Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Боао Азия форумының ХХІІІ сессиясына қатысу үшін Халықаралық конференциялар орталығына келді. Мемлекет басшысы Боао Азия форумының пленарлық сессиясында сөз сөйледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: t.me/aqorda_resmi

Тоқаев бүгінде Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасы тиімді серіктестіктің үлгісі саналатынын атап өтті. Еліміз Қытайдың Орталық Азиядағы негізгі сауда-экономикалық серіктесіне айналды.

“Қытайдың аймақтағы сауда-саттығы мен салған инвестициясының тең жартысы Қазақстанның үлесіне тиесілі. Былтыр Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 41 миллиард АҚШ долларына жетті. Бұл – тарихи рекордтық көрсеткіш. 2023 жылы елдеріміз арасындағы жүк тасымалының көлемі 22 пайызға артып, шамамен 30 миллион тоннаға жетті. Осыдан он жылдан астам уақыт бұрын ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанға жасаған сапары кезінде "Бір белдеу, бір жол" ауқымды мегажобасын таныстырған болатын. Аталған жоба Шығыс пен Батыс арасындағы негізгі көпір қызметін атқарады, ал Қытайдан Еуропаға құрлық жолымен тасымалданатын жүктің 80 пайызы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Бұл маңызды артықшылықты біз толыққанды пайдалануға тиіспіз. Біздің өз инвестициямыз да "Бір белдеу, бір жол" бастамасымен стратегиялық тұрғыдан сабақтас әрі заманауи, мультимодальды, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз және орнықты инфрақұрылым құруға бағытталған”, – деді Президент.

Фото: t.me/aqorda_resmi

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде еліміздің жаңа экономикалық бағытына айрықша назар аударды. 

“Былтыр еліміздің экономикалық өсімі 5,1 пайызға жетті. Бұл әлемдік экономиканың болжамды даму қарқынынан шамамен екі есе көп. Біз ортамерзімді перспективада экономиканың өсімін кемінде 6 пайыз деңгейінде ұстап тұруды және 2029 жылға қарай оның көлемін екі есе ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін мен жаңа экономикалық бағытты жарияладым. Бұл бастама күшті әрі қарқынды дамыған мемлекет құруға бағытталған құрылымдық реформаларды жүзеге асыруды көздейді. Қазақстандағы ашық есік саясаты, мол ресурстар және либералды нарықтық реформалар көптеген шетелдік, соның ішінде қытайлық компаниялардың да назарын аударды. Осы орайда біз азиялық серіктестерімізді экономикамызға инвестиция құюға, өзара тиімді ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын қарастыруға шақырамыз”, – деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев фискальды және ақша-несие жүйесін жетілдіру, қаржы ағындарын кеңейту, институттардың сапасын арттыру шаралары нарықтық және бәсекеге қабілетті экономика қалыптастыруға ықпал етеді, соның нәтижесінде аталған сала анағұрлым ашық, сенімді әрі қарқынды бола түседі деп санайды.

“Бүгінде сауда кедергілерінің көбеюі, протекционизм мен келісімдердің бұзылуы жаһандық экономикаға айтарлықтай қиындық туғызып отыр. Бұл түйткілдерді шешу үшін әділетсіз сауда кедергілерін жойып, цифрландыру арқылы жеткізу тізбегінің ашықтығын арттыру қажет. Нарықтық капитализациясы орасан зор Азиядағы алып облигациялар нарығы көптеген даму жобаларына қолдау көрсететін әлеуетке ие. Еуразиялық даму банкі жаңа қаржылық инвестициялық құрал ретінде панда-бондтардың бірінші легін шығаруды жоспарлап отыр. Бұл жаһандық инфрақұрылым жобаларын қаржыландыру үшін аса маңызды болуы мүмкін”,– деді Мемлекет басшысы.

Президент азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты ахуалға да жеке тоқталды.

“Дүниежүзі тұрғындарының шамамен үштен бір бөлігі әлі де азық-түлік тапшылығын сезініп отыр. Орталық Азияда бидай өндіру бойынша жетекші ел саналатын Қазақстан өзінің ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуетін жаһандық азық-түлік тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін пайдалануға ниетті. Біз мақсатты бағдарламалар жасау, бірлескен агроинновациялық орталықтар құру және инновациялық технологиялар трансферті арқылы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға тиіспіз. Ол үшін күш жұмылдыруымыз керек”, – деді Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев Азия елдері арасындағы көлік-транзит ынтымақтастығын нығайтудың стратегиялық мәні зор екенін атап өтті.

“Қолданыстағы және жаңа көлік бағыттарын дамыту үшін барынша күш-жігер жұмсау аса маңызды. Транскаспий халықаралық көлік бағыты немесе "Орта дәліз" осы санатқа жатады. Аталған көлік бағдары Азия мен Еуропа арасындағы жеткізу тізбегінің қауіпсіздігін әлдеқайда тиімді қамтамасыз етеді. Былтыр осы бағыттағы жүк тасымалы екі есе артып, 3 миллион тоннаға жетті. Алдағы жылдары бұл көрсеткіш 10 миллион тоннаға жетеді деген болжам жасап отырмыз. Сондай-ақ Қазақстан "Солтүстік – Оңтүстік" дәлізін дамытуда көрші елдермен ынтымақтастық орнатуға дайын”, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті жаһандық экономиканың орнықты өсімін қамтамасыз ету үшін технологиялық ынтымақтастықты, әсіресе, жасанды интеллект саласындағы ықпалдастықты нығайту маңызды деп санайды. Бұл орайда Президент Қытайдың "Жасанды интеллектіні басқару жөніндегі жаһандық бастамасын" қолдады.

Сондай-ақ Қазақстан бірлескен инновациялық IT-жобаларды жүзеге асыру мақсатында Азияның жетекші технологиялық алпауыттарымен серіктестік орнатуға мүдделі екенін мәлімдеді.

Тоқаев шикізаттың аса маңызды түрлерін өндіру ынтымақтастықтың тағы бір перспективті бағыты саналатынын айтты.

“Сирек кездесетін металдар көптеген технология үшін аса маңызды компонентке айналды. Олар өнеркәсіп, цифрлық технологиялар, ғарыш және қорғаныс сияқты стратегиялық салаларда мүлдем қалдық болмайтын деңгейге жету үшін қажет. Біз уран, литий, титан және басқа да сирек кездесетін элементтердің ірі кен орындарын игерудің ең тиімді тәсілдерін қолдану мақсатында халықаралық серіктестермен бірлесе жұмыс істеуді жалғастыра береміз”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, Азия өзінің экономикалық, технологиялық және мәдени артықшылықтарын пайдалану арқылы әлемнің келешек даму бағытын айқындауда шешуші рөл атқара алатынына сенім білдірді. Бұл ретте Президент Боао Азия форумы және Астана халықаралық форумы (AIF) сияқты маңызды халықаралық диалог алаңдарының практикалық перспективасы зор екенін атап өтті. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қасым-Жомарт Тоқаев БАФ қонақтарын 2024 жылдың маусым айында өтетін Астана халықаралық форумына шақырды.


Автор: Ербол Нурланов

Ербол — талантливый фотограф, зафиксировавший красоту природы и городской жизни Казахстана. Его работы придают нашим материалам визуальное великолепие.