Мазмұны Кіріспе і-тарау. Фразеологизмдердің түрлері, белгілері және тұрақты тіркестердің басқа тілдік тұлғалардан айырмашылығы



жүктеу 0.85 Mb.
бет4/5
Дата21.04.2019
өлшемі0.85 Mb.
1   2   3   4   5

2.2 Фразеологизмдерді аудару мәселелері

Фразеологизмдер, жалпы тілдердегі тұрақты тіркес атаулының бәрі аударма практикасы үшін де, теориясы үшін де ең қиын, күрделі проблеманың бірі. Аударма тәжірибесінде фразеологизмдерді екінші тілге берудің неше түрлі қиындықтары кездесіп, теориялық тұжырым жасауға итермелейді. Өйткені әр тілдегі фразеологазмдердің мағыналық және сталистикалық қызметі алуан-алуан болады. Оның құрамына кірген сөздердің байланысы да әр тілде әрқилы. Міне, осыларды аудару кезінде әр тілдің өзіне ғана тән сөздердің тіркесу ерекшелігі көрінеді.

Фразеологизмдерді бір тілден екінші тілге аудару мәселесі аса қажет, әрі барынша қиын проблема екенін сол еңбектерден және көркем әдебиетте қолданылып жүрген фразалық тіркестер табиғатынан-ақ тануға болады. Ғылымда фразеология мәселесі сөз бола бастаған уақыттан-ақ оны екінші тілге аудару жайы қарастырылып келеді. Аударма ел мен елдің арасына дәнекер болатын аса зор мағыналы құрал. Аудармамен шұғылданған бірде-бір зерттеуші фразеология мәселесін аттап өте алған емес. Тіркестердің аудармасын тікелей тексермегенмен, аудармашы-зерттеуші өзінің саласына қатысты тұстарда фразеология аудармасына байланысты пікірін айтып отырған. Бұл тұста ескеретін бір жайт, сол айтылған пікірлердің бәрі біркелкі емес екенін және ондай пікір қозғаушылар әрқилы ғылым өкілдері екенін есепке алған жөн. Жалпы аударма проблемасы жөнінде айтылып жүрген тұжырымдарды екі топқа бөлуге болар еді. Бірі әдебиетшілер тарапынан айтылған, екіншісі тілші ғалымдар ұстанған пайымдаулар. Бұл екі ағым өкілдері қызу қарқында қарсы дау айтысқанмен, кейін аударма теориясының өзіне ғана тән, өзіндік сырларына тереңірек үңіліп, көп жағдайда келісімге келген. Мұның өзі белгілі дәрежеде аударманың ғылым ретінде қалыптасып, әрқилы проблемаларын алға тартқанын танытады. Сонда да болса, біз аударма мәселелерін әдебиетшілер мен тілшілер қауымдаса тексеріп жатыр деп айта алмаймыз. Ғылым болған соң оның даулы, даусыз мәселелері толып жатады.

Фразеологизмдерді аудару мәселесі аударма теориясының бір саласы болғандықтан, бұл жайында тілші, әдебиетші ғалымдар әрқилы пікір өрбіткен.

Бұл мәселені орыс ғалымдары да, қазақ ғалымдары да, ағылшын ғалымдары да сөз етіп жүр. Басқа тілдерде де аударма ғылым объектісі болып табылады [10, 38].

Тұрақты тіркестердің екінші бір тілдегі табиғатын тексергенде, біздің жүгінетініміз орыс ғалымы, тіл маманы А.В.Федоровтың еңбектері. А.В.Федоровтың аударма теориясын жасаудағы рөлі айрықша. Оның «Основы общей теории перевода» кітабында біраз мәселелер қарастырылған. Фразеологизмдердің аудармасына байланысты да көптеген ғалымдардың еңбектерін мұқият қарап, қорытынды пікір айтуға тырысқандық байқалады.

Фразеологизмдердің аудармасы жөнінде әдебиетші ғалымдар да, тіл білімпаздары да, жазушы-журналистер де бірде арнайы тоқтап, енді бірде белгілі бір проблемаларға байланысты пікірлерін айтқан. Қай-қайсысы да белгілі бір көркем шығарманың аудармасын қараған кезде мақал, мәтелдер мен идиомалық тіркестердің аудармадағы көрінісін байқамай өте алмайды. Аударма теориясы үшін, оның ішінде фразеологизмдерді екінші тілде беру мәселесіне келгенде, әр кезде әртүрлі елдің әрқилы көркем туындыларының аудармасы жайында айтылған мұндай пікірлерді жинақтап, електен өткізудің мәні зор.

І.К.Кеңесбаев, М.К.Қаратаев, М.Б.Балақаев, Ғ.Ғ.Мұсабаевтардың зерттеулерінде осы мәселе тұрғысында біраз пайымдаулар жасалған. Қазақстанда аударма теориясын жасауға мейлінше зор еңбек сіңірген аудармашы ғалымдарымыз болды. Олар - С.О.Талжанов пен Ә.Сатыбалдиев. Аударма ғылымының теориясын жасауда бұлардан да басқа ғалымдардың үлесі мол. М.Жанғалин, Қ.Сағындықов, К.Шәріпов, I.Жарылғаповтардың ғылыми ой-пікірлері қазақ аударма ғылымының қалыптасып, дамуына едәуір ықпалын тигізді. И.Ландау, С.Қоспанов, Бектемісов, З.Тұрарбеков диссертациялық еңбектерінде де фразеологизмдерді аудару жайында аракідік айтылған пікірлер бар. Жеке жазушылардың тілі және стилі, олардың көркем шығармаларда қолданған бейнелеуіш құралдарына арналған диссертациялық жұмыстар және зерттеулер көп. Жазушы бейнелеуіш құрал есебінде қолданған фразеологизмдерді, мақал-мәтелдерді тексерген арнайы еңбектер де бар. Мұндай жұмыстарда аударма мәселесі арнайы сөз болмағанмен, көңіл тоқтатуды тілейтін біздің тақырыбымызға аз да болса қатысы бар ғылыми тұжырымдар кездеседі.

Тілші ғалымдардан бұл салада ой толғағандардың бірі - I. Кеңесбаевтың мына бір тұжырымын алдымен еске алған жөн. «Аудару техникасы, аударма тілі өз алдына айрықша сөз болуға, айрықша тексерілуге тиіс деп ойлаймыз».

Академик ғалым «Қазақ тілінің идиомдары туралы» деген зерттеуінде аудару техникасына да байланысты өз топшылауларын айтқан. Ол идиома, мақал, фразалардың өзара айырмашылықтарын талдайды да, оларды басқа тілдерге аударудың жолдарын қарастырады. Бұларды аударуға бола ма, болмай ма деген сұрақтарға жауапты ғалым мақал, фраза, идиомдардың өз қасиеттерінен түзейді. Әрбір жеке тілдің өзіне ғана тән және анағұрлым көнеленген идиомдар сияқты категорияларды «калька» ретімен алмасқа лаж жоқ дейді. Мақал, фраза, идиомдардың лексикалық өзгешеліктерін егжей-тегжейлі талдайды да, олардың сөзбе-сөз аударуға келмейтіндігін түйеді. Бірақ І. Кеңесбаев бұларды бір тілден екінші тілге мүлде беруге болмайды деп үзілді-кесілді пікір айтпайды. Оларды аударудың әртүрлі жолдарын «ізденіп мағына жағынан сәйкес келетін тізбектерді тауып, аударма тілін жұртқа түсінікті етуді қарастыруымыз керек», - деп түсінеді.

М.Балакаев, Е.Жанпейісов, М.Томанов, Б.Манасбаевтар «Қазақ тілінің стилистикасында» фразеологияның аудармасына арнайы тоқтаған. Мұнда авторлар мәселенің қиындығын айтып қарап отырмай, фразеологизмдерді аударудың әртүрлі жолдарын қарастырады. Үш түрлі тәсіл болуы ықтимал екенін дәлелдейді. Ол қандай тәсілдер:

Біріншіден, «фразеологазмдерді аударуда оның жалпы мағынасы беріледі».

Екіншіден, «фразеологизмдерді аударуда олардың өзара мәндес келетіндігі ескерілетінін» айтады. Тіл-тілдегі фразеологизмдердің өзара сәйкес, мәндес келуі, шынында да аударманың жатық, түсінікті болуына септігін тигізеді. Мұның аударма жұмысын едәуір жеңілдететіні сөзсіз.

Үшіншіден, «көптеген тұрақты сөз тіркестері бір тілден екінші бір тілге сөзбе-сөз аударылады». Бұл тұста авторлар тұрақты сөз тіркестерінің басқа түрінен идиомдарды бөліп алады. Мақал-мәтел, қанатты сөздердің сөзбе-сөз аударуға тезірек көнетінін мысалдармен көрсетеді.

Мұндағы аудармалар – әр тілдің фразеологиялық қорын байытатын көз. Осымен бірге сөзбе-сөз аударманың өрескел қатеге апарып соқтыратын сәтсіз мысалдарын да әртүрлі саяси көркем әдебиеттен алып көрсетеді.

Аудармашылар үшін тағы бір аса қажетті пікір мынау ма деп ойлаймыз. Аталған кітаптың авторлары фразеологизмдерді аударудың әлгіндей бірнеше тәсілдерін талдай отырып, аудару процесінде кетіп жататын қателердің сырына үңіледі. Мұндай жағдайда, әсіресе әр халықтың тілді қолдану дәстүрін мұқият ескере отыруы, әрбір тұрақты тіркестің шығу, жасалу төркінін зерттеп білу қажет екенін басты шарттың бірі есебінде ұсынады. Яғни, авторларша айтқанда, «фразеологизмдерді аударуда олардың мағынасын, қалыптасу жолын жақсы білу» қажет. Сөйтіп фразеологизмдерді аударудағы ең өнімді тәсіл сөзбе-сөз аударудың тиімді, тиімсіз жағы бар екен. Қазақ тілшілерінің фразеологизмдерді аудару жөніндегі пікірлері осыған саяды [20].

Жалпы Қазақстан бойынша аударма мәселелері жөнінде келелі ой толғап, кесек пікір айтқан ғалымдар көп емес. Осы деңгейден қарасақ, М.Қаратаевтың көркем аударма проблемаларына байланысты жазған сын-зерттеу мақалалары алдымен көзге түседі. Республикамызда көркем аударманың маңызын, мәнін, оның ерекшеліктерін жете түсініп, сауатты, салиқалы пікір айтушының бірі де М. Қаратаев. Аударманың әртүрлі мәселелеріне арналып жазылған еңбектерді түгел талдап жатпай-ақ, біз бұл жолы ғалымның тұрақты тіркестер төңірегінде айтқан ойларын қарастырамыз.

Проф. Қаратаев «Тынық Донның» қазақшаға аударылуы және көркем аударманың кейбір мәселелері» [21] деген мақаласында тіл проблемасының, соның ішінде «орыс тілінде де бар, бейтарап идиома деп аталатындардың қалай шешілгенін сөз етеді. Автор тұрақты тіркестер түрін талдап жатпайды. Термин қолдану жағынан ауытқитын жерлері де бар. Жалпы идиом атаулының екі түрін бөліп алып, солардың аударылғыштық қасиетін тексереді. Бейтарап идиомдар және «ұлттық өз бояуы, ерекшелігі бар идиомдар». Зерттеушінің пікірі бойынша, бұлардың алғашқыларын «дәлме-дәл, тіпті сөзбе-сөз дерліктей етіп аударуға мүмкіндік бар». Ал ұлттық ерекшелігі бар идиомдарды дәл бұлай аударуға болмайды. Сөзбе-сөз аударғанда түпнұсқа мағынасын беру мүмкін емес. Өз пікірлерін өзге ел ғалымдарының пікірлерімен тиянақтайды. Мәселен, әзірбайжан ғалымы Д.Азимовтың да осыны қолдайтынын айтады. Мұндай идиомдарды аударуға болмайтындықтан, олардың тек қана баламасын іздестіру қажет деп біледі.

Аударма кезінде ауыз әдебиетінің сөз орамдары да творчестволықпен пайдалануға болатыны әңгімеленеді.

Ал орыс тіліндегі идиомдарға сай балама қазақ тілінен табылмайтын жағдайда аударушьшар жаңа идиомдар мен мақалдар құрастыруға тырысқан. М. Қаратаев идиомдар проблемасын арнайы зерттемеген. Оны тек аударма проблемаларының бірі ретінде жол-жөнекей сөз етеді. Бұл түсінікті де. Аудармада жазушының көркем бейнелеуіш құралдары қозғалмай тұрмайды. Сол себептен идиома аударма талдамасының логикалық жалғасы ретінде аз ғана тексерілсе де, ойға азық тастайды. Сағындықов халықтар мақал-мәтелдерінің кейбірі неге біріне-бірі сай келеді деген мәселеге тереңдемейді. Осы мәселенің сырына аз да болса М. Қаратаев үңіліп, толғамды пайымдаулардың басын бастаған тәрізді. Ол: «Барлық халықтардың, соның ішінде орыс халқы мен қазақ халқының да ауыз әдебиетінде пікірлеу образдарына, суреттеудің поэтикалық құралдарына, халықтардың сан ғасырлар бойы тәжірибесін, даналығын бейнелейтін мақалдар мен мәтелдерде бәріне ортақ, ұқсас, туыс жәйттер көп», - дейді. Бұдан біздің байқайтынымыз М. Қаратаев идиомдарды мүлде аударылмайтын категорияға жатқызбайды. Оларды бір тілден екінші тілге аударуға әбден болатынын «Тынық Донның» қазақша аудармасын тексеру арқылы дәлелдейді. Және аударманың әрқилы тәсілдерін көрсетеді. Халықтардың тарихына тереңірек үңілсек, көптеген көрші елдің тіршілігі, болмысы, кәсібі ұқсас болғанын байқаймыз. Ұқсас тірлік, ортақ кәсіп әр тілде түрлі асыл ұғымдарды, нақыл сөздерді дүниеге келтірген. Бұдан халықтар ой-пікірінің тең, деңгейлес екенін, қай-қайсысының болса да тілге шешен, ойға жүйрік екенін білеміз. Олай болса, қай халық жасаған ұғым болмасын, оларды бірінен-біріне аударуға әбден болады.

Басқа тілдерге қарағанда, қазақ тілінде аударма мәселесінің зерттелу жайы онша мақтарлық емес. Ал оның жекелеген проблемаларына келгенде жағдай мүлде төмен. Мәселен, көркем әдебиеттегі тұрақты тіркестердің екінші тілде берілу жайы арнайы тексерілмеген сала. Басқа тілдерде аударма проблемаларын сала-салаға бөліп, жан-жақты терең талдаған. Әрине біз бұл салада арнайы еңбек жазып, өзінің күллі өмірін аударма теориясын жасауға арнағандардың ісін жоққа шығара алмаймыз. Алайда бірді-екілі еңбекпен ғылым жасалмайтыны да белгілі. Жоспарлы түрде жұмыла кірісіп, аударманың бар тармағын тарамдап талдағанда ғана ғылыми ой-пікірлер дамып, ғылыми айтыс туғанда ғана ғылым болмақ.

Қазақ тілінде де аударманың жеке салаларына арналған еңбектер бар. Солардың ішінен жазушы Мұзафар Әлімбаевтың «Өрнекті сөз — ортақ қазына» деп аталатын кітабы. Бұл кітап ақынның көптен ізденіп, жинақтап жүрген еңбегінің нәтижесі. Кітап мақал-мәтелдердің көркем құрал ретіндегі рөлі және оларды аударудың жолдарын қарастырады. Автор көптеп практикалық жұмыстармен де шұғылданған. Ол көптеген халықтың мақал-мәтелдерін аударып баспадан шығарған. Сөйтіп өзге ұлттың талай айшықты сөзін халқымыздың ортақ қазынасына айналдырған.



2.3 Фразеологизмдердің көркем шығармалардағы қызметі және оларды аударудың жолдары

Фразеологиялық единицалардың көркем әдебиетте қолданылу сапасын тұрақгы сөз тіркестерінің әр түрінің өз қасиеттерінен бөліп қарауға болмайды.

Жалпы сөз өзара қатынас құралы есебінде негізінен екі түрлі қызмет атқарады: номинативті (сөздің атаулы қасиеті) және коммуникативті функцияда жұмсалады. Яғни сөздер, сөз тіркестері атаулы күйде және қатынас құралы есебінде жұмсалады.

Коммуникативті қызмет атқаратын көбіне-көп сөйлемдер. Бұлар ойласу, бір нәрсе туралы біреуге хабар беру түріндегі тиянақты, түбірлі ойдың түйіскен түрі. Сөздердің бұлай өзгеруінде екі грамматикалық тірек (бастауыш пен баяңдауыш), екі логикалық тірек (субъект және предикат) бар. Дәл осы сияқты тұрақты сөз тіркестері де коммуникативтік қызмет атқарады. Бірақ фразеологиялық единицалардың ерекшелігі осы екі түрлі қасиетпен шектелмейді.

Көркем әдебиет үшін бұлардың ең қажетті белгілері мынадай бірнеше қосымша қызметіне байланысты. Фразеологиялық единицалар өзінің табиғатында сөйлеуімізді образды бейнелі-айшықты етуге бейім. Қысқа, нақты, тұжырымды сөйлеуге баулиды. Сөйлеуіміздің эмоциональды-экспрессивті бояуы күшті болады. Және айтылған пікір өмірдің көптеген құбылыстарынан қорытылып жинақталған сөз тәрізді даналық сипат алады. Осыған қоса сөзіміз терминологиялық дәлдікпен түсініледі. Сондай-ақ сөзімізді мағыналы, мәнді етуде фразеологизмдер көп жеңілдік жасайды.

Сөздің образды-бейнелі болуы дегенді қалай түсінеміз. Ауыспалы астарлы, метафоралы тіркестерді орнын тауып дәл қолдана білсе, сөйлеуіміз әдемі, әсерлі, образды болудың үстіне ұйқасты-ырғақты әуенге көшеді. Фразеологиялық единицалардың бәрі бірдей тілімізді дәл осындай әсерлі, бейнелі ете бермейді. Мұндай мәндегі тіркестер көбінесе метафоралы пішіндегі фразеологизмдер. Яғни құрамындағы бір, екі не барлық сөздері астарлы мағынада болып келетін тұрақты сөз тіркестері тілімізге бөлекше өң беріп, ажарландырып тұрады. Ал фразеологизмдердің ауыспалы, астарлы мағынасы болуы деген өмірдегі неше алуан заттар мен құбылыстарды және олардың өзара қатысы мен ерекшелікгерін соншама дәл, көпке түсінікті қарапайым формада, әрі әсем, көтеріңкі, көркем тілмен жеткізу деп түсіну қажет.

Метафоралы фразеологизмдер заттарды өзгеше құлпыртып, әсем жасандыратыны сондай, тіпті әлгі затгың өзін көрмей-ақ қолмен ұстап, көзбен көріп тұрғандай боласыз. Міне, сондықтан да мұңдай фразеологизмдерге жазушылардың қай-қайсысы болмасын мейлінше әуес.

Образды-мәнерлі тұрақты тіркестердің ішінде мақал-мәтелдердің қызметі өзгеше. Акад. Ф. И. Буславтың мақал мен мәтелді кішігірім көркем шығарма есебінде қарауы заңды. Шынында халық мақал-мәтелдері өмір шындығынан сығымдалып шыққан шағын шығарма.

Жазушылардың творчестволық ісінде метафоралы фразеологияның таптырмайтын тағы бір қасиеті – эмоциональды-экспрессивтік ажары.

Жіктеп, саралап, салалап айтар болсақ, фразеологиялық единицалардың көркем әдебиеттегі рөлі сан алуан.

Фразеологиялық орамдар жалпы барлық стильде қолданылады, бірақ әрқилы ыңғайда қызмет атқарады. Ғылым және ресми-іс стилінде, жалпы әдеби, стильаралық тұрақты тіркестер атау күйінде (номинативті қызметте) жұмсалса, көркем әдебиетте, публицистикада, сөйлеу тілімізде ең алдымен фразеологизмдердің экспрессивті-стилистикалық жағына аса зор мән беріледі. Әсіресе күнделікгі ауызекі сөйлеу тілінде, кітаби тілде мол кездесетін фразеологизмдердің мәнерлі мүмкіндіктері қатты ескеріледі. Жоғарыдағы мысалдарға қараңыз.

Көркем әдебиет пен публицистикада фразеологиялық орамдарды қолданудың бірнеше жолы бар. Жазушылар, публицистер фразеологизмдерді сол күйінде ғана алып қоймай, белгілі мақсатқа орай оларды өзгертіп, құлпыртып та жібереді. Фразеологизмдердің семантикасын, құрылысын және экспрессивті-стилистикалық қасиетін жақсартып, жаңғыртып отыратын да тұстары бар. Жаңадан мағыналық реңк алып, бірнеше көркемдік қасиетке ие болады. Сөздердің байланысу қабілеті молаяды. Өйткені кейбір ғалымдарымыздың айтуына қарағанда, жазушылардың фразеологиялық творчествосы бұрыннан бірігіп тұрақтанған сөздердің үйреншікті қалпын жасаңғыратуында болса керек.

Осы жаңарту, жаңғыртуда авторлық өрістер бірдей болмайды. Әркімнің творчестволық мүмкіндігі, білімі, шеберлігі әрқалай болуына орай фразеологизмдерге енгізілетін жаңа бояулар, жарқын ажарлар да алуан-алуан болып келмек.

Тұрақты сөз тіркестеріне жататын мақал-мәтелдер де, идиомдар да, қанатты сөздер де стилистикалық мақсатта қолданылады. Бұлар барлық жанрда көрінеді. Өте икемді, қысқа орамдар көркем шығармаға өзі тіленіп тұрады десе де болар еді. Мақал-мәтелдердің образдылық қуатын Н.В.Гогольдің мына бір сөзі айқын танытса керек: «В пословицах наших ... видна необыкновенная полнота народного ума, умевшего сделать все своим орудием: иронию, насмешку, наглядность, меткость, живописного изображения...».

Көркем әдебиетте мақал-мәтелдер кейіпкерлердің ішкі жан-дүниесін, психологиялық мінез-құлқын, сөйлеу мәнерін суреттеу үшін қолданылады.

Мақал-мәтелдердің, идиомдардың және фразеологиялық единицалардың басқа түрлерінің көркем әдебиеттегі бейнелеу, суреттеу құрал ретіндегі қызметінің алуан-алуан сипатын, қасиетін М.Горький шығармаларынан айқын көруге болады.

Халық тарихын және оның әлеуметтік-саяси ой пікірін білу үшін, ең алдымен ертегілерге, аңыз-әңгімелерге, мақал-мәтелдерге айрықша назар аудару қажеттігін айтады. «Шынында да мақал-мәтелдер халық бұқарасының ой-өрісін өте айқын көрсетеді, сондықтан да жас жазушылардың осы материалмен танысуы аса пайдалы». М.Горькийдің мақал-мәтелдерге құмар болуының басты себебін мына айтқан пікірінен анық ұқсақ керек: «Пословцы и песни всегда кратки, а ума и чувства вложено в них на целые книги».

Сөйтіп жазушы сөз бен ой толғауды ежелден машық еткен. Ол «пословица век не сломится» деген тәрізді мақалдарды еске ала отырып, тілдің табиғатында даналық өсиет айтуға бейім болғанын дәлелдейді. Өзінің жазушылық өнеріне осы халықтық нақыл сөздерді тірек етеді. Міне, сондықтан фразеологизмдер жайында, оның аударылу процесі хақында пікір болғанда М.Горькийдің пікірлерінің мәні ерекше.

Біз жазушылардың сөз қолдану қабілетін қарағанда жеке сөздердің, сөз тіркестерінің спецификалық ерекшеліктеріне қоса, жалпы халықтық тілдегі сөздердің семантикалық даму мүмкіндіктерін де анықтаймыз. Нағыз суреткер тілдің осындай айрықша қасиеттерін дәл танып, оларды шебер пайдаланады.

Ағылшын жазушыларының шығармаларындағы фразеологизмдердің қолданылуынан мынадай жағдайлар аңғарылады. Мұнда сөздердің фразеологиялық тіркесінің кеңеюі және олардың әрқилы өзгеріске түсуін көреміз. Мәселен, бұрын тіркеспеген, бір-бірімен байланысқа түспеген сөздерді жазушы алуан түрлі құбылту нәтижесінде қилы-қилы қызықты комбинация құрады. Мұндай жаңашылдықгың бәрі де әрине тілдің заңдылықтарына мүлде қайшы келмей, қайта сөздердің тіркесу қабілетіне сай фразеологиялық топтар негізінде жасалады. Сонда көптеген сөздер мен жаңа жасалған тұрақты тіркестердің семантикасын анықтап, олардың көркемдік ажарын мүмкіндігін толықтыра түседі.

Жазушының халықтан ала бөтен тілі жоқ, сонымен бірге оның шығармаларының тілі жалпы халықтық тілмен тепе-тең де бола алмайды. Фразеологизмдер жалпы халықтық тілдің шұрайлы бір элементі, тобы, яғни бұларды да сол халықтық тілмен тығыз байланыста қарау керек. Сонымен бірге олардың өзгешелігін де айыра білген дұрыс. Бұларды белгілі бір көркем туындыда қолданудың реті біркелкі емес. Ол біріншіден, автордың талғамына, екіншіден, шығарманың мазмұн-мақсатына, үшіншіден, жанрына байланысты. Жазушы сол шығармасында айтпақ ойын, оқырманға білдірмек мақсатын жалпы халықтық тіл мен әдеби тілдің бай материалын барынша мол пайдалана отырып баяндайды және ол ойды қалай болса, солай емес, мейлінше түсінікті, шебер жеткізуге тырысады. Ал жазушы тілін түсінікті, әсерлі, дәмді ететін бейнелеу құралдарының бірі – фразеологазмдер, мақал-мәтелдер, идиомдар. Бұларды қолдануда жазушылардың әрқайсысы әрқилы тәсілдерге барады.

Ч.Диккенс «Оливер Твист» романында фразеологизмдерді өте көп қолданған. Мысалы: the run of one’s teeth – 1) тегін тамақ, тегін тамақтандыру; демеу, көмек. 2) ауыспалы мағынасы – дамымау, дамуды тоқтату; құлдырау; ызғындау. a run of luck (немесе of good luck) – бақытты шақ, бақытты кезең, жолы болғыштық, үнемі жолы болу. the kid (немесе the kinchin) lay жарг. – көшеде баланың ақшасын ұрлау. set one’s heart (немесе mind] on (немесе upon) something [немесе set one’s mind to something) – бірдеңеге ұмтылу; бірдеңені қалау; бірдеңені қатты тілеу. What’s the row? – 1) бұл қандай шу? Неліктен бұндай шу? Андағы қандай шу? 2) не болып жатыр? Не болды? Қандай жағдай жүз берді? Қандай жағдай болды? Қандай оқиға болды?

Ч.Диккенстің «Оливер Твист» романындағы фразеологизмдерді аудару мәселесіне келетін болсақ, бұл мақсатта түрлі әдіс-тәсілдер қолданылған. Ч.Диккенстің «Оливер Твист» романындағы фразеологизмдерді аудару барысында біріншіден, фразеологизмдердің жалпы мағынасы берілген.

Екіншіден, фразеологизмдерді аударуда олардың қазақ тіліндегі фразеологизмдермен мәндес келетіндігі ескерілген.

Үшіншіден, көптеген фразеологизмдер сөзбе-сөз аударылған.

Фразеологизмдердің грамматикалық, стилистикалық және функционалдық өзгешелігі бар.

Ч.Диккенс пайдаланған фразеологизмдердің өзіндік ерекшеліктері бар. Фразеологизмдер көркем әдебиетте қашан да белгілі бір сөйлем ішінде беріледі. Олай болса бұларды сөйлеммен байланысты тексерген дұрыс. Кейде бұлар өзара синоним болып та жұмсалады. Бірақ мұның сыры әдеттегі синонимдерден басқаша. Фразеологияның грамматикалық ерекшелігі дегенде осы қасиетін, яғни сөйлемде белгілі бір грамматикалық формада, белгілі бір сөз табын тілейтінін айтамыз. Сөйтіп ол грамматикамен әсіресе морфологиямен байланысты. Ал лексикологиямен байланысты болатын себебі, онда лексикалық сөздердің болатындығынан. Фразеологизмдер белгілі бір сөйлем мүшелері ретінде көрінетіндіктен синтаксиспен де тығыз байланыста.

Фразеологиялық тіркестердің грамматикалық заңдылықтары олардың стилистикалық қызметін де танытады. Яғни бұл синтаксистік стилистика элементі. Бұдан біз фразеологазмдердің белгілі бір грамматикалық формаға түсіп, қажетті стилистикалық қызмет атқаратынын көреміз. Сөйлем біздің қатынас құралымыз – тілдің ерекше единицасы. Егер сол сөйлемдегі кейбір сөздің, не жай тіркестің бірінің орнына фразеологиялық тіркесті қолдансақ, сөзіміз басқаша стилистикалық өң-ажарға ие болатынын байқаймыз. Әлгі сөйлеміміз бұрынғыдан гөрі экспрессивті-эмоциональды кейіпке түседі, басқаша айтқаңда, әсерлі әсем болмақ. Бұлар сөйлемнің басқа мүшелерімен байланысқа түскенде әрқилы мінез танытады. Егер бастауыш рөлінде тұрса, сол бастапқы дербес күйі сақталады, ал сөйлемнің басқа мүшелерінің бірінде тұрса әбден кірігіп кетеді. Сөйтіп олардың грамматикалық байланыстары әртүрлі.

Ч.Диккенс шығармаларынан байқалатыны, ондағы фразеологизмдердің бәрі дерлік әрқилы қызметте жұмсалатыны. Яғни олар барлық грамматакалық, синтаксистік стилистикалық қызметте жұмсала береді.

Ч.Диккенс өмір шындығын, қоғамдық құбылысты, болмыстың неше алуан фактілерін көркем суреттеу үшін фразеологизмдерді жиі қолданған.

Ч.Диккенс фразеологизмдерді творчестволықпен қолдана білген. Ол баяндалатын құбылыстың ыңғайына орай фразеологизмдерді әрқилы қызметке жегеді. Құрылысы, формасы өзгеруі де, өзгермеуі де мүмкін. Ол автордың творчестволық мақсатына байланысты.

Ч.Диккенс шығармаларында фразеологизмдерді қолдануда әртүрлі тәсілдерге барған. Фразеологизмдердің сипатын, құрылысын, мәнін анықтау аударма теориясының кейбір мәселелерін шешуді жеңілдетеді. Бұларды айқындап алмай олардың аудармасын сөз ету мүмкін емес. Өйткені автордың өзіне ғана тән стилін осы тектес құбылыстар танытады. Біз мұны анықтау арқылы жазушы стилінің сипатын және әдеби тілге қатысының қаншалықгы екенін қадағалаймыз. Бұл аударма үшін, аудармашы зерттеуші үшін қажет.

Күрделі тіркестер – идиомдарды, фразеологиялық топтарды былай қойғанда, жеке сөздердің өзін де екінші тілде беру процесі оңайға түспейді.

Өйткені қайсыбір тілді алсаңыз да, оның әрқайсысының өзге тілге сай келе бермейтін толып жаткан ерекшеліктері бар. Туыстығы басқа тілдердің бірінен-біріне аудару процесі оңайға соқпайды.

Әлгі қиындықтар осы тектес ерекшеліктерге де байланысты. Қазіргі реалистік аударма теориясы түпнұсқаның осы типтес өзгешеліктерін толық жеткізуді талап етеді. Шығарманың тек мазмұнын қанағат тұтып отыратын кез де болған. Енді мазмұн мен идеяға қоса шығарманың сан қилы тілдік құбылыстарын, автордың стилін жеткізу – өмірдің өзі туғызған заңды талап. Яғни белгілі бір шығарма түпнұсқада қандай болса, аударма тілде де үлкенді-кішілі бар қасиетімен түгел жеткізілуі тиіс. Ғалымдардың, тәжірибелі аудармашылардың пікірінше, идиомдар мен фразалық топтар аударманың ең қиын саласы екені анық. Бұл фразеологизмдер мен мақал-мәтелдердің өзіндік қасиеттерінен туатын қиындықтар. Және фразалық топтардың әр тілде өзінше тұрақтанған, сол тіл аясына ғана сыйымды тұтас мағынасы болатынын жоғарыда жеке-дара тексеріп қараған болатынбыз.

Әдетте идиомдар барынша қысқа боп келеді де барлық компоненттері жиылып бір-ақ мағына білдіреді. Ал компоненттерін жеке-жеке алып қарасаңыз, өзінің бастапқы лексикалық мағынасынан айырылып, дерексізденіп кеткенін байқамыз. Бұл көптеген жыл жемісі болса керек.

Фразалық топтар да идиомдар тәрізді қысқа, нақты, тұжырымды боп келеді. Компонентгерінің негізгі орны тұрақты. Бірақ мұның компоненттері бастапқы, негізгі мағынасынан айырылмай-ақ бір тиянақты ойды бейнелеп, тұспалдап жеткізіп тұрады. Идиомдардан айырмашылығы осы қасиетінде. Бұларды аудару кезінде туатын қиындықтар осындай қасиеттеріне байланысты. Бәлкім, осы қасиеттерінің кесірінен болар идиомаларды тек сол халықтың мүлкі деп қарап, оны өзге тілге аударуға мүлде болмайды деген ұғымның соңғы уақытқа дейін белең алып келуі. Ондағы айтылатыны идиом құрамындағы сөздерді жеке-жеке аударғанда мағынасыз бір бөлдір-батпақ боп шыға келеді деу. Осылай қараған да дұрыс. Бірақ, олар әлгі идиом компоненттерін сол тілдің өзіңде жеке-жеке алып қарағанда да ешбір мағына бермейтінін ескермейтін. Сондықтан бұл жерде идиомдардың компоненттерін жеке-дара бөліп қарамай, солардың бәрі жиылып беретін мағынасын ғана екінші тілден іздестіруіміз қажет. Сонда біз әлгідей ел мен елдің, халық пен халықтың арасына қорған орнатып, шек қоймайтын боламыз. Сайып келгенде, бір халықтың тілінде жазылған, айтылған ой мен мазмұнды және оның қалай айтылуын екінші тілде әбден беруге болады. Өйткені ұлт пен ұлттың зат, әлем тұрғысындағы түсінігінде жоғары, төмендік жоқ, бәрінің ойлау жүйесі бірдей.

Міне, сондықтан аудармашы-ғалымдар, жазушылар автордың қандай бір ерекшелігі болмасын, стилін сақтап аудару керек деп тұжырады. Идиома, фразаларды аудару дегенімізді автордың стилін беруге жол деп қарауымыздың себебі осыдан.

Идиомдарды аудару жайында түрлі-түрлі пікір тараған. Бірі аударуға болады десе, екіншісі, керісінше, аударуға болмайды дейді. Мұндай кереғар пікірлердің туу себебі мынада. Біріншіден, идиомдардың жоғарыда ескертілген ерекшеліктеріне байланысты. Екіншіден, идиом сөздердің аударылу тәжірибесін қорытып зерттеген нақты еңбектің күні бүгінге дейін болмауында. Үшіншіден, бұл мәселе жайында пәлендей бір ереже жасау қиын-ақ. Сондықтан әрбір нақты іс, тәжірибе үстінде аудармашы өзінің білімі, таланты, шеберлігінің шама-шарқына орай бұл мәселені өзінше шешуі тиіс. Оның негізгі сүйенетін тірегі автордың стилі болу керек.

Идиом мен фразалық топтарды, мақал-мәтелдерді аударудың біздіңше, бірнеше жолы бар сияқты.

Екіншіден, аударылатын тілден сол мақал-мәтелдер мен фразеологизмдердің эквивалентін іздеу қажет. Ондай эквиваленттер көптеп табылады.

Халықтардың тіршілік ету формасы, тұрмыс жайы ұқсас келе береді. Соған орай әрбір ұлттың өмір тәжірибесін тұжырып, нақтылап, ұйқастыра айту қабілеті байқалады. Әлгі айтылған сөздің объектісі бір болуына байланысты ұқсас фразеологиялық орам жасалады.

Мақал-мәтелдерді аудару керек пе немесе эквивалентін табу керек пе деген мәселе айналасында да талай пікір тараған. Жоғарыда ескерткеніміздей, кейбір әдебиетші ғалымдар егер фразеологазмдерді аударсақ түпнұсқадағы мағына мүлде жоғалады, бастапқы әсерден жұрдай болады дегенді айтады. Ал басқа зерттеушілер, әсіресе К.Чуковский барлық жерде бірдей мақал-мәтелдердің ана тіліңдегі баламасын іздей бермей, қайта мүмкіндігінше аударуға тырысу керек дейді... «ибо народные пословицы тем-то дороги, что в них самобытная живопись. Национальные приемы мышления».

Бірақ қайсыбір тілді алсаңыз да, өзінше бейнелеу әдісі, сол образды тек өзіне ғана тән белгісімен әсемдеп, әсерлеп беру жүйесі болады. Мұндай ерекше белгілер фразеологизмдер мен мақал-мәтелден айқын көрінеді. Сондықтан ондай құбылыстарды қарадүрсін аудара салу білімсіздік болар еді.

Сонымен фразеологизмдерді, мақал-мәтелдерді аударудың тәсілдерін мынадай үш топқа жинақтап айтуға болады. Біріншіден, мақал-мәтел құрамындағы сөздердің заттық мағынасын түгел беріп, дәл аударуға болады. Екіншіден, кейбір сөздердің заттық мағынасын өзгертіңкіреп аудару керек. Үшіншіден, аударылатын тілдегі фразеологизмдер, мақал-мәтелдерді пайдалану қажет. Макал-мәтелдерді аударудың осы типтес қағидасы орыс тілінде қалыптаса бастаған. Біз ұлттық ажары айқын аңғарылып тұратын фразеологазмдерді мұндай формулаларға салмаймыз. Бұлардың жөні бөлектеу.

Көркем әдебиетте жалпы халықтық тіл барлық грамматикалық айшықтарымен, сөздік құрамының күллі байлығымен жазушының шеберханасына түседі де, шындықты суреттеудің құралы есебінде пайдаланылады. Жазушы дәл осы жалпы халықтық тіл арқылы әдеби кейіпкерлер мен мінез-құлықтарды сомдап соғады. Кейіпкер бейнесін дараландырып, типтендіріп, диалог жасаудың түрлі әдіс-тәсілдерін құрады. Шығарманың тақырыбы мен идеясын айқындайды, жазушы стилін тұрақтандырады. «Оливер Твист» аудармасы дегенде ең алдымен айтарымыз бұл шығарма тәжірибелі аудармашының қолына тиген. Қайсыбір аудармашыларды қарағаныңызда, аудармашының кейбірінің түпнұсқа тілін немесе аударма тілін жете білмейтіндігі көрініп тұрады. Тілді аудара білу үлкен шеберлік. Ал енді сол тілді түпнұсқаның ыңғайына қарай бейімдеп, өзге тілде өрнектелген сом бейнелердің сан алуан сөз түйдектерін жасауын, сөйлеу мәнерін, түпнұсқаның шеңберінен шығып кетпей, екінші тілде беру және сол аударылғалы отырған тілдің ішкі заңдылықтарын бұзбай беру бұдан да асқан шеберлікті тілейді. Аудармашы аударма өнерінің осындай қиын да қызықты принциптеріне ыждағатпен қараған.

Бұл шығармада фразеологизмдерді, мақал-мәтелдерді қолданатын кейіпкердің бірі Оливер. Ол өзі өмір сүрген ортаның бар тірлігіне белсене араласып, өз пікірін қаймықпай айтатын адам. Оның сөздері бейнелі, бедерлі.

Белгілі бір халықтың ғасырлар бойғы әдет-ғұрып, салт-санасы, күнделікті тұрмысына байланысты қалыптасқан ұғымдары болады. Соған орай түрлі мақал-мәтелдер, фразеологизмдер, нақыл сөздер жасалады. Яғни, керісінше, әлгі мақал-мәтелдер белгілі бір халықтың, белгілі бір дәуірдегі тіршілік-тынысынан хабар беретін тарихи факторлар.

Аудармада мұндай факторларға мән бермеуге болмайды. «Оливер Твисттегі» фразеологизмдердің біразын қазақ тұрмысына байланысты туған мақал-мәтелдерімен аудару ұшырасады. Көп жағдайда бұл тәсіл оқушыны түпнұсқадан аулақтататын тәсіл.

Мақал-мәтелдерді, фразеологизмдерді аударуға болатынын көрдік. Оның бірнеше жолы бар. Әрине, мұның бәрі аударма сияқты азабы мен қызығы мол істе дөп келе бермеуі мүмкін. Қалай дегенде де аудармада түпнұсқадағы кестелі сөздерді келісімді етіп беруге әбден болады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет