Қызылордалық белсенділер былтыр бюджеттің миллиондаған қаражатына егілген талдар тағы да қурап қалуы мүмкін деп дабыл қағып жатыр. Олардың айтуынша, қалада жасыл желекті суару жүйесі әлі күнге дұрыс жолға қойылмаған. Талдарға күтім болмағандықтан кейінгі 2-3 жыл көлемінде егілген ағаштардың көбі көктемеген. Осылайша мыңдаған түп жас шыбық жапырақ жаймастан солып, ал оған жұмсалған мемлекет қазынасы желге ұшып жатыр деп күйінеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информ бюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото видеокадрдан алынған

Белгілі болғандай, қала орталығындағы дәл осы аумаққа 3 жыл бұрын шенеуніктер тал егу шарасы кезінде 100 түп ағаш еккен. Тал егу шарасына мемлекет қазынасынан қаражат бөлінген. Алайда қазір соның бір де бірі қалмаған. Бәрін тып-типыл қылып, тамырынан жұлып әкеткен.

Бұдан бөлек, былтыр көктемде қаланың әр аумағына 5 мың түп тал егіліпті. Әкімдік оған 10 миллион теңге жұмсаған. Ал ерікті түрде көшелерге ағаш отырғызып жүрген қоғам белсендісі Болат Нұрқожаев биыл осы шыбықтардың да көктеп кететіне күмәнмен қарайды. Айтуынша, жас ағаштарды суару технологиясы әлі де дұрыс емес. Шенеуніктер ағашқа күтім жасауда өңірдің аңқаны кептіретін аптабын, құрғақ ауа райын мүлдем ескермейді дейді.

Қоғам белсендісі Болат Нұрқожаев өңірге тал егілсе де, қажет күтім керегін айтады.

"Науқаншылық қой енді. Сенбіде келеміз де, қане, мына жерге тал егіп-егіп кетеміз. Ұялап. Ал оның арық жүйесі жоқ. Кім оны шелектеп суарып жүреді. Үлкен мәселе – сол. Біздің Қызылордада мына Алматы, Шымкент, Ақтөбе не Қарағанды сияқты еккеннен кейін 1-2 жылда тал болып кетпейді. Бізде ол үлкен тал болса да, суару керек", – деді Болат Нұрқожаев.

  • "Төселгеніне бір ай да болған жоқ": Жамбыл облысында жаңа асфальтқа шөптер шығып кеткен

  • Шымкентте қар түскенде отырғызылған гүлдер тұрғындардың ашуын туғызды

Сонымен қатар қала көшелерін желектендіру жұмыстарының жүйесіз болғанын шенеуніктер де мойындайды. Олар олқылықтың орнын толтыруға тырысып жатқанын жеткізді. 

Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Ғалымжан Еркебай талды суғару да конкурспен өткізілетінін атап өтті.

"Талды басқа бір мекеме егеді. Аяқ суды басқа бір мекеме тартады. Енді қазір біз ол кісілерге мына талың шықпады ғой десек, аяқ суды қамтамасыз етпеді дейді. Аяқ суды неге уақытылы бермедің десем, ол конкурспен майға, не июньге дейін кетіп қалады. Осындай кемшіліктерді болдырмау мақсатында именно осы “Жасыл Қызылорда” деген мекеме бірыңғай осы Қызылорда қаласындағы талдарды аяқ сумен қамтамасыз етеді, и талдарды егеді", – деді әкім орынбасары.

Әкім орынбасарының айтуынша, ағаш отырғызып, оның жайқалып кетуіне дейінгі шаруаның барлығына жауап беретін жаңадан мекеме ашуға мәжбүр болған.

Еске салайық, еліміздегі көктемгі егіс жұмыстары аясында 1,4 миллион гектардан астам жер егілді. Оңтүстік өңірден басталған науқанға еліміздің батыс және шығыс аймақтары да қосылды.


Автор: Ербол Нурланов

Ербол — талантливый фотограф, зафиксировавший красоту природы и городской жизни Казахстана. Его работы придают нашим материалам визуальное великолепие.