Меңдігүл Шындалиева



жүктеу 104.98 Kb.
Дата06.07.2018
өлшемі104.98 Kb.

ТҰРСЫН ЖҰРТБАЙДЫҢ ПУБЛИЦИСТИКАСЫ
М.Б.Шындалиева

Филология ғылымдарының докторы, профессор

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Астана қ, Қазақстан

Т.Жұртбай - қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар дара тұлға. Жазушылық пен журналистік тізгінді қатар алып келе жатқан тұлғаларды жан-жақты зерттеп, қаламынан туған дүниелерді жанрларға бөліп талдау, оның ішіндегі публицистік, очеркистік қырын арнайы саралау - үлкен парыз. Публицистің шығармашылық жолы қазақ журналистикасы арқылы қалыптасып, сол арқылы оқырманға танылған. Қырық жылдан астам уақыт қаламын қолынан түсірмеген майталман жазушы - ел өмірі, ұлт тағдыры, тұрмыс-тіршілігі, жақсысы мен жасығы туралы кестелі ойларын ортаға салып, қазақ әдебиетіндегі публицистика жанрының қанат жаюына сүбелі үлес қосқан бірегейлердің бірі.

Автордың публицистикалық жанрда жазған еңбектері алдымен баспасөз бетінде жарияланып, кейіннен әртүрлі жинақ болып жарық көріп келген. Жазушының бұл кітаптарындағы очерктерінің өзегі – өмірлік қым-қиғаш оқиғаларды жедел таразылап, саралап, сыни көзбен ақиқат безбеніне салып игеруге күш-қуат жұмсағаны айғақ.

Адамның қолымен жасалған өнердің ішіндегі ең өміршеңі әдебиет десек, әдебиет жанрларының ішіндегі сан-салалы мол мүмкіншіліктерге ие, өмір болмысына артық бояу жақпай, шындық шеңберінде нақты да дәл суреттейтін очерк жанры десек қателеспеспіз. Қазақтың тарихын, әдебиеті мен мәдениеті, әдет-ғұрпы мен салт-санасын, тілі мен ділін қарапайым халыққа таныту мен насихаттауда очерктің атқарар рөлі айрықша. Очеркке қойылар талап – нысанасы дәл, мағлұматтары айқын, нақты өмірде болған оқиғалар тізбегінен тұратын, сол оқиғалар белгілі дәрежеде дәлірек бейнелетін, қатысушылары өмірде болған адамдар. Сонымен қатар очерк жанры бейнелі түрде елестете баяндайтын және бейнелі хабарлау функцияларын да атқарады. Очерктің өзге жанрлардан тағы бір ерекшелігі жиі өзгерістерге ұшырап, әр дәуірдің талабына сай бейімделіп отыратын қасиетке де ие. Очеркте де бейнелеу, көркемдеу құралдары кеңінен пайдаланылады, белгілі бір идеяны көркем де әсерлі етіп жеткізуде таптырмайтын құрал деуге болады. Очеркші туындысының пәрменді, жақсы болуы үшін әлеуметтік, мәдени, саяси қырағы болуымен қоса сол кезең ағымына сай тақырып таңдай білуі аз, жазылатын очерктің композициялық құрылымы, сюжеті, тілдік, стильдік құралдары үйлескен жағдайда ғана шығарма шеберлік шыңына көтеріледі. Академик М.Қаратаев очерк жанры туралы былай дейді: «Қазақ әдебиетімен бастан бірге жасасқан көркем публицистика әр кез өзінің елгезек, ұшқыр, алғыр, өскелең жанр екенін танытты. Мұның түп тамыры алыста, туысқан орыс әдебиетімен ұштасып, жалғасып жатыр. Очерк пен публицистика қай кезде болмасын әдебиеттің алғы шептегі барлаушысы, тыңнан жол салатын, жаңа тақырыптардың көзін ашатын жаңашыл жасағы, жауынгер құралы. Әдетте жақсы, көркем очерктердің құятын үлкен арнасы – үлкен проза» [1,10-б]. Академик З.Қабдолов: «Шағын эпостың әңгімеге жақын тұрған бір түрі – очерк. Бұл да қысқа көлемді шығарма. Мұнда да үлкен шындықтың кішкене бір бөлігі, өмірінің аздаған эпизоды нәрлі тілмен әртүрлі суреттер арқылы шебер тартымды бейнеленуі тиіс» [2,322-б],- дейді.

Өмірмен ілісіп отыратын очерк жанры 1970 жылдары да дәуір туғызған жаңалықтарды, жақсы адамдарды ел-жұртқа таныстыру мақсатында көп міндеттер атқарды. Сол кезеңдегі қазақ очеркінің басты мақсаттарының бірі – алып істер мен елеулі оқиғаларды дер кезінде өз оқырманына жеткізіп, жаңа қырынан көрсету болды. 1970 жылдары көптеген қазақ жазушылары очерк жанрында қалам сілтеп, сол кезең адамдарының рухани жан дүниесі, бүкіл болмыс-бтімі, ой-өресін осы очерктер арқылы танытуға талпыныс жасады. Бұл бір жағынан сол очеркшілердің қоғамдық-әлеуметтік, әдеби-эстетикалық көзқарастарын кеңінен танытса, екіншіден, жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеуге септігін тигізіп отырды.

Қазақ әдебиетіне «Дулыға» сияқты көлемді тарихи әфсаналар берген, көркем сөздің көрнекті өкілі, жазушы - ғалым Тұрсын Жұртбай өзінің алғашқы туындыларын, кейбір ой-толғаныстарын публицистикалық стильмен жазып, 1977 жылы «Замандасым, сырласым» [3] деген атпен «Қайнар» баспасынан очерктер жинағын шығарған. Осы кезеңде қазақ басылымдарында Тұрсын Жұртбайдың ондаған очерктері жарық көріп, өмірдің қайнаған ортасында жүрген очеркші еңбек адамдары, құрбы-замандастары жайлы жаза отырып, қызықты факті, ісі мен мінезі оқшау жандарды өз шығармаларына арқау етеді.

Автордың «Шұғылалы Шыңғыстың баурайында» очерктер циклының тақырып өресі кең, оқиғалары шындық өмірден алынған, образдары қонымды, өміршең шыққан. «Құрыштай шыныққан азаматта» жастайынан әке-шешесінен айрылып, ерте еңбекке араласқан, үзілген үмітінің жалғануы қалада да оңайға соқпаған Ыбырайымды кейіннен ағасы Түсіпхан ауылға алып кетеді. Ағайындар қол ұстасып, туған жеріне оралып, бірге еңбек жолын бастайды. Елге бірге қайтқан ағайындар татулығы мен еңбекқорлығы арқысында тіршіліктері түзелген бауырлардың тірлігі шын өмірдің мән-маңызын ашып бергендей әсер етеді. Ой соңына ілесіп кеткен сәтте малдары бытырап жайылып, басын қоса алмай әлекке түсіп жүргенде жолшыбай бір қызға жолыққаны да қызықты әңгімеленіп, кейіпкерінің болашақ жарымен алғаш кездесу сәтін қаламгер былай суреттейді:

«- Малды атпен емес, ақылмен бағу керек. Әлі үйреніп кетесіз. Мен мынау ауылда тұрамын. «Қызылшоқы» деп атайды. Дүкеннен сәлем-сауқат әкеле жатырмын. Жолда ойқастаған Сізді көріп... Сөзінің арғы жағын жұтып қойды» [3,7-б],- дей келе, Ыбырайымның жүрегіне шоқ тастап кеткен қыз таудың қойнауындағы сол бір қыстауға жиі көз тастайтын жағдайға жеткізеді.

Жазушы енді араға біраз жылдар салғаннан кейінгі Ыбырайымның жай-күйін былай бедерлейді:

«Арада өткен жылдар, ызғарлы қыс, аптапты жаз, төгілген тер, жинақталған тәжірбие Ыбырайымның мінезіне де үлкен өзгерістер енгізді. Жалынды жастығы, ұшқыр ойы байсалды тартып, сабырлылыққа ауысты. Байыппен қарап, әрбір нәрсені саралай білуге үйретті. Ол үшін бұл жылдар текке кеткен жоқ. Табандылығы мен еңбек сүйгіштігінің нәтижесінде құрметке бөлене білді. Қарауындағы малдың бәрін аман сақтап, шығынға ұшыратпады. ... Жұрт ағайынды Тәтіхановтарға сыйлы жанармен қарап, сыпайылық танытты. Жеке басы үшін қуанышты жай: оның шынайы махаббаты болған Нүкенмен көңіл жарасып, отау тігуі болатын. Кешегі тентек жігіт бақыт құшағына бөленіп, шұрайлы өмірдің шырынды дәмін татты» [3,8-б],- деп қиындық пен тартыста бірте-бірте келген атақ пен даңқтың маңдай терінің өтеуі екенін Ыбырайым жақсы түсінген бейнесі, әдеби портреті сәтті ашылған. Өмірдегі Ыбырайым мен очерктегі Ыбырайымда үндестік бар және кейіпкер басынан кешкен өмір оқиғалары сыналап кіргізілуі арқылы сол кезең адамдарының характері, іс-әрекеті, мақсат-мүддесі түгелімен көз алдымызға елестеуімен құнды. Бұл тек қана қойшы Ыбырайымның ғана емес, өмір тауқыметін бастан кешкен, еңбек майданында бел шешіп, ауырлықтарды ақылмен, еңбекпен жеңген типтік бейне дәрежесіне көтерілген жазушы замандасының бейнесі деп қабылдауымыз керек.

Очеркшінің «Өмір деген тамаша ғой, бауырым» шығармасы он екі жасында жетім қалған Нұрғазы Райбаев өмірінің сырларына толы. «Нұрғазы Райбаев болып тас қалап, кірпіш құйғалы қашан... Бала жасынан басына су құйып, әдеттенген шаруа ғой. Соңғы он шақты жылда қаншама қыстақтың негізін қалап, ескісін жөндеп, шопандардың алғысына бөленді десеңші. Талай-талай мерекелік сыйлықтарға ие болды. Ол «Қызылту» совхозының 3-бөлімшесіндегі құрылысшылардың топ бастығы, өзіне тән абыройы, өзі тақылеттес күн көріс кәсібі бар» [3,45-б]. Бұл өз еңбегінен бақытын тапқан ұрпақтың өмірі. Құрылысшы Нұрғазы арқылы еңбек адамының бейнесін шебер жасап қана қоймайды, өз ісіне шын берілген қарапайым жандардың мінез-құлқы, іс-әрекетінен бұл очеркінде жазушы жантануға көп көңіл бөледі. «Ағаңның мінезі өзіңе аян ғой, қайным» деген жеңешесінің сөзін эпилог ретінде беруінің өзі жантанудың алғышарттары.

Т.Жұртбай өз очерктерінде адам мен табиғатты қабыстыра суреттеп, түрлі көңіл-күй мен табиғат тылсымдарын салыстыра, қатарластыра бейнелеген тұстарына тәнті боласың. Әсіресе, жарынан айрылған әке, анасынан айырылған баланың сол сәттегі күйі мен қатал табиғат суреттері реалистік, психологиялық үндестікпен өріледі.

«Суық боран аш қасқырдай ұлып тұрды. Оған қоса қырық тоғыз жыл жібектей желегін жайған бір өмір, аяулы өмір, ана өмірі өзінің ақырғы әнін күңірене әлсіз, бірақ ұзақ созып шертті. Боран кілт ышқына ішегін ішіне тартқанда, ән де үзіліп кетті... Әкем бетін басты, бір түйір тамшы бетін тарамдай келіп, шоқша сақалының ұшында дірілдеп тұрды да, тырс ете түсті. Жерге емес, тізесіне басын салып отырған менің уыз алақаныма түсті... Ұзақ қарап тұрдым. Ол кезде не ойлағынымды кім білсін» [3,7-б],- суық боранда ана өмірінің үзілуі тура табиғи қалпында, орны толмас қайғылы сәттер сезім-күй ассоциациялары табиғат толғаныстарымен жалғасып кетеді. Суық боранның аш қасқырдай ұлуы, боранның кілт ышқына ішегін ішіне тартуы кейіпкердің ішкі сезімінің реңктерінің дәлдігі, сипаттаулардың үзілмей дамып отыруы, көз алдындағы құбылысты кейіптеу арқылы бере білуі очерктің көркемдік деңгейінің жоғарылығын айғақтаса керек. Шығармадағы табиғат суреттері жазушының жан әлемімен бірлікте, ішкі толғаныстарымен сабақтас және табиғат пен адамның терең байланысын шебер пайымдаумен жасалған. Жоғарыдағы очерктің соңындағы табиғат суреттері де адамның өзіндей тыныстап, ойлап, қуанып, құлшынады. «...Күн нұры ұясынан ақтарылып төгіліп, сары теңіздей теңселіп тұрған Сарыарқаның адыры ісек қойдай теңкиіп-теңкиіп жатыр... Айнала сарғыш тартқан. Артқа шаңды бұрқ-бұрқ еткізіп, ағайым мотоциклін ағызып келеді. Қуанышын көрсеңші! Күлгені не деген ұнасымды.

Мотоциклдің газын басып, есіп-есіп жібереді, тіпті. Бағана автобустан түскенімде де күле берген еді-ау» [3,31-б]. Т.Жұртбай очерктеріндегі табиғатты бейнелеу өнері кейінгі шығармаларында да зор дәстүр салғанын байқау қиын емес. Бұл табиғат суреттері жазушының ішкі толқыныстары мен сезімдік ойларын ашу үстінде ұтымды қызмет атқарып қана қоймай, көркемдік жағынан да эстетикалық жағынан да образдық құралға айналған.

Тұрсын Жұртбайдың «Сен мені түсінбейсің...» лирикалық очеркінде сан-қилы көңіл күй мен дала бейнесі қатарласа отырып, естелік жинақтау арқылы жазылған. Досы Қадырбайдың Алқын деген қызға ғашық болып, жиһанның ардағын, дүниенің асылын осы қызға теңеген жас жігіттің жүрек лүпілдері тамаша табиғат суреттерімен астастырылған. Кейіпкерлердің тілдесу сәттері хабарламалық сипатта болғанымен, жас ғашықтың көңіл-күй, мінез құлқынан да елес береді және диалогтарды өмірдегідей қалпында емес, табиғат әлемі Қадырбай жан әлемімен бірлікте көрінеді. Бір сыныпта оқыған қызға ғашық болған жас жігіт қыз жүрегіне жүгіне алмай, әскерге өзі сұранып аттанады. Диалог түріндегі кейіпкер мен жазушы арасындағы сөздерде терең сабақтастық бар. Әскерден келген соң досымен қайта кездескен Қадырбайдың сезімі өзгермей, бұрынғыдан да беки түседі. Оны очеркші былай суреттейді:

«Міне ол көгалда жатыр. Үйреншікті мақамы.



  • Маған ұмыт дейсің бе? Сол үшін не іске де тәуекел едім ғой...

  • Ұмыт дейсің бе, - деді. Самал есіп тұр. Ұмыт дейсің бе,- деді. Самал

есіп тұр. Шалғындар шайқалып, құрақтар сыбдырлайды.

- Иә,- дедім, иә. «Жаңадан бастауың керек. Ауылда одан да сұлу,

одан да қылықты қыздар көп қой. Анау Сәулені алсаңшы. Иненің көзінен өткендей емес пе? Самал тына қалды. Сары масаның ызыңы естілді.

Ол:


  • Сен мені түсінбейсің,- деді орнынан тұрып бара жатып. Самал қайта

есті. Шалғындар аяғын орап, тракторына тақай берді. Қамыс сыбдыры «Сен мені түсінбейсің...» - деп тұрғандай. «Сен мені түсінбейсің». Мүмкін досым. Араға жылдар ізін салған шығар. Бірақ мынау көк шалғындағы салған жолыңдай махаббатта да өзгеге ұқсамас өз ізің бар» [3,7-б]. Жанға жайлы жаз кескіні қандай әсем болса, адам психологиясындағы махаббат тұрақтылығы да жанданып, басқа қыз туралы айтқанда табиғат кілт өзгеріп, самалдың тына қалуы, сары масаның ызыңы естілуі кейіпкер басындағы көңіл-күй пернелерімен астасып, нәзік философиялық тұжырыммен көрінеді. Бұл жердегі жазушы пейзажы психологиялық та характерологиялық міндет атқарып тұр. Қамыс сыбдырының өзі «Сен түсінбейсің» деп тұрғаны жазушы көңіл-күйіндегі мол тебіреністен туып, Қадырбайдың сезім-күй ассоциациялары табиғатпен егіз елестеп, очеркшінің ойлау мен қиялдауына қанат байлайды.

Тұрсын Жұрбай очерктерінде ауыл адамының бейнесін жасау, ел, ауыл тұрмысындағы проблемаларды көрсетуде де өзіндік ерекше жол тапқан. Әсіресе өмірге үңіле, өзі ұнатқан құбылыстарды безендіріп, шындық болмысты көркемдік бояулармен құбылтып, ажарлап суреттейді. Ерлік пен намысты, күрес пен жеңісті сипаттайтын очерктерінің қай-қайсысында болмасын өз замандастарының өнегелі істерін, мінез-құлқын, тұрмысын, жанын жан-жақты бейнелеуді очеркші көздеп отырады. «Қашағанды құтқармай, асауменен алысқан» очеркіндегі өмір бойы жылқышы таяғын ұстап, қызығы мен қиындығы мол еңбектің иесі болған Абылқақтың қашағанға құрық салған атақты жылқышы болғанға дейін талай сыннан өткенін шыншылдықпен бейнелеген. «Алғаш құрық ұстаған кезі. Күн ашық болатын. Ұзақ күнге шыдамы жетпеді. Қасындағы серігі екеуі табынның екі жағында жүрді. Түн ортасы ауа ұйқы меңдеп, көзі іліне берді. Әйтеуір қалғып-мүлгіп жүрген. Бір кезде қатты шыққан дауыстан селк ете түсті. Көзін ашса, қардың үстінде жатыр. Бір аяғы үзеңгіде. Ал серігі оны оятып жүр. Сөйтсе, қалғып жүріп, ұйықтап кетіпті де, қарға құлап түсіпті. Жылқышының сан түрлі құқайын көрген аты тырп етпепті. Қазір де сол бір балаң кезі көз алдынан өтті. Өмір де ағын су сияқты екен ғой. Бір тыным жоқ. Алға қарай заулай бересің» [3,32-б]. Очерктегі Абылқақ бейнесі оның еңбегі арқылы ашыла отырып, оның асаумен алысып, қашағанға құрық салған өз ісіне берілген азамат ретінде көрінуі, қазақ халқының психологиялық ой-санасына сіңген салт-дәстүрлерді жетік меңгеруі очеркші кейіпкерінің мерейін үстем етеді. «Туған жерге туың тік» очеркіндегі Аманқұл Бердімұратов, «Дән туралы жырдағы» Амангелді Ботанбеков, «Арман аясындағы» Тұрсынақын сияқты ауыл адамдарының еңбегі суреттеле отырып, қоғамдық, әлеуметтік маңызы бар мәселелер көтереді және осы кейіпкерлер арқылы қарапайым еңбек адамының арман-тілектері, жасампаз өмір адамдарының образы толыққанды жасалады.

«Қос майданның ардагерлері» очеркі соғыс тақырыбына арналған. Соғыста ерлік көрсетіп, еңбекте елдің алды болған үш жауынгер жайындағы бұл очеркінде автор соғыс қана емес еңбек майданында да көзге түскен батырларды жастарға үлгі ретінде танытады. Сталинград, Кишинев, Бухарест, Будапешт, Прага, Кинисберг қалаларын жаудан азат етуге қатысқан, бес жыл оқ пен оттың ортасында жүрген Әділ Қожалымов, Әуесқан ақсақал, Мүшір Тұрысбеков қариялардың қиын-қыстауға толы өмірлері әрі тартымды, тағылымды, әрі нанымды суреттелген. Очерктің сюжеттік композициясында тыл өмірі мен майдан өміріндегі қиын-қыстау кезеңдер сипатталған. Т.Жұртбайдың «Қажырлы да қайратты Қабай» очеркіндегі Қабай Ізбасаровтың портреті былай суреттеледі: «Онда ол жас жүрегі асау тайдай тулаған, тұла бойы отты жігерге толы 21 жасар жігіт болатын. Нағыз тепсе темір үзетін шағы-тын. Ақ құрықты білегіне айқара асқан жылқышы еді. Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу үшін 1939 жылы әскер қатарына алынды. Алғашқы дайындықтан өтіп жатқанда финдер шекараны бұзды. Жас жауынгер сонда аттанып, бес күн бойы шабуылға қатысты» [3,105-б],- дей келе кейіннен Г.К.Жуковтың алғысына ие болғанын, мергендігімен көзге түскенін нанымды әрі көркем баяндап, Қабай қарттың өмірі мен майдандастарының өмірі де ерлік пен күреске толы болғанын, талай-талай шайқастарға қатысып қана қоймай, кейіннен бейбіт өмірде де бақташы, жылқышы болып еңбек етуі қызғылықты жазылады. Бұдан автордың кейіпкер ісімен, тағдырымен жете таныс болып, оны шын түсініп барып тәуір образ шығарғанын көреміз. Очеркші Қабайды өмірдің барлық саласында басқаларға үлгі-өнеге, бұқараға жақын, қиынды жеңуге бастайтын, игі істерді іле қостайтын қасиеттерін жинақтай келіп, абзал адамның бейнесін жасап шыққан. Қабай Ізбасаров өмірдегі өз қалпында, өз іс-әрекетімен көріне отырып, өзінің шынайы сөзін ғана айта алған.

Тұрсын Жұртбайдың «Замандасым, сырласым» очерктер жинағы болсын, басқа мерзімді басылымдарда жарияланған очерктерінің тақырыптары болсын әр алуан. Онда ауыл адамдарының өмірі, шопан тірлігі, балықшының келбеті, соғыс ардагерінің ерліктері шынайы өрнектеліп қана қоймай жазушы қай тақырыпқа қалам тербесе де өзі сол ортаның ішінде жүріп, жанымен түсініп барып жазғанына куә боламыз. Автор адамның жан-дүниесін, рухани сезімдерін, көңіл күйін дөп басып, зерттеп барып жазуға дағдыланған. Қорыта айтқанда, Тұрсын Жұртбай өз очерктерінде өмірдің қай саласын алса да көтерген тақырыбының салмағын жете түсініп, көркемдік бояуын құбылтып, шындықты танытуда адам образдарының даралығымен екшеп, өмірді тереңінен танытуды көздейтін очеркші десек артық болмас.


Пайдаланған әдебиеттер:

1 Уақыт және қаламгер. Әдеби сын. Екінші кітап. – Алматы: Жазушы, 1974.



2 Қабдолов З. Әдебиет теориясының негіздері. – Алматы: Мектеп, 1970.

3 Жұртбаев Т. Замандасым, сырласым. (Очерктер). – Алматы: - Қайнар. – 1977. – 110-б.


Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет