Мың тағзым сізге, майдангер



жүктеу 40.52 Kb.
Дата07.03.2018
өлшемі40.52 Kb.

МЫҢ ТАҒЗЫМ СІЗГЕ, МАЙДАНГЕР!


Жауға қарсы шауып, өз өмірлерін қауіпке тіккен соғыс майдангерлерінің қай-қайсысы да батыр деген атқа әбден лайық. Сол батырлардың бірі – елінің басына қиын-қыстау заман туғанда иығына қару асынып, басқыншыларға қарсы ерлікпен шайқасқан Мақсұт Сырғалиев. Келесі жылы, Жеңістің 70 жылдығында қария тоқсанға толады. Намысты ер, майдангер 1925 жылы 10 наурызда Арал ауданы Көзжетпес ауылында туылған. Бірер күн бұрын үйіне сәлем беріп барған едік. Сонда терең ойға батып отырып, өткенін еске алған болатын.

Мақсұт ес білген шағында ашаршылық нәубетін басынан кешіреді. Бұл туралы ол:

– Әкем Нұрмахан балық аулайтын. Қармаққа балық та ілінбей қалатын кездер болады. Таршылық, жоқшылық жайлады жұртты. Әкем балықтың сүйегін тастатқызбайтын. Оны кептіріп, талқан қылып, жылы сумен былғап жегізетін. Осыны басқаларға да айтатын. «Балаларға беріңдер» дейтін. Күн сайын аштықтан қы­ры­лып, дәм-тұзы таусылып жат­қандарды көзіммен көрдім. Осындай сұмдық 4-5 жылға созылды. Өзім де балық ауладым. Басқа салған бұл бейнетті ешкімге бермесін, ауыртпашылық қатты болды. Бұған қоса, 13 жасымда әкемнен қалдым. Ақыры 1941 жылы соғыс оты өршіді. Оның зардабы тым қымбатқа түстi. Ананы – баласынан, баланы әкеден айырды. Сүттей ұйыған қаншама отбасының жылуын жұтты бұл сұрапыл соғыс! Ал әке мейiрiмiне жарымаған, балалығын соғыс жалмаған балалар тағдыры тiптi аянышты. Бір ауданнан жауға қарсы күресуге кеткен қаншама азаматтар аттанып, олардың көбі оралмады. Олар елін қорғап, жой­қын ұрыста жанқиярлықпен күресе білді, – дейді ардагер.

Мақсұт 1943 жылы Қызыл Армия қатарына қабылданып, соғысқа аттанады. Артынша, үш айдан кейін шешесі Биман қайтыс болғанын естиді. 1944 жылы Батыс майданға бара жатқанда жолда бұйрық жетті. «Жау әскері жеңіліс тауып, шегінді. Енді жапондықтарға қарсы күшті жұмылдыру керек, сол жаққа аттанасыңдар» деген хабар келді. Мәскеу маңына жеткенде, кері қайтады. Жас та болса жігерлі бозбала 1945 жылдан бастап 1948 жылға дейін Жапонияда шекара қорғайды. Маньчжуриядағы Хайлар қаласын жаудан тазартып, Хинган тауларынан өтіп, Харбин қаласын азат етуге аттанады. Талай майдандастарының көз алдында шейіт болғандығын кө­ріп, жаны түршікті. Осындай қатыгездіктің қайсарлықпен ғана тоқтарын білген жас жігіт жеңістің боларына сенді. Жеңіс күнін көзбен көріп, қандастарының қи­ылған жаны үшін жаудың сар­баздарына аямай соққы берді. Нәтижесінде жапондарды тізе бүк­тіріп, елі арасына 1948 жылы аман-есен оралу бақыты бұйырды. Оның ерлігі еленіп, бірнеше ме­дальдармен наградталды.

– Өмірдегі ең қуанышты сә­тім есімнен кетпейді. 1945 жы­лы штаб басшысы, генерал-лейтенант Козлов бізге келіп, «Жеңіс күнi құтты болсын, со­ғыс аяқталды» дегенде қатты қуанғанымыз соншалық, ішейін деп тұрған таңғы асымызды тастап, шәпкімізді аспанға аттық. Түскі асқа да жауынгерлер бармады. Жеңістің құрметіне үш күн демалдық. Күзде бәрімізді жапон шекарасына жіберді. «Ажал жетпесе оқ жетпейді» деген рас екен. Жан-жақтан оқ жауып жа­тыр, бірақ еш жазым болғаным жоқ. Құдай сақтады. Соғыстың ау­ыртпалығын бойымыздан өткіздік. Хайларда жауды тықсырмақ бо­лып, шабуылға көшкен едік. Бір уақытта қасымда бірге келе жатқан лейтенант Егошин оқ тиіп, аяғынан ауыр жарақат алды. Маған «мені тастап кетесің ғой, иә» деді жаны қинала тіл қатып. «Жоқ, жолдас лейтенант, сені тастамаймын, ол менің міндетім» деп, оны арқалап, бес-алты метрдей жерде жараланғандар мінгізілген арбаға апардым. Оны госпитальға әкетті. Лейтенантты көтеріп алғанда да зулаған оқтардан аман қалдым. Құдайдың құдіреті ғой, жанымды сақтады, – дейді қария.

Өмірлік азық боларлықтай ерлік үлгісін танытқан Мақсұт Нұрмаханұлының бір ерекшелігі қарапайым, еңбекқор, ізденімпаз, әсіресе еңбек десе ешқашан жалықпайтын. Әрдайым өзіне жүктелген міндетті асыра орын­дап, жауапкершіліктің жүгін сезіне білетін. Бақытты күндердің еңбек, біліммен өрілетінін, күн­нің де көлеңкелі тұстарын бас­тан өткізе білген майдангер елге оралған соң Мақсұт балық шаруашылығы саласында жұмыс істейді. Ауылының өсіп-өркен­деуі, көркеюі үшін аянбай еңбек ете білді. Оның белсенділігі мен тиянақтылығын басшылық жо­ғары бағалап, Қызылбалықшы, Қас­қақұлан ауылдық учаскелерін басқаруға ұйғарым шығарылады. 1970 жылдарға дейін Арал теңізінің арқасында ел тұрмысы жақсы болды, бірақ суы азая бастағанда тіршілік тынысы тарылады. Сосын Қызылорда қа­ласына отбасымен көшіп келіп, ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істеп, қойма меңгерушісі қызметтерін де атқарады. Қалада он жыл еңбек етіп, зейнеткерлікке шығады.

“Бас екеу болмай, мал екеу болмас” дегенді ұстанып, 1949 жылы 17-тамызда жан жары Дариға Садуқызымен бірге шаңырақ көтеріп, отбасын құрды. Өмірлік серігімен талай жыл өмірдің ащы-тұщысын бірге көтеріп, жақын-ту­ғандарының арасында сыйлы болды. Өмірде тумақ бар да, өлмек хақ. Жазмыштан озмыш жоқ дегендей, Жаратқанның маң­дайға жазған санаулы ғұмыры біткенде бәріміздің о дүниеге ат­та­нарымызға еш шүбә жоқ. Кө­некөз қария Мақсұттың жары Дариға апамыз 2003 жылы өмірден озып кете барды. Көңілге медет тұтарлығы, шаңырағын шайқалтпай бір отбасының діңге­гін мықтап қалаған Мақсұт пен Дариғадан 6 ұл, 3 қыз туылып, ата-анасының абыройын асқақтататын нағыз азаматтар болып ержетті. Олардан 26 немере, 28 шөбере өрбіп отыр. Бүгінде Мақсұт ата жапырағы жайқалған алып бәй­терекке ұқсайды. Дүниеде жақсы қартая білген қарттықтан асқан бақыт жоқ шығар деп отыратын аталарымыздың сөзінің жаны бар екендігі күн өткен сайын өзінен өзі-ақ дәлелдене түсуде. Елінің тілегін тілеп, адал ұл болып жа­ра­тылып, адам деген ұлы сөзге дақ түсірмей, жақсылық пен жамандықтың мәнін жете түсі­нетін Мақсұттай ақсақалдың ер­лігі мен өнегелі ісін ұрпақтары мақ­тан етеді.

Президент, әкімнен бас­тап соғыс ардагерлерінің жағ­дайын жасап жатыр. «Анау-мынау» еш ренжуге болмайды. Ден­сау­лығымызды сұрап тұр, дәрілерімізді тегін әкеп береді. Тұрғын үйді де сыйлады. Құрметті де көрсетіп жатыр бізге. Кейінгі ұрпаққа дән ризамын. Оның үстіне, қазіргі бостандық күндері адамдар қандай жұмыс істеймін, қандай киім киемін, қандай тамақ ішемін десе де өз еркі. Бар мүмкіндік жасалған. Тек оқыса, еңбектенсе болғаны. Еліміз аман, баянды ғұмыр кешіп жатыр. Бү­гінгі ұрпақ адами қасиетін жо­ғалтпаса, арақ ішпесе, темекі шек­песе, өсек-өтірік айтпаса, қиянат қылмаса, Құдай істерін оңғарады. Қазақ дейтін ел болдық. Әлемге танылдық. Бұдан артық не керек?! – деді тәуелсіздіктің қадірін білетін ақсақал.



Осындай қаһарман, қарапай­ым, қазыналы қарттар ұзақ жасай берсін.

Дәурен СЕЙІТЖАНҰЛЫ.

Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет