Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин Қазақстан тарихын қайта жазуға қатысты жақсы ұсыныстар айтты. Осы мәселеге байланысты көзқарасыңыз қалай?



жүктеу 445.46 Kb.
бет2/3
Дата02.11.2017
өлшемі445.46 Kb.
1   2   3

Үздік ой

Алаш азаматтарын зерттеп жүргендіктен 30-жылдары қуғындалып кеткендердің кейбір ұрпақтары «менің әкем ескерусіз қалды, сіздер тарихшылар неге осыны қолға алмайсыздар» деп кейістік білдіріп жатады. Бұл, әрине, орынды да, дегенмен барлығын бірдей зерттеу, олардың атын шығару мүмкін емес. Ондай азаматтардың ұрпақтары өздері кірісіп, зерттеуші мамандарға қолында бар құжаттарымен көмек көрсетсе, сол тұлға жайында ізденістер алға жылжыр еді.


Автор: Сәкен НҰРҚАБЕКҰЛЫ

http://alashainasy.kz/person/43154/

Мұстафа Шоқай тағылымы

(К.Л. Есмағамбетовтың “Әлем таныған тұлға” атты кiтабына пікір)
ХХ ғасыр басында қазақ халқының өмiрiне етене араласып, өзiнiң идеясымен, қайраткерлiгiмен көзге түсiп, патша саясатына қарсы күрескен, азаматтарымыздың бiрi – Мұстафа Шоқай. Оның қайраткерлiгi Мемлекеттiк думаның Мұсылман фракциясына қатысуы барысында, 1916 жылы ұлт-азаттық көтерiлiс, 1917 жылғы Ақпан төңкерiсi тұсында танылды.

М. Шоқай Түркiстан автономиясын құруда елдiң саяси экономикалық жағдайын жақсартып, бүтiн және азат Түркiстан платформасын құруды қолдаған. Мiне, сондықтан М. Шоқайұлы ХХ ғасыр басындағы ұлт-азаттық және әлеуметтiк қайта жаңғыру үшiн басталған қозғалыстың көш бастаушыларының бiрi ретiнде қарастырылып келедi. Соңғы кездерде тарих ғылымы қайраткер жөнiнде ғылыми зерттеулер мен танымдық еңбектермен толығып, оқырмандарының жылы лебiздерiне ие болуда.

Қайраткердiң тұлғалығын танытуда тарихшы ғалым ағамыз Көшiм Лекерұлы Есмағамбетовтың “Дайк-Пресс” баспасынан жарық көрген “Әлем таныған тұлға” атты кiтабын атауымызға болады. Көлемi 31,5 баспа табақтық 7 тараудан тұратын бұл еңбек гуманист, қоғам қайраткерi Мұстафа Шоқайдың дүниетанымының қалыптасу кезеңiнен бастап, оның қайраткерлiк болымысын толықтай айқындауға арналған.

Автор М. Шоқайдың өмiр жолдары мен қоғамдық-саяси қызметiн Қазақстан, Ресей, Өзбекстан мұрағаттарымен бiрге Франция, Германия, Түркия және т.б. елдерiнiң мұрағат материалдарын қолдана отырып ашқан. Көп материалдар бұрындары қолданысқа енбеген тың деректер. Әсiресе М. Шоқайдың ғұламалығын негiздеуде Францияда сақталған жеке мұрағат қорларының қолданысқа енгiзiлуi үлкен жетiстiк десек болады.

Тарихшы-ғалым бұрындары М. Шоқай өмiрiне, қоғамдық-саяси, шығармашылық қызметiне байланысты шыққан кейбiр еңбектер мен оның естелiк үзiндiлерiн қазақ тiлiнде аудару сәтiнде жiберiлген қателiктердi мысалдармен көрсете отырып, мұндай еңбектер Шоқай тарихын зерттеушiлердi шатастыруға ұшырату ықтималдығын да атап өткен. Сонымен қатар Шоқайдың өмiрi мен қызметiн зерттеу барысында дерекөздерiн және оған қатысты жазылған еңбектердi қолдануда сын елегiнен өткiзу, жүйелеу, пайымдау қажеттiгiн ұсынуы аса орынды.

М. Шоқайдың есiмiн “отарлық озбырлық пен өктемдiкке қарсы азаттық қозғалысының идеологиясын қалыптастыруға, стратегиясы мен тактикасын анықтауға өлшеусiз үлес қосқан” тұлға ретiнде ерекше атау қажеттiгiн баса көрсете отырып, оның қайраткерлiгiн бар қырынан танытқан.

М. Шоқайдың балалық шағынан бастап, дүниетанымының қалыптасуын, патша саясатына қарсы күрес барысын құнды материалдармен дәйектеген ғалым оның қайраткер болып шыңдалуына түркi-мұсылман азаттық қозғалысы жетекшiлерiнiң пiкiрлер мен екi ғасыр тоғысындағы саяси ағымдар мен оқиғалардың әсерi болғандығын, Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов сынды саяси тұлғалардың тәуелсiздiк жолындағы саяси қызметтерiне тiлектес бола отырып, Алаш қозғалысына ат салысып, тәуелсiздiк идеясы жолындағы күресте осы зиялылардың ақыл-кеңестерiне сүйенгендiгiн зерделей көрсетедi.

Кiтапта М. Шоқайдың Бүкiлресейлiк мұсылман съезiне қатысуы, Мемлекеттiк думаның Мұсылман фракциясындағы қызметi мен думадағы татар, башқұрт, әзiрбайжан халықтарының өкiлдерiмен тығыз байланыста болуы, мұсылман фракциясы арқылы қазақ мәселесiнiң шешiлуiне атсалысуы айқын суреттеледi.

Автор М. Шоқайдың ұлттық қайраткер ретiнде саяси сахнаға шығуына 1916 жылғы Түркiстан мен қазақ жерiндегi ұлт-азаттық қозғалыстың серпiн бергендiгiн айта отырып, оның Алаш жетекшiлерi секiлдi халықты қырғынға ұшыратпас үшiн патша жарлығына көнуге, бұл мәселенi жоғарғы билiк орындары, яғни Мемлекеттiк дума арқылы шешуге шақырғандығын, алайда зиялылардың бұл ұсыныстарына бойұсынбай, көтерiлген халыққа қарсы шыққан патша өкiметiнiң шексiз жауыздығын өз көзiмен көре мерзiмдi баспасөзге мақала жариялау арқылы қынжылыс бiлдiргендiгiн де ашып бередi.

М. Шоқайдың Алаш қайраткерлерiнiң басылымы болған, 1913-1918 жж. аралығында шығып тұрған “Қазақ” газетiмен арадағы байланысы мен Алаш қозғалысындағы рөлi бағаланған.

Кiтаптың басты ерекшелiгi М. Шоқайды ХХ ғасыр басында қазақ зиялыларының идеясын шет мемлекетте жалғастырған, оның тек қазақ халқы ғана емес, түркi тiлдес Ресей үкiметiне бодан халықтардың бостандығы жолында күрескен, бiртұтас түркi халықтарының мемлекетiн құруға бастамашы болған күрескер тұлға және әмбебап публицист, тарихшы екендiгiн жан-жақты дәйектi түрде таныта бiлуiнде. Нақтылай айтсақ, бiрiншiден, Мұстафа Шоқай ұлт мүддесi жолында патша саясатына қарсы шығып, Мемлекеттiк думаларға қатысып, мерзiмдi басылымдар арқылы жер, тiл, дiн мәселесiн көтерген, патша өкiметi құлағаннан кейiн Алаш партиясы мен Алашорда үкiметiн құрып, оның алға қойған мiндеттерiн жүзеге асырудағы iс-әрекеттерi, кеңес өкiметiмен арада туындаған түсiнiспеушiлiк пен қарама-қайшылықтан азамат соғысы жылдарында жау күштермен одақтас болып, үкiмет билiгiне қарсы шыққан, 30-шы жылдары қуғын-сүргiнге ұшыраған Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М. Дулатов, Р. Мәрсеков, Х. Ғаббасов, И. Әлiмбеков және т.б. қазақ зиялыларының ой-пiкiрлерiн жиырма жылдай насихаттауын дәлелдi түрде айқындап бередi. “Отаршылдықтың ойраны мен қайғы-қасiретiн бастарынан өткерген қазақ, өзбек, қырғыз, т.б. халықтардың тағдыры өз тағдырымен бiте қайнасқан, ұлт мүддесi өз өмiрi мен күресiнiң мақсат-мұратына айналған, жиырма жыл бойы Еуропа төрiнде Алаш идеяларын жалғастырып, тәуелсiздiк туын көтерген сондай тұлғаның бiрi де, бiрегейi де – Мұстафа Шоқай” деп тұжырымдауы осының айғағы.

Екiншiден, оның қазақ ұлтынан басқа өзбек, түркiмен, әзiрбайжан және т.б. түркi-мұсылман, басқа да грузин, украин, араб, ауған, парсы халықтарының мұң-мұқтажын жоқтаған, осы халықтардың отар елдерге айналмай, тәуелсiз мемлекет болуы жолында күресуге, әрi Түркiстан халқының басым көпшiлiгiн автономия идеясының төңiрегiне топтастыра отырып, ұлттық мүдденi қорғауға шақырған сара саясаткер екендiгiн нақтылай көрсеткен.

М. Шоқайдың шетелге кетiп “Түркiстан Ұлттық бiрлiгi” ұйымының қызметiн жандандырып, Еуропаның жоғары оқу орындарына бiлiм iздеп келген түркiстандық жастарды қамқорлыққа алуды көздеген және Германияда оқып жүрген мұсылман жастарын жұмысқа тартқан. Кiтапта автор “Түркiстан Ұлттық бiрлiгi” ұйымындағы Шоқайдың рөлiн, оның А. З. Валидимен арадағы байланысы мен екеуара келiспеушiлiктiң негiзгi себептерiн зерделеген.

Үшiншiден, Түркiстан Мұхтарияты құлағаннан кейiн “Бiрлiк туы” арқылы большевиктiк үкiметтiң ұлттардың өзiн-өзi билеу құқығы жөнiндегi ұрандарының алдамшы, жалған екендiгiн дәлелдеп жазғанын, шет мемлекеттерде жүрiп, баспа беттерi арқылы түркi халықтарын бодандық бұғауында ұстап отырған большевиктерге қарсы дамылсыз күрес жүргiзiп, Түркия, Ауғанстан, Шығыс Түркiстан, Еуропа сияқты елдердегi түркi-мұсылман халықтарының басын бiрiктiрiп, тәуелсiздiк жолында күресуге шақырғандығын оның “Яш Түркiстан”, “Йени Түркiстан”, “Прометей” және тағы басқа басылымдарда жарияланған мақалалар дәлелдейтiндiгiн баса көрсетедi. Жалпы баспасөздiң М. Шоқайдың қоғамдық-саяси қызметiн айқындауда аса маңызды екендiгi автор “Ұлттық қозғалыстың мақсаты, мұраттарын түсiндiрiп, түркiстандықтарды тәуелсiздiк идеялары төңiрегiне топтастыруда баспасөздiң орны ерекше” деп жазуынан белгiлi.

М. Шоқай Францияға келгеннен кейiн баспасөз саласында қызмет етiп, қаламын шыңдай түскен. Әсiресе оның баспагерлiк қызметi “Түркiстан Ұлттық бiрлiгi” ұйымының органы болған “Йени Түркiстан” (“Жаңа Түркiстан”) журналын ұйымдастыруда танылған. 1927 жылдың маусымынан бастап шыққан бұл журнал Түркiстанның ұлттық тәуелсiздiгi идеясы мен түрiкшiлдiк ой-пiкiрлерiн таратуда, түркi халықтарының рухани бiрлiгiн насихаттауда маңызды рөл атқарған. 1929 жылы желтоқсаннан бастап осы журналмен қатар “Яш Түркiстан” (“Жас Түркiстан”) журналы шығарылған. Аталмыш екi журналда М. Шоқайдың көптеген мақалалары жарияланды. Ғалымның көрсетуiнше, “Яш Түркiстан” беттерiнде М. Шоқайдың жалпы қоғам дамуына, дүниежүзiнде болып жатқан оқиғаларға және ұлт-азаттық қозғалысының формалары мен күрес тәсiлдерiне, түркi халықтарының мәдениетi мен тарихына қатысты көзқарастары көрiнiс тапқан. Қайраткердiң журналға терең мағыналы, сан-саналы тақырыптардың қамтылуын қадағалауы және өзiнiң осы журналда әр түрлi мәселелердi көтеруi сөзсiз оның бiлiмдарлығын бiлдiредi.

Кiтапта “Яш Түркiстан” журналын 30-шы жылдары iрi мемлекеттерге кең тарап, оны алдырушылардың саны, ұлты жағынан көп болғандығы дәлелдi түрде айтылады. Осы журналға М. Шоқай бағыт берумен күрделi жұмыстар атқарғандығы, жалпы халықаралық қауымдастық “Яш Түркiстанның” Орта Азия мен Қазақстан бойынша сенiмдi дереккөзi ретiнде қарауының мәнiсi дәйектi түрде негiзделген. Жоғарыда айтылған аталмыш журналдар арқылы М. Шоқайды публицистiк қырынан танытуы үлкен жетiстiк деуге болады.

Төртiншiден, М. Шоқайдың халықаралық сарапшы және тарихшы ретiнде қарастырылуы қайраткердiң тек түркi халықтарының ұлт-азаттық қозғалысын ғана емес, батыс елдердiң шығыс халықтары жөнiндегi саясатын жетiк бiлетiндiгiн, халықаралық жағдаймен жете таныс екендiгiн нақтылайды. Автор оның басты тақырыбы Кеңес Одағының Түркия және басқа мұсылман елдерi жөнiнде жүргiзiп келген саясатының екiжүздiлiгiн әлем халықтарына жария ету екендiгiн айқындап, осы жолда оның ағылшын, француз, итальян, немiс басылымдарында сыни мақалалар жариялап, сұхбаттар беруi арқылы бiлгiр саясаткер, терең сарапшы болғандығын дәлелдейдi. Қайраткердiң iрiлi-ұсақ мемелекеттердiң тарихын, олардың iшкi және сыртқы саясаттарын зерттеудiң арқасында Еуропа соғысының болатындығын алдын-ала болжауын оның көрегендiгiне, терең ойшылдығына жатқызады.

М. Шоқайдың тарихшылығын да оның ғылыми-публицистiк еңбектерiне, естелiктерiне қарап бағалайды. Оның Ресей үкiметiнiң отарлау саясатына қатысты әрекеттерi, қоныстандыру барысы, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерiлiс, 1917 жылғы ақпан және қазан төңкерiсi, Алаш қозғалысы, Түркiстан Мұхтарияты, басмашылар қозғалысы, Кеңес өкiметiнiң қысымшылық саясаты, ұлт мәселесiне, ашаршылыққа және т.б. тақырыптарда жазғандары тарих саласы үшiн таптырмайтын құнды дерек екендiгiн пайымдаған. М. Шоқайдың еңбектерiнде тарихи зерттеулер әдiснамасына орай бiршама құнды пiкiрлер барлығы, кейбiр еуроцентристiк тұжырымдамаларға қарсы келгендiгi жөнiнде кiтапта мысал келтiрiле айтылады.

М. Шоқайдың тек қазақ халқының ғана емес, күллi түркi халықтарының әдебиетiне, мәдениетiне, шаруашылығына аса назар аудара бағалағандығы, оның бұл еңбектерi шетел ғалымдары тарапынан үлкен сұранысқа ие болғандығы да кiтапта терең түрде ашылған.

Бұл кiтап М. Шоқайдың 20-30 жылдардағы саяси қызметiмен қоса, аса күрделi де қиын өмiр жолдарын айқындай отырып, оның қайраткерлiгiнiң қыр-сырын жан-жақты ашып берген ғылыми еңбек дей аламыз.

Халқымыздың тарихи танымын кеңейтетiн осындай кiтаптың шығуы қуаныш. Сондықтан Мұстафа Шоқайдың тұлғасын тарихи тұрғыда бағалаған бұл кiтап әлi де өз оқырмандарының арасында лайықты бағасын алар деп сенемiз.
Светлана СМАҒҰЛОВА, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы

Тарих және этнология институты,

«Түркістан» газеті, 21 05 2009 жыл.

http://archive.turkystan.kz/page.php?page_id=31&id=3362


АЛАШТЫҢ БЕЙМӘЛIМ ҚАЙРАТКЕРI БИАХМЕТ
Семей өңірінде дүниеге келіп, бар-жоғы отыз алты жыл өмір сүрген, алайда халқы үшін көп істі жасап үлгерген ұлт азаматының бірі – Биахмет Шигедекұлы Сәрсенов. Ол 1885 жылы Семей облысына қарасты Зайсан уезінің Нарын болысында (қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Ақсуат ауданы) дүниеге келген. Бұл азаматтың қайтыс болғандығын Семей, Ақмола қазақтарына хабарлай отырып, оның халқы үшін істеген қызметін «Қазақ тілі» газетінің 1921 жылғы 22 тамыздағы нөміріне «Бияш» деген мақала басумен танытқан зиялылар Жүсіпбек Аймауытов пен Мәннан Тұрғанбаев болды. «… ол қызметке жүйріктігімен көзге түсіп, ауызға ілінетін, санаулы қазақ азаматтарының ішінде маңдай алды жігіттің бірі еді», – деп жазған еді.

Биахмет 1905-1909 жылдар аралығында Семейдегі мұғалімдер семинариясында оқып, оны бітіргеннен кейін ел ішіне барып бес жылдай бала оқытып, 3 жылдай болыс­тық кеңесте қызмет атқарған. 1917 жылы патша өкіметі құлаған кезде ел азаматтарымен бірге әлеумет жұмысына араласты. Осы жылдың наурыз айында Райымжан Мәрсековтың басшылығымен Семей облыстық қазақ комитеті құрылып, Биахмет осы комитетке мүше болып сайланады және облыстық комитеттің тапсырмасымен Павлодар уезіне жіберіліп, қазақ комитеттерін құруға белсене араласады. 1917 жылдың 27 сәуір мен 7 мамыр аралығында Ж.Ақбаевтың төрағалығымен Семейде облыстық қазақ съезі өткізіліп, делегат ретінде Биахмет те қатысып, Х. Ғаббасов, Р. Мәрсеков, М. Боштаевтармен бірге бір дауыстан төрағаның жолдастығына сайланады. Съезд барысында облыстық комитеттің істеген жұмысы, жаңа тәртіпті нығайту, комитеттер ашу, сот мәселесі, Құрылтай жиналысына делегат сайлау, автономия жайында, дін, оқу, баспасөз, жер мәселелері, ел арасындағы пошта жұмысын реттеу барысы, облыс, губерния, уезд шекарасын белгілеу арқылы жаңа облыс құру, қазақ ақшасы мәселесі, соғыс және жұмысшы хақында, 1916 жылғы маусым жарлығынан кейінгі бүліншілік пен оның шығыны мен зияны турасында, әйел, денсаулық, шаруашылық, қазақ арасындағы дау-жанжал және т.б. мәселелерді қарас­тыру жайында жоба жасалып бекітілген болатын. Ресми түрде облыстық қазақ коми­теті құрылып, Биахмет Сәрсенов Ж.Ақбаев, Р. Мәрсеков, Х. Боштаев, Ә. Ермеков және тағы басқа ұлт азаматтарымен бірге мүше болды.

Биахмет Сәрсеновтың Құрылтай жиналысына депутат болуын Әлихан Бөкейханов лайықты көрген. 1917 жылы шыққан «Қазақ» газетінің 235 санындағы «Қазақ депутаттары» деген мақаласында Құрылтайға лайықты депутаттардың арасынан оның да есімі аталады. «Біз осы қазақ жұртына депутат болатын жігіттердің мұнан бұрын не қылғанын, қай жолда жүргенін «Қазаққа» басып, оқушыларды таныстырамыз. Бұлар өздері де сайлау алдында ел аралап, пікірлерімен таныстырар, ошақ майлар қара жарыста озғанды жұрт қалап бәйгеге қосар»,– деп жазған болатын.

Ол Семейде Р. Мәрсеков, Х. Ғаббасов және И. Әлімбековтермен бірлесе «Сарыарқа» газетінің шығуына белсене араласып, бірнеше мақаласын газет бетінде жариялаған. Негізі, Биахметтің өмірі Алаш партиясымен тығыз байланысты. Алаш партиясына белді мүше болып, Орынборда өткен бірінші жалпықазақ (1917 ж. 21-26 шілде) және екінші жалпықазақ (1917 ж. 5-13 желтоқсан) съездерін ұйымдастырушылардың бірі, әрі осы съездерді өткізуге белсене қатысады. Бұл съезде жалпы он төрт мәселе қаралып, соған орай шешім қабылданған болатын. Осы мәселелердің бірі алда өткізілетін Құрылтай жиналысын даярлау және депутат сайлау еді. Биахмет Бірінші жалпықазақ съезінде Құрылтай жиналысына Семей облысы атынан депутат болып сайланады. 12 қыркүйекте Р. Мәрсековтың төрағалығымен өткен облыстық кеңесте бұл съездің шешімі мақұлданып, тек Г.Н. Потаниннің белгілі себептермен бара алмайтындығына орай Биахметтің ұсынысымен депутаттар тізіміне Райымжан Мәрсеков енгізіледі. «Қазақ» газетінің 19 қазандағы нөмірінде Алаш партиясы атынан құрылтай жиналысына аталған депутаттар жайында шағын мәлімет жарияланып, Биахмет жайында «учитель, пікірлі, ұлтшыл жігіт» деп келтірілді. Семейдегі Алаш партиясының уақытша облыстық комитеті кұрылып, оның құрамына Ә. Бөкейханов, Р. Мәрсеков, И. Әлімбеков, А. Қозыбағаров, Т. Құнанбаев, Х. Ғаббасов, С. Дүйсенбиев, Ә. Ермеков, М. Малдыбаев, Ә. Молдабаев, Б. Сәрсенов мүше болып, Алаш партиясына мүшелікке кірмек болған азаматтарға қойылатын талаптар мен партияның бағдарламасына енгізілетін мәселелер белгіленген еді. Мәжіліс шешімі бойынша партия қатарына «кін­дік комитеттің айтқанын екі қылмайтын, бұйырғанын дәл орындаған, Алаш партиясының программасын жақтырып жөн көрген, программасындағы мәселелерді іске айналдыруға тырысатындар» мүше ретінде кіретін болды. Сонымен қатар, бұл мүшелерінен партияның бағдарламасынан таймау, өтірік айтпау, шыншыл, адал, тура болу талап етілді. Екінші жалпықазақ съезінде А. Байтұрсынов, М. Жұмабаев, Е. Омаров, Т. Шонановпен бірге Білім комиссиясының құрамына сайланды. Сонымен қа­­тар, Алаш қаласындағы Думаға мүше болып, 21-25 қарашасында Шығыс Алашорданың Алаш (Семей) қаласында болған жиылысында Алаш партиясының атынан қалалық Думаның төрағалығына Биахмет Сәрсенов, орынбасарлығына Мұстақым Малдыбаев, қала басшылығына Павел Шевченко, ал оның орынбасарлығына Александр Ермаков сайланған. 1917 жылдың 6-17 желтоқсан аралығында Семей уездік төтенше жиналысында Семей облыстық земство жиналысының құрамына мүше болады. Осы қызметтерде жүріп облыс төңірегінде көптеген маңызды істерді шешуге белсене қатысты.

Кеңес өкіметі орнағаннан кейін, 1919 жылы Алаш партиясы мен Алашорда үкіметі мүшелеріне кешірім жарияланып, қалалық билік басында болған қызметкерлердің көпшілігіне әкімшілік қызметте болуға рұқсат берілді. Биахмет Орынборға барып, алғашқы уақытта соғыс комиссариатының саяси білім беретін бөлімінде басшылық жасайды. Сонымен қатар, Орынбор губерниясында оқытушылық қызмет те атқарады. Бұл салада жүріп, өзінің шебер оқытушы, ұстаз екендігін көрсете білді. Әкімшілік ісіне де жетік болып, тиянақты орындады. М. Тұрғанбаев пен Жүсіпбек Аймауытовтың: «Оның араласпаған қызметі болмады. Қандай жұмысқа кіріссе де тереңінен біліп, тез бітіретін», деуі осыны білдіреді. Жалпы, Биахметтің дипломаттық қасиетін де аңғарған ұлт зиялылары болды. «Бір көрген кісінің сырын тез біле қойып, ыңғайымен жүріп, өзінің мақсатты жұмысын орындатуға, өз сырын кісіге жуырда бермеуге, бір көрген адамды ұршықтай айналдырып алуға, қисыны келген жерде сескендіріп қоюға онан жетік кісі қазақ оқығандарының арасында жоқ деуге болады», – деп жазуы, оның білгір де білікті қайраткер болғандығын нақты көрсеткендей.

Биахмет Семейдегі атты әскер, милиция құруды бірден-бір қолдады. Алаш атты партизан полкін ұйымдастырушы 38-дің ішінде Биахмет пен оның ағасы да болған. Ол жалпы қазақтың басын қорғайтын әскери күштің, милицияның қажеттігін насихаттай отырып, оған қазақ жігіттерін тартуды қалады. 1918 жылдың маусымына қарай Семей қаласындағы Алаш әскери жасағының саны 300-ден 500-ге дейін өскен. Бұл әскери күш уақытша Сібір үкіметінің құрамында кеңестік билікке қарсы күрескен. Биахметтің бірнеше мақаласы «Қазақ» және «Сарыарқа» газеттеріне жарияланып, сол кездегі өзекті мәселелерді қозғай білді. Мәселен, Сібірдегі автономия мәселесіне байланысты «Сарыарқа» газетінің 20 қыркүйектегі санына басылған «Автономия кеңесі» деген мақаласында Том қаласында 8-15 қазанда Сібір автономиясын құруға қатысты съезд өткізбектігі, бұл автономияға Ақмола мен Семей облыстарын еңгізбектігін, тіпті Торғай облысын да қоспақтығына орай Ә. Бөкейхановты шақырып отырғандығын келтірген болатын. «Сібір автономиясына қазақтың Ақмола, Семей, Торғай облыстарының қосылуы пайдалы ма, жоқ әлде залалды ма» деген сауалды қоя отырып, Сібірге қосылудың маңыздылығын үш жолмен көрсетпек болған. Оның біріншісі, қазақ болып өз ордасын тігуге ертеректігі. Бұны Биахмет «…бір шеті Алтайда, бір шеті Оралдың күнбатыс жағында – Астраханда, бір бұрышы Ташкент-Бұқара арасындағы халық бар. Қазақтың басы қайтып қосылар?» деген қорқынышта болса, екіншісі, «Сібір автономиясын алғанда бір шарты – ішіндегі һәм басқа жұрттар Сібірден өздері автономия алып, болса автономиялы жұрт болмақ. Бұлай болғанда, қазақ автономиялы бөлек бір мемлекет болмақ» десе, ал үшінші жолы «Ақмола, Семей, Торғай қазақтарының Сібір автономиясына кіргені, жалпы қазақ бас қосылар күн туса, жерге қарамай өнер-білім, тұқымға сүйенетін бола қалса, еш бөгет жоқ» екендігін білдіреді. 1920 жылдың 30 тамызында Бүкілресейлік Орталық Атқару комитеті мен РКФСР Халық Комиссарлар Кеңесінің декреті бойынша Автономиялық қазақ (қырғыз) Социалистік Кеңес республикасы құрылғаннан кейін Биахмет Орынборға шақыртылып, бастапқы уақытта соғыс комиссариатына қарасты саяси білім бөлімін басқарды. Одан кейін бірнеше жауапты қызметтер атқарды. Атап айтқанда, Қазақ Халық ағарту комиссариатына шақырылып, оның алқа мүшесі болды. Әлеуметтік тәрбие беру және мектеп істері бөлімдері басшылығын атқарды. Сонымен қатар, Орынбордағы мұғалімдер курсында және Қазақ Халық ағарту институтында дәріс беріп, қазақ мектеп­теріне мұғалімдер даярлауға белсене атсалысты. Мәннан Тұрғынбаев пен Жүсіпбек Аймауытовтың жазуынша, ол білікті педагог, психолог бола білді. Тұрмыстары нашар, мұқтаж шәкірттерге бар мүмкіндігінше олардың жақсы білім алуына көмектесуге тырысқан. Дегенмен, Биахметтің өмірі қысқа болды. Елді ашаршылық, жұқпалы ауру жайлаған кезде қол ұшын беруге асыққан қайраткерге оба ауруы жұғып, 1921 жылдың 17 шілдесінде Орынбор қаласында қайтыс болды.

Биахмет Сәрсенов аз ғұмырына қарамастан ХХ ғасыр басында қазақ қоғамындағы қоғамдық-саяси қозғалысқа белсене араласқан, талай істі атқара отырып, қазақ халқы­ның саяси тұрғыдан дамуына үлес қосқан ірі тұлғалардың бірі. Оның тарихи тұлғасын зерттеу болашақтағы істің бірі болмақ.
Светлана СМАҒҰЛОВА,

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және

этнология институтының

аға ғылыми қызметкері,

тарих ғылымдарының докторы
// Дала мен қала. 2011

http://old.dmk.kz/ruhaniyat/alashtyin-beymalim-kayratkeri-biahmet.html

Райымжан Мәрсековтың жұмбақ жақтары өте көп
ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысы жаңа да сапалы сатыға көтерілді. Отарлық езгіге қарсы күрестің бел ортасында Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, М.Тынышбаев, Ж.Ақбаев, Р.Мәрсеков сынды көптеген алаштықтар болды. Осылардың ішінде Райымжан Мәрсековтің өмірі мен қызметіне арнайы тоқталғанды жөн көрдім.

Райымжан Мәрсекұлы 1879 жылы (кейбір деректерде 1877 ж. деп келтіріледі – С.С.) бұрынғы Семей облысы Өскемен уезінің Айыртау болысында (қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданында) дәулетті отбасында дүниеге келді. Арғы атасы Сасықбай Терістаңбалы Найманның ішіндегі Семей, Өскемен өңіріне танымал шешен, ұшқыр ойлы, даналығымен белгілі болған адамдардың бірі екен. Әкесі Мәрсек кезінде Өскемен өңіріне атағы шыққан, Айыртау болысының управителі болған ықпалды, беделді, ән-күй десе ішкен асын жерге қойған адам көрінеді. Заман ағымын аңдай білген Мәрсек, келешек – баланы оқыту екенін жақсы түсініп, Райымжанды уездік орыс-қазақ мектебінде оқытып, сауатын аштыртады. Мұнан соң Райымжан Омбы қаласының классикалық гимназиясына оқуға түсіп, оны 1897 жылы ойдағыдай бітіріп шығады. Озық ойлы, оқымысты ұстаздардан дәріс алған Райымжан 1897 жылы Ресей империясының астанасы Санкт-Петербургтегі Император университетінің заң факультетіне оқуға түседі. Ол білім алған жылдары және онан ілгері-кейінді Петербургте Ә.Бөкейхан, Б.Қаратаев, Ж.Ақбаев, Б.Құлманов, Ж.Сейдалин, А.Тұрлыбаев, Б. Сырттанов, М.Тынышбаев сияқты кейіннен қазақ халқының зиялы қауымының қаймағы болған жастар оқиды. Олардың барлығы университет қабырғасынан терең білім алып, қазақтың ғылым, заң, оқу-ағарту, денсаулық саласында өшпес із қалдырды. Көпшілігі ұлт-азаттық қозғалысының белсенді қайраткері болды.

Университетте оқып жүріп Райымжан қоғамдық жұмыстарға белсене кірісіп, өзі сияқты білім іздеп келген қазақ жастарымен қоян-қолтық араласады. Ол Ж.Ақбаевпен бірге студенттік жерлестер ұйымын құрып, елде болып жатқан саяси, әлеуметтік жағдайларды қадағалап, мәжілістерінде талқылап отырды. Ұйым мүшелері жағдайлары нашар қазақ студенттеріне қаражатпен көмектесу мәселесін де қолға алады.

Райымжан атақты ғалымдардан дәріс алды және өзін білімге құштар шәкірт ретінде көрсете білді. Сол кездерде заң факультетінде И.Я. Фойницкий, В.В. Ефимов, В.И. Сергеевич, Н.М. Коркунов, В.Н. Латкин, Ф.Ф. Мартенс, А.Х. Гольмстен сияқты ғалымдар қызмет етіп, дәріс берген. Райымжан оқыған жылдар империядағы саяси жағдайдың ушығып, қарсылық қозғалыстарына оқушы-студент қауымының да белсене араласа бастаған кезі болатын. Санкт-Петербургте патша билігіне қарсы студенттік қозғалыс болып, жоғары оқу орындарының студенттері ақпан-наурыз айларында бірнеше рет қарсылық ереулісін ұйымдастырады. Полицияның озбырлығына қарсы шыққандардың арасында Райымжан да болады. Осындай оқиғаларда саяси шынығып, қайратты да саналы күрескер ретінде қалыптасады.

Ол қазақ жерінің талан-таражға түсіп тарылуын өз көзімен көрді. Міне, осы өзгерістер оның саяси қозғалысқа араласуына түрткі болады. Райымжан патша үкіметінің қазақ жеріне жүргізіп отырған қанаушылық, озбырлық әрекеттеріне қарсылығын қоғамдық қозғалысқа қатысу арқылы білдірді. Патша жандармериясы 1899 ж. студенттер толқуын күшпен жаныштағаннан кейін, ең белсенді әрекет жасаған студенттерді университеттен, астанадан қуды. Райымжан да қара тізімге ілігіп, оқудан шығарылды. Ұзақ ізденістердің нәтижесінде, үлкен қиындықтармен қайтадан университет қабырғасына қабылданады. Дегенмен, оның соңынан қатаң бақылау қойылды.

Райымжан университетті 1902 жылдың сәуірінде тәмамдап, туған өлкесіне оралады. Ал бұл кезде Семей облысының әскери губернаторы А.Ф. Карповтың қолпаштауымен Орыс География Қоғамы Батыс Сібір бөлімінің Семей қаласындағы бөлімшесі (подотдел) ашылып, оған жергілікті және Семейге жер аудырылып келген оқымысты ғалымдар мүше болған-ды. Өз кезегінде Райымжан да аталған бөлімшеге мүше болуға арыз беріп, мүше-қызметкер ретінде қабылданды. Осы бөлімше оның 1901 жылы «Санкт-Петербургское Ведомство» газетінде жарияланған «Қазақтар және қоныстанушылар» деген мақаласын өте маңызды, құнды еңбек деп танып, бөлімше кітапханасының каталогына енгізеді. Бөлімше жұмысына белсене араласып, түрлі тақырыптарда өтіп жатқан пікірталастарға қатысты баяндама жасады. Ол 1902 жылдан 1911 жылға дейін Орыс Географиялық қоғамының Батыс Сібір бөлімшесінің мүше-қызметкері болды. Райымжан әуелі Семейдің округтік сотында «Помощник присяжного» лауазымында қызметке тағайындалып, бұл қызметті 1907 жылға дейін атқарады. Ал 1907 жылы Тобыл округтік сотында Тар уезінің тергеушісі болып тағайындалады. 1908 жылы Омбы сот палатасының шақыруымен Омбыға келіп, 1912 жылға дейін адвокатура саласында қызмет істейді. Бұл тұста патша үкіметі саясатына қарсы шыққан қазақтың бас көтерер азаматтары мен зиялылары жаппай қуғындалып, түрмеге жабылып, жер аударылып жатқан еді.

Райымжан 1912 жылы Омбыдан Семейге қоныс аударады. Оның Семейге көшіп келуін жергілікті халық зор оқиғаға балап, қуанышпен қарсы алды. Қызметке қызу араласып, өзін тез арада білгір заңгер-адвокат ретінде таныта білді. Ол қызметте қазақ жұртына қатысты істерді мұқият қарап, сот қазылардың әділ үкім шығаруына атсалысады. Жазықсыз істі болғандарға ара түсіп, заң жолын білмеген қазақтарға жөн сілтеп, жәрдемші болады. Қолы әділдікке жетпей жүрген көптеген қандастары оның тікелей араласуымен заң жүзінде жалған жаладан құтылып, бостандық алып отырды. Негізінде, ол жұмыс бабымен ел арасында көп болады. Ол – заңгер ретінде патша әкімдерінің қазақ жеріне жүргізіп отырған жарлықтарының түк қисынға келмейтінін мінеді. ХХ ғасыр басында қазақ зиялы қауым өкілдерінің алдында жер, тіл, дін секілді шешімін таппаған мәселелер тұрған еді. Бұл мәселелерді шешудің бірден-бір жолы съезд шақыру арқылы бас қосып, ақылдасу екендігін түсінген зиялылар қазақ тілінде жарық көрген тұңғыш журнал «Айқап» пен «Қазақ» газетіне осы төңіректе ой-пікірлерін жариялай бастады. «Бас қосу» мәселесі туралы халыққа үн тастаған «Айқаптың» редакторы М.Сералин болып, оның ұсынысына орай ең алғаш ой-пікір білдірген де, патша үкіметінің қазақ еліне жүргізіп отырған отарлау, қоныстандыру, орыстандыру саясаттарына қарсы шыққан қазақ қайраткері Ж.Сейдалиннің отарлық саясатқа қарсы «бас қосып кеңесейік, сиезд шақырайық» деген бастамасын құп алған да осы Райымжан еді.

ХХ ғасыр басында қазақ интеллигенциясын тарихи аренаға шығарған Алаш қозғалысына, Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің қызметіне де Райымжан бар жан-тәнімен қызмет етті. Ол елдің қамын, болашағын ойлап, отаршыл жүйеге қарсы шыққан ұлт зиялыларымен қоян-қолтық араласты. Солармен бірлесе ұлт мүддесіне кереғар пікірдегі отаршыл патша саясатына қарсы жарияланған мақалаларын үзбей оқып, олардың пікірталастарына белсене араласып, өз ойын да ортаға салып отырды. Оның қоғамдық-саяси қызметі «Алаш» партиясы мен Алашорда үкіметімен тығыз байланысты. Райымжан да «Алаштың» белді бір мүшесі болып, оның міндеттері мен мақсаттарын айқындауға белсене араласады. 1917 жылдың 15 маусымынан бастап шыққан «Сарыарқа» газетінің редакторы қызметін алаш қайраткерлері Х. Ғаббасұлы, И. Әлімбекұлы, Р. Мәрсекұлы, Ш. Керейбаевтар кезектесіп атқарып, газет беттеріне Алаш қозғалысы туралы хабарларын, Алашорда үкіметінің қаулы-қарарларын, құжаттарын жариялады. Осы «Сарыарқа» газетінде Райымжанның «Көпшілдер кесірі – шет мемлекеттердегі қозғалыс», «Заң жобасын даярлайтын комиссия», «Керектің керегі – ғылым», «Оқшау сөз» сынды мақалалары жарық көрді. Ол Алашорданың Семей облыстық комитетінің басшыларының бірі болып көптеген кәделі қызмет атқарды. Қазан төңкерісінен кейін 1917 жылы Семей облыстық қазақ комитетінің төрағасы және облыстық атқару комитетінің мүшесі болып сайланды. Сонымен қатар ол Семей қаласында жаңадан құрылған облыстық уақытша қазақ сотының төрағасы қызметін қоса атқарады. Уақытша қазақ соты қазақ арасындағы қылмыстық істерді, барша қазақ арасындағы дауларды шешті. Осы қызметтерде істей жүріп, шовинистік пиғылдағы кейбір қызметкерлердің қаскөйлік іс-әрекеттеріне дер кезінде тойтарыс беріп, қазақ халқының мүддесін қорғап қалып отырды.

Семей қазақ облыстық комитетінің төрағасы қызметін атқарып жүрген кезінде 1917 ж. сәуір мен мамыр аралығында өткен Семей облыстық сиезіне басшылық жасап, автономия құру, комитеттер ашу, дін, жер, сот, әйел мәселелері, жалпы қазақ сиезін шақыру сияқты мәселелері қарастырды. Сиезде құрылған облыстық қазақ комитетіне мүше болып сайланады. Осы жылдың 8 қазанында Семей қалалық думасының шешімімен Том қаласында өткен жалпысібірлік съезге депутат болып қатысты. 9 желтоқсанда Семей қаласында Семей уездік Жер басқарамасының І төтенше мәжілісінде мәжіліс төрағалығына, ал 10 желтоқсанда өткен мәжілісте есеп-финанстық комиссия құрамына сайланады. Семей облыстық Жер басқармасының төрағасы қызметін атқарған жылдары облыс төңірегінде көптеген маңызды істерді шешуге басшылық жасап, ел қамын ойлаған дарынды басшы, іскер ұйымдастырушы ретінде көзге түседі. Ол облыстың көптеген губернияларын аралап, халықтың жағдайын өз көзімен көріп, оларға көмек көрсетуге бар күшін салады. Азамат соғысы жылдары күйзелген халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуге бар күшін салып, Владивосток қаласына сапар шегіп, онда орналасқан Американдық «Андерсен, Майер және К˚» фирмасының бөлімшесімен келіссөз жүргізуге қатысып, Семей облыстық земствоның атынан 15 миллион сомның тауарын жергілікті шикізатқа айырбастап әкеліп, бұқара халықты күнделікті тұтынатын ең қажетті деген тауарлармен қамтамасыз етілді.

Райымжанның іскерлігін ерекше танытқан кәделі қызметінің бірі - 1918 жылдың жазында 1916-1917 жылдардағы толассыз бүліншіліктер құрбанына айналып қиыр қонып, шет жайлап кеткен қазақтардың тағдырына араша түсуі және Алашорда үкіметінің атынан Қытай өкіметінен (Шәуешек, Үрімжіге) көмек сұрай баруы еді. Делегация құрамында А. Байтұрсынұлы, М. Дулатұлы, С. Аманжоловтар болған. Алайда өз ішінде азамат соғысы болып жатқандықтан, олар көмек берудің еш мүмкіндігі жоқ екендігін айтып шығарып салады. Бұл сапардан қазақ делегациясы атамекендеріне жабырқап оралады. Райымжан Алашорда милициясын (әскерін) құруға да белсене араласқан. Алаш азаматтары М. Дулатұлы, Б. Сәрсенов, С. Дүйсембин, А. Қозбағаров, М. Боштаев, М. Тұрғанбаев, И. Әлімбековтармен бірлесе отырып алаш полкін жасақтауға атсалысады. Бұл полкті штабс-капитан Хамит Тоқтамышов басқарады. Алашорда үкіметі өз жұмысын тоқтатқан кезде Р. Мәрсеков кеңес қызметіне араласты. 1922 жылдары Райымжан Семей губерниялық атқару комитетінің ақпарат-нұсқаушы бөлімінде инспектор-тексеруші қызметін атқарады. Бұл кезде ол белсенді қоғамдық-саяси қызметтен шектелген еді. Райымжан сонымен қатар туған халқының жарқын болашағы жолында қалам қайратымен де айтарлықтай қызмет етеді. Оның өз заманының көкейтесті мәселелері турасында ой толғап жазған сан алуан тақырыптардағы сындарлы мақалалары сол тұстағы орыс, қазақ газет-журналдарында жиі жарияланып тұрды. Ол ең алғашқы мақаласын Петербург университетінде оқып жүргенде жазған болатын. Дәлірек айтсақ, оның мақалалары 1899-1900 жылдары «Дала уалаяты газеті» бетінде жарық көреді. Ол мақалаларында қазақ арасындағы сайлау барысындағы тартыс, ел басқару ісіндегі орын алып отырған олқылықтарға сын көзбен қарап, бұл саладағы жұмыстарды халық пайдасына орай жақсарту жөнінде өз ұсыныстарын көпшілік назарына ұсынады. Осы аталған мәселелерді заң тұрғысынан жүйелеп, халыққа дұрыс қызмет атқаруға үндеді.

Райымжан мақалаларының біразын «Р.М.», «РОМ», «Найман» деген сияқты бүркеніш есімдермен жариялаған. Негізінде оның мақалалары тақырыптарының әр алуандығымен, ой-пікірлерінің нақтылығымен, тілінің шұрайлылығымен ерекшеленеді. Қай тақырыпта ой қозғап жазса да, мәселені терең біліп, терең зерттеп жазуға тырысқан. Өзінің ой-пікіріне заң ғылымы тұрғысынан тұжырым жасап отырған. Ол қазақ жеріне қатысты жариялаған үкімет реформалары мен заңдарына, қазақ жеріне келімсектерді қаптатқан Столыпиннің реформасына қарсы шықты. Қазақ жерінің тарылып, суы мол, шұрайлы, шабындықты жерлердің келімсектерге беріліп, ата-баба жерінің қолдан кетіп бара жатқаны, орыс шаруаларының толассыз ағылуы оның жанына қатты батты. Өзінің «Қазақ қайтсе жерге ие болады?», «Жер мәселесі», «Ата қонысынан айырылған қазақ жайы» сияқты еңбектерінде қазақ даласының бөлшектеніп, жердің бәрінің мемлекет меншігіне алынып отырғанын айтып, өз жерін қазақ қалай сақтап қалу керектігіне жауап іздейді.

Райымжан өзін көп салада білгірлігімен таныта білді. Ол тарих, заң, саясат, әдебиет салалары бойынша терең мағлұмат беруге қабілетті жан еді. Туған халқының оқу-ағарту ісіне айырықша көңіл бөлген ол қазақ жастарына жан-жақты көмектесіп тұруды өзіне міндет санады. Мұқтаж шәкірттерге бір жағынан қаржылай жәрдем берсе, бір жағынан олардың алдында әр түрлі тақырыптарда баяндамалар жасап, шәкірттердің көкірегін оятып, көзін ашып, білімдерін толықтырып отырды. Ол жастарға білім мен ғылымды ұштастыру қажеттігін баса көрсетті. Қазақ мектептеріндегі оқу жүйесін қайтадан қалпына келтіріп, қазақ балаларына оқу мәселесін қолға алуды жөн деп санады. Кейінірек өзі оқытушылық қызмет атқарғанда осы ойын жүзеге асырды. Райымжан Омбы мен Семей қаласында оқитын қазақ жастарының ұйымдастырған музыкалық, әдеби кештеріне жиі қатысып, олардың тілек талабына орай баяндамалар жасады.

Жалпы, Райымжан Мәрсековтың жүріп өткен өмір жолы күрделі және жұмбақ жақтары өте көп. Ол өз замандастары сияқты қоғамдық талас-тартыстардың сындарлы жолынан өтті. «Ұлтшыл», «буржуазияшыл» деген айыптар тағылған Райымжан 20-жылдардың бас кезінде бас сауғалап, Қытай еліне қашуға мәжбүр болды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет