МоңҒол тілді аңыздар мен ауызша деректер көне түріктер мен қазақтар жайында ақылбеков Р. М. Х. Дулати атындағы ТарМУ, Тараз



жүктеу 47.47 Kb.
Дата22.04.2019
өлшемі47.47 Kb.

ӘОЖ 936. 91. 7.046.1/2
МОҢҒОЛ ТІЛДІ АҢЫЗДАР МЕН АУЫЗША ДЕРЕКТЕР КӨНЕ

ТҮРІКТЕР МЕН ҚАЗАҚТАР ЖАЙЫНДА
Ақылбеков Р.

М.Х. Дулати атындағы ТарМУ, Тараз
Фольклор - тарихымыздың төл дерек көзі. Ауыз әдебиеті – фольклор әр түрлі тарихи дерек көздері арасында қазақ халқының өткен өмірін бейнелеу жағынан теңдесі жоқ деректер тобын құрайды. Тарихымызды қамтитын хронологиялық шеңберіінің кеңдігі, беретін мәліметтерінің молдығы, көлемінің көптігі жағынан фольклор басқа дерек көздері арасында ерекше орын алады. Фольклор ағылшынша «folk-lore» – халық даналығы, халық білімі деген ұғымды білдіреді.

Фольклор халық өмірінің белгілі бір кезеңінде пайда болмай қоймайтын, барлық халықтарға тән табиғи құбылыс. Ол туралы белгілі фольклортанушы ғалым С.Қасқабасов: «Фольклорлық ойлау, фольклорлық дәстүр, фольклорлық шығарма – міне, осының бәрі тарихта болатын нәрсе, оны аттап өту мүмкін емес. Бұлардың бәрі тарихтың беогілі бір кезеңінде болуы тиіс, сол дәуірдің жемісі, адамзат мәдениетінің бір сатысы деп танылуы керек» – дейді [1].

Дегенмен, әр халықтың өзіндік даму ерекшеліктеріне байланысты фольклордың бір халықтарда ерте, бір халықтарда кеш пайда болуы, біреулерінде ұзақ уақыт тарих айтудың негізгі түрі ретінде сақталуы, біреулерінде жазба тарихқа жол беруі мүмкін. Академик Ә.Марғұланның айтуынша: «Ғасырлар бойы айтылып келген ертегі-жырды, аңызды, әңгімені ең алғаш шығарып таратқан көшпелі түрік тілдес елдер» [2]. Ол: «Сақ, ғұн, үйсін, қаңлы заманынан басталады». Ал, ол тайпалардың қазіргі Қазақстан жерінде б.з.д. ІҮ-І ғасырларда мекендегені және қазіргі қазақ ұлтының өз негізін солардан алатындығы тарихтан белгілі. Олай болса, фольклор қазақ халқының кемінде 2,5 мың жылдық тарихының дерек көзі болып табылады деп айтуға болады. Себебі, халқымыздың өмір салтының ерекшелігіне байланысты оның мыңдаған жылғы тарихы негізінен сол ауызша тарих айту арқылы, яғни фольклор арқылы бүгінге жеткен.

Фольклор мен тарихтың қарым-қатынасы ауқымды да күрделі мәселе. Себебі, «Біріншіден, бұл фольклордың өзі тарихи құбылыс деген сөз. Яғни, фольклорлық ойлау, фольклорлық дәстүр, фольклорлық шығарма – міне, осының бәрі тарихта болатын нәрсе, оны аттап кету мүмкін емес. Бұлардың бәрі тарихтың белгілі бір кезеңінде болуға тиіс, сол дәуірдің жемісі, адамзат мәдениетінің бір сатысы деп танылуы керек. Екіншіден, фольклор адам тіршілігімен тікелей байланысты, оның болмысының бір бөлшегі. Сондықтан ол адам өмірінің барлық жағын бейнелейді, шаруашылығынан, тұрмысынан, әдет-ғұрпынан, салт-санасынан толық мәлімет береді. Үшіншіден, фольклор тарихи оқиғаларға тікелей де, жанама да байланыста болады. Екінші сөзбен айтқанда, фольклор халық тарихындағы маңызды оқиғаларды қамтып, солардың негізінде жаңа шығармалар туындатып, тарихи қайраткерлер жайында әңгімелейді. Төртіншіден, фольклор халықтың өзінің тарихқа қатысын, көзқарасын танытады, маңызды оқиғалар мен көрнекті тұлғаларға берген халықтың бағасын, қарым-қатынасын көрсетеді. Бесіншіден, фольклор әр дәуірге, қоғам өміріне сәйкес өзгеріп, тарихи циклизациядан өтіп отырады. Соның нәтижесінде жанрлардың трансформациясы жүріп жатады...» [1].

Әлбетте, біз ұсынып отырған төмендегі фольклорық материалдардан қазақ халқы мен оның құрамындағы тайпалар, кейбір көрнекті тарихи тұлғалар туралы Моңғол елінде бағзыдан бері айтылып келе жатқан ауызша шежіре, деректерді байқауға болады. Халықтың жадында жатталып, көкірегінде сақталған бұл мұралар уақыттың сынына төтеп беріп бізге жеткенімен құнды. Бұл халық шығармаларынаң өткен тарихымыздың кейбір күдірлі белестерін, қазақ пен моңғол ұлыстарының тарихи байланыстарын, моңғол жұртының қазақ туралы таным-түсінігін, көзқарасын білуге болады. Бұл материалдар қазақ пен моңғол фольклорының байланысын зерттеу үшін тың дерек болып қана қоймай қазақтың кейбір миф, әпсана, аңыздарының таралу аймағын анықтауға, түркі-моңғол халықтарының көне наным-сенімін, ежелгі дүниетанымын қайта жаңғыртуға, тек-тамырын анықтауға әбден көмектесе алады. Әйткенмен осынау деректер бізге тек қана фольклордың заңдылығы мен шарттарына, поэтикалық жүйе-жүлгесіне бағынып, яғни фольклордың қара қалыбына соғылып жеткендігін ешқашан ұмытпаған жөн. Өйткені, бұл мұралар алдымен фольклорлық шығарма ғой.

Мәселен, «Қазақтың шығу тегі туралы аңызды» жанрлық тұрғыдан шежірелік мифке жатқызамыз. Бұл сюжет қазақта Алаша ханға қатысты айтылады [3].

Қазақ пен моңғол сюжетінде ханның баласының елден аласталуы, оның аспан перизатымен некелесуі, үш жүздің қалыптасуы сияқты сарындар негізінен ортақ. Екі халық та қазақ ұлтының қалыптасуына, жеке ел болуына тарихи тұлға Шыңғысханның (Алаша ханның) тигізген әсерін әсірелеп бейнелеген.

Қазақ Совет энциклопедиясында «Майқы би, Байқы, Байки, Байку (т.-ө.ж. белгісіз) - 12 ғасырдың соңы - 13 ғасырдың бірінші ширегінде өмір сүрген атақты би, шешен. Билік, шешендік сөз өнерімен бүкіл қазақ қауымы арасында атағы шыққан. Абайдың айтуына қарағанда Майқы би Шыңғысты хан көтерген 12 бидің бірі.» [4] деп жазылған.

Демек, айрықша айтар мәселе Майқы биді тарихи тұлға деп таныған дұрыс. Біздің бұл сөзімізге Майқы бидің есімінің мәні де негіз болып отыр. Майқы моңғолша «Майга», яғни ақсақ, маймақ деген сөз. Ал, қазақ аңыздарының бәрінде де Майқыны ақсақ адам ретінде суреттейді. Мысал келтірсек, Мәшһүр Жүсіп Көпеев «Майқы би өзі ақсақ, өмірбойы арбамен жүреді екен. Арбасын көлікке салдырмай, жаяу кісіге тартқызады екен» [3] деп жазады.

Олай болса ақсақ биді моңғолдар «Майга» деп лақап атпен атаған, оны қазақтар титул ретінде қолданған, ал бидің шын аты басқа болған деп ойлаймыз.

Майқы бидің ақсақ болуы, аяғын жерге тигізбеуі, үнемі көтек арбамен жүруі, арбасын хайуанға тартқызбай адамға сүйретуі - бұның бәрі фольклор поэтикасында қолданьшатын кейіпкерді ерекшелеп, романтикалық дәріптеу тәсілі. Әмбесінде алғашқы қауымдық мәдениетте орын алған кейбір шындықтар осы мифтер құрылымында орын алғандығын байқаймыз.

Айталық, ақсүйектің баласының айыпты болып ен далаға қудалануы алғашқы қауымдағы кәмелеттік сынақтан өткізу ғұрпымен тамырлас екендігін зерттеушілер анықтаған. Сонымен бірге «аспан аруымен некелесу», немесе көк бөріден туу, қауымның үш жүздік жүйеге бөлінуі, ерекше әлеуметтік мәртебеге ие ақсүйек адамның аяғының қара жерге тиюге болмайтындығы сияқты жайттар алғашқы қауым мәдениетінде орын алған наным-сенімдер, ырым-кәделер, бір сөзбен айтқанда шындықтар. Әрине, Шыңғысхан мен Майқы би алғашқы қауым дәуірінде өмір сүрмеген, XII ғасырда билік еткен екі тарихи тұлғаға қадым заманда пайда болған дайын сарындар телінген, сол арқылы олардың аңыздық бейнелері сомдалған, демек, бұл фольклордағы жинақтау құбылысы. Фольклордың көпқабатты, көпстадиялы мәдени ескерткіш екендігінің бір көрінісі, міне, осы.



Қорыта айтқанда, бұл мұралар қазақ пен моңғол халықтарының мәдени-рухани, әлеуметтік-саяси, тарихи-генетикалық байланыстарын жан-жақты зерттеуге септігін тигізетіндігі анық..
Әдебиет


  1. Қасқабасов С. Миф пен әпсананың тарихилығы //Қазақ фольклорының тарихилығы. - Алматы: Ғылым, 1993. – 82, 328 б.

  2. Марғұлан Ә. Ежелгі жыр аңыздар. Алматы: Жазушы, 1985. - 352 б.

  3. Көпеев М.Ж. Екі томдық, 2-т.-Алматы, Ғылым, 1992. - 224 б.

  4. Қазақ Совет энциклопедиясы. 1975, 7-том. - 383 б.


Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет