М. ЖҰмабаевтың педагогикалық МҰрасы және бүгінгі иновациямен үндестігі қансейтова Шолпан Жаңақорған ауданы



жүктеу 66.19 Kb.
Дата09.05.2019
өлшемі66.19 Kb.


М. ЖҰМАБАЕВТЫҢ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ МҰРАСЫ ЖӘНЕ БҮГІНГІ ИНОВАЦИЯМЕН ҮНДЕСТІГІ

Қансейтова Шолпан

Жаңақорған ауданы

194 орта мектебі


Ел егемендігін алып, өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанды. Азаттыққа ұмтылған, тәубадан гөрі тәуекелге көбірек сүйенген кешегі «Желтоқсан» қозғалысы бір кезде азаттық жолына басын тіккен, шығармаларын оқымақ тұрмақ, атын атауға тыйым салынған ұлт зиялыларын, Мағжандарды, арада жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де жеті қат жер астыннан суырып алды, ұлттың ұранын ұрлап, рұхын тығып ұстаған шойын есікті тас-талқан етті. Халқымыздың қасиеті мен қастерін бағалаған, қасіретінен қара жамылып, соған қабырғасы қайысқан, өз ұлтының бақыты үшін өз бақытын құрбандыққа шалған, тағдырдың запыранын ішіп, уын ұрттаған ел ардақтысы әлемінің есігін ашты.

Мағжан –ұлт ақыны, биік тұлға. Ол әдебиет есігін ақындықтың балғын кезеңін бастан кешірмей, таза ақын, азаматтық ірілікпен, үлкен тұлғаға тән өрелі мінезбен ашты. О бастан Ақын Азамат болып туды. Оған ақынның он сегіздегі балаң бозбала шағында-ақ тудырған «Кең жері күнен күнге құрып жатыр

Сұр жылан қанын-сөлін сорып жатыр.

Әуелде жұрт билеген адамдарды

Тәңірі күнен-күнге ұрып жатыр»,-деген өлең жолдары дәлел.

Мағжан- азаматтығы ерекше. «Не көрсем де алаш үшін көргенім, 


Маған атақ ұлтым үшін өлгенім»- дейтін оның қай сөз, қай өлеңі де елім деп егіліп, жерім деп емініп тұрады. Әр сөзін бейне бір халық көмейіне тас болып тығылған өксік пен ызадан алған сияқты.[2]

Мағжан Жұмабаев- қазақтың ұлы ақыны. Әйтсе де ол аса дарынды ақындығымен бірге ұстаздықты мұрат етіп, сол жолда оқулық, методикалық сипатта еңбектер де жазған жан. Өйткені сол кездері Ахмет Байтұрсыновтың әсерімен ат төбеліндей қазақ зиялылары Қазақ үкіметінің ағарту жұмыстарына белсене араласады. Әсіресе, оқу, оқыту мәселелерін көп болып бірігіп шешпек болады. Мәселен, дәрігер Х.Досмұхамедов қазақ халқы әдебиетін, Махамбет пен Мұрат ақындығын зерттей келіп, Ташкентте «Қазақ-қырғыз тіліндегі сингорманизм заңы» туралы зерттеуін кітап етіп шығарса, жазушы Ж.Аймауытов Мәскеуде психология тақырыбына «Жан жүйесі және өнер таңдау» деген оқу құралын бастырып шығарды. Қазақ оқығандарының мұншалық әмбебаптығы бодандық бұғауында жаншылған елін құлдықтан құтқару, көзін ашып, көкірегін ояту, өзге өркениетті елдер қатарына қосу, қазақ жастарының интектуалдық дамуына қызмет етуден туған.

Мағжанның «Сауатты бол!» (1926ж) оқулығы Қазақстанда сауатсыздықты жоюда шешуші орын алса, «Қазақтың қаны бір, жаны бір жолбасшысы- мұғалім.

Еліміздің азғана жылдық ояну дәуіріне баға беру үшін алты алаштың баласы бас қосса, қадірлі орын-мұғалімдердікі.

Бірге оқысқан, бірге оқытысқан, жылдарымыз бір, жолдарымыз бір, қазақ мұғалімдері!

Қолымнан келеген осы еңбегімді сендерге тарту қылам. Ниетімнің адалдығы үшін тартуымды қабыл көріп алыңыздар» [ 1] деген тартудан басталар «Педагогика» кітабы қазақ баласын тәрбиелеуде күні бүгінге дейін ғылыми маңызын жоғалтпаған еңбегі мұғалім, жалпы қауым үшін таптырмас үлгі. Ол орыс, батыс педагог-психолог ғалымдар еңбектерiн оқи отырып, сонымен бiрге тәрбиенiң ұлттық ерекшелiктерiн ескере отырып өзiнiң “Педагогика” атты оқулығын жазудағы ұстанымын былайша сипаттайды: “Тәрбие ғалымдарының пiкiрлерiн (орыс, батыс ғалымдары) таңдап алуға ұмтылдым. Шамам келгенше қазақ жанына қабыстыруға тырыстым… Бiзде бұрын пән тiлi болмағандықтан түрлi терминдерге тап басқанда қазақша сөз табу көп күшке тидi. Қалайда курстарда оқыған мұғалiмдердiң жәрдемiмен таза орыс сөздерi қазақшаға айналдырылды. Ал ендi жиһан тiлi (интернацианалдық терминдер) болып кеткен сөздерi қазақшаға аударам деп азаптануды тиiс таппадым”.

Шынында да ол кезде қазақша педагогикалық терминдар жоқтың қасы едi. М.Жұмабаев жүздеген педагогикалық жаңа терминдердi ойлап тауып, тiлiмiзге енгiзген. Сол терминдердің көпшілігі содан бері қанша заман жаңғырса да, бүгінгі күнге де қызмет етуде.

Оқу құралының бiрiншi бөлiмi педагогиканың жалпы мәселесiне  арналған. Оның пiкiрiнше тәрбие саласы төртке бөлiнедi. Олар: дене, жан, ақыл тәрбиесi, сұлулық пен әдеп-құлық тәрбиесi. Автор осы тәрбиенiң төрт түрiн тәптiштеп түсiндiре келiп, былай дейдi: “Егер де адам баласына осы төрт тәрбие тегiс берiлсе, оның тәрбиесi түгел болғаны.  Бала берiк денелi болса, түзiк ойлайтын, дұрыс шешетiн, дәл табатын ақылды болса, сұлу сөз, сиқырлы әуен, әдемi түрден ләззат алып, жан толқындырарлық болса, жамандықтан жаны жиренiп, жақсылықты жаны тiлеп тұратын құлықты болса ғана адам баласының дұрыс тәрбие алып, шын адам болғандығы… Балам адам болсын деген ата-ана осы төрт тәрбиенi дұрыс орындасын…” Баланы келешек заманына лайық қылып шығару тиіс” – деу арқылы М.Жұмабаев тәрбие мақсатын айқындап бередi. Автордың туған халқының тәлiм-тәрбиелiк бай мұрасын игеру жөнiндегi бағыт-бағдары да құптарлық. “Ұлт тәрбиесi – деп жазды ол, – баяғыдан берi сыналып келе жатқан тақтақ жол болғандықтан, әрбiр тәрбиешi сөз жоқ, ұлт тәрбиесiмен таныс болуға тиiс. Сол ұлт тәрбиесiмен тәрбие қылуға мiндеттi” Мағжан сонымен бiрге ұлт тәрбиесiне сын көзiмен қарап, тозығынан озығын айыра бiлуге шақырады. “Киiз үйдiң зиянды жағы болғаны сияқты, – деп жазды ол, – пайдалы жағы да бар. Әңгiме сол киiз үйдiң iшiнде баланы ұстай бiлуде. Шын таза ауа сол киiз үйде болмағанда қайда болады? Ал балаға таза ауа аса қажет… Малмен бiрге жүрiп, бiрге өскен қазақ баласын аса нәзiк қылып, үлбiретiп тәрбие қылмағаны дұрыс болмас… Қазақ баласының тәрбиесi қазақ тұрмысына қабысуы мақұл” дегендi айтады. Яғни баланы жастайынан шыңдау, өмiрге үйрету қажет дегендi айтады.

Автор “Қазақ бесiгi – аса ұқыптылықпен жасалған нәрсе. Жөргегi, тартпалары, астындағы тесiгi, шүмегi, түбегiмен баланың таза, жинақы жатуына көп себепшi” дей келе, қазақ бесiгiнiң құрылымын  жетiлдiрудi (қол, аяқ бауларды жалпақ жасамау және қатты тартып байламау) ұсынады.

Мағжанның “Педагогикасы” он бес тараудан тұрады. Соның он тарауы ұлттық психологияны сөз етедi. Ол жан көрiнiстерiн “бiлу, яки ақыл, сезiм яки көңiл, һәм қайрат деп үшке бөлiп қарастырады. Олардың өзара табиғи үйлесiмiн Абай тұжырымымен байланыстырып, Абайдың “Ақыл, қайрат, жүректi бiрдей ұста, сонда адам боласың елден ерек” – деуi ақыл (ми) мен ерiк, жiгердi байланыстыру деп қарайды. Ол сыртқы сезiмдердi: көру, есту, иiскеу, тату, сипау (ет сезiмi) деп беске бөлiп қарастырып, олардың атқаратын қызметiне, ерекшелiктерiне сипаттама бередi. Оларды дұрыс жетiлдiрудiң жолдарын көрсетедi. Бұларды жетiлдiруде ұлттық дәстүрге сүйене отырып жүргiзудi, мәселен құлынның кiсiнеуiн, қойдың маңырауын, түйенiң боздауын ажырата бiлу арқылы тәрбиелеудi ұсынады. М.Жұмабаев: “Адамның әдемiлiктi сүю сезiмiн тереңдететiн де осы есту сезiмi”, – дей келiп өз  пiкiрiн гректiң Орфейi, қазақтың Қорқыт күйлерi туралы ойларымен тиянақтайды.

«Бала аурулы, зағып болса, баладан емес, тәрбиешіден; бала тар ойлы ақымақ болса, бала кінәлі емес, тәрбиеші кінәлі; бала сұлулықтан ләззат ала білмейтін мылқау жанды болса, бала айыпты емес, тәрбиеші жазалы» - деп, бала дамуына тікелей тәрбиеші жауапты екенін айқындап береді. Тәрбиедегі мақсатты: «Ұлт мүшесі-әрбір адам бақытты болса, ұлт бақытты,»- дей келіп, «Тәрбиедегі мақсұт адам деген атты құр жала қып жапсырмай, шын мағынасымен адам қылып шығару»- [1]деп атап көрсетеді. Бұл пікірлер қазіргі білім мен тәрбие беруде өз маңызын жоймаған, қайта жаңғырып, жасарып, түрленуде.

     Мағжан пікірімен үндесіп жатқан қазіргі тәрбиенің негізгі мақсаты – кәсіби білікті, бәсекеге қабілетті, дені сау, ұлттық сана сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, ар-ожданы мол, еңбекқор, іскер, бойында басқа да игі қасиеттер қалыптасқан адамды тәрбиелеу.

Тәрбиесіз- білім тұл. Білім- өркениет көрсеткіші. Тәуелсіз мемлекетімізді әлемге танытатын, дамыған 50 елдің қатарына қосар, терезесі тең, шаңырағы биік, керегесі мықты ететін күш- білім және білімді ұрпақ. Білімді ұрпақ – егеменді елдің ертеңі, тірегі. Білімді ұрпақ тәрбиелеуде де М. Жұмабаевтың «Педагогика» кітабында талданған жан көріністері: әсерлену, абай, суреттеу, ес, қиял, ойлау, тілдің маңызы ерекше. М.Жұмабаев: « Фантазия ақылды кеңейтеді, фантазиясыз жаңадан бір нәрсені ойлап табуға мүмкін емес. Фантазиясыз адам өмірі өңсіз, түссіз бірнәрсеге айналады, мақау өмірге үн беретін, сақау өмірге тіл беретін, жоқты бар қылатын, барды гүлді, көрікті қылатын сол фантазия»,- дей келіп, бала қиялының өркедеуіне ертегінің, бала ойынының ықпалын таратып айтады

Ес туралы: «Ес өмір үшін аса керек. Ес болмаса, бүгін жаттағанын бүгін ұмытып тұрса, өмірінде адамның білімі артпас еді. Ес болса ғана адам білімді болады»- дей келіп, есті өркенднту жолдарын қарастырады. Әсердің күштілігі, жаңа білімді бұрынғы біліммен байлау, пысықтау жұмыстарына тоқталады.

«Кітап әпер, оқысын, баланың қолына,  Малды аяма оқу-білім жолына.


Өнер алып, басқалармен қатар бол, 
Қосыл бірдей азаматтың тобына!»- деп, қазақ ұлтының әлемдік өркениет көшіне қосылуының жолын өнер-білімнен, жас ұрпақты өзге елдердегі замандастарымен бәсекеге түсе алатындай етіп тәрбиелеу ісінен іздеген ақынның бағасы кемімес жоғарыдағы аталмыш ойлары бүгінгі күн талабына сай емес, өткен күн еншісінде қалған пікірлер деп айтуға келе ме?! Оқытудың иновациялық түрлері: «Ойын арқылы оқыту», «Сын тұрғысынан ойлау стратегияларымен», т.б үндесіп, қабысып жатқан жоқ па?!

Қорыта айтқанда, мектеп-білім ошағы, тәрбие ордасы, тағылым табалдырығы. Мектеп-тұлғаның толық қалыптасуына жағдай жасайтын әлеуметтік орта. Әр жеткіншек-зерттелмеген құпия. Сол зерттелмеген құпияны ашып, баланың басқаға ұқсамайтын қасиетін тани білу-ұстаз атаулысы жауапкершілікпен қарар іс.. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев білім мен ғылым қызметкерлерінің ІІ сьезінде «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер-бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан ұстазға жүктелетін міндет ауыр»,-деген болатын. Ендеше елдің ұлтжанды азаматын тәрбиелеуде ерінбей еңбек етіп, болашақтың нұрлы болуына үлес қоса берейік. Ұлылар ұлағатыннан ой түйе білейік. Мағжанның педагогикалық мұрасы бала тәрбиелеуде қазір де ата-аналарға, мұғалімдерге, жалпы оқушы көпшілікке таптырмас аса құнды еңбек.

Қолданылған әдебиеттер:

1. М. Жұмабаев «Педагогика» Алматы «Ана тілі» 1992ж

2. Темірхан Медетбек «Уақыт- заман ағыны» Алматы «АБДИ Компани» АҚ,2011

3. Ш.Х. Құрманалиева, Б.Ж. Мұқанова «Педагогика»

Астана « Фолиант» баспасы 2007ж

4. Оқытудың иновациялық жолдары (Олыстық ғылыми-парактикалық конференцияның материалдар жинағы) Қызылорда- 2013ж


Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет