Ақтөбеде 70-тен астам үлескер баспаналарына қол жеткізе алмай жүр. Үйдің 80 пайыз ақшасын құйған жұрт үш жылдан бері құзырлы органдардың табалдырығын тоздырды. Алдандық деп шыр-пыр болған халық қаражаттарын қайтарып беруді сұрайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: кадрдан скриншот

Көпқабатты үйдің құрылысын аяқсыз қалдырған компания басшыларына қатысты қазір тергеу жүріп жатыр.

Ақтөбенің Батыс-2 аталып кеткен жаңа ауданынан үйлі боламыз деген 70-тен аса үлескер алдандық деп шу шығарды. Көбі пәтердің 80 пайыз ақшасын төлеп қойғандарын айтады. Бірақ компания баспананың бірінші қабатын салғаннан кейін құрылыс тоқтап қалған. Сол уақыттан бері үш жыл өтіпті.

Бұл екінші квартал 2022 жылы берілу керек еді. Біз шілде айынан бастап Ақтөбе облысы бойынша ішкі істер бөліміне арыз жаздық, арызымыз әлі жатыр. Біз, үлескерлер Қазақстан Республикасының прокуратурасын, Ақтөбе облысы прокуратурасын, жергілікті орындаушы органдарды қылмыстық істі сотқа жеткізуді жеделдетуді сұраймыз. Тездетіп үйімізді салып беруді талап етеміз”, – дейді үлескерлердің бірі Алтын Досқалиева.

2021 жылы 9 миллион 300 мың теңге ақшамды салдым. Үйдің жағдай, көріп тұрғандарыңыздай, ешқандай құрылыс болған жоқ. Үш жылдан бері үйсіз, күйсіз жүрміз. Екі балам бар. Жалдамалы пәтерде жүрміз. Үйдің ақшасын төлеу үшін кредит алғандар да бар. Салымшылардың бәрі бұл үйдің 80 пайызын толық төлеген, – деп ашынды тұрғындардың бірі Батырхан Көпжасар. 

Баспаналы боламыз деген тұрғындардың бірі несие алса, енді бірі жиған-терген ақшасының барлығын үлескер ретінде салған. Қазір халық құзырлы органдардың табалдырығын тоздырып жүр. Ал, құрылысты бастап орта жолдан тастаған серіктестік басшылары қазір тергеуге алынған.

"Строй сервис регион" екінші корпусы бойынша қылмыстық іс қозғалып, қазір тергеу аяқталды. Қазір таныстыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Уақытында қаржы жинаған Жарасқанов пен Кәрімов деген азаматтарға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Соның аяқталғанын күтеміз. Содан кейін бюджеттен қаржы бөлініп, сол бағытта компаниялар ашылып, әрмен қарай жобасын, техникалық тексеру жүргізуіміз керек. Ары қарай бюджеттен қаржы бөліп, аяқтап береміз деген жоспарымыз бар”, – деді "Ақтөбе Құрылыс Компаниясы" ЖШС директоры Нағымжан Алдияров. 

Қазір қалада үлескерлердің мәселесі бойынша 11 жоба қолға алынған. Құрылысы аяқталмаған үйлер демеушілердің көмегімен салынып жатыр екен. Полиция осы дерек бойынша қылмыстық іс жақын уақытта сотқа жолданатынын жеткізді.


Автор: Даулет Байгонусов

Даулет — природовед и путешественник. Его увлечение природой Казахстана и исследования вносят неповторимый вклад в наше издание.