"Мәдениет туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы



жүктеу 153.09 Kb.
Дата30.04.2019
өлшемі153.09 Kb.

"Мәдениет туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы

Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 27 мамырдағы № 280-IV Заңы


"Егемен Қазақстан" 2010 жылғы 3 маусымдағы № 216 (26062); "Казахстанская правда" от 03.06.2010 г., № 137 (26198)


      1-бап. "Мәдениет туралы" 2006 жылғы 15 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2006 ж., № 24, 147-құжат; 2008 ж., № 23, 124-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат) мынадай өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлсiн:
      1) 1-бапта:
      1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      "1) басылымның мiндеттi тегiн данасы — басып шығарушылардың Қазақстан халқының мәдени мұрасын сақтау мақсатында ұлттық кiтапханаларға беруiне жататын, редакциялық-баспа өңдеуiнен өткен, шығарылым деректерi бар басылымның (мәтiндiк, ноталық, электрондық, картографиялық, бейнелеу басылымының) данасы;";
      мынадай мазмұндағы 1-1), 1-2) және 1-3) тармақшалармен толықтырылсын:
      "1-1) кинематографиялық ұйым — қызметiнiң негiзгi түрлерi фильм және (немесе) киношежiре шығару, фильмдi прокаттау, фильмдi корсету, фильмдi қалпына келтiру, кинозалға техникалық қызмет көрсету, киноматериалдарды дайындау, фильм шығару жөнiндегi жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету, кинематография саласындағы бiлiм беру, ғылыми-зерттеу, баспа, жарнамалық-насихаттау қызметi, фильмдi, фильмнiң және (немесе) киношежiренiң бастапқы материалдарын сақтау болып табылатын заңды тұлға;
      1-2) киношежiре — уақытын, орынның, мән-жайдың өзiндiк (көбiнесе өткен шақтағы) ерекшелiктерiн сипаттайтын және келешекте фильм шығаруға арналған деректi сюжеттердiң түсiрiлiмдерi;
      1-3) көркем құндылықтар — шығармашылық қызмет нәтижесiнде жасалған мәдениет, әдебиет және өнер туындылары;";
      2) тармақша "мәдениет" деген сөзден кейiн ", әдебиет" деген сөзбен толықтырылсын;
      11) тармақшадағы "мәдениет" деген сөз "мемлекеттiк мәдениет" деген сөздермен ауыстырылсын;
      мынадай мазмұндағы 16-1), 16-2), 16-3), 16-4), 16-5) және 16-6) тармақшалармен толықтырылсын:
      "16-1) Фильм — шығармашылық ниеттiң негiзiнде кез келген нысанда және әртүрлi жанрда жасалған, кинотаспаға, магниттiк таспаға немесе жеткiзгiштердiң өзге де түрлерiне жазылған және өзара реттiлiкпен байланысқан кадрларды бiртұтас тақырыпқа бiрiктiрген бейнеден, дыбыстық сүйемелдеуден тұратын және тиiстi техникалық құралдардың көмегiмен естiп-көруге арналған дыбыстау-бейнелеу туындысы;
      16-2) Фильмдердiң мемлекеттiк қоры — Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын, ұлттық фильмдердi, бiрлесiп түсiрiлген фильмдердi, сондай-ақ олардың бастапқы материалдарын сақтауды жүзеге асыратын заңды тұлға;
      16-3) Фильмдердiң мемлекеттiк тiзiлiмi — прокатталуы және көпшiлiкке көрсетiлуi (демонстрациялануы) Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асырылатын фильмдердiң тiзбесi;
      16-4) фильмдi прокаттау — көпшiлiкке көрсету (демонстрациялау), телевизия эфирiнде (кәбiлдiк телевизияны қоспағанда) трансляциялау, жалға беру, сондай-ақ өткiзу мақсатында Қазақстан Республикасының заңдарымен тыйым салынбаған тәсiлмен фильмдi тарату;
      16-5) фильмнiң таралымын көбейту — тарату мақсатында жеткiзгiштiң кез келген түрiнде және түпнұсқа форматында фильмнiң бiр немесе одан көп көшiрмесiн (таралымын) дайындау;
      16-6) фильм шығару — нәтижесiнде дыбыстау-бейнелеу туындысы жасалатын автордың шығармашылық ниетiн iске асыру үдерiсi;";

      2) 3-бапта:


      1) және 2) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
      "1) мәдениеттi мемлекеттiк қолдау. Қазақстан халқының мәдени мұрасын сақтау және дамыту;
      2) Қазақстан Республикасы азаматтарының мәдениет саласындағы құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету;";
      3), 7) және 8) тармақшалар алып тасталсын;
      9) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      "9) мәдени қызмет субъектiлерi арасында бәсекелес ортаны қалыптастыру;";
      мынадай мазмұндағы 10) тармақшамен толықтырылсын:
      "10) Қазақстан халқы мәдениетiнiң әлемдiк мәдени кеңiстiкке кiрiгуiн қамтамасыз ету болып табылады.";

      3) 4-баптың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:


      "3) ұлттық және әлемдiк мәдениет құндылықтарына баулу арқылы азаматтарды отаншылдыққа және эстетикалық тәрбиелеуге жағдайлар жасау;";

      4) 6-бапта:


      11) тармақша "жекелеген" деген сөзден кейiн "кәсiби" деген сөзбен толықтырылсын;
      мынадай мазмұндағы 13), 14) және 15) тармақшалармен толықтырылсын:
      "13) мәдениет ұйымдары желiсiнiң ең төменгi мемлекеттiк нормативтерiн және облыстық, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандық, облыстық маңызы бар қалалардың, селолық деңгейлердегi мемлекеттiк мәдениет ұйымдарының үлгiлiк штаттарын бекiтедi;
      14) фильмге прокаттау куәлiгiн беру тәртiбiн бекiтедi;
      15) Қазақстан Республикасының Конституциясында, заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiнде көзделген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.";

      5) 7-бапта:


      3) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      "3) өз құзыретi шегiнде мәдениет мәселелерi жөнiндегi нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлейдi, бекiтедi;";
      мынадай мазмұндағы 9-1) тармақшамен толықтырылсын:
      "9-1) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк сатып алу туралы заңнамасында белгiленген тәртiппен әдебиеттi республикалық деңгейде басып шығаруды, сондай-ақ ұлттық фильмдер жасауды қалыптастырады, орналастырады және бақылайды;";
      мынадай мазмұндағы 10-1) тармақшамен толықтырылсын:
      "10-1) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен шығармашылық ұжымдарды Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапаттау туралы ұсыныстар енгiзедi;";
      12) тармақша "конкурстар" деген сөзден кейiн "мен фестивальдер" деген сөздермен толықтырылсын;
      мынадай мазмұндағы 12-1) тармақшамен толықтырылсын:
      "12-1) республикалық конкурстар мен фестивальдердi өткiзудiң үлгiлiк ережелерiн әзiрлейдi және бекiтедi;";
      16) тармақшадағы "ұйымдары қызметкерлерiн" деген сөздер "ұйымдарын" деген сөзбен ауыстырылсын;
      мынадай мазмұндағы 31), 32), 33), 34), 35) және 36) тармақшалармен толықтырылсын:
      "31) Фильмдердiң мемлекеттiк тiзiлiмiн жүргiзедi;
      32) фильмдерге прокаттау куәлiктерiн бередi және оларды сот тәртiбiмен керi қайтарып алады;
      33) республикалық мемлекеттiк мәдениет ұйымдары басшыларының, сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары басшыларының мемлекеттiк мәдениет ұйымдары мен жекелеген кәсiби көркем, шығармашылық ұжымдарға "Академиялық" мәртебе беру туралы ұсыныстарын қарайды және Қазақстан Республикасының Үкiметiне мемлекеттiк мәдениет ұйымдары мен жекелеген кәсiби көркем, шығармашылық ұжымдарға "Академиялық" мәртебе беру туралы ұсыныстар енгiзедi;
      34) Қазақстан Республикасының Үкiметiне мемлекеттiк мәдениет ұйымдары мен жекелеген кәсiби көркем, шығармашылық ұжымдарға "Ұлттық" мәртебе беру туралы ұсыныстар енгiзедi;
      35) фильмнiң индексiн айқындау критерийлерiн әзiрлейдi және бекiтедi;
      36) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасының Президентi мен Үкiметiнiң актiлерiнде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.";

      6) 8-бапта:


      тақырыптағы, бiрiншi абзацтағы, 2), 3), 5), 9) және 11) тармақшалардағы "(республикалық маңызы бар қаланың, астананың)" деген сөздер ", республикалық маңызы бар қаланың және астананың" деген сөздермен ауыстырылсын;
      3) тармақша "қолдайды" деген сөзден кейiн "және үйлестiредi" деген сөздермен толықтырылсын;
      мынадай мазмұндағы 4-1) тармақшамен толықтырылсын:
      "4-1) уәкiлеттi органмен келiсiм бойынша шығармашылық қызметтiң түрлi салаларында республикалық конкурстар мен фестивальдер өткiзудi ұйымдастыруға құқылы;";
      7) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      "7) тиiстi аумақта орналасқан мәдениет ұйымдарының қызметiне мониторингтi жүзеге асырады және уәкiлеттi органға ақпарат, сондай-ақ белгiленген нысанда статистикалық есептер бередi;";
      8) тармақшадағы "облыстық (республикалық маңызы бар қалалық, астаналық) деңгейде" деген сөздер "облыстық, республикалық маңызы бар қалалық және астаналық деңгейде" деген сөздермен ауыстырылсын;
      9) тармақшадағы "ұйымдарының қызметкерлерiн" деген сөздер "ұйымдарын" деген сөзбен ауыстырылсын;
      мынадай мазмұндағы 10-1) тармақшамен толықтырылсын:
      "10-1) уәкiлеттi органмен келiсе отырып облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың мәдениет басқармасының басшысын тағайындайды;";
      мынадай мазмұндағы 14) тармақшамен толықтырылсын:
      "14) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мемлекеттiк кiтапханаларының бiрiне "Орталық" мәртебесiн бередi.";

      7) 9-бапта:


      тақырыптағы, бiрiншi абзацтағы, 1), 3), 5) және 7) тармақшалардағы "(облыстық маңызы бар қаланың)" деген сөздер ", облыстық маңызы бар қаланың" деген сөздермен ауыстырылсын;
      4) тармақша алып тасталсын;
      5) тармақшадағы "ұйымдары қызметкерлерiн" деген сөздер "ұйымдарын" деген сөзбен ауыстырылсын;
      мынадай мазмұндағы 9) тармақшамен толықтырылсын:
      "9) ауданның, облыстық маңызы бар қаланың мемлекеттiк кiтапханаларының бiрiне "Орталық" мәртебесiн бередi.";

      8) 10-баптың 1-тармағының орыс тiлiндегi мәтiнiне түзету енгiзiлдi, қазақ тiлiндегi мәтiн өзгермейдi;

      9) 11-баптың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      "3) қазақ халқы мен этностық топтардың ұлттық мәдениетiн әдет-ғұрыптарын, салт-дәстүрлерiн, мемлекеттiк тiлдi және басқа да тiлдердi құрметтеуге мiндеттi.";

      10) 16-бапта:


      3-тармақтағы ", қызметiн Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында жүзеге асыратын" деген сөздер алып тасталсын;
      5-тармақтағы "(республикалық маңызы бар қала, астана)" деген сөздер ", республикалық маңызы бар қала және астана" деген сөздермен ауыстырылсын;
      мынадай мазмұндағы 5-1-тармақпен толықтырылсын:
      "5-1. Республикалық шығармашылық одақтар мәдениет саласындағы мемлекеттiк және салалық (секторлық) даму бағдарламаларын әзiрлеуге тартылуы мүмкiн.
      Өңiрлiк және жергiлiктi шығармашылық одақтар мәдениет саласындағы өңiрлiк даму бағдарламаларын әзiрлеуге тартылуы мүмкiн.";

      11) мынадай мазмұндағы 20-1-баппен толықтырылсын:


      "20-1 бап. Мемлекеттiк мәдениет ұйымдарын аттестаттау

      1. Мемлекеттiк мәдениет ұйымдарын аттестаттау олардың негiзгi қызметiнiң тиiмдiлiгiн бағалау және материалдық, еңбек және қаржы көздерiн ұтымды пайдалану, осы негiзде олардың желiлерi мен құрылымдарын ретке келтiру үшiн жүргiзiледi.


      2. Барлық мемлекеттiк мәдениет ұйымдары бес жылда бiр рет аттестаттауға жатады.
      3. Мемлекеттiк мәдениет ұйымдарын аттестаттауды уәкiлеттi орган және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергiлiктi атқарушы органдары Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен жүргiзедi.";

      12) 21-бапта:


      1-тармақта:
      бiрiншi бөлiк "жекелеген" деген сөзден кейiн "кәсiби" деген сөзбен толықтырылсын;
      екiншi бөлiк мынадай редакцияда жазылсын:
      "Ұлттық" мәртебенi Қазақстан Республикасының Президентi бекiткен тәртiппен Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi бередi.";
      2-тармақтағы "Қазақстан Республикасы Үкiметi бекiткен тәртiппен "Академиялық" мәртебе берiледi" деген сөздер "Қазақстан Республикасының Үкiметi "Академиялық" мәртебе бередi" деген сөздермен ауыстырылсын;
      мынадай мазмұндағы 2-1-тармақпен толықтырылсын:
      "2-1. Тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктiң жергiлiктi атқарушы органдары құжаттардың әмбебап жинақтарын қалыптастыруды, сақтауды және кiтапхана пайдаланушыларға берудi жүргiзетiн, кiтапхана ресурстарын өзара пайдалануды ұйымдастыруды жүзеге асыратын және басқа кiтапханаларға әдiстемелiк көмек көрсететiн облыстық, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, қалалық және аудандық, облыстық маңызы бар қаланың кiтапханаларына уәкiлеттi орган бекiткен тәртiппен "Орталық" мәртебесiн бередi.";

      13) 23-баптың 4-тармағындағы "Үкiметi белгiлеген" деген сөздер "бюджет заңнамасында белгiленген" деген сөздермен ауыстырылсын;

      14) 24-бапта:
      2-тармақта:
      "мекеме" деген сөз "мәдениет ұйымы" деген сөздермен ауыстырылсын;
      орыс тiлiндегi мәтiнге түзету енгiзiлдi, қазақ тiлiндегi мәтiн өзгермейдi;
      мынадай мазмұндағы екiншi бөлiкпен толықтырылсын:
      "Қоры тек қана электронды жеткiзгiштердегi құжаттардан тұратын кiтапхана (электронды кiтапхана) пайдаланушылармен жанама түрдегi (қашықтықта) немесе толық емес жанама түрдегi өзара iс-қимыл кезiнде ақпараттық және телекоммуникациялық құралдарды қолдана отырып қызмет көрсетудi жүзеге асырады.";
      мынадай мазмұндағы 2-1 және 2-2-тармақтармен толықтырылсын:
      "2-1. Кiтапханалардың кiтапхана қорын қалыптастыру сатып алу, кiтап алмасу және сыйға тарту жолымен жүзеге асырылады.
      Ұлттық кiтапханалардың кiтапхана қоры басылымның мiндеттi тегiн данасын алу жолымен де қалыптастырылады.
      2-2. Басылымдардың мiндеттi тегiн даналарын дайындалған күнiнен бастап күнтiзбелiк отыз күн iшiнде басып шығарушы немесе оның тапсырмасы бойынша үшiншi тұлға Қазақстан Республикасының ұлттық кiтапханаларына жiбередi.";
      3-тармақ "әмбебап," деген сөзден кейiн "салалық, салааралық," деген сөздермен толықтырылсын;
      4-тармақта:
      бiрiншi бөлiктегi "мемлекеттiк кiтапхананың иелiгiнде қалуы мүмкiн" деген сөздер "Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес пайдаланылады" деген сөздермен ауыстырылсын;
      үшiншi бөлiк алып тасталсын;
      мынадай мазмұндағы төртiншi бөлiкпен толықтырылсын:
      "Кiтапханалар сирек және құнды басылымдарды беру кезiнде салынған кепiл сомасын, кiтапхана қорына пайдаланушылар келтiрген залал өтемақысының түрлерi мен мөлшерiн белгiлеуге құқылы.
      Мемлекеттiк кiтапханалар кiтапхана қорына келтiрiлген залал үшiн алынған өтемақы сомаларын тиiстi бюджетке аударады.";
      5-тармақ "кiтапхана қорларын" деген сөздерден кейiн "қалыптастырумен," деген сөзбен толықтырылсын;

      15) 25-бапта:


      2-тармақтың екiншi бөлiгi алып тасталсын;
      4-тармақта:
      бiрiншi бөлiктегi "мемлекеттiк мұражайлардың және мұражай-қорықтардың иелiгiнде қалуы мүмкiн" деген сөздер "Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес пайдаланылады" деген сөздермен ауыстырылсын;
      үшiншi бөлiк алып тасталсын;
      6-тармақтағы "Үкiметi белгiлеген" деген сөздер "бюджет заңнамасында белгiленген" деген сөздермен ауыстырылсын;

      16) 28-бап:


      "1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "1. Кинематография - фильмдi жасауға, сақтауға, прокаттауға және көрсетуге бағытталған шығармашылық, ғылыми, өндiрiстiк, бiлiм беру қызметi түрлерiн бiрiктiретiн мәдениет саласы.";
      2-тармақта:
      бiрiншi абзац және 1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      "2. Кинематографиядағы мемлекеттiк саясаттың басымдықтары:
      1) киношежiре мен ұлттық, оның iшiнде балалар мен жасөспiрiмдерге арналған фильмдер жасау;";
      2) тармақшадағы "сақтауға және дамытуға" деген сөздер - "сақтау және дамыту" деген сөздермен; 3) тармақшадағы "фильмдер өндiрiсiне, таралымына және прокатына басым жағдайлар жасауға" деген сездер - "фильмдердi шығаруға, олардың таралымын көбейтуге және прокаттауға басым жағдайлар жасау" деген сөздермен; 4) тармақшадағы "өткiзуге" деген сөз - "өткiзу" деген сөзбен; 5) тармақшадағы "қатысуға және өкiлдiк етуге бағытталған" деген сөздер "қатысу және өкiлдiк ету болып табылады" деген сөздермен ауыстырылсын;
      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "3. Қазақстан Республикасындағы кино өндiрiсiнiң негiзiн кинематографиялық ұйымдар құрайды.";

      17) мынадай мазмұндағы 28-1, 28-2, 28-3, 28-4, 28-5 және 28-6-баптармен толықтырылсын:


      "28-1-бап. Ұлттық фильм

      1. Фильм мынадай негiздердiң жиынтығына сәйкес келсе:


      1) егер фильм жоғары көркемдiк деңгейде жасалып, халықтың рухани қажеттiктерiн қанағаттандыруға қабiлеттi болса, мемлекеттiк мүдделерге, сондай-ақ Қазақстан Республикасын кино өнерi арқылы әлемдiк аренада танып-бiлуге қызмет ететiн болса;
      2) фильмдердi шығару, тарату және көпшiлiкке көрсету (демонстрациялау) кезiнде смета бойынша жұмыстардың жалпы көлемiнiң кемiнде жетпiс процентiн Қазақстан Республикасының аумағында тiркелген кинематографиялық ұйымдар жүзеге асыратын болса;
      3) Қазақстан Республикасының азаматы және (немесе) белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының аумағында тiркелген заңды тұлға фильмнiң продюсерлерi болып табылса;
      4) фильм түсiретiн топтың құрамына кiретiндердiң (режиссерлер, операторлар, дыбыс операторлары, киiм суретшiлерi, монтаждаушылар, басты рөлдердi орындайтын актерлер) отыз пайыздан аспайтыны Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын адамдар болса;
      5) фильм шығарудағы шетелдiк инвестициялар фильмнiң сметалық құнының отыз процентiнен аспаса;
      6) фильмдi шығару iшiнара немесе толығымен республикалық бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылса, ұлттық деп танылады.
      2. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттың талаптарына сәйкес шетелдiк кинематографиялық ұйымдармен бiрлесiп түсiрiлген фильм ұлттық деп танылуы мүмкiн.
      3. Фильмдi ұлттық деп тану тәртiбiн уәкiлеттi орган айқындайды.

      28-2-бап. Фильмге прокаттау куәлiгiн беру

      1. Қазақстан Республикасында шығарылған, сондай-ақ фильмге прокаттау куәлiгiн алу мақсатында Қазақстан Республикасына прокаттау және көпшiлiкке көрсету (демонстрациялау) үшiн әкелiнген (жеткiзiлген) фильмдер, фестивальдерде, семинарларда, ретроспективада және басқа да iс-шараларда демонстрациялау үшiн әкелiнетiн (жеткiзiлетiн) фильмдердi қоспағанда, Фильмдердiң мемлекеттiк тiзiлiмiнде тiркеледi.
      Бұл талап бұрынғы КСРО-ның кинематографиялық ұйымдары шығарған фильмдерге қолданылмайды.
      Фильмге прокаттау куәлiгi — фильм туралы техникалық мәлiметтер, фильмнiң жасаушылары, индексi мен жанры туралы ақпарат көрсетiлетiн, оны прокаттауға негiз болатын құжат.
      Фильмге прокаттау куәлiгiн берудi уәкiлеттi орган өзi бекiткен нысан бойынша жүзеге асырады.
      Фильмге прокаттау куәлiгiн алу үшiн өтiнiш берушi:
      1) уәкiлеттi орган басшысының атына өтiнiштi;
      2) өтiнiш берушiнiң фильмге немесе оны пайдалануға құқығын растайтын құжаттарды; шет тiлiндегi құжаттарға қазақ және (немесе) орыс тiлдерiнде нотариат куәландырған көшiрмесi қоса берiледi;
      3) фильмнiң аннотациясын;
      4) отандық немесе бiрлесiп түсiрiлген фильмдерде пайдаланылатын туындылар туралы мәлiметтердi ұсынуы қажет.
      4. Фильмге прокаттау куәлiгiн алуға өтiнiш түскен күнiнен бастап күнтiзбелiк он күн iшiнде қарауға жатады. Өтiнiштi қарау қорытындылары бойынша уәкiлеттi орган өтiнiш берушiге фильмдi прокаттау куәлiгiн бередi.
      5. Уәкiлеттi орган өтiнiш берушiге фильмдi прокаттау куәлiгiн беруден мынадай негiздер бойынша:
      1) өтiнiш берушi дәйексiз немесе бұрмаланған ақпарат берсе;
      2) өтiнiш берушi осы баптың 3-тармағының талаптарына сай келмейтiн құжаттарды табыс етсе;
      3) фильмнiң мазмұны Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертудi, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауiпсiздiгiне нұқсан келтiрудi, ұлттық араздықты қоздыруды насихаттауға немесе үгiттеуге бағытталған жағдайда, бас тартуы мүмкiн.
      6. Фильмге прокаттау куәлiгiн беру үшiн бұдан бұрын негiз болған фильм туралы ақпараттың дәйексiздiгi және (немесе) бұрмаланғандығы анықталған жағдайда, уәкiлеттi орган фильмдi прокаттау куәлiгiн сот тәртiбiмен керi қайтарып алуға құқылы.

      28-3-бап. Фильмдердiң индекстерi

      1. Қазақстан Республикасында шығарылған барлық фильмдер мен Қазақстан Республикасының аумағына прокаттау және көпшiлiкке демонстрациялау мақсатымен әкелiнетiн (жеткiзiлетiн) фильмдер көрермендердiң жас шегiне карай индекстеледi.
      Фильмдердiң мынадай индекстерi белгiленедi:
      1) "К" — әртүрлi жастағы көрермендерге арналған фильмдер;
      2) "БА" — он екi жасқа толған балаларға көрсетуге рұқсат берiлген фильмдер;
      3) "Б14" — он төрт жасқа дейiнгi балаларға ата-аналарымен бiрге көруге ұсынылатын филъмдер;
      4) "Е16" — он алты жасқа дейiнгi көрермендерге ата-аналарымен бiрге көруге ұсынылатын фильмдер;
      5) "Е18" — он сегiз жастан асқан көрермендерге арналған фильмдер;
      6) "НА" — жиырма бiр жасқа толған көрермендерге ғана арналған фильмдер.
      2. "НА" индексi бар фильмдi көпшiлiкке көрсетуге (демонстрациялауға) кинозалдарда және осы мақсаттар үшiн көзделген өзге де орындарда жергiлiктi уақытпен сағат 22-ден таңғы сағат 6-ға дейiн жол берiледi.
      Телевизия арқылы (кәбiлдiк телевизияны қоспағанда) "Е18" индексi бар фильмдi — жергiлiктi уақытпен сағат 22-ден таңғы сағат 6-ға дейiн, "НА" индексi бар фильмдi жергiлiктi уақытпен сағат нөлден таңғы сағат 6-ға дейiн көрсетуге жол берiледi.
      3. Фильмге прокаттау куәлiгiн алған тұлға көрермендi фильмнiң индексi туралы хабардар етуге мiндеттi.
      4. Фильмнiң индексi туралы ақпарат уәкiлеттi орган бекiткен стандарттарға сәйкес көрсетiлуге және тұтынушылар үшiн қолжетiмдi болуға тиiс.

      28-4. Фильмдердi прокаттау тiлi

      1. Қазақстан Республикасының аумағында барлық фильмдi прокаттау қазақ тiлiнде және басқа да тiлдерде жүзеге асырылады.
      2. Ұлттық фильмдердi прокаттау қазақ тiлiнде және қажеттiгiне қарай басқа да тiлдерде жүзеге асырылуға тиiс.
      3. Прокаттау мақсатында Қазақстан Республикасының аумағына әкелiнетiн (жеткiзiлетiн) барлық фильмге 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қазақ тiлiнде дубляж жасалуға тиiс.

      28-5-бап. Фильмдердiң түрлерi

      1. Фильмдер түрлерi бойынша мыналарға бөлiнедi:
      1) анимациялық фильм — графикалық әдiстердi және бейнелеу өнерi тәсiлдерiн, сондай-ақ компьютерлiк графика мүмкiндiктерiн пайдалану жолымен қимылдар мен көрiнiстер жандандырыла отырып жасалатын фильм;
      2) деректi фильм — режиссер операторлық өнер, монтаждық құрау құралдарымен және баска да құралдармен түсiндiретiн өзектi оқиғалар, шындық фактiлерi жинақталып көрсетiлген сценарий желiсiнiң негiзiнде жасалатын фильм;
      3) ойын фильмi — сценарийдiң негiзiнде жасалатын жене актер ойыны, режиссура, операторлық өнер, қоюшы-суретшiнiң, композитордың және кинематография саласындағы басқа да қатынас субъектiлерiнiң шығармашылығы құралдарымен iске асырылатын фильм;
      4) хроникалы фильм — өзектi оқиғалар мен шындық фактiлерi көрсетiлген фильм.
      2. Бейнелеудi көрсету тәсiлдерi бойынша фильмдер кинофильмдерге, телевизиялық фильмдерге және бейне-фильмдерге бөлiнедi.
      3. Ұзақтығы алпыс минуттан кем емес фильм толық метражды болып табылады, ұзақтығы алпыс минутқа жетпейтiн фильм қысқа метражды фильм болып табылады.

      28-6-бап. Фильмдердiң және киношежiренiң бастапқы


                материалдарын сақтау

      1. Мемлекет ұлттық фильмдердi, бiрлесiп түсiрiлген фильмдердi және киношежiренi, оның iшiнде ұлттық мәдени игiлiктiң ажырамас бөлiгi ретiнде ұлттық фильмдердiң және киношежiренiң бастапқы материалдарын сақтауға бағытталған iс-шаралар кешенiн жүзеге асырады.


      2. Ұлттық фильмдердiң бастапқы материалдары Фильмдердiң мемлекеттiк қорына тұрақты сақтауға берiледi.
      3. Қазақстан Республикасының аумағына көшiрмесiн жасау, таралымын көбейту, прокаттау және көрсету үшiн әкелiнетiн (жеткiзiлетiн) бiрлесiп түсiрiлген фильмдердiң бастапқы материалдары да Фильмдердiң мемлекеттiк қорына тұрақты сақтауға берiледi.
      4. Фильмдердiң мемлекеттiк коры ұлттық фильмдердiң, Қазақстан Республикасының аумағына әкелiнетiн (жеткiзiлетiн) бiрлесiп түсiрiлген фильмдердiң бастапқы материалдарын сақтау кезiнде фильмдердiң бастапқы материалдарына олардың құқық иелерiнiң еркiн және өтеусiз қол жеткiзуiн қамтамасыз етедi.
      5. Киношежiренiң бастапқы материалдары Кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбаларының орталық мемлекеттiк мұрағатына тұрақты сақтауға берiледi, ол киношежiренiң бастапқы материалдарына олардың құқық иелерiнiң еркiн және өтеусiз қол жеткiзуiн қамтамасыз етедi.
      6. Негатив, контратип, бейне негативi, фонограмма негативi, эталонды көшiрме, қондыру роликтерi, паспорттары мен олардың жазбалары, фильмнiң бақылау көшiрмесi, қайта жазбалардың, музыканың, шулардың магниттi фонограммаларының түпнұсқасы, бейнефонограмма-мастер, компакт-диск және фильмнiң кез келген материалдық нысандағы таралымын көбейту үшiн қажеттi өзге де материалдар фильмнiң және киношежiренiң бастапқы материалдарына жатады.";

      18) 31-баптың 2-тармағындағы "Мемлекеттiк емес мәдениет ұйымдарын қаржыландыру," деген сөздер "Мемлекеттiк мәдениет мекемелерiн қоспағанда, мәдениет ұйымдарын қаржыландыру" деген сөздермен ауыстырылсын;

      19) 32-бапта:
      1) тармақшадағы "археологиялық олжалар" деген сөздер "археологиялық ескерткiштер, археологиялық олжалар" деген сөздермен ауыстырылсын;
      3) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      "3) ғылым мен техника тарихын, соғыстар мен қоғам тарихын, ұлттық мәдениет тарихын қоса алғанда, тарихқа қатысты, сондай-ақ ұлттық ғылым, мәденнет, "әдебиет пен өнер қайраткерлерiнiң, ойшылдардың, ғалымдардың, ақын-жазушылар мен әртiстердiң өмiрiмен және iрi ұлттық оқиғалармен байланысты құндылықтар;";
      5) тармақша "коллекциялардағы" деген сөзден кейiн "елу немесе одан көп жыл бұрын шығарылған" деген сөздермен толықтырылсын;

      20) 33-баптың 2-тармағындағы "жаңа" деген сөз алып тасталсын;

      21) 38-баптың 2-тармағындағы "бiрлестiктерге кiруге құқығы" деген сөздер "бiрлестiктерге кiруге" деген сөздермен ауыстырылсын.

      2-бап. Осы Заң, 2011 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлетiн 1-баптың 4) тармақшасының бесiншi абзацын, 5) тармақшасының он үшiншi, он төртiншi және он жетiншi абзацтарын, 17) тармақшасының он екiншi — қырық үшiншi абзацтарын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн алты ай өткен соң қолданысқа енгiзiледi.



      Қазақстан Республикасының
      Президентi                                         Н. Назарбаев
Каталог: rus -> all.doc -> specialistu -> zakon
specialistu -> Библиографиялық құралдар құрастыру Кеңес Библиографиялық құрал
all.doc -> Ғылыми кітапхана Көркем әдебиет секторы «Бір ел – бір кітап» акциясы
all.doc -> Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы: Библиографиялық көрсеткіш/ Құраст. Д. Искакова. Тараз: ТарМУ. Ғылыми кітапхана, 2013. 63б. «Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы»
specialistu -> Кµрмені ќалай безендіруге болады
zakon -> Қазақстан республикасының білім туралы заңЫ
specialistu -> Закон рк от 13 декабря 2001 г. №267-ii "О праздниках в Республике Казахстан"


Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет