Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін



жүктеу 63.3 Kb.
Дата22.04.2019
өлшемі63.3 Kb.

Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,

Жоқ-барды, ертегіні термек үшін.

Көкірегі сезімді, тілі орамды,

Жаздым үлгі жастарға бермек үшін.

Бұл сөзді тасыр ұқпас, талапты ұғар,

Көңілінің көзі ашық, сергек үшін.  

Түзу кел, қисық-қыңыр, қырын келмей,

Сыртын танып іс бітпес, сырын көрмей.

Шу дегенде құлағың тосаңсиды.

Өскен соң мұндай сөзді бұрын көрмей.

Таң қаламын алдыңғы айтқанды ұқпай,

Және айта бер дейді жұрт тыным бермей.

Сөз айттым "Әзірет Әлі", "айдаһарсыз",

Мұнда жоқ "алтын иек, сары-ала қыз".

Кәрілікті жамандап, өлім тілеп,

Болсын деген жерім жоқ жігіт арсыз.

Әсіре қызыл емес деп жиренбеңіз,

Түбі терең сөз артық, бір байқарсыз.  

Батырдан барымташы туар даңғой,

Қызшыл да, қызықшыл да әуре жан ғой.

Арсыз, малсыз, ақылсыз, шаруасыз,

Елірмелі маскүнем байқалған ғой.

Бес-алты мисыз бәңгі күлсе мәз боп,

Қинамай қызыл тілді кел, тілді ал, қой!  

Өлеңі бар өнерлі інім, сізге

Жалынамын, мұндай сөз айтпа бізге.

Өзге түгіл өзіңе пайдасы жоқ,

Есіл өнер қор болып кетер түзге.

Сәнқой, даңғой, ойнасшы, керім-кербез,

Қанша қызық болады өзіңізге?

Абайдың 1889 жылы жазған өлеңі. Әрқайсысы 6 тармақты 5 шумақтан тұрады, көлемі З0 жол. Бұл өлеңінде Абай оқырман-тыңдаушыларына, ақындарға қарап сөйлейді. Сын мен пікірін нақтылай айтуға ойысқан. М. Әуeзовтің айтуынша, бұл өлең Абайдың «тек бір өз басының ақындық жолындағы ізденуі ғана емес. Мұны ақындық жайында өзгеше мәні бар өлең деп ұғынуымыз керек». Оны ақын өз айналасындағы «өлеңі бар, өнерлі інілерінің» кейбір шығармаларын оқығаннан кейін, соларға жөн-жоба керсетіп, сын ескертпелер жасау ниетімен тудырған. «Сөз айттым Әзірет Әлі, айдаһарсыз» дегенде көп ақынның, оның ішінде Көкбай Жанатайұлының пайғамбарларды, дін таратушы қаһармандарды мадақтайтын қиссалар жазуға тым әуестігін, «Бізде жоқ» алтын иек, сарыала қыз» дегенде жеке ақындардың жылтырақ сөздерге әуестігін, Әріп Тәңірбергеновтың «Зияда-Шамұрат» дастанында қызды «иегі алтын, көзі гауһар» деп, әлем-жәлем етіп суреттегенін, «Кәрілікті жамандап өлім тілеп» дегенде Шәкерім Құдайбердиевтің заңды түрде келетін кәрілікті даттағанын қағытып мысқылдаған. Ақын өлең сөзді кімге арнауды, кімге айтуды ескертеді: тасырға айтпай, «көңіл көзі ашық, кекірегі сөзімді», сергек те талаптыларға айтуды қалайды. Оның өсиеті - күле тыңдаған парықсыздарға сөзіңді қор қылма! «Қызшыл», «қызықшыл» әуейілерге жолама! Арсыздық пен ақылсыздықтан, шаруасыздық пен маскүнемдіктен аулақ бол! Мұның үстіне Абай бұрынғы «сөз түзелді, тыңдаушы, сенде түзел» деп жалпылай айтқан ақылын аша түскен. Түзелу үшін не істеу керектігін керсеткен. Оқырмандарына өлең-жырды жұртқа ақыл айтып, кеңес берудің, үлгі-өнеге көрсетудің, қырсық, қиянатқа қарсы күресудің құралы деп ұқтырған. Жақсы сөзді жастай тыңдап жаттық, әсері қызыл сөзге құлай қалма, сөздің сыртына сенбе, ішіне үңіл, мазмұнын біл, оның мәні тереңін ізде, сөздің қадір-қасиетін сонда ұғасың деп кеңес береді. Өлең алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұлының өлеңі» атты жинақта жарияланды. Ұйқасы -б, -а, -а, -в, -а, -г, -а болып келеді. Текстологиялық зерттеулер барысында Мүрсейіт қолжазбасындағы 2-шумақтың 5-жолындағы «сөзіңді ұқпай» деген тіркес 1909 жылғы жинақ негізінде «айтқанды ұқпай», 3-шумақтың 6-жолындағы «ойы терең» деген тіркес «түбі терең» делініп ауыстырылған. Ал жинақтағы 3-шумақтың 3-жолындағы «елде кәрі» деген тіркес Мүрсейіт жазбасына сәйкес «кәрілікті» деп өзгертілген. Мүрсейіт қолжазбаларындағы 4 шумақтың соңғы жолындағы «қиналмай» сөзі 1909 жылғы басылым негізінде «қинамай» болып алынған. Ал 1909 жылғы жинақта жоқ: «Сәнқой, даңқой, ойнасшы, керім-кер- бөз», «Қанша қызық болады өзіңізге?» деген жолдар Мүрсейіт жазбаларынан алынып, кейінгі басылымдарға енгізілген. Өлең ағылшын, орыс, өзбек, ұйғыр тілдеріне аударылған.


Абай Құнанбайұлының «Адасқанның алды - жол, арты - соқпақ», «Желсіз түнде жарық ай» өлеңдеріне талдау

Абай Құнанбайұлы қазақ поэзиясының идеялық ауқымын, тақырыбын кеңейтті, әдебиетте жаңа жанрлық түрлер қалыптастырды. Халықтың сөйлеу тілінің, қазақтың ауызекі ақындық өнерінің және ән-өлеңдерінің байлығын кеңінен пайдалана отырып, ол өлең сөздің бейнелеу құралдарын жетілдірді. Жаңа өлең үлгілерін енгізді, қазақтың ақындық тілін, әдеби тілін көркейтті. Абайдың лирикасы жанрлық ерекшеліктері жағынан алғанда көп салалы, көп қырлы, алуан түрлі болып келеді. Олар тақырыбы, мазмүны жағынан да аса бай, әр қилы өмір қүбылыстарын қамтиды. Халықтың тағдырын, заман жайын толғайтын сан алуан қоғамдық-саяси философиялық лирика түрлері, адамның ішкі жан дүниесін бейнелейтін жырлары, махаббат лирикасы, сатиралық өлеңдері, табиғат суреттері, оларға қоса жеке адамдарға арналған жырлары, тағы басқа өлең түрлерін Абай поэзиясынан табамыз. «Желсіз түнде жарық ай...» - Абайдың 1888 ж. жазған өлеңі. Әрқайсысы 4 тармақты 5 шумақтан тұрады. Өлең - ақынның табиғат көріністерін, махаббат сырларын кестелі тілмен айшықтаған әлем поэзиясындағы шоқтығы биік туындыларының бірі.

«Желсіз түнде жарық ай,

Сәулесі суда дірілдеп;

Ауылдың жаны - терең сай,

Тасыған өзен күрілдеп...» - деп басталатын небәрі 20-ақ жол өлең. Осы өлеңдегі тіл кестесінің барлық ерекшеліктері, бояулары, теңеу, астарлау, басқа да суреттеу, бейнелеу құралдары - бәрі не нәрсеге, не құбылысқа болсын ақынша қарап, эстет. тұрғыдан баға беру талабына бағындырылған. Түн желсіз, ай жарық. Су бетінде ай сәулесі дірілдеп көрінеді. Ауылдың жанында, терең сайда өзен тасып, күрілдеп ағып жатыр. Ақын түнді желсіз, айды жарық, сайды терең деп бейнелейді, сәуленің дірілдеп көрінген қалпын, өзеннің күрілдеп естілген шуын нақтылап сипаттап береді. Бірақ, бұл кімнің аулы, жылдың қай кезі, айдың қай мөлшері, сайы қайдағы сай, ағып жатқан қандай су - оларды анықтап айтып жатуды мақсат етпейді.

Желсіз түнде жарық ай

Желсіз түнде жарық ай,

Сәулесі суда дірілдеп. 

Ауылдың, жаны — терең сай, 

Тасыған өзен күрілдеп.  

Қалың ағаш жапырағы 

Сыбырласып өзді-өзі. 

Көрінбей жердің топырағы, 

Құлпырған жасыл жер жүзі.  

Тау жаңғырығып, ән қосып 

Үрген ит пен айтаққа. 

Келмеп пе едің жол тосып 

Жолығуға аулаққа?  

Таймаңдамай тамылжып, 

Бір суынып, бір ысып, 

Дем ала алмай дамыл қып, 

Елең қағып, бос шошып.  

Сөз айта алмай бөгелiп 

Дүрсіл қағып жүрегі, 

Тұрмап па еді сүйеніп, 

Тамаққа кіріп иегі.

Мұндағы табиғат көрінісі суреттемесінің нақтылығы, мәселен, Абайдың түн мезгіліндегі көл бетіне түскен ай сәулесінің дірілдеп көрінуін, ағаш жапырағының өзді-өзімен сыбырласуын сипаттауы, жастарға ерекше бір әсер беріп, лирикалық сезімге бөлейді, туған жер табиғатына деген мақтаныш сезімін тудырады. «Адасқанның алды - жол , арты - соқпақ...» - Абайдың 1886 ж. жазған өлеңі. Көлемі әрқайсысы 4 тармақтан тұратын 7 шумақ. Бұл Абайдың өлеңді өндіре жазып, ақындық шеберлігін әр қырынан көрсете бастаған кезеңі. Үлкеннің ақылын алу, жақсының жанына еріп, жолдас болу ежелгі ел дәстүрі болса, осы қағиданы берік еске сақтап, адал азамат болу әрбір саналы жастың борышы деп түсінген Абай «өмір көші тура жолмен салдыртып жүре беретін керуен емес, кезінде ойланбасаң, кейін өкінерсің, өкінерсің де опық жерсің!»- деп жастарды ойға шомдырды. Абай өзінің «Адасқанның алды жөн, арты соқпақ»атты өлеңінде осы ойды тереңдете түсіп, ой - сырын, мінез - құлқын түземей, сыртын түзейтін сымпыс борбай, сидақ жігіттерді былайша шенейді:

Адасқанның алды - жол,арты - соқпақ,

Оларға жол - арамның сөзін ұқпақ

Қас маңғаз, малға бөккен кісімсініп,

Әсте жоқ кеселді істен биттей қорқпақ.

Бір аршопке шапаны сондай шап-шақ,

Мүшесінен буынып, басады алшақ.

Қас алдына жымырып келемін деп,

Ақ тымақтың құлағы салтақ-салтақ.

Жаздыгүні ақ бөркі бүктелмейді-ақ,

Қолында бір сабау бар, о дағы аппақ.

Керегеге сабауды шаншып қойып,

Бөркін іліп, қарайды жалтақ-жалтақ.

Қу шалбар қулығына болған айғақ,

Тізесін созғылайды қалталанса-ақ.

Ұстаудағы кісідей мезгілі бар,

Күні бойы шешініп, бір таяқ.

ірі жанға құрбы боп жап-жасында-ақ,

Қалжыңдамақ, қасынбақ, ыржаңдамақ.

Бет-аузын сөз сөйлерде жүз құбылтып,

Қас кермек, мойын бұрмақ, қоразданбақ.

Осындай сидаң жігіт елде мол-ақ,

Бәрі де шаруаға келеді олақ.

Сырын түзер біреу жоқ, сыртын түзеп,

Бар өнері - қу борбай, сымпыс шолақ.

Олардың жоқ ойында малын бақпақ,

Адал еңбек, мал таппақ, жұртқа жақпақ.

Жалғыз атын терлетіп, ел қыдырып,

Сәлемдеспей, алыстан ыржаң қақпақ.



Өлеңде ұлы Абай әлеуметтік маңызы бар мәселелерге сыншыл көзбен қарайды. Әлеуметтік теңсіздік туралы ойын жеткізеді. ел үстінен күн көрген алаяқ би, болыстарды, мал-мүліктің буына семірген байлар мен патша әкімдерін сынауы айқын байқалады. Ал Абайдың өлең тақырыбын «Адасқанның алды - жол, арты – соқпақ»  деп атауының өзі ел арасында нақылға айналып кетті.

Әр ақынға болу арман Абайдай,
Абайды оқы жүргің келсе қараймай.
Арман болса қазір жұлдыз атану,
Абай болып аспаныңнан қарайды ай.
Каталог: sabaq-kz -> attachment
attachment -> 1 қыркүйек – Білім күніне арналған Сыңғырла, күміс қоңырау
attachment -> «А. Имановтың жастарды патриоттық және азаматтық тәрбиелеу негізі ретіндегі рөлі» Карашинова Алмагүл Серікбайқызы
attachment -> Б. С. Батешова, Т. Н. Малдыбаев
attachment -> Сабақтың тақырыбы: «Қауіпсіз ғаламтор»
attachment -> Сабақтың түрі: Жаңа білімді хабарлау Уақыты: 90 мин Сабақтың педагогикалық мақсаты
attachment -> Сабақтың тақырыбы: ежелгі тас дәуірі Сабақтың мақсаты
attachment -> Сабақтың атауы XX ғасырдағы қазақ әдебиеті жалпы шолу Мақсаты Күтілетін нәтиже
attachment -> Туєан жер, алтын бесіік
attachment -> Қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі Ибрагим Бегімхан Керімханұлы Қазақ әдебиеті, 9-сынып Тақырыбы: Қожа Ахмет Йасауи «Диуани хикмет»


Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет