Қызылорда тұрғындары 668 миллион теңгеге салынған жылыжайлардың игілігін сол күйі көрмеген. Осыдан он екі жыл бұрын халықты арзан бағадағы көкөніспен қамтуамасыз ету мақсатында 120 жылыжай салынған. Алайда жұрт онда өсірілген өнімдерді сатып алып, дәмін татып та көрмедік дейді. Қазір қараусыз қалған жылыжайлар әбден тозып тұр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро жаңалықтар бөліміне сілтеме жасап хабарлайды.

Осыдан он шақты жыл бұрын 700 миллион теңгедей қаражатқа салынған жылыжайлардың жабындылары сынып, әбден қираған. Ал тот басқан жылу батареялары мүлдем жарамсыз болып қалған. Ал жылыжайдың ішіне арам шөп қаптап кеткен.

“Қазір жұмыс істеп тұрған жоқ. Жөндеу жасалуы керек. Қазір қыста жөндеу жасай алмайды. Сонымен жылу болса әрі қарай жұмыс істеуге болады”, – дейді күзетші Рамзан Сацаев.

Қаңырап қалған жылыжайларды қазір Рамзан Сацаев пен тағы бір күзетші ғана қарауылдап жүр. Айтуынша, былтыр осында жұмысшылар аз-маз көкөніс егіп көрген. Алайда өнім шықпапты. Жалпы он екі жылда мұнда өсірілген бір түйір өнім де базар сөрелеріне жетпеген дейді жұрт. Сондықтан тұрғындар мемлекеттің миллиондаған қаржысы далаға кетті деп есептейді.

“Кезінде бұл басталған кезде жақсы бастама, халық қияр-қызанақ жейміз деп еді. Бірақ халық бұл ойына жете алмай қалды деп ойлаймын. Демек бұл 668 миллион желге ұшты деген есеп”, – дейді Қызылорда тұрғыны Ғани Әлиев.

  • "Көкөніс пен жеміс теремін": Англияда егістіктерде жұмыс істейтін қазақстандық қанша табыс табатынын айтты
  • "Әрқайсымыз миллион теңгеден бердік": Англияға жұмысқа бармақ болған бір топ азамат алаяқтарға алданып қалды

Ал аграрлық несие корпорациясының өкілдері жылыжайлар салынған соң бірнеше кәсіпкерге лизинг шартымен берілгенін жеткізді. Бірақ бір де бірі жұмысты жүргізе алмады деп отыр.

“Жаңа лизинг шартымен алған кәсіпкерлер бойынша қарастырылған төлемдерді өтей алмауына байланысты сотқа талап-арыз жолдау жүргізіліп жатыр. Лизингтік шарт бойынша лизингке алған кәсіпкерлер жылыжайға жауапты болып келеді. Оны өз қаражатымыздан немесе мемлекеттік қаражаттан іске асыру, жөндеу туралы сұрақ қарастырылып жатқан жоқ”, – деп түсіндіреді “Аграрлық несие корпорациясының” Қызылорда облысындағы филиал басшысының орынбасары Нұрмәди Әлібаев.

Яғни жауаптылар жылыжайлардың қаңырап бос тұрғанына кәсіпкерлерді кінәлайды. Сондай-ақ мемлекет қаражатына салынған жылыжайлардың жұмысын қайта жандандыру жоспарда жоқ екен. Демек қала халқы осында өскен арзан көкөністерге әзір қол жеткізе алмайтын сыңайлы.

Бұған дейін елімізде арзан астықты жеткізу кешіктіріліп жатқандықтан ұн бағасы өскені белгілі болған. 


Автор: Даулет Байгонусов

Даулет — природовед и путешественник. Его увлечение природой Казахстана и исследования вносят неповторимый вклад в наше издание.