Мўсылмандардыѕ хиджабќа ќатысты



жүктеу 377.95 Kb.
бет1/3
Дата04.03.2018
өлшемі377.95 Kb.
  1   2   3


Мұсылмандардың хиджабқа қатысты

қате түсініктері туралы

Аса Мейірімді, ерекше Рахымды Аллаһтың атымен



Аллаһтың діні туралы білімсіз сөйлеуге тыйым салынады

Біз Оны ғана мадақтайтын және Одан ғана көмек пен кешірім тілейтін Аллаһқа мақтаулар болсын! Аллаһтан өзіміздің нәпсіміздің және амалдарымыздың жамандығынан пана іздейміз. Кімді Аллаһ тура жолмен жүргізсе, оны ешкім адастыра алмайды. Ал кімді Аллаһ тастап қойса, оны ешкім тура жолға сала алмайды. Жалғыз Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты ешкім жоқтығына куәлік береміз, және Мухаммад – Аллаһтың құлы әрі Оның Елшісі екеніне куәлік береміз.



"Әй, мүміндер! Аллаһтан шынайы қорқумен қорқыңдар да, мұсылман болған күйде ғана өліңдер!" (Әли Имран, 102).

"Әй, адам баласы! Сендерді бір кісіден (Адам атадан) жаратқан және одан оның жұбайын (Хауа ананы) жаратып, ол екеуінен көптеген ер, әйелді таратқан Раббыларыңнан қорқыңдар. Сол арқылы өзара сұрасқан Аллаһтан және туыстық байланысты үзуден қорқыңдар. Шәксіз, Аллаһ сендерді бақылаушы" (ән-Ниса, 1).

"Әй, мүміндер! Аллаһтан қорқыңдар да, дұрыс сөз сөйлеңдер. Аллаһ істеріңді оңалтып, күнәларыңды жарылқайды. Сондай-ақ кім Аллаһқа, Елшісіне бой ұсынса, әрине ол ұлы табысқа ие болады» (әл-Ахзаб, 70-71).

Ақиқатында, ең шыншыл сөздер – Аллаһтың сөздері, ал ең тура жол – бұл Мухаммадтың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жолы. Ең жаман істер – бұл осы дінге енгізілген жаңалықтар, өйткені діндегі әрбір жаңалық - бұл бидғат, әрбір бидғат – адасушылық, ал әрбір адасушылық Отта.

Әрі қарай:

Өкінішке орай, бүгінгі таңда хиджабқа (мұсылман әйелдердің жамылғысына) қатысты айтыс-тартыстар жиі орын алуда. Әрі ренжітетіні және ауыр тиетіні – бұл туралы Аллаһтың Кітабы мен Оның Пайғамбарының (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннетін түсінбейтін және, Аллаһтың Кітабын оқуды айтпағанның өзінде, тіпті араб әріптерін танымайтын, шариғи білімі жоқ адамдардың сөйлеуі.

Менің айтайын дегенім, хиджаб мәселесі Исламда өте маңызды орынға ие және сондықтан да ол туралы қалаған мұсылман емес, тек шариғи білімі бар ғалымдар ғана сөйлей алады. Мұсылман адам өзінің айтқан сөздерінде абай болғаны және білмеген нәрсесін сөйлемегені абзалырақ, өйткені бұл ең үлкен күнәлардың бірі болып табылады.

Аллаһ Тағала былай деп айтады: «Өзің білмеген бір нәрсенің соңына түспе. Расында, құлақ, көз және жүрек олардың барлығы одан сұралады. Жер жүзінде даңдайсып жүрме. Өйткені, сен жерді әсте жара алмайсың да, бой жағынан да тауларға жете алмайсың» (Исра, 36, 37).

Ол сондай-ақ былай дейді: «Күдіксіз, Раббым арсыздықтарды, олардың көрнеу-көмесін, күнәны, орынсыз озбырлықты, оған байланысты ешбір дәлел түсірілмеген нәрсені Аллаһқа серік қосуларыңды және білмейтін нәрселеріңді Аллаһқа қарсы сөйлеулеріңді арам қылды», - де» (әл-Ағраф, 33).

Адамдарға Аллаһтың есімдері, сипаттары, істері және бұйрықтары туралы білмейтін нәрселерін айтуларына тыйым салынған. Бұлай істеуге әркез қатаң тыйым салынған еді, өйткені мұндай қылмыстар жеке тұлғаға да, қоғамға да зиян келтіреді. Оларды істеу арқылы адам заңсыздық жасайды, Аллаһтың алдындағы өзінің міндеттерін дөрекі түрде бұзады, жаратылыстардың құқықтарына қол сұғады және Раббысының дінін бұрмалайды.

Біздің кезімізде білімсіз мұсылмандар Аллаһқа өздері білмеген нәрселерін жапсырады да, оның бұл дүниедегі және Ақыреттегі салдары қандай болатынына көңіл де бөлмейді.

Адам медицина, экономика, техника, немесе тағы да сол сияқты дүниелік мәселелермен кездескен кезде, оларға ешқашан білімсіз кіріспейтіні айдай анық. Алайда ол осы мәселе бойынша білетіндерге және осы мәселенің мамандарына жүгінеді. Сондай-ақ адам егер өзі білмейтін мәселеге өз бетімен кірісер болса, өзіне де, қоғамға да зиян тигізіп алуы мүмкін екенін түсінеді. Алайда адам Аллаһтың дініне қатысты мәселелерге жолықса, бұл іске батыл түрде, оның салдары қандай болатынына назар бұрмастан және Аллаһтың дінін өте жақсы білетіндерге жүгінбестен кірісе береді. Бірақ Аллаһтың діні, дүние мәселелеріне қарағанда, едәуір сақтықпен қарауға әбден лайықты. Өйткені адам Аллаһтың діні туралы білімсіз сөйлеп, өзіне Аллаһтың қаһарын шақыруы мүмкін және бұл дүниеде де, Ақыретте де жаза тартуы мүмкін. Мұсылман адам Аллаһтың қаһарын шақырудан қорықпай ма?! Ол өзіне ақыл-парасат, есту, көру қабілеттерін берген, оның бауырын, бүйректерін, жүрегін және өкпесін жұмыс істетіп қойған Жаратушысының қаһарынан қорықпайды ма?!

Немесе бұл адам өзінің білместігімен өзгелерді де адасушылыққа нұсқауы мүмкін және соның нәтижесінде олар оған ілесіп, ол өзінің күнәсын және өзіне ілескендердің күнәларына тең мөлшердегі күнәларды көтеруі мүмкін. Бұл туралы Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқанындай: «Кім жаман істің бастамашысы болса және оның ізінен (осы істі істеуде) басқалар ілессе, ол өзінің күнәсінің ауыртпалығын да, өзіне ілескендердің күнәларының мөлшеріне тең болған күналардың ауыртпалығын да көтереді, әрі олардың күнәларының ауыртпалығы еш азайтылмайды». әт-Тирмизи, 2675. Ол бұл хадисті сахих (сенімді) және хасан (жақсы) деп айтты.

Адамдар өздері құлақ салып тыңдайтын мұсылмандар мен имамдардың білімсіз айтылған бір сөзінің себебінен орын алуы мүмкін қауіп туралы ойланбайды ма?!

Біздің кезімізде Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жолынан ауытқыған имамдар бар, әрі олар Аллаһтың дінін адамдардың разылығының негізінде кұрады, тіпті адамдардың сөздері мен істері Құран мен Мухаммад пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннетіне қайшы келетінін білсе де. Аллаһтың дінін адамдардың разылығына қарай икемдейтін имамдар туралы Пайғамбар (оған Аллаһтың сәлемі мен игілігі болсын) былай деген: «Кім адамдардың наразы болуына қарамастан Аллаһтың разылығын іздесе, Аллаһ оған разы болады және адамдарды да оған разы қылады. Ал кім адамдардың разылығын Аллаһтың қаһары арқылы іздесе, Аллаһ оған қаһарланады және адамдардың да қаһарын оған қарай бұрады». ибн Мажжаһ, шейх Әлбани хадисті сахих деді, «әс-Сахих әл-жами», 6097.

Білім иелері үнемі: «Білімсіз адамдар дін туралы сөйлемесін, өйткені әдетте мұның салдары жаман болады», - деп айтады. Сондай-ақ Аллаһтың діні туралы бейхабар адамдарға: «Олар дінді кімдерден алып жатқанына қарасын», - деп кеңес береді. Біздің салиқалы алғашқы буын өкілдеріміз: «Бұл білім сендердің діндерің болып табылады, сондықтан да оны кімдерден алып жатқандарыңа қараңдар», - дейтін.

Өйткені адамдарды адасушылыққа салатын адасушы имамдар бар. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Ақиқатында, мен өзімнің үмметім үшін адамдарды адасушылыққа салатын имамдардан қорқамын», - деп айтқан. Абу Дауд «Сунан», 4252, Тирмизи «Сунан», 2229, ибн Мажжаһ «Сунан», 3952, имам Ахмад «Муснад», 17156.

Мен не себепті дәл осындай кіріспеден бастадым? Өйткені біздің кезімізде мұсылмандар Аллаһқа өздері білмейтін нәрселерді жапсыратын болды, тіпті жиналып алып, хиджаб туралы бір-бірінің пікірін сұрап, Аллаһтың бұйрықтары мен үкімдерін талқылайтын болды. Аллаһ Тағала кез келген кемшіліктерден Пәк! Аллаһтың бұйрығы мен шешімі талқыға салынуға тиісті ме екен? Сіздердің Аллаһтың бұйрықтары мен шешімдерін талқылауға қандай хақыларыңыз бар? Сіздер мұны Өзінің Даналығымен және Білімімен заңдастырып қойған Жаратушыларыңның бұйрығын қалайша талқыға сала аласыздар?



Біздің кезімізде хиджаб төңірегінде таратылып жүрген күмәндар және оларды теріске шығару

Бірінші күмән: «Арабия түбегінде үнемі өте ыстық ауа-райы қалыптасқан, сондықтан да олар өздерінің денелерін қатты ыстықтан қорғау мақсатында хиджабты ойлап тапқан».

Теріске шығару:

Аллаһ кез келген кемшіліктерден Пәк! Олар өздерінің мұсылман адамға жараспайтын жиіркенішті сөздерімен: «Құран Аллаһтың сөзі болып табылмайды және Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Аллаһ ешнәрсе түсірмеген, ал мұны арабтардың өздері ойдан тоқып жазған» - деп жанама түрде мәлімдеп тұр. Аллаһ кез келген кемшіліктерден Пәк! Аллаһ Тағала былай дейді: «Мүмін әйелдерге де айт: "(Бөгде ерлерден) көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін (зинадан) қорғасын. Сондай-ақ зейнеттерін көрсетпесін. Бірақ олардың өздігінен көрінгендері басқа. Және бүркеншіктерін омырауларына түсірсін. Зейнеттерін керсетпесін. Бірақ, ерлеріне, әкелеріне, қайын аталарына, өз ұлдарына, өгей ұлдарына, аға-бауырларына, олардың ұлдарына, әпке-сіңлілерінің ұлдарына, мұсылман әйелдерге, қолдарындағы күңдеріне, әйел керек қылмайтын қызметшілерге, немесе әйелдердің ұятты жерлерін білмейтін балаларға көрсетулеріне болады. Және де көмескі зейнеттерін басқаларға білдіру үшін аяқтарын ұрып жүрмесін. Әй, мүміндер, түгел Аллаһқа тәубе қылыңдар! Әрине құтыларсыңдар» (Нур, 31).

Сондай-ақ Аллаһ Тағала былай деді: «Әй, Пайғамбар! Жүбайларыңа, қыздарыңа және мүмін әйелдерге айт: "Үстеріне бүркеншіктерін орансын". Бұл олардың танылуларына, сондай-ақ кейітілмеулеріне жақынырақ. Аллаһ Аса Жарылқаушы, Тым Мейірімді» (әл-Ахзаб, 59).

Шейх Са’ди (Аллаһ оны рақым етсін) өзінің тәпсірінде бұл аятқа байланысты былай деп жазған: «Бұл аят «жамылғы туралы аят» деп аталып кеткен. Жамылғы деп әйел адамның басы мен көкірегін жабу үшін сыртқы киімінің үстінен киетін бүркеншігін, орамалды немесе жаулықты айтады. Аллаһ өзінің Пайғамбарына (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мүмін әйелдерді бастары мен көкіректерін жамылғымен жабуға шақыруды және (мұны) өзінің әйелдері мен қыздарынан бастауды бұйырды, өйткені олардың мойнына, басқа мұсылман әйелдеріне қарағанда, үлкен жауапкершілік жүктелген еді. Айналасындағы адамдарды ізгі істерге шақырушы адам, ең алдымен ізігілікті өз ағайын-туыстары мен жақындарының арасында насихаттауы қажет, өйткені Аллаһ Тағала былай деген: «Әй, иман келтіргендер! Өздеріңді және отбасыларыңды отыны адамдар мен тастар болған Оттан қорғаңдар!» (әт-Тахрим, 6).

Аллаһ Тағала бұл бұйрықтың мәні туралы да хабарлады. Егер әйел жамылғы киіп жүрмесе, жүректері дертке шалдыққан адамдар оларды бұзық (зинақор) әйелдер деп ойлап, намысын қорлауы мүмкін. Бұдан тыс оларды күңдер деп те ойлап қалуы мүмкін, ал олай болған жағдайда, тілі жаман адамдар олардың үстінен мысқылдауы мүмкін. Ал жамылғы киіп жүрген әйел жаман адамдарға өздерінің арам ойларын жүзеге асыруға сылтау бермейді.

Ақиқатында, Аллаһ Кешіруші, Рахымды. Ол мүмін мұсылмандарға өздеріне ақиқат айқын болғанға дейін білместікпен істеген амалдарын кешірді және оларға рахметін төгіп, харам мен халалды және діннің өзге де дана әмірлерін түсіндірді».

Ал өздерін Исламға жатқызатын бұл діни сауаты жоқ адамдар жоғарыда келтірілген аяттарды арабтардың өздері ойынан шығарып жазды деп жанама түрде мәлімдейді. Аллаһ бізді мұндай сөздер мен сенімдерден сақтасын!

Бұл білімсіз мұсылмандар Құранның бір әрібін теріске шығару немесе оған сенбеудің өзі бүкіл Құранды теріске шығарумен және оған сенбеумен тең екенін білмейді ме?! Бұл туралы Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабасы Али (оған Аллаһ разы болсын) айтқанындай. Қараңыз: «Люматуль итиқад», «Құран Аллаһтың Сөзі болып табылады» деген тарау.

Әрі барлық ғалымдар Құранның бір сүресіне, немесе бір аятына, немесе сөзіне, немесе бір әрібіне сенбеген және оны теріске шығарған адам кәпір болып табылатынына бірауызды келіскен.



Құран Аллаһ Тағаланың Сөзі болып табылатындығы туралы.

Қасиетті Құран Аллаһ Тағаланың көктерден түсірген Сөзі болып табылады және ол жаратылмаған (яғни махлуқ емес). Аллаһ Құранды Жәбірейіл періштеге айтты және ашты, ал Жәбірейіл оны Мухаммад пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) алып келді (түсірді). Аллаһ Тағала бұл туралы былай деді: «(Мухаммад) Айт: «Қасиетті Рух (Жәбірейіл) Құранды шынайы түрде иман келтіргендерді бекемдеу әрі мұсылмандар үшін туралық әрі қуаныш түрінде Раббың тарапынан түсірді». (ән-Нахль, 102). Қасиетті Рух – бұл Жәбірейіл періште, кемшіліктерден таза, аманатқа қиянат жасамайтын Аллаһтың елшісі. Ол әділетті түрде сыналуы мүмкін емес ақиқат сөздер жазылған уахиді алып келді, өйткені олар ақиқат болса, оларға қайшы келетін барлық нәрсе нағыз өтірік болып табылады.

Құран Аллаһтың Сөзі болып табылатындығына Аллаһ Тағаланың мына сөздері дәлел болып табылады: «(Мухаммад) егер мүшріктерден біреу сенен пана тілесе, онда оған Аллаһтың Сөзін тыңдауы үшін пана бер» (әт-Тауба, 6).

Бұл уахи Құранды Аллаһ Тағаланың жаратылмаған Сөзі болып табылады деп есептейтін Сүннет пен біртұтас мұсылман жамағатын жақтаушылардың көзқарастарын жақтайтын айқын дәлел болып табылады. Құран жаратылған жоқ, өйткені Аллаһ Тағала оны Өзі айтты және Өзінің Сөзі деп атады, Ол Өзін басқа да сипаттарымен сипаттағандай. Бұл уахи сондай-ақ Құранды жаратылған (махлуқ) деп санайтын муътазиләлар мен солар сияқтыларға қарсы дәлел болып табылады.

Сөзсіз, мұндай көзқарастардың қателігі көптеген дәлелдер арқылы расталады, алайда бұл түсіндірме оларды едәуір егжей-тегжейлі талқылаудың орны болып табылмайды.

Құранның көктен түскендігіне Аллаһ Тағаланың мына сөздері дәлел: «Бүкіл әлемге бір ескертуші болуы үшін құлына (жақсы-жаманды ажырататын) Құранды түсірген Аллаһ Аса Жоғары» (әл-Фурқан, 1).

Аллаһ Тағала Өзінің кемел Ұлықтығы, дара сипаттары, сондай-ақ Өзінің көптеген нығметтері мен жомарттықтары туралы айтты. Арабтың "табарака" ("Аса Жоғары") сөзі Аллаһ Тағаланың ұлықтығын, Оның сипаттарының мінсіз кемелдігін және Оның шексіз игіліктерін баса айтады. Ал Аллаһтың ең ұлы нығметі туралы айтар болсақ, ол – Ұлы Раббымыз оны «әл-Фурқан», яғни «Жақсылық пен жамандықты ажыратушы» деп атаған Қасиетті Құран. Өйткені Құран аяттарынан адамдар халал мен харамның, тура жол мен адасушылықтың, бақытты ізгілер мен бақытсыз кәпірлердің арасын ажыратып көре алады. Бұл кітапты Аллаһ басқа пайғамбарлардан өзінің көркем сипаттарымен және амалдарымен артық болған құлдарының біріне, яғни Мухаммад пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) түсірді.

Содан соң Аллаһ иләһи ажыратуды Қасиетті Кітап пен Қасиетті Елшілерді Аллаһтың қаһарынан және азапты жазадан ескертулері үшін және олардың көздерін Раббыларының разылығын қалай алуға және Оның ашуынан қалай құтылуға болатынына ашу үшін түсірген. Адамдардың қайсысы осы насихатқа құлақ салса және Оның әмірлеріне мойынсұнса, бұл дүниеде де, Ақыретте де құтылады. Ол мәңгілік бақытқа қол жеткізеді және сансыз нығметтерге ие болады. Ал бұл нығметтер мен игіліктерден артық не болуы мүмкін? Рахметі мен игіліктері осының барлығынан көптеген есе артық болған Аллаһ – Аса Жоғары!

Құран жаратылмағанына сондай-ақ Аллаһ Тағаланың мына сөздері де дәлел болып табылады: «Жарату және бұйрық беру Оған тән» (әл-Ағраф, 54).

Суфьян ибн ’Уяйна (Аллаһ оны рақым етсін) бұл аяттың тәпсірінде былай деген: «Жарату – бұл Аллаһтың жаратылыстары, ал бұйрық беру – бұл Құран». әл-Ажжурри “әш-Шари’а”, 184.

Аллаһ Тағала жаратылыс пен бұйрықтың арасында айырмашылық жасады. Яғни бұйрық жаратылыстан емес. Бұл туралы Аллаһ былай деп айтқанындай: «Аллаһтың сендерге түсірген бұйрығы осындай» (әт-Талақ, 5).

«Жарату және бұйрық беру Оған тән» деген бұл аятта Құранды жаратылған деп санайтын муътазиләлар мен солар сияқтылардың бұзық сенімдерін теріске шығару бар. Құран - бұйрық (әмір), ал Аллаһтың әмірі жаратылған болып табылмайды. Өйткені Аллаһ Тағала жарату мен бұйрық беруді бір-бірінен ерекшеленетіндей етіп, олардың арасын ажыратып бөлді. Құран бұйрық беруге кіреді, ал ол, яғни бұйрық жаратылған болып табылмайды. Сондықтан имам Ахмад (Аллаһ оны рақым етсін) жахмилер одан «Құран жаратылған» деп айтуды талап еткен кезде, олардан үстем болды. Ол олардан: «Құран жаратудан ба, әлде бұйрық беруден бе?» - деп сұрады. Олар: «Құран бұйрық беруден», - деп жауап берді. Сонда имам Ахмад оларға былай деп жауап берді: «Бұйрық беру жаратылған болып табылмайды. Аллаһ Тағала жаратуды бір нәрсе, ал бұйрық беруді екінші нәрсе етіп, бұйрық беру мен жаратудың арасында айырмашылық жасады». Қараңыз: «Усулю әс-саляса би шарх Салих ибн Фаузан», 91-бет.

Құран жаратылған болып табылмайтындығына сондай-ақ Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Аллаһтың кемел Сөздеріне Оның жаратқан мақұлықтарының кесірінен сыйынамын» - деген сөздері де айқын дәлелдердің бірі болып табылады. Муслим, 2080. Бұл хадисте Аллаһтың Сөзі Оның сипаттарының бірі болып табылатындығына және сондықтан да жаратылған болып табылмайтындығына айқын дәлел бар, өйткені Аллаһ Тағаланың ғана Құдыреті жететін нәрседе қандай да бір жаратылған заттың көмегі мен панасына жүгіну Аллаһтың дінінде тыйым салынған болып табылады. Ахлю ас-Суннаның сенімдері міне осындай.



Екінші күмән: «Иә, біз Құран Аллаһ Тағаланың Сөзі екенін және ол Аллаһтың соңғы пайғамбары және елшісі Мухаммадқа (оған Аллаһтың игілі мен сәлемі болсын) түсірілгенін мойындаймыз, алайда ол (яғни Құранды) осы күнге дейін өзгеріске ұшырамағандығына кім кепіл?»

Теріске шығару:

Аллаһ Тағала барлық кемшіліктерден Пәк! Сендер Аллаһ Тағаланың мына сөздерін оқымағансыздар ма: «Ақиқатында, біз Ескертуді (Құранды) түсірдік әрі Біз оны қорғаймыз?» (әл-Хиджр, 9) Немесе Раббыларыңның бұл сөздері сендерге жеткілікті емес пе? Әлде сендер Аллаһ Тағаланың сөздеріне күпірлік танытасыздар ма, не тәкаппар болдыңдар ма?

Аллаһ Тағала былай деді: «Расында, өздеріне Құран келген кезде, қарсы болғандар бар. Шын мәнінде, ол - ардақты бір Кітап. Оның алдынан да, артынан да бос сөз келмейді (араласпайды). Аса Дана, өте Мақтаулы Аллаһ тарапынан түсірілген» (Фуссылят, 41-42). Шайтандар мен адамдардың арасындағы олардың достары оның аяттарының бір бөлігін өшіріп тастау үшін немесе оған Аллаһ түсірмеген бөгде бір нәрселерді қоспалау үшін оған жақындай алмайды. Кітаптың өзін де, оның сөздері мен мағыналарын да – мұның барлығын сақтап қалуды оны түсірген Аллаһ Тағала Өзіне Өзі уәжіп еткен. Ол: «Ақиқатында, біз Ескертуді (Құранды) түсірдік әрі Біз оны қорғаймыз?» - деген.

Шейх С’ади (Аллаһ оған рақым етсін) өзінің тәпсірінде бұған байланысты былай деген: «Ескерту (әз-Зикр) – бұл онда барлық болмыс туралы шыншыл баяндаулар және айқын куәліктер түсірілген Қасиетті Құран. Ол ескерту мен насихатты тыңдағысы келгеннің әрбіріне жеткілікті (жетіп асады). Аллаһ Тағала Құран уахилары жерге түсіріліп жатқанда оларды сақтап қорғаған және әркез оларды сақтап қорғайды да. Уахи түсіп жатқан кезде, олар таспен соғылатын шайтандардан қорғалды. Ал олардың түсірілуі аяқталған кезде, Аллаһ Тағала Өзінің Кітабының мәтінін кез келген бұрмалаулардан, қосулардан және алулардан, ал мағынасын қате түсіндірмелерден қорғаған күйде Өзінің Елшісінің және оның сенімді ізбасарларының жүректеріне салып қойды. Және кімде-кім Құран аяттарының мағынасын бұрмалай бастаса, сол тұста Аллаһ Тағала адамдарға бұлтартпас ақиқатты түсіндіретін біреуді жібереді. Бұл – Раббының ең ұлы белгілерінің және салиқалы пенделеріне деген ең ұлы нығметтерінің бірі.

Аллаһ Тағаланың Қасиетті Құранға деген қамқарлығының тағы бір көрінісі Оның Құранның шынайы жақтаушыларына олардың қарсыластарына қарсы қолдау көрсетуі болып табылады. Аллаһ оларды дұшпандардан қорғайды және дұшпандарға ақиқаттың жақтаушыларын жоюға жол бермейді».

Соңғы уахилардың түскен уақытынан 1419 немесе одан көп жыл өтті. Әрі осы күнге дейін Құран өз түпнұсқасында (яғни араб тілінде түсірілген күйінде) әрбір мұсылманның үйінде сақталып келеді.

Сөйтіп, Құран Ақыретке дейін бүкіл адамзатқа не жақтаушы, не қарсы бұлтартпас дәлел болып қала береді. Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Құран – не сені жақтайтын, не саған қарсы болатын дәйек», - деп айтқан. Муслим, 223.

Құран Аллаһтың елшісі Мухаммадқа (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ол адамдарды тура жолмен жетелеуі және оларға ақиқат пен жалғанның аражігін түсіндіріп беруі үшін түсірілген. Егер адам Құранның бұйрықтары мен заңдарына сәйкес амал жасаса, ол Қиямет күні Аллаһтың алдында оны жақтайтын дәйек болады, ал егер ол Аллаһтың бұйрықтары мен заңдарына сәйкес амал жасамаса, онда Құран оған қарсы дәйек болады. Мысалы, адам Раббысының: «Намазды орындаңдар, зекет төлеңдер» (әл-Бақара, 43), - деген сөздерін тыңдап не оқып, содан соң өзінің Жаратушысының бұйрығына мойынсұнып, намазды орындаса, Құран оны жақтайтын дәйек болады. Бірақ ол намазды орындамаса, Құран оған қарсы дәйек болады. Әрі мұсылман әйел өзінің Раббысының: «Үстеріне бүркеншіктерін орансын» - деген сөздерін естіп, содан соң Раббысына мойынсұнып, хиджаб киген болса, онда Құран оны жақтайтын дәйек болады, ал ол Раббысына бағынбаса, онда Құран оған қарсы болады.

Құран мұсылман адам үшін жол және басшылық болып табылады, ол осы басшылықтың арқасында тура жолмен жүреді, оның әмірлері мен тыйымдарына бағынады және ол нұсқайтын адамгершілік қасиеттерді бойына сіңіреді. Осылай істейтін адам Құранды оқып, пайдаға қол жеткізеді, әрі Құран оны бұл дүниеде құтылуға жетелейтін және Қиямет күні қорғайтын дәлелге айналады. Ал Құранның (нұсқаған) жолынан ауытқыған және насихаттарынан бас тартқан адамға келер болсақ, Құран Қиямет күні оған қарсылас болады, өйткені адам тура жолдан ауытқығандығын айтып, өзіне өзі қарсы күәлік береді.

Үшінші күмән: «Иә, Аллаһ Тағала Құранды кез келген бұрмалаулардан, қосулардан және алулардан, ал оның мағынасын қате түсіндірмелерден сақтап қорғауда, әрі әркез қорғайды да. Алайда хиджаб туралы аяттар бізге емес, арабтарға түсірілген».

Теріске шығару:

Аллаһ Тағала кез келген кемшіліктерден Пәк! Сонда Құран аяттары тек арабтарға ғана түсірілген болып, басқа ұлттар мен ұлыстарға олардың қатысы жоқ болғаны ма? Ал егер сендер шындықты айтып тұрған болсаңдар, Құран тек арабтар үшін түсірілгеніне дәлел келтіріңдер! Не үшін сендер Аллаһ Тағаланың: «Егер шындықты айтып тұрған болсаңдар, дәлелдеріңді келтіріңдер!» (ән-Намль, 64) - деген сөздеріне ілеспейсіңдер? Аллаһқа білмеген нәрселеріңді жапсыруды қоюларың сендерге абзалырақ болар еді. Қалайша сендер бір-ақ сөздерің үшін сендерді қатаң жазаға тарта алатын Жаратушыларыңнан қорықпайсыңдар?!

Аллаһ Тағала Құранды түгел адамзатқа түсірді. Адамдарға олардың рухани өмірі мен дүние тіршілігінде пайда келтіретін барлық нәрсеге жол көрсететін қасиетті Құран ақиқатты ең қонымды тәсілмен түсіндіреді және сол ақиқатты жалғаннан, тура жолды адасушылықтан, ал бақытты болған ізгілерді бақытсыз күнәхарлардан ажыратуға көмектеседі. Аллаһ Тағала былай деп айтты: «Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді» (әл-Бакара, 185). Құран адамзаттың барлығына тура жол көрсетуші деп аталған. Аллаһ Тағала: «Құран – тек арабтар үшін тура жол көрсетуші», - деп айтпады ғой, алайда Ол: «...адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді», - деді.

Аллаһ Тағала Өзінің ең соңғы елшісі Мухаммадты (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тек арабтарға ғана емес, барлық адамзатқа жіберді. «Оған ілесу туралы бұйрық тек арабтарға ғана қатысты айтылған» деген қате ұғым қалыптасуы орын алмауы үшін Аллаһ Тағала Мухаммад Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің арабтар мен араб еместерге, яхудилер мен христиандарға және басқа да барлық халық өкілдеріне қатысты күшке ие болып табылатын пайғамбарлық міндеті жалпыға бірдей екендігін жариялауды бұйырды. Аллаһ Тағала бұл туралы: «(Мухаммад): «Әй, адам баласы! Мен барлығыңа Аллаһтың елшісімін; Ол сондай Аллаһ, жер мен көктің иелігі Оған тән. Одан басқа құдай жоқ. Ол тірілтеді де, өлтіреді. Аллаһқа және Аллаһтың сөздеріне сенген, жіберілген сауатсыз Пайғамбарға иман келтіріңдер. Және оған еріңдер, әрине тура жол табасыңдар», - де» (әл-Ағраф, 158), - деп айтқанындай.

Бұл аят Аллаһтың елшісі – Мухаммадтың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) барлық адамзатқа жіберілгендігіне айқын дәлел болады. Мухаммад (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Аллаһ Тағала оған Қасиетті Құранды бүкіл адамзатқа жеткізуі және олар оған ілесуі үшін түсірген Елші болып табылады. Аллаһ Тағала былай деген: «Уа, Елші! Раббың тарапынан түсірілгенді жалғастыр (хабарла, жеткіз)» (әл-Маида, 67). Аллаһ Өзінің Елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ең ұлы әмірін айтты да, Өзі оған түсірген барлық нәрсе туралы адамдарды хабарлауды бұйырды. Бұл мұсылмандар Мухаммад пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) үйреніп білген барлық көзкарас-сенімдерге, амалдарға, діни әмірлерге және иләһи талаптарға қатысты. Ол өзінің міндетін ең кемел түрде орындады, адамдарды Исламға шақырды, оларға үрейлі ескертуді және қуанышты хабарды хабарлады, олардың мүшкілін жеңілдетті және надан және сауатсыз адамдар ең ұлы діндар ғалымдарға және рухани ұстаздарға айналатындай етіп оларды оқытты. Ол адамдарды сөзбен және іспен оқытып-үйретті, жолдаулар және өзінің елшілерін жіберіп тұрды. Ол өзінің ізбасарларына нұсқамай қалдырған бір де бір игілік жоқ, және ол одан сақтандырмай қалдырған бір де бір жаман іс-амал да жоқ. Бұл туралы адамдардың ең лайықтылары – ардақты сахабалар және олардан кейін келген ғалымдар және қарапайым мұсылмандар куәлік берген және әлі де куәлік беруде.

Аллаһ Тағаланың діні біреу-ақ, ол – Ислам, Аллаһ қабыл ететін және оны ұстанушыға пайда келтіретін жалғыз дін. Аллаһ Тағала былай деп айтқанындай: «Аллаһтың қасында шынайы дін Ислам» (Әли Имран, 19).

Сондай-ақ Ол былай деді: «Кім Исламнан басқа бір дін іздесе, әсте одан қабыл етілмейді де, Ақыретте зиянға ұшыраушылардан болады» (Әли Имран, 85).

Ол тағы да былай деді: «Бүгін діндеріңді толықтастырдым және нығметімді тамамдадым. Сондай-ақ сендерге Ислам дінін қоштап ұнаттым» (әл-Маида, 3). Яғни Мухаммад пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) түсірілген осы соңғы дінді. Бұл осы діннің толық және кемел, әмбебап және барлық замандар мен орындарда тура екендігін растайтын әлемдердің Раббысы тарапынан берілген күәлік. Әрі Аллаһ Тағаланың бұл сөздерді тек алғашқы буын өкілдеріне ғана емес, Қиямет күніне дейінгі барлық халыққа қатысты айтылған.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет