Мусина Гульзат Нурхановна Тақырыбы: «Логопедиялық сабақтар, ойын түрлері және дамыту жаттығулары» Аннотация: Электрондық оқулық



жүктеу 315.09 Kb.
Дата07.05.2019
өлшемі315.09 Kb.
түріОқулық

«Сымбат» жеке мектебінің логопеді

Мусина Гульзат Нурхановна


Тақырыбы: «Логопедиялық сабақтар, ойын түрлері және дамыту жаттығулары»

Аннотация: Электрондық оқулық мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалармен жұмыс жасайтын логопед мамандарына арналған әдістемелік көмекші құрал

Мазмұны:

І бөлім – Логопедиялық сабақтар

ІІ бөлім – Дидактикалық ойын түрлері

ІІІ бөлім – Тыныс алу, артикуляциялық, саусақ және сергіту жаттығулары

І бөлім

1-сабақ. Тақырыбы: «Үй құстары»

(мектепалды даярлық тобына арналған)

Мақсаты: а) білімділік –балалардың үй құстары туралы білімдерін жинақтау.Үй құстарының әрқайсының өзіне тән қасиеттері туралы әңгімелеу;

ә) дамытушылық – суреттер бойынша әңгіме құрастыруда өз ойларын жүйелі жеткезе білуге үйрете отырып, жалпы сөйлеу тілін дамыту;

б) тәрбиелік – үй құстарына қамқор болуға, оларды күте білуге,

аялауға тәрбиелеу;



а) түзетушілік-ұсақ қол моторикасын дамыта отырып, сөйлеу

тілін қалыптастыру.



Көрнекі-құралдар: Үй құстарының суреті, тізбекті, қиылған суреттер,

әтештің киімі, киндер шоколад, себет.



Сабақ барысы:

1. Ұйымдастыру бөлімі. «Шаттық» щеңбері.

Амансың ба, Көк Аспан!

Амансың ба, Алтын Күн!

Амансың ба, Жер Ана!

Амансыз ба, қонақтар!

Амансың ба, достарым!



2. «Көктем» мезгіліне қысқаша шолу. Ұшып келетін дала құстарын айта отырып, ұй құстарына тоқталу.

3. – Балалар, үй құстарының ішінде қай құс жетіспей тұр? Әтеш, дұрыс айтасыңдар. Балалар біреу есік қағып тұрған сияқты. Кәне, ашып көрейік. Мінекей, әтештің өзі де келіп қалыпты. Ендеше амандасайық. Әтеш сен мұнда неғып жүрсің?

  • Мен сендерге қонаққа келдім. Үй құстары туралы айтып

жатқандарыңды естіп келіп отырмын.

4. Логоырғақ.

Әдемі әдеш таң атпай тұрды.

Ойқастап жүрді, жан-жаққа қарады.

Айдарын тарады, қо-қо-қо деді.

Қорада ойран салды, бір тауық қайран қалды,

Секіріп –секіріп шарбаққа қонды.



5. Тізбекті суреттермен жұмыс.

«Тауық пен үйрек және олардың балапандары» әңгімесін айта отырып, байланыстырып сөйлеу тілдерін дамыту.



6. Жұмбақ шешу.

Қыт-қыт етеді,

Кезіп жүріп көшені

Жата қалса орнына,

Ақ доп тастап кетеді. (тауық)

Кеудесі қайқандап,

Жүреді балпаңдап (қаз)

Күн шықпай сап аттанды,

Қуырады апшыны.

Шырт ұйқыда жатқанда,

Оятады ащы үні. (әтеш)

2.Саусақ жаттығуы.

Қазым, қазым қаңқылда

Көлде жүзіп салқында.

Жем шашайын жейсің бе?

Кәмпит берші дейсің бе?

Жоқ, жоқ, жоқ.

Кәмпит тәтті болмайды ас

Арпа менен бидай шаш.


7.Дидактикалық ойын: «Қиылған үй құстарының суретін құрастыру».

Мақсаты: Ұсақ қол моторикасын дамыта отырып, дене бөліктерін атау.

Үй құстары туралы тақпақ сұрау.


8. Қорытындылау:

- Балалар, бүгін біздер не туралы айттық Сендер немен таныс болдыңдар Үй құстары біздерге қандай пайда келтіреді екен Біздер оларды аялап өсіріп бағуымыз керек екен, ия


9.Марапаттау. - Жарайсыңдар, балалар! Біздің қонағымыздың кететін уақыты болған екен. Ол бізге құр қол келмепті. Өзімен сыйлықтар әкеліпті. Балаларға қонаққа келген әтеш себеттен киндер шоколадтарды таратып береді. Ендеше, рахмет айтып қоштасайық!

2- сабақ. Тақырыбы: «Мақта қыз» ертегісі (драматизация)



Ертегі кейіпкерлері:

Автор, мақта қыз, мысық, сиыр, тал, су әкелетін балалар, дүкенші, тауық, тышқан.

Мәтін

Автор: Ертеде Мақта деген қыз болыпты. Оның кішкентай ғана кер жалқау мысығы болған екен. Бір күні Мақта қыз үй жинастырып жүріп, жерден бір мейіз тауып алады. Пеш түбінде жатқан мысығын шақырады.

Мақта қыз: Мысығым, мысығым мында кел (3 рет қайталап шақырады).

Автор: Мысығы келмейді. Мақта қыз мейізді өзі жеп қояды. Бір уақытта ұйқысынан оянған мысығы пеш түбінен ақырын тұрып, жәй басып Мақта қыздың қасына келеді.

Мысық: Мяу-мяу, Мақта қыз мені шақырдың ба?

Мақта қыз: Иә, шақырдым. Мен жаңа мейіз тауып алдым. Саған берейін деп шақырып едім, келмедің. Сосын өзім жеп қойдым.

Мысық: Неге мені оятпайсың, а?

Автор: Мысық ашуланып, кеседе тұрған қатықты төгіп тастайды.

Мақта қыз: Қап, бәлем, сен мысықты ма... (мысықтың құйрығын кесіп алады).

Мысық: Мяу-мяу-мяу! Өтінемін, құйрығымды қайтаршы.

Мақта қыз: Сен алдымен қатық тауып әкел. Құйрығыңды сосын қайтарамын.

Автор: Мысық қатық іздеп сиырға барады.

Мысық: Сиыр, сиыр маған қатық берші.

Сиыр: Му-у-у! Менің қарным аш. Маған жапырақ әкеп бер. Қатықты сосын беремін.

Автор: Мысық жапырақ сұрап талға барады.

Мысық: Тал,тал маған жапырақ берші.

Тал: Мен шөлдедім. Маған су бер. Мен саған жапырақ беремін.

Автор: Мысық су іздеп келе жатып, су әкеле жатқан балаларға жолығады.

Мысық: Балалар, балалар маған су беріңдерші.

Балалар: Сен бізге алдымен сағыз әкеп бер. Біз саған су береміз.

Автор: Мысық сағыз сұрап дүкеншіге барады.

Мысық: Дүкенші, дүкенші маған сағыз беріңізші.

Дүкенші: Мысықжан, сен алдымен маған жұмыртқа әкеп бер. Сосын сағыз беремін.

Автор: Мысық жұмыртқа сұрап тауыққа барады.

Мысық: Тауық, тауық маған жұмыртқа берші.

Тауық: Қыт-қыт-қыт, жұмыртқа беремін. Бірақ сен алдымен жем әкеп бер.

Автор: Мысық жем алуға тышқанның ініне барады.

Мысық: Эй, тышқан, шық жаныңның барында ініңнен.

Тышқан: Шиқ-шиқ-шиқ, о-о-ой мысықжан...

Автор: Мысық тышқанды қорқытпақ болып, оған тап береді.

Мысық: Тез жаныңның барында маған жем тауып бер!

Тышқан: Қазір-қазір әкеліп беремін...

Автор: Қорыққан тышқан сасқанынан мысыққа ініндегі бар жемін ұсынады. Осылайша мысық жемді алып тауыққа апарады. Тауық жұмыртқа береді. Жұмыртқаны дүкеншіге береді. Дүкенші сағыз береді. Сағызды балаларға береді. Балалар су береді. Суды талға береді. Тал жапырақ береді. Жапырақты сиырға береді. Сиыр қатық береді. Қатықты Мақта қызға әкеледі.

Мысық: Мақта қыз мінекей қатық әкелдім. Енді құйрығымды қайтарасың ба?

Мақта қыз: Жарайды, қайтарайын. Бірақ ендігіде шақырған кезде келетін бол! Әрі менің айтқанымды тыңда. Ұқтың ба?

Мысық: Жарайды, мені кешір. Енді қайталамаймын.

Автор: Осылайша Мақта қыз мысықтың құйрығын қайтарады. Ал ашулыққа бой алдырамын деп біраз тер төгіп алған мысық өз қателігін мойындап, Мақта қыздан кешірім сұрайды. Екеуі енді дос болып, бір үйде тату-тәтті өмір сүреді.

3-сабақ. Тақырыбы: «Дыбыс қою ерекшеліктері»



Мақсаты: Оқушылардың дыбыстарды анық, таза айтуын қадағалап, буында, сөзде, сөйлемде айтуға машықтандыру.Тілге жаттығу жасау арқылы тілдің артикуляциясын түзету. Тыныс алу, саусақ, сергіту жаттығулары және дидактикалық ойындар арқылы ұсақ қол және жалпы моторикаларын дамыту.

Көрнекілігі: айна, зонд, қима суреттер, дидактикалық ойындар, тыныс алу жаттығуларына көрнекіліктер, музыкалық әуен, қуыршақ театры, ұсақ қол моторикасына көрнекіліктер.

1.Ұйымдастыру бөлімі:

- Оқушылар, бізге бүгін қонақтар келіп отыр екен. Қане, қонақтармен амандасайық. «Шаттық шеңбері»

- Қазір жылдың қай мезгілі? Көктем мезгілінде ауа райында қандай ерекшеліктер болады? Бүгін біз «с,ш,л,р» дыбыстарымен жұмыс жасаймыз. Ең алдымен тыныс алу жаттығуларынан бастаймыз: «Ыстық шайды суытамыз», «шар уру», «жаңбыр тамшыларын үрлеп ұшырайық».

-Бұл ненің дыбысы? Жаңбыр...Ендеше саусақтарымызды партаға қойып, жай ғана жаңбырдың дыбысын салып көрейік (трс-трс-рс...).

Тілге жаттығу жасаймыз: «Сағат», «әткеншек», «футбол», «саңырауқұлақ», «түтікше», «ат шауып келеді», «тәтті тосап», «кесе».

2. Негізгі бөлім.

-Ендеше, оқушылар мен сіздермен жеке-жеке дыбысқа жұмыс жасаймын. Ал қалғандарымыз мынадай қима суреттерін құрастырып отырамыз. (түрлі ойындарды ұсыну).



1-оқушы: С-дыбысымен жұмыс. С-дыбысының артикуляциясын орындау. Жылан қалай ысылдайды? с-с-с...

Буында машықтандыру:

са-са-са со-со-со су-су-су

ас-ас-ас ос-ос-ос ус-ус-ус

Сөздің басында: Сағат, сан, сабақ, саяхат

Сөздің ортасында: маса, касық, кесе, жусан

Сөздің соңында: тас, бас, қас, лас.

«С» дыбысы сөздің қай жерінде естіледі: басында, ортасында,соңында

Сабын,қасқыр,қасық, күнбағыс, сағат, маса.

Жұмбақ шешейк:

Күнде есебін жаттайды,

Ешбір тыным таппайды.

Алмайды бір тағат

Оның аты.... (сағат)

Жылт-жылт етеді,

Жылғадан өтеді. (су).

Тілге массаж жасау....



2-оқушы. Ш-дыбысымен жұмыс.

Ш-дыбысының артикуляциясы. Орманда қатты жел соқты: Ш-ш-ш.. Краннан су қалай ағады? Ш-ш-ш.. Ш-дыбысын айтқанда қандай ауа соғады алақанымызға? Жылы ауа.



Ұйқасын тап:

Ша-ша-ша


Балалық шақ тамаша

Шу-шу-шу


Әжем шашты шашу

Шы-шы-шы


Қойды бақты қойшы

Аш-аш-аш


Қарағай, шырша-ағаш.

Сөзде «ш» дыбысын естісең қолыңды көтер.

Сақа,мысық,шана,тышқан,қалам,сабын,қайшы,қас.

«Сөз ойла, тез ойла» ойыны

«Ш» дыбысы келетін киім: шалбар, шапан,шұлық;

«Ш» дыбысы келетін тамақ: тоқаш, шұбат, шырын

Тілге массаж жасау.....

3-оқушы. Л-дыбысы.

Л-дыбысының артикуляциясы. Л-л-л....

Ла-ла-ла

Ло-ло-ло


лу-лу-лу.

Сөзде айту: лақ, алма, бала, қала, балапан, ал.

Әңгіме оқиық. «Қу түлкі»

Түлкі тышқан аулайды. Түлкі тышқанға да шабуыл жасайды. Түлкі орманда,далалық жерлерде жүреді. Ол қу аң.



«Мен бастаймын, сен аяқта» ойыны.

Логопед Бала

Та ..............................л

Қо...............................л

Мо..............................л

Ба............................... л

Тілге массаж... Бетке нүктелі массаж

4-оқушы. Р-дыбысымен жұмыс.

Р-дыбысының артикуляциясы. Автоматтан қалай атамыз?трррррррррр.....

Буында: Тра-тра-тра

Тро-тро-тро

Тру-тру-тру

Сөздің басында: Ракета, радио, раушан

Сөздің ортасында: ара, орақ,орман, тырна

Сөз соңында: қар, шар, бор.



Барлық оқушымен бірге саусақ жаттығуы:

Тырс-тырс-тырс!

Жаңбыр кеп жауады,

Тамшылар тамады.

Тырс-тырс-тырс!

Терезе қағады,

Жылғалар ағады.

Тырс-тырс-тырс

Жаңартып ауаны

Жаңбыр кеп жауады.



  • Ал, ендеше оқушылар кім қандай сурет құрастырды екен тексерейік. Әр оқушы өз жұмысына сипаттама береді.

3.Қорытынды бөлім.

-Сабақ соңында «Қанеки, балақай!» ойынымен қорытындылаймыз.

Әр оқушы қуыршақты қолға киіп, бір-бір жаңылтпаш айтып аяқтайды.

Оқушылар бағаланады.



4- сабақ. Тақырыбы: «Керемет күз»





Мақсаты: Оқушылардың күз туралы ұғымдарын кеңейту. Күз мезгілін толыққанды бейнелей білуге, әңгіме құрай білуге үйрету. Сөйлеу барысында дыбыстарды анық, таза айтуын қадағалау.Тілге жаттығу, бетке нүктелі массаж жасау арқылы тілдің артикуляциясын, беттің бұлшықеттерін дамыту. Тыныс алу, саусақ, сергіту жаттығулары және дидактикалық ойындар арқылы ұсақ қол және жалпы моторикаларын дамыту.

Көрнекілігі: күз паносы, айналар, көкөністер және жемістер бейнеленген баулар мен ермексазға түсетін дәндер, тыныс алу жаттығуына үрме жапырақтар, доп, қуыршақ тиін, жаңғақтар, микрофон, қоржын, бұршақ, үрмебұршақ.

1.Ұйымдастыру бөлімі:

- Оқушылар, бізге бүгін қонақтар келіп отыр екен. Қане, қонақтармен амандасайық. Бүгін біз сабақты ашық микрофоннан бастаймыз. Сіздер сиқырлы микрофонның көмегімен бүгінгі күнге тілектер жолдайсыздар (әр оқушы өз ойынан тілек айтып, орындарына отырады)

- Қазір жылдың қай мезгілі? Ендеше сонау күзгі орманнан бізге тиін қонаққа келген екен (амандасу). Тиін өзімен тапсырмалар ала келген (қоржынында тапсырмалар болады).Сабаққа белсене араласқан оқушыға сабақ соңында сый-сыяпат береді(тиін жайғасады).

Ендеше 1-тапсырмасы:

- Күз мезгілінде неше ай болады? Қандай айлары бар? Ауа райында қандай ерекшеліктер болады? Оқушылар күз мезгілінен суреттер тізбегін құрастырады.(Тақтаға біртіндеп апарып іліп, толық сөйлеммен жауап береді)



Тыныс алу жаттығуы: «Жапырақтарды үрлеп ұшыру»

Артикуляциялық жаттығу: «Сағат», «Әткеншек», «Футбол», «Ат шауып келеді», «Кесе», «Тәтті тосап», «Түтікше».

2. Негізгі бөлім.

Бүгін біз «Керемет күз» туралы ой өрбітетін боламыз.



2-тапсырмасы: «Сөздерді жекеше-көпше түрде айт»

Қазір мен сіздерге доп лақтырып, жекеше сөз айтамын, сіздер маған көпше түрде жауап беріп допты өзіме қайтарасыздар. Ендеше бастаймыз...

Құс – құстар орамжапырақ –

Жапырақ - .... көкөніс -

Ағаш - .... алма -

3-тапсырма. «С, ш – дыбыстарын анық айта аласыздар ма?»

С-дыбысымен жұмыс. Жылан қалай ысылдайды? с-с-с...

Буында машықтандыру:

са-са-са со-со-со су-су-су

«С» дыбысы сөздің қай жерінде естіледі: басында, ортасында,соңында

Сабын,қасқыр, күнбағыс.

Жұмбақ шешейік.

1)Күнде есебін жаттайды,

Ешбір тыным таппайды.

Алмайды бір тағат

Оның аты.... (сағат)

2)Жылт-жылт етеді,

Жылғадан өтеді. (су).

Ш-дыбысымен жұмыс.

Орманда қатты жел соқты:Ш-ш-ш.. Ш-дыбысын айтқанда қандай ауа соғады алақанымызға? Жылы ауа.

Сөзде «ш» дыбысын естісеңдер қолдарыңды шапалақтаңдар.

Сақа,мысық,шана,тышқан,қалам,сабын,қайшы,қас.



4-тапсырма.Саусақ жаттығуы:

Тырс-тырс-тырс!

Жаңбыр кеп жауады,

Тамшылар тамады.

Тырс-тырс-тырс!

Терезе қағады,

Жылғалар ағады.

Тырс-тырс-тырс

Жаңартып ауаны

Жаңбыр кеп жауады.



5-тапсырма. «Жемістер мен көкөністерді безендір» (түрленген түрдегі тапсырма)

Мақсаты: ермексаз жағылған алма мен алмұртты дәндермен безендіру, қалған оқушы жемістер мен көкөністерді баудан өткізеді, қалғандары дәндерді бөлек-бөлек ажыратады.

1 оқушымен осы мезетте бетке арналған нүктелі массажды көрсету

3.Қорытынды бөлім.

Ормандағы тиіннің

Жаңғақтары көп екен

Теріп-теріп алайық

Қалтамызға салайық.

-Ендеше балалар,тиіннің де күзгі орманына оралатын уақыты болыпты. Ол бізге қандай сый сияпат әкелді екен?

Тиін сөйлейді: - Балалар, сендер менің барлық тапсырмамды орындадыңдар, сендерге ризамын! Мына қоржындағы сыйлықтарымды таратайын (оқушыларға арахис «тәтті жаңғақ» таратады).Ал, енді мен орманыма оралайын.Сендерге келесіде тағы келермін.Сау болыңыздар!!!

-Балалар сіздерге тиіннің тапсырмалары ұнады ма?



ІІ бөлім. Ойын түрлері.

Ойын – баланың бірінші әрекеті, сондықтан да оның мән-мағынасы ерекше. Қазақ халқының ұлы ойшылы Абай Құнанбаев: «Ойын ойнап, ән салмай, өсер бала бола ма?», - деп айтқандай, баланың өмірінде ойын ерекше орын алады. Мектеп жасына дейінгі және ерте мектеп жасындағы балалардың зейіні тұрақсыз болады. Әсіресе тіл кемшілігі бар балаларға саусақ ойындарын, ауызекі сөйлеу тілін дамытатын ойындарды логопедиялық сабақтарда үнемі пайдаланып отыру қажет. Өйткені ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінде алған білімді ойынмен тиянақтау білімнің беріктігіне негіз қалайды.



«Н.В.Нищева әдісі бойынша тіл дамытуға арналған 8 ойын түрі» жинағының қазақ тіліндегі баламасы

1. «Ит пен күшік»

Мақсаты: баланың белсенді сөздік қорын жаңа сөздермен толықтыру (ит, күшік, оң жағы, сол жағы), сөйлеу тілінің грамматикалық құрылымын

(дара етістікті) қалыптастыру, қағаз бетін дұрыс пайдалана алу дағдыларын бекіту.



Ойын барысы: Логопед балаға ит бейнеленген суретті көрсете отырып, осындай итті өздеріне жасауды ұсынады. Ойын барысында өлең жолдарын пайдалануға болады. Кейін иттің бөлшектерін қарап, атап, осы бөлшектерден итті құрастыруды ұсынады. Логопед балаға қағаз кеңістігін сөзбен айта отырып (оң жағы, сол жағы, жоғары, төмен, алдында, артында) итті құрастыруына көмектеседі. Бала өз әрекетін сөзбен жеткізіп айтады, ал қиналған жағдайда логопедтің сөзін қайталайды.

Логопед өлең мәтінін мәнерлеп айта отырып, қимылдарын көрсетіп, балалармен бірге орындайды.

«Гав!Гав!Гав!»- (дөңгелене тұрып, қолдарын кеуде тұсына

бүгу, әр дыбысқа басын қозғау)

Қандай үлкен ит!

Құйрығы имек, тұмсығы қара, (қолдарымен құйрығын бейнелеу, сосын

мұрындарын ұстау)

Аяғының басы аппақ, (ырғаққа сай аяқтарын тарсылдату)

Бұл ит күшіктің әкесі. ( «төрт аяқтап» еңбектеп дөңгелене жүру)



2. «Түрлі-түсті түймелер»

Мақсаты: Баланың белсенді сөздік қорларын жаңа сөздермен (іш,бас, аяқ, тұяқ, құлақ, оң жақ, сол жақ) толықтыру, қағаз кеңістігін дұрыс пайдалануға және негізгі түстер (қызыл, сары, көк) туралы білімдерін бекіту.

Ойын барысы: Логопед балаға суретті көрсете отырып, осындай суретті өздеріне жасауды ұсынады. Ойын барысында өлең жолдарын пайдалануға болады. Сонымен қатар қонжықты, қонжықтың ішін, құлағын, басын көрсетуді ұсынады. Бала алдымен қонжықтың құлағын, аяқтарын санайды. Кейін аталған бөлшектерден қонжықты құрастырады.

Ойын барысында педагог бала назарын қонжықтың шалбарына аударып, қандай түсті екенін сұрап, нақтылайды. Сосын сары түймені оң жаққа, ал көк түймені сол жаққа орналастыруды айтады. Бала өз әрекетін сөзбен жеткізіп айтады, ал қиналған жағдайда логопедтің сөзін қайталайды.

Логопед өлең мәтінін мәнерлеп айта отырып, қимылдарын көрсетіп, балалармен бірге орындайды.

Қонжық

Томпақ әрі, сүйкімді, (дөңгелене қорбаңдап жүру)

Міне менің қонжығым.

Киіп апты әдемі, қызыл шалбарын. (шалбар киген қимыл жасау)

Міне басы, міне іші, (басы мен ішін ұстау)

Аяқтары көп, құлағы екеу, (төрт тағандап тұру, қолдарын



бастарына қойып, алақандарымен қонжықтың

Неткен сұлу менің қонжығым! (қорбаңдап жүру )





3. «Түлкі мен тышқан»

Мақсаты: баланың белсенді сөздік қорларын жаңа сөздермен (құйрық, көз оң жақ, сол жақ) толықтыру, сөздің грамматикалық құрылымын (дара етістіктер) қалыптастыру, қағаз кеңістігін дұрыс пайдалануға және негізгі түстер туралы білімдерін бекіту.

Ойын барысы: логопед балаға суретті көрсете отырып, осындай суретті өздеріне жасауды ұсынады. Ойын барысында өлең жолдарын пайдалануға болады. Балаларға түлкіні көрсете отырып, оны атауды сұрай отырып, түлкінің тышқан аулайтынын, ал тышқандар түлкіден қашатынын айтып түсіндіреді. Кейін аталған бөлшектерден түлкіні құрастырады. Балалар тышқанды түлкінің оңжағына, сол жағына, алдына, артына тығады. Бала өз әрекетін сөзбен жеткізіп айтады, ал қиналған жағдайда логопедтің сөзін қайталайды.

Логопед өлең мәтінін мәнерлеп айта отырып, қимылдарын көрсетіп, балалармен бірге орындайды.



Түлкі

Үлпілдеген, әдемі де құйрығы

Мақтанышы түлкінің. (аяқтарының ұшына тұрып, дөңгелене түлкінің

жүрісін салып жүру)

Ал түлкінің айлакер көзі (тоқтай қалып, басымен ырғақты қимылдар



жасау)

Тышқандардың қауіпі. (оң қолдары мен сол қолдарының шынтағынан



алақанға дейін «жүгірту», сол жерде ұстап алу)



4. «Машина»

Мақсаты: баланың белсенді сөздік қорларын жаңа сөздермен (кабина, кузовы, доңғалағы) толықтыру, сөздің грамматикалық құрылымын (дара етістіктер) қалыптастыру, қағаз кеңістігін дұрыс пайдалануға және негізгі түстер (қызыл, сары, көк, жасыл) туралы білімдерін бекіту.

Ойын барысы: логопед балаға суретті көрсете отырып, осындай суретті өздеріне жасауды ұсынады. Ойын барысында өлең жолдарын пайдалануға болады. Балаларға осы суреттерді құрастырудан бұрын машинаның бөлшектерінің түстерін атауды сұрайды. Кейін балалар жүк машинасын құрастыратын бөлшектерді таңдап алады.

Логопед түрлі кубиктерді алып, балалар түстерді біледі ме, соны анықтап алады. Сосын балалар машинаны алдымен қызыл, оның үстіне көк кубикті, ал оның үстіне жасыл кубикті, алдына сары кубикті тиеуге тапсырма алады. Балалар тапсырманы орындап қана қоймай өз әрекетін сөзбен жеткізіп айтады, ал қиналған жағдайда логопедтің сөзін қайталайды.

Соңында қимылды ойын ойналып, логопед қимылдарын көрсетіп, балалармен бірге орындайды.

Машина

Мен машина жинай аламын, (қолдарына машина рулін ұстаған кейіппен, дөңгелене айналып жүру)

Артында кузовы бар. (қолдарын арттарына ұстап дөңгелене жүруді жалғастыру)

Доңғалағы мен кабинасы бар, (қолдарына машина рулін ұстаған кейіппен, дөңгелене айналып жүру)

Міне менде ең керемет машина. (дөңгелене айналып жүгіру).



5. «Көбелек пен гүл»

Мақсаты: баланың белсенді сөздік қорларын жаңа сөздермен (гүл, сабағы, жапырағы) толықтыру, сөздің грамматикалық құрылымын (дара етістіктер) қалыптастыру, қағаз кеңістігін дұрыс пайдалануға және негізгі түстер туралы білімдерін бекіту.

Ойын барысы: логопед балаға суретті көрсете отырып, осындай суретті өздеріне жасауды ұсынады. Ойын барысын өлең жолдарымен жетелейді. Балаларға осы суреттерді құрастырудан бұрын гүлдің бөлшектерін (сабағы, жапырағы, гүлі) атауды сұрайды. Кейін балалар гүл құрастыратын бөлшектерді таңдап алады.

Логопед балаларға көбелектің бейнесін көрсетіп, онымен ойнауды ұсынады. Балалар көбелекті гүлдің үстіне, астына, жанына қондырады. Балалар тапсырманы орындап қана қоймай өз әрекетін сөзбен жеткізіп айтады, ал қиналған жағдайда логопедтің сөзін қайталайды. Соңында қимылды ойын ойналып, логопед қимылдарын көрсетіп, балалармен бірге орындайды.



Гүл

Тіке өскен жасыл сабағына (сұқ саусақпен ауада жоғарыдан төмен қарай тіке сызықтар сызу)

Хош иісті гүл өседі (саусақтарын шашыратып, қолдарын жоғары көтереді).

Ақ гүлдер, көк гүлдер, көп гүлдер (қол жұдырығын ырғақпен бірге айналдыру)

Міне осындай әсем гүлдер! (саусақтарымен «фонарик» жасап айналдыру).



6. «Шәйнек»

Мақсаты: баланың белсенді сөздік қорларын жаңа сөздермен (ауызы, тұтқасы, қақпағы) толықтыру, сөздің грамматикалық құрылымын (дара етістіктер) қалыптастыру, қағаз кеңістігін дұрыс пайдалануға және негізгі түстер (қызыл, көк, сары) туралы білімдерін бекіту.

Ойын барысы: логопед балаға суретті көрсете отырып, осындай суретті өздеріне жасауды ұсынады. Ойын барысын өлең жолдарымен жетелейді. Балаларға осы суреттерді құрастырудан бұрын шәйнектің бөлшектерін (тұтқасын, қақпағын, ауызын) көрсетіп, атауды сұрайды. Сонымен қатар шәйнектегі қонжықтарды дұрыстап қарап алу тапсырылады. Кейін балалар шәйнек құрастыратын бөлшектерді таңдап алады.

Балалар тапсырманы орындап қана қоймай өз әрекетін сөзбен жеткізіп айтады, ал қиналған жағдайда логопедтің сөзін қайталайды. Соңында қимылды ойын ойналып, логопед қимылдарын көрсетіп, балалармен бірге орындайды.



Шәйнек

Салмақты бастықтай ( дөңгелене тұрып, іштерін шығару)

Әдемі де, салмақты. (салмақты кейіп таныту)

Міне аузы, міне тұтқасы (оң қолымен мұрнын, сол қолымен аузын көрсету)

Ал қақпағы ұстау үшін ыңғайлы. ( жұдырық жасап төбелеріне қою)

Шәйнектің ішінде отыр екі қонжық жайғасып. ( оң қолдарындағы екі саусағын, сосын сол қолдарындағы екі саусақтарын көрсетіп, төбелерінде қонжықтың құлағын көрсету)





7. «Ұлан»

Мақсаты: баланың актив сөздік қорларын жаңа сөздермен (бас, іш, қол, аяқ, мұрын, ауыз) толықтыру, сөздің грамматикалық құрылымын (дара етістіктер) қалыптастыру, қағаз кеңістігін дұрыс пайдалануға және негізгі түстер (қызыл, көк, сары) туралы білімдерін бекіту.

Ойын барысы: логопед балаларға суретті көрсете отырып, осындай суретті өздеріне жасауды ұсынады. Ойын барысын өлең жолдарымен жетелейді. Балаларға осы суреттерді құрастырудан бұрын баланың дене және бет мүшелерін көрсетіп, атауды сұрайды. Сонымен қатар балаға шалбары мен етігін кигізу тапсырылады. Сонымен қатар балалар тапсырмаларды орындай отырып, киімдері мен аяқ киімінің түстерін ажыратады.

Балалар тапсырманы орындап қана қоймай өз әрекетін сөзбен жеткізіп айтады, ал қиналған жағдайда логопедтің сөзін қайталайды. Соңында қимылды ойын ойналып, логопед қимылдарын көрсетіп, балалармен бірге орындайды.



Ұлан

Асықпай біз (қолдарын белге қойып, екі аяқпен секіру)

Киіндіреміз Ұланды.

Мына шалбар, мына етік (етік пен аяқ киімдерді киіп жатқан киіп таныту)

Сәбилерге, Ұланға.



8. «Әтеш»

Мақсаты: баланың белсенді сөздік қорларын жаңа сөздермен (айдар ) толықтыру, сөздің грамматикалық құрылымын (дара етістіктер) қалыптастыру, қағаз кеңістігін дұрыс пайдалануға және негізгі түстер туралы білімдерін бекіту.

Ойын барысы: логопед балаға суретті көрсете отырып, осындай суретті өздеріне жасауды ұсынады. Ойын барысын өлең жолдарымен жетелейді. Балаларға осы суреттерді құрастырудан бұрын әтештің дене бөлшектерін (айдар) көрсетіп, атауды сұрайды. Кейін балалар әтеш құрастыратын бөлшектерді таңдап алады және олардың түстерін ажыратады.

Сосын логопед балаларға әтешке етігін киюге көмектесуді ұсынады. Етікті алдымен сол жағына, кейін оң жағына кигізеді.

Балалар тапсырманы орындап қана қоймай өз әрекетін сөзбен жеткізіп айтады, ал қиналған жағдайда логопедтің сөзін қайталайды. Соңында қимылды ойын ойналып, логопед қимылдарын көрсетіп, балалармен бірге орындайды.

Әтеш

Қодырайған әтештің, (өз денелерін жандарынан шапалақтау)

Айдары мен шашағы. (сол қолымен тұлымын, оң қолымен шашағын ұстау)

Қызыл етік киіп ап, (ырғақпен бірге аяқтарын тарсылдату)

Қаратады өзіне. ( қолдарын жандарына ұрғылай отырып, дөңгелене жүгіру.

ІІІ бөлім. Тыныс алу, артикуляциялық, саусақ, сергіту жаттығулары

Тыныс алу жаттығулары – әдемі сөйлеудің, денсаулық кепілінің басты негізі

Тыныс алу – адам тәнінің аса маңызды қызметтерінің бірі болып табылады. Тыныс алу жаттығуының балалар денсаулығы үшін пайдасы өте зор. Себебі дұрыс тыныс ала отырып баланың сөйлеу тілі де кезегімен қалыптасады. Көбінесе тыныс алу жаттығуы дизартрия, кекештену және басқа да сөйлеу ауытқуларынан зардап шегетін балаларға көп көмегін тигізеді.



Кешенді тыныс алу жаттығулары әдеттегідей күнделікті ҰОІӘ кезінде және қосымша уақыттарда бірнеше рет өткізіледі.

  • Алдымен жаттығу үлкендер көмегімен орындалса, кейіннен өз бетімен орындалады.

  • Жүргізуші ретінде, бала ретінде балалар кезектесіп өткізеді. Орындалу уақыты - 5 мин.

  • Алғашында жеңіл түрінен басталып, күрделі түріне ауысады.

Бұл кезекті тыныс алу жаттығуларын балабақша тәрбиешілері әр лексикалық тақырыпқа сай қолдануға болады:



  1. «Қиярдың иісін ажырат»

Шарты: Қиярдың иісін иіскеу арқылы қандай көкөніс екенін ажырат

  1. «Апельсиннің иісін ажырат»

Шарты: Апельсиннің иісін иіскеу арқылы қандай жеміс екенін ажырат

  1. «Жапырақтарды ұшыр»

Шарты: Мұрынмен терең дем алып, ауызбен дем шығару арқылы кішкентай жапырақтарды үрлеп ұшыру.

  1. «Шарды үрлейміз»

Шарты: бала шарды алып, алдымен қатты, сонан соң жаймен үреді.

  1. «Терезенің жапқыштарын үрлеп ұшыр»

Шарты: үйдің терезе жапқыштарын балалар жеке-жеке үрлеп ұшырады.

  1. «Шәйді суыт»

Шарты: кеседегі шәйді балалар үрлеп суытады. Ондағы шәйдің ыстық екендігі айтып түсіндіріледі. Суытып болған соң оны ішіп, дәміне тамсанады.

  1. «Мұрынмен дұрыс тыныста, ауызбен дұрыс дем шығар»

Шарты: Балалар мұрынмен терең тыныс алып, ауызбен ауаны ұртқа жинамай, жәйменен дем шығарады.

  1. «Айнаның бетін тазала»

Шарты: айнаны қолға алып, бала айнаның бетін үрлеп булайды. Сосын айна бетін орамалмен сүртіп, тазалайды.

  1. «Қарды үрлеп ұшыр»

Шарты: балалар ақ қарларды жеке-жеке үрлеп ұшырады. «Қар жаймен жауып тұр» деген кезде жай ұшырады, ал «боран соғып тұр» деген кезде қаттырақ ұшырады. Мұрынмен терең тыныс алып, ауызбен жай дем шығарады.

  1. «Қолды үрлеп ысқылау арқылы жылыту»

Шарты: аязға тоңған қолдарымызды үрлеп, ысқылап қыздырамыз, жылытамыз. Жылдам-жылдам ысқылаймыз.

  1. «Жалаушаларды ұшыру, көкке көтеру»

Шарты: түрлі-түсті кішкентай жалаушаларды балалар үрлеп ұшырады.

  1. «Құстың қанатын қағуына көмектес»

Шарты: мына құстың қанаты жараланған, қанекей емдем жіберейік. Сендер үрлесеңдер ол қанатын жазып ұшып кетеді. Балалар құстың қанатына үрлейді. Сол мезетте құс ұшып кетеді, рахмет айтады.

  1. «Шыршаның жаңғақтарын иіскеу»

Шарты: мынау шыршада өсетін жаңғақтар. Қанекей иісін иіскейік. Оның өзіндік иісі болады.

  1. Тыныстайық тереңнен!

Жүгірдің де қарғыдың,

Жарадың да барлығың.

Шаршадыңдар дегенмен

Тыныстаңдар тереңнен.

Қане, «У-ф»-деп айталық

Демді ішке тартайық.

Енді «У-һ»- деп айтайық, Демді шығар қайтарып.

Босаңсытып денеңді,

Бей-жай күйге ен енді.

Басты көтер, тік ұста

Емін-емін тыныста

Қане, «У-ф»-деп айталық

Демді ішке тартайық

Енді «У-һ»- деп айтайық,

Демді шығар қайтарып.

15. «Сәбіздің жапырағын үрлейміз»

Терең дем алып, демді жәймен шығарып, жинаған жапырақтарды үрлеу.



  1. «Лимонды» иіске

Терең дем алып, лимонның иісін иіскейміз

17. «Күлімсіреу»

Алақанымызды кеуде тұсында ұстаймыз,ерініміз бен тісіміз жабулы..



18. «Көпіршікті үрле»

Көпіршік суды аузымызбен үрлеп, көпіршіктерді ұшырамыз.



19. «Стакандағы дауыл»

Су құйылған стаканға коктейль ішуге арналған түтікшені салып бір жағын тілдің ортасына салып, түтікше арқылы стакандағы суды үрлеу.Ұртымызды ауаға толтырмаймыз,ернімізді қозғалтпаймыз.



20. «Сиқыр»

Ауызды ашып,еріндерін жымиту.Тілімізді ауыздан шығармаймыз.Тіл бүйірлері мен ұшын жоғары көтеріп, мұрын ұшындағы мақтаны үрлеу.



21. «Зымыран»

Мұрынмен терең дем алып,екі жақтан қолымызды жоғары созамыз, алақандарымызды беттестіріп, қатты қысамыз, аяқтың ұшымен тұрып жоғарыға созыламыз, тыныс шығармаймыз. «А»дыбысын айтып, терең дем аламыз,қолдарымызды төмен түсіреміз



22. «Поезд»

Көмейден дыбыс шығару: Пууууп-чик-чик-чик дыбысын шығарып, шеңберде жүріп орындаймыз.



23. «Барабан»

Тіл ұшын тістеп жәй «д»дыбысын айту,содан екпінін тездете айту

« д-д-д»

24. «Жылан»

Мұрынмен терең дем алу,алақандарды беттестіріп,кейде тұсында ирелеңдету арқылы с-с-с дыбысын шығару.



25. Дем шығармау «Шар үру» демді бөліп-бөліп шығару.

(ха-ха-ха)демді бөлген сайын қолымызды қозғалтамыз. Демді шығармау. Тағы да терең дем алу, қолдарын жоғары көтеру(шар үрлеу). Бірден дем шығару, қолдарын төменге түсіру (Ха!)



26. «Гүлдің жұпар иісін иіскеу»

Гүлді иіскеу арқылы мұрынмен терең тыныс алу. Хош иісін ұзақ иіскеп тұрып тамсану.



27. «Сорпаны суытып іш»

Шарты: тәрелкедегі ыстық сорпаны мұрынман терең тыныс алып, ауызбен дем шығару арқылы үрлеп, суытып ішу.



28. «Ханқызы жәндігін үрлеп ұшырайық»

Шарты: ханқызын балалар үрлеп ұшырады



29. «Көбелектерді үрлеп ұшыр»

Шарты: Түрлі-түсті көбелектерді үрлеп ұшыру. Ұртқа ауаны толтырмай үрлеу.



30. «Бұлтты көшір»

Шарты: аспанда қалқып ұшқан бұлттарды балалар үрлеп ұшырады.



31. «Тамшылар»

Шарты: жауған жаңбырдың тамшыларын балалар үрлеп ұшырады.



32. «Мақтаны ұшырайық»

Шарты: ақ ұлпа жұмсақ мақталарды терең дем алу арқылы балалар үрлеп ұшырады.



33. «Пияздың иісін ажырат»

Шарты: туралған ащы пияздың иісін балалар иіскеу арқылы ажыратады.



34. «Допты қақпаға қада»

Шарты: Кішкентай допты үрлеп ұшырып сақтықпен торға туралап қадау.



Артикуляциялық жаттығулар

Артикуляциялық жаттығу дегеніміз не? Дұрыс сөйлеу тілін қалыптастыруда алдымен дыбыстарды қоюымыз қажет. Сол себепті дайындық кезеңі ретінде ауыз қуысына жаттығулар жасалып тілді жаттықтырамыз. Ол балалардың дыбыстарды дұрыс айта білуіне көмектесетін жаттығу түрі. Артикуляцияны дұрыс қалыптастыру үшін арнайы жаттығулар қолданылады. Жаттығулар қойылатын дыбысқа байланысты жүйеленеді және ерін, тіл қимылдарының қалпын дағдыландыруға бағытталады. Балаларды қызықтыру үшін және жаттығуды ойларына сақтап қалу үшін әр жаттығу әр түрлі атпен аталады.







  • «Күрекше» – жалпақ тілді шығарып астыңғы ерінге ұстап тұру керек.

  • «Ине» -ауызды кең ашып, тілді алға қарай жіңішкертіп шығарып 10-15 секунд ұстап тұру керек.

  • «Төбешік» – аузыңды жартылай ашып, тілдің екі жақ шетін жоғары азу тістерге жапсырып, тілдің ұшын астыңғы тіске тіреп ұстау.

  • «Түтікше» – жалпақ тілді ауыз қуысына шығарып, тілдің бүйір жақтарын көтеріп түтікшеге үрлеу. Жаттығуды жайлап жасау керек.

  • «Ожау» – ауызды кең ашып, жалпақ тілді көтеріп жоғары тістерге созып, бірақ тигізбей ұстап тұру керек.

  • «Сағат» – тілді жіңішкертіп ұстап оңға, солға жайлап қозғау керек. Осылай санап отырып 15-20 рет қайталау керек.

  • «Саңырауқұлақ» -ауызды кең ашып, тілді таңдайға жапсыра ұстап тұрып төменгі жақты басып ауызды кең ашып ұстау.

  • «Алтыбақан» – жіңішке тілді ауыздан шығарып біресе мүрынға созып, біресе иекке созу жаттығуды жасағанда ауыз ашық болу керек. Осылай 10-15 рет қайталау керек.

  • «Тәтті тосап» – жалпақ тілді шығарып жоғары ерінді жалап, тілді ауыз қуысына тереңірек апару. /15 рет қайталау/.

  • «Тоқылдақ» – ауызды кең ашып тілдің ұшымен жоғарға альвеолоға немесе таңдайға жиі-жиі соғылғандай қимыл жасау керек.

  • «Ат шауып келеді» – ауызды кең ашып тілді таңдайға жапсыру – айыру немесе таңдай қағу. Аталған жаттығулардан тек әр дыбысқа керекті жаттығулар алынады.



Саусақ жаттығуы арқылы салауатты өмір салтын қалыптастыра

отырып, балалардың сөйлеу тілін дамыту

Салауатты өмір салтын қалыптастыруда саусақ жаттығуларының мәні зор. Қазақ халық педагогикасында саусақ ойыны ұрпақтан ұрпаққа қалған мәдени шығармашылық болып табылады. Қазақ халқы саусақ ойыны арқылы баланың сөйлеуге деген талпынысын, қабілетін дамытып, ынтасын арттырарын білген. А.С.Сухомлинский «Баланың сөйлеу тілі оның саусақ ұшында» деген екен. Саусақ ойынын ойната отырып, балалар қоршаған ортадағы заттар мен құбылыстарды, жан-жануарларды, құстарды, ағаштарды бейнелей алады.



Балақан

Бала, бала, балақан, Саусақтарды ашып-жұму

Кәне қайсы алақан? Алақанды көрсету

Саусақтарың әйбат, Бас бармақпен әр саусақ ұшын алма-кезек түйістіру.

Былай-былай ойнат. Саусақтарды айналдыру.

Әдемі жазу

Қолға қалам аламыз, Қолға ойша қалам алу

Дәптерімізді ашамыз Дәптер ашу

Ұзын жолға әріптер Қолды жоғары-төмен сермеу

Әдемі етіп саламыз. Әріп салу

Талып қалды қолымыз Қолды сілкілеу

Аз ғана дем аламыз, Саусақтарды айқастыру

Көркем етіп жазамыз. Жазу



Саусақтарым менің

Бас бармағым-алғашқы Бас бармақты көрсету

Балаң үйрек -жалғасы, Сұқ саусақты көрстеу

Ортан терек- ағасы Ортаңғы саусақ

Шылдыр шүмек-нағашы Шылдыр шүмекті көрсету

Кішкентай бөбек-балақан Кішкентай саусақты көрсету

Бәріне ортақ алақан. Алақанды жа

Қарлығаш

Қарлығашқа ұқсаймыз Білекті білекке ұштастырып,

Кәне, қанат жаямыз. саусақтарды қанат секілді баяу қалыпта

Қарлығаш болып ұшамыз қозғалту.

Көлге келіп қонамыз. Тоқтап қалу.

Мөлдір су

Сылдырлайды мөлдір су, Саусақтарды судың ағысына ұқсатып қозғалту.

Мөлдір суға қолынды жу. Қол жуғандай әрекет ету.

Жуынсаң сен әрдайым Сұқ саусақпен нұсқау

Таза бетің, маңдайың Бет, маңдайды ысқылау

Тазалықтың досы- Алақанды жаю.

Су дегенің осы.

Доп

Добым, добым домалақ, Саусақтарды доп секілді домалатып, біріктіру

Тоқтамайсың домалап.

Үстел үстің бүлдірдің, Ұрысқан кейіп келтіріп, саусақ ұшын сермеу

Тәрелкені сындырдың. Сол алақанға оң алақанды қырынан қою

Тентек болып кеттің деп, Сұқ саусақты нұсқау

Тұрмын сені тепкім кеп.

Күзгі жапырақтар

Саусақтарым қыдырып Саусақтарды ашып-жұму

Жапырақтар жинады. Жерден жапырақ жинағандай қимыл көрсету

Қызыл сары жапырақ Жапырақ теру

1,2,3,4,5 Барлық саусақты біртіндеп біріктіру

Біз нешеуін жинадық? Алақанды жайып көрсету

Күзгі жапырақтармен Саусақ ұштарын айналдыру

Біз көңілді биледік.



Алма бағы

Алма баққа барайық, Екі саусақ ұшымен жүру

Алма жинап алайық. Алма тергендей қимыл көрсету

Қол жетпесе алмаға, Қолды жоғарыға созу

Секіріп қол созайық.

Ең үлкенін дәмдісін, Саусақтарды ауада үлкен етіп дөңгелету

Әжемізге сыйлайық. Табыс ету

Бес саусақ

Оң қолымда бес саусақ, Оң қолдағы 5 саусақты көрсету

Сол қолымда бес саусақ. Сол қолдағы 5 саусақты көрсету

Оларды атап шақырар, Саусақты ашып-жұму

Әрқайсысының аты бар.

Бас бармақ, Бас бармақты көрсету

Балаң үйрек, Сұқ саусақты көрсету

Ортан терек, Ортаңғы саусақты көрсету

Шылдыр шүмек, Шылдыр шүмекті көрсету

Кішкене бөбек. Соңғы саусақты көрсету.


Жанұям

Бас басбармағым- атам

Балан үйрек- әжем

Ортан терек- әкем

Шылдыр шүмек- анам

Кішкене бөбек- мен

Міне менің жанұям.

Сергіту жаттығулары

Балабақшада жүргізілетін дене тәрбие жұмыстарының негізгі бір түрі сергіту сәттері болып табылады. Олар 4-5 қарапайым жалпы дамытатын жаттығулардан немесе өлең мазмұнына, музыка әуеніне сәйкес орындалатын жаттығулардан және тынығып отырып фонограммалар тыңдаудан, нүктелі массаждың қарапайым элементтерін қолданудан тұрады.

А.Меңжанованың «Мысығым» өлеңі.

Балалар өз бетімен мысық сияқты өлеңнің мазмұнына сәйкес қимылдар жасап жүреді.



«Мысығым»

Мысығым-ау, мысығым («Мяу-мяу» деп төрттагандап жүреді).

Тарғыл жақсы түсіңнің. (Қолдарымен денелерін ұстап көрсетеді).

Таңертең де, кеште де, (Қолды жоғары көтеріп, созылады).

Бетін жуған мысығым. (Қолдарымен беттерін кезек-кезек сипайды).

Құйрығын қуып ойнайды (Оңға-солға бұрылады).

Шыр көбелек айналсам, ( Бір орында айналады).

«Піш-піш» десем, келе ғой, (Саусақтарды қимылдатады).

Шақырғанда «піш-піш» деп (Қол мен денені бірдей қозғалтады).

«Мяу» деп дыбыс бере ғой. («Мяу-мяу» деп байпандап жүреді).



«Төрт түлік»

Қошақаны қойдың, (екі алақандарымен беттерін ұстау)

Қайда қалып қойдың? (екі қолдары жанында)

Томпиып тұр бүйірің (қолдары белде, шалқаю)

Қай өрістен тойдың? (екі қолдары жанында)

Секең-секең ей лақ! (бір орында секіру)

Жүрмін саған кейіп-ақ (сұқ саусақпен көрсету)

Тыным тапсаң болмай ма?(қолмен былғау)

Секірмей-ақ бір уақ. (бір рет секіріп, қолмен көрсету)

Ботақаны нардың, (қол белде)

Жарға неге бардың? (кейіп, ұрысу)

Тілерсегің дірілдеп, (оң аяқты алдыға созып дірілдету)

Секіре алмай қалдың. (сол аяқты алдыға созып дірілдету).

«Тату достар»

Достар бірге жүреміз, (шеңберде қолдарынан ұстап жүреді)

Бірге ойнаймыз, күлеміз. (Қол ұстасып бір орында тұрады)

Допты былай тебеміз, (оң аяқты алдыға созу)

Машинамен жүреміз. (рульден ұстау)

Қуыршақ та боламыз қуыршақ болу)

Біз тәртіпті баламыз, қолдарымен өздерін көрсету)

Міне, біздер қандаймыз (қолдарын жоғары көтеріп, бірін-бірі құшақтау)



«Жаңбыр»

Шаршаса қолымыз (Қолды төмен түсіру)

Біз кішкентай балдырған (Отырып екі қолмен кішкентай екенін көрсету)

Оңымыз, солымыз (Тұрып, оңға, солға бұрылу)

Сескенбейміз жаңбырдан. (Сұқ саусақпен сермелеу)

Былай-былай ойнаймыз, (Қол белде, екі аяқты алма-кезек қозғалту)

Төбемізде қолшатыр (Екі қолды төбеге көтеру)

Күш-жігерді жинаймыз. (Білекті көрсету)

Алдымызда жол жатыр. (Екі қолмен еңкейіп алға созылу)

«Сағат тілі»

Сағаттың тіліндей (Оңға бұрылу)

Иіліп оңға бір.

Сағаттың тіліндей, (Солға бұрылу)

Иіліп солға бір

Сағатқа қарап –ақ

Жаттығу оңай-ақ (Оң қолды алға созу)

Қақпаға туралап, ұр допты оң аяқ (Оң аяқпен доп лақтыру) Қақпаға туралап, ұр допты сол аяқ (Сол аяқпен доп лақтыру)

Оң аяқ, сол аяқ жаттығу оңай-ақ! (Оң және сол аяқты алма-кезек қозғалту)

«Қарлығаш»

Қарлығашқа ұқсаймыз (Екі қолды екі жаққа созу)

Кәне, қанат жаямыз.

Қарлығаш болып ұшамыз (Қанат құсап қаққылау)

Көлге келіп қонамыз. (Қолдарды жинақтау)

«Ойыншықтар»

Достар бірге жүреміз, (шеңберде қолдарынан ұстап жүреді)

Бірге ойнаймыз, күлеміз. (Қол ұстасып бір орында тұрады)

Допты былай тебеміз, (оң аяқты алдыға созу)

Машинамен жүреміз. (рульден ұстау)

Қуыршақ та боламыз (қуыршақ болу)

Біз тәртіпті баламыз, (қолдарымен өздерін көрсету)

Міне, біздер қандаймыз (қолдарын жоғары көтеріп, бірін-бірі құшақтау).



Пайдаланылған әдебиеттер:

1.«Уроки логопеда». Елена Косинова.Москва, 2011

2.«Большая книга логических игр». Г.П.Шалаева. Москва, 2011

3.«Тіл дамыту» дидактикалық ойындар. Ә.С.Әмірова, К.А.Анартаева. Алматыкітап баспасы 2008.

4. «Восемь игр для развития речи дошкольников» Н.В.Нищева. Санкт-Петербург «Детство - пресс» 2005.

5. «С» дыбысын түзетуге арналған жұмыс дәптері. Қ.Қ.Өмірбекова, С.Ж.Өмірбекова. Алматыкітап 2002.

6. «Ш» дыбысын түзетуге арналған жұмыс дәптері. Қ.Қ.Өмірбекова, С.Ж.Өмірбекова. Алматыкітап 2002

7. «Л» дыбысын дұрыс айтуға үйрету. Қ.Қ.Өмірбекова.

8. «Р» дыбысын дұрыс айтуға үйрету. Қ.Қ.Өмірбекова.

9. «Коррекция речи и движения». Боробыкова О.С. Детство-пресс 1999.



10.«Если дошкольник плохо говорит» Ткаченко Т.А. Акцент 1997.

Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет