Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев премьер-министр Олжас Бектеновке отандық ғылымға бөлініп жатқан қаржыға қатысты сауал жолдады.Ол  ғылымы дамыған елдер ғана топ жарып, экономикасы қарыштап дамып жатқан заманда Қазақстанда ғылымға бөлінетін қаражат тым аз деп мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Депутат білімді адамдардың шетел асып кетуінің бірден-бір себебі де осында дейді.

"Отандық ғылымға бөлінетін қаражат "жетім қыздың жүгіндей" болып тұр. Әлем келесі кезекте ғылымның қай саласында тыңнан түрен саламыз, қай биікті бағындырамыз деп жүргенде, біз ғылымға ақшаны қайдан табамыз деп, түбі тесік қалтамызды түрткілеп отырмыз. Содан кейін елден "ақылды бастар" кетіп жатыр деп сан соғатынымыз және бар. Ғылымға жауаптылардың "жалпы ішкі өнімнің кем дегенде 1 проценті ғылыми зерттеулер мен өндіріске жұмсалса" деп жақ сауып айтып жүргеніне талай жылдың жүзі болды. Ғылым жыл сайын тек бюджетке қол жаюға мәжбүр", – деп атап өтті ол. 

Депутаттың дерегінше, биыл республикалық бюджеттен ғылымды қаржыландыруға 204 млрд теңге қарастырылған. Ал 2025 жылы – 242,6 млрд теңге, 2026 жылы – 259,5 млрд теңге. Бұл – жеткіліксіз. 

“Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің бірінші отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: "Жер қойнауын пайдаланушылардың өндіріске жұмсайтын қаржысының 1 пайызын Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға міндетті инвестиция ретінде құюына айрықша назар аудару қажет. Бұл ретте өндіруші компаниялардың аталған шығындарын орталықтандыруды жалғастыру керек" — деді. Алайда қазақтың жеріндегі байлықты барынша қазып отырған жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың сол 1 пайыз қаржысын ғылымға жолдап жатқаны жөнінде ашық ақпарат жоқ”, – деп наразылығын білдірді депутат.

Нартай Сәрсенғалиұлы ғылымның нақты қай саласына қаржылық қолдау көрсетілгені туралы да анық дерек жоғын алға тартты.

“Жер қойнауын пайдаланушы қай компания ғылымның қайсы саласына қанша ақша салды деген нақты сұраққа салаға жауапты министрлік өкілдері нақты жауап бере алмағанын да көрдік бәріміз. Қазақтың жеріндегі байлықты қалағанынша игеріп, қымбатшылықтан әбден зәрезап болған қазақ халқының ғылымын дамытуға ақшасының 1 пайызын қимай, заңды тиісінше орындамай отырған компанияларды қатаң тәртіпке шақырар кез келді”, – деді ол. 


Автор: Гульжан Оразбаева

Гульжан — исследовательница жизни и достижений знаменитых личностей Казахстана. Ее статьи позволяют читателям взглянуть на страну через призму вкладов ее ярких представителей.