Мемлекеттен соманы өндіру, сондай-ақ мемлекет пайдасына өндіріп алу туралы даулар бойынша сот актілеріне наразылық келтіру практикасы



жүктеу 258.05 Kb.
Дата22.04.2019
өлшемі258.05 Kb.


LetografURL.Barcode.StartLetografURL.Barcode.End






LetografField.Isp.StartLetografField.Isp.End

LetografField.Sign.StartLetografField.Sign.End

LetografField.AgreementList.StartAgreementLetografField.AgreementList.End





Мемлекеттен соманы өндіру, сондай-ақ мемлекет пайдасына өндіріп алу туралы даулар бойынша сот актілеріне наразылық келтіру практикасы
Қазақстан Республикасының

Жоғарғы Соты

НАРАЗЫЛЫҚ

/Оңтүстік Қазақстан облысы прокуратурасының

ұсынысы бойынша /

«Pima-Казахстан» ЖШС-і (бұдан әрі – серіктестік) 2010 жылғы 28 мамырда заңды тұлға ретінде тіркелген. Жалғыз қатысушысы - Сыздыков Б.В.

2010 жылы Г.Тортпаева серіктестіктің директоры болып тағайындалған.

Оңтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2014 жылғы 20 наурыздағы шешімімен серіктестік банкрот деп танылып, банкроттықты басқарушы тағайындалған.

Серіктестіктің кредиторы - Шымкент қаласының Абай ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы болған, берешегі 1.390.478 теңгені құраған.

Банкроттық рәсімін жүргізу барысында серіктестік бюджетке төленетін салықтар мен басқа да міндетті төлемдерден жалтару мақсатында әдейі банкроттыққа ұшырағаны белгілі болып, қылмыстық істер қозғалған.

Шымкент қаласы Абай аудандық сотының 2015 жылғы 10 қаңтардағы үкімімен Г.Тортпаева Қылмыстық кодекстің 240, 241-баптарымен (жалған банкроттық, бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасын бұзу) және 245-бабының 1-бөлігімен (салықты төлеуден жалтару) кінәлі деп танылған.

Сот үкімімен сотталған тұлғамен мемлекетке 453.151.295 теңге материалдық залал келтірілгені айқындалған (негізгі залал мөлшері).

2015 жылғы 29 сәуірдегі салықтық тексерудің нұсқамасы бойынша Г.Тортпаеваның заңсыз әрекеттерінен мемлекетке келтірілген жалпы залал мөлшері 723.824.374 теңгені құраған. Соның ішінде 453,1 млн. теңге - негізгі қарыз, 64,5 млн. теңге - өсімпұл, 206,2 млн. теңге - айыпақы.

2016 жылғы 11 наурызда серіктестіктің банкроттық өндірісі аяқталып, заңды тұлға таратылған.

Осы мән-жайды ескеріп, салық органы серіктестіктің басшысы Г.Тортпаевадан мемлекеттік бюджетке келтірілген залалды субсидиарлық тәртіппен өндіру туралы талап арызбен сотқа жүгінген.

Оңтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2016 жылғы 27 сәуірдегі шешімімен салық органының талабы толық қанағаттандырылып, Г.Тортпаевадан мемлекет пайдасына 725.214.852 теңге өндірілген (1.390.478 теңге қоса есептелген).

Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының апелляциялық сот алқасының 2016 жылғы 29 шілдедегі қаулысымен сот шешімінің күші жойылып, талапты қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылданған.

Жалғыз негіз ретінде сот алқасы Г.Тортпаева серіктестіктің құрылтайшысы не қатысушысы болмағанын, сондықтан субсидиарлық тәртіпте одан залал өндірілуге жатпайтынын көрсеткен.

Іс кассациялық сатыда қаралмаған.

Апелляциялық алқаның қаулысы Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодекстің (әрі қарай – АПК-і) 224-бабына, Жоғарғы Соттың 2003 жылғы 11 шілдедегі №5 «Сот шешімі туралы» нормативтік қаулысының талаптарына қайшы болғандықтан оның күші төмендегі мән-жайларға байланысты жойылуға және салық органының талабы қанағаттандырылуға жатады.



Біріншіден, Г.Тортпаеваның серіктестікті төлем қабiлетсiздiгiне және банкроттыққа әдейi әкеп соқтырғаны толық дәлелденген.

Тергеу органымен жауапкер серіктестіктің директоры бола тұра, салық және басқа да міндетті төлемдерден жалтару мақсатында 2012-2013 жылдардағы салықтық есептерін бұрмалағаны, алынған тауарлардың есебін әдейі дұрыс көрсетпегені анықталған.

Атап айтқанда, Г.Тортпаева серіктестіктің «Казкоммерцбанк» АҚ-ның есеп-шоттарында болған 771.500.000 теңгені қолма-қол алып, салық декларацияларын нөлдік көрсеткішпен тапсырған.

Бақылау кассалық аппараттары уәкілетті органда тіркелмеген және мекен-жайы бойынша анықталмаған «Петролиум Универсал Инвест», «Реаль-Сталь», «Трил Транс Лтд», «Микон-Нургимарат», «МонолитСтрой Торг» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктеріне 3,1 млрд. теңге көлемінде қаражаттар аударған.

Серіктестікті әдейі банкроттыққа ұшыратқаны үшін Г.Тортпаева Шымкент қаласы Абай аудандық сотының 2015 жылғы 10 қаңтардағы үкімімен кінәлі деп танылған.

АПК-нің 76-бабының 3-тармағына сәйкес заңды күшіне енген қылмыстық іс бойынша сот үкімінің азаматтық-құқықтық дауға преюдициялық маңызы бар.



Екіншіден, Г.Тортпаева субсидиарлық жауапты тұлғалар қатарына кіреді.

«Оңалту және банкроттық туралы» Заңның 6-бабының 1,2-тармақтарында әдейi және жалған банкроттық үшiн борышкердiң құрылтайшысы да, лауазымды адамдары да оның кредиторлары алдында өзiне тиесiлi мүлiкпен субсидиарлық жауаптылықта болатыны нақты көзделген.

Бұл ретте осы Заңда лауазымды адамдар қатарына заңды тұлғаның басшысы мен атқарушы органның басқа да мүшелері жатады.

Сот тек Азаматтық кодекстің 44-бабының талаптарын басшылыққа алған.

Алайда, кодексте көрсетілген тұлғалар тізімі толық емес, арнайы заңмен жалған банкроттыққа жол берген үшін заңды тұлғаның лауазымды адамының жауаптылығы да көзделген.

Аталған Заң 2014 жылы қабылданып, азаматтық заңнаманы толықтырады.

Бұған қоса, жоғарыда айтылғандай сот үкімімен серіктестікті жалған банкроттыққа оның қатысушысы емес, Г.Тортпаева әкелгені анықталған.

Демек, соттың келтірілген залал тек серіктестіктің қатысушысы – Б.Сыздыковпен өтелуі керек деген тұжырымы қате.

Бүгінгі таңда серіктестік таратылған және заңды тұлғалар тізімінен алып тасталған, яғни мемлекетке келтірілген залалды өтеудің басқа мүмкіндігі жоқ.



Үшіншіден, Г.Тортпаеваның серіктестікпен еңбек қатынастары аяқталған деген соттың қорытындысы негізсіз және істегі мән-жайларға сәйкес келмейді.

Еңбек кодексінің 29-бабының 1-тармағына сәйкес, егер еңбек шартының қолданылу мерзімі аяқталған кезде тараптардың бірде-бірі соңғы жұмыс күні ішінде еңбек қатынастарын тоқтатуды талап етпеген болса, онда ол белгіленбеген мерзімге жасалған болып есептеледі.

Расында да, 2010 жылғы 17 маусымда Г.Тортпаева мен Б.Сыздыков арасында жасалған еңбек шарты бойынша жауапкер директор қызметін бір жылға атқаруға міндеттелген.

Алайда, екі жақ еңбек қатынастарын тоқтатуды талап етпеген.

Оның үстіне Г.Тортпаеваның серіктестіктің құжаттарына басшы ретінде қол қоюы оның өз қызметін одан әрі жалғастырғанын айқындайды.

Бұған жауапкердің серіктестіктің атынан салық декларацияларын тапсыруы және басқа құжаттарға қол қойғаны дәлел.

Аталған жағдайды тергеу кезінде, қылмыстық іс бойынша сот отырысында Б.Сыздыков та (серіктестіктің қатысушысы), Г.Тортпаева да жоққа шығармаған.

Керісінше, куә ретінде сұралған Б.Сыздыков серіктестікке қатысты барлық қызметті жауапкердің өзі жүргізгенін, ол тек тиісті пайдасын алғанын көрсеткен.

Мемлекеттік кіріс органдары банкрот мүлкінің жеткіліксіз болғанда борышкердің лауазымды адамының кінәлі әрекетімен келтірілген залалды өндіріп алу туралы талап қоюға құқылы («Оңалту және банкроттық туралы заңнаманы қолдану практикасы туралы» Жоғарғы Соттың № 5 нормативтік қаулысының 24-тармағы).

Істің бұл тұрғысында Г.Тортпаеваның іс-әрекетінен мемлекетке залал келтірілгені және ол қаражат жауапкерден өндірілуге жататыны сөзсіз.

Өз кезегінде, Г.Тортпаеваны негізсіз субсидиарлық жауаптылықтан босату бюджеттің едәуір кіріссіз қалуына және мемлекетіміздің экономикасына теріс әсерін тигізуіне әкеледі.

Сот істі қараған кезде осы мән-жайларды ескермей, тараптар арасындағы құқықтық қатынастарға және ұсынған дәлелдемелерде дұрыс баға берместен, дауды дұрыс шешпеген, сондай-ақ материалдық және процессуалдық нормаларын бұзған, іс бойынша заңсыз сот актісін қабылдаған.

Сондықтан апелляциялық сот алқасының қаулысы АПК-нің 438-бабының 5-тармағына сәйкес бұзылып, салық органының талап арызын қанағаттандырған бірінші сатыдағы сот шешімі өз күшінде қалдырылуға жатады деп санаймыз.

Қазақстан Республикасы АПК-нің 436, 438-баптарын, 439-бабының 1-бөлігін, «Прокуратура туралы» Заңның 19-бабын басшылыққа ала отырып,


ҰСЫНАМЫН:
Салық органының Г.Тортпаевадан мемлекетке келтірілген залалды субсидиарлық тәртіппен өндіру туралы талап арызы бойынша қабылданған Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының апелляциялық сот алқасының 2016 жылғы 29 шілдедегі қаулысын бұзып, Оңтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2016 жылғы 27 сәуірдегі шешімін күшінде қалдыруды.

Тіркемеде: №5165-16-00-2/506 азаматтық іс 1-томда, Оңтүстік Қазақстан облысы прокуратурасының ұсынысы 4-парақта, реестр 1-парақта.

Қазақстан Республикасының

Бас Прокуроры Ж. Асанов


орынд.: Оңғарбаев А., т.301845

6001-17-00-3гп/50

ҚАУЛЫ
2017 жылғы 28 наурыз Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші Е.Н.Әбдіқадыров,

судьялар Ғ.Ж.Мырзаке, А.Ө.Сәрсенбаев,

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының департаменті бөлімінің аға прокуроры А.М.Мирамованың,

талап қоюшының өкілі – А.Е.Бозаеваның қатысуларымен

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында, ашық сот отырысында талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі-Департамент) жауапкер «Pima Казахстан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі - «Pima Казахстан» ЖШС, серіктестік) басшысы Г.Т.Тортпаевадан бюджетке келтірілген залалды субсидиарлық тәртіппен мемлекет пайдасына өндіру туралы талап арызымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған

Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2016 жылғы 29 шілдедегі қаулысына Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының келтірген наразылығымен келіп түскен азаматтық істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Оңтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2016 жылғы 27 сәуірдегі шешімімен талап арыз қанағаттандырылған. Г.Т.Тортпаевадан мемлекет пайдасына 725 214 852,70 теңге залал субсидиарлық тәртіппен және мемлекет пайдасына 21 756 446 теңге мемлекеттік баж өндірілген.

Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2016 жылғы 29 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылып, Департаменттің талап арызы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры наразылықта дауланып отырған сот актісінің күшін жоюды, ал бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдыруды сұраған.

Іс бойынша наразылықты қолдаған прокурордың қорытындысын, талап қоюшы өкілінің пікірін тындап, іс құжаттары мен өтініштің уәждерін зерделеп, сот алқасы төмендегі негіздерге байланысты дау айтылған сот актісінің күші жойылуға жатады деген қорытындыға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі -АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.

Іс құжаттарына қарағанда, «Pima Казахстан» ЖШС-і 2010 жылғы 28 мамырда заңды тұлға ретінде тіркелген. Серіктестіктің жалғыз қатысушысы ретінде Б.В.Сыздыков көрсетілген.

2010 жылғы 31 мамырда Г.Т.Тортпаева «Pima Казахстан» ЖШС-нің директоры болып тағайындалған.

Оңтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2014 жылғы 20 наурыздағы шешімімен ЖШС банкрот деп танылып, банкроттық басқарушы тағайындалған.

«Pima Казахстан» ЖШС-тің кредиторы - Шымкент каласының Абай ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы болған, берешегі 1 390 478 теңгені құраған.

2015 жылғы 11 наурызда «Pima Казахстан» ЖШС-нің банкроттық өндірісі аяқталып, заңды тұлға таратылған.

Сотта анықталғандай, Г.Т.Тортпаеваның «Pima Казахстан» ЖШС-нің төлем қабілетсіздігіне және банкроттыққа әдейі әкеп соқтырғаны толық дәлелденген.

Тергеу органымен жауапкер «Pima Казахстан» ЖШС-нің директоры бола тұра, салық және басқа да міндетті төлемдерден жалтару мақсатында 2012-2013 жылдардағы салықтық есептерін бұрмалағаны, алынған тауарлардың есебін әдейі дұрыс көрсетпегені анықталған.

Атап айтқанда, Г.Т.Тортпаева серіктестіктің «Казкоммерцбанк» АҚ-ның есеп-шоттарында болған 771 500 000 теңгені қолма-қол алып, салық декларацияларын нөлдік көрсеткішпен тапсырған.

Бақылау кассалық аппараттары уәкілетті органда тіркелмеген және мекенжайы бойынша анықталмаған «Петролиум Универсал Инвест», «Реаль-Сталь», «Трил Транс Лтд», «Микон-Нургимарат», «МонолитСтрой Торг» ЖШС-леріне 3,1 млрд. теңге көлемінде қаражаттар аударған.

Банкроттық рәсімін жүргізу барысында серіктестіктің бюджетке төленетін салықтар мен басқа да міндетті төлемдерден жалтару мақсатында әдейі банкроттыққа ұшырағаны белгілі болып, қылмыстық істер қозғалған.

Шымкент қаласы Абай аудандық сотының 2015 жылғы 10 қарашадағы үкімімен Г.Т.Тортпаева Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 240, 241-баптарымен (жалған банкроттық, бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептік туралы заңнамасын бұзу) және 245-бабының 1-бөлігімен (салықты төлеуден жалтару) кінәлі деп танылған.

Сот үкімімен сотталған тұлғамен мемлекетке 453 151 295 теңге материалдық залал (негізгі залал мөлшері) келтірілгені анықталған.

2015 жылғы 29 сәуірдегі салықтық тексерудің нұсқамасы бойынша Г.Т.Тортпаеваның заңсыз әрекеттерінен мемлекетке келтірген жалпы залал мөлшері 723 824 374 теңгені құраған. Соның ішінде: негізгі қарыз - 453 151 295 теңге, өсімпұл - 64 407 526 теңге, айыппұл - 107 672 002 теңге.

АПК-нің 76-бабының 3-бөлігіне сәйкес, заңды күшіне енген қылмыстық іс бойынша сот үкімі азаматтық істі қарайтын сот үшін осы іс-әрекеттер орын алды ма және оларды осы адам жасады ма деген мәселелер бойынша да, сондай-ақ, үкіммен белгіленген басқа да мән-жайларға және олардың құқықтық бағасына қатысты міндетті.

«Оңалту және банкроттық туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі-Заң) 6-бабының 1-тармағына сай, борышкердiң құрылтайшысы (қатысушысы) және (немесе) лауазымды адамдары әдейi банкроттық үшiн дәрменсiз борышкердің кредиторлары алдында өзiне тиесiлi мүлiкпен субсидиарлық жауаптылықта болады.

Банкроттың лауазымды адамы борышкердi төлем қабiлетсiздiгiне әдейi әкеп соқтырғаны үшiн оның мүлкiнiң меншiк иесiне залалды өтейдi.

Заңның 11-бабының 5-тармағына сәйкес, осы баптың 2-тармағының 1) - 6) тармақшаларында көзделген талаптарды орындау міндеттеріне кіретін борышкердің лауазымды адамдары борышкердің мүлкі барлық кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру үшін жеткіліксіз болған жағдайда, осы баптың 2-тармағы 1)-6) тармақшаларының ережелерін бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес ортақ субсидиарлық жауаптылықта болады.

Апелляциалық сатыдағы сот тек Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 44-бабының талаптарын басшылыққа алған.

Алайда, кодексте көрсетілген тұлғалар тізімі толық емес, арнайы Заңда жалған банкроттыққа жол бергені үшін заңды тұлғаның, лауазымды адамының жауаптылығы да көзделген.

Бұған қоса, жоғарыда айтылғандай сот үкімімен «Pima Казахстан» ЖШС-ін жалған банкроттыққа оның қатысушысы емес, Г.Т.Тортпаева әкелгені анықталған.

Осындай жағдайда, келтірілген залал тек серіктестіктің жалғыз қатысушысы - Б.В.Сыздыковтан өтелуі керек деген апелляциялық сатыдағы соттың тұжырымы негізсіз.

Сонымен қатар, Г.Т.Тортпаеваның серіктестіктегі еңбек қатынастары аяқталған деген соттың қорытындысы істегі мән-жайларға сәйкес келмейді.

Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 29-бабының 1-тармағына (еңбек шарты жасалғанда қолданыста болған) сәйкес егер еңбек шартының қолданылу мерзімі аяқталған кезде тараптардың бірде-бірі соңғы жұмыс күні (ауысым) ішінде еңбек қатынастарын тоқтатуды талап етпеген болса, онда ол белгіленбеген мерзімге жасалған болып есептеледі.

2010 жылғы 17 маусымда Г.Т.Тортпаева мен Б.В.Сыздыковтың арасында жасалған еңбек шарты бойынша жауапкер директор кызметін бір жыл атқаруға міндеттелген.

Оның үстіне Г.Т.Тортпаеваның ЖШС-тің құжаттарына басшы ретінде қол қоюы оның өз қызметін одан әрі жалғастырғанын айқындайды.

«Оңалту және банкроттық туралы заңнаманы қолдану практикасы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2015 жылғы 02 қазандағы № 5 нормативтік қаулысының 24-тармағына сай, мемлекеттік кіріс органдары банкроттық рәсімнің нәтижелері бойынша банкрот мүлкі жеткіліксіз болған жағдайда борышкердің лауазымды адамының кінәлі әрекетімен келтірілген залалды өндіріп алу туралы талапты қоюға құқылы.

Бұндай жағдайда, Г.Т.Тортпаеваның іс-әрекетінен мемлекетке залал келтірілген және ол қаражат жауапкерден өндірілуге жатады.

Істің мұндай тұрғысында, сот алқасы іс бойынша дәлелдемелерді жинау немесе қосымша тексеру талап ету қажет еместігін, істің мән-жайы дұрыс және толық анықталғанын, бірақ айғақтарға нақты құқықтық баға берілмей, материалдық және процестік құқық нормаларын қолдануда қателіктерге жол берілгенін ескере отырып, апелляциялық алқаның қаулысы заңды деп тануға болмайды, сондықтан оның күші жойылуға, ал бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылуға жатады деп санайды.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 2) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:


Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2016 жылғы 29 шілдедегі қаулысының осы іс бойынша күші жойылсын.

Оңтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2016 жылғы 27 сәуірдегі шешімі күшінде қалдырылсын.

Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының наразылығы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші: Е.Әбдіқадыров
Судьялар Ғ.Мырзаке
А.Сәрсенбаев




Қазақстан Республикасының

Жоғарғы Соты

НАРАЗЫЛЫҚ

/Оңтүстік Қазақстан облысы прокуратурасының

ұсынысы бойынша/

«Сах ЛТД» ЖШС-і (бұдан әрі – серіктестік) 2010 жылғы 12 сәуірде заңды тұлға ретінде тіркелген. 2013 жылдың мамырына дейін жалғыз қатысушысы Рамазанова Р.А. болған.

2010-2013 жылдар аралығында серіктестіктің директоры қызметін Т.Ахмедова атқарған.

Оңтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2014 жылғы 29 қаңтардағы шешімімен серіктестік банкрот деп танылып, банкроттықты басқарушы тағайындалған.

Серіктестіктің кредиторлар талаптарының тізіліміне сәйкес оның жалғыз кредиторы Әл-Фараби ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы, оның алдында берешек 93.461.962 теңгені құраған.

Банкроттық рәсімін жүргізу барысында серіктестік бюджетке төленетін салықтар мен басқа да міндетті төлемдерден жалтару мақсатында әдейі банкроттыққа ұшырағаны белгілі болып, қылмыстық істер қозғалған.

Шымкент қаласы Абай аудандық сотының 2016 жылғы 2 наурыздағы үкімімен Т.Ахмедова Қылмыстық кодекстің бұрынғы редакциясының 192-1, 216-баптарымен (кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру ниетінсіз мәмілелер жасасу, әдейі банкроттық) және жаңа редакциясының 245-бабының 1-бөлігімен (салықты төлеуден жалтару) кінәлі деп танылған.

Сот үкімімен сотталған тұлғамен мемлекетке 14.972.221.013 теңге материалдық залал келтірілгені айқындалған (негізгі залал мөлшері).

2015 жылғы 12 ақпандағы салықтық тексерудің нұсқамасы бойынша Т.Ахмедованың заңсыз әрекеттерінен мемлекетке келтірілген жалпы залал мөлшері 22.963.649.914 теңгені құраған. Соның ішінде 14,9 млрд. теңге - негізгі қарыз, 671,6 млн. теңге - өсімпұл, 7,3 млрд. теңге - айыппұл.

2015 жылғы 4 мамырда серіктестіктің банкроттық өндірісі аяқталып, заңды тұлға таратылған.

Осы мән-жайды ескеріп, Әл-Фараби ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы серіктестіктің бұрынғы басшысы Т.Ахмедовадан субсидиарлық тәртіпте 23.051.733.216 (кредиторлар талаптарының тізіліміндегі берешекті қоса есептегенде) теңгені өндіру туралы талап арызбен сотқа жүгінген.

Оңтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2017 жылғы 5 маусымдағы шешімімен салық органының талабы толық қанағаттандырусыз қалдырылған.

Аталған іс апелляциялық және кассациялық сатыларда қаралмаған.

Сот шешімі Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодекстің (әрі қарай – АПК) 224-бабына, Жоғарғы Соттың 2003 жылғы 11 шілдедегі №5 «Сот шешімі туралы» нормативтік қаулысының талаптарына қайшы болғандықтан оның күші төмендегі мән-жайларға байланысты жойылуға және салық органының талабы қанағаттандырылуға жатады.

Негіз ретінде сот Т.Ахмедованың жалған банкроттық мақсатында серіктестікті банкрот деп тану туралы өтінішпен сотқа жүгінбегенін, сондықтан субсидиарлық тәртіпте одан залал өндірілуге жатпайтынын көрсеткен.

Сонымен қатар сот салық қарызын одан жалтарған заңды тұлға төлеу керек деген пікірге келген.

Аталған тұжырым қате және заңнаманың талаптарына негізделмеген.

Біріншіден, Т.Ахмедованың серіктестікті төлем қабiлетсiздiгiне және банкроттыққа әдейi әкеп соқтырғаны толық дәлелденген.

Тергеу органымен жауапкер серіктестіктің директоры бола тұра, салық және басқа да міндетті төлемдерден жалтару мақсатында 2012-2013 жылдардағы салықтық есептерін бұрмалағаны, алынған тауарлардың есебін әдейі дұрыс көрсетпегені анықталған.

Атап айтқанда, Т.Ахмедова іс жүзінде жұмыстардың орындалмағанына, қызметтердің көрсетілмегеніне, тауарлардың тиеп-жөнелтпегеніне қарамай, «Железный Магнат» ЖШС-не 28,5 млрд. теңге, «Аlsu Metalls» ЖШС-не 2,3 млрд. теңге көлемінде қаражаттарды аударған.

Содан кейін төленуге жататын салықтан жалтару мақсатында салықтық есептерді бұрмалаған, кіріс пен шығыстарға дұрыс емес мәліметтер көрсеткен.

Жоғарыда айтылғандай, серіктестікті әдейі банкроттыққа ұшыратқаны үшін Т.Ахмедова Шымкент қаласы Абай аудандық сотының 2016 жылғы 2 наурыздағы үкімімен кінәлі деп танылып, сотталған.

Осылайша жауапкердің құқыққа қайшы әрекеттері айқындалған.

АПК-нің 76-бабының 3-тармағына сәйкес заңды күшіне енген қылмыстық іс бойынша сот үкімінің азаматтық-құқықтық дауға преюдициялық маңызы бар.

Екіншіден, сот қолданылуға жататын материалдық құқық нормасын қолданбаған.

«Оңалту және банкроттық туралы» Заңында (бұдан әрі – Заң) жалған және әдейі банкроттықтың түсініктері нақты айқындалған.

Жалған банкроттық – кредиторларға тиесілі төлемдердің мерзімін ұзарту, жеңілдіктер алу немесе оларды төлемеу мақсатымен заңды тұлға лауазымды адамының, құрылтайшысының әрекеттері не қабылдаған шешімдері нәтижесінде өзiнiң төлем қабілетсіздігі туралы көрінеу жалған хабарлау.

Әдейi банкроттық – заңды тұлға құрылтайшысының, органдарының, лауазымды адамының жеке мүдделері не өзге де тұлғалардың мүдделерi үшін жасаған әрекеттері нәтижесінде төлем қабiлетсiздiгiн қасақана жасау не ұлғайту.

Борышкердің лауазымды адамы оны әдейi банкроттыққа жеткізген жағдайда, мұндай өтініш кіммен берілгеніне қарамастан, оның кредиторлары алдында өзiне тиесiлi мүлiкпен субсидиарлық жауаптылықта болады.

Аталған міндет Заңның 6-бабының 1-тармағында тікелей көзделген.

Бұған қоса, Азаматтық кодекстің 288-бабына сәйкес негiзгi борышқор несие берушiнiң мiндеттеменi орындау туралы талабын қанағаттандырмаған жағдайда бұл талап орындалмаған бөлiгiнде басқа борышқорға (субсидиялық борышқорға) мәлiмдеуi мүмкiн.

Т.Ахмедова қылмыстық іс бойынша серіктестікті әдейі банкроттыққа ұшыратқаны үшін жауаптылыққа тартылған. Қылмыстық сотта ол серіктестікті өзі құрғанын, оған өзі басшылық еткенін, туысқаны – Р.Рамазанова заңды тұлғаға қатысы болмағанын, тек жауапкердің тапсырмасы бойынша қажетті құжаттарға қол қойғанын көрсеткен.

Сөйтіп, мемлекетке ірі көлемде зиян Т.Ахмедованың заңсыз іс-әрекетінен келген, негізгі борышкер - серіктестікте берешекті өтеу үшін мүліктер болмаған.

Демек, серіктестіктің кредиторы алдындағы міндеттемені субсидиарлық тәртіпте Т.Ахмедованың өзі өтеуі қажет.

Бұл ретте соттың Заңның 6-бабының 2-тармағын басшылыққа алып, борышкерді банкрот деп тану туралы өтінішті сотқа жауапкер бермегеніне сілтеме жасауы негізсіз.



Үшіншіден, серіктестік таратылған және заңды тұлғалар тізімілінен алып тасталған, яғни мемлекетке келтірілген залалды өтеудің басқа мүмкіндігі жоқ.

Іс құжаттардан Оңтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2015 жылғы 4 мамырдағы ұйғарымымен серіктестіктің қорытынды және тарату балансы бекітілген.

Әл-Фараби ауданының әділет басқармасының 2015 жылғы 29 желтоқсандағы бұйрығымен серіктестік Бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiнен алынып тасталған (істің 29-парағы).

Сондықтан соттың салық қарызын одан жалтарған заңды тұлға төлеу керек деген пікірі негізсіз, істің мән-жайына сәйкес келмейді.

Мемлекеттік кіріс органдары банкрот мүлкінің жеткіліксіз болғанда борышкердің лауазымды адамының кінәлі әрекетімен келтірілген залалды өндіріп алу туралы талап қоюға құқылы («Оңалту және банкроттық туралы заңнаманы қолдану практикасы туралы» Жоғарғы Соттың № 5 нормативтік қаулысының 24-тармағы).

Істің бұл тұрғысында Т.Ахмедованың іс-әрекетінен мемлекетке залал келтірілгені және ол қаражат жауапкерден өндірілуге жататыны сөзсіз.

Өз кезегінде, Т.Ахмедованы негізсіз субсидиарлық жауаптылықтан босату бюджеттің едәуір кіріссіз қалуына және мемлекетіміздің экономикасына теріс әсерін тигізуіне әкеледі.

Сот істі қараған кезде осы мән-жайларды ескермей, тараптар арасындағы құқықтық қатынастарға және ұсынған дәлелдемелерде дұрыс баға берместен, дауды дұрыс шешпеген, сондай-ақ материалдық және процессуалдық нормаларын бұзған, іс бойынша заңсыз сот актісін қабылдаған.

Сонымен қатар сот шешімі соттардың құқық нормаларын түсіндіруіндегі және қолдануындағы бірізділікті бұзады, бұған дейін Жоғарғы Сот қабылдаған қаулысына қайшы (2017 жылғы 28 наурыздағы №6001-17-00-3гп/50).

Соттармен материалдық және процессуалдық нормалары елеулі бұзылғандықтан, сондай-ақ АПК-нің 438-бабының 6-бөлігінде көзделген негіздердің болуына байланысты даулы сот актісін құқық үстемдігі мен сот тәжірибесінің бірізділігін қамтамасыз ету мақсатында кассациялық тәртіпте қайта қарау қажет деп санаймыз.

Іс бойынша қосымша дәлелдемелерді жинау және зерттеу қажет емес, сол себепті талап арызды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдау тиіс.

Қазақстан Республикасы АПК-нің 436, 438-баптарын, 439-бабының 1-бөлігін, «Прокуратура туралы» Заңның 24-бабын басшылыққа ала отырып,


ҰСЫНАМЫН:
Т.Ахмедовадан мемлекетке келтірілген залалды субсидиарлық тәртіпте өндіруден бас тартқан Оңтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2017 жылғы 5 маусымдағы шешімінің күшін жоюды.

Әл-Фараби ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының талап арызын қанағаттандыру туралы іс бойынша жаңа шешім қабылдауды.


Тіркемеде: №5165-17-00-2/1896 азаматтық іс 1-томда, Оңтүстік Қазақстан облысы прокуратурасының ұсынысы 4-парақта, реестр 1-парақта.

Қазақстан Республикасының

Бас Прокуроры Ж. Асанов

орынд.: Оңғарбаев А., т.301845

6001-17-00-3ГП/647

ҚАУЛЫ


 

2017 жылғы 07 қараша Астана қаласы

 

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:



төрағалық етуші судья Е.Әбдіқадыров,

судьялар Р.Мамырбаев, Ғ.Мырзаке,

прокурор О.Дюсенбаевтың,

«Әл-Фараби ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» РММ-нің өкілі Р.Исламбековтің, Т.Ахмедованың өкілі Д.Байсеитовтың қатысуымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Әл-Фараби ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Басқарма) жауапкер «Сах ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі - Серіктестік) бұрынғы басшысы әрі құрылтайшысы Тохтажан Агабалаевна Ахмедовадан бюджетке келтірілген 23 051 733 216,85 теңге залалды субсидиарлық тәртіппен мемлекет пайдасына өндіру туралы талап арызымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған

Оңтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2017 жылғы 05 маусымдағы шешіміне Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының наразылығымен келіп түскен азаматтық істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

 

Басқарма Серіктестіктің бұрынғы басшысы әрі құрылтайшысы Т.Ахмедовадан бюджетке келтірілген 23 051 733 216,85 теңге залалды субсидиарлық тәртіппен мемлекет пайдасына өндіруді сұрап, сотқа жүгінген.



Оңтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2017 жылғы 05 маусымдағы шешімімен талап арыз қанағаттандырусыз қалдырылған.

Аталған іс апелляциялық сатыда қаралмаған.

Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры наразылығында бірінші сатыдағы соттың шешімі материалдық және процестік нормаларды елеулі бұзып қабылданғандықтан, оның күшін жойып, талап арызды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Сот алқасы іс бойынша наразылықты қолдаған прокурордың түсінігін, Басқарма өкілінің талап арызды қанағаттандыру туралы пікірін, Т.Ахмедованың өкілінің қарсылығын тыңдап, іс құжаттары мен наразылықтың уәждерін зерделеп, төмендегі негіздерге байланысты дау айтылған сот актісінің күші жойылуға жатады деген қорытындыға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі -АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады. Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.

Іс құжаттарынан анықталғандай, Серіктестік 2010 жылғы 12 сәуірде заңды тұлға ретінде тіркеліп, оның 2013 жылдың мамырына дейін жалғыз қатысушысы Р.Рамазанова болған. 2010-2013 жылдар аралығында Серіктестіктің директоры қызметін Т.Ахмедова атқарған.

Оңтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2014 жылғы 29 қаңтардағы шешімімен Серіктестік банкрот деп танылып, банкроттықты басқарушы тағайындалған.

Серіктестіктің кредиторлар талаптарының тізіліміне сәйкес, оның жалғыз кредиторы болып Басқарма анықталған, оның алдында берешек 93 461 962 теңгені құраған.

Шымкент қаласы Абай аудандық сотының 2016 жылғы 2 наурыздағы үкімімен Т.Ахмедова Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің бұрынғы редакциясының 192-1, 216-баптарымен (кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру ниетінсіз мәмілелер жасасу, әдейі банкроттық) және жаңа редакциясының 245-бабының 1-бөлігімен (салықты төлеуден жалтару) кінәлі деп танылған. Сот үкімімен сотталған тұлғамен мемлекетке 14 972 221 013 теңге материалдық залал келтірілгені анықталған.

2015 жылғы 12 ақпандағы салықтық тексерудің нұсқамасы бойынша Т.Ахмедованың заңсыз әрекеттерінен мемлекетке келтірілген жалпы залалдың мөлшері 22 963 649 914 теңгені құраған. Соның ішінде 14 972 221 013 теңге - негізгі қарыз, 671 618 474 теңге - өсімпұл, 7 319 810 427 теңге - айыппұл. 2015 жылғы 4 мамырда Серіктестіктің банкроттық өндірісі аяқталып, заңды тұлға таратылған.

Басқарма Серіктестіктің бұрынғы басшысы Т.Ахмедовадан кредиторлардың тізіліміндегі берешекті қоса есептегенде 23 051 733 216,85 теңгені өндіру туралы талап арызбен сотқа жүгінген.

Т.Ахмедованың Серіктестікті төлем қабiлетсiздiгiне және банкроттыққа әдейi әкеп соқтырғаны толық дәлелденген.

Тергеу органымен жауапкер серіктестіктің директоры бола тұра, салық және басқа да міндетті төлемдерден жалтару мақсатында 2012-2013 жылдардағы салықтық есептерін бұрмалағаны, алынған тауарлардың есебін әдейі дұрыс көрсетпегені анықталған.

Т.Ахмедова іс жүзінде жұмыстардың орындамағанына, қызметтер көрсетпегеніне, тауарларды тиеп-жөнелтпегеніне қарамай, «Железный Магнат» ЖШС-не 28 571 450 927 теңге, «Аlsu Metalls» ЖШС-не 2 333 166 763 теңге көлемінде қаражаттарды аударған. Төленуге жататын салықтан жалтару мақсатында салықтық есептерді бұрмалаған, кіріс пен шығыстарға дұрыс мәліметтерді көрсетпеген.

«Оңалту және банкроттық туралы» Қазақстан Республикасының Заңында (бұдан әрі   Заң) жалған және әдейі банкроттықтың түсініктері айқындалған.

Борышкердің лауазымды адамы оны әдейi банкроттыққа жеткізген жағдайда, мұндай өтініш кіммен берілгеніне қарамастан, оның кредиторлары алдында өзiне тиесiлi мүлiкпен субсидиарлық жауаптылықта болады. Аталған жауаптылық Заңның 6-бабының 1-тармағында көзделген.

Бұдан басқа, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 288-бабына сәйкес, негiзгi борышқор несие берушiнiң мiндеттеменi орындау туралы талабын қанағаттандырмаған жағдайда бұл талап орындалмаған бөлiгiнде басқа борышқорға (субсидиялық борышқорға) мәлiмдеуi мүмкiн.

Т.Ахмедова қылмыстық іс бойынша Серіктестікті әдейі банкроттыққа ұшыратқаны үшін жауаптылыққа тартылған. Сотта ол серіктестікті өзі құрғанын, оған өзі басшылық еткенін, туысқаны   Р.Рамазанова заңды тұлғаға қатысы болмағанын, тек жауапкердің тапсырмасы бойынша қажетті құжаттарға қол қойғанын көрсеткен.

Сондықтан, мемлекетке ірі көлемде зиян Т.Ахмедованың заңсыз іс-әрекетінен келген, негізгі борышкер - Серіктестікте берешекті өтеу үшін мүліктер болмаған.

Осыған орай, серіктестіктің кредиторы алдындағы міндеттемесін субсидиарлық тәртіпте Т.Ахмедованың өзі өтеуі қажет.

Бұндай жағдайда, соттың Заңның 6-бабының 2-тармағын басшылыққа алып, борышкерді банкрот деп тану туралы өтінішті сотқа жауапкер бермегеніне сілтеме жасауы негізсіз.

Серіктестік таратылған және заңды тұлғалар тізілімінен алып тасталған, яғни мемлекетке келтірілген залалды өтеудің басқа мүмкіндігі жоқ.

Сонымен қатар, Оңтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2015 жылғы 04 мамырдағы ұйғарымымен Серіктестіктің қорытынды және тарату балансы бекітілген.

Әл-Фараби ауданының әділет басқармасының 2015 жылғы 29 желтоқсандағы бұйрығымен Серіктестік Бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiнен алынып тасталған.

Сондықтан, соттың салық қарызын одан жалтарған заңды тұлға төлеу керек деген пікірі негізсіз, істің мән-жайына сәйкес келмейді.

Сондай-ақ, Т.Ахмедованы негізсіз субсидиарлық жауаптылықтан босату бюджеттің едәуір кіріссіз қалуына және мемлекеттің экономикасына теріс әсерін тигізуіне әкеледі.

«Оңалту және банкроттық туралы заңнаманы қолдану практикасы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2015 жылғы 2 қазандағы № 5 нормативтік қаулысының 24-тармағына сай, мемлекеттік кіріс органдары банкрот мүлкінің жеткіліксіз болғанда борышкердің лауазымды адамының кінәлі әрекетімен келтірілген залалды өндіріп алу туралы талап қоюға құқылы.

Аталғандар негізінде, Т.Ахмедованың іс-әрекетінен мемлекетке залал келтірілгендіктен, ол жауапкерден өндірілуге жатады.

Сот істі қараған кезде осы мән-жайларды ескермей, тараптар арасындағы құқықтық қатынастарға және ұсынған дәлелдемелерде дұрыс баға берместен, дауды дұрыс шешпеген, сондай-ақ материалдық және процестік нормаларды бұзып, іс бойынша заңсыз сот актісін қабылдаған.

Істің мұндай тұрғысында, қабылданған сот актісінің күші жойылуға, іс бойынша талап арызды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдануға жатады.

АПК-нің 117-бабына және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)» Қазақстан Республикасы Кодексінің 535-бабының 1-1-тармағына сәйкес, Т.Ахмедовадан мемлекеттің пайдасына 1 037 327 995 теңге мемлекеттік баж өндірілуге жатады.

АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

 

Оңтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2017 жылғы 05 маусымдағы шешімінің күші жойылып, іс бойынша жаңа шешім шығарылсын.



«Әл-Фараби ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесінің «Сах ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бұрынғы басшысы әрі құрылтайшысы Тохтажан Агабалаевна Ахмедовадан бюджетке келтірілген 23 051 733 216,85 теңге залалды субсидиарлық тәртіппен мемлекет пайдасына өндіру туралы талап арызы қанағаттандырылсын.

Тохтажан Агабалаевна Ахмедовадан мемлекеттің пайдасына бюджетке келтірілген 23 051 733 216,85 (жиырма үш миллиард елу бір миллион жеті жүз отыз үш мың екі жүз он алты теңге сексен бес тиын) теңге залал, 1 037 327 995 (бір миллиард отыз жеті миллион үш жүз жиырма жеті мың тоғыз жүз тоқсан бес) теңге мемлекеттік баж өндірілсін.

Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының наразылығы қанағаттандырылсын.

 

 



Төрағалық етуші Е.Әбдіқадыров

Судьялар Р. Мамырбаев

 

Ғ. Мырзаке



 

Көшірмесі дұрыс.



Судья Р. Мамырбаев







Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет