Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Жетісу облысы Жаркент кентінде мерзімді қызмет сарбазы неден қаза тапқаны туралы парламент палаталарының бірлескен отырысында журналистердің сұрағына  жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Руслан Жақсылықов, ең әуелі, марқұмның отбасына көңіл айтып, өлімнің себебі менингит екенін атап өтті.

"Біріншіден, марқұмның отбасына тағы да көңіл айтқым келеді. Ауру. Бұл – менингиттің жылдам өтетін формасы. Білесіз бе, әдетте аурудың мұндай формасы тасымалдаушыларда кездеседі. Өкінішке қарай, біз жас жігіттерді әскерге шақырған кезде міндетті анализдердің тізбесінде менингит тасымалдаушыларды анықтайтын талдау жоқ. Біз қазір осы талдау түрін тізбеге қосуға күш салып жатырмыз", – деді Руслан Жақсылықов.

Министр жас жігіттерді әскери бөлімге келген сәтте менингокок тасымалдаушыларға қарсы 100% тексеру жүргізу туралы шешім қабылданғанын және ақша бөлінгенін хабарлады. 

  • Бокстан әлем чемпионы әскерге борышын өтеуге аттанды
  • "Қысым, әлімжеттік әсер ететіні сөзсіз": Психолог сарбаздардың өзіне қол салу себептері жайлы айтты

"Егер анықталса, дәрі-дәрмектің көмегімен-ақ 5-7 күннің ішінде емделеді. Болашақта мұндай болмайды деген сөз. Бірақ проблема бар. Мен өзім де әкемін. Бұл оның отбасы үшін ғана емес, бәріміз үшін үлкен қайғы. Қайғырып көңіл айтам, қазақтардарда “бұл ажал", – деді қорғаныс министрі.

Еске сала кетейік, 2023 жылы 21 желтоқсанда қарулы күштер қатарында үш ай қызмет еткен сарбаз қаза тапты. Марқұмның жақындары сарбаздың менингиттен қаза тапқанына күмән келтіріп, Бас прокуратураға тергеу барысын ерекше бақылауға алуды сұрады.


Автор: Даулет Байгонусов

Даулет — природовед и путешественник. Его увлечение природой Казахстана и исследования вносят неповторимый вклад в наше издание.