Махаббат пен жастық жыршысы



жүктеу 81.77 Kb.
Дата01.05.2019
өлшемі81.77 Kb.

ӘОЖ 894.342Қ 24

МАХАББАТ ПЕН ЖАСТЫҚ ЖЫРШЫСЫ



Қалиева Ж. Д

М.Х. Дулати атындағы ТарМУ, Тараз
Махаббат– моральдық-этикалық сипаттың көп категориялардың бірі. Сірә, бұл тақырыпқа соқпай кеткен ақын жоқ шығар. Бүгінгі адамдардың махаббат сезімін қастерлеуі қандай және қалай бағалау керектігі туралы өзінің эстетикалық принципін айтқысы келген ақындардың лирикалық шығармалары аз емес.
Жоқ болса биік құмар, асқақ арман,

Қай ақын жырға жұртты бастай алған,
- деп Жұбан Молдағалиев махаббат туралы лирикасының идеялық мазмұнын жалпы адам жанының сұлулығы, адамның асқақтығы, адам бақыты үшін күреспен байланыстырады [1.255б] .

Дәл осындай жүрек сырын шерткен Әмірқұл Мырзақұлұлының лирикасы – ақиқатшыл, сезімтал, нәзік лирика, ал лирикалық қаhарманы өмірге ынтық құштар. Ақынның бұл тақырыпта жазылған туындылардың түп қазығы – адам жанының сұлулығын белгілейді, пәк сезімге, асыл арманға, асқақ идеалға баулиды. Оның осы жақсы бастамасы алдағы уақыттағы шығармаларының кең тарамда көркемдігі жағынан да, идеясы жағынан да кең дамуға мүмкіндігінің барын анық танытты. Көрікті суреттерге көз құмарын қандыра отырып, ақын бізге сол бейнелеулер арқылы белгілі бір ойға мезгеуі – содан пайда болған сұлу сурет, игі той оқушы жүрегінен тұрақты орын тебеді. Осындай әдебиеттегі ажарлау мен құбылтулардың бірі – метафораны поэтикалық көркемдеуде қолданыстағы белгілерін Әмірқұлдың сезім сырларын жырлайтын махаббат тақырыбына жазылған шығармаларынан молынан кездестіреміз. Ақынның алғаш жүрегінен жарып шыққан «Махаббатың жүрегімде» өлеңі сонау қиырда жауынгерлік борышын өтеп жүрген жас жігіттің елде қалған сүйіктісіне жазған сағыныш хаты іспеттес. Бұл өлеңдегі әрбір шумақ жас ақынның қияға ұмтылған қыран секілді дарынын қабілет қарымының ұзаққа баратындығын бірден байқатады. Өлеңнің өн бойында басы артық немесе қарабайыр сөз тіркестерінен аулақ, керісінше қазақтық бай шұрайлы тілін әдемі лирикада сөйлете білді. Оның дәлелі тамаша метафора, ұтымды әрі орынды қолданылған теңеу мен эпитеттің шебер жасалған түрлеріне куә болсақ;
Күзетінде Шығыстың шекараның

Мүсін дене, бота көз сүйген жарым,

Хатыңды алып лүпілдеп жүрек соғып,

Тұрмын күліп шаттанып жайнап жаным [2.54б].


Осы шумақтағы «мүсін дене», «бота көз» ақынның дана да дара Абайдың көркемдеуіш сөз қуатынан үлгі алғандығын көреміз. Оның тамаша үлгісі – Әмірқұл ақын соңғы жолда көркемдік сөз бояуы дамыту (градация) сияқты поэтикалық тіл бірлікті арқылы оқырманның көз алдына сүйген жарынан сағындырып жеткен ыстық лебізге толы хатын алып, шаттанып жайнаған жауынгер жігіт бейнесі келеді:
“Баурайы гүл, басы мұз Алатаудың,

Алқабында жүрмін мен депсің саумын”

Хатқа қосып қырмызы гүл салыпсың,

Дегендей тартуы ғой ғашық жардың [ 2.54б].


Бірінші жолдағы «баурайы – гүл, басы –мұз» бір ғана метафораның көмегімен ақын Алатаудың асқақ табиғатты мен ерекше сұлу көрінісін бейнелеп қана қоймай сол алқапта гүл теріп жүрген ару қызды көрсетеді. Сүйікті жарының хатпен қосып салған қырмызы гүлі – нәзік махаббаттың белгісі, нағыз романтик ғашық жанның тартуы ретінде сипаттау арқылы құбылыстың мағынасын үстеу мазмұнын тереңдетіп, әсерін күшейтумен қатар Әмірқұл өзін нағыз романтик ақын екендігін байқатады.

Әмірқұл Мырзақұлұлының әдеби тілінде құбылту мен ажарлаудың түрлері көптеп ұшырасады. Егер ақын қырмызы гүл – ғашық жанның тартуы деп кесіп айтса, бұл әрине метафора болатын еді, Бірақ ақын «дегендейді» қосып ол жолды күрделі теңеуге айналдырып жібереді:


Қыса түсем хатыңды жүрегіме,

Гүлден шырай енеді, іреңіме,

Қара шашың иыққа оралғандай,

Айқасқандай білегің білегіме [2.54б].
Бұл шумақтың өн бойы жанды құбылыспен суреттелініп, махаббаттың іңкәр сезімін оқырманның жүрегіне жеткізе, сезім қылын шертеді. Дәл сол айтқандай бейне бір кино лента тәрізді қос ғашықтың кездесу сәті сұлу суретті сөз арқылы көзбен көргендей күй кешесің. Бұл шумақта да фигураның бір түрі градацияны айырықша талғаммен қолданғандығы байқалады. Ақындық қиял мен шеберліктің қосындысы тек оқырманның өзіне ғана әсер етіп қана қоймай, «айқасқандай» теңеуімен мұның барлығы сезім қиялына беріліп, жарына деген арманның жетегі сағыныш сезімі екенін түсінеміз.

Жалпы, Әмірқұлдың әр алуан тақырыпта жазылған лирикалық шығармаларында көптеп кездесетін, көркемдік сөз қуатының арнасы ол – теңеулер. Алайда, ақынның шығармаларында басы артық теңеуді кездестірмейміз, әрқайсысы өз орнында ойын жеткізуде кестеленіп сөз өрнегіндей жайнап тұр. Соңғы шумақ сол көңілге көктем сыйлап ынтықтырған ғашығының ақжүзін көруге асыққан бозбаланың бейнесін сомдайды.

Келесі туындысы махаббат тақырыбындағы хат-өлең. Айтыс сипаттағы хат-өлең ХХ ғасырдың С.Торайғыровтың «Қамар сұлу» романында басында, Ә.Тәңірбергеновтың «Біржан-Сара» айтысы сияқты ірі әдеби шығармаларында кездестіруге болады. Бұл халықтық дәстүр – ғасыр басындағы әдебиетте қылаң беріп, кеңес дәуір әдебиетінде жоғалып кете барады. Ал, ақын Әмірқұл Мырзақұлының осындай туындылары көмескіленген ақындық дәстүрдің сарқыты іспеттес.

Енді аталған ғашықтық көңілмен хат алмасу түрінде жазылған лирикасына келер болсақ, «Қыздан сұрақ: Сіздің жүрегіңіз қандай?» деген сауалмен бастау алып, ары қарай осы сауалға жігіттің жауабымен өрнектеледі. Бұл өлеңнің жазылу тарихына тереңінен үңісек, лирикалық кейіпкер ақынның жеке өмір деректерінен таныса аламыз. Ол былай болған: бозбала Әмірқұлдың 1948 жылы Жапон самурайлармен соғыстан аман-есен оралғанда, өзімен бірге майданға аттанған үш ағасының артынан қара қағаз келеді. Қайғыдан қабырғасы қайысқан шаңырақта сол қан майданда көз жұмған ағаларының жесір қалған үш жары қара жамылып отырған еді. Қазақтың салты бойынша ауыл ақсақалдары әмеңгерлікпен үш жеңгесінің бірін қайнысына қоспақ болады. Алғашында, бұған бой бермеген бозбала Әмірқұл марқұм ағаларының артында жетім қалған шиттей бала-шағасын аяп, ақыры амалсыздан көнеді. Ағасының балалары ержеткен соң, Әмірқұл өз сүйгеніне таңдау жасап қосылуға рұқсат етілген еді. Сонымен жылдар жылжып өте береді, ақынның жасы қырыққа таяп, жеңгесінің келісімімен өзінің жүрек қалауын таппақ болады. Осы айтылғандай, ақын жүрегіне махаббат сезімін оятып, ғашықтық сипаттағы хат-өлең жазуына себепкер болған кейіпкер – өмірде болған, қаладан оқу бітіріп, мұғалім болып келген 23 жастағы Тұрсынкүл еді. Сонымен, бұл шығармада лирикалық образ екеу, ол – ақынның өзі мен сол Тұрсынкүл есімді ару.

Қыздан «Сіздің жүрегіңіз қандай?» деген сұрақ алған Әмірқұл 1961 жылдың 25-ші желтоқсанынан бастап өлең-хат түрінде сезімін білдіре, жыр тиегін ағытады. Ақын мен қыз арасында басы-аяғы 7 хат алмасуы болады, сонымен қатар әр хаттың жазылған күні ақын тарапынан көрсетілініп отырады. Алғашқы өлең-хат алты шумақтан құралып, 7-8 буынды шалыс ұйқаспен жазылады. Бұл өлеңінде ғашықтық көңілімен қатар, ақынның жан дүниесіндегі көпке айтпас ішкі сыры да қылаң береді. Туындының өзіндік ерекшелігі – адамның аса терең әрі нәзік ашылатын ішкі сыры, мінез-құлқы, жан-тынысы айырықша әсем айшық табады.

Хат-өлеңге келер болсақ, алғашқы шумағында-ақ ақын оқырман назарын өзінің жай-күйіне аударады. Лирикалық кейіпкер, ғашық жігіттің жан-дүниесінде, көңіл тереңінде, жүрегінің түкпірінде, шырмап алған махаббат сезімінің мұңы, жан азабы бейнеленеді. Ақынның қараңғы түндегі, анадайдан сиқырлы сәуле төккен айға, оның сұлулығына тамсана қарап, жүрегін жаулаған сүйіктісін есіне алып, түпсіз терең қайғыға батады:



Ашық аспан айменен,

Сәнді боп көзге түседі,

Дертің дарып бар денеге,

Қайғының уын ішеді [2.57б].
Ал Тұрсынкүлдің он шумақтан құралған жауабы – ой-өрісі кең қанат қағып, құлаш ұрып шарлайтын, санамен тереңінен толғанатын парасатты жан екенін байқатады. Әдептен озбай, арды аттамай ғашықтық өртке шарпылған жігітке «Тек қана бол аға дос!» - деген байсалды тоқтам айтады. Ол адамдық арын таза сақтауды өзінің басты борышы деп түсінеді, аз күндік алдамшы қызыққа елікпейді. Мұнда қазақ қызына тән иннабаттылықпен қатар, адамгершілік, адалдық, пәктік көзге ұрып тұр.

Үшінші хат алмасу, яғни жігіт жауап хатының жазылған мерзімі көрсетілмепті, бәлкім, лирикалық кейіпкер сүйгенінен мұндай жауапты күтпеген болса керек. Жігіттің біраз меселі қайтып үнсіз күйде арада біраз уақыт өткізіп барып, қайраттанып қолына қайта қаламын алып, сүйіктісіне арнап жыр шумақтарын жолдай бастайды. Бұл хат-өлеңге «Жаралы жүрек жан» деп өз тарапымыздан тақырып қойып алуымызға да болар еді. Жауапсыз махаббаттан жаралы ақын жүрегіне Тұрсынкүлдің хаты ауыр соққы болып тигенін «қолыма тиді сәлемің, оқ боп жанап басымнан» деген өлең жолдарынан көреміз. Екінші шумақта жігіттің хатты оқыған сәттегі жай-күйін сипаттауда гипербола (әсірелеу) тәсілін көңілді селт еткізердей шебер пайдалана білгендігіне көз жеткізуге болады:


Үнің қандай әсерлі

Бар денемді балқытқан.

Ойың қандай қатерлі

Жай түскендей шар бұлттан [2.58б].

Мұнымен қоймай, өкініш мұңға малынған лирикалық кейіпкер сүйіктісіне қай жағынан жақпай қалғанын білмей көңілі құлази түссе де, үмітін үкілеп күдерін үзбейді

Бес шумақтан құралған өлең хатында қыздың өзгелерден оқ бойы оздырып тұрған басты белгі оқығандығымен қатар, жан-дүниесіндегі сезім толқындарының тулауы жүрегіндегі сақтаулы жатқан құпия сырын ашуға итермелейді. Сол көкейдегі жан сырын оқырманға астармен жеткізуде, ақын мегзеу символ мен метафораны қиынннан қиыстыра шебер қолданады. Келтірілген хат өлеңдегі мысалдардан құбылтудың сұлу көрінісін тамашалаймыз. Бастапқы шумақтардағы қыздың жауап хатында «Сіз – шүйілген бүркітсіз, Мен – киіктің лағы ем» деген метафорамен құбылтудың өзін түрлеріндіріп оқырманға өзгеше қырымен көрсетеді. Ақынның жүрегін жаулаған ару бірде «киіктің лағы» болса, енді бірде «көлдегі аққу», ал жауапсыз махаббаттың азабынан жапа шекен ғашық жігіт бірде «шүйілген бүркіт» болса, енді бірде «өрдегі бүркіт» .Сүйген арудың адамдық қадір-қасиеті, парасат - пайымы «Мен – арлының баласы, Шын сырыма үңілсең, Серттен таймас саналы» деген жолдардан анық байқалады.

Ақынның жүрегінен берік орын алған арман-аңсары, қайғысы мен қуанышы, дастан болып жазылар жыры мен жүрегі сүйген нәзік гүлі де барлығы тұтасып бір арудың бойына табылатын қасиеттер. Бұл жерде де байқайтынымыз Әмірқұлдың әдеби тілдегі көркемдеуіш сөздерді аса ұқыптылықпен, эстетикалық талғаммен өрнектей білуінде. Соңғы хат алмасу жігіттің сексен екі жолдан құралған өлең жолдарымен аяқталады. Мұнда лирикалық кейіпкердің жауапсыз махаббаттан тартқан азабы, өкініш-күйзелісі , өмір жайлы ой-иірімдері баяндалады. Ал ақынның сүйген аруы, халқымыздың қыз балаға тән асыл қасиеттерін бойына жинақтап, оны әрдайым берік жадында ұстаған қарапайым қазақ қызы Тұрсынкүлге келер болсақ, бұрын амалсыз әмеңгерлікпен отасқаннан кейін енді сағына сарғая, өзінің бақытына қол созған, жігіттің арман-аңсарын біржола жоқ қылады. Ақын соңғы хат өлеңді жазғанда шын өкініші мен күйініші әр жолдан анық білінеді,. Мұнда ол поэтикалық тілдегі фигураның бір – түрі шендестіруді шебер қолдана білген.



Хат өлең мұнымен аяқталмайды, қыз көңіліндегі өзін толғандырған ғұмырлық сан алуан сұрақтарға жауап алғысы келіп, бақыт, махаббат, сүйіспеншілік, сенім, адалдық, достық, адамгершілік, өмірдегі жақсы мен жаман сияқты әрбір жанды мазалайтын мәңгілік философия -моральдық ұғымдар жайында да сұрайды. Соның Тұрсынкүлге берген жауабының біріне мысал келтірсек, ақын «Бақыт адамның жалтақсыз, шексіз қуанышқа бөлеген өмірі. Мәні: әр адам оған әр қабила көзқараспен тұжырым жасайды. Адам қандай хәлге түссе де, өзін адамгершіліктен ауытқымай ұстаса, бақыттың қонар тұғыры сол деп түсінемін» - дейді. Ақыннның мәңгілік махаббат пен жалынды жастық жыршысы деуіміздің ақиқаты – «Тұрмас мәңгі басыңда» деген өлеңі болса керек. Ақын жастықтың жалынына, кіршіксіз таза жанына құмартады, жастыққа тән мінездерді жақсы аңғарып, оны лашын құсқа теңейді. Олардың бойындағы барлық асыл қасиетттерді көре, сезе білді. Осы қасиет Ш.Құдайбердіұлы, А.Тоқмағамбетов, С.Мәуленов, Т.Молдағалиев, Ш.Мұқамбетжанов т.б ақындарда аз емес.Ақын адам жанының эстетикалық сұлулығынының мәні – балалық шақтай пәк көңілмен алаңсыз, тату-тәтті бақытты ғұмыр кешуін армандайды:

Болсайшы өмір бәрі бала күндей ,

Жайнаған мәңгі солмас лала гүлдей.[2.89б].
Сонымен, ақын өлеңдеріндегі жастық шақты аңсау – жастарға тән балғындықты, адалдықты, қызулықты аңсау, яғни жақсылық қасиетттерді аңсау болып шығады.
Әдебиет


  1. Қазақ совет әдебиетінің тарихы. ІІІ-том. «Ғылым» баспасы. Алматы 1967– 662б.

  2. Әмірқұл Мырзақұлұлы. Шығармалар жинағы.Құраст:Жансая Қалиева ––Тараз: М.Х.Дулати атындағы ТарМУ, 2011 –146 б.

  3. Қабдолов З. Сөз өнері. Алматы, «Санат», 2007. – 360 б.


Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет