М. Х. Дулати. Халықаралық энциклопедия мұхтар Қазыбек Республикалық М. Х. Дулати қоғамдық қорының президенті, Алматы



жүктеу 219.69 Kb.
Дата23.04.2019
өлшемі219.69 Kb.

ӘОЖ 94 (574)

М.Х. ДУЛАТИ. ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЭНЦИКЛОПЕДИЯ
Мұхтар Қазыбек

Республикалық М.Х. Дулати қоғамдық қорының президенті, Алматы
Көрнекті мемлекет қайраткері, ғалым, қолбасшы, ақын һәм жазушы М.Х. Дулати энциклопедиясын жасау мәселесі жөніндегі идея 1999 жылы ұлы ғалымның 500 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО шеңберінде дүние жүзі көлемінде атап өтуге байланысты шаралар жоспарын жасау барысында дүниеге келген-ді. Қазақтың тұңғыш тарихшысы, ұлы ғалымның еңбегі ол кезде елімізде әлі жарық көре қоймаған кез болатын. Дулати мұраларын насихаттап, жариялау өзекті мәселеге айналғанды. Қазақстан баспагерлері, тіпті министрліктің өзі бұл мәселеге дайындығы жоқ болып шықты. Әлем мойындаған ғұлама мұраларын шұғыл түрде мерейтой қарсаңында жариялау үшін жоспар жасап, оны жүзеге асыруға ұйытқы әрі орталық болатын М.Х.Дулати қоғамдық қорын құру жұмысын қолға алдым. Сөйтіп 1998 жылы қор құрылды. Сол қордың тікелей ұйымдастыруымен әрі А.Асқаров ағаның басшылығымен Дулатидің 500 жылдығын ЮНЕСКО шеңберінде Үндістанда атап өту жөніндегі іс шаралар қолға алынды. Үкіметтік делегация ұйымдастырылып, алғаш рет Үндістанда мемлекет қайраткері, әмір әрі тарихшы, жазушы бабамыздың мерейтойы ресми түрде Қазақстанның Үндістандағы елшісі А.Шәкіровтың, ІІ хатшы М.Тұяқбаевтың тікелей атсалысуымен аталып өтті. Дулатиға арналған Делиде өткен бірнеше конференцияда Мүхаммед Хайдардың Үндістан тарихындағы әрісі шығыстану тарихында алатын орнына тоқталынып, үлкен қоғамдық, мемлекеттік қызметін жан-жақты көрсетуге арналған салиқалы ғылыми ой топшылауларға ұласты. Делегация Дулати қабіріне Тараз қаласынан бабамыздың ескерткіші түбінен алынған топырақты апарып салып, ғұламаның зиратынан алған топырақты Тараздағы ескерткіш түбіне әкеліп қойды. Сөйтіп Қазақстаннан барған зиялы қауым Үндістандық бауырмал елмен қауышып қайтты, тарихи ұлы миссия атқарды. Үндістан мен Қазақстанның мәдени-тарихи байланыстарының ілкі бастауында тұрған Шығыс ренесансының айтулы тұлғалары – Бабыр мен Мұхаммед Хайдар есімдері қайта жаңғырықты. Дж. Неру Бабырды ортағасырдағы Үндістан ренесансының бастауында тұрған үлкен тұлға деп бағалады, бұл пікір ежелден мәдениет пен өнердің, ғылымның орталығы болған Кашмирдің дербес билеушісі Мұхаммед Хайдарға да тікелей қатысты. Бабыр да, М.Х.Дулати да шығыстағы қайта өрлеу дәуірінің басында тұрған, оны жүзеге асырған тарихи тұлғалар деп білуіміз керек.

Жалпы ТМД елдері аумағында М.Х.Дулатиға қатысты, оның ғылыми еңбектерін қолға алып, аударып жариялау жұмысымен Өзбекстан ғалымдары алдымен айналысты. Себебі Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясының Әбу Райхан Беруни атындағы Шығыстану институтында ұлы тарихшының «Тарих-и Рашиди» атты еңбегінің ХVII ғасырдың бірінші жартысында көшірілген нұсқасы сақтаулы болатын. «Тарих-и Рашидидің» Ресей Шығыстану институтының Санкт-Петербург филиалында да «Тарих-и Рашидидің» нұсқасы бар. Дегенмен А.Урунбаев, Р.П. Джалилова, Л.М. Епифанова бұл еңбекті парсы тілінен тікелей орыс тіліне аударып, 1996 жылы Өзбекстан Ғылым академиясының «Фан» баспасынан бастырып шығарды. Тиражы 1000 дана. Ескертпелері мен сілтемелерін Р.П.Джалилова мен Л.М. Епифанова жасаған бұл басылым, шын мәнінде «Тарих-и Рашидидің» бірнеше нұсқаларын, соның ішінде, Лондон басылымын, Ресейдегі нұсқаларды пайдаланып аударылған академиялық шығарылым деу керек. Бір келіспейтін жері – кітап мұқабасында Мырза Мұхаммед Хайдар деп беріліп, Дулати не Дулат (Лондондық басылымда Доғлат деп берілген) көрсетілмейді. А.Урунбаев бұл ағаттығын кейін мойындады. Қазірше ТМД елдерінде Өзбекстанда жарық көрген аударма пайдаланылып келеді. Сондыктан да Өзбекстан ғалымдарына кажырлы еңбектеріне ризашылығымызды білдіріп, алғысымызды айтканымыз орынды болар. Біз басшылыққа алып жүрген еңбек осы «Тарих-и Рашидидің» Өзбекстанда жарык көрген аудармасы. 2003 жылы «Тарих-и Рашиди» қазақ тілінде 5000 данамен басылып шықты, соңғы жылдары қытай тілінде жарық көрді, қытай аудармашысы еңбекті ағылшын тілінен аударыпты. 2004 жылы Иранда Тегеран қаласында «Тарих-и Рашидидің» парсы тіліндегі нұсқасы негізінде даярланған алғашқы басылымы жарыққа шықты, көлемі 1000 беттен асып кетеді, үлкен форматты, сапалы қағазға басылған. Бүгінгі күнге дейінгі мәліметтерге қарағанда Дулати еңбегі дүние жүзінің ең ұлы тілдерінің бәріне дерлік аударылған, олар: ағылшын, қытай, орыс, француз, сонымен қатар қазақ, парсы тілдері. Сөйтіп «Тарих-и Рашидиді» әлемнің барлық зиялы қауымдары, шығыстанушылар өз тілдерінде аудармалары арқылы емін-еркін оқи алады, орта ғасырда дүниеге келген асыл мұра жаңа ғасырда да өзіне деген сұранысқа ие болып, ғылыми құндылығы артып, кажетті мұраға айналып отырғанының куәсі болып отырмыз. Бір ғажабы Дулати мұрасын шығыстанушылар өз еркімен тәржімалап отырған. Біздің асыл жәдігерлеріміздің ішінде дәл М.Х.Дулатидің «Тарих-и Рашидиіндей» әлемнің ұлы тілдеріне аударылған бірде бір тарихи жәдігер жоқ десек те болғандай. Қазақ есімін дүние жүзіне таратып мәшһүр етіп келе жатқан бірден-бір мұра осы – «Тарих-и Рашиди». Бұл М.Х. Дулати еңбегінің ғылыми, тарихи, әдеби, географиялық құндылығына деген құрметтің де белгісіндей қабылданады.

М.Х.Дулатидің «Тарих-и Рашиди» атты атақты еңбегі орта ғасырдағы дәстүр бойынша парсы тілінде жазылғанымен, бұл жәдігер ең алдымен қазақ халқының төл мұрасы, сондай-ақ түрік халықтарына да ортақ мәдени ескерткіші. Жалпы «Тарих-и Рашиди» бір халыктың мұрасы аясынан шығып, адамзатқа ортақ асыл ой-қазынасының кәусар да нәрлі бұлагына әлдеқашан-ақ айналған рухани қазына.

М.Х.Дулати энциклопедиясының құрылымы, сипаты, тақырыптық салалары да өте кең де күрделі, әрі қамтитын географиялық кеңістігі де өте ауқымды: ол құрлықтағы бірнеше мемлекеттерді қамтиды. Бұл мемлекеттерде Мұхаммед Хайдар болған, ол жерлерде тұрып қызмет атқарған, ол елдер: Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Қазақстан, Ауғанстан, Пәкістан, Қытай, Үндістан, Иран. Сонымен қатар Түркіменстан, Ресей, Германия, Ұлыбритания елдері де нциклопедияда қамтылады, себебі «Тарих-и Рашидидің» қолжазба нұсқалары алғаш рет 1895 жылы Лондонда ағылшын тілінде Е.Д.Росс аударып басып шығарды. «Тарих-и Рашидидің» қолжазба нұсқалары әлемнің оннан аса елдерінде сақталынып отыр. Бір ғана Үндістанның өзінде Кашмир және Жамму штатының орталығы Сринагар қаласындағы Кашмир университетінің кітапханасында, Алигарх университетінің кітапханасында, Хайдарабад Орталық кітапханасында, Рампур, Калькутта да, әзірше бізге мәлім осы бес жерде сақтаулы. «Тарих-и Рашиди» Кашмирде жазылғандықтан қолжазба кітапты көшіріп таратушы — каллиграфистер ең алдымен көшірілген ең алғашқы нұсқа осы Кашмирлік нұсқа болып саналады.

Ал бұл атақты туындының түпнұсқалық мәтіні әзірше белгісіз, бізге жетпеді. Ол М.Х.Дулатиге қастандык, жасап өлтірілген кезде, үй-мүлкі, қазына байлығы, мұралары да тоналып, өртелген. Бәлкім сол кезде ғалымның көптеген қолжазбалары, кітаптары жыртылып, жойылып қолды болды, ұстағанның қолында кетті. Солай болды, мұны тарихи деректер де растайды.

Энциклопедияда «Тарих-и Рашидидің» қолжазба нұсқаларының таралуы, көшірілуі, сақталуы жөнінде жеке-жеке сипаттамалық, ғылыми мақалалар беріледі. «Тарих-и Рашидидің» таралуы кітап қолжазбалары тарихында – айрықша тарихи құбылыс дерлік нәрсе. М.Х. Дулатиды бұл шығармасының өзінде 1000-нан астам кісі есімдері аталады. 500-ге жуық географиялық және топографиялық атаулар орын алған. Сонымен катар автор 60-тай этникалық топ пен тайпа аттарына өз шығармасында тоқталған. Бұл еңбегін жазу барысында Дулати 62 тарихи еңбектерге сілтеме жасайды. Ғүлама ғалым өзі өмір сүрген кезеңге дейінгі тарихта аты мәлім қайраткерлер мен ғалымдар, ақындар, ғұламалардың есімін назардан тыс қалдырмаған.

М.Х. Дулати ойшыл, жан-жақты білімдар, ғұлама, қалам қарымы талантты тарихшы, мемуарист, ақын, мемлекет қайраткері, қолбасшы – өзі жазғандай игермеғен өнер саласы жоқтың қасы, бір сөзбен айтқанда, энциклопедист тұлға. Оның осы қасиеттері «Тарих-и Рашидиден» айқын көрініп отырады. Біз «Тарих-и Рашидиді» қайта-қайта зерделеп оқу барысында бұл еңбекте 40-қа жуық ғылым саласы қамтылатынын саралап көрсеттік. Бұл дерек «Тарих-и Рашидидің» шын мәнінде энциклопедиялық еңбек екенін, шет ел ғалымдары мен шығыстанушыларының қызығушылығына үлкен негіз барлығын айқын аңғартады. Өзіміз күнделікті айналысып жүрген оқу мәселесін алып қарайықшы. Таяу уақытта мектепке 6 жастан бастап оқытуға көшу колға алынып отыр. Ал шығыс елінде бала қай жастан бастап мектепке барған? Бұл өте маңызды мәселе. Біздегі бар ағартушылык әдебиеттерден, ғылыми еңбектерден бұған нақты жауап ала алмайсыз. Оған жауапты М.Х.Дулати бабамыз: сол кездегі дәстүр бойынша бала 4 жас, 4 ай, 4 күнге толған кезде мектепке алып баратын еді. Әкем Хорасанға келген бір сапарында мені атақты Шеих әл-Исламидің алдына батасын алуға алып барды. Ол кісі оң тізесінің үстіне отырғызып, маңдайымнан сипап мейір шапағатымен батасын беріп, ак жол тілеп еді, деп жазады. Батыс сауатсыз деп келген елде баланы мектепке беру жасы 4 жас, 4 ай, 4 күн болып отыр. Бабырдың 12 жасында патша болғанын еске алсаңыз, ол сауатын тым ерте ашқан Мұхаммед Хайдар айтып отырған жаста ашқанына көз жеткізесіз. Сауатын ерте ашқан Дулати 15 жасында отау иесі, гураган – ханның күйеу баласы болу құрметіне ие болды. Бұл адамзат баласы тарихына салыстыру бір ғана сипатындағы дерек.

Жеке талантты тұлғаларға арналған энциклопедиялық басылымдар шығару ісінде бүгінде тәжірибе жетерлік. Бұған дейін батыс елдерінде А.Данте, У.Шекспир, Л.Бетховен, И.В.Гете, Ф.Шиллер, Р.Бернс, Ч.Диккенс және басқа да мәдениет қайраткерлеріне арналған атаулы энциклопедиялар жарық көріпті. Ресейде мұндай сипаттағы бірінші энциклопедия М.Ю.Лермонтовқа арналған, ол 1981 жылы жарық көрді. «Лермонтов энциклопедиясының» құрылымы, авторлар кұрамы, көтерілген тақырыптары назар аударарлық. Мақалалар ғылыми тұрғыдан дәйекті әрі проблемалық сипатта жазылған. Лермонтов энциклопедиясы 11 бөлімнен тұрады: Лермонтов және XIX ғ. орыс әдебиеті, Лермонтов шығармалары; Лермонтов және музыка; Лермонтов және бейнелеу өнері; Лермонтов және КСРО халықтары әдебиеті; Лермонтов және шетел әдебиеті; Лермонтов және театр; Тарихи орындар; Биографиясы және Лермонтовтың айналасы; Теория. Энциклопедияның редакциялық құрамында 57 адам 15 сала бойынша материалдарды сұрыптап, редакциядан өткізген. Шет елдерден энциклопедия материалдарын жазуға: Польша, ГДР, Чехословакия, Румыния, Венгрия, Югославия, яғни негізінен социалистік елдер ғалымдары тартылған. Жалпы саны 271 автор атсалысқан, соның үшеуі Қазақстаннан. Энциклопедияға енген материалдар алфавиттік тәртіппен қазақтың ұлы ақыны, Лермонтовтың өлеңдерін қазақ тіліне аударған Ұлы Абайдан басталған. Энциклопедияға жалпы саны 952 мақала енген, көлемі 159,5 есепті баспа табақ, таралымы 150000 дана. Лермонтов энциклопедиясына кеңірек тоқталып отыруымыздың себебі бар. Бүгінге дейінгі ТМД елдерінде жарық көрген энциклопедиялардың ішінде бұл басылымның тәжірибесі, материалдарының жазылуы, ғылыми аппараты үлгі алуға тұрарлық дүние.

Біздің елімізде Абайдың 150 жылдығына байланысты Абай энциклопедиясы жарық көрді. М.Әуезовтың 100 жылдық мерейтойына байланысты Әуезов энциклопедиясы дайындалып жарық көрмек (өткен 2011 ж. басылып шықты), бұл энциклопедия он алтыдан астам тақырыптық саланы камтиды екен.

Бұл энциклопедиялар бір-біріне ұқсамайды. Дулати энциклопедиясы да жоғарыда айтылған, мысал ретінде келтірген басылымдарға тіпті де ұқсамайды, әрі оны қайталамайды да, өйткені бұл еңбектердің көтеріп отырған тақырыптары мүлдем бөлек, оның үстіне дәуірі де басқа.

М.Х.Дулати энциклопедиясы 40-қа жуық ғылым салаларын қамтиды, яғни орта ғасырда қол жеткен жетістіктер толык дерлік «Тарих-и Рашидиде» көрініс тапқан болса, ол жаңалықтар бұл анықтамалықта барынша қамтылатын болады, бұл жұрт назарын аударатын факт.

Кез келген ғылым саласының өкілдері Дулати энциклопедиясы материалдарынан орта ғасырдағы, бүгінде ұмыт болып бара жатқан тың деректер тауып, оқып каныға алады. Біз өзіміз ұзақ жылдар бойы талдап, шамамыз келгенше қамтуға тырысқан материалдарымызды тезис түрінде оқырман қауым назарына ұсынып, нақты ой-пікір алу мақсатында талқыға салып отырмыз. Жалпы «М.Х.Дулати халықаралық энциклопедиясына» енетін материалдардың дені 40-тан астам ғылым салаларына қатысты, ауқымды, проблемалық мақалаларды қамти отырып, әрі қарай салаланып, жіктеліп, зерттеу сипатындағы материалдарға ойысуы керек. Бұрын айтылмай келген тың мәліметтер осы энциклопедияда көрініс табатын болады. Аталмыш еңбекке бірнеше шет елдік ғалымдар, шығыстанушылар ат салысады, өйткені энциклопедияның тақырыптық та, бірнеше мемлекеттерді қамтитын географиялық та, тарихи кеңістік ауқымы да өте кең. Оқырман қауымның, ең алдымен зерттеушілердің, тарихшылар мен гуманитарлық, техникалык ғылым салалары мамандарының назарын осы өзекті мәселеге – «М.Х.Дулати Халықаралық энциклопедиясына» аударып, нақты ой-пікірлерін қосуын, ұсыныстарын білдіруін сұраймыз.


М.Х.Дулати. Халықаралық энциклопедиясының негізгі тақырыптары

  1. М.Х.Дулати — адамзаттың ұлы ойшылы.

  2. М.Х.Дулати — мемлекет қайраткері.

  3. М.Х.Дулати — қолбасшы.

  4. (Тақырыптық мақалалар)

  5. М.Х.Дулатидің 1510-1512 ж.ж. Шайбандық көшпелі өзбектермен болған жорыққа катысуы.

  6. М.Х.Дулатидің 1512-1513 ж.ж. Ташкент маңындағы көшпелі өзбектермен болған шайқастарға қатысуы.

  7. 1514 ж. Қашқарияға Саид ханмен аттануы.

  8. 1524-1525 ж.ж. Моғолстан мемлекетінің шекарасын нығайту үшін Қырғызстанның Жұмғал, Қошқар, Атбасы елді мекендерінде жорықта болуы.

  9. М.Х.Дулати 1525 ж. Хунза, Гиглит, Читрал, Ягистан секілді Болор өлкесі (Индия, Пәкістан жерлері) елді мекендеріне жорығы.

  10. 1529-1530 ж. Таулы Бадахшандағы Қала-и Зафарға жасаған жорығы.

  11. 1531 ж. Үндістандағы Ладак аймағына жорығы.

  12. 1532-1533 ж.ж. Саид ханның баласы Ескендір екеуі Кашмирге жорық жасауы.

  13. 1533 ж. шілдеде Лхасадағы "Бүкілқытайлықтардың" храмын қирату үшін жорықка шығуы.

  14. 1534 ж. көктемде Кашмирдің Қиыр шығысындағы Суру, Занскар аймағына жасаған жорығы.

  15. 11. 1539 ж. Ганга жағасында ауған текті Шершаһпен соғысқа қатысуы.

  16. 1540 ж. Кашмир өлкесін бейбіт жолмен алып, таққа отыруы.

  17. Дулати қатысқан ірі шайқастар.

  18. Дулати дәуіріндегі түркі халқының әскери өнері.

  19. "Тарих-и Рашидиде" ұрыс кезіндегі жауынгер психологиясын бейнелеу ерекшеліктері.

  20. Жауынгерлік рух.

  21. Жауынгерлік патриотизм.

  22. Опасыздық, сатқындық туралы.

  23. Батылдық, ерлік, жеңімпаздық туралы.

  24. Отан, туған ел, атақоныс хақында.

  25. Ұрыс, соғыс жүргізу тәсілдері.

  26. Дулати кезеңіндегі әскердің құрылымы: сапқа тұру тәртібі, жауынгерлік ту, әскербасылардың шендік дәрежелері: он басы, жүзбасы, мыңбасы, қолбасы және т.б. жасауыл, қарауыл, соғыс кемелерін, зеңбіректерді колдану. Әскер түрлері: атты әскер. жаяу әскер, әскери қостар, әскери жүктер, шайқастарға пілдерді пайдалану.

  27. Ұрыс кару-жарақтары: қалқан, кылыш, селебе, айбалта, садақ, жебе, сүңгі, найза, дабыл, зеңбірек, кіреуке, сауыт, ат сауыт, дабыл, барабан, даңғыра.

  28. Қорқыныш және үрей.

  29. Дулати әскери ой-пікірлерінің Б.Момышұлының тұжырымдарымен тарихи сабақтастығы.

  1. Дулати – саясаткер, дипломат.




  1. Дулати – тарихшы (қазақ тарихының атасы)




  1. «Тарих-и Рашидидің» тарихи-танымдық сипаты.

  2. Қазақ хандығының құрылуы мәселелері.

  3. «Тарих-и Рашидидегі» қазақ-өзбек қатынастары.

  4. Қазақ-қырғыз қатынастары.

  5. Моғолстан мемлекетінің құрылуы.

  6. Моғолстан және Ұлы Моғол империясы.

  7. Моғолстан мен қазақ хандығының карым-қатынастары.

  8. «Тарих-и Рашиди» — деректану көзі.

  9. «Тарих-и Рашиди» — түркі халықтары тарихи санасының айнасы (көрінісі).

  10. «Тарих-и Рашидидегі» мемлекет басқару жүйесі, принциптері, хан кеңесі, Шыңғыс ханның «жосығы» т.б.

  11. «Тарих-и Рашидидегі» тарихи тұлғалар, қайраткерлер.

  12. «Тарих-и Рашидидегі» этнонимдер.

  13. «Тарих-и Рашидидегі» жер-су аттары (топонимика)

  14. «Тарих-и Рашидидегі» кісі аттары (ономастика)

  15. «Тарих-и Рашидидегі» көне қалалар

  16. «Тарих-и Рашидидегі» шығармашыл тұлғалар

  17. «Тарих-и Рашидидегі» діни қайраткерлер, ғұламалар.

  18. «Тарих-и Рашидидегі» ғалымдар.

  19. «Тарих-и Рашиди» және дала өркениеті.

  20. Отырықшылдық және көшпенділік: қала мен дала мәселелері.

  21. Пайдаланылған тарихи әдебиеттер.

  22. «Тарих-и Рашидидегі» хронограмма.

  23. Дулати және үнді тарихы.

  24. Дулати және шығыс Түркістан.


6. Дулати – ақын һәм жазушы, әдебиеттанушы.


  1. «Жаһан наме» дастаны

  2. «Тарих-и Рашиди» — әдеби-көркем мемуарлық шығарма.

  3. «Тарих-и Рашиди» және «Бабырнаманың» тарихи сабақтастығы

  4. Шығыстың ұлы шайырлары

  5. Дулатидің тарихи қайраткерлерді сипаттау тәсілдері, сомдау шеберліктері.

  6. «Тарих-и Рашидидің» стильдік ерекшеліктері

  7. «Тарих-и Рашидидегі» көркемдік тәсілдер

  8. Дулатидін ақындық шеберлігі.

  9. Дулатидін жазушылық шеберлігі.

  10. «Тарих-и Рашидидің» танымдық-эстетикалық сипаттары.

  11. «Тарих-и Рашидидегі» психологизм.

  12. «Тарих-и Рашидидін» тілі

  13. «Тарих-и Рашиди» — қазақ прозасының бастау бұлағы.

  14. «Тарих-и Рашиди» — әскери прозаның бастапқы үлгісі.

  15. Дулатидің ғазалдары.

  16. Дулатидің өлең құрылысы.

  17. Дулатидің ұйғыр тілінде шыққан еңбектері.

  18. Дулати — юморист.

  19. «Тарих-и Рашиди»: дәстүр және жаңашылдық.

  20. «Тарих-и Рашидидегі» ақындық орта, өнер ордасы мәселесі.

  21. Өнер адамдары.

  22. «Тарих-и Рашидидің» стилі.

  23. Дулатитану бағдарламасы.

  24. Дулати мектеп бағдарламасында.

  25. Мұхаммед Хайдардың махаббаты (Б.Әбілдаұлы пьесасы).


7. Дулати және журналистика мәселелері.


  1. «Тарих-и Рашидидің» журналистикалық сипаты.

  2. Орта ғасырдағы кітап көшіру ісі, кітап көшірушілер мектебі.

  3. Шығыс кітапханалары, кітап басу, безендіру ісінің дамуы, кітаптану, библиографиялық мәселелер.

  4. Кітап көркемдеушілер мектебі, үнді минатюрашылар мектебі, олардың ұлы өкілдері.

  5. Автор және оқырман.

  6. Араб графикасының түрлері: оның ерекшіліктері (насх, наасталик, сульс, куфи т.б.)


8. Дулати – философ.


  1. Дулатидің философиялық көзқарастары.

  2. «Тарих-и Рашидидің» философиялық маңызы.

  3. Орта ғасырдағы шығыс философиясы.

  4. Қазақ философиясының негізі.

  5. Тарихи тұлғалар.

  6. Суфизм (сопылык) мәселелері.

  7. Қожа Ахметтің тарихаты.

  8. Уақыт және кеңістік.

  9. Тақуалық.

  10. Шүкіршілік.

  11. Тәубеге келу.

  12. Қанағат.

  13. Кішіпейілділік.

  14. Жан.

  15. Рух .

  16. Әулие, әнбие.

  17. Шапағат.

  18. Парасат.

  19. Кәмелет.

  20. Рақымшылдық.

  21. Күпірлік (күнә)

  22. М.Х.Дулати — дінтанушы.

  23. М.Х.Дулатидің діни көзқарастары.

  24. Ислам діні.

  25. Діни секталар.

  26. Құран Кәрім.

  27. Алланы тану.

  28. Мұхаммед пайғамбар.

  29. Пұтқа табыну.

  30. Будда діні.

  31. Мешіт.

  32. Азаншы.

  33. Ғазауат.

  34. Мұсылмандық, сопылық.

  35. Кәпірлік.

  36. Дәруіш.

  37. Молда.

  38. Хафиз.

  39. Айт, ораза ұстау.


9. Дулатидің эстетикалық көзқарастары.


  1. Дулатидің этикалық ой-пікірлері.




  1. Дулати – мәдениеттанушы.




  1. «Тарих-и Рашидидің» мәдениеттенудағы тарихи маңызы.

  2. «Тарих-и Рашиди» және орта ғасырдағы шығыс мәдениеті.

  3. «Тарих-и Рашиди» — сирек мәдени ескерткіш.

  4. «Тарих-и Рашидидегі» өнер адамдары.

  5. Орта ғасырлардағы көне мәдени мұралар, мирастар, көне жазба ескерткіштер, дәстүрлі шаруашылықтар.

  6. Дала өркениеті, отырықшылдық, егіншілік, бау-бақша, бақ орнату.

  7. Киім үлгілері.

  8. Сәулет, өнер мектебі, алтынмен аптау, қала құрылысы.

  9. Шығармашыл тұлғалар, жазба әдебиет өкілдері, шеберлер, ісмерлер.

  10. Соғыс онері.

  11. Герат мәдени орталықтары.

  12. Ә.Науаи мектебі және оның тарихи маңызы.

12. М.Х. Дулати – әлеуметтанушы.


  1. «Тарих-и Рашидидің» әлеуметтану бағытындағы танымдық сипаты.

  2. Әлеуметтік топтар. Билеуші топ: патша, хан (ұлысбегі, сұлтан, уәзір, қазынашы).

  3. Шағатай әулеті.

  4. Темір әулеті (династиясы)

  5. Шаруа, құл, күң, «иулпа», «жанпа» (Тибет халқының әлеуметтік жіктері) қызметші — мулазим, диқан, қаландар.

  6. Атабек.

  7. Аталық.

  8. Әтек.

  9. Шабарман.

  10. Жасауыл.

  11. Әскерлер (әскербасы, сардар, сарбаз)

  12. Бакавул.

  13. Гулам.

  14. Даруға.

  15. Ноян


13. Дулатидің педагогикалық-ағартушылық ойлары. (Дулати – педагог).


  1. «Тарих-и Рашиди» – шығыс тәлім-тәрбиелік ойларының қайнар көзі.

  2. Имандылық тәрбиесі.

  3. Адамгершілік, кісілік қасиеттер туралы.

  4. «Тарих-и Рашиди» – түркі халықтары моральдық кодексінің бастау көзі.

  5. «Тарих-и Рашидидің» отан сүйгіштікке, атамекенді қастерлеуге, патриоттық рухта тәрбиелеудегі маңызы.

  6. Өткен тарихқа қүрметпен, сүйіспеншілікпен қарау үлгілері.

  7. «Тарих-и Рашидидегі» эстетикалық, этникалық тәрбие, адамның жан дүниесінің тазалығы туралы мәселелер.

  8. Адалдыққа, шындыққа тәрбиелеу.

  9. Ұрпақ алдындағы парыз. Мақсаттылыққа тәрбиелеу ғибраттары.

  10. Хан мен халық, әке мен бала, билеуші мен бұхара арасындағы қарым-қатынастар.

  11. Әскери тәрбие, жауынгерлік рухқа тәрбиелеу тағылымдары.

  12. «Тарих-и Рашидидің» тарихи тағылымдары.


14. М.Х. Дулати – психолог.


  1. Ел билеу психологиясы.

  2. Медициналық психология

  1. Әскери психология мәселелері.

  2. Жан мен тән туралы.




  1. М.Х. Дулатидің этнопедагогикалық ой-пікірлері.




  1. М.Х. Дулати және тіл мәселесі.




  1. «Тарих-и Рашидидегі» түркі сөздері.

  2. «Тарих-и Рашидидің» тілі.

  3. «Тарих-и Рашидидің» жазба ескерткіш ретіндегі тілдік ерекшеліктері

  4. «Жаһан наменің» тілдік сипаттары.

  5. «Тарих-и Рашиди» және «Жаһан намеде» қолданылған сөз тіркестері, афоризмдер, мақал-мәтелдер, қанатты сөздер.

  6. «Тарих-и Рашидидегі» парсы тіліне енген түркизмдер.

  7. «Тарих-и Рашиди» сөздігі.


17. М.Х. Дулати – этнограф.


  1. «Тарих-и Рашиди» көне әдет-ғұрыптар, салт-дәстүрлер туралы дерек көзі.

  2. Кәсіптік, үйлену, қыз ұзату тойлары, құда түсу ғұрыптары.

  3. Орта ғасырдағы некелік қатынастар, неке түрлері, әмеңгерлік, хан тұқымынан қыз алу, гураган атану, туыстық катынастар.

  4. Шағатай әулетінің үйлену дәстүрлері, казақ тайпаларындағы некелік қатынастар, үйленуде туыстықты, қандастықты ескеру («жеті атадан кейін» үйлену) мәселелерінің көрінісі.

  5. Таққа отыру, елшілік қабылдау, ресми келіссөздерді жүргізуге қатысты дәстүрлік рәсімдер.

  6. Жерлеу ғұрыптары, аза тұту, кесене тұрғызу, белгі қою.

  7. Киім кию үлгілері, ат-әбзелдері, саятшылық жасау.

  8. Тибет, үнді халқының әдет-ғұрыптары, салт-дәсүрлері туралы мәліметтер.

  9. Жыл қайыру, уақыт есебін жүргізу дәстүрі.


18. М.Х. Дулатидің археологиялық ой-пікірлері.


  1. «Тарих-и Рашидидегі» көне қалалар ізі.

  2. Шу алқабы мен Қашқария, Кашмир жеріндегі көне қазбалар.


19. М.Х. Дулати – географ.


  1. Дулатидің географиялык ой-пікірлері.

  2. Моғолстан мемлекетінің шекарасы.

  3. «Тарих-и Рашидидегі» географиялық, топографиялық атаулар.

  4. Өзендер, көлдер, теңіз, асулар, мұздақтар туралы мәліметтер.

  5. Тау мен сайын дала, шөл мен шөлейт, құмды дала, Моғолстанның табиғаты мен климаты, жыл маусымдарының ерекшеліктері хақында.

  6. Кашмирдің табиғаты.




  1. М.Х. Дулатидің биологиялық ойлары.




  1. Моғолстанның флорасы мен фаунасы.

  2. Сирек ұшырасатын аң құстары мен хайуанаттары.

  3. «Тарих-и Рашидидегі» географиялық ұғымдар.


21. М.Х. Дулати – жаратылыстанушы.


  1. Асыл тастар туралы мағлұматтар маржан, лағыл, інжу.




  1. М.Х. Дулатидің экономикалық көзқарастары.




  1. М.Х. Дулатидің тарихи-кұқықтық көзқарастары.




  1. Моғолстан мемлекетінің құрылысы.

  2. Орта ғасырдағы тарихи-құкықтық ойдың дамуы.

  3. Үндістан мен Кашмирде билік жүргізу жүйесі.

  4. Қазақ мемлекеттілігінің қалыптасу кезеңі.


24. М.Х. Дулатидің құрылыс, архитектура, сәулет өнері туралы көзқарастары.


  1. Түркі халқының көне сәулет өнерлері.

  2. Шығыс елдерінің архитектуралық ескерткіштері. Бабыр мен Дулатидің қосқан үлестері.

  3. Қашқария мен Кашмирдің жалпы Үндістанның сәулет өнерінің туындылары.

  4. Шығыстық өркениет.


25. М.Х. Дулатидің өнертану туралы ой-пікірлері (өнертанушы)


  1. Әншілік, сазгерлік туралы ойлары.

  2. Көне музыкалық аспаптар туралы дерек: гижак, нагара, най, руд, саз, сетар, чанг, дутар, канун.

  3. Ою-өрнек, сүйекті қолданып безендіру, «алтынмен аптау», «күміспен қаптау» т.б. қолөнер түрлері хақында.

  4. «Тарих-и Рашиди» және Түркі халықтарының музыкалық аспаптары.


26. М.Х. Дулати — саяхатшы.
Дулати жүріп өткен жолдарының сипаттамалары. Қашқария, Тибет, Ауғанстан, Үндістан, Кашмир, Орта Азия елдері, Мауераннаһр туралы құнды мәліметтер.
27. М.Х.Дулатидің саятшылық туралы: хандардың аң аулауы, «жырға жасау», саятшылық дәстүр.
28. М.Х.Дулатидің астрономиялық көзқарастары. Жыл есебі, жыл қайыру. Ұлықбектің астрономиялық кестесі. Белдеулер, бағытты анықтау.

29. М.Х.Дулатидің топографиялық, картографиялық ойлары.

30. М.Х.Дулати метереология туралы.
1. Моғолстан мен Кашмирдің флорасы мен фаунасы туралы.
31. М.Х. Дулатидің суландыру, мелорация, иррагация туралы ойлары.
32. «Тарих-и Рашидидегі» шығыс медицинасы, моғолдардың емшілік дәстүрі туралы.

33. «Тарих-и Рашидидегі» адам және айналадағы орта проблемалары, адамның айналадағы коршаған ортаға ықпалы туралы.
34. «Тарих-и Рашидиде» кездесетін этникалық топ, бірлестіктер.
35. «Тарих-и Рашидидегі» хронограммалар. (АБЖАД)
36. «Тарих-и Рашидидегі» ономастика мәселелері.
37. «Тарих-и Рашидидегі» гидроним.
38. «Тарих-и Рашидиде» кездесетін түркі сөздері.
39. «Тарих-и Рашидидің» дүние жүзі кітапханаларында сакталынған қолжазбаларының ғылыми сипаттамалары.
40. Ауылшаруашалығы туралы ой-пікірлері.
41. М.Х.Дулатидің геологиялык ой-пікірлері.

Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет