Атыраудағы жалғыз облыстық аурухана апатты жағдайда тұр. Ширек ғасыр бұрын салынған емдеу мекемесінің қабырғасы қақырап, едені тесілген. Есік-терезеден жел соғып, төбеден су сорғалайды екен. Дәрігерлер тозығы жеткен жерде науқастарды қабылдауға мәжбүрміз деп шағымданды. Медицина мамандары ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізетін уақыт жетті деп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Видеодан скриншот

1960 жылдары салынған облыстық аурухананың жағдайы мүшкіл. Тозығы жеткен нысан апатты жағдайда тұр деп науқастар да жиі шағымданады. Жаңбыр жауса, төбеден су сорғалап, есік-терезеден жел гулейді және ғимараттың қабырғасы қақырап, сылағы түсіп жатыр. 

“Жағдайы жаман, ескі. Жел гулеп тұр. Бөлменің іші кішкентай. Жуынатын жер біреу. Өзіміз ауырып келгенде, осындай жағдайға тап болып отырмыз. Ауырып жүргенде, бұл біз үшін қиын. Сондықтан науқастар үшін қолайлы жағдай жасаса дейміз”, – деді  Атырау қаласының тұрғыны Ержігіт Ермұратов.

Науқастарды емдейтін медицина мамандары қыста терезені қымтаумен әлек. Себебі бөлмелердің іші азынап кетеді екен. Оған қоса, емдеу мекемесінде дәретхана мен бөлме жетіспейді.

“Жағдайы ауыр пациенттер өте көп. Дәретхана аз, 20 науқасқа екі дәретхана. Әр жаңбыр жауған сайын су кетіп, қабырға құлап жатыр. Дәрілерге де қиын. Үш-төрт палата су өткенде, кіші буын қызметкелеріне біз көмектесеміз. Медбикелер көмекке келеді. Сосын терезенің 50-60 пайызы жел соғып тұрады, оны жапсырғышпен жапсырамыз”, – деді дәрігер Әзімбек Мархабай. 

Облыстық аурухана ғимараты негізгі үш корпустан тұрады. Алғашқы нысанның қабырғасы осыдан 57 жыл бұрын қаланған. Бүгінге дейін аталған ауруханада күрделі жөндеу мүлдем жүргізілмеген. Бас дәрігер дабыл қағып, талай табалдырық тоздырғанын айтады. Нәтижеге тек биыл ғана қол жеткізгендей болдым деп отыр.

“Қазір барлық ғимараттар жөндеуді талап етіп отыр. Ешқайсысы жөнделмеген. Қазір сараптама тағайындалды. Наурызда шығады. Содан соң конкурс арқылы жоспарға тұрып жатыр. Сыртқы келбеті мен артқы беттері ескі. Ішкі бөлігінде жылу сақталған, бірақ терезелері кетіп тұр, төбесінен су кетеді”, – деді Атырау облыстық ауруханасының бас дәрігері Ербол Иманғалиев.

Көпсалалы облыстық аурухана ғимаратының жөндеу жұмыстарына жобалық-сметалық құжат дайындалып, сараптамаға жіберіліпті. Соның қорытындысына сәйкес нақты шешім қабылданбақ. Жалпы медициналық мекемеде жыл сайын шамамен 30 мыңнан астам адам түрлі ем-дом шараларын қабылдайды.


Автор: Жанара Кенжебекова

Жанара — исследовательница культуры и традиций. Ее статьи поднимают важные темы многообразия культур Казахстана.