Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау және төлеу қағидалары



жүктеу 90.25 Kb.
Дата21.04.2019
өлшемі90.25 Kb.

Қазақстан Республикасы

Денсаулық сақтау және

әлеуметтік даму министрінің

2015 жылғы « __ » ________

№______ бұйрығымен

бекітілген

Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау

және төлеу қағидалары



  1. Жалпы ережелер

1. Осы Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау және төлеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 7-бабының 4-тармағына сәйкес әзірленді және мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті (бұдан әрі – атаулы әлеуметтік көмек) тағайындау және төлеу тәртібін айқындайды.

2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

1) әлеуметтік келісімшарт – жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің мемлекеттік шараларына қатысатын Қазақстан Республикасының жұмыссыз, өз бетінше жұмыспен айналысатын және табысы аз азаматтары қатарындағы жеке тұлға мен халықты жұмыспен қамту орталығы арасындағы тараптардың құқықтары мен міндеттерін айқындайтын келісім;

2) жан басына шаққандағы орташа табыс – отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесі;

3) жиынтық табыс – атаулы әлеуметтік көмек тағайындау кезінде ескерілетін табыс түрлерінің сомасы;

4) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек (бұдан әрі – атаулы әлеуметтік көмек) – жан басына шаққандағы орташа айлық табысы облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада белгіленген кедейлік шегінен төмен жеке адамдарға (отбасыларға) мемлекет ақшалай нысанда беретін төлем;

5) орталық атқарушы орган – халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саласындағы басшылықты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шекте салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын мемлекеттік орган;

6) уәкілетті орган – республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың, қаладағы ауданның, аудандық маңызы бар қаланың атаулы әлеуметтік көмек тағайындауды жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органы;

7) учаскелік комиссия – атаулы әлеуметтік көмек алуға жүгінген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдерінің шешімімен құрылатын арнайы комиссия;

8) халықты жұмыспен қамту орталығы – жергілікті атқарушы орган ауданда, облыстық және республикалық маңызы бар қалада, астанада жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын іске асыру мақсатында құратын мемлекеттік мекеме.

9) халыққа қызмет көрсету орталығы (бұдан әрі – ХҚО) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес «бір терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштер қабылдау және олардың нәтижелерін көрсетілетін қызметті алушыға беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыруды жүзеге асыратын, сондай-ақ ақпараттық жүйелерден мәліметтер алу арқылы электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ететін заңды тұлға.

3. Атаулы әлеуметтiк көмек жергiлiктi бюджеттердің қаражаты есебiнен ақшалай нысанда көрсетiледi.

4. Атаулы әлеуметтiк көмектi алу құқығы тоқсан сайын табысы туралы құжаттар ұсыну арқылы расталады.





  1. Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау тәртiбi

5. Өтініш беруші атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау үшін өз атынан немесе отбасы атынан осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес өтінішпен және мынадай құжаттармен тұрғылықты жеріндегі уәкілетті органға не ХҚО-ға не кент, ауыл, ауылдық округ әкіміне жүгінеді:

1) жеке басын куәландыратын құжат (сәйкестендіру үшін);

2) осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша отбасы құрамы туралы мәліметтер;

3) осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша отбасы мүшелерінің алған табыстары туралы мәліметтер;

4) осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жеке қосалқы шаруашылығының бар-жоғы туралы мәліметтер;

5) өтініш берушінің (отбасы мүшелерінің) тұрғылықты жері бойынша тіркелгенін растайтын құжат (мекенжай анықтамасы немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкімінің анықтамасы);

6) жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары шеңберінде жасалған жағдайда әлеуметтік келісімшарттың көшірмесі.

Осы тармақтың бірінші бөлімінің 1), 4) тармақшаларында көрсетілген мәліметтерді растайтын құжаттарды ұсыну, оларда қамтылған ақпаратты мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың ақпараттық жүйелерінен алу мүмкіндігі болған кезде талап етілмейді.

Осы тармақта көзделмеген басқа да құжаттарды ұсынуды талап етуге жол берілмейді.

6. Өтініш беруші жүгінген кезде өтініштің, өтініш берушінің отбасы құрамы, өтініш берушінің отбасы мүшелерінің алған табыстары, жеке қосалқы шаруашылығының бар-жоғы туралы мәліметтердің (бұдан әрі – құжаттар) бланкілерін тегін алады.

Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 наурыздағы №162 қаулысымен бекітілген Жұмыспен қамту 2020 жол картасы шеңберінде жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысушы адамдардың ақшалай қаражат түрінде алған табыстары (шәкіртақы; жол жүруге және тұруға материалдық көмек; әлеуметтік жұмыс орындарына орналасқан адамдардың бюджет қаражаты есебінен субсидияланатын жалақысының бөлігі, көшуге арналған субсидиялар) есепке алынбайды.

7. Өтініш беруші келесі тоқсанға атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға қайта жүгінген жағдайда, осы Қағидалардың 5-тармағы бірінші бөлімінің 2) – 4) тармақшаларында көрсетілген мәліметтерде өзгерістер болмаған кезде осы Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтініш бланкісі ғана толтырылады.

8. Өтініш беруші осы Қағидалардың 5-тармағында көрсетілген құжаттарды ұсынғаннан кейін, оның қатысуымен уәкілетті орган немесе ХҚО өтініш берушінің және отбасы мүшелерінің жеке сәйкестендіру нөмірі бойынша мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың ақпараттық жүйелеріне осы Қағидаларға 6-қосымшаға сәйкес сұрау салуды қалыптастырады.

9. Мемлекеттік органдар және (немесе) ұйымдар сұратылған мәліметтерді растайтын мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың ақпараттық жүйесінде жоқ электрондық құжаттарды ұсынған кезде сұрау салуды жүзеге асыратын уәкілетті орган немесе ХҚО түпнұсқада берілген құжаттарды сканерден өткізеді, олардың түпнұсқалығын куәландырады, содан кейін өтініш берушіге құжаттарды қабылдағаны туралы белгісі бар өтініштің үзбелі талонымен бірге қайтарады.

Өтінішті және оған қоса берілген құжаттарды мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың ақпараттық жүйелерінен алынған мәліметтермен бір жұмыс күні ішінде электрондық түрде уәкілетті органға жібереді. Электрондық өтінім ХҚО маманының электрондық цифрлық қолтаңбасымен (бұдан әрі – ЭЦҚ) куәландырылады.

Уәкілетті орган немесе ХҚО өтініш берушіден атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін қабылданатын құжаттар топтамасының, сондай-ақ мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың ақпараттық жүйелерінен алынған мәліметтердің толықтығын тексереді, сканерлеу сапасын және өтініш беруші осы Қағидалардың 5-тармағына сәйкес ұсынған құжаттардың электрондық көшірмелерінің түпнұсқаларға сәйкестігін қамтамасыз етеді.

10. Уәкілетті орган ХҚО-дан электрондық өтінім келіп түскен күннен бастап бір жұмыс күні ішінде келіп түскен құжаттар топтамасын тексереді. Құжаттар тізбесі толық түспегені анықталған жағдайда ХҚО-ға осы Қағидаларға 7-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жоқ құжатты көрсете отырып, ХҚО қабылдаған құжаттарды қайтару туралы хабарлама жібереді және электрондық өтінімді қарамастан құжаттар топтамасын қайтарады. Хабарлама уәкілетті органның ЭЦҚ-мен куәландырылады.

ХҚО уәкілетті органнан хабарлама келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде анықталған қатені жояды және өтініш беруші түпнұсқада ұсынған өтініштің, құжаттардың және мәліметтердің электрондық көшірмелерін қамтитын құжаттарды қоса бере отырып, уәкілетті органға электрондық өтінімді, сондай-ақ мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың ақпараттық жүйелерінен алынған электрондық құжаттар мен мәліметтерді жібереді.

11. Өтініш беруші кент, ауыл, ауылдық округ әкіміне жүгінген кезде өтінішті және осы Қағидалардың 5-тармағында көрсетілген құжаттардың түпнұсқалары мен көшірмелерін салыстырып тексеру үшін ұсынады. Кент, ауыл, ауылдық округ әкімі көшірмелерді түпнұсқалармен салыстырады және келіп түскен құжаттар топтамасын тексереді, оларды тіркейді, содан кейін құжаттардың түпнұсқалары мен құжаттардың қабылданғаны туралы белгісі бар өтініштің үзбелі талоны өтініш берушіге қайтарылады.

Уәкілетті орган немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкімі өтініш берушіден құжаттарды немесе электрондық өтінімді алғаннан кейін өтінішті нөмірленген, тігілген және уәкілетті органның немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкімінің мөрімен бекітілген журналға тіркейді.

Уәкілетті орган немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкімі өтінішті тіркеп, қабылдағаннан кейін екі жұмыс күні ішінде қорытынды дайындау үшін оларды учаскелік комиссияларға береді.

Өтініш беруші бір күнтізбелік жылдың ішінде қайта жүгінген кезде тексеру жүргізу өтініш беруші ұсынған мәліметтерді нақтылау қажет болған, сондай-ақ өтініш берушінің (отбасының) тұрғылықты жері (бір әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде), отбасының құрамы мен табысы өзгерген жағдайларда ғана жүзеге асырылады.

Учаскелік комиссиялардың қызметі орталық атқарушы орган бекітетін Учаскелік комиссиялар туралы үлгілік ережеге сәйкес жергілікті өкілді органдармен келісілген және жергілікті атқарушы органдар бекітетін учаскелік комиссиялар туралы ережелермен реттеледі.

Учаскелік комиссиялар уәкілетті органнан немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкімінен құжаттарды алған күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде осы Қағидаларға 8-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ұсынылған құжаттардың және (немесе) өтініш берушінің (отбасының) материалдық жағдайын тексеру (бұдан әрі – тексеру) нәтижелері негізінде қорытынды дайындайды және қорытынды дайындаған күні оны уәкілетті органға немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкіміне береді.

12. Тексеру өтініш берушінің, ал ол болмаған жағдайда – отбасының кәмелетке толған іс-әрекетке қабілетті мүшелерінің бірінің қатысуымен жүргізіледі.

13. Тексерудің мақсаты өтініш берушінің (отбасының) материалдық жағдайын және өтініш берушінің атаулы әлеуметтік көмекке жүгінуіне байланысты мән-жайларды зерделеу болып табылады.

14. Жүргізілген тексерудің нәтижелері бойынша учаскелік комиссия осы Қағидаларға 9-қосымшаға сәйкес нысан бойынша Өтініш берушінің (отбасының) материалдық жағдайын тексеру актісін (бұдан әрі – тексеру актісі) жасайды, оған комиссия мүшелері қол қояды.

15. Учаскелік комиссия өтініш берушіні, ал ол болмаған жағдайда – отбасының тексеру жүргізуге қатысқан, кәмелетке толған іс-әрекетке қабілетті мүшелерінің біріне тексеру актісіне қол қойғызып, таныстырады.

16. Өтініш берушінің, ал ол болмаған жағдайда – отбасының кәмелетке толған іс-әрекетке қабілетті мүшелерінің бірінің тексеру жүргізуден бас тартуы учаскелік комиссияның барлық мүшелерінің қолы қойылған хаттамаға тіркеледі.

17. Кент, ауыл, ауылдық округ әкімі өтініш берушілерден келіп түскен өтінішті тіркеген күннен бастап он бес жұмыс күнінен кешіктірмей уәкілетті органға учаскелік комиссиялардың қорытындыларын қоса бере отырып, өтініш берушілердің құжаттарын тапсырады.

18. Өтініш берушіден қабылдап алынған өтініш уәкілетті органда тіркелген күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде қабылданатын, осы Қағидаларға 10-қосымшаға сәйкес нысан бойынша атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау немесе одан бас тарту туралы шешімге басшы немесе оның міндетін атқарушы адам қол қояды.

Уәкілетті орган атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау немесе тағайындаудан бас тарту туралы шешім қабылдағаннан кейін бес жұмыс күні ішінде өтініш берушінің жеке өзіне не ХҚО не кент, ауыл, ауылдық округ әкімі арқылы осы Қағидаларға 11-қосымшаға сәйкес нысан бойынша атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау немесе тағайындаудан бас тарту жөнінде қабылданған шешім туралы хабарлама береді.

Хабарлама уәкілетті органның ЭЦҚ-мен куәландырылады.

Уәкілетті орган адамның (отбасының) жиынтық табысын орталық атқарушы орган белгілеген тәртіппен, атаулы әлеуметтік көмекті тағайындатуға жүгінген тоқсанның алдындағы тоқсанға есептейді.

19. Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау оны алуға жүгінген айдан бастап ағымдағы тоқсанның соңына дейінгі мерзімге жүзеге асырылады. Қоса берілген құжаттармен өтінішті берген ай, жүгінген ай болып есептеледі.

Қаражат жетіспеген кезде атаулы әлеуметтік көмек өтініш тіркелген хронологиялық тәртіппен беріледі.

20. Атаулы әлеуметтік көмектің айлық мөлшерін уәкілетті орган жан басына шаққандағы орташа табыс пен облыстарда, республикалық маңызы бар қалада, астанада отбасының әрбiр мүшесіне немесе адамға есептелген кедейлік шегінің белгіленген айырмасы түрінде есептейдi.





  1. Атаулы әлеуметтiк көмектi төлеу тәртiбi

21. Атаулы әлеуметтік көмекті төлеу алушының таңдауы бойынша екінші деңгейдегі банктер немесе банк операцияларының тиісті түріне Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің лицензиясы бар ұйымдар арқылы жеке шотының реквизиттерін көрсете отырып, оның өтініші негізінде жүзеге асырылады.

22. Уәкілетті орган тағайындалған соманы алушылардың жеке шоттарына аударуды жергілікті бюджеттен қаражаттың келіп түсуіне қарай жүргізеді.

___________________________









Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет