Кезінде "Желтоқсан оқиғасына" қатысып, кейін оқудан шеттетілген ақын, сазгер әрі журналист Аманғазы Кәріпжанов басынан өткен қиын жағдайды баяндап, ауыр тағдыры туралы айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

 

1986 жылы Аманғазы Кәріпжанов Алматыдағы ҚазҰУ-дың "журналистика" факультетінің студенті еді. Күндердің күнінде желтоқсан көтерілісі басталып, қатарластарымен бірге алаңға шығады. Мұны байқаған оқу орнының басшылары 22 жастағы жігітті оқудан шеттетуді ұйғарады, ал бұйрықты орындаған – Әміржан Қосанов екен.     

"Әміржан Қосанов сол кезде "журналистика" факультетінің комсомол ұйымының хатшысы болды. Оған жоғарыдан бұйрық берілген шығар. Биліктің машинасы солай болып тұрды ғой.  "Шығарылсын" дегендер қол көтеріңдер" деді, бәрі қол көтерді. Сонымен оқудан шығарылдық. Әрине, оқудан шыққанымыз үшін ренжідік. Студент болу үшін төрт жыл бойы құрылыста да істеп, қой да бағып, жанталасып жүріп енді ғана оқуға ілініп, жатақханаға орналасып, жылы жерге келіп, бірінші рет студенттік өмірді көрген кезде бәрінен айырып, лақтырып тастағанда ренжідік", – дейді желтоқсаншы. 

Айта кетейік, Аманғазы Кәріпжановтың ақындық өнері де қалың көпшілікке жақсы таныс. Ол Ринат Зайытовтың айтыс сахнасындағы ең алғашқы қарсыласы екенін жұрттың бірі білсе, бірі білмес… 

"Мен Ринат Зайытовтың айтыста ең алғаш тұсауын кестім. Ринат ол кезде қаршадай бала еді. Өзінің ұшқырлығын, отын көрсетіп тұрған, жанының жалынын көрсетіп тұрған, сондай керемет бала болды. Өте талантты бала болды. Сонымен қатар сол кездің өзінде қоғамдық ойлау деңгейі бар бала болды. "Әй, бұл баладан болашақта бірдеңе шығады" деп ойладық. Сол кездегі қаршадай Ринат бүгінде мәжіліс депутаты", – дейді ақын.

1986 жылдың ызғары Аманғазы Кәріпжановтың денсаулығына да зиян келтірген. Бүгінде оның оң құлағы естімейді, үшінші топтағы мүгедек екенін айтады. Сондай-ақ ол желтоқсан оқиғасына 40 жылға жуық уақыт өтсе де, әлі күнге дейін олардың жағдайы көңіл қуантарлықтай емес екен.   

"Желтоқсаншылардың қазіргі жағдайы әлі күнге дейін мәз деп айта алмаймын. Неге десеңіздер, желтоқсаншылар 30 жыл бойы моральдық түрмені көлеңкеледі десек, қателеспеймін! Мысалы, желтоқсан көтерілісіне қатысып, басынан таяқ жегенімен, олардың біразы әлі күнге дейін ақтау қағазын ала алған жоқ. Желтоқсаншылардың көбісі әлі күнге дейін пәтер кезіп, пәтер жалдап жүр, бала-шағасын оқуға беріп, дұрыс жұмысқа орналастыра алмай жүр. Мұның барлығы біздің мәртебеміздің дұрыс белгіленбегенінен. Біз бірінші әлеуметтік мәртебемізді белгілеу үшін, саяси статусымыз дұрыс болу керек. Ғаламдық деңгейдегі көтеріліс екенін ғаламға мойындатуымыз керек. Сондықтан желтоқсаншылар лайықты бағасын алған жоқ", – дейді Аманғазы Кәріпжанов.

Видео сұхбаттың толық нұсқасын дәл қазір Stan kz YouTube арнасынан көріңіз.

 


Автор: Даулет Байгонусов

Даулет — природовед и путешественник. Его увлечение природой Казахстана и исследования вносят неповторимый вклад в наше издание.