Human Rights Watch халықаралық ұйымының әлемдегі адам құқықтары жөніндегі баяндамасында Қазақстандағы Қаңтар оқиғалары туралы айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Human Rights Watch халықаралық ұйымының баяндамасында, Қазақстандағы қанды қаңтар оқиғасына қатысты тергеу біржақты жүргізілгені, елде оппозиция белсенділеріне қысым жалғасып жатқаны, ал бейбіт наразылық білдіру құқығы әлі де қатаң шектелетіні туралы айтылған.

"2022 жылдың қаңтарында Қазақстанды дүр сілкіндірген үкіметке қарсы жаппай наразылықтардан кейін екі жыл өткенде шенеуніктердің аз ғана бөлігі наразылық білдірушілерге қарсы күш қолдану, негізсіз ұстау және түрмеге қамау, тұтқындарды азаптау мен зорлық-зомбылық көрсетуге қатысы бар болғаны үшін жауапқа тартылды", – делінген HRW 11 қаңтарда ұсынған баяндамасында.

Штаб-пәтері Нью-Йоркте орналасқан халықаралық ұйымның 377 беттік есебінің Қазақстанға арналған бөлігінде 2023 жылы елде журналистерге шабуылдар көбейгенін, билік оларды анық емес қылмыстық айыптау арқылы қудалағанын атап өтеді. HRW Қазақстанда бейбіт шеру өткізу құқығы, сөз және дін бостандығы шектелгенін жазады.

Human Rights Watch 2022 жылдың басындағы қанды оқиғаларға қатысты тергеу біржақты болды деп есептейді. Наразылық акциясына қатысушыларға қатысты 1200-ге жуық үкім шығарылса, ондаған тәртіп сақшысы ғана жауапқа тартылған. Тараз, Қызылорда және Шымкентте қанды қаңтарда адам өліміне қатысты қылмыстық істер "қылмыс құрамының болмауына байланысты" деген тұжырыммен жабылған.

Баяндамада құқық қорғаушылардың қанды қаңтар кезінде және одан кейін тұтқындарды аяусыз азаптау: ұрып-соғу, ток соғу, сексуалдық зорлық-зомбылық және зорлық-зомбылықпен қорқыту фактілері болғаны айтылған. Ұйымның мәлімтеніше, осы оқиғалардың салдарынан кем дегенде 23 полиция қызметкері сотталды, бірақ азаптау бойынша басқа ондаған тергеулер жабылған.

Баяндама авторлары бас бостандығынан айыру орындарында азаптаулардың кең тарағанын жазады және белсенді Тимур Дәнебаевтың ісіне тоқталады, оны темір тордың артында ұрып-соққаны туралы видео интернетте тарады.

Қанды оқиғадан кейін бірнеше азаматтық белсенді қылмыстық жауапкершілікке тартылды. HRW-тің, 2022 жылдың қаңтарында заңсыз митинг ұйымдастырды, полиция қызметкерлерін балағаттады және қасақана ақпарат таратты деген айыппен сәуір айында шартты түрде алты жылға сотталған, тіркелмеген Қазақстан Демократиялық партиясының жетекшісі Жанболат Мамайға қатысты іс туралы және "Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы әуежайын басып алу" ісі бойынша төрт жылға бас бостандығынан айырылған Әйгерім Тілеужанның үкімі туралы жазады.

"Қазақстан билігі бейбіт саяси оппозиция белсенділерін қудалауды жалғастырып, оларға тыйым салынған "экстремистік" ұйымдарға қатысқаны үшін қылмыстық іс қозғап отыр", – делінген баяндамада. Ұйым "экстремизмді қаржыландырды" деген айып тағылып, жеті жылға сотталған, тіркелмеген "Алға, Қазақстан!" саяси оппозициялық тобының жетекшісі Марат Жыланбаевқа қатысты істі мысалға келтіреді.

Human Rights Watch халықаралық ұйымының Қазақстан туралы баяндамасына қазақстандық журналист Нұргелді Әбдіғаниұлы пікір білдірді. Журналист баяндама мен елдігі жағдайдың бір-біріне сәйкес келмейтінін айтады. 

“Қазақстанда 2019 жылы мемлекетті отыз жылдан аса басқарған президенттік билік алмасты. Тәуелсіздіктен кейінгі ұзақ жылдарда билікте өзгерістің болмауы — елімізді авторитарлы билік формасына алып келді. Осындай күрделі кезеңде жаңа сайланған президенттің алдында мемлекет басқару жүйесін демократияландыру бойынша өте күрделі сұрақтар туындады. Елдегі саяси жағдай мен демократияландыру процестері күрделі, ескі мен жаңаның революциялық күресі жағдайында өтіп жатқандықтан, HRW дайындаған баяндамаға толық сәйкес келмейтіні рас. HRW қалыпты жағдайдағы демократиялық стандарттарды басшылыққа алып, сол негізде қорытынды шығарады”, – делінген жазбада. 

Журналист 2019 жылдан кейін Қауіпсіздік кеңесі арқылы барлық күштік құрылымдарды қолында ұстап қалған ескі билік жаңа биліктің жаңа қадамдарына байкот жариялап, астыртын түрде антидемократиялық әрекеттерді күшейте түскенін айтады. 

“Демократиялық өзгерістерге сеніп, еркін митингіге шыққандарды бұрынғыдан бетер қудалау басталды. Президент жарлықтарына үнсіз қарсылық күшейе түсті. Қазақстан халқының алдында Қ.К.Тоқаев бейнесіндегі "неодиктатор" образын қалыптастыру басталды. Сөйтіп, олардың түпкілікті мақсаты халықтың наразылығын өршіте отырып, сол арқылы бұрынғы олигаполиялық клан билігін тез қалпына келтіру болғаны бүгінде анықталды”, – делінген жазбада. 

Журналистің айтуынша, кландық жүйе жаңа Қазақстан деп аталған мемлекеттік басқару жүйесін қиратуды көздеді. Мұндай "мемлекеттік төңкеріс" қаупі төнген жағдайда, мемлекет демократияны қорғау үшін де өзінің құқықтықзаңдық нормаларын қатайтуға мәжбүр болды. Журналист бұл өзгерістерді Қазақстан халқы толықтай түсіністікпен қабылдағанын айтады. 

“Сондықтан, біз еліміздегі адам құқы мен демократия туралы бағалағанда, осы объективті жағдайдың барлығы ескеріліп, абстрактілі "адам құқы" ғана емес, Қазақстандағы жағдайды мемлекет азаматтары мен мтәуелсіз, демократиялық мемлекетінің мүддесі тұрғысынан бағалау дұрыс болады деп санаймыз”, – деп қортындылайды журналист.


Автор: Ербол Нурланов

Ербол — талантливый фотограф, зафиксировавший красоту природы и городской жизни Казахстана. Его работы придают нашим материалам визуальное великолепие.