. Б. Шындалиева Филология ғылымдарының докторы, профессор



жүктеу 58.32 Kb.
Дата26.11.2018
өлшемі58.32 Kb.

М.Б.Шындалиева

Филология ғылымдарының докторы, профессор

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Астана қ, Қазақстан



Атылған қыз туралы аңыз

С.Адамбеков
Адамбеков Садықбек 1922 жылы 15-ші қарашада Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс ауданы, Қара аспан ауылында дүниеге келген. Алғашқыда Қызылорда педагогикалық училищесін, кейін сондағы педагогика институтын бітірген. Жазушылық қызметін журналистіктен бастаған. Жалпы шығармаларында ел-тұрмысының, адам мінезінің көлеңкелі жәйттерін күлкі етеді, етектен тартар ескіліктің сарқыншақтарын батыл әшкерелейді. Тұңғыш өлеңдер жинағы - «Өмір тойы» 1949 жылы шыққан. Содан бері көптеген сықақ әңгімелерінің жинақтары жарық көрген. «Күн мен көлеңке», «Біздің үйдің жұлдыздары», «Қоршаудағы адам», т.б. пьесалары облыстық, республикалық сахналарда қойылып келеді. 1959 жылы «Қожанасыр қақпасы», 1961 жылы «Көсенің көзі» жинақтары жарық көрген.

С.Адамбековтің «Атылған қыз туралы аңыз» сатиралық тұңғыш романы 1969 жылы жарық көріп, көпшілік көңілінен шыққан шығармалар қатарына жатады.

Жазушының бұл сатиралық романы қоғамдағы жағымсыз болмыс- құбылыстарды, адам бойындағы ұнамсыз мінез-құлықтарды, әдеп-тәртіптерді әшкерелеп, күлкіге жығу, келемеж ету ниетімен жазылатыны жөнінде әдебиет зерттеушілерінің пікірлері бір арнаға саяды. Осы орайда орыс сатириктерінің мұрасы қазақ жазушылары үшін үлкен мектеп, нысана болғаны да даусыз.

С.Адамбековтің «Атылған қыз туралы аңыз» романының басты кейіпкерлері Сыбан молда, парторг Шынтас, оның шопыры Майлыбас, Жаманқара, әйелі – Кәкеш, Айбалта, әйелі – Аня, атасы – Сайрамбай, Тасбике, Кәрім, Орман қарт, оның қызы – Айнаш, тергеуші – Тәнкей, т.б.

Романның қысқаша мазмұны мынадай: Сыбан молда үйінде Тасбикені емдеп жатқанда үстінен Майлыбас түседі. Молданың тізесіне жағатын спиртін, бір коньягін бөліп ішіп, Жаманқараның түрмеде асылып өлгенін естиді. Бәрі бірігіп қайғырады. Ауыл ақсақалы Сайрамбайдың үйіне барып Жаманқараның өлімін естіртеді. Жаманқараның туысқаны Сайрамбайдың баласы Айбалта бір ай бұрын хат алып, аман-есендігін білген.

Жаманқара Жабағин – соғыс басталғанда жүн-жұрқа жинап байыған. Жаманқараның қолқанаты болған Майлыбас пен Кәрім жүн-жұрқа, темір-терсек жинасып, бірге істеседі. Алғашқыда Жаманқараның үйінде колхоз бастықтары, ауылсовет төрағасы қонақ болса, кейіннен облыстық тұтынушылар одағы, облыстық атқару комитетінен қонақтар келетін жағдайға жеткен.

Жаманқара 1957 жылы колхоздар совхоздарға біріктірілгенде жұмыссыз қалады. Кейіннен ферма меңгерушісі болып тағайындалады. Жәкеңнің жағдайы жақсарғаннан кейін Ереван, Тбилиси, Ташкент жақтан шеберлер шақыртып, бұрынғы үйін қайта әшекейлейді.

Жаманқара басына бұлт төнген күн облыстан бастықтардың қонаққа келгенінен басталады. Вертолетпен келген қонақтар ойына келгенін істейді. Қонақтармен бірге келген ақ келіншек жоғалып, тыныш ұйқыдағы «Көкөзек» селосы бүйі тигендей дүрлігеді. Ол келіншек Кәріммен бірге кеткен болып шығады. Көктен түскен үлкен қонақ, қойнындағы келіншектен айырылып, қайта ұшып кеткен соң , көк қақпалы кең аула бос қалады. Бір жеті өтпей-ақ «Охота на вертолете» фельетоны шығып, обком бюросында бұл жағдайды қарап, Жаманқараға қатаң сөгіс беріледі. Кейінірек Жаманқараның былықтары шығып, түрмеге жабылады.

Сыбан молда Орман қарттың домбырашы қызы Айнашты көріп, көңілінде желік пайда болады. Орманның әйелінің жақын сіңлісі Тасбикені айналдыруы қызға қарай көпір салудың жолы деп санайды. Бұл молда алпыстан асса да, жас қызды алуды көксеп, әйелін төркініне апарып тастайды.

Аня Айбалтаның әйелі, ұлының аты - Шоқан. Аняны Владивостоктан алып келген, мамандығы - дәрігер. Ел-жұрт жиналып, ақылдаса келе, Жаманқараға мола соғып, ескі-жаңа киімдерін қоса көмуді ұйғарады. Мола соққан екі өзбектің ұстасы аңқау халықты алдап, айла-амалдарымен ақша жинап алады.

Жаманқараның киімдерін көміп жаназа шығарғалы жатқанда, мазар сыртындағы қалың жыңғыл ішінен, көк жиделердің арасынан Жаманқараны қолтықтаған Майлыбас шыға келеді. Екеуі де мас, ел аң-таң болып қалады. Жаманқара жаназасына жиналған малды бағып жүрген «Мылқау дуана» өзі болып шығады. Молданың ұйғарымымен жаназаға түскен мал қайтып иелеріне қайтарылмайды.

Екінші кітаптағы оқиға Айнаш пен Шынтас арасындағы әңгімелерден өрбиді. Тасбике біреулерге Айнаштың суретінің сыртына: «Естелік ретінде сүйіктім Шынтасқа» деп жаздыртады. Сүйтіп оны Шынтастың әйеліне көрсетеді. Ауылына тараған өсекке шыдай алмаған Айнаш туралы атылып өлді деген сөз тарап кетеді. Осы істі тергеуге ауданнан Тәңкей келеді. Негізінде Айнаш ауыл өсегіне шыдай алмай Сыбан молдаға күйеуге шығуға уәде беріп, тойды жасатады. Бірақ арты қыздың атылуымен бітіп, молда қашуға ыңғайланады.

Жаманқараның жиған бір сандық алтынын молда алып қашпақ болып, Айбалта мен Кәрім оған жол бермейді. Роман соңында Айнаштың Алматыға оқуға кеткені, демалысқа ауылға келгені тәптіштеп баяндалады. Романның мазмұнынан байқалатын жәйт жаны ізгі, ары таза жандардың кейбір озбыр әділетсіз жағымпаздармен табанды күресі кеңінен суреттеледі.

Бұл сатиралық романдағы негізгі обьект Сыбан молда бейнесі. Молданың іс-әрекеті, жан-дүниесі түгелдей жоққа шығып, мүлде мансұқ етіледі. Бұл орынды да. Молданың өзін-өзі мақтаған тұсы адам баласындағы жағымсыз болмыс, қоғамға зиянды құбылыс екенін дәлелдейді.

«- Е, Майлыеке, мен Бұхарада, жер астында жеті жыл, Стамбулда, көк үстінде сегіз жыл оқыдым. Бұл бүкіл Сырдария гүбірнесі, Әулиеата оязында мендей ғұлама молда жоқ. Амал қанша, пешенеге жазғанды көріп жүрміз ғой. Ақырында, жаңағы жаман қатын да бұтын көтерді маған. Сол отырған жерінде, есек қып ақыртып, ит қып үргізіп жіберер едім, амал қанша, заманның ауанынан қорқамын, - деп Майлыбасқа ойлы көзбен қарап, байсалды сөйледі». Осы тұста романшы моральға үйлеспейтін ұнамсыз құбылыстың зияндылығын жете көрсетіп, оған төзуге еш болмайтынына оқушы көзін жеткізеді. Автор талқаны таусылып бара жатқан Сыбан молданың басындағы кемшіліктердің әлеуметтік мәніне дұрыс баға бере білген.

Осы роман кейіпкерлері мен Гогольдің сатиралық образ жасаудағы

Тіл – стиліндегі үйреністері туралы Р.Алтынбекованың пікіріне қосылуға болады.

«С.Адамбековтің «Атылған қыз туралы аңыз» атты романында Гоголь кейіпкерлерінің елесі, жүріс-жорығы жүр. Қоғамымыздағы жекеленген жағымсыз жандардың бет - әлпетін, ұсқын – сипатын сомдап, топтап, типтендіруде С.Адамбеков Гогольден біраз жәйтті үйренген. Романдағы Жаманқараның өмірі гүлдену және құлдырау сияқты екі кезеңмен берілген. Оның дәурендеу кезеңі Ноздревтің тіршілігін ... елестетсе, сорлаған тұсы Плюшкинді еске түсіреді».

Әдебиет зерттеушісі Т.Қожакеев Плюшкиннің бағы тайып, «иті оттаудан», тасы өрге домалаудан қалып, салы суға кете бастағанын Гогольдегі қора – қопсысы суреттеген жерін С.Адамбековтің Жаманқара Жабағинінің істі болып айдалып кеткенін, түкірігі жерге түспей тұрғанда салғызған көк қақпалы, көк сарайының кейінгі сиқын салыстыра отырып, бұл сатиралық кейіпкерлердің тағдыры, хал – ахуалы, шаруашылық сыңайы бір әдіс, ұқсас суреттеумен берілгенін дөп тауып айтқан.

Бұл роман бастан-аяқ күлкілі ситуацияға негізделіп, сықақтық тіл-стильмен жазылған. Мысалы:«Міндетті әскери қызметін өтеп келген үш жылды қоспағанда, бар өмірі ел ортасында өткен Мақан ауылдағы «өгіз бұзаулады» дегенге сенетін аңқаулардың бірі еді. Ол ойына келгенді ертеңге қалдырмай айтып салатын мінезі болмаса, біреуге жамандық ойламайтын. Бүгін қараптан – қарап отырып, қырағы, сақшы боп шыға келді», - деген тұсы Майлыбастың толық портретін көз алдыңа елестетеді. Бұл Майлыбасқа берілген мінездемеде кейіпкердің алуан түрлі сезімдері мен қабілет-қасиеттері, әлеуметтік тұрмыс-күйі, қоғамдық ортасы тікелей байланысты суреттеледі.

Мақанның Майлыбас атануының өзі қызықты баяндалады. Қалың бұйра шашына шаң-тозаң тоқтап, қол батпайтындай ұйысып жүргендіктен Майлыбас аталып кеткен екен.

Роман соңында түскен арызды тексеруге келген өкіл Тәңкейді келемеж етеді. Арыздағы фактілерді тексеріп, анық-қанығына жетудің орнына, әр адамға сеніп, өз ойындағы жоспарын жүзеге асыруға көшуін суреттеген тұстары тапқырлықпен салынған сурет деуге болады.



«Ферма кеңсесінде Тәңкей оңаша қалған соң өзінен өзі үрейлене бастады, аудан орталығынан сот, эксперт, милиция адамдарын түгел ала шықпағаны бір қате, өлікті көміп қойғаны екі қате, мына екі қарсылық бәрінен де жаман қате. Қазір, бұрынғы екі-үш аудан бір өндірістік басқармаға айналғанда, наны көтерілген осы Тәңкейдің жиені бастық болып топ ете қалды. Осы сәтті пайдаланып, оңтүстіктегі аудандардың бірінде адвокат болып жүрген Тәңкей қайтадан Шудан шықты».

Бұл жазушының елес берудегі, сөзбен сурет салудағы шеберлігі. Автор тұңғыш сатиралық романда қазақ ауылындағы келеңсіз жағдайларды қатаң сынап, оның зиянды зардаптарын ашына суреттейді. Романда кеселді зардаптарды әшкерелей отырып, нағыз шындықтың бетін ашып, әлеуметтік мәні бар мәселелерді қозғайды. Бір сөзбен айтқанда жазушы ел тынысын көз жазбай қадағалап, оның келеңсіз жақтарын тап басып, дәл көрсетеді.


Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет