Мақта саласында рыноктық қатынастарға өту реформалары және рыноктың қалыптасуы



жүктеу 209.37 Kb.
Дата03.05.2019
өлшемі209.37 Kb.

УДК 631.58
Мақта саласында рыноктық қатынастарға өту реформалары және рыноктың қалыптасуы
Экон.ғыл.докт. Әймен А.Т
Рыноктық экономиканың жаңа жүйесіне өту, жаңа шаруашылық байланыстарын қалыптастыруды, агроқұрылымдарды қайта құру жұмыстарын ұйымдастыруды талап етті. Рыноктық экономикаға өтудің екі жолы бар: ақырындап кезең-кезеңмен (эволюциялық) және тікелей радикальды жолмен (революциялық).
Жай кезең-кезеңмен өту жолында: өндірістік қатынастарға өзгерістер енгізу бірнеше заңдар қабылдау жолымен, яғни оған тиісті құқық негіздерін жасау, өндірістік күштер және өндірістік қатынастардың өзара іс-әрекеттерін белгілі бір сұлба жобасымен үйлестіру және кадрларды қайта дайындау жүйесі ұйымдастырылады.

Ал, тікелей радикальды рынокқа өту жолында: осыған өту туралы декларация қабылданады, іс-шаралар кешенді түрде орындалады, баға еркіндікке жіберіледі. Бұл әдісті әдебиетте «шок терапиясы» деген атауы бар, ал экономикалық теория негіздерінде «кенсияндық» теория депте аталады. Осыған сай заңнамалар қабылданып, құқықтық және нормативтер негіздері, өндірістік күштері мен өндірістік қатынастардың жаңа өзара іс-қимылын реттеу мүмкіндіктері жасалады. Бұл теорияның тұжырымдауы бойынша жаңа өндірістік қатынастардың қалыптасуы мен рыноктың жаңа түрінің пайда болуында ең тиімді және қысқа жол осы [1, 2, 3].

Қалай болғанда да рыноктық қатынасқа өту үшін агроқұрылымның ұйымдық-құқықтық негізгі түптен өзгеруі тиіс еді. Бұл мәселені ауылшаруашылығында бұрын жұмыс жасап тұрған кеңшарлар мен ұжымшарлар тарқатылып, жаңа – көпукладты агроқұрылымдар орнын басқанынан байқау қиын емес.

Рыноктық қатынастарды қалыптастыру мен оның тұрақтылығын сақтап қалу үшін экономиканың өзіне тән заңдары мен керекті негізгі ережелері бар: меншікке құқықтылық және экономикалық еркіндік, бәсекелестік.



  • меншік құқығы – рыноктың негізгі шарттарының бірі. Жоспарлы экономикада да меншік құқығы бар, бірақ шектелген түрде мемлекеттік (кеңшарлар), ұжымдық (ұжымшарлар) және үй іргесіндегі меншіктер. Рыноктық экономикада да меншіктің осы түрлері бар, қосымша жекеменшік пайда болды. Жоспарлы экономиканың кезеңінде өндірістің ұжымдық-құқықтық түрлері шектеулі еді;

  • құн заңы толыққанды іс-әрекетте болып экономикада еркіндік беріледі яғни сатып алушы тауар таңдауды өзіне қажеттілік бағамен сатып алу құқығына ие болуы, ал сатушы өз бағасымен үстемдік жасамайды;

  • сондай-ақ бәсекелестік, ресурстарды үнемдеу заңын белсенді түрде орындалуы яғни өндіруші өз тауарын тиімді жолдармен өндіріп, оның сапасын басқалармен салыстырғанда жақсартып отырса, мұндай өндірістің дамуы және рыноктың молырақ секторын иеленіп бәсекелестікке қабілеттілігі нығайады.

Экономикалық еркіндік берілген соң айырбас іс-әрекетіндегі субъектілерінің дербес түрде өнімді қандай мөлшерде өндіре алады, қандай бағада сата алады, өз еркімен таңдап алу мүмкіндігі жасалған. Яғни, өндіріске салуға нақты бастапқы капиталы бар болған жағдайда меншік иесі оны тиімді пайдалану жобасын, қажетті саланы өзі таңдау құқығына ие.

Сонымен қатар, рыноктық қатынас өріс алуы үшін мемлекеттік құрылымдардың реттеуі қажет, әсіресе түрлі заңнамалар жүйесін қалыптастыру мен нормативтік реттеулер мәселелері бойынша құжаттар шығару, кейбір өнімдердің түрлері бойынша мемлекеттік қолдау қажет.

Рыноктың атқаратын қызметін жай түрде сұраныс пен ұсыныстың өзара іс-әрекеті деп түсіндіруге болады. Егер тауардың кейбір түріне ұсыныс кем болса, оның бағасы жоғарылайды, бұл салада өндіріске салынған капитал тиімді, оның пайдалылық деңгейі жоғары болады. Осыны пайымдаған іскерлер осы салаға капитал салып жаңа өндіріс орындарын ашады, яки болмаса бұрынғыларының өндірістік мүмкіндігін кеңейтеді. Осындай жолмен тауардың сатылу көлемі ұлғая бастайды және сұранысты толық қанағаттандырып, тепе-теңдік жағадайға келеді. Міне, осы кезеңде тауардың нағыз әділ бағасы қалыптасады, рынок үшінде бұл жағдай ең қолайлы кезең болады. Ал енді тауар өндіру одан асып кете берсе сұраныс ұсыныстан артта қалып қояды, тауардың бағасы төмендейді, бұл саладан капиталдың ағымы басқа жаққа ауысуға мәжбүр болады.

Рыноктық қатынасқа өтуде мақта кешені өндірісінде ерекше міндеттер атқарылуы тиіс, олар төмендегідей:



  • сатып алушыларды қажеттіліктеріне сәйкес тұтынатын жоғары сапалы керекті мөлшерде өнімдерімен қамтамасыз ету;

  • қазіргі кезде еліміздегі мақта рыногының едәуір бөлігін шет ел тауарлары (импорт) иеленіп алған, сондықтан ішкі рынокты дамытып импорт алмастыру көлемін арттыру;

  • мақта өнімдерінің бәсекелестікке қабілеттілігін арттыру кешеннің ресурстарымен қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру жолымен әділ бағаны қалыптастыру, халықтың төлем қабілетіне сай сұранысын қамтамасыз етуге ықпалын күшейту;

  • мақта кешенінде өндірісінің экономикалық тиімділігін және бәсекелестікке қабілеттілігін арттыру міндеті материалдық кіріс ресурстарды үнемдеп жұмсау заңының тікелей жалғасы болып табылады: өндіріс шығындарын азайту, өнімнің сапасын жақсарту, пайдалылық деңгейін жоғарылату;

  • ақпараттық қызмет, байланыс және консальтинг, ғылыми зерттеу мен инновация, селекция және элиталық тұқымшылық жұмыстарын жаңарту;

  • мақта өнімдерін жеткізіп беру мен маркетинг қызыметтерін жетілдіру;

  • мақта өндірушілер мен өңдеушілердің арасында екі жақты мүдделі өндірістік және экономикалық қатынастарды қалыптастыру маңызды.

Мақта өсіруге мамандандырылған Оңтүстік Қазақстан облысында рыноктық қатынасқа өтудің ерекшеліктері болды. Оған халықтың тығыз орналасқандығы, сулы жерлердің экономикалық тиімділігінің жоғарылығы, мақта шикізатынан алынатын туынды өнім-талшықтың экспорттық тауар екендігі, суармалы жерлерде ирригациялық және мелиоративтік қорлар үлесінің жоғарылығы және өнім алудың кепілді бірқалыптығы, тәуекелділіктің төмендігі тағы басқа себептер болды. Осы жағдайларға сай аймақтарда жер және мүлікті жекешелендіру реформасын экономикалық негіздеу, рыноктық қатынас жағдайында тиімділікті және бәсекелестікке қабілеттілікті арттыруды қарастырудың объективті қажеттілігі бар.

Ауылшаруашылық құрылымдарының реформадан соң көпукладты болып қайта қалыптасуы оны басқарудың ескі жүйесін жойды. Ауыл шаруашылығында жалпы экономикалық трансформация қалыптасты. Жер және мүлік иелері толық еркіндік алып, өз беттерінше жұмыс жүргізу құқығына ие болды. Дегенмен, алғашқы кезеңде өндірістік кооперативтер мен шаруа қожалықтарына мемлекеттік қолдаудың қажеттілігі бар еді. Оған қарамастан әрбір жер және мүлік иелері экономикалық негіздемесіз, дайындықсыз дербес еркіндікке жіберілді. Сондықтан да көптеген шаруа қожалықтарында жерді өңдеу үшін техника, материалдық және қаржы ресурстары жетіспеді, өндіріс төмендеуді. Оған қосымша су тапшылығы мен оны пайдаланудағы кемшіліктер мақта өсірудің деңгейін, өнім түсімін, тиімділігін төмендетті. Осы тұста өңдеу кәсіпорындары өздерін шикізатпен қамтамасыз ету үшін мақташыларға қаржылық қолдау көрсетіп, диқандармен фьючерстік іскерлік негізінде келісім-шарттарға отырды. Келісім-шарт бойынша сатып алынатын өнімнің көлемін, сатып алу бағасын белгілеп, агроқұрылымдарда өндірістік жұмыстарын жүргізу үшін қаржы, тұқым, жанар-жағар май және тыңайтқышпен қамтамасыз ету қолға алынды. Мақта өндірушілер мен өңдеушілердің арасында екі жақты мүдделі жаңадан өндірістік және экономикалық қатынас қалыптаса бастады. Бұл міндеттер мақта өндірісін ұйымдастыру және тиімділігін арттыруға бағытталған. Соның ішінде мақта өнімдерінің өндірісін, өңдеу және ұсатуды, тауар өткізуді ұйымдастыру да бар. Сондай-ақ халық шаруашылығының басқа бірнеше салаларын қамтиды: жеңіл және тамақ өнеркәсіптерін, мәшине жасау, көлік, байланыс, т.б. әлеуметтік мәселелерді шешуді және ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымының дамуын қамтамасыз етеді. Бұл міндеттерді орындау үшін әрине, мақта кешені өндірісінің тиімділігі жоғары болуы, оның пайдамен қорытындылануы және бәсекелестікке қабілетті болуы керек. Ал әлеуметтік мәселелердің дер кезінде шешіліп отыруы үшін өндірістің ұдайылығын қамтамасыз ету қажет.

Мақта кешенінің бастапқы рыногы жоғарыда атап көрсетілгендей негізінен мақта өндіруші агроқұрылымдардан және бастапқы өңдеу кәсіпорындарынан қалыптасты. Себебі олар мақташыларға капиталды, фьючерстік келісім-шарт негізінде тұқымды т.б. өндіріске қажетті материалдық ресурстарды жеткізіп береді. Өндірілген мақта өнімін жеткізіп берудің екі тәсілі қолданысқа ендірілді:

Біріншіден, қабылдап алынған мақта шикізатын сақтауға және өңдеуге алады, өңдеген соң, көрсетілген қызметі үшін есеп айрысып, дайын өнім мақта өндірушінің меншігінде қалады.

Екіншіден, өңдеуші кәсіпорын мақта шикізатын толығымен сатып алып, бірден тыңғылықты есеп айырысады, тауарға меншік иесі болады.

Осылай құрылған өндірістік және экономикалық жаңа қатынастар диқандардың тың шешімдер қабылдауда батылдығын, тәуекелдігі және дербес жұмыс алып бару ынтасын оятты, агробизнеске жол ашты.

Меншік құқығы бойынша жүргізілген түпкілікті реформалар ауылдық жердегі рыноктық экономикалық қатынастардың тереңдей түсуіне, кіші кәсіпкерлік пен инфрақұрылым объектілерінің ашылуына, оның тауарөндірушілерге қызмет көрсету аясының кеңеюіне жол ашты. Ең бастысы агроқұрылымдар мемлекеттен, жергілікті билік өкілетті орындарынан бөлек өзі дербес шаруасын жүргізуге ұмтылды. Бұрын ұжымшар мен кеңшар басшыларынан бұйрық күтіп, техника, материалдық көмек сұрайтын диқанның психологиясы, экономикалық ой-өрісі түбегейлі өзгерді, ол жаңа рыноктық заманға бейімделе бастады.

Ауылшаруашылығын басқарудағы әміршілік-әкімшілік жүйенің жойылуы бұл саланың нарықтық экономикаға өтуінің кепілі болды. Мемлекет ауылшаруашылығын экономикалық реттеу жолымен рыноктық қатынастарға бейімдеу бағдарламасын жасады.

2003-2005 жылдары ауыл жылдары болып жарияланып, аграрлық сектор үшін үш жылға 153 млрд. теңге қаржы бөлінді. Сондай-ақ елімізде Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болу бағдарламалары жүзеге асырылып жатыр. Мақта өсіру саласына, шаруа қожалықтарына жеңілдетілген бағамен жанар-жағармай, тыңатқыштар, пестицидтер бөлінді. Суармалы жерлерде судың бағасын жеңілдету мақсатында субсидия бөлінді /4/.

Сонымен қатар мемлекет су шаруашылығы мен мелиорация бойынша жердің құнарын сақтау және қалыпқа келтіру жұмыстарына инвестиция бағыттауға ықпал жасап келеді. Бұл жұмыстарға шаруа қожалықтарының қаржылық ресурстары жетіспейді, олар тек ауылшаруашылық тауарларының өндірісімен шұғылданып, дербес шаруа қожалықтарын тиімді жүргізуге қол жеткізуі керек. Ауылдағы тауар өндірушілер өз өнімдерінің толық меншік иесі болып, өзі өндірген тауарды өз еркімен өткізуге, жеткізіп беруге құқықты болды. Осындай жағдайда мемлекет тек тауар өндірушілер мен тұтынушылардың сенімді қолдаушысы болып, оларды реттеуді заңнамалар ақылы жүзеге асыра бастады.

Мақта кешенінде, тағы басқа салаларда рыноктық экономиканың ережелері толық қанды жұмысы жасауы үшін толығымен тауар рыноктары және соған сай рыноктық инфрақұрылымдар жұмыс қалыптасуы керек еді.

Тауар рыноктарының негізгі сипаттамасы, өндірушілер мен сатушылардың осы ағымдағы бәсекелестігі. Бұл теке-тіресте өндірісте кімнің экономикалық тиімділігі жоғары болса соның бәсекелестікке қабілеттілігі басым болады. Тиімділіктің негізгі тетігі-рыноктағы баға. Ол сұраныс пен ұсыныс күштері іс-әрекеттерінің өлшемі және индикаторы болады. Осы жағдайда мемлекеттік реттеу әлеуметтік әділдікті сақтайды, мүлік иесінің құқығын қорғап, рыноктағы кездейсоқтық шектеуді алып тастау құралы болады.

Әрбір тауар өндіруші әлем рыногының тікелей ықпалымен жұмыс жасап, оның нарық қатынастарымен тікелей байланыста болу мүмкіндігі жасалған. Әрине бұл жұмыс жоспарлы экономикаға дағдыланған тауарөндірушілерге оңай болмады, мұның өзіндік проблемаларына бейімделу қазірге дейін жалғасып келеді.

«Ауыл жылдары» деп белгіленген 2003-2005 жылдары Үкімет ауылдағы әлеуметтік мәселелерге көңіл бөлді. Осы мәселеге байланысты ауылшаруашылық өндірісін дамыту және тұрақтандыру, оның экономикалық тиімділігін және бәсекелестікке қабілеттілігін арттыру бойынша бірқатар шаралар іске асырылуы қажет. Сондай ақ Қазақстан Республикасының Үкіметі өзінің №149 2006 жыл 6 наурыздағы қаулысымен: 2006-2008 жылдары агроөнеркәсіпкешенін тұрлаулы дамыту концепциясын жүзеге асыру бағдарламасын бекітті/5,6/. Оңтүстік өңірде осы мәселені шешу мақта кешеніне тікелей қатысы бар.

Бірақ рыноктық экономика жағдайында өндірілетін өнімнің көлемі сол тауарға және сонымен қатар басқа тауарларға сұраныстың жағдайымен анықталатыны белгілі. Ал сұранысты анықтауда тауардың ішкі рынктағы қажеттілігі және сыртқы сұраныс көлемін есептеу жолымен болжамдалады. Бұл мәселеде баса көңіл аударатын жағдай, жалпы сұранысты анықтау емес, төлем қабілетімен тиянақталған сұранысты анықтау. Осы мәселеде тереңірек және кеңейтірілген зерттеулер, сұраныс бойынша мониторинг орталығын ұйымдастыру мақсатқа сай еді. Бұл өңірдегі сыртқы экономикалық сауданы, әлем рыногында бағаны зерттеудің тиімділігін асырып, өндірушілерге нақты қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Осы жолмен мақта өсірудің тиімділігін аттырудың дұрыс бағыты айқындалады.

Сыртқы сауданы ұйымдастыруда және оның экономикалық тиімділігін арттыруда мақта талшығы және туынды өнімдердің орны бар.

Сыртқы сауданың экономикалық пайдалылығы деген түсінік және оның мөлшері жөнінде тұжырымдар жасау үшін экспортқа шығарылатын, импортты алмастыру мақсатында дербес түрде өндірілген өнімге жұмсалатын шығындарды салыстыру қажет. Мәселе жалпы сыртқы сауданың тиімділігі туралы болғандықтан, мұны біраз басқа тұрғыдан қарастырамыз.

Өндірілетін тауар жергілікті жерде саудаға және экспортқа шығаруға болатын болса, бәсекелестікке қабілеттілігі импортты алмастыруға жараса, онда оның өндірісін дамыту, ұлттық экономикалық саясатты қалыптастыру мен тұрақтандыруда маңызы бар.

Тауар өндірудегі экономиканың артықшылығы-шығарған тауардың сатуға өтімділігі, осындай жағдайда ғана өндіріс тиімді нәтиже береді, бәсекелестікке қабілеттілігі болады.

Жоғарыда келтірілген салыстырмалы артықшылық әдісін пайдалана отырып Оңтүстік Қазақстанда мақта өсіруде жүргізілетін экспорттық іс-әрекеттердің экономикалық тиімділігін бағалауға болады. Яғни, мақтаны сатудағы бағам немесе рыноктық бағаммен салыстырмалы талдау жасауды қажет етеді. Бұл талдау және сараптау, мақтаны экспортқа шығару мен өндірудің мақсаттылығы туралы анық ақпараттар береді.

1992 жылы 1 тонна мақта талшығын экспортқа шығарудан алынған түсім көтерме бағамен 1121 АҚШ долларын құраған, ал 1992 жылдың қарашасында бір тоннасы 400 мың рубльге тең болатын. Осы ақпараттарға сүйеніп есеп жасағанда мақта сатудан экспорттық түсім мөлшері бір АҚШ долларына 357 рубльден тең келеді. Салыстырмалы талдау бойынша, сол кездегі айырбастаудың ресми бағамы бір АҚШ доллары 452 теңгеге тең болған /7,8/. Осыған қарағанда, мақта талшығына есептелген айырбастау курсы ресми курстан төмен, басқаша айтқанда мақта талшығын экспортқа шығару экономикалық мақсаттылық немесе тиімділік бойынша жасалып жатқандықтан, сан жағынан бұл ұтымды ма? деген табиғи сұрақ туындайды.

Бұл сұраққа нақты және анық жауап беру үшін «шығын-пайда» концепциясын қолдану керек.

Жоғарыда айтылғандай, барлық ұлттық табыстың деңгейін төмендететін көрсеткіштер қоғам үшін шығындар, ал оны жоғарылататын пайда болып есептеледі. Осы қағидатқа сүйенсек, біздің жоғарыда қарап шыққан есептеулеріміз дұрыс болмайды, себебі көтерме бағаға мақта талшығы өндірісінің таза шығындары қосылған емес, бұған ұлттық табыстың көлемін төмендетпейтін басқада баптар қосылған. Бұрыннан белгілі болғандай, экономикалық сараптау кезінде біздер трансферттік төлемдерді шығынға да, пайдаға да жатқызбаймыз, себебі оның ұлттық табыстың өзгеруіне әсері жоқ. Сондықтан салық түрінде төленген, алынған субсидиялар мен қарыздарды өтеу үшін жұмсалған қаржылар мақта талшығын экспортқа шығару тиімділігінің есептеулеріне кіргізілмеуі керек. Бұлардың барлығы көтерме бағаның құрамына кірген, сондықтан мақта бойынша айырбастау курсының есебін, көтерме баға арқылы шығару дәл емес, біршама түзетулер енгізген дұрыс болады.

Өңірде рыноктық қатынас экономикасына өткен соң сыртқы рыноктардың әсері болары табиғи жағдай. Оның ішінде негізгісі пайдаланатын өндірістік ресурстардың қымбаттауы. Бұл ресурстар бағасының қымбаттау құбылысы шет елдерден тікелей сатып алу жолымен, сонымен қатар сырттан алып келінген шикізат есебінен өндірілетін жергілікті ресурстар арқылы айқындалады яғни айтқанда мультипликатор әсерінен болады.

Бұл үдеріс өз кезегінде бағалардың құбылмалығына байланысты. Мақта өндірісінен алынатын пайданы төмендетеді және қазіргі кезде алынып жатқан маржаның көлемін азайтады. Осындай үдерістер келешекте мақта өсірудің ұдайы дамуына және мақта өндірісінің сан мен сапасына кері өзгерістер алып келіп, бәсекелестікке қабілеттілігін төмендетеді.

Мақта өндірісінің болашағына болжам жасау үшін бұл саланың дамуындағы келешекте кездесетін төмендегідей жағдайларды есепке алу қажет:



  • республика халқының мақта өнімдеріне ағымдағы қажеттіліктерін қанағаттандыру;

  • республика халқының қажеттілігін қанағаттандыру және мақта талшығын экспортқа шығару;

  • халықтың қажеттілігін қанағаттандыру, тоқыма өнеркәсібін (мақта кластері), мақта талшығын экспортқа шығару және тоқыма, тігін өнеркәсібінде дайын тауарлар өндірісін ескеріп, мақтаға деген сұранысты анықтау немесе болжам жасау экономика ғылымдарының маңызды проблемаларының бірі. Бұл проблеманы зерттеу мен шешімін табу үдерісінде бірінші кезекте мақтаға, одан әзірленетін тауарларға деген ішкі сұраныстың көлемін анықтау қажет. Екіншіден дүние рыногындағы сұраныспен мақтадан дайындалатын бұйымдарды тұтыну тенденциясын есепке алу қажет.

Жоғарыда атап өтілгендей, мақта талшығы халыққа өте қажетті киім-кешек, көрпе-төсек, мата тоқу үшін кең түрде қолданылады. Сонымен қатар мақта техникалық қажеттіліктерге, өнеркәсіп пен экономиканың басқа салаларында да пайдаланылады. Бізге белгілі болғандай, мақтадан жасалған бұйымдар үлкен көлемде денсаулық сақтау саласында да қолданылады.

Сондықтан болашақта тұтынылатын мақтаға деген сұраныс көлемін болжау үшін халықтың мақта талшығын жан басына пайдаланылатын орташа есеп көрсеткіштерін зерттеу қажет.

Мақта талшығына жалпы сұранысты анықтайтын тағы бір құрамдағы элемент-экспортқа шығарылатын көлемді анықтау. Соңғы кезеңде экспортқа мақта шығару екі бағытта орындалуда. Бірі ТМД елдері, бұл бағыт мемлекеттік келісім-шарттар негізінде жүргізіледі. Екіншісі мақтаны алыс шетелдерге экспортқа шығару.

Шет елдердегі мақта талшығының қажеттілігін анықтау арнайы халықаралық зерттеулер өткізу арқылы тоқыма өнеркәсібінің өркендеу келешегін, осыған байланыстыра экономиканың басқа салаларының дамуын болжам жасауға болады. Кейбір кезде сатып алынған мақта талшығын үшінші елдерге экспорт жасау іс-тәжірибесі кездеседі. Қазіргі кезде мақта талшығы оңтүстік өңірдің ең басты экспорттық өнімінің бірі, әлем рыногына мақтаны экспортқа шығару тәжірибесі бар. Бұрынғы мемлекетаралық болған шаруашылық байланыстардың үзілуіне байланысты, жаңа балама, қолайлы мақта рыногының сегментін қалыптастыруға негіз қаланды.

Жоспарлы, орталықтандырылған экономика кезінде Орталық Азия мемлекеттерінде, Оңтүстік Қазақстанда да мақта талшығының бағасы әлем рыногындағы бағадан біршама төмен болған. 1992-1993 жылдардағы мәліметтер бойынша кеңшарлар мен ұжымшарлар мемлекетке мақтаның 1 фунтын 9 цент бағамен жеткізіп берген. Мақта өңдеу зауыттары өз кезегінде мақта өнімдерінің орташа бағасын (валюта айырбастау курсымен есептегенде) 11 центтен белгілеген /9,10/.

Қазақстан Республикасының аграрлық секторында рыноктық қатынастарға өту реформалары өткізіліп жер, мүлік жекешелендірілген соң мақташылар өз өнімдерін әлемдік бағамен сату құқығына ие болды.

Оңтүстік Қазақстан облысында өндірілетін мақта өнімдері Өзбекстан Республикасынан Солтүстік Еуропаға жеткізіп берілетін өнімге теңестіріліп сатыла бастады. Мұнда мақтаның бағасы Ливерпуль тауар биржасының котировкасы бойынша ұсыныс пен сұранысқа сәйкес анықталады.

Кесте 1 – ОҚО мақта талшығының экспорты және бағасы




Көрсеткіштер

Жылдар

2001ж

2002ж

2003ж

2004ж

2005ж

2006ж

2007ж

2008ж

Жалпы көлемі, мың тонна

77,1

88,6

135,1

125,4

120,1

139,1

148,6

106,4

Сатылған құны,

млн АҚШ доллары



71,6

78,0

101,6

139,2

148,0

140,9

160,6

125,6

Орташа бағасы,

АҚШ доллары



929,3

879,7

751,9

1109,9

1232,0

1013,0

1080,6

1180,7

ОҚО статистика департаментінің мәліметтері бойынша құрастырған.

1 кестені сараптағанда 2002 жылдан бастап мақта талшығының ұсынысы ұлғайып, оның бағасының төмендегенін, ал 2003, 2004 және 2005 жылдары бағаның тиісінше 147,3%, 163,9% және 134,7% жоғарылағаны байқалады. Бұл бағалар мақта өндірушілердің шығындарының қайтарым деңгейін төмендете алмайды. Сондықтан бірқатар шығындарды мемлекеттік қолдау жолымен қайтару қажеттілігі бар.

Әлем рыногындағы қалыптасқан деңгейімен бағаларды салыстырмалы зерттеулер, Орталық Азия мен Қазақстанда өндірілетін орта талшықты мақта бағасы Солтүстік Еуропадағы СИФ бағамдағандай басқа елдердің мақтасының бағасымен салыстырғанда ең төмені. Сол сияқты А индексімен салыстырғанда да төмен. Орталық Азия мен Қазақстанның мақтасы көптеген тұтынушылардың берген анықтамаларына сүйенсек, қазіргі кездегі жаңа технологияға негізделген тоқыма өндірістерінің талаптарына жауап бере алады. Бірақ бірқатар маркетингтік мәселелердің шешімін таппай тұрғандығы бәсекелестікке қабілеттілігіне, соның салдарынан Орталық Азияда және Қазақстанда өндірілген мақтаға сұранысқа да нұқсан келтіруде.

Бұған қарамастан Қазақстанның оңтүстігіндегі мақташылар мақта экспортының көлемін асыру мүмкіндігіне ие.

Тоқыма өнеркәсібінің бұйымдарын және тауарларын шетелдерге сату облыста 2003 жылы жалпы экспорттың 45,2% немесе 173,3 млн., 2004 жылы –38,5 % немесе 148 млн. орташа талшық бағасы 1232 АҚШ долларына тең болды /9,10/.

Шетелдік тұтынушылардың Қазақстан мақтасына деген сұранысы әдетте бірнеше жылдар бойы осы өңірден мақтаны сатып алып жүрген мемлекеттердің, сондай-ақ жаңа сатып алушылардың сұраныстарының көлеміне қарай анықталады.

Сонымен қатар бірқатар шет елдердің, әсіресе Қытай мен Пәкістанның мақта өнімдерінің экспорттаудағы іс-тәжірибесіне зер салу тиімді. Әсіресе жіп иірімі, маталар мен дайын тауарлар тиімділігі жоғары. Бұл іс-әрекеттер біраз мөлшерге мақта-талшығының экспортының кемейуіне, ал дайын бұйымның артуына алып келеді.

Мақтадан жасалған бұйымдарға сұраныс көбіне тұрақты болады. Оған бірқатар факторлардың: ақшалай табыстар, іскерлік, белсенділік циклы, мода, жасанды талшықтардың бағасы және оның көлемінің әсері бар. Сонымен қатар мақтаны шеттен сатып алу импортында өзгерістер байқалып тұрады. Одан басқа кейбір елдерде құрылымдық өзгерістерге байланысты импорттаушылардың арасында өз міндеттерін бөлісу үдерістері көрініс беруі мүмкін. Шетел мемлекеттерінде мақта рыногының экспорты және импорты өзгерушең.

Бір қатар тез дамушы мемлекеттер жағынан болған бәсекелестіктер Батыс Еуропа елдерінде мақта импортын едәуір төмендетіп жіберді. Әлемдегі ең ірі импорттаушылар қатарына Бразилия, Индонезия, Тайланд кіреді. Сонымен қатар, импортқа қажеттілік Италияда, Испанияда, Португалияда, Тайваньда, Гонконгта, Жапония және Оңтүстік Корейде біршама асқан.

Келешекте қалыптасатын мақтаның экспорттық ағымын болжау үшін тоқыма өнеркәсібінің дамуы мен мақта-мата сауда үдерісіне көңіл бөліп, болжамдар жасау қажет.

Әлемнің жіп иірімі өнеркәсібіне талдау жасағанда мақта жібінің өндірісі негізінен Азия құрылығында орналасқан. Әлем рыногының 60% экспорт көлемі осы континентке тиіесілі. Соның ішінде: Пәкістан-29% және Қытай-12%, дүниежүзінде ең ірі экспорт жасаушы мемлекеттер Алмания, Түркия және Оңтүстік Корей елдері /11/.

Мақта матасы, иірім жібін терең өңдеуден соң алынады, бұйымның осы түрінің өндірісі жылдан-жылға асып келеді. Тек 1985-2000 жылдары бұл көрсеткіш 24% өсті. Мақта матасының өндірісі Азияда даму тапқан, бұл аймақта дайын бұйым дайындау сол кезеңде 48% өсті. Сондай-ақ алдыңғы шепте дамып келе жатқан континент Еуропа-17% және Америка 14%, сол сияқты ірі мақта матасын өндіруші елдер: Қытай-23%, Үндістан-13%, АҚШ-9%, Индонезия-7%, Пәкістан-6%, Ресей-6%, Түркия-3%/11/.

Дүниежүзі мемлекеттері бойынша импорттың көлемі төмендегідей болып бөлінген: АҚШ-15%, Гонконг-13%, Англия-8%, Италия-7%, Алмания-7%, Франция-6%, Жапония-6%.

1990-2000 жылдары мақта-матасын экспортқа шығарудың мол үлесі Азия құрылығына тиіеселі, оның үлесі әлемдегі экспорттың 62% құрайды. Мұнан соң Еуропа, оның үлесі 27% артқан.

Дүниежүзі бойынша экспорттан бірінші орынды Қытай алады, әлемдегі экспорттың-25%, онан соң ретімен Пәкістан-7%, Гонконг-7%, Алмания-6% /11/.

Жоғарыда келтірілген мәліметтерден тұжырымдама, мақтаның жібі мен матасын өндіру және шетке экспортқа шығарудың едәуір бөлігі Азия континетінде шоғырланған. Оның ішінде ерекше орынды дамушы мемлекеттер алады. Олар өздері мақта-талшығын өндірмейді, негізінен басқа елдердің өнімін пайдаланады. Мұндай жағдай бірқатар Азия мемлекеттерінде де бар. Өзге елдер мен аймақтардағы құрылымдық өзгерістерді зерттеп қарағанда Еуропадағы тоқыма бұйымдарын өндіретін мемлекеттер жағынан мақта талшығына тұрақты сұраныс бар екендігі аңғарылады. Латын Америкасындағы бірқатар дамушы елдердегі экономикалық өсу мен Шығыс Еуропа елдеріндегі экономикалық өсімнің қалпына келуі мақта өнімдеріне деген сұраныстың артуына мүмкіндік жасайды.

Бізге белгілі болғандай, бірқатар тауарларға сұраныстың деңгейі оны сатып алушылардың төлем қабілетіне, яғни ол елдің экономикалық өсіміне тікелей байланысты. Сондықтан бірқатар бұйымдардың сұраныс деңгейін анықтауда жалпы экономикалық жағдайларды есепке алу керек. Бұған тұжырымдама жасау үшін әлемде және оның түрлі аймақтарында жалпы ішкі өнімнің өзгеру тенденцияларын негізге алуға болады.

Әлемде және аймақтарда жалпы ішкі өнімнің өзгерулері өнеркәсібі дамыған елдерде мақта өнімін тұтынудың біршама өсуі байқалады. Дамушы елдердегі экономикалық өсудің жоғары қарқынын сақтап қалу мақта өнімдері тауарларын тұтынудың мүмкіндігі бар екендігін анықтайды. Бірқатар елдерде тұтынудан гөрі ағымға қажет қор жинау басымдау болуы мүмкін. Бұл өзгерістер мақта тұтыну бойынша сұраныстың біршама артуы мен одан дайындалған тауарларға сұраныстың көбеюі нәтижесінде қалыптасады.

Мақта талшығына сұраныстың жалпы деңгейін анықтайтын көрсеткіш- мақта бағасының өзгеріп тұруы. Мақта талшығы бағасы деңгейінің өзгерулерін талдау жасағанда, жақын болашықта мақта бағасының көтерілуі күтілмейді. Бұл әлемдегі жалпы сұраныспен ұсыныстың деңгейінің әсерінен қалыптасады.

Әртүрлі ауылшаруашылық дақылдары бағаларының ара-қатынасына сараптау жасағанда мақтаның алған орны тұрақты екендігін, оған сұраныстың бірқалыпты болатындығын көреміз.

Кесте 2 - 1 тонна мақта талшығы мен 1 тонна бидайдың әлемдік бағаларының ара қатынасы (есе есебімен)

Жылдар


Бағалардың ара қатынасы

Ағымдағы бағалар

Тұрақты баға, 1990ж

Нақты мәліметтер

1990

11.66

11.67

1992

7,59

7,58

Қысқа мерзімді болжау

1993

7,96

7,96

1995

9,47

9,46

ұзақ мерзімді болжау

2000

9,45

9,43

2010

8,53

8,64

Әлемдік банкінің 1995 жылғы есебі бойынша құрастырған

Жоғарыдағы 6 кестеде келтірілгендей, әлемдік рынокта мақта-талшығы мен бидайдың бағаларының арақатынасы бірқатар өзгерістерге ұшыраған. Мысалы 1992 жылы бидайға сұраныс артты, ал мақта талшығына төмендеген, ара-қатынас бидай жағына қарай өзгерді, 7,67-ден 7,58 дейін төмендеді. Сонымен қатар дүниежүзілік банкі мамандарының болжамдары бойынша жылдар өте мақтаның құндылығы бидаймен салыстырғанда айтарлықтай төмендейтігін көріп отырмыз. Бұл мақта талшығына сұраныстың төмендеп бара жатқандығының дәлелі, 2010 жылы ара қатынас 8,64 дейін төмендеу болжамдалған.

Үй тұрмысындағы заттар мен киім-кешектердің көбіне мақтадан дайындалатынын ескерсек, оған деген сұраныстың өсуі табиғи нәрсе. Оған дәлел қазіргі кезеңдегі моданың даму бағыты. Шығыс Еуропа мен ТМД елдеріндегі экономикалық дамудың төмендеуі мақтадан дайындалған бұйымдарға сұранысты төмендетіп отыр.

Жоғарыда келтірілген фактілердің барлығын қорытындылап айтқанда, Оңтүстік Қазақстанның мақтасын дүниежүзілік рынокта сату мүмкіндігі бар екендігі айқындалады. Өңірде өндірілетін талшық көлемі 140-150 мың тоннаны құрайды. Әрине, өндірілген мақта талшығының жартысынан артығын ішкі рынокта пайдалануды ұйымдастырған тиімді. Терең өңдеу нәтижесінде алынған дайын бұйымдардың ішкі рыногын қалыптастыру импорт алмастыру және экспортқа шығару мақта кешенінің тиімділігін және бәсекелестікке қабілеттілігін арттыратын жоба.


Әдебиет


              1. ОҚО статистикалық департаменті, ОҚО және оның аймақтары, Шымкент, 2000-2010 ж.

              2. Серіков Б. Мақта кешенінің бәсекелестік қабілеттігін арттыру проблемалары. Экон. ғылым. докторы ғылыми дәреже үшін іздену диссертациясы. Астана, 2009 ж.

              3. Мақтаарал мемлекеттік агрометеорологиялық бекетінің көпжылдық байқауларының есебі, Атакент, 2006, 16 б

              4. Көпешов Ш., Мақта өндірісінің экономикасы, Алматы, Қайнар, 1974, 61 б.

              5. Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Ауыл жылдары» туралы қаулысы

              6. ОҚО Мақта өндірісі Заңды тұлғалар Ассоциациясының мәліметтері, Шымкент, 2005-2006, 12 б.

              7. Cotton World statistics. 1993 April. Bulletin of the International Cotton Advisory Committeе Cotton World statistics. 1993 April. Bulletin of the International Cotton Advisory Committeе, 39-41.

              8. Оссерворд Т., Дүниежүзілік Банкінің SPAA ақтық жобасы шығындарды қайтару бойынша ДБ есебі, 1997, 65 б.

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Тараз



Взаимосвязь рыночных отношений в хлоководческой отрасли
Докт.экон.наук Аймен А.Т.
В работе рассмотрены взимоотношения предприятий хлопководческой отрасли в условиях рынка. Определены основные направления по улучшению их деятельнояти с целью повышения эффективности их работв.

INTERRELATION of the MARKET ATTITUDES In сotton of BRANCH
Doct. econ.sci. A.T.Aimen
In job are considered of the enterprises cotton of branch in conditions of the market. The basic directions on improvement them working are determined with the purpose of increase of efficiency them work.

Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет