Мұхаммед хайдар дулатидің «тарих-и рашиди» туындысы – Қазақ жазба классикалық Әдебиетінің КӨрнекті көрсеткіші тебегенов Т. С



жүктеу 118.83 Kb.
Дата06.05.2019
өлшемі118.83 Kb.

ӘОЖ. 821.512.122.09
МҰХАММЕД ХАЙДАР ДУЛАТИДІҢ «ТАРИХ-И РАШИДИ» ТУЫНДЫСЫ – ҚАЗАҚ ЖАЗБА КЛАССИКАЛЫҚ ӘДЕБИЕТІНІҢ КӨРНЕКТІ КӨРСЕТКІШІ
Тебегенов Т.С.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Алматы


Қазақ Елі – ғасырлар белестерінде әлем өркениеті кеңістігіндегі өзіндік ұлттық дүниетанымын, мәдениетін қалыптастырған іргелі мемлекет. Әлем өркениетінің әр алуан тарихи ықпалдастығы аясында ұлттық төл негізділігін сақатай отырып, бірақ материалдық және рухани мәдениет салаларындағы озық жетістіктерді сіңіре, жаңғырта дамытуымен де қазақтың рухани құндылықтар қазынасы қалыптасты. Бұл орайда, Қазақстан Республикасының Президенті, Ұлт Көшбасшысы – Елбасы

Н.Ә. Назарбаевтың «Тарих толқынында» атты кітабындағы қазақ дүниетанымы ұлттық мәдениетімізге қатысты ойларын басты бағдар етеміз:

«Қазақтың мәдени болмысындағы еуразиялық табиғатын да, біздің ұлы Ислам өркениетіне тартылғанымызды да, түркі әлемімен тарихи-мәдени бірлігімізді де жоққа шығаруға болмайды. ...Бұл қазақтардың мәдениет әлемәіндегі табиғи ақуалы. Оның тіні уақыт пен кеңістік аясында үзілмейді. ...Мәдениет болмаса ұлт та өмір сүре алмайды. Ұлттық мәдениеті – оның қуат өрісі, қорғаныс тетігі. Бұл басқа этностармен өз деңгейінде араласудың, байланыс жасаудың құралы да. Этномәдениеттің өз ішінде мінсіз әмбебап құндылықтар дара тұрады. Ал олар әрбір қазақ үшін еш талассыз мерей-мәртебе. Бұл дегеніңіз, халықты ұлт етіп ұйытатын баға жетпес құндылықтар» [1, 213-215-бб.].

Қазақ тарихындағы көрнек өнері салаларындағы (сөз өнері, әуез өнері, бейнелеу өнері, сәулет өнері, сымбат өнері) көрнекті туындылардың деректілік негізіндегі көркем шындық поэтикасымен танылатыны – халық жолының көрсеткіші. Осындай әмбебап құндылықтардың ата-бабалар дәстүрімен кейінгі ұрпаққа жалғасқан ұлағаты ұлтымыздың сақталуында ықпалды орын алғаны ақиқат. Қазақ халқының төл тарихын кейінгі ұрпақтың білуіне, тануына қызмет атқарып келе жатқан тарихнамалық-дерекнамалық шығармалар – қазіргі Тәуелсіз Қазақ Елі жаңа тарихының да мәңгілік болмысын негіздеген мұралар.

Қазіргі заманғы жаңа бағалаулар аясында тарихи-әдеби құндылықтар қатарындағы Мұхаммед Хайдар Дулатидің қызметі мен шығармашылығының маңыздылығын уақыт талабына сәйкес қарастыруымыз – аса өзекті мәселе. Бұл орайда, қазақ тарихының жаңаша жазылған пікірлеріне сүйенеміз:

«XV ғасырдағы белгілі тарихшы және әдебиетші мырза Мұхаммед Хайдар Дулаттың «Тарих-и Рашиди» деген шығармасы XIV-XVІ ғасырлардың басында Қазақстан аумағы мен көрші аумақтарда өмір сүрген ірі мемлекеттердің бірі Моғолстан тарихына арналған. Бұл еңбек – Қазақ хандығының тарихын зерттеу үшін де аса маңызды бастапқы деректеме. Онда тоқсан жыл ішіндегі қазақ хандарының тарихы тым қысқа болғанымен дәйекті түрде баяндалған.

...Мырза Мұхаммед Хайдар жақсы білім алған, өз дәуірінің саяси оқиғалары мен қайраткерлерінен хабардар болды. Ол түркі тілінде әдеби шығармалар жазғанымен де мұсылман тарихнамасына «Тарих-и Рашиди» еңбегінің авторы ретінде енді. Шығарма 1542-1546 жылдары Кашмирде ортаазиялық парсы тілінде жазылған. Екі бөлімнен – лафтардан тұрады»[2, 14-15-бб.].

Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарих-и-Рашидиі» - әуезе текті жанрларының (шежіре, заманхат, өмірбаян, мінезжеме, тарих, тарихи әңгіме) [3, 89-94-бб.] тұтастығымен жазылған туынды. Күнделік, эссе, мемуар, өмірбаян сынды көркем тарихнама жанрлары шоғырланған туынды жазба дәстүріндегі прозалық үлгі. Қара сөз бен поэзия сабақтастығы жүйесі негізгі стильдік мәнермен қолданылған. Тарихи тұлғалар, халықтың тұрмысы поэтикалық, философиялық-дидактикалық сарынды эпикалық-лирикалық мәнермен жазылған.

Бірінші бөлімде Тоғылық Темір хан атты тарихи тұлғаның қызметі («Тоғылық Темір ханның балалық кезеңі», «Тоғылық хан ислам дінін қабылдады», «Қызыл ибн Тоғылық хан», т.б.), әскери жорықтар, мемлекетаралық байланыстар, тұлғалардың билік үшін күрестері және т.б.оқиғаларды оқимыз. Шежіре деректерімен адамдардың (Әмір Қамардин, Хазірет Сахибқыран, Әмір Хұтайтад, Қыдыр Қожа) іс-әрекеттері баяндалған. Моғолстан тарихындағы басқарушыларды (Мұхаммад, Уәйіс, Әмір Саидәлі, Жүніс, Есенбұға, Сұлтан Ахмет, Мансұр, Әбдірашид. т.б.) сюжеттік құрылымдарда көрсеткен. «Тарихи-и-Рашиди» атты туындысының әдеби шығармаға тән ерекшеліктері айрықша байқалады. Шығармада лирикалық-психологиялық сыршылдық мол. Мұхаммад Хайдар Дулатидің ақындық бейнесі дараланған. Туындының мемуар, әрі эссе жанрлары тұтасқан сипатынан авторлық тұлғаның дарлануын байқаймыз. Автордың лирикалық қаһарман тұғырында поэтикалық сымбатпен бейнеленуі сюжеттік бөліктерде қосыла өрілетіні лирикалық өлеңдерден байқалады. Оқиғалардың поэтикалық түйіні ретінде жырланатын лирикалық өлеңдер (бәйіт, рубаи, ғазал) – ақынның өзіндік философиялық-гуманистік дүниетанымының көрсеткіші. Сюжеттік бөліктердегі шағын шумақты өлеңдерде көркемдік тереңдіктермен баурайды. Лирикалық өлеңдердегі ақынның өзіндік философиялық-гуманистік, дидактикалық-эстетикалық көзқарастарынан Жаратушы Алланың құдіреті дәлелденген. Автор имандыларға даналық, имансыздарға надандық қасиеттерін ұйғарған Алланың құдіретін мойындауға шақырады» [4, 40-б.].

Ақын дидактикалық-философиялық мәні күрделі өмір құбылыстарын психологиялық қабылдауға бағдарлаған. Өлеңдердегі лирикалық сарындардан адамға тән көңіл-күй, мінез-құлық ахуалы(опасыздық, қатыгездік, аярлық, т.б.) өмір шындығын аңғартады. Шығарманың құрылымдық жүйесіндегі философиялық ойлау тұжырымдарын сабақтастыратын афоризмдер («Ақылдың көреген көзі шытырман шешіп, дұрыс жолға салып жіберері анық, жыланды қалтаға салып жауды дос санау парасат ісі емес») айтылады да аллегориялық бәйіті әсерлі:

Азу тісі түскенше көкжалды күш кернейді,

Басын жаншып езгенше жылан уын бермейді [4, 76-б.].

Туындыда тарихи оқиғалар деректері негізінде белгілі тұлғалардың (Хазірет Сахибқыран, Рашид хан, т.б.) Моғолстанды басқарған уақытында біліктілікдеңгейлеріне анықтама айтады. Белгілі тұлғалардың маңайындағылардың (Мұхамади барлас, т.б.) екіжүзді, әзәзіл іс-әрекеттері бағаланған. Жаратушы Алланың құдіретімен негізделген фәни дүние қозғалыстары бағаланылады. «Тарихи-и-Рашиди»туындысындағы лирикалық өлеңдер тарихи әңгімелердің тақырыптық нысанындағы соғыс шайқастары оқиғаларымен де тығыз байланысты. Соғыс майдандарындағы іс-әрекеттерді баяндауда афоризмдер мен философиялық бәйіттер егізделе берілген. Тақырып нысанындағы мәселенің поэтикалық-психологиялық ахуалын көркемдік-эстетикалық тереңдікпен танытуда қаламгер шеберлігін аңғарамыз.

«Тарих-и-Рашиди» композициясындағы көркемдік тәсіл ретінде қолданған шағын әңгімелер ежелгі Римнің философ-жазушысы, тарихшысы Тит Ливийдің «Рим құрылуынан кейінгі тарихы» кітабында қолданылған әңгімелер сипатымен сарындас[5, С. 229].

«Тарих-и-Рашиди» - тарихнамалық-әдеби туынды. Оның композициясындағы әңгімелер әлем әдебиеттерімен үндес тәсілді байқатады. Тоғылық Темір ханның балалық кезеңі, хандардың, әмірлердің Моғолстан мен Мауараннахр өлкелеріндегі өзара қырқысқан соғыстары осындай әңгімелерімен баяндалған. Оқиғаларды тарихи әңгімелер түрінде баяндауда автор эпикалық, драмалық, романтикалық аңыздамалық тәсілдерді қолданған. Тарихи деректі оқиғаларды сол кезеңінің табиғатымен, адамдардың мінез-құлық психологиясымен байланыстыра суреттеген.

Соғыс шайқастарының қарсаңындағы, ұрыстар уақытындағы, жеңістен кейінгі көңіл-күй құбылыстары психологиялық әсерлі көркем бояулы бейнеліліктермен өрнектелген. Тарихи туындының әдеби сипатынан осы поэтикалық ерекшелігі қазақ сөз өнерінің жазбаша үрдісі тарихындағы тұңғыш көркемдік шеберлік көрінісі. Романтикалық тұрғыда серпілдіретін ойдың әсерлілігін оқимыз: «Батылдық семсері ақыл нұрымен қайратылып, ерлік оғы терең ой көрігіне суырылып ұшпаса жеңіс дәмін тату мүмкін емес» [4, 57-б.].

Шығарманың көркемдік сипаты айрықша танылатын жерлері – қанды майдан шайқастарының сәтіндегі психологиялық жағдай. Адамдардың өмір мен өлім беттескен суреттері прозалық және поэтикалық мәтіндердің бірін-бірі толықтыруымен бейнеленуі – суреткерлік ұстанымға тән ерекшелік.

Әскерлердің қолбасшылары, жеке батырлары көркем бейнеленген. Қолбасшылардың ерліктері, өжет, кесек қимылдары жеңістерге жеткізетіні мәлім. Туындыдағы Сахибқыранның әрі хан, әрі қолбасшы қызметі де, шайқас үстіндегі жеке өзіндік батырлығы, жауынгерлігі де дараланған. Майдан шайқастарында патшаның, ханның қатысуы – сирек кездесетін жағдай. Қазақ тарихындағы Күлтегіннің, Тоныкөктің, Афрасиабтың, Абылайдың, Кенесарының майдан шайқасында жекпе-жектерде, шайқастарда ерлік, батырлық көрсеткендері мәлім. Туындыдағы Моғолстан хандығы кезіндегі мйдандардағы Хазірет Сахибқыранның, Болат Баһадүрдің әрі хан, әрі батыр боп танылғаны көркемдік сипатты күшейте түскен.

Эпикалық шығармада туған халқымыздың төл мәдениет дәстүрлері, ұлттық мінез-құлық ерекшеліктері мол қамтылған. Қазақтың қуанышты оқиғалардан кейін той өткізу салтанаты, кісі қайтыс болғаннан кейінгі аза тұту (көрісу, жылау, жерлеу, жоқтау, кесене орнату) рәсімдері жүйелеі суреттелген. Әдеби шығармаға тән тәсілмен тарихи тұлғаларды Сұлтан Саид хан, Әмір Хұдайтадқа, Рашид ханға көркемдік тұрғыда мінезделген.

Кітапта автордың оның әдебиет сыншысы тұрғысындағы ұстанымдары сезіледі. Мысалы, Сұлтан Саид ханның қасиеттері мен ерекше мінезіне арнап кейіпкердің білімдарлығы, ғылыми – әдеби шығармашылығы туралы бағалауы әсерлі. Қаламгерлердің ішкі психологиялық әлемін, зертханалық болмысын ғылыми-теориялық бағалаулары маңызды. Сыншылық байыппен кейіпкерінің өзінің шығармашылық тұлғасымен үндес болуын айрықша айтады. Мұхаммед Хайдар Дулати және ол бағалаған ғалым-әдебиетшілер Орта Азия мен Қазақстанның ұлы ғалымдары (ІХ-ХІХ ғғ) және Еуропа халықтарының орта ғасырлары (VIII-X ғғ.) тарихында классикалық латын әдебиетінің «Ғылыми поэзия» дәстүрі деп аталатын ғалым әдебиетшілер шығармашылығымен үндес [6, С. 9-32.].Әдеби дамудағы поэтикалық үндестіктер дәстүрінің қазақ топырағындағы үлгісін осы үрдістен айқын танимыз.

Мұхаммед Хайдар Дулати – ғалым ақын, жазушы, тарихшы, энциклопедиялық білім иесі. Ол әдебиеттанушы ғалым тұрғысында сөз нысанына алған ақындардың шығармашылығына тән суырып салма (импровизиция) өнерін, саз аспаптарында (удта, сетар (үш ішекті), дутар (екі ішекті), чартар (төрт ішекті), дабыл) шебер ойнайтынын – шертетінін шығармашылық дарын, қабілет ықпалы сипатымен бағалаған. Сонымен бірге, қолөнер шеберлігі (сүйекке өрнек салу, оқ жону, былғары қолғап жасауғ тұмылдырық тігу, аңшылық-саятшылық, т.б.) туралы да байыптаған.

«Тарих-и-Рашидидің» екінші кітабында – автордың ғұмырнамалық жолы баяндалған. Бөлімдегі оқиғалар – Моғолстан мемлекетінің тарихы. Оқиғалар желісінде тарихи тұлғалар және оларға байланысты оқиғалар жүйеленген: 1.Автордың өзінің ата тегі, әулеті: Мұхаммед Хұсейін гурган ибн Мұхаммед Хайдар гурган ибн әмір Сайид Әлі Сайид Ахмет ибн Худайтад ибн Әмір Болатшы. 2.Жүніс хан, Шаһибек, Сұлтан Ахмет хан, Сұлтан Махмұд хан, Бабыр патша (Захир-ад-дин Мұхаммед Бабыр), Сұлтан Саидхан және т.б. 3.Шығыс мәдениетінің тарихында әйгілі болған ғалым ақын-жазушылар: Әбдірахман Жәми, Сачададдин Қашқари, Мұхаммед Аттар, Абдол-ғафур Лари, Әлішер Науаи, Әмір Шейх Ахмед, Хусейн әлі Жалайри, Асафи, Ахи, Хиллали, Биннай, Сайфи және т.б.[4, 471-530-бб.].

Лирикалық өлеңдерден Шығыстың классикалық поэзиясындағы жанрлық түрлер жүйесімен жырлану сарыны сезіледі. Әлем әдебиетінің алыптары Әбдірахман Жәмидің, Әлішер Науаидың, Сағдидың, Захир-ад-дин Бабырдың және т.б. ғалым ақын-жазушылардың шығармашылық ерекшеліктері, әдеби мұралары туралы ойлар келтірілген. Ақын өлеңдерінің тақырыптық-идеялық сипатынан өмірбаяндық оқиғалары сабақтастықпен жырлануын байқаймыз. Тарихи оқиғадан соң өмір шындығын көркем шындықтың даралау, жинақтау, типтендіру заңдылықтары, поэтикалық-философиялық пайымдауларжүйелілігі айқын көрінеді.

Ғалым-ақын Моғолстан мемлекеті туралы мәліметтер кездесетін туындыларды (Қожа Рашид-ад-дин Фаззалахтың «Жәми ат-тауарих», Қожа Хамдаллах Мустауфидің «Тарих-и-гузидесі», «Маулана Шарафаддин Әли Йәздидің «Зафарнамесі», Маулана Әбдіразақтың «Тарихи-и-манзум», Мырза Ұлықбектің «Ұлыс-и арасы» және т.б.) атап көрсеткен. Туған елінің тарихын жадына түсіруде толғаныстарын бәйіт, мисра, рубаи үлгісінде жырлаған. Көркемдік-эстетикалық әсерімен сипатпен байқалатын бейнеліліктердің табиғат көріністерін суреттеу және соны адамдардың, көңіл-күйімен, оқиғалардың себептерімен, салдарларымен байланысты тұрғысында қолданылған. Қара сөзбен де, өлеңмен де жазылған табиғат көріністері туралы бейнелелеулерден өнердің эстетикалық, психологиялық ықпалдылығын танытқан қаламгер суреткерлігі айқындалады. Пейзажды метафоралық-символдық, кейіптеулік бейнелелеулермен өрнектеген жазушының суреткерлік қабілетімен жазба қазақ әдебиетінің ХVI-XVIII ғасырлардағы шеберлік деңгейі де танылады.

Табиғаттың пейзаждық суретін адам тағдырымен, мінез-құлықпен баламалап қолдану мол көрінеді. Көркем шығарманың мазмұны мен пішініндегі психологиялық егіздеудің, поэтикалық кейіптеудің, символдық мегзеудің мағыналық астарларын, мағыналық тереңдігін түсінген жазушы шеберлігін танимыз. Шаһибек ханның соғыстарын, жазалау шараларын суреттеген 15-тарауда («Кітап авторына қатысты оқиғалар жайында әңгіме» суреткерлік таным көрінеді: «Сөйтіп, ол қыста уақыт аралығында соншама көп мемлекет басшыларын, лауазымды адамдарды құрдым желіне тозаңдай ұшырды, олардың көкке ұшқан күліне аспанға шаншылған бағана көтерілді, ал олардың күрсінісі желінен сол далада құйын ұйытқыды» [4, 249-б.].

Қазақ тұрмысының этнографиялық бояулары қанық салт-дәстүрлері романтикалық-реалистік көркемдік дүниетаныммен дараланған. Қазақтың ұлттық дәстүріндегі тойын, аңщылық істерін бейнелеуде адамдардың көтеріңкі көңіл-күйлері мен табиғат құбылыстарының үндескен, тоғысқан сипатын лирикалық-психологиялық тұрғыда әсерлі суреттеген: «Имин Қожа Сұлтан және Шаһ Мұхаммед сұлтанның үйлену тойы жайында әңгіме» атты 63-тараудағы Хадиша сұлтан ханымның Шаһ Мұхаммед сұлтанға ұзату тойы кезіндегі көпшіліктің көңіл-күйлері проза мен поэзия тұтастығындағы лирикалық-романтикалық сипатпен бейнеленген.

Табиғат құбылыстарын, тәуліктегі уақыт алмасу сәттерін бейнелеудегі кейіптеулері көркем бояулармен суреттелген. Табиғат қозғалыстары мен адам болмысының үндестігі психологиялық егіздеулерімен жазылған. Адамдардың басынан өткен өмір талқысы тәжірибесі, қуанышы мен қайғысы, жеңісі мен жеңілісі, сәттілігі мен сәтсіздігі қатарласқан өмірдің күрделі болмысы қамтылған. Табиғат құбылыстарымен баламалап (теңеу, айқындау, ауыстыру, т.б.поэтикалық тәсілдермен) жеткізу – қаламгердің суреткерлік тәсілі: «Үздіксіз тауқымет пен қасірет және азап пен жапа һәм қорлық бірінің ізін бірі қуған толқындай бізге бастырмалата жетті. Бәйіт:

Теңіз суын ішейді теңіз кезген қаңғырып,

Бұлақтанбіз алғанбыз шөлімізді қандырып.

«Жағдайдың кемесі бүлік теңізінің толқынына батып, пәлекет пен азап дауылында сынға түсті. Бұған қоса көк бұлтынан басымызға әбігерлік пен үрей жаңбырының тамшылары пәле болып себеледі. Бәйіт:

Жомарттықтан түк тамбай заман бұлты ауады,

Қасіретті заманнан қайғы ғана жауады

Қатігез көк пен шыр айналған тағдыр екі жүзділене бастаған кезде бір жағынан таза пейілді бауырлардың алауыздығы, екінші жағынан әр түрлі бәлекеті адамға анталайды» [4, 501-б.].

Қазақ сөз өнерінің әлемдік классикалық деңгейдегі бейнелеу тәсілімен үндес қаламгердің суреткерлік шеберлігі сөз арқауындағы мәтіндік үлгілерден танылады.

Табиғат құбылыстарының кейіптеу, метофора, теңеу, эпитет баламалаулары қолданылады. Бейнелелік өрнектерінің қолданыстарынан суреткерлік шеберлік аңғарылады(116-тарау): «947/1540 ж. 22 қараша). Мерген шоқ жұлдызы мезгілі болатын (Кашмирге) кірген кезімде көк аспан менің құт қадамымды құттықтап, бұлттан жаңбыр тамшылары дүрдей себелеп және қар динары шаһрухи теңгесіндей басымызға жауа бастады» [4, 528-б.]. Автор өз поэзиясында Шығыстың классикалық поэзиясындағы «...жұп санды тармақтар бірыңғай ұйқасып, басқа тармақтар ұйқастан тыс...философиялық немесе нақыл өлеңдерде көбірек қолданылып келген» [7, 32-б.] қытˈа (кита) өлшеміндегі өлең үлгісімен жырлаған. Ғалым-қаламгер табиғат құбылысының эстетикалық ықпалы туралы суреткерлік сыршылдықпен жазған.

Бейнелеулердің ажарлау, құбылту, айшықтау сөздерінің қолданылуы қаламгер суреткерлігінің лирикалық сыршылдығын айқындай түседі: «Көктем басында бұлт әскері жалынды қылыштай қыннан шығып, найзағай мылтығынан жасын отының көмегімен бұршақ атқылай бастағанда, жасыл әскер соғыс-майданында өткір қанжардай қылтиып көріне бастады да көк жапырақтарының астынан гүл жара бастады» [4, 528-б.].

Моғолстанның географиялық кеңістігі, табиғаты, этнографиялық салт-дәстүрлері мол қамтыла суреттелген туындының ұлттық сөз өнер тарихындағы көркемдік тұғырының тағылымы айқын көрінеді.

Көрнекті Шығыстанушы ғалым-ұстаз, профессор Әбсаттар Дербісәлиевтің пікірі сөз арқауындағы рухани құндылық мұрамыздың кешенді зерттеулерге негіз болатын ұлағатын дәйектейді:

«Тарих-и Рашидиде» тек тарих ғана емес, сондай-ақ әдебиет пен тіл, мәдениет пен өнер, әдет пен ғұрып, география мен этнография мәселелері де ұмыт қалмаған. Онда сондай-ақ сөз болған ру, тайпалардың тіршілік тынысы мен салт-санасы ауыз әдебиетінің үлгілері жайлы да әңгімеленеді. Соған қарап «Тарих-и Рашидиді» XIII-XVI ғасырлардағы Орталық Азия елдерінің белгеле бір дәрежедегі энциклопедиясы деуге де болатын секілді»[7, 14-б.].



Қорыта айтқанда, Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» туындысы – қазақ жазба классикалық әдебиетінің көрнекті көрсеткіші. Әдеби үдерістегі ұлттық және жалпыадамзаттық рухани құндылықтар сабақтастығы, поэтикалық үндестігі аясында күрделі туындының уақыт талабына орай жаңаша бағалануы тың зерттеулер мен жалғаса береді.
Әдебиет


  1. Назарбаев Н.Ә. Тарих толқынында. – Алматы: Атамұра, 2003. – 288 б.

  2. Қазақстан тарихы(көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 2-том, - Алматы: Атамұра, 2010. – 640 б.

  3. Байтұрсынов А. Әдебиет танытқыш: Зерттеу мен өлеңдер. – Алматы: Атамұра, 2003. – 208 б.

  4. Дулати М.Х. Тарих-и Рашиди(Хақ жолындағылар тарихы). – Алматы: М. Х. Дулати қоғамдық қоры, 2003. – 616 б.

  5. Кузнецова Т.И. Техника исторического повествования Тита Ливия// Поэтика древнеримской литературы: Жанры и стиль. – Москва: Наука. – С. 224-242

  6. Пуришев Б.И. Зарубежная литература средних веков: латин., кельт., скандинав., прованс., франц. литературы. – Москва: Просвящение, 1974. – 399 с.

  7. Әдебиеттану терминдерінің сөздігі/ Құрастырғандар: З. Ахметов, Т. Шаңбаев. – Алматы: Ана тілі, 1996. – 240 б.

  8. Дербісәлиев Ә. Мұхаммед Хайдар Дулати: Өмірбаяндық-библиографиялық анықтамалық. – Алматы: М. Х. Дулати қоғамдық қоры, 1999. – 160 б.


Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет