Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде оқитын "пәк" қыздардың тізімі тарап, бұл оқиға дауға айналған еді. ҚазҰУ әкімшілігі бұған медициналық орталықты кінәлап, қылмыстық іс басталғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

190 тәлімгердің аты-жөні, ЖСН мен ұялы байланыс нөмірлері жазылған ақпарат ватсап топқа түскен. Студенттердің жеке деректерінің ішінде"вирго", яғни "пәк" деген жазу үлкен дау тудырды. Бұл тізімді студенттер флюрографиядан өтсін деп механика-математика факультетінің деканатына жеке медициналық орталықтың маманы жолдаған. Тәлімгерлердің жеке деректері мен дәрігерлер ғана білуі тиіс ақпараттың тарауына қатысты қазір тексеріс басталды. Іске тіпті құқық қорғау органдары да араласады.

Тізімде флюрографиялық тексеруден өтпеген механика-математика факультетінің 3 және 4 курс студенттерінің жеке деректері жазылған. Енді мұндай қателікке жол берген медициналық орталықпен келісімшартты тоқтату мәселесі қарастырылып жатыр екен.

Қазіргі уақытта медициналық орталықтағы қызметкерге де, факультет деканатындағы маманға да еш шара қолданылмаған. Барлығы тексеруден кейін белгілі болмақ. Ал емхананың басшысы қыздардың пәктігін дәрігерлер арнайы тексермейтінін айтады. Сонымен бірге тізімде белгі қойылмағандардың арасында ер азаматтармен қатар әлі тексеруден өтпеген қыздар да бар деп отыр.

“Ол жерде “пәк емес”, “пәк” деген нәрсе жазылмаған. Ол жерде медтексеріс орны бос тұр, “вирго” деп тұр. “Вирго” деген  медтексерістен өткенде, жыныстық қатынаста болмағанын айтты деген сөз”, – деді "Smart Health University City" ЖШС емханасының медициналық басшысы Жанна Жүнісова.

Даулы мәселе ғылым және жоғары білім министріне де жетті.Саясат Нұрбек жоғарғы оқу орнында болған оқиғаға қатысы бар адамдар жазаланады деді.

“Бұл – әрине, заңсыздық. Бұл – жеке деректерді, оның ішінде медициналық сипаттағы деректерді тарату. Сондықтан біз мәселені бақылауға алдық. Енді жазалаймыз. Себебі бұл жерде тікелей заң бұзушылық бар”, – деді ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Университет қызметкерлері ректор тізімге іліккен студенттерден кешірім сұрайтынын да жеткізді. Сонымен бірге тексерістен кейін өтемақы берілуі де мүмкін. Ал тізімге ілінген студенттердің шағымданып немесе күйзеліске түскені туралы ешқандай ақпарат жоқ.

Еске салсақ, бұған дейін Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде “пәк” қыздардың тізімі тарап кеткені туралы жазған едік. Кейін студенттердің жеке деректерін таратқан адам медициналық қызмет көрсететін мекеменің қызметкері екені анықталды. 


Автор: Даулет Байгонусов

Даулет — природовед и путешественник. Его увлечение природой Казахстана и исследования вносят неповторимый вклад в наше издание.