Осы аптада Мәскеуде танымал ресейлік оппозиционер Алексей Навальныйды жерлеу рәсімі өтті. Артынша Навальныйдың тегі экстремистік белгілермен теңестірілді. АҚШ Израильді Газадағы атысты тоқтатуға шақырты. Ал Газа секторында тағы 10 баланың аштықтан көз жұмғаны белгілі болды. Сонымен қатар Ауғанстанда хиджаб ережелерін бұзған әйедер қамауға алына бастаған. Оған қоса биткоин бағасы бұрын сонды болмаған көрсеткішке жетті. Соңғы аптада әлемдегі саяси аренада не болды? Stan.kz тілшісі апталық шолу ұсынады.

Фото: Reuters

Навальныйды жерлеу рәсімі 

1 наурыз күні Мәскеуде Ресейлік оппозиционер Алексей Навальныйды жерлеу рәсімі өтті. Жерлеуге мыңдаған адам жиналды. Саясаткер Арктикалық шеңбердегі Харпта колониясында көз жұмған. Оның денесі жақындарына өлімінен бір апта өткеннен кейін ғана берілді. 

Навальныйдың табыты Марьино шіркеуіне жеткізілген кезде аза тұтушылар қол соғып, оның атын айтып ұрандаған.  Олар "Путин қанішер”, "соғысқа жол жоқ" деп айқайлаған.

Навальныйдың командасы саясаткердің денесін алу кезінде қиындықтарға тап болған. Навальный Борисов зиратында жерленді. Жерлеу рәсімі кезінде Фрэнк Синатраның "Менің жолым" музыкасы ойнады.

Зират маңында арнайы тосқауылдар орнатылып, толығымен полиция бақылауында болды. Полиция қызметкерлері зират маңындағы үйлердің шатырларынан да оқиғаны бақылаған. 

Жерлеуден бір күн бұрын шіркеу маңында және зират қарамағында полиция бақылауы күшейген. Бағдаршамдарға арнайы бақылау камералары ілінген. Мәскеу Университетінде Навальныйды ақтық сапарға шығарып салу шарасына қатысқандардың оқудан шығарылатыны айтылған. 

Жерлеу рәсімі алдында Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков ресейліктерге Навальныйды аза тұту шараларын ұйымдастыруға рұқсат етілмегенін айтып, бұл заң бұзушылық болатынын екерткен. Сонымен қатар, ол “Навалныйдың отбасына ешқандай түсініктеме берілмейді” деп мәлімдеді.

"Бізде заң бар, оны сақтау керек. Кез келген рұқсат етілмеген жиын заңға қайшы болады, тиісінше оған қатысқандар жауапқа тартылады”, – деп мәлімдеді Песков.

Фото: Reuters

Жерлеуге кім қатысты?

Жерлеу рәсіміне Навальныйдың анасы Людмила, әкесі Анатолий және әйелінің анасы қатысты. Ал саясаткердің әйелі Юлия мен оның екі баласы әкелерін ақтық сапарға шығарып салуға қатыса алмаған. Олар Ресейге оралған жағдайда тұтқындалуы мүмкін деген ақпарат бар. 

Навальныйдың анасының айтуынша, қауіпсіздік күштері жасырын түрде жерлеу шараларын жасауға келісім беруді талап еткен. Алайда саясаткердің отбасы жасырын жерлеуге рұқсат бермепті. Навальныйдың денесін Мәскеуге жеткізу кезінде, тіпті шіркеуге тапсырыс беру барысында көптеген қиындықтар туындағаны белгілі болды. 

Жерлеу рәсімінде бірнеше шетелдік дипломаттар бой көрсетті. Соның ішінде АҚШ елшісі Линн Трейси, Германия елшісі Александр Граф Ламбсдорф және Франция елшісі Пьер Леви бар. Сонымен қатар, Навальныймен қоштасуға  Екатеринбургтің бұрынғы мэрі Евгений Ройзман да келген. Оған қоса жуырда ғана Ресейдегі президенттік сайлаудан шеттетілген саясаткер Борис Надеждин де Навальныйды ақтық сапарға шығарып салды. 

Фото: Reuters

Жерлеу кезінде тұтқындалғандар болды ма?

Жерлеу кезінде жаппай тұтқындау болған жоқ. Алайда шіркеу мен зират маңында интернет пен байланыс өшірілген. OVD-Info құқық қорғау порталының хабарлауынша, Мәскеуде кем дегенде 17 адам ұсталған.

Дегенмен, көптеген аймақтарда полицейлер мемориалдарға келгендерді, соның ішінде саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориалдарды ұйымдастырғандарды ұстады.

OVD-Info құқық қорғау порталының хабарлауынша, Алексей Навальныйды жерлеу күні 19 қалада 129-ға жуық адам ұсталған. Оның 30-дан астамы Новосибирскіде, ал 20 шақтысы Екатеринбургте ұсталғаны туралы хабарланды.

БАҚ: Зеленский мен Грекия премьер-министрінің кортежінен 500 метр жерде Ресей зымыраны жарылған

Ресейдің Одессаға шабуылы кезінде Украина президенті Владимир Зеленский мен Грекия премьер-министрі Кириакос Мицотакистен небәрі 500 метр жерде ресейлік зымыран жарылған.

Зеленский де, Мицотакис де зардап шеккен жоқ.

"Кіммен күресіп жатқанымызды көріп тұрсыздар, олардың қай жаққа соққы жасайтыны маңызды емес", – деді Зеленский Одессада.

Дәлелдер мен айғақтарға қарамастан, Мәскеу жаппай шабуыл басталғаннан бері бейбіт тұрғындарды нысанаға алғанын жоққа шығарды.

Ақпаратты Грекия басылымдары да жариялаған. Зеленскийдің Грекия премьер-министрі Кириакос Мицотакиспен кездесуі алдында зымыранмен шабуыл жасалғанын жазады басылым. Сонымен қатар басылым жарылыс Грекия делегациясынан 150 метр жерде болғанын алға тартады.

"Бізде бәрі жақсы", — деді Грекия делегациясының құрамындағы мемлекеттік министр Ставрос Папасавру.

"Прототема" газеті Мицотакис пен Зеленскийдің кездесуі әдеттегідей өтіп жатқанын жазады.

Фото: AFP/Getty Images

АҚШ Израильді Газада атысты тоқтатуға шақырды

АҚШ президенті Джо Байденнің әкімшілігі Израильге Газадағы атысты уақытша тоқтату және аймақ тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсетуді ұлғайту талабын қойды.

"Байден де, вице-президент Харрис тез арада атысты тоқтатуға шақырды", – делінген хабарламада.

Жарияланған ақпараттарға сәйкес, АҚШ пен Израиль арасында Газаға гуманитарлық көмек көлемін ұлғайту мәселесінде келіспеушіліктер туындаған. 

Жексенбіде Алабамада сөйлеген АҚШ вице-президенті Камала Харрис жағдайды "гуманитарлық апат" деп атады.

"Израиль үкіметі көмек ағынын айтарлықтай арттыру үшін көп жұмыс істеуі керек. Ешқандай сылтау айтудың қажеті жоқ", – деді ол.

Камала Харрис қажетсіз шектеулерді алып тастауды және гуманитарлық қызметкерлер мен көмекті жеткізетін конвойлардың қауіпсіздігін қамтамассыз етуді талап етті.

Газадағы атыс алты аптаға тоқтай ма?

Ақ үй мұсылмандардың Рамазан айы басталғанға дейін Газа секторында алты апталық уақытша атысты тоқтату қамтамасыз етіледі деп үміттенеді.

Бұл туралы Вашингтонда өткен брифингте АҚШ Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің стратегиялық коммуникациялар жөніндегі үйлестірушісі Джон Кирби мәлімдеді.

Израиль тұтқындар қайтарылса, Газа секторына гуманитарлық көмек жеткізуді ұлғайтуға және алты аптаға атысты тоқтатуға келіскенін атап өтті.

"Израиль атысты тоқтатуға келісті, енді ХАМАС шартты орындауы керек", – деді Ақ үй өкілі.

Оның айтуынша, АҚШ Газадағы атысты тоқтату келісімінің Рамазан айы басталмай тұрып күшіне енуін қамтамасыз етуді мақсат етіп отыр. "Біз бұл келісім Рамазан басталмай тұрып жасалғанын қалаймыз, солай деп үміттенеміз", – деп қосты Кирби.

Фото: BBC news

Газада 10 бала аштықтан көз жұмды

Газа секторындағы Камал Адван ауруханасында 10 бала аштықтан көз жұмды. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Адханом Гебрейюс мәлімдеді.

Ол ДДҰ өкілдері демалыс күндері Газа секторының солтүстігіндегі Әл-Ауда және Камал Адван ауруханаларына барғанын атап өтті. Олар балалардың аш екенін, жанармайдың, азық-түлік пен дәрі-дәрмектің тапшылығын атап өтті.

Оның айтуынша, Газаның солтүстігіндегі жалғыз педиатриялық аурухана Камал Адван науқасқа толы.

"Азық-түліктің жетіспеушілігі 10 баланың өліміне әкеп соқты. Электр қуатының жетіспеушілігі пациенттерге, әсіресе реанимация және жаңа туған нәрестелер бөлімшесі сияқты маңызды бөлімдерге үлкен қауіп төндіреді", –  деді ДДҰ басшысы.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қызметкерлері екі медициналық мекемеге де 9,5 мың литр жанармай, сондай-ақ қажетті дәрі-дәрмек жеткізіп берді.

Гебрейюс Израильді "гуманитарлық көмектің қауіпсіз және тұрақты жеткізілуін қамтамасыз етуге" шақырды.

"Бейбіт тұрғындарға, әсіресе балалар мен медицина қызметкерлеріне шұғыл, жан-жақты көмек қажет. Бірақ бұл науқастардың барлығына қажет негізгі дәрі — бейбітшілік. Атысты тоқтату", – деп түйіндеді ол.

Фото: Reuters 

Талибан исламдық киім үлгісін бұзғаны үшін ауғандық әйелдерді қамауға ала бастады

БҰҰ Бас хатшысының Ауғанстандағы арнайы өкілі Роза "Талибан" қозғалысы ауғандық әйелдерді киім кию туралы жарлықты орындамағаны үшін тұтқындай бастағанын айтты.

"Жақында Ауғанстандағы іс жүзінде билік әйелдердің қоғамдық өмірдің барлық салаларындағы құқықтарын одан әрі шектеді. Хиджаб туралы жарлықты толық орындамаған әйелдер тұтқындалып, қамауға алынады. Кейбір ауған әйелдері көшеге шығуға қорқады" , – деп мәлімдеді Отунбаева БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері алдында сөйлеген сөзінде.

Қаңтар айының басында тәліптер құрған Ізгілікті насихаттау және жамандықтың алдын алу министрлігі хиджаб кию туралы 2022 жылғы сәуір жарлығын белсенді түрде орындауға кірісті, оған сәйкес келмейтін әйелдер мен қыздарды қамауға алуда.

БҰҰ мәліметінше, Кабулда көптеген әйелдер мен қыздар ұсталып, бірнеше сағатқа қамауға алынған. Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының Ауғанстандағы арнайы өкілі тәліптер өздерінің заңдылығын халықаралық деңгейде мойындауды қалайтынын еске салды.

Фото: UNN

Қызыл теңізде Еуропа, Азия және Африка арасындағы байланыс кабельдері кесілді

Хуситтердің шабуылына байланысты Еуропа, Азия және Африка арасындағы байланыс кабельдері үзілді.

Азия-Африка-Еуропа 1 кабелі зақымдалды, деп хабарлады Гонконгтағы HGC провайдері. Компания әсерді азайту үшін Қытай мен АҚШ арқылы Еуропаға трафикті әртараптандыруда

Қызыл теңіздегі интернет-кабельдерге жасалған шабуылдар Африка, Азия және Еуропа арасындағы байланысқа да әсер етті. Азия-Африка-Еуропа 1 қоса алғанда, төрт сүңгуір қайық кабелі үзілген.

"Қалған үш кабельге зақым келген. Олар — Seacom, TGN және EIG кабельдер. Компания бұл трафиктің шамамен 25 пайызына әсер етеді деп есептейді. "Азиядан келетін трафиктің шамамен 15 пайызы батысқа бағытталады, ал бұл трафиктің 80 пайызы Қызыл теңіздегі осы суасты кабельдері арқылы өтеді", — делінген HGC мәлімдемесінде.

Компания қазірдің өзінде зардаптарды жеңілдету үшін шаралар қабылдап жатқанын, атап айтқанда, проблема әсер еткен бағыттарды өзгерту үшін әртараптандырылғанын хабарлады.

Ақпан айының соңында Израильдің Globes басылымы Йемендік хуситтердің Сауд Арабиясындағы Жидда мен Шығыс Африкадағы Джибути арасындағы Қызыл теңізде төрт сүңгуір қайық кабелін зақымдағанын хабарлаған. Осыған байланысты Еуропа мен Азия арасындағы интернет байланысында елеулі үзілістер болған. Салдарынан Парсы шығанағындағы елдер мен Үндістандағы пайдаланушылары зардап шеккен.

Globes зақымдалған кабельдерді жөндеуге кемінде сегіз апта қажет болуы мүмкін деп есептейді.

Сарапшылардың айтуынша, Қызыл теңіздегі хусилердің шабуылына байланысты трафикті резервтеу мәселесі нашарлауы мүмкін. Бұл ақпаратты таратудың негізгі арналары зақымдалған жағдайда орын алады.

Фото: pixabay.com

Биткоин бағасы рекордтық деңгейге жетті

Осы аптада биткоин бағасы ең жоғары деңгейге жетті. 

5 наурызда Binance биржасында биткоин бағамы 69 мың доллардан асты және 2021 жылдың қарашасында жеткен тарихи максимумды жаңартты. Алайда артынша криптовалюта құны төмендей бастаған. 

Соңғы айда биткоин шамамен 60%-ға қымбаттап, оның капитализациясы 1,27 триллион доллардан асты.

Криптовалюта бағамының көтерілуін биткоинге тікелей инвестициялайтын американдық биржалық қорларға капиталдың ағыны себеп болған дейді мамандар.  Сонымен қатар бағаның өсуіне Bitcoin ETF-ке сұраныстың жоғарылауы да әсер еткен.

Еске салсақ, 2020 жылдың басында — коронавирустық пандемияға дейін — көптеген адамдар биткоин бағасының тұрақтылығына сенімсіздік танытқан. 2020 жылдың наурызында  биткоин бағамы 6 483,72 АҚШ долларға дейін түскен.

Алайда көп ұзаммай биткоин құны күрт көтеріле бастады. 2020 жылдың желтоқсанында BTC 28 768,44 АҚШ долларын құраса, 2021 жылдың наурызында 58 734,48 АҚШ долларын құрады.

Сәуір айының ортасына қарай BTC бағасы 63 000 АҚШ долларынан асты, бұл сол кездегі рекордтық сома.

2021 жылдың қарашасында қысқа құлдыраудан кейін биткоин бағасы рекорд орнатып, құны — 68 789,63 АҚШ долларға жеткен.

Ал 2024 жылғы биткоин бағасын бұрын сонды болмаған рекорд деп айтуға болады.


Автор: Айгерим Жумабаева

Айгерим — опытный редактор с богатым опытом в изучении и письме о культуре и истории. Ее страсть к языкам и письму помогает создавать увлекательные тексты.