Эквайринг пайызы кәсіпкердің мемлекетке төлейтін табыс салығы мөлшерінен де асып түседі. Осылай деген мәжіліс депутаты Руслан Берденов елдегі кәсіпкерлерге қаржылық салмақ салып отырған эквайринг комиссиясы туралы мәселе көтерді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ірі және шағын орта бизнес өкілдерінің жанайқайын жеткізген мәжілісмен қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымоваға  депутаттық сауал жолдады. 

Руслан Берденов елімізде 2  миллионнан астам кәсіпкер тіркелгенін айтты.  Олардың 1,7 миллион жеке кәсіпкер, 440 мың — шағын бизнес, 2800 — орта бизнес, 1000 — ірі  бизнес  өкілдері бар.  Оның ішінде 50 мыңнан астам дүкен жұмысын атқаруда. Айтуынша олардың барлығы күнде эквайринг процесін жүзеге асырады. 

"2023 жылы инфляция 9,8% құрады. Азық-түлік бағасы 9,2%-ға, азық-түлік емес тауарлардың бағасы 9,9%-ға, ақылы қызметтер — 12%-ға  өскен. Осының салдарынан сату көлемі күрт төмендеген дүкендер жабылу алдында. Мысалы, дүкендер бөлшек салығы режимінде жұмыс жасап, айналымнан 4%-ды салық төлейді. Алайда, кәсіпкерге қаржылық салмақ салып отырған тағы бір фактор бар, ол — эквайринг комиссиясы. Кәсіпкер тұтынушыға әр тауар мен қызметіне қолма-қол ақшасыз төлемдері үшін эквайринг процесіне 3,5%-ға дейін банктерге комиссия төлейді. Эквайринг пайызы кәсіпкердің мемлекетке төлейтін табыс салығы мөлшеріненде асып түседі",-деді депутат. 

Мәжілісмен кәсіпкердің дамуына үлес қосып, түрлі бағдарлама, мораторий, субсидия беріп отырған мемлекеттің салығы айына бір рет 4% құрайтынын айтты. Ал несие беріп белшесінен пайдаға батып отырған банктер қосымша әр аударымнан 3,5%-ға дейін пайда табады. Бұл процестен кәсіпкер де, тұтынушы да, мемлекетте ұтылатынын жеткізді депутат. Айтуынша екінші деңгейдегі банктер QR бойынша 0,5%-дан 0,95%-ға, өз карталарына 1,75%-дан 3%-ға, басқа банк карталарына 1,5%-дан 3%-ға дейін комиссия алады. 

"Тоқыраудан тозығы шығып, қосымша құн салығының шекті мөлшерінің 30 000 айлық есептік көрсеткішін 20 000-ға төмендетіп, бизнесті дамытуға алған несие салмағын әрең көтеріп жүрген отандық кәсіпкерлерге қолдау көрсету саясатын жүзеге асыру мақсатында келесіні ұсынамын. Бірінші, эквайринг пайызын төмендету қажет.Екінші,халықаралық төлем жүйелеріндегі эквайринг үшін шет елге аударылып жатқан қаражаттың мөлшерін азайту қажет (Visa, Master card, UnionPay).Үшінші, ешкімге тәуелсіз "Бірыңғай ұлттық төлем жүйесін" енгізу арқылы бюджетке түсімді ұлғайтып, кәсіпкерлерге қосымша қаржылық салмақты азайту қажет. Төртінші, эквайрингтен табыс тауып отырған барлық банк және қаржы ұйымдарына салық салу тетіктерін қайта қарастыру қажет”,-деп өз ұсынысын жеткізді депутат Берденов. 

 


Автор: Айгерим Жумабаева

Айгерим — опытный редактор с богатым опытом в изучении и письме о культуре и истории. Ее страсть к языкам и письму помогает создавать увлекательные тексты.