Мақала Қр бғМ ҒК «Қазақ Алтайындағы сақ мәдениетінің эталонды ескерткіштері (Таутекелі, Қарақоба, Орел, Солонечные Белки, Берел)» № ap05133484 атты жоба аясында орындалды



жүктеу 173.66 Kb.
Дата21.04.2019
өлшемі173.66 Kb.

ЖҮНІСХАНОВ А.С, Археология және этнология магистрі, «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы» РМҚК кіші ғылыми қызметкері. aid_2010@bk.ru
*Мақала ҚР БҒМ ҒК «Қазақ Алтайындағы сақ мәдениетінің эталонды ескерткіштері (Таутекелі, Қарақоба, Орел, Солонечные Белки, Берел)» № AP05133484 атты жоба аясында орындалды.
УДК 902/904
Ф. Х. АРСЛАНОВА ЖӘНЕ ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАНДА

ЕРТЕСАҚ МӘДЕНИ КЕШЕНІНІҢ

ҚАЛЫПТАСУЫНЫҢ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ
Аннотация.

Түйін сөздер: Шығыс Қазақстан, археологиялық зерттеулер, ертесақ мәдени кешені, теориялар.
Кіріспе

Сібір мен Жетісу, Алтай мен Орталық Қазақстан сияқты тарихи-мәдени аймақтарды байланыстырып тұрған шығыс қазақстан өңірін ежелгі замандарда мекендеген халықтардың тарихын танып білуде, олар қалдырған бай мәдени мұраларын зерттеу ісінде Өскемен педагогикалық институтында оқытушылық қызмет еткен. Есімдері елімізге танымал археолог мамандарды даярлап шығарған Фирая Хабибуловна Арсланованың ғылыми мұрасын зерттеп, зерделеу сол арқылы Шығыс Қазақстанда ежелгі замандардан бастап қимақ-қыпшақ кезеңіне дейін жүрген тарихи-мәдени үдерістердің ақтаңдақтарын жаңаша тарихи парадигмалар негізінде зерттеп, ашу бүгінгі күннің басты талаптарының бірі.

Фирая Хабибуловнаның ғылыми қызығушылығының негізі бағыты ортағасырларда қазақ даласын мекендеген қимақ-қыпшақ тайпаларының археологиялық ескерткіштері болғанымен, Ф. Х. Арсланова ара-арасында Шығыс Қазақстанның далалы және орманды-таулы алқаптарында шоғырланған ежелгі көшпелілердің мұраларын зерттеу бағытында да өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Ф. Х. Арсланова 1966-1974 жж. аралғында өзінің студенттерімен бірге Зевакино, Бабровка, Қамысты және Чистый Яр сияқты шығыста шоғырланған ескерткіштерді қазып қана қоймай ол ескерткіштерді ғылыми айналымға енгізді. Аталмыш ескерткіштердің материалдары негізінде ертесақ мәдени кешенінің қалыптасуы мен дамуына қатысты өзіндік ой-пікірлерін айтты. Десекте, ғалымның ғылыми көзқарастары сол кеңестік идеологиялық қалыпта қалыптасқандығына қарамастан Ф. Х. Арсланова археологиялық кешендердің қалыптасуына қатысты батыл әрі бүгінгі таңда тек терминологиялық түзетулерде қажет ететін тұжырымдар жасай алды.

Қазақстанда сақ мәдени кешенінің қалыптасуын зерттеуші мамандар екі үлкен автохтонды және миграциялық теориялар негізінде қарастырып келеді. Алайда аталмыш екі теорияның ғылыми-методологиялық базаларында коцептуалды кемшіліктердің болуы салдарынан археологиялық мәдениеттердің және сол мәдениеттер негізінде пайда болатын мәдени кешендердің қалыптасуын толық ашып беруге қауқарсыз екендігін сол зерттеуші мамандардың өздері де мойындауда.

Біздің ойымызша шығыс қазақстанда ертесақ мәдени кешенінің қалыптасуын зерттеуде батыстық археология ғылымының теоретиктері енгізген трансмиссия термині аясында зерттеу жұмыстарын жүргізіп көруге болады.

Бүгінгі таңда Шығыс Қазақстан және оған іргелес жатқан аймақтарды ежелгі және ортағасырларда мекендеген халықтардың тарихынан хабар беретін ғылыми әдебиеттер мен зерттеулердің бай қоры жинақталды. Тарихнамада бұл зерттеулерді хронологиялық негізде революцияға дейінгі, кеңестік кезеңдегі және тәуелсіздік алғаннан кейінгі зерттеулер деп шартты түрде бөліп қарастырып жатады. Осы ретте, қазіргі таңда өткен кезеңдерде орын алған зерттеулерді қайтадан саралап, археология ғылымының дамуына сай туындап отырған мәселелерді шешу үшін арнайы тарихнамалық зерттеулер жүргізудің өзектілігі туындап отыр. Шығыс Қазақстан аумағында революцияға дейін жүргізіліген тарихи-археологиялық зерттеулер негізінен жекелеген адамдардың қызығушылықтарымен байланысты болса, кеңестік кезеңде бұндай зерттеулер негізінен партия жиналыстарында кеңестік саясибюронының тарихқа қатысты ұстанымы негізінде жүзеге асырылды. Бұл кезеңде зерттеудің негізі мақсат-міндеттері өткен замандардағы таптық бөлініс, әлеуметтік жіктелудің негіздерін анықтау болды.

Соңғы уақыттарда тарихи үдерістерді зерттеуде жекелеген зерттеуші мамандардың сол үдерістерге берген бағасы тарих ғылымының негізгі фокустарының біріне айналып бара жатыр. Осылайша, зерттеушілер қандайда бір идеологиялық догма және қалыптарсыз жекелеген зерттеушілердің ғылыми қызметі мен көзқарастарына баға бере алады. Осы ретте, ғылыми жолдары қатаң саяси режим аясында қалыптасып, дамыған кеңестік кезеңдегі отандық ғалымдарымыздың ғылыми мұраларын саралау аса бір ғылыми қызығушылықты туындатаны аян.

Ұсынылып отырған мақала аясында біз кеңестік археология ғылымының жарқын өкілі – Фирая Хабибуловна Арсланованың (1934-1995 жж.) ертесақ кезеңі бойынша жасаған еңбектерін қарастыратын боламыз. Фирая Хабибуловнаның ғылыми қызығушылығының негізі бағыты ортағасырларда қазақ даласын мекендеген қимақ-қыпшақ тайпаларының археологиялық ескерткіштері болғанымен, Ф. Х. Арсланова ара-арасында Шығыс Қазақстанның далалы және орманды-таулы алқаптарында шоғырланған ежелгі көшпелілердің мұраларын зерттеу бағытында да өзіндік қолтаңбасын қалдырды.

Сондай-ақ, сөз кезегінде Қазақстан археология ғылымының дамуына өзінің өшпес із қалдырған ғалымдар ішінде шоқтығы биік, ерекше дараланып тұратын Фирая Хабибуловна Арсланова десек артық айтқан болмаймыз.

Ақтөбе облысының Темір қаласындағы текті татар отбасында 1934 жылдың 10 науырызында дүниеге келеді. Бала күнгі арманы геолог болу үшін Алматыға оқуға құжат тапсыруға бара жатқан Фирая Хабибуллаеваның болашақ тағдырын, бір поездің, бір купесінде белгілі археолог С.П. Толстов басқарған атақты Хорезм кешенді архео-этнографиялық экспедициясына бара жатқан студенттердің хорземдегі археологиялық өмірдің қызықтары туралы әңгімелері 180 градусқа өзгертті. Алматыға келе сала құжаттарын тарих факультетіне тапсырып, өзінің өмірлік мамандығы мен әуестігі болған археология мамандығын таңдайды [1, 215 б.].

Ф. Х. Арсланованың ғылыми қызметі студенттік жылдары С.С. Черниковтың Шығыс Қазақстан археологиялық экспедициясының сапында басталады, кейіннен К.А. Акишев пен Г.А. Кушаев басқарған Солтүстік-Қазақстан археологиялық экспедиция құрамында ғылыми қызметкер болып жұмыс жасайды. Ф.Х. Арсланованың ғылымға деген сүйіспеншілігі мен жауапкершілігін байқаған Ә. Х. Марғұлан 1960-1961 жж. аралығында Орталық Қазақстанда шоғырланған бірқатар ежелгі және кейінгі ортағасырлармен мерзімделетін ескерткіштерді зерттеу тобының жетекшісі етіп тағайындайды. Осы қазба барысында жинақталған археологиялық материалдар толықтай жарияланып, 1964 жылы «Археологические памятники Среднего Прииртышья» деген тақырыпта қорғалған кандидаттық жұмысында қортындылады [1, 215 б.].

Кандидаттық жұмысын сәтті қорғаған Фирая Хабибулловна Өскемен қаласындағы педагогикалық институтқа ауысып, КСРО тарихы кафедрасына доцент қызметіне тағайындалады. Осы кезден бастап Фирая Хабибулловна еліміздің шығыс өңірінде шоғырланған археологиялық ескерткіштерді жүйелі зерттеу ісіне кіріседі. Аталмыш оқу ордасында ол кісі бар жоғы 9 жыл ғана қызмет жасайды [2, 6 б.]. Бірақ, Ф.Х. Арсланова жазғы уақыттарда өзінің студенттерімен қола, ерте темір және ортағасырлық ескерткіштерді жай қазып қана қоя салмай, алынған материалдарды өндеп, саралап жариялау және зерттеліп отырған материалдардың негізінде тарихи-хронологиялық түсіндермелермен қатар, сол заманда археология ғылымында орын алып жатқан өзекті мәселелерге қатысты өзіндік ой қортындыларын айтып, теорияға да барады.

Өткен ғасырдың 60-70 жылдары археологиялық ортаға беймәлім Зевакино, Бабровка, Қамысты және Чистый Яр сияқты. шығыста шоғырланған ескерткіштер бүгінде еуразия даласында қола, ерте темір және ортағасырларда жүрген тарихи-мәдени, саяси-экономикалық үрдістерді зерттеп, зерделеуде ғалымдар айналып өте алмайтын ескерткіштер кешеніне айналып отыр.
Негізгі бөлім

Ғалымның Шығыс Қазақсандағы ертесақ кезеңі ескерткіштерін зерттеу ісін келесідей топтарға жіктеп қарастыруға болады. Біріншісі өзінің тікелей жетекшілігімен жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстары нәтижесінде табылған жәдігерлерді сараптау бойынша жазылған мақалалары жатады [6.]. Екінші топқа Шығыс Қазақстан аумағынан кездейсоқ табылған олжаларды ғылыми айналымға енгізген мақалалар топтамасын жатқызамыз [3., 4., 5., 7., 9.]. Үшінші топқа Өскемен қаласындағы облыстық тарихи-өлкетану музей қорында сақтаулы тұрған ертесақ кезеңімен мерзімделетін қоладан жасалаған қазандарға арналған мақаласы жатады [8].

Өскемен педагогикалық институтының тарих факультетінің студенттерімен Ф. Х. Арсланова 1965-1974 жылдар аралығында Шығыс Қазақстан облысының Шемонайха, Таврия аудандарында жүргізген зерттеулері нәтижесінде қола дәуірінің бақташы тайпаларының көшпелі малшаруашылығына көшу кезеңінің яғни «өтпелі кезең» жерлеу ескерткіштерін зерттейді. Зевакино қорымында зерттелінген 100 жуық қоршауларда жерленген мүрделердің бағытталуының басым бағыты оңтүстік-батыс (52) және оңтүстік (32) болуына, қабір үсті құрлыстарына (бір-біріне жалғасатын қоршаулар), мола шұңқырының пішініне (тас жәшік, топырақпен толтырылған мола шұңқырлары) база назар аударған Ф. Х. Арсланова бұндай дәстүрдің Шығыс Қазақстандағы қола ғасырының федеоров мәдениетіне және көршілес өңірлердің андрон мәдениетіне тән деген тұжырым жасайды және сондай-ақ, бұл соңғы қола дәуірі тайпаларының ертесақ кезеңінде де өздерінің жерлеу рәсіміндерін сақтап қалуымен түсіндіреді. Ғалым осындай тұрақты жерлеу кешендерін қарасұқ-тағар қауымдастығының жергілікті нұсқасы ретінде қарастыруға болады деген ой түйеді.

Сондай-ақ, Ф.Х. Арсланова жергілікті дәстүр мен жаңашылдықтың бір кешенде кездесуін жергілікті тайпалардың ескі дәстүрмен қатар, көшпелі шаруашылық қалыптасуы кезеңдегі жергілікті «абориген» тайпалардың шеттен келген субстратпен араласу нәтижесінде пайда болғандығымен байланыстырады [6, 60 б.]. Зевакиналық кешендерде оңтүстік сібір мен Алтай типіне жататын пышақтар, қыш ыдыстар мен әшекей бұйымдардың көптеп кездесіп жатуы Ертіс маңы және Оңтүстік Сібір мен Алтай аймағын мекендеген тайпалар арасында б.з.д. VII-VI ғғ. аралығында тығыз байланыстыр болғандығын меңзейді.

Ф.Х. Арсланованың ерте сақ мәдениетінің қалыптасуы мен дамуына қатысты өзіндік ғылыми ұстанымы көрінген зерттеу жұмыстары қатарына Шығыс Қазақстандағы Камышинка, Чистый Яр, Алтай және Үшбиік елді-мекендерінен кездейсоқ табылған ат-әбзелдері (ұштары үзеңгі тәріздес ауыздықтар, сулықтар, айылбасы, цилиндр тәріздес тартқыштар, өткізгіштер) мен қару-жарақтар (қола мен сүйектен жасалынған жебе ұштары, пышақтар) кешенін саралауға арналған ғылыми зерттеу жұмыстарының маңыздылығы өте жоғары. Аталмыш елді-мекендерден табылған археологиялық жәдігерлердің сипаттамасымен олардың баламаларын жасау арқылы, ғалым шығыс қазақстан өңірінде ертесақ мәдени кешеннің қалыптасуы мен дамуына қатысты өзіндік тұжырымдар жасайды.

Ғалымның пайымдаулары бойынша Камышннка көмбесінен табылған ұштары үзеңгі тәріздес ауыздықтарға ұқсас ауызыдықтар Орталық, Солтүстік Қазақстанда және Сібірде жиі кездесіп жатады. Бірқатар зерттеушілердің бұндай ауыздық түрлері Қазақстан мен Орта Азия пайда болуы мүмкін деген пікірлерін алға тарта отырып, Ф.Х. Арсланова аталмыш пікірмен келісіп, ауыздықтарды б.з.д VII-VI ғғ. мерзімдейді [4, 254 б. ]. Сондай-ақ, көмбеден табылған сулықтар, айылбастар, өткізгіштердің баламалары Тасмола және Ұйғарақ сияқты кешендердің материалдары бойынша белгілі. Екі кешеннен табылған жәдігерлердің мерзімделуін негізге ала отырып, бұлардың да б.з.д. VII-VI ғғ. аспайтындығы белгілі болды [4, 254-255 бб.].

Камышинка көмбесінен табылған бір айылбасы мен өткізгіштегі төрт сәулелі солярлық белгілер Шығыс Қазақстанның, Орта Азия, Шығыс Памирдағы обалардан табылуы жергілікті тайпалар мен Орта Азия территориясын мекендеген тайпалар арасында ертесақ заманында қандай да бір мәдени байланыстардың болғандығының көрсеткіші болуы мүмкін.

Шығыс Қазақстанның қазіргі Көкпекті ауданына қарасты Чистый Яр елді-мекенінен табылған олжалардың ішінде екі қола пышақты, төрт ұңғымалы және бір сүйектен жасалған сапты жебе ұшы, біреуі жапырақ тәріздес екіншісі төртбұрышты, төрт сәулелі солярлық белгісі бар екі өткізгіш, айылды тартатын айылбасының сынығы, және бетінде сақиналанып жатқан жыртқыш аңның бейнесі бар айылбасы табылды. Айылбаста бейнелеген жыртқыш аңның ең жақын баламалары Ордос материалдары бойынша белгілі, жалпы оралып жатқан жыртқыштар Н.Л. Членова жасаған салыстырмалы кесте бойынша б.з.д. VII-V ғғ. аралығымен мерзімделеді [5, 257 б.].

Ф.Х. Арсланованың пікірінше ассимметриялы-ромбылы және жапырақ тәріздес жебе ұштары Еуразия даласында кеңінен таралған. Бұндай жебе ұштары Шілікті жазығындағы обалар мен Орталық Қазақстаннан табылған жебе ұштарына өте ұқсас. Аталмыш жебе ұштарының хронологиялық шеңбері б.з.д. VII-VI ғғ.шықпайды. Екінші ұңғымалы, бойлық және көлденең тігістері айқын көренетін және үшінші ұңғымасы сәл шығыңқы келген жебе ұштарының баламалары Шығыс Қазақстан мен Шығыс Еуропа материалдары бойынша белігілі. Жапырақ пішінді, ұңғымасы жасырын, бойлық және көлденең тігістері көрінетін жебе ұштары б.з.д. ІХ-VIIІ ғғ. мерзімделетін Шығыс Қазақстан облысындағы Мало-Красноярск қонысынан табылған жебе ұштарының ерте формаларына ұқсас [5, 257-258 бб.].

Ежелгі көшпелілер дәуірінде кең тараған ұңғымалы жебе ұштарының түптұлғасы қола дәуірінің жапырақ пішіндес жебе ұштары екендігі белгілі. Осыны негізге ала отырып, Ф.Х. Арсланова ұңғымалы жебе ұштарының қола дәуірінен бастап ерте темір дәуіріне дейінгі даму сатыларын бақылауға болады деп есептейді. Сондай-ақ, сабымен жүзі тұтасып кеткен пышақпен және сабының ұшында тесігі бар бір жүзді пышақтар сол кезде қабылданған мәдени-хронологиялық схемаға сәйкес қарасұқ дәуірінің пышақтарымен сабақтастығы байқалады. Сондай-ақ, осы тәріздес пышақтар мақаланың жоғары бөлігінде сөз етілген Зевакино кешені материалдары бойынша да белгілі. Бұндай пышақтардың мерзімделуі б.з.д. VII-VI ғғ. аралығы. Чистый Яр кешенінен табылған өзге де жәдігерлер қарастырылып отырған хронологиялық шеңберден шықпайды.

Ф.Х. Арсланованның пікірі бойынша аталмыш екі кешеннен табылған ат-әбзелдері мен қару-жарақтар сақ заманындағы Орта Азия, Қазақстан және Сібір тұрғындарының мәдени бейнелері біртекті болғандығының айғағы. Осы қатарға Шығыс Қазақстандағы Жарма ауданы Үш-биік станциясынан солтүстік-шығысқа қарай 12 шақырым жерден геолог В.И. Титов ат-әбзелдері мен жебе ұштарын жатқызуға болады [9, 54 б.].

Ф.Х. Арсланованың ертесақ кезеңінің мәселелерін зерттеуге қосқан үлесі Өскемен қаласындағы облыстық тарихи-өлкетану музей қорында сақтаулы тұрған ертесақ кезеңімен мерзімделетін қола қазандарға арналған мақаласы жатады. Ф.Х. Арсланова өзінің «Бронзовые котлы из музеев Восточно-Казахстанской области» атты мақаласында [8] Шығыс Қазақстанның Ұлан, Күршім және Қатан-Қарағай аудандарынан түрлі жылдары кездейсоқ табылып, бүгіндері облыстық тарихи өлкетану музейінің қорында сақтаулы тұрған қазандардың сипаттамасы, функционалдық міндеттері мен мәдени атрибутикасын зерттейді. Зерттеу нәтижесінде аталымыш қазандардың Сібір және Жетісу қазандарымен ұқсастықтары бар екендігі тілге тиек етіледі [8, 151-152 бб.]. Бұл сол замандағы көршілес орналасқан тайпалардың өзара байланыстарының көрсеткіші болуы мүмкін. Ғалымның пікірі бойынша Шығыс Қазақстандық материалдардың Сібір материалдарымен ұқсастығы Шығыс Қазақстанның байырғы тайпаларының Сібір мен Жетісуды байланыстырушы өлке болғандығының көрсеткіші.


Пікірталас

Ф.Х. Арсланованың ғылымы келуі Қазақстанда, жалпы кеңестер одағы территориясында ежелгі көшпелілердің жарқын ескерткіштерінің ашылып, ғылыми айналымға енуімен тұспа-тұс келді. Сол жылдары М.Қ. Қадырбаев Орталық Қазақстанда Тасмола мәдениетінің ескерткіштерін ашса, К.А. Ақышев Жетісуда Бесшатыр, Есік сияқты ежелгі көшпелілердің элиталық обаларын ашып жатты. Әлбетте, бұндай ескерткіштердің генезисін зерттеу ісі сол замандағы археолог мамандардың алдарында тұрған ең өзекті мәселелердің бірі еді.

Отандық археологтардың өткен ғасырдың 60-70 жылдары ертесақ мәдени кешенінің қалыптасуын түсіндірудегі ұстанған басты теориялық-әдістемелік бағыттары автохтонды теорияның шеңберінде өрбіді. Автохтонды теорияның негізінде ежелгі көшпелілердің мәдени кешендерінің пайда болуы және қалыптасуы жергілікті қола ғасырының дәстүрінің негізінде жүрді деген ой жатты. Яғни, қола дәуірі тұрғындары мен ежелгі көшпелілер арасында мәдени сабақтастық болды деген идея. Дегенмен ертесақ мәдени кешендерінің қалыптасуындағы сабақтастық мәселесінің шешілмеген тұстарының көп екендігі, бұл мәселені әлі де жүйелі түрде зерттеу керектігін сол кезеңдерде М.К. Қадырбаев айтып кетсе де [10, 32 б. ], археологтар осы бағытта зерттеулер жүргізулерін жалғастыра берді. Ф.Х. Арсланова 1966 жылғы Өскемен педагогикалық институты студенттерінің Шемонаиха ауданындағы Зевакино ескерткішіндегі археологиялық тәжірибелерінің басты мақсаты түрлі кезең ескерткіштерін анықтап, зерттеу арқылы археологиялық мәдениеттерін өзара сабақтастығын көрсету және хронологиялық классификациясын жасау деп көрсетеді. Аталмыш мақсатқа жету үшін барлығы 30 оба зерттелінген [11, 3б.].

Алайда, ХХ ғасырдың 70 жылдарынан бастап кеңестік археологиялық зерттеулерде миграциялық теориялар басымдық алып, ертесақ мәдени кешені миграциялық үдірістердің негізінде қалыптасты деген пікір басымдылыққа ие бола бастайды. Қазақ археологиясының көшбасшыларының бірі К.А. Ақышев соны археологиялық материалдар негізінде б.з.д. ІХ-VII ғғ. Орталық Қазақстан өңірін мекендеген тайпалардың жерлеу рәсімдеріндегі, заттай мәдениеттеріндегі және антропологиялық кескін-келбеттеріндегі өзгерістердің негізгі себептерінің бір аталмыш өңірге өзге аймақтардан жаңа этникалық топтардың енуі деп түсіндіреді [12, 57 б.]. Шығыс Қазақстан өңіріндегі өзі зерттеген ескерткіштерден осындай белгілерді көре білген Ф.Х. Арслановада ертесақ кешенінің қалыптасуы жергілікті және сырттан келген этникалық топтардың әсерінен пайда болғандығын айтады.

Бүгінгі таңда қазақ археологиясында автохтонды теория басымдыққа ие. Соңғы жылдары жарияланып жатқан ғылыми мақалалардың басым бөлігі осы теорияның негізінде жазылып келеді.

Дегенмен де, ғылыми ортада автохтонды және миграциялық теориялардың кемшіл тұстарын жазып жүрген мамандар да бар. Екі теорияны терістеуші ғалымдардың пікірлері бойынша екі теория да археологиялық мәдениеттердің және сол мәдениеттер негізінде пайда болатын мәдени кешендердің қалыптасуын толық ашып беруге қауқарсыз. Автохтонды теория бойынша мәдениеттер сыртқы ықпалсыз, өздігімен дами бере алады. Аталмыш теорияның посткеңестік кеңістіктегі басты қарсылысы, Л.С. Клейіннің тұжырымдамасына сәйкес, бір археологиялық ықшамауданда бірнеше кезең ескерткіштерінің болуы және әрбір кезең ескерткіштерінде байқалатын мәдени ілгерлеушілік зерттеушінің санасында бір халықтың үздіксіз дамуы туралы иллюзия тудырады [13, 53 б.]. Яғни, автохтонизм Л.С. Клейн бойынша зерттеушінің қалаулы дүниені шындық деп қабылдау иллиюзиясы ғана. Расыменде, ешқандай қоғам сыртқы байланыссыз, үздіксіз даму үдерісінің көрсете алмайды. Сондай-ақ, қола ғасырынан бастап кейінгі замандарға дейінгі мәдени сабақтастықты зерттеуге тырысқан мамандарда бұл бағыттағы зерттеулердің ғылыми-методологиялық базасы толық қалыптаспағандықтан қола мен ерте темір дәуірі арасындағы нақты мәдени сабақтастық іздерін байқай алмаудамыз деген пікірге келген [10, 32 б.]. Бүгінде З. Самашев, Ә.Төлеубаев және т.б. бірақтар археологтар тарапынан Шығыс Қазақстан аумағындағы байырғы мәдениеттер арасындағы сабақтастық деңгейін анықтауға бағытталған зерттеулерге талпыныстар жасалуда.

Миграциялық теория өз кезегінде жергілікті халықтардың мәдени кешендерді өз қолдарымен жасауын жоққа шығарады. Бұндай теориялардың нәтижесінде мысалға, Еуразия даласын ерте темір дәуірінде мекендеген көшпелі тайпалардың жерлеу ескерткіштерінен табылған жәдігерлерді өркениеттік дамудын соңғы сатыларында тұрған көшпелі тайпалардың жасауы мүмкін емес, сондықтан да көшпелілер Греция, Бактрия және Қытай сияқты ежелгі өркениет ошақтарындағы зергерлер мен ұсталар жасады деген біржақты тұжырымдар жасалды [14, 60-61-бб.].

Қорытынды

Жоғарыда аталып өткен екі теорияның кемшіліктерін ескере отырып, ертесақ мәдени кешенінің қалыптасуының табиғатын түсінуде әзірге, жұмысшы теория ретінде батыстық ғалымдар ұсынған трансмиссия терминің пайдалануға болады деген ойдамыз. Трансмиссия деп археология ғылымында мәдени құбылыстардың бір мәдениеттен келесі бір мәдениетке мәдени байланыс арқылы берілуін айтады. Өткен ХХ ғасырдың 60-80 жж. бұл термин кеңестік археология ғылымында ғылыми айналымда болмағандықтан байырғы замандарда жүрген тарихи-мәдени үдерістердің негізін түсіндіруде археолог мамандар кеңестік археология ғылымында қалыптасқан субстрат, миграция сияқты терминдерді пайдалануға мәжбүр болды. Алайда, аталмыш терминдер өткен замандарда мәдени құбылыстардың қалыптасуын толықтай аша алмады. Бұл жоғырыдағы терминдердің функционалдық қызметтерінің шектеулі болуымен түсіндіруге. Осы орайда трансмиссия термині жергілікті халықтардың мәдени кешендерді қалыптастыруындағы рөлін төмендетпейді және инновациялық дүниелердің ежелгі замандардан бастап түрлі деңгейдегі байланыстар арқылы таралып отырғандығын көрсетеді. Ф.Х. Арсланованың Зевакино қорымындағы зерттеулерінен біз жерлеу рәсімдерінің жергілікті қола ғасырының дәстүрін қайталап, ал мола шұңқырынан табылған кейбір жәдігерлердің сырттан келгендігін көре аламыз. Бұл біздің мақалада қозған трансмиссияның әсері болуы мүмкін.

Бүгінгі таңда ертесақ мәдени кешендерінің қалыптасуы мен дамуын анықтау бағыттындағы зерттеулер жүргізуде өткен кезеңдердегі зерттеулерді ескере отырып, жаңа теориялық-методологиялық әдістерді құрып сол негізде зерттеу керек деген ойдамыз. Осы ретте ежелгі замандардағы мәдени кешендердің қалыптасуын анықтауға қатысты біздің ұсынып отырған бағытымыз алғашқы қадамдардың бірі. Әрине, бұл теория ертесақ кезеңі бойынша қордаланған мәселелерді толықтай шешеді деген ойдан аулақпыз.
Әдебиеттер тізімі


  1. Могильников В. А., Плетнева С. А. Памяти Ф. Х. Арслановой // Татарская археология. 2000. № 1–2 (6–7). С. 212–224.

  2. Хабдуллина М. К. История вузовской археологии Казахстана // Восточная Евразия: проблемы историко-культурного наследия. Материалы международной студенческой археолого-этнографической конференции. Астана: ЕНУ. 2006. С. 5-9.

  3. Арсланова Ф. Х. Камышинский клад // Материалы VIII научной конференции профессорско-преподавательского состава. Усть-Каменогорск, 1966.

  4. Арсланова Ф. Х. Новые материалы VII-VI вв. до н.э. из Восточного Казахстана // СА, №1. 1972. С. 253-258.

  5. Арсланова Ф. Х. Новые материалы VII-VI вв. до н.э. из Восточного Казахстана // Бронзовый и железный век Сибири. Новосибирск, 1974. С. 77-83.

  6. Арсланова Ф. Х. Погребальный комплекс VIII-VII вв. до н.э. из Восточного Казахстана // В глубь веков. Алма-Ата, 1974. С. 46-60.

  7. Арсланова Ф. Х. Предметы вооружения из Казахстанского Прииртышья // Тезисы докладов Всесоюзной археологической конференции. Кемерово, 1979. С. 95-98.

  8. Арсланова Ф. Х. Бронзовые котлы из музеев Восточно-Казахстанской области // Скифо-сибирское культурно-историческое единство. Кемерово, 1980. В соавторстве с А.А. Чариковым. С. 147-163.

  9. Арсланова Ф. Х. Случайная находка бронзовых вещей в Семипалатинском Прииртышье // КСИА, №167. М., 1981. С. 54-58.

  10. Кадырбаев М. К. Некоторые итоги и перспективы изучения археологии раннежелезного века Казахстана // Новое в археологии Казахстана. // Алма-Ата: 1968. С. 21-36.

  11. Арсланова Ф. Х. Отчет о работе на археологической практике студентов Усть-Каменогорского пединститута в 1966 году // Архив ИА им. А.Х. Маргулана №242.

  12. Акишев К. А. Саки азиатские и скифы европейские: общее и особенное в культуре // Археологические исследования в Казахстане. – Алма-Ата: Наука, 1973. – С. 43-58.

  13. Клейн Л. С. Миграция: археологические признаки // Stratum, 1999., С. 52-71.

  14. Переводчикова Е. К постановке вопроса о различных формах диалога искусства степи 60 и цивилизаций // Номады казахских степей: этносоциокультурные процессы и контакты в Евразии скифо-сакской эпохи: Сб. мат-лов междунар. науч. конф. – Астана, 2008., С. 60-61.

  15. Клейн Л. С. Трансмиссия (в археологии) // http://xn--c1acc6aafa1c.xn--p1ai/?page_id=3044



References

1. Mogil'nikov V. A., Pletneva S. A. Pamyati F. H. Arslanovoj // Tatarskaya arheologiya. 2000. № 1–2 (6–7). S. 212–224.

2. Habdullina M. K. Istoriya vuzovskoj arheologii Kazahstana // Vostochnaya Evraziya: problemy istoriko-kul'turnogo naslediya. Materialy mezhdunarodnoj studencheskoj arheologo-ehtnograficheskoj konferencii. Astana: ENU. 2006. S. 5-9.

3. Arslanova F. H. Kamyshinskij klad // Materialy VIII nauchnoj konferencii professorsko-prepodavatel'skogo sostava. Ust'-Kamenogorsk, 1966.

4. Arslanova F. H. Novye materialy VII-VI vv. do n.eh. iz Vostochnogo Kazahstana // SA, №1. 1972. S. 253-258.

5. Arslanova F. H. Novye materialy VII-VI vv. do n.eh. iz Vostochnogo Kazahstana // Bronzovyj i zheleznyj vek Sibiri. Novosibirsk, 1974. S. 77-83.

6. Arslanova F. H. Pogrebal'nyj kompleks VIII-VII vv. do n.eh. iz Vostochnogo Kazahstana // V glub' vekov. Alma-Ata, 1974. S. 46-60.

7. Arslanova F. H. Predmety vooruzheniya iz Kazahstanskogo Priirtysh'ya // Tezisy dokladov Vsesoyuznoj arheologicheskoj konferencii. Kemerovo, 1979. S. 95-98.

8. Arslanova F. H. Bronzovye kotly iz muzeev Vostochno-Kazahstanskoj oblasti // Skifo-sibirskoe kul'turno-istoricheskoe edinstvo. Kemerovo, 1980. V soavtorstve s A.A. CHarikovym. S. 147-163.

9. Arslanova F. H. Sluchajnaya nahodka bronzovyh veshchej v Semipalatinskom Priirtysh'e // KSIA, №167. M., 1981. S. 54-58.

10. Kadyrbaev M. K. Nekotorye itogi i perspektivy izucheniya arheologii rannezheleznogo veka Kazahstana // Novoe v arheologii Kazahstana. // Alma-Ata: 1968. S. 21-36.

11. Arslanova F. H. Otchet o rabote na arheologicheskoj praktike studentov Ust'-Kamenogorskogo pedinstituta v 1966 godu // Arhiv IA im. A.H. Margulana №242.

12. Akishev K. A. Saki aziatskie i skify evropejskie: obshchee i osobennoe v kul'ture // Arheologicheskie issledovaniya v Kazahstane. – Alma-Ata: Nauka, 1973. – S. 43-58.

13. Klejn L. S. Migraciya: arheologicheskie priznaki // Stratum, 1999., S. 52-71.

14. Perevodchikova E. K postanovke voprosa o razlichnyh formah dialoga iskusstva stepi 60 i civilizacij // Nomady kazahskih stepej: ehtnosociokul'turnye processy i kontakty v Evrazii skifo-sakskoj ehpohi: Sb. mat-lov mezhdunar. nauch. konf. – Astana, 2008., S. 60-61.

15. Klejn L. S. Transmissiya (v arheologii) // http://xn--c1acc6aafa1c.xn--p1ai/?page_id=3044

ЖҮНІСХАНОВ АЙДЫН СЕНҒАЛИҰЛЫ – Археология және этнология магистрі, «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы» РМҚК кіші ғылыми қызметкері. aid_2010@bk.ru
Ф. Х. АРСЛАНОВА ЖӘНЕ ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАНДА

ЕРТЕСАҚ МӘДЕНИ КЕШЕНІНІҢ

ҚАЛЫПТАСУЫНЫҢ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ
Түйін

Мақалада автор ХХ ғасырдың 60-70 жылдары Шығыс Қазақстан территориясында археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізген белгілі археолог Ф.Х. Арсланованың ертесақ кезеңі ескерткіштерін зерттеу ісіне және ғылыми мақалаларына шолу жасайды. Ғалымның ертесақ кезеңінің қалыптасуына қатысты пікірлерінің пайда болу табиғатына және сол кезеңдегі отандық археология ғылымында ертесақ мәдени кешенінің қалыптасуын зерттеген мамандарға әсер еткен теорияларды қарастырады.



Түйін сөздер: Шығыс Қазақстан, археологиялық зерттеулер, ертесақ мәдени кешені, теориялар.

ЖУНИСХАНОВ А.С., магистр археологии и этнологии, РГПП Государственный историко-культурный заповедник-музей «Берел», младший научный сотрудник. aid_2010@bk.ru


Ф. Х. АРСЛАНОВА И НЕКОТОРЫ ВОПРОСЫ ФОРМИРОВАНИЯ РАННЕСАКСКОГО КУЛЬТУРНОГО КОМПЛЕКСА В ВОСТОЧНО КАЗАХСТАНЕ
Аннотация

В данной статье автором рассматривается вклад известного археолога Ф.Х. Арслановой в деле изучения раннесакских памятников Восточного Казахстана в 60-70 гг. ХХ века. Также рассматриваются причины данные Ф.Х. Арслановой для понимания процесса сложения раннесакского культурного комплекса и различные теории с которыми работали отечественные археологи при изучении данного вопроса.



Ключевые слова: Восточный Казахстан, археологические исследования, раннесакский культурный комплекс, теории.

ZHUNISKHANOV A. S., master of archeology and ethnology, State Historical and Cultural Reserve – Museum «Berel», Junior Research Fellow. aid_2010@bk.ru


F. KH. ARSLANOVA AND SOME ISSUES OF THE FORMATION OF EARLY SAK CULTURAL COMPLEX IN EAST KAZAKHSTAN
Summarry

In this article the author examines the contribution of the well-known archeologist F. Kh. Arslanova in the study of the Early Saka Monuments of East Kazakhstan in the 60-70's. XX century. The reasons given by F. Kh. Arslanova for understanding the process of the addition of the Early Saka cultural complex and the various theories with which domestic archaeologists worked while studying this issue.



Key words: East Kazakhstan, archaeological research, the Early Sak cultural complex, theories.

Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет