Мұхаммед хайдар дулати және ортағасырлық Қазақстан тарихының деректік мәселелері кәрібаев Б. Б



жүктеу 139.23 Kb.
Дата06.05.2019
өлшемі139.23 Kb.

ӘОЖ 82 – 94: 82 – 311. 6
МҰХАММЕД ХАЙДАР ДУЛАТИ ЖӘНЕ ОРТАҒАСЫРЛЫҚ ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫНЫҢ ДЕРЕКТІК МӘСЕЛЕЛЕРІ
Кәрібаев Б.Б.

әл - Фараби атындағы ҚазҰУ, Алматы


Қазақстан тарихының ежелгі және ортағасырлық дәуірлердегі тарихын зерттеуде дерек түрлері ішінде жазба дерек мәліметтері алдыңғы орындарға ие. Егерде жазба деректердің өздерін деректік құндылығына қарай салыстырар болсақ, бірнеше мыңжылдық тарихымыздың әр дәуірінде әр түрлі тілдерде жазылған мәліметтер басты рөлдерді алады. Скиф-сақ дәуірін зерттеуде антикалық авторлардың еңбектеріндегі, ғұн – үйсін дәуіріндегі тарихты зерттеуде көне қытай жазбаларындағы, ерте түрік дәуірін зерттеуде көне қытай жазбалары мен руналық ескерткіштердегі мәліметтердің маңызы зор. Ал X ғасырдан бастап араб тіліндегі жазба ескерткіштердің, XIII-XIV ғасырлардан бастап парсы –тәжік, түрік-шағатай тілдерінде жазылған тарихи шығармалардың мәліметтері осы ғасырлардағы Қазақстан тарихының мәселелерін зерттеуде басты орынға шыға бастайды. Дәлірек айтар болсақ, Жувейнидің «Тарих-и Жаһангуша» («Әлемді жаулаушының тарихы»), Рашид ад-диннің «Жылнамалар жинағы» («Джамих ат-таварих»), Хамдаллах Казвинидің «Тарих-и гузиде» («Таңдамалы тарих»), сондай-ақ Муйн ад-дин Натанзи, Әбдіразақ Самарқанди, Шами, Йезди, Гаффари, Хайдар Рези, Рузбихан секілді авторлардың еңбектеріндегі құнды мәліметтер XIII-XVI ғасырлардағы Қазақстан тарихының әртүрлі қырларын зерттеуге, түсінуге жол ашады. Аталған авторлардың еңбектеріндегі мәліметтерсіз осы кезеңдердегі ел тарихын көз алдымызға елестету мүлде мүмкін емес. Міне, осындай парсы тілінде жазылған деректер ішінде Мұхаммед Хайдар мырза Дулатидың «Тарих-и Рашиди» еңбегі айрықша ерекшеленеді.

Мұхаммед Хайдар мырза Дулатидың өмірі мен шығармалары қазақ жұртшылығына жақсы таныс. 1997 жылдан бері елімізде ғұлама ғалымның, әрі тарихи тұлғаның өмірі мен шығармашылығына арналған бірнеше халықаралық және республикалық конференциялар, ғылыми жиындар мен басқосулар өткізілді. Ғалымның тарихи мұралары қазақ тіліне аударылып, қалың көпшіліктің ортақ игілігіне айналды. Мұхаммед Хайдар мырза Дулати есімін мәңгі сақтау мақсатында Тараз қаласындағы Мемлекеттік университетке оның есімі берілді, университет алдына оның ескерткіші орнатылды, оның есімімен Тараз, Алматы қалаларында даңғыл жол аталады, оның мұраларын зерттеу мақсатында Халықаралық ғылыми-зерттеу орталығы жұмыс істейді. Бұл айтылғандардың бәрі Дулати есімінің қазақ халқына жақындай түскендігін көрсетсе керек. Оның өмір жолы туралы ғылыми және ғылыми-көпшілік басылымдарда біршама тәуір баяндалғандықтан, біз бұл жерде ол мәселеге тоқталып жатпаймыз. Бірден оның еңбегіндегі құнды мәліметтер мен олардың ортағасырлық Қазақстан тарихын зерттеудегі деректік маңызына тоқталмақшымыз.

«Тарих-и Рашиди» еңбегі ортағасырлық Моғолстан мемлекетінің тарихын баяндауға арналғанымен, онда XIII – XVI ғасырлардағы Тибет, Ауғанстан, Үндістан, Иран, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан тарихына қатысты мол мәліметтер жиі кездеседі. Ал шығарма мәліметтерінің осы ғасырлардағы Қазақстан тарихына қатыстылығы туралы айтар болсақ, онда жоғарыда атап өткен деректердің ешқайсысы Мұхаммед Хайдар Дулати еңбегіндегі мәліметтермен теңесе алмайды. Басқаша айтқанда, Дулати мәліметтері XIV – XVI ғасырлардағы Қазақстан тарихы үшін алдыңғы қатардан орын алады. Төменде осы тұжырымымызды негізделік.

«Тарих-и Рашиди» еңбегіндегі Қазақстан тарихына қатысты мәліметтерді өз ішінде әртүрлі белгілер бойынша бірнеше топқа бөліп қарастыруға болады. Оған саяси, этнографиялық, географиялық, экономикалық, діни, рухани, мәдени, топономикалық және тағы басқа белгілер жатады. Осындай әр белгіге қарай «Тарих-и Рашиди» мәліметтерін жіктеу жеке-жеке зерттеулердің еншісіне тисе керек. Ал біз еңбектегі мәліметтерді хронологиялық жағынан қарастырып, олардың Қазақстан тарихы үшін маңызына тоқталмақшымыз.

Мұхаммед Хайдар мырза Дулатидың «Тарих-и Рашиди» еңбегі екі бөлімнен тұратыны белгілі. Бірінші болып жазылған екінші бөлімі немесе екінші дәптері мемуарлық сипатта болса, соңынан жазылған бірінші дәптер тарихи баяндау сипатындағы еңбекке жатады. Екі дәптерде де автор белгілі бір оқиғаны баяндау барысында немесе белгілі бір тұлғаның өміріне қатысты мәліметтерді айту барысында кейде тарихи шегіністер жасап, Моғолстан тарихына дейінгі жәйттерден хабарлар береді. Ондай деректердің біз үшін маңызы жоғары болып саналады. Біз ондай дерек мәліметтерін хронологиялық белгіге сүйене отырып, XIII ғасыр басына дейінгі, яғни моңғолдар жаулап алғанға дейінгі деректер тобына жатқызамыз. Бұл топқа жататын дерек мәліметтері өте аз және компильятивті сипатта болып келеді. «Тарих-и Рашидиде» XIII ғасыр басына дейінгі деректерге – Сатұқ Боғра хан мен Күшлік ханға қатысты мәліметтер жатады. Мұхаммед Хайдар Дулати Сатұқ Боғра ханға қатысты мәліметтерді Рашид ад-диннің «Мажма ат-тауарих» атты кітабынан алғанын айтып өтеді[1,317]. Екінші дәптердің «Қашқардың жай-жапсары жайында» деп аталатын 40- тарауында ол туралы былай деп баяндалады: «Ежелгі заманнан бері Қашқар сұлтандары Афрасиаб – түрік ұрпағынан [шығатын] еді. Осы Афрасиабты моғолдар Буға хан деп атайды. Оның тегі: Афрасиаб ибн Пиш ибн Дад Нишин ибн Тура ибн Афридун... Қашқардың сұлтанзадаларының ішінен – Сатұқ Бағра хан жастайынан ислам дінін қабылдады. Кейін патша болған соң Қашқар уалаятының бәрі ислам дініне кірді. Одан кейін бірнеше ұрпағы Қашқардың патшалық тағына отырды. Тіпті Мауараннахрды оның ұрпақтары биледі»[1,317]. Жалпы алғанда, тарихнамада Сатұқ Боғра хан - Қарахандар әулетінің негізін салушы (915-955) деп есептеледі[2,398-399]. Ол жөнінде азды-көпті ақпараттар тарихқа белгілі. Соған қарамастан Мұхаммед Хайдар Дулатидың бұл мәліметі Сатұқ Боғра хан жөніндегі және ислам дінінің Орталық Азияда таралуы туралы тарихи білімімізді одан әрі молайта түседі.

«Тарих-и Рашидидегі» XIII ғасыр басына дейінгі деректер тобына жататын келесі бір мәліметке Найман ханы – Күшлік ханға байланысты мәліметтер енеді. Автордың бұл мәліметтері де компильятивті сипатта, ол Күшілікке қатысты деректерді «Тарих-и Жахангушай» еңбегінен алғанын айтады және найман хандығының соңғы билеушісінің Қашғардағы өмірі туралы мәліметті тұтастай сол еңбектен үзінді ретінде келтіреді[1,318-320].

Мұхаммед Хайдар Дулати еңбегіндегі Қазақстан тарихына қатысты деректердің келесі тобын хронологиялық жағынан алғанда XIII-XV ғасырларға жататын мәліметтер жатады. Және де бұл мәліметтер біз үшін ең басты және ең негізгі деректер болып саналады. Мұндағы Қазақстан тарихына қатысты деректердің басым бөлігінің оригиналды сипаты бар. Тек қана бірінші дәптердегі 70 тараудың 17-сі ғана «Зафар наме» еңбегінен үзінді түрінде алынған да, қалған тараулардың бәрі тың мәліметтер қатарына жатады.

Төменде сол тың деректердің ортағасырлық Қазақстан тарихы үшін маңыздарына тоқталалық.

«Тарих-и Рашидидегі» біз қарастырып отырған оригиналды деректерді былайша топтастыруға болады: а) Моғолстан мемлекетінің құрылуы және оның алғашқы билеушілері – Тоғылық Темір хан мен оның ұлы, әрі мұрагері Ілияс қожа ханның өмірі, жүргізген саясаты туралы мәліметтер; ә) алғашқы моғол хандарының билігі тұсындағы автордың ата-бабалары – әмір Байдаган, әмір Болатшы, әмір Қамар ад-дин және тағы басқалары туралы мәліметтер; б) Қызыр қожа хан, Мұхаммед хан, Шир Мұхаммед хан, Уәйіс хан, Есенбұға хан, Досмұхаммед хан, Жүніс хандар мен олардың билік құрған жылдары тұсындағы Моғолстанның саяси жағдайы туралы мәліметтер; в) осы аталған хандар тұсындағы автордың ата-бабаларына қатысты мәліметтер; г) Моғолстанның соңғы билеушілері – Сұлтан Махмұт хан, Сұлтан Ахмет хан, Мансұр хан, Сұлтан сайд хандардың өмірі мен саясатына қатысты мәліметтер; ғ) Қазақ хандығының құрылуы мен оның бір ғасырлық тарихына қатысты мәліметтер және тағы басқалар. Аталған топтамалардағы дерек мәліметтерінің әрқайсысы біз қарастырып отырған мәселе бойынша өте маңызды. Егерде Мұхаммед Хайдар мырза Дулатидың «Тарих-и Рашиди» еңбегінің бірінші дәптері тарих ғылымына белгісіз болса, онда қазіргі күндегі тарихнамамызда мықтап орын алған Моғолстан мемлекеті, моғол хандары, олардың жүргізген ішкі-сыртқы саясаты туралы және де сол кезеңдегі көптеген тарихи тұлғалар туралы тарихи біліміміз өте жұтаң, мүмкін тіпте мүлде болмаған болар еді. Менің ойымша, тек осындай салыстыру ғана бірінші дәптердегі жоғарыда атап өткен дерек мәліметтерінің ғылыми құндылығы мен маңызының қандай екенін көрсетеді. Осыған байланысты белгілі қазақстандық шығыстанушы В.П.Юдин «Тарих-и Рашиди» еңбегіндегі мәліметтердің ғылыми маңызы туралы мынадай тұжырым айтқан болатын: «...Тарих-и Рашиди» баяндаулардың жүйелілігі, хронологиялық дәлдік пен ұсақ детальдардың дәлдігі жағынан «Бабур-намадан» кем түседі, соған қарамастан мысалы, егерде бүгінгі күнге дейін «Бабур-нама» сақталып, «Тарих-и Рашиди» жетпесе, онда Орталық Азияның деректануы анағұрлым көп нәрсе жоғалтқан болар еді»[3,190].

Енді біз еңбектегі дерек мәліметтеріне қатысты жалпылама ойлардан нақты тұжырымдарға көшсек. Әрине, еңбектегі барлық мәліметтердің құндылығы мен маңызын талдап жатудан аулақпыз, оған бір мақаланың көлемі көтермейді де. Соған байланысты біз, еңбектегі Қазақ хандығының құрылуы мен оның бір ғасырлық тарихына қатысты мәліметтердің құндылығы мен олардың маңызы туралы ой білдіреміз.

XV ғасырдағы қазақ тарихындағы ең басты оқиғағалардың біріне - Қазақ хандығының құрылуы жатады. Отандық тарихнамада осы оқиғаның маңызы жөнінде мынадай тұжырым қалыптасқан: «Қазақ хандығының пайда болуы Қазақстан территориясында XIV-XV ғасырларда болып өткен әлеуметтік-экономикалық және этникалық-саяси процестердің заңды қорытындысы болды»[4,265]. Міне, осы аса маңызды оқиға туралы ең алғашқы баяндаулар Мұхаммед Хайдар мырза Дулатидың еңбегінде айтылады. Егерде Мұхаммед Хайдар мырза Дулати Қазақ хандығының құрылуы туралы ешқандай мәлімет қалдырмағанда, біз әлі күнге дейін Қазақ хандығы қалай құрылған, қашан құрылған, кімдердің жетекшілігімен құрылған деген сауалдарға жауаптар таппаған болар едік. Сөйтіп, біздің осы мәселе бойынша тарихи біліміміз толымсыз болған болар еді.

Қазақ хандығының құрылуы бір ғана оқиғамен, бір мезетте жүзеге асқан жоқ, ол - бір тарихи үдеріс барысындағы оқиғалардан тұратын, басталуы, дамуы және аяқталуы бар тарихи процес. «Тарих-и Рашидиде» хандықтың құрылу кезеңдерінің біршамасын көрсететін оқиғалар туралы баяндалады. Төменде әр кезеңнің оқиғаларын көрсететін мәліметтерге тоқталалық.

Қазақ хандығының құрылуындағы басты, алғашқы оқиғаға - Керей мен Жәнібек хандар бастаған ру-тайпалар тобының «көшпелі өзбектер» мемлекетінен бөлініп, Моғолстандағы Есенбұға ханның иелігіндегі өңірлерге келіп қоныстануы жатады. Бұл туралы Мұхаммед Хайдар мырза Дулати былй деп баяндайды: «...Сол заманда Әбілқайыр ханның Дешті Қыпшақ даласында түгелдей билік жүргізіп отырған кезі еді. Жошы ұрпағының сұлтандары жорық жасап, Жәнібек хан мен Керей хан одан қашып, Моғолстанға кетіп қалған еді. Есенбұға хан оларды құрметтеп қарсы алып, қоныстануға Моғолстанның батыс жағындағы Шу өзені алабындағы Қозыбасыны берді. Олар бұл аймақта тыныш өмір сүрген...» [1,110]. Бұл мәлімет – «Тарих-и Рашидидің» бірінші дәптерінде баяндалса, дәл осы оқиғаны автор кітаптың екінші дәптерінде былай жазады: «Әбілқайыр хан Дешті Қыпшаққа түгелдей билігін орнатқан кезде Жошы әулетінен шыққан кейбір тіміскішіл сұлтандар одан келер бір пәленің исін сезіп қалып, оны орнынан тайдырмақ болды. Керей хан, Жәнібек сұлтан сияқты кейбір сұлтандар мен басқалар аз ғана топпен Әбілқайыр ханнан қашып, Моғолстанға келді. Сол уақытта Моғолстан хандығын билеу кезегі Есенбұға ханға жеткен еді. Есенбұға хан оларды қатты құрметтеп, оларға Моғолстанның бір шетін бөліп берді. Олар осы жерден қауіпсіз жайлы қоныс тапты. Сөйтіп тыныш өмір сүріп жатты»[1,305-306].

Қазіргі кезде Қазақ хандығының құрылу тарихымен айналысатын тарихшылар өз зерттеулерін осы көрсетілген мәліметтерге талдау жасаудан бастайды. Біз де осы мәліметтерге талдау жасап, олардың маңызын көрсетелік.

Жоғарыда келтірілген екі мәлімет – Қазақ хандығының негізін қалаған хандардың кімдер болғанын нақты көрсетіп тұр. Керей мен Жәнібек хандардың шығу тегі, ата-бабалары туралы ортағасырлық басқа деректер толық мәліметтер бере алады. XIV ғасыр басында жазылған Рашид ад-диннің «Жамиғ ат - тауарих»[5, 66-75], XV ғасырдың 20-шы жылдары Гератта жазылған «Муизз ал-ансаб»[6,120-121], XVI ғасыр басындағы шайбанилық белгісіз автордың «Тауарих-и гузида-йи нусрат - наме»[3,41-42], XVII ғасыр басында жазылған Қадырғали Жалайырдың «Жылнамалар жинағы»[7,121-123], сондай-ақ XVII ғасырдың орта тұсында жазылған Әбілғазы ханның «Түрік шежіресі»[8,119] атты еңбектерде қазақ хандарының негізін қалаушылар – Керей мен Жәнібек хандардың шежіресі жақсы беріледі. Келтірілген деректердегі мәліметтер Керей мен Жәнібек хандардың XV ғасырда Шығыс Дешті Қыпшақ аумағында өмір сүргендігін дәлелдейді. Бірақта аталған деректердің ешқайсысы Керей мен Жәнібек хандардың қазақ тарихындағы ролі жөнінде ештеңе айтпайды. Тек «Тарих-и Рашиди» авторы ғана екі ханның қазақ хандығының негізін қалағандығын баяндайды. Дерек мәліметінің құндылығын осыдан-ақ көруге болады.

Жоғарыда келтірген мәліметтер Қазақ хандығының қалай, қандай жағдайда құрылғандығынан хабардар етеді. Қазіргі күнде тарихнамамыздағы Қазақ хандығының құрылуы жөніндегі басты концепция осы мәліметке негізделген. Мұхаммед Хайдар мырза Дулатидың мәліметі Қазақ хандығының құрылған өңірін де нақты баяндап береді.

XVII ғасырдың ортасында аштарханилық автор Махмд бен Уәли өз еңбегінде «Тарих-и Рашиди» және басқа да авторлардың еңбектеріндегі мәліметтерге сүйеніп, Қазақ хандығының не себепті Моғолстанның батыс бөлігіндегі өңірде құрылғандығы жөнінде хабарлайды. Махмуд бен Уәлидің баяндауы бойынша Керей мен Жәнібек хандарға берілген – Шу мен Қозыбасы өңірі - жай ғана жер емес, Есенбұға ханның иелігі мен оның ағасы Жүніс ханның ихтасы арасындағы өңір[9, 352]. Жүніс ханның ихтасы дегеніміз - Ферғана аймағының шығысындағы Жетікент өңірі. Жүніс хан Мауереннахр билеушісі Әбусайд мырзадан ол жерді басқару үшін алған, сол себепті Махмуд бен Уәли ол өңірді Жүніс ханның ихтасы деп жазады. Автордың осы мәліметіне терең назар аударып, оны сол тұстағы оқиғаларды баяндайтын басқа да дерек мәліметтерімен әрі салыстыра, әрі бір-бірімен толықтыра қарастырсақ, Қазақ хандығының не себепті Жетісудың батыс өңірінде құрылғандығына көзімізді жеткізгендей боламыз.

Төменде сол жөнінде ойымызды тарқатып көрелік.

Моғолстан мемлекеті Орталық Азиядағы үш географиялық аймақтан тұрғаны белгілі. Оның құрамына XIV ғасырдың ортасында Шығыс Түркістан, Жетісу және қазіргі Қырғызстан аумағы енеді. Есенбұға ханның билігінің соңғы кезеңінде орталық билік әлсіреп, жергілікті әмірлердің, әсіресе, соңғы екі аймақтағы көшпелі және жартылай көшпелі тайпа әмірлерінің шағатайлық ханға қарсы наразылықтары күшейеді. Сол себепті де Есенбұға ханның ағасы Жүніс хан Әбусайд мырзаның қолдауымен Моғолстан жаққа бет алғанда оны бірінші болып Ыстық көл маңайында көшіп-қонып жүретін Есенбұға ханға наразы тайпа әмірлері қолдайды.Бұл туралы Бабыр былай деп жазады: «Сұлтан Әбу Сайд мырза Жүніс ханды моғол ұлысына хан етіп отырғызғанда, бұрын Есенбұға ханға өкпелеп кеткен Сағараш тұманының барлық бектері Моғолстанға қайтып оралды. Жүніс хан оларға келіп жолықты. Ол кезде Сағараш тұманының бегі Шир Қажы бек болатын. Жүніс хан оның қызы Исан Дулат бикеге үйленді. Моғолдардың әдеті бойынша Жүніс хан мен Исан Дулат бикені ақ киізге отырғызып, хан көтерді»[10, 30 б.]. Деректен көріп отырғанымыздай, Моғолстандағы үш аймақтың біріне жататын қазіргі Қырғызстан бірінші болып Жүністі хан көтереді. Оған іргелес жатқан Жетісу жерінің тайпалары да Жүніс ханды қолдап кетуі әбден мүмкін болатын. Сол себепті де Есенбұға хан Жетісу тайпаларының Жүніс ханды қолдауына жол бермеу үшін осы аймаққа Жүніс ханмен бір мезгілде келіп жатқан Керей мен Жәнібек хандарға Жетісудың батысынан, яғни Шу мен Қозыбасы өңірін береді. Шынында да картаға көз салсақ, Шу мен Қозыбасы өңірі – Ыстық көл маңы мен бүкіл Жетісу жеріне апаратын жолда тұр. Осылайша, Есенбұға хан Керей мен Жәнібек хандарға Шу мен Қозыбасы өңірін беру арқылы бүкіл Жетісу тайпаларының Жүніс ханды қолдап кетуіне тоқтау қояды. Осындай талдаулардан кейін Мұхаммед Хайдар мырза Дулатидыңдерегіндегі Есенбұға ханның Керей мен Жәнібек хандарды қуана қарсы алып, қоныстануға Моғолстанның батыс жағындағы Шу өзені алабындағы Қозыбасыны берді деген мәліметтің сырын ұғынамыз.

Біздің бұл талдаған мәліметіміз Қазақ хандығының құрылуы барысындағы алғашқы кезеңді көрсетеді. Мұхаммед Хайдар мырза Дулатидың мына мәліметі Қазақ хандығының құрылу барысындағы келесі кезеңнен хабардар етеді: «Әбілқайыр хан қайтыс болған соң өзбек ұлысы бір-бірімен шайқасып, араларында үлкен келіспеушілік туды. Жұрттың көпшілігі Керей мен Жәнібек ханның жанына кетіп қалды. Олардың саны екі жүз мың адамға жетті, оларды өзбек-қазақ деп атай бастады. Қазақ сұлтандарының алғаш билік жүргізуінің басы 870 (1465-1466) жылдан басталады. < Алла жақсы біледі > »[1,110].

Бұл мәлімет те бұған дейін айтып өткеніміздей, «Тарих-и Рашидиге» дейінгі ешбір ортағасырлық автордың дерегінде кездеспейді. Әбілқайыр ханның нақты қайтыс болған жылы белгілі. Кухистани ол туралы былай деп жазады: «...Тышқан жылына сәйкес келетін сегіз жүз жетпіс төртінші жылы, елу жеті жасында... о дүниелік болды»[11,171]. Хижраның 874 жылы біздің жыл санауымыз бойынша 1469/1470 жылға сай келеді. Әбілқайыр хан ұлдары мен ұрпақтарына бірлік пен ынтымақта болыңдар деп өсиет қалдырғанымен, көп ұзамай билік үшін тартыс басталып кетеді. Көптеген ру-тайпалар Қазақ хандары жағына шыға бастайды. Дулатидың соңғы мәліметі осы жағдайды баяндап отыр. Көп ұзамай олардың саны 200 мыңға жетеді. Бұл мәлімет те біз үшін өте құнды. Өйткені құрылу кезеңін басынан өткеріп жатқан хандықтағы халықтың санын анықтау – сол кезеңдегі мемлекеттің қуаты, қалыптасуы жөнінен бізді хабардар етеді.

Деректегі келесі бір аса маңызды мәліметтің біріне – хандықтың құрылған жылы туралы ақпарат жатады. Бұл жөнінде біз өз ойларымызды басқа жұмыстарымызда айтқанбыз, сол себепті де бұл жерде қысқаша тұжырымдармен шектелеміз.

В.П.Юдиннің айтып өткеніндей, «Тарих-и Рашиди» мәліметтері оқиғалардың дәлдігі жағынан «Бабыр-намаға» тең келмейді деген пікірі осындай даталарға қатысты айтылған. Бірақта бұл датаны мүлде қате деуге болмайды. Дулати бұл жерде оқиғаның барысын дұрыс баяндайды, ал оның болған жылын шамамен, болжаммен, 6-8 жыл айырмашылықпен беріп отыр. Мұндай тарихи датаның жылын шамамен беру Дулатида жиі кездеседі. Мысалы, қазіргі кезде тарих ғылымына Ұлығбек мырзаның нақты туған, өлген жылдары белгілі. Ол 1394 жылы 22 наурызда дүниеге келіп, 1449 жылы 25 қарашада қайтыс болған. Ал Дулати оның өлген жылын: «...шамамен 860 (1455-1456) жылдары қайтыс болған. <Алла жақсы біледі>» - , деп жазады[1,95]. «Тарих-и Рашидидегі» Қазақ сұлтандарының алғаш билік жүргізуінің басы 870 (1465-1466) жылдан басталады. < Алла жақсы біледі > » деген мәліметке осындай сыни көзбен қарау керек. Соған қарамастан біз, Дулати мәліметіне сүйене отыра, Қазақ хандығының құрылған жылын XV ғасырдың 50-ші жылдарының соңы мен 70-ші жылдарының басында болғанын білеміз.

Осылайша, Мұхаммед Хайдар мырза Дулатидың Қазақ хандығының құрылу жөніндегі мәліметтерін талдай отыра, біз, ол мәліметтердің «Тарих-и Рашидиге» дейін ешбір деректе кездеспейтінін және хандықтың құрылуын баяндайтын ең алғашқы дерек екеніне назар аударып, ортағасырлық Қазақстан тарихы үшін, оның ішінде Қазақ хандығының құрылу тарихында бұл деректерге тең келер дерек жоқ деп есептейміз.

Мұхаммед Хайдар Дулатидың деректері Қазақ хандығының құрылуын көрсетумен шектелмейді. Автор Қазақ хандығы құрылғаннан кейінгі оның бір ғасырға жуық саяси тарихын көрсететін мәліметтер береді. Ол жөнінде Дулати бірінші дәптерде жарты бетке жетпейтін хабарлама берсе, екінші дәптерде бес беттей мәліметтер қалдырады. Ол мәліметтерді былайша топтастыруға болады:


  1. 1537 жылға дейінгі Қазақ хандығы мен Бұрындық, Мамаш, Тахир, Бұйдаш секілді қазақ хандары туралы қысқаша мәліметтер;

  2. Қасым хан, оның билігі туралы мәліметтер;

  3. 1513/1514 жылғы Сайд ханның Қасым хан Ордасына келуі және соған қатысты мәліметтер;

  4. Тахир хан тұсындағы қазақ-моғол қатынастары туралы мәліметтер;

  5. Мұхаммед Шайбани ханға қатысты мәліметтер және т.б.

Бұл аталған мәліметтердің бәрі де «Тарих-и Рашидидің» ортағасырлық Қазақстан тарихын зерттеудегі деректік маңызын аша түседі. Олардың әрқайсысы жеке-жеке қарастыруды қажет етеді. Біз оны болашақ зерттеулердің тақырыбы етіп қалдырамыз да, жоғарыда айтылған ойларымызды түйіндей келе, мынадай қорытындыға келеміз.

Мұхаммед Хайдар мырза Дулатидың «Тарих-и Рашиди» еңбегіндегі мәліметтер ортағасырлық Қазақстан тарихы үшін, оның ішінде Қазақ хандығының тарихы үшін ең басты дерек көздері болып табылады. Автордың мәліметтері арқасында қазіргі кездегі Отандық тарихнама Қазақ хандығының тарихы туралы тарихи білімдерге қол жеткізіп отыр. «Тарих-и Рашидидегі» мәліметтердің ғылыми құндылығы мен маңызын анықтау, көрсету алдағы қүндері жалғаса береді деп ойлаймын.



Әдебиет


  1. Мұхаммед Хайдар Дулати. Тарих-и Рашиди (Хақ жолындағылар тарихы) – Алматы: М.Х.Дулати қоғамдық қоры, 2003. 616 бет.

  2. Қазақстан тарихы(көне заманнан бүгінге дейін). Төрт томдық. I том.-Алматы: «Атамұра», 1996. – 544 бет.

  3. Тарих-и Рашиди. Мына жинақта: Материалы по истории Казахских ханств в XV – XVIII вв. (Извлечения из персидских и тюркских сочинений). Составители: С.К.Ибрагимов, Н.Н.Мингулов, К.А.Пищулина, В.П.Юдин. Алма-Ата ,1969.

  4. Қазақ ССР тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. II том. Алматы: Қазақ ССР-інің «Ғылым» баспасы, 1983. – 440 б.

  5. Рашид ад-дин. Сборник летописей / Пер. с персидского Ю.П. Верховского, примеч. И.П. Петрушевского. – М.-Л., 1960. – Т.2. –248 с.

  6. Сұлтанов Т.И. Поднятые на белой кошме. Потомки Чингиз-хана. – Алматы, 2001. –276 с.

  7. Қадырғали Жалайыр. Шежірелер жинағы / Шағатай-қазақ тілінен аударып, алғы сөзін жазғандар Н. Мингулов, Б. Көмеков, С. Өтениязов. – Алматы, 1997. –128 б.

  8. Әбілғазы. Түрік шежіресі /Көне түрік тілінен аударған Б. Әбілқасымов. – Алматы, 1992. – 228 б.

  9. Бахр ал-асрар фи манакиб ал-ахйар. Мына жинақта: Материалы по истории Казахских ханств в XV – XVIII вв. (Извлечения из персидских и тюркских сочинений). Составители: С.К.Ибрагимов, Н.Н.Мингулов, К.А.Пищулина, В.П.Юдин. Алма-Ата, 1969.

  10. 10.Захир ад-дин Мұхаммед Бабыр. Бабырнама. Толықтырылып екінші басылуы. Қазақша сөйлеткен Байұзақ Қожабекұлы. Алматы: Ататек – 1993, 448 бет.

  11. 11.Тарих-и Абу-л-хайр-хани. Мына жинақта: Материалы по истории Казахских ханств в XV – XVIII вв. (Извлечения из персидских и тюркских сочинений). Составители: С.К.Ибрагимов, Н.Н.Мингулов, К.А.Пищулина, В.П.Юдин. Алма-Ата, 1969.


Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет