Мәжілістегі "AMANAT" партиясы фракциясының кеңейтілген жиынында депутаттар "Ауыл аманаты" жобасын жүзеге асыру жөніндегі үкіметтің 2023 жылғы есебін тыңдады. Жоба өз тиімділігін көрсетуде. Бүгінде шамамен 80 млрд теңге сомасына жылдық мөлшерлемесі 2,5%-ды құрайтын 12,7 мың шағын несие берілген.

Сөз басында Мәжіліс Спикері, "AMANAT" Төрағасы Ерлан Қошанов ауылды дамыту мәселесі Мемлекет басшысының ерекше бақылауында екенін атап өтті. Осы орайда, партия қоғамда кең қолдау тапқан "Ауыл аманаты" және "Жер аманаты" сынды екі жоба әзірледі. "Ауыл аманаты" жобасы – ауылды дамытудың жаңа драйвері. Жалпы алғанда, 2029 жылға қарай жоба аясында 1 млн ауыл тұрғынын қамтып, 350 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Алғаш рет ел тарихында аталған мақсатқа 1 триллион теңге көлемінде қомақты қаражат бөлінген.

"Ауыл аманаты" – президенттің сайлауалды бағдарламасына енгізілген бірегей жоба. Онда ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартудың нақты әрі түсінікті тетіктері қарастырылған. Ең бастысы, қаражаты толық шешілген. Бір жылдың ішінде жобаның тиімділігін көріп отырмыз. Барлық мемлекеттік органдар мен әкімдіктер "Ауыл аманаты" жобасын сапалы жүзеге асыруға тиіс. Негізгі міндет те осы болуы керек", – деді ол.

Өз кезегінде, премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова "Ауыл аманаты" жобасы аясында жұмыспен қамтылған азаматтар санын арттыруға арналған нақты жоспармен бөлісті. Ал Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров фракция мүшелерін жобаның негізгі көрсеткіштері туралы хабардар етті. Отырыс барысында бейне конференция режимінде бірқатар өңірдің өкілдері сөз алып, жобаны жергілікті жерде жүзеге асыру мәселесіне қатысты пікір білдірді.

Талқылау барысында мәжіліс спикері өңірлер арасындағы қаржылық теңгерімсіздікке назар аударды. Былтыр жалпы несие сомасының 43,9 млрд теңгесі Жамбыл және Түркістан облыстарына берілді. Алайда небәрі 1 миллиард теңге алған аймақтар да бар. Сондай-ақ, Ерлан Қошанов Үкімет ірі ауыл шаруашылығы кооперативтерін құруға тиісті көңіл бөлмейтінін атап өтті. Сондай-ақ, ол "AMANAT" партиясы жанындағы жобалық кеңсе былтыр ауыл шаруашылығындағы жекелеген салалардың экономикалық бағдары мен даму әлеуетін анықтау үшін 166 ауданда, 16 шағын қала мен 2 260 ауылдық округте скрининг жүргізгенін еске салды.  

"Болашақта барлық кем-кетікті ескеру қажет. Жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізу үшін алдағы кезеңде кемінде жыл сайын 50 мың жұмыс орнын ашып отыруға тиіспіз. Қағаз бетіндегі әдемі цифрлардың қажеті жоқ деп санаймын. Бастысы – жұмыссыз ауыл тұрғындарын тұрақты еңбекпен қамту", – деді Ерлан Қошанов.

Жиынды қорытындылай келе, "AMANAT" Төрағасы жоба аясында несие беруді цифрландыру процесін жеделдетуді, мал сатып алу және техникамен қамтамасыз ету мәселелерін пысықтауды, статистика деректерін бірыңғай стандартқа келтіруді, сондай-ақ ауқымды түсіндіру жұмысын жүргізуді тапсырды. "Ауыл аманаты" жобасын жүзеге асыру барысы партия фракциясының ерекше бақылауында болады.

Іс-шара аясында фойеде Ауыл шаруашылығы министрлігі әзірлеген "Ауыл аманаты" ақпараттық жүйесі таныстырылды. Платформа "Ауыл аманаты" бағдарламасына онлайн режимде өтініш беруге және ол өтініштің жай-күйін бақылауға мүмкіндік береді. Бүгінде платформа қанатқақты режимде жұмыс істейді. Биыл шілдеде платформа толық іске қосылады. Сондай-ақ, фракция мүшелері "Ауыл аманаты" жобасы аясында өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерімен танысты.


Автор: Жанара Кенжебекова

Жанара — исследовательница культуры и традиций. Ее статьи поднимают важные темы многообразия культур Казахстана.