Мемлекеттік органдардың типтік функцияларын айқындау жөніндегі әдістемелік ұсынымдар Осы Әдістемелік ұсынымдар «Құқықтық актілер туралы»



жүктеу 87.65 Kb.
Дата03.05.2019
өлшемі87.65 Kb.

ҚазақстанРеспубликасы
Үкіметінің      
2016 жылғы24 тамыздағы
№ 951қаулысымен 
бекітілген

Мемлекеттік органдардың типтік функцияларын айқындау жөніндегі әдістемелік ұсынымдар

Осы Әдістемелік ұсынымдар «Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленген және мемлекеттік органдардың функцияларын заңнамалық және заңға тәуелді деңгейлерде белгілеу мәселелерін шешу кезінде норма шығармашылық қызметінде қолдануға арналған.

1. Жалпы ережелер

1. Мемлекеттік органның құзыреті ретінде оның қызметінің нысанасын айқындайтын белгіленген мемлекеттік орган өкілеттіктерінің жиынтығы түсініледі;

мемлекеттік органның өкілеттіктері ретінде мемлекеттік органның құқықтары мен міндеттері түсініледі;

мемлекеттік органның құқықтары ретінде белгілі бір іс-әрекетті жасау, басқа тұлғадан (басқа тұлғалардан) белгілі бір мінез-құлықты (іс-әрекетті немесе іс-әрекет жасаудан тартынуды) талап ету мүмкіндігі түсініледі;

мемлекеттік органның міндеттемелері ретінде мемлекеттік орган орындауға міндетті іс-әрекет аясы түсініледі;

мемлекеттік органның функциялары ретінде мемлекеттік органның өз құзыреті шегінде қызметті жүзеге асыруы түсініледі.

2. Мемлекеттік органдардың функцияларын заңнамалық және заңға тәуелді деңгейлерде белгілеу мәселелерін шешу кезінде Қазақстан Республикасы Конституцияның 61-бабы 3-тармағының ережелерін басшылыққа алу қажет, оларға сәйкес заңдар:

1) жеке және заңды тұлғалардың құқық субъектілігіне,жеке және заңды тұлғалардың азаматтық құқықтары мен бостандықтарына, міндеттемелері мен жауапкершілігіне;

2) меншік режиміне және өзге де заттық құқықтарына;

3) мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын ұйымдастыру мен олардың қызметінің, мемлекеттік және әскери қызметтің негіздеріне;

4) салық салуға, алымдар мен басқа да міндетті төлемдерді белгілеуге;

5) республикалық бюджетке;

6) сот құрылысы мен сот ісін жүргізу мәселелеріне;

7) білім беруге, денсаулық сақтауға және әлеуметтік қамсыздандыруға;

8) кәсіпорындар мен олардың мүлкін жекешелендіруге;

9) қоршаған ортаны қорғауға;

10) республиканың әкімшілік-аумақтық құрылысына;

11) мемлекет қорғанысы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты негізге алынатын қағидаттар мен нормаларды белгілейтін маңызды қоғамдық қатынастарды реттеуге тиіс.

Өзге қатынастардың барлығы заңға тәуелді актілермен реттеледі.

3. Мемлекеттік органдардың функцияларын белгілеу мемлекеттік органдардың құзыреті Қазақстан Республикасының Конституциясымен, конституциялық заңдарымен және заңдарымен ғана емес, заңға тәуелді актілермен де белгіленетіндігі анықталған «Қазақстан Республикасы Конституциясының 54-бабын, 61-бабы 3-тармағының 1) және 3) тармақшаларын, сондай-ақ мемлекеттік басқаруды ұйымдастыру мәселелері бойынша басқа да бірқатар нормаларын ресми түсіндіру туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2008 жылғы 15 қазандағы № 8 нормативтік қаулысымен айқындалғанын да ескере отырып жүзеге асырылуға тиіс.

2. Мемлекеттік органдардың функцияларын белгілеудің әдістемелік негіздері

1. Заңдарда мемлекеттік органдарға белгілі бір міндеттер аясын тиісінше орындау, ең алдымен, олардың жеке және заңды тұлғалармен және ұйымдармен өзара іс-қимылына қатысты тиісті функцияларды жүзеге асыру мақсатында берілген мемлекеттік органның негізгі міндеттерін, функцияларын белгілейтін нормалар қамтылуға тиіс.

2. Негізгі міндеттерді іске асыруды қамтамасыз ететін функциялар, сондай-ақ мемлекеттік органдар қызметінің "ішкі" рәсімдерімен байланысты функциялар, олардың өзара іс-қимылы, әдетте, заңға тәуелді актілерде айқындалуға тиіс.

Бұл ретте мемлекеттік органның заңға тәуелді акт деңгейіндегі функциялары Президент және Үкімет қабылдайтын нормативтік құқықтық актілерде белгіленуге тиіс.

3. Мемлекеттік орган қызметінің өзге де түрлерінҚазақстан Республикасы Конституцияның 61-бабының 3-тармағын басшылыққа ала отырып, бұл ретте заңдарда азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтары мен міндеттерін, әсіресе құқықты шектеу сипатындағы шараларды тікелей регламенттейтін нормалар қамтылуға тиіс екенін көздей отырып, айқындау қажет.

4. Мемлекеттік органдардың типтік функциялары мынадай 3 топқа:

1) мемлекеттік органдардың заң деңгейінде белгіленуі қажет типтік функцияларына;

2) мемлекеттік органдардың заңға тәуелді деңгейде белгіленуі қажет типтік функцияларына;

3) заңнамалық және заңға тәуелді деңгейлерде белгілеуге болатын типтік функцияларына бөлінеді.

Осы Әдістемелік ұсынымдарда белгіленген мемлекеттік органдардың типтік функцияларының тізбесі түпкілікті болып табылмайды

.

3. Мемлекеттік органдардың заң деңгейінде белгіленетін типтік



функциялары
1. Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының шектелуін айқындау.

2. Тиісті салада мемлекеттік саясатты іске асыру.

3. Елдің ұлттық, экономикалық қауіпсіздігін және қорғаныс қабілеттілігін қамтамасыз ету.

4. Мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру тетіктерін қалыптастыру:

жеке және заңды тұлғалар қызметінің заңнамада белгіленген талаптарға сәйкестігі нысанасына тексеру жүргізу және бақылаудың өзге де нысандары арқылы заңнаманың бұзылу себептері мен жағдайларын анықтау, жою;

тексеру нәтижелері бойынша құқықтық ықпал етушараларын қолдану.

5. Лицензиялау.

6. Тиісті салада сараптама жүргізу.

7. Қандай да бір әрекетті жүзеге асыруға не оны шектеуге рұқсат етілген аумақтарды, оның ішінде режим, қызметтің шегін белгілеу, аумақты аймақтарға бөлу арқылы айқындау.

8. Әлеуметтік қолдау шаралары жүйесін айқындау.

9. Тергеу функциялары.

10. Азаматтық мүліктік құқықтар объектілерін беру, бөлу туралы шешімдерді қабылдау.

11. Мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығару мәселелері.

12. Шетелдіктерді, азаматтығы жоқ адамдарды және босқындарды мәжбүрлеп шығару.

13. Орындалуы міндетті актілер шығару, бұлтартпау шараларын қолдану.

14. Тиісті салада белгілі бір әрекетті жүзеге асыру кезеңін айқындау.

15. Тиісті салада тергеп-тексеруді, тексеріп-қарауды жүргізу.

16. Мемлекеттік ресурстарды қамтамасыз ету, қалыптастыру және басқару.

17. Типтік құжаттарды әзірлеу және бекіту.

18. Тиісті салада тізбелерді қалыптастыру.

19. Адамдарды мәжбүрлеп ұстау мәселелері.

20. Белгілі бір тауарларды, заттарды, жануарларды кәдеге жаратуды, жоюды ұйымдастыру, оларды алып қою.

21. Ұйымдарда уақытша басқаруды енгізу.

22. Құрметті атақтарды беру.

23. Құжаттарды, мәліметтерді мерзімді баспасөз басылымдарында жариялау.

24. Тиісті саладағы куәліктердің, сертификаттардың немесе кез келген өзге де балама құжаттардың жарамдылығын тану.

25.Мемлекеттік реттеу шараларына жататын қызмет түрлерін айқындау.

26. Тыныс-тіршілік жағдайын және ерекше өмір сүру режимін регламенттеу.

27. Рәсімдердің мерзімін ұзарту, белгілеу.

28. Тиісті салада әкімшілендіруді жүзеге асыру.

29. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қылмыстар мен әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтау, ескерту, жолын кесу, тергеу және қарау.

30. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес соттарға талаптар қою.

31. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде мемлекеттік органның және (немесе) мемлекеттік органның лауазымды адамдарының шешімдеріне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымдарды қарау.

4. Мемлекеттік органдардың заңға тәуелді деңгейде белгіленетін типтік функциялары

1. Тиісті салада кадрлар даярлауды, олардың біліктілігін арттыруды және қайта даярлауды ұйымдастыру.

2. Персоналды басқаруды ұйымдастыру және құжаттамамен қамтамасыз ету мәселелері.

3. Консультативтік-кеңесші және сараптамалық комиссиялар құру, олардың қызметін ұйымдастыру.

4. Ведомстволық бағынысты қызметтердің, ұйымдар қызметінің ұйымдастырылуын белгілеу, олардың қызметін жетілдіру.

5. Инвестициялық жобаларды дайындау және іске асыру.

6. Заңнаманың қолданылу практикасын қорыту және оны жетілдіру.

7. Ұсынымдар беру.

8. Белгілі бір салада қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органның немесе өзге де тұлғалардың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша жоғары тұрған органға не өзге де тұлғаларға ұсыныстар енгізу.

9. Түрлі жоспарларды бекіту.

10. Мемлекеттік органның өкілдік ету функциялары.

11. Сарапшыларды, консультанттарды тарту.

12. Халықты хабардар ету.

13. Объектілерді салу, оларды күтіп ұстау.

14. Бюджет қаражаты есебінен сатып алынатын тауарларды бөліп беру.

15. Нормативтерді (материалдық қамтамасыз етуді), тұтыну нормаларын, квоталарды бекіту, оларды бөлу.

16. Белгілі бір салада мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарды қамтамасыз ету, оның ішінде қаржыландыру (қаржыландыру жүргізілетін салаларды айқындау).

17. Жобаларды, схемаларды, кестелерді, шығыстарды бекіту, шығындарды өтеу (мемлекеттік органның көрсетілген құжаттарды бекіту, шығындарды өтеу жөніндегі құзыреті).

18. Өз құзыреті шегінде объектілердің жобаларын, құжаттамаларды, тиісті саладағы жұмыстар мен өзге де іс-шараларды келісу.




5. Заңнамалық және заңға тәуелді деңгейлерде белгілеуге болатын типтік функциялар
1. Өз құзыреті шегінде нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу, қабылдау, бекіту.

2. Тиісті саладағы халықаралық ынтымақтастық.

3. Тиісті саладағы мемлекеттік тапсырыс мәселелері.

4. Насихаттау іс-шараларын (оқыту нысаны бойынша және т.б.), құқық түсіндіру жұмысын, профилактикалық іс-шараларды жүзеге асыру.

5. Ғылыми бағыттардың дамуын қамтамасыз ету.

6. Резервті құру және қамтамасыз ету.

7. Мемлекеттік құпияларды қорғауды қамтамасыз ету.

8. Мемлекеттік мүлікті басқару.

9. Статистикалық қызметті жүзеге асыру.

10. Қауіпсіздік режимін қамтамасыз ету, мемлекеттік объектілерді күзету, оларды қорғау.

11. Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру.

12. Тиісті салада қолдау шараларын әзірлеу және қамтамасыз ету.

13. Тиісті салада сынақ, зерттеу, іздестіру жүргізу.

14. Тиісті салада (аяда) куәліктер, тіркеу куәліктерін, рұқсаттар мен қорытындылар (аккредиттеу, сертификаттау, аттестаттау) беру және оларды сот тәртібімен қайтару.

15. Тиісті салада тізілімдерді, тіркелімдер мен кадастрларды есепке алуды, бағалауды, талдауды, мониторингті, базалар мен деректер банкін жүргізу.

16. Тиісті салада бағаларды, мөлшерлемелерді мемлекеттік реттеуді жүзеге асыру.

17. Адам құқықтарын іске асыруға байланысты қатынастар бойынша белгілі бір тыныс-тіршілік аясын мемлекеттік реттеудің өзге де шараларын бекіту.

18. Тұлғаға белгілі бір мәртебе беру, ұзарту, одан айыру және тоқтату рәсімдерін жүзеге асыру.

19. Белгілі бір заттарды, тұлғаларды жіктеуді, белгілеуді, санат, мәртебе, сынып беруді не өзгедей идентификаттауды жүзеге асыру.

20. Ақпараттық жүйелер, байланыс жүйелері мен деректер беру жүйелерін, техникалық құралдарды, сондай-ақ ақпаратты қорғау жүйелерін әзірлеу және жасау.

21. Мемлекеттік органдар қызметін үйлестіру, мемлекеттік және мемлекеттік емес бірлестіктер мен өзара іс-қимыл жасау.

22. Саладағы жағдайды зерделеу, талдау.

23. Келісімдер, меморандумдар жасасу.

24. Объектілерді, жобаларды пайдалануға қабылдау, беру, оларды қамтамасыз ету.

25. Жүзеге асырылатын қызмет туралы есепті қарау.

26. Заңнаманы түсіндіру.

27. Кепілдік міндеттемелер беру (кепілдік міндеттемелердің жалпы ережесі).

28. Ақпаратты сұрату және жинау.



29. Мемлекеттік қызметтер көрсету.

Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет